Польшалық компаниялар Қазақстанда ұшақтар мен тікұшақтардың құрастыруына қатысуды қалайды

  • 15.11.2014
  • 372 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Польшалық компаниялар Қазақстанда ұшақтар мен тікұшақтардың құрастыруына қатысуды қалайды, деп хабарлады ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазТАГ.

Жұма күні таратылған хабарда хабарланғандай, Варшавада Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссиясының 6-отырысына дайындық шеңберінде Қазақстанның Польшадағы елшілігі үстіміздегі жылдың 4-9-қараша кезеңіде ұйымдастырған Польшаның бұрынғы премьер-министрі, Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық кеңесінің төрағасы К.Марцинкевич бастаған 26 алдыңғы қатарлы поляк компаниялары өкілдерінен тұратын ірі бизнес-делегациясының Қазақстанға жасаған сапарының нәтижелері қорытындалды.

Дәлірек айтқанда, еліміздің өңірлерінде индустриалдық, агроөнеркәсіптік, авиациялық және инфрақұрылымдық сияқты 4 кластер шеңберінде өндірістік кәсіпорындар құруға поляк және еуропалық компанияларының қатысуын көздейтін «KZ-EURO-PL» пилоттық жобасының тұжырымдамасы қазақстандық тарапқа таныстырылды.

«Польшаның бұрынғы премьер-министрінің орынбасары, өндіріс және сауда, инфрақұрылым және даму министрі, ал қазіргі кезде Польшадағы ауыл шаруашылық техникасын шығаратын ең озық өнеркәсіп – «Pol-Mot» холдингінің даму бойынша директоры Марек Пол ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы индустриалды кластерді дамытуға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Поляк кластерлері одағының президенті Кшыштов Крыстовский Польшаның PZL Mielec және PZL Swidnik компанияларының қатысуымен бірлескен Қазақстан-Польша авиациялық кластерін дамытуды ұсынып отыр. Бұл жоба М-28 көпмақсатты шағын ұшақтарын, М-18 ауылшаруашылық ұшақтарын, мұнай-газ саласындағы теңіз үстінде бақылау жұмыстарын өткізуге қолайлы «Сокол» тікұшақтарын жасауды көздейді», — делінген хабарда.

Мұнымен қатар ҚР ұлттық экономика министрі Е.Досаевпен «KZ-EURO-PL» жобасын жүзеге асыру үшін облыстармен пысықталғаннан кейін салалық кластерлерді құру және 4 пилоттық өңірді анықтау туралы келісімге қол жетті. ҚР ауыл шаруашылық министрі А.Мамытбеков агроөндірістік кластерді дамыту бойынша негізгі бағыттарды айқындап берді.

«Сонымен бірге, тау-кен саласы үшін индустриалды кластерді дамыту бойынша жұмыс басталып үлгерді. «Kopex», «Huta Labedy», «KGHM Zanam», «Mostostal Zabrze», «Weglokoks», «MSX Resources» және «Nitroerg» сияқты мықты поляк компанияларынан тұратын машина жасау консорциумына қатысушылар Қарағанды облысында тау-кен саласы үшін құрылғылар мен қондырғыларды жасауды қамтитын көмір энергетикасы саласында қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық туралы Хаттамаға қол қойды», – деп хабарланған ақпаратта.

Осы орайда Қазақстанның Польшадағы елшісі Е.Өтембаев соңғы кездері Польша компанияларын қазақстандық рыногқа шығаруға белсенді ат салысқан Қарағанды облысы басшылығымен орнаған сындарлы өзара іс-қимылды ризашылықпен атап өтті.

businessnews.kz

Алдыңғы «
Келесі »