Діни-ағартушылық ой-сана

  • 19.04.2012
  • 591 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мөлдір Өксікбаева,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты

Бүгінгі ғылымның қол жеткізген көкжиегінен көз тастар болсақ, адамзат баласы көбіне-көп өзін, өзінің болмысын, жаратылу сырлары мен негіздерін емес, өзін қоршаған ортаны, өзіне әсер етуші сыртқы күштерді, олардың әсері мен ықпалын, себебі мен салдарын қарастыруға көбірек қөңіл қойғанын аңғарамыз.
Бүкіл адамзатқа рахым ретінде ғана түсірілген ақиқат білім көзі «Құран Кәрімде»1 адам баласының бүтін ғаламдағы орны, жаратылуы мен құлшылығының сырлары, тірші­лігінде атқарар қам-қарекетінің шегі көрсетілген. Дүниені танудың антропоөзектік теориясы бүгінгі күні «адам» феноменінің сырларын теологиялық, аксиологиялық, гно­сео­логиялық, философиялық, логикалық, онто­нологиялық, когнитивтік т.б. парадигмалар шеңберінде ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеуге бет бұруда. Он сегіз мың ғаламдағы адам баласының орны мен маңызы жайлы мына аяттарға зер салсақ, сөзсіз шынайы білімді түсінген болар едік: «(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, мен жерде бір орынбасар жаратамын!», – деген еді» (Бақара сүресі, 30-аят); «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды» (Бақара сүресі, 34-аят); «Расында сендерді жер жүзіне орналастырып, өздеріңе онда күн көрістер жасадық. Нендей аз шүкір етесіңдер. Расында сендерді жаратып, сонан кейін бейнеледік. Сонан соң періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» дедік. Барлығы сәжде етті. Бірақ Ібіліс сәжде етпеді де, сәжде етушілерден болмады» (Ағраф сүресі, 10-11 аяттар); «Расында адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық» (Ісра сүресі, 70-аят); «Одан (топырақтан) сендерді жараттық. Оған қайтарамыз да, екінші рет одан шығарамыз» (Таһа сүресі, 55-аят); «Көктер мен жерді хақиқат бойынша жаратты. Ол сендерді бейнелегенде көркем бейнелеген. Әрі қайтар жерлерің Сол жақ» (Тағабұн сүресі, 3-аят); «Мұхаммед (Ғ.С). оларға: «Ол сондай Алла, сендер үшін есту, көру және сезу жаратқан. Сонда да аз шүкірлік етесіңдер!» де» (Мүлік сүресі, 23-аят). «Шын Біз сендерді босқа жараттық та, тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма? – дейді. Шынайы патша Алла, өте жоғары. Одан басқа тәңір жоқ. Ол – ардақты ғаршының Раббы» (Мүминұн сүресі, 115-116 аяттар).
Зерделеп ойласақ, келтірілген аяттарда барлық жаратылыс иелері ішінен даралап, ақыл иелеріне, яғни адам баласына ескертер ескертулері мен танымына бойлап, терең ойлантар ғибраттары мол. «Аят» сөзі араб тілінен аударғанда Құран Кәрімнің бөлімдері, белгі, өнеге, үлгі, мұғжиза, ғибрат мағынасын білдіреді.
Сөз қадірін өз қадірім деп білген данышпан халқымыз саналы ғұмырында мәнді ойды іздеп, мағыналы сөзді бағып өткен. Бүкіл адамзаттық ақыл-ой қазынасының негізін құраушы сөз құдіреті деп білген бабаларымыз өмірден көргені мен білгенін, көкірегіне түйгенін тарихы терең шежіресінде, тағы­лымы мол ауыз әдебиетінде, сырын хатқа түйген жазба әдебиетінде қалдырған.
Адамзат баласына түсірілген әлемдік дін­дер арасындағы ислам дінінің бүтіндеуші, жинақтаушы ролінің күннен күнге ақиқатқа айналып келе жатқанын ғылымның өзі дәлелдеп отыр. Исламның иләһи діндерді тиянақтаушы ретінде түсірілуінің өзі оның ұлылығын, хақтығын дәлелдейді. Ал бұл өзіне дейінгі түсірілген діндерден оның барлық тұрғыдан биіктігін танытады.
