Оралда майдангер Е.Крылованың 90 жылдығы аталып өтілді

  • 15.11.2014
  • 381 рет оқылды
  • Пікір жоқ

14 қараша күні Оралдағы Жастар мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысы ардагері, доғарыстағы капитан Екатерина Крылованың 90 жылдық мерейтойы атап өтілді.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, майдангерді облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы және басқа да мекеме-ұйымдар өкілдері құттықтады. «Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров өз сөзінде аға буынның Ұлы Отан соғысындағы ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, қатары күн санап сиреп бара жатқан майдангерлерге деген құрметтің бәсеңсімейтінін атап көрсетіп, Е.Крыловаға құттықтау хаттар мен бағалы сыйлықтар, ҚР Ішкі істер министрлігінің «Қоғамдық тәртіпті қадағалағаны үшін» төсбелгісін табыс етті.

Айта кетейік, Екатерина Семеновна Крылова (қыз кезіндегі тегі Русаловская) 1924 жылы 17 қарашада Киев облысы Звенигород ауданы Гусаков ауылында дүниеге келген. Сталинград шайқасында-ақ командирлері жараланғаннан кейін ротаны шабуылға көтеріп, ерлік көрсеткен ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Кейін Курск иінінде, Чернигов пен Днепрде майдан жолын жалғастырып, Висла мен Одерден өтіп, Бреслау қаласы үшін болған ұрыстарға қатысады. Майдандағы ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен марапатталған ол соғыстан кейін Иван Петрович Крыловқа тұрмысқа шығып, екі ұл, екі қыз сүйеді. Взвод командирінен миномет дивизионы командирінің орынбасарлығына дейін көтерілген И.Крылов соғыстан соң 33 жыл әскер қатарында қызмет етіп, подполковник шенінде доғарысқа шығып, Оралда тұрақтап қалады.

«Біз, ең бастысы, бейбіт елде тұрып жатырмыз. Әлемдегі экономикалық жағдайды алдын ала бағамдай білген Елбасымыз тағы да көрегендік көрсетіп, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жария етті. Сөйтіп мемлекет алдында тұрған басты мақсат-міндеттерді белгілеп берді. Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасымыз барда біздің бағытымыз айқын, ертеңіміз жарқын болмақ», деді тоқсанға толып отырған Е.Крылова.

ҚазАқпарат

 

Алдыңғы «
Келесі »