Ахметжан Есімов: Тұрғындардың табысы төмендемеуі үшін барынша әрекет етеміз

  • 15.11.2014
  • 372 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгін Алматыда қалалық активтің жиыны өтіп, Елбасының «Нұрлы Жол – Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Оған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен қатар ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Серік Аханов, Алматы қаласы Мәслихатының депутаттары және этно-мәдени ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алқалы жиында Алматы қалысы әкімі Ахметжан Есімов Елбасы Жолдауы аясында Алматыда жүзеге асырылатын негізгі бағыттарды атап өтті. Шаһар басшысы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық саясаты алдағы жылдарда экономика өсуінің қозғаушы күші болатынына тоқталды.

«Жалпы, мақсатты жұмыс нәтижесінде инвестициялық белсенділік қолдауға ие болып, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Тұрғындардың табысы төмендемеуі үшін барынша әрекет етеміз, нәтижесінде алдағы жылдарда экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі», – деді Ахметжан Есімов.

Жаңа экономикалық саясаттың негізі инфрақұрылымды төмендегідей бағыттар бойынша дамыту жоспары болмақ.

Олардың алғашқысы көліктік логистика инфрақұрылымы. Халқы тығыз орналасқан ірі қалада көлік кептелесі көп қиындық туғызып жүргені белгілі. Осыған орай шаһар әкімі соңғы 5 жыл ішінде Алматыда 14 айналма жол, сондай-ақ, 140 шақырымнан астам жол салынғанын атап өтті. Жалпы ұзақтығы 25 шақырымды құрайтын 5 көшені тесіп өту жұмыстары жасалды, 1300 шақырымнан астам жол қайта жөнделді, 68 жерасты және жерүсті жүргіншілер өткелі салынды, метрополитеннің алғашқы желісі іске қосылды. Қаланың алдағы жоспарында жаңа айналма жолдардың құрылысы, экологиялық таза отынмен жүретін қоғамдық көліктерді дамыту жұмыстары тұр.

«Қаланың коммуналдық қоржынында газбен немесе электроэнергиямен жүретін 850 бірлік коғамдық көлік бар. Бұл қаладағы барлық қоғамдық көліктің тең жартысы. Алдағы екі жыл ішінде, жекеменшік автобус тасымалдаушы мекемелермен бірлесе отырып, қоғамдық көліктерді жүз пайыз газбен немесе электроэнергиямен жүретіндей етіп ауыстыру жұмыстарын атқаратын боламыз», — деді Ахметжан Есімов.

А.Есімов тілгет тиек еткен келесі бағыттар – индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардағы инфрақұрылымды дамыту және туристік сала.

Алматыда Алатау ауданындағы Индустриалды аймақ және «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА инфрақұрылым құрылысы бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. 5 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақта өз жұмысын өрбіткен кәсіпорындар саны артты, 3 есеге ұлғайды және олардың саны 150-ден асты.

Өз Жолдауында Қазақстан Президенті туризм саласында 1 жұмыс орнының пайда болуы өнеркәсіп саласына қарағанда 10 есе арзанға түсетінін тілге тиек еткен болатын. Қала әкімі Алматыдағы ерекше табиғат, қолайлы климат, ыңғайлы көлік және қызмет көрсету инфрақұрылымы туризмді дамытуға арналған алғышартты қамтамасыз ететінін айтты.

Сонымен қатар қала әкімі әлеуметтік саясатқа да тоқталды. Соңғы 5 жылдың ішінде мемлекеттік қаражат есебінен 25 балабақша, 15 мектеп, 11 емхана салынды. Дегенмен, Алматы әкімінің айтуы бойынша, тек бюджеттік қаржыландыру күшімен ғана әлеуметтік сала объектілерін кеңейту мәселесін шешуге болмас. Мұнда мемлекеттік-дербес әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобалар үлкен рөл атқаруы тиіс.

Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау да қала әкімінің баяндамасынан тысқары қалмады. Қала үшін ШОБ-тың зор маңыздылығын есепке ала отырып, бұл секторға барынша қолдау жасалып жатыр. Елбасының үстіміздегі жылдың наурыз айында Ұлттық қордан 100 млрд. теңгені шағын және орта бизнесті жеңілдетіп несиелеуге бөлу туралы шешімі экономикалық өсу үшін жағымды болғаны сөзсіз. Нәтижесінде қаланың өңдеу өнеркәсібі саласында қызмет ететін 45 кәсіпорын 10,7 млрд. теңге көлемінде қолдау тапты. Жалпы үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде ШОБ кәсіпорындарын несиелеу көлемі 44,6%-ға өсті.

«Жалпы мақсатты жұмыс нәтижесінде инвестициялық белсенділікке қолдау жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табыс көрсеткіштерінің төмендеуіне жол берілмейді. Бұл өз кезегінде таяу жылдар аралығында экономиканың тұрақты өсуін қамтамсыз етеді», – деді Ахметжан Есімов.

Қорытындылай келе, Алматы әкімі бейінді басқармаларға мүдделі ұйымдармен бірге Елбасының Жолдауын іске асыру бойынша іс-шаралар дайындауды тапсырды.

Businessnews.kz.

Алдыңғы «
Келесі »