Ислам дінінің келуі тек араб елі тарихына ғана емес, бүтін ғалам тынысына жаңа, соны леп ала келді. Ал бұл олардың қолдан жа­салған жалған құдайлары мен пұттарын тастап, жалғыз Ал­ла­ға ғана құлшылық етуі арқылы мұсылмандықты қабылдауының игі әсері еді. Осы тұрғыдан қарағанда, Ислам діні­нің құндылығын араб елінің Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі жай-күйін салыстыру арқылы да оп-оңай ба­ғамдай алмақпыз.
Ежелгі араб ру-тайпаларының әрқай­сысы өз алдына жеке жасанды құдай­ларға көзсіз табынып келді. Тіпті халық санасында «тайпалық-рулық құдай» деген де ұғым болды. Адамдар жасанды құдайлар тек өзіне қатысты рулар мен тайпаларды ғана сақтап-қорғайды деп сенді. Осылайша, әрбір рудың өкілі өзі табынып жүргендерінен «өзге де пұттар бар, олар өзара таласып, жауласуы да мүмкін» деген оймен өмір сүрді. Пұттар тастардан, ағаштардан, тіпті кейде нан, құрма секілді азық-түлік түрлерінен де жасалды. Әркім өз тайпасының пұтта­рына құрбандық шалды. Тіпті жаңа туылған қыз балалардың тірідей жерге көмілуін тек экономикалық себеппен немесе намыстың тапталуымен ғана емес, «құрбандық» деген түсінікпен де байланыстыратын ғалымдар бар. Десек те, араб елінің қым-қуыт та­ри­хына үңілсек, сол кездің өзінде жер беті дүниесінен әлдеқайда жоғары тұратын аса ұлы бір Құдіреттің бар екендігіне бұ­лыңғыр болса да сенім болғанын жоқ­қа шығара алмаймыз. Әлгі пұттар сол Құдіретке жақындаудың бір дәнекері деп саналған сыңайлы. Кейбір арабтар ол Құдіретті қасиетті Қағбаның иесі деп ұқты. Сондықтан, өз пұттарын сол қа­сиетті қара тастың үстіне немесе маңы­на орнатуға тырысты. Ислам діні келгенге дейін, Қағба маңында пұттардың 360 түрі болды деген дерек кездеседі. Мұ­ның өзі араб дүниесінің Исламға дейінгі рухани өмірінің қай деңгейде бол­ған­дығын көрсететін біраз шындықтың өзегін аршыса керек.
Арабтар әдебиетке жақын халық бол­ғандықтан, өз пұттарына арнап өлең-қис­салар жазумен де айналысты. Олар­дың сол дәуірдегі әдебиеттерінің негізгі тақырыбы осы желіге құрылды десек, ақиқатты айналып өткендік болмас. Көп құдайға сеніп келген араб дүниесінің тарих сахнасындағы бұрынғы бет-бейнесі осындай күйде еді.
Ал бүкіл ғаламдардың жалғыз Иесі, Ұлы Алла тағалаға бойұсынуға шақыр­ған Ислам діні келгенде, арабтар ара­сын­дағы осындай мифтік ой-түсініктер біртіндеп сейіліп, нағыз ақиқаттың нұр сәу­лесі біліне бастады. Адамдардың дү­ние­ге, бүкіл жаратылыстарға деген көз­қа­расы өзгерді. Өлең-дастандардың та­қы­рыптары да жалғанды жырлаудан ары­лып, өзге арнаға ойысуға бет алды. Ал Алланың аяттары оқылғанда, азуын айға білеген майталман ақындардың өзі сөзін тоқтатып, ғажайып иләһи сөздер­дің тұң­ғиық сырларына таңғалып, таң­дай қағу­дан өзге шара таппады. Ақын­дар Құран­ның аяттары адамзаттың сөзі­нен әлде­қайда биік тұрғанын толық мойындады.
Ислам діні йаһудилер мен хрис­тиан­дардың түсініктеріндегі мифологиялық келеңсіздіктерді де тәртіпке келтіріп түзете бастады. Тек көзге көрінетін нақ­тылыққа ғана сүйенген қасіретті көзқарас Исламның келуімен ру­ха­ни-ғайыптық ұлағатты сенімнің тұнығы­на қарай ығысты. Ұлы Алла тағалаға деген сенім біртіндеп адамгершілік қа­сиет­термен де толықты. Ислам діні «тайпалық пұттар мен жалған құдайларға сенуден» бас тартып, аса Құдіретті, бәрін көруші, бәрін естуші, ерекше Рахымды, Жаратушы, есеп-қисап күнінің Иесі Жалғыз Аллаға құл­шы­лық етуге шақырды. Араб түбегінің тұр­ғындары Ислам келмей тұрып, та­би­ғаттың сұрапыл күштерінің алдында бас иіп келсе, енді Ислам дінінің билігі жүр­ген кемел кезеңде тағдырға иман келтіріп, екі дүниенің терезесін тең ұстауға көшті. Мұның сыры Исламның игілігінде жатқандығы хақ.
Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәсе­ле­лерін де оп-оңай шеше бастады. Мы­са­лы, әлеуметтік дағдарыс пен қым-қи­ғаш ішкі қайшылықтарға ұшырап, ха­лықтың іштей ыдырай бастауы араб тай­паларының басына төнген қасірет бұлты іспеттес еді. Тек араб емес, мұндай діни-рухани қараңғылық бұлты жер бетіндегі бүкіл адамзат атаулының басына үйі­ріліп тұрған болатын. Көшпелі тайпалардың ұжымдық мүлкі болған жайылымдар мен құдық­тар үстем тап өкілдерінің иелігіне өтіп кеткен. Ал тұрмысы нашар, әлсіз бә­дәуи­лер бұрынғыдан да сіңірі шығып ке­дейлене түскен. Өсімқорлық кеңінен етек алып, құлдық көбейген. Басы бос, азат бәдәуиді өз тайпасы қорғап, араша түсе алмайтындай жағдайға да жетті. Тайпасынан безіп, шөлге барып қарақ­шыларға қосылғандардың саны да күн санап артты. Ал бір-бірімен шабысып-қыр­қысып жатқан араб ру-тайпалары­ның бір тудың астына бірігуі халықтың көсегесін көгертіп, мерейін асырды. Ислам діні адамдарды жаңа құқықтық қа­рым-қатынасқа шақырып, жаңа сенімнің кеңінен жайылуына жағдай тудырды.
Жаңа дін келуінен он жыл өтпей жа­тып арабтардың ұлан-асыр иелікті бағындырған даңқы жан-жаққа жайы­ла бастады. Ал хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың қауымы ақи­қат дінді жаю жолындағы күрестің маңызын жан-тәнімен қабылдап, оны табиғи мінездеріне айналдырып алды.
Араб елінің билік жүргізуші табы ежелгі өркениеттің орталықтары болып саналған Сирия, Месопотамия, Мысыр сынды өнімі мол елдерді жаулап алып, мол олжа мен қазынаға кенелуге бұрын­нан-ақ құлықты еді. Алайда бытырап, алтыбақан алауыз боп жатқан араб тай­паларының бұл ойды жүзеге асыруға ша­малары келмейтіні айдан анық-ты. Ал, Ислам бір дінге біріккен мұсылмандар­дың рухын асқақтатып, Жаратушы Иемізді әлемге паш етудің қаншалықты маңызды екендігін Құран Кәрімнің айқын аяттарымен бекітіп берді: «Сендер кітап иелерінен Аллаға, ақырет күніне сенбегендер, Алла мен оның елшісі арам еткен нәрселерді арам деп білмегендер, хақ дінді (Ислам дінін) дін етіп ұстамағандар сендерге кішірейіп, бойсұнып, өз қолымен салық (жизя) төлегенге дейін соғысыңдар» («Тәубе» сүресі, 29-аят).
Қасиетті Құран Кәрімдегі: «Түп-түгел Алланың арқанынан (діннен) жа­быса ұстаңдар, ажырамаңдар (бө­лін­бең­дер). Әрі өздеріңе Ал­ланың берген нығ­метін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, Алла жү­ректеріңнің арасын жарастырды. Оның нығметімен туысқа айнал­дың­дар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аят өмірден көрініс тапты.
Ал Алланың соңғы елшісі, ардақты Пай­ғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол кезде Араб елінің экономикалық және діни орталығы саналған Мекке қала­сында дүниеге келді. Бұл қаланың тұр­ғын­дары егіншілікпен де, қол өнерімен де, бау-бақша өсірумен де айналыс­пайтын. Олар солтүстік жағынан Сирия, Ирак, Мысыр қалаларынан, ал оң­түс­тігінен Үндістан, Қытай, Шығыс Африка елдерінен келетін үлкен-үлкен сауда керуендерінің күтімімен айналысатын. Халықтың дені негізінен осы іспен шұ­ғылданатын. Меккедегі ең беделді, әрі бай саналатын Құрайыш тайпасы сауда экспедицияларын ұйымдастырып басқа­ра­тын. Сондай-ақ, өсімқорлық та бұл тайпаның кәсібі болды. Өйткені, Хид­жаздың көшпелі тайпалары көбіне-көп қарыз астында езіліп, одан құтылу үшін өсіммен ақша алатын. Құрайыш тайпасы Араб түбегіндегі өзге тайпалардың бірі ғана болғанмен, ол экономикалық жағ­дайы жағынан өзгелерден көш ілгері-тін.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы Құрайыш тайпасының Хашим руы­нан шықты. Әкесі шағын дәулетті Абдулла деген кісі еді. Ол өмірден ерте озып, содан соң алты жасында анасы Әминадан да айырылып, Пайғамбары­мыз (с.ғ.с.) жетім қалады. Сөйтіп, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкесі Әбу Тәлібтің қамқорлығына өтті. Оның қолында жүріп, қой да бағады. Ер жете келе сауда керуендеріне қосылып, оларға атқосшылық та жасайды.
Құран Кәрімде Алла тағала Мұхам­мед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды бүкіл ғаламдарға рахым нұры, әрі ақиқат дінді жеткізуші етіп жібергені жайлы: «Әй адамдар! Мен сендердің барлығыңа Ал­ла­ның жіберген елшісімін. Жер мен көктің патшалығы Алланікі. Одан өзге ешбір Құдай жоқ. Ол тірілтеді де өлтіре­ді. Сондықтан Аллаға және Алланың сөздеріне сенетін, оның оқу-жазуды білмейтін Пайғамбар елшісіне иман келтірің­дер. Тура жол табула­рың үшін оған ілесіңдер!», – дейді («Ағраф» сүресі, 158-аят).
Бұған дейінгі сан мыңдаған Пайғамбар­лардың арасында бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман Пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алар орны ерек­ше. Алла тағала: “Сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік”, – деп оған (с.ғ.с.) өзгеше ілтипат танытты. Сондық­тан Алланың соңғы елшісі (с.ғ.с.) қа­сиет­ті Құран Кәрімді барша адамзат ба­ласына түсіндіріп, насихаттады. Өмірі­нің соңына дейін осы міндетті қалтқы­сыз атқарды. Құран болса, жер бетіне өзінен бұрын түскен қасиетті кітаптар мен парақтардың (сухуф) мазмұнын толықтай қамтыды. Оларда берілген діни үкімдерді бекіте келді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз адам­дарға ұлы Алла тағаланың құдіреті­не сүйене отырып, небір ғажайып мұғ­жизаларды көрсетті. Бірде дініміздің ақиқаттығына көзін жеткізгісі келген бір кісінің сұрауы бойынша, Алланың қалауымен, аспандағы айды қақ бөлгені жайлы дерек бар. Ағаштың оған салауат айтатынына сенімін нақтылағысы келіп, сұрақ қойған кісіге: «Ағаштың өзі айт­сын» деуі мұң екен, үлкен бір ағаш та­мырымен қопарылып, Пайғамбары­мызға (с.ғ.с.) жақындап келіп, иіліп сала берді. Алла елшісінің кейбір жан-жа­нуар­дың да тілін білгенін дәлелдейтін тарихи оқиғалар болған. Бірақ, Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) бұлардың еш­бірін өзіне таңған емес, бәрі де ұлы Құдірет ие­сі Ал­ла таға­ланың бұйрығымен жүзеге асып жатқан­дығын айтып отыратын. Өзі тек Алланың әмірін жеткізуші екенін білдіретