Ел азаматтарынан «KEGOC» компаниясының акцияларын сатып алуға 1156 өтінім келіп түсті

  • 13.11.2014
  • 299 рет оқылды
  • Пікір жоқ

  

5-қарашадан бастап ел азаматтарынан «KEGOC» компаниясының акцияларын сатып алуға 1156 өтінім келіп түскен. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Ерқанат Әбени мәлім етті 

«Акция алуға жазылу басталған 5 қарашадан бастап 12 қарашаға дейін жеке инвесторлардан 1156 өтінім келіп түсті. Тұрғындар жалпы сомасы 581 миллион 424 мың 175 теңгеге 1 миллион 151 мың 335 дана акция алуға жазылды. Әр акцияның құны – 505 теңге», — деді Е.Әбени.

Оның айтуынша, «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларына жазылудың сәйкес мерзімімен салыстыратын болсақ, ол кезде азаматтардан жалпы саны 947 тапсырыс келіп түскен.

«Қазақстан халқының IPO бағдарламасына қатысуына барлық жағдай жасалып жатыр. Еліміздің 25 қаласында осы бағдарламаны түсіндіру бойынша ашық лекциялар мен таныстырылымдар өткізілуде. Оларға қазіргі уақытта 30 мың адам қатысты. Ал «Қазпошта» еліміздің кез келген өңірінде «KEGOC» АҚ-ның акцияларын сатып алуға тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынады», — деп толықтырды ол.

«KEGOC» компаниясының бірден-бір акционері ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ бағдарламаны, оның мақсат-міндеттерін, бағалы қағаздар нарығының жұмыс істеу қағидаларын жүзеге асырудың тетіктері туралы кеңінен ақпараттық-білім беру науқанын қолға алды», — деп түйіндеді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі.

Businessnews.kz.

Алдыңғы «
Келесі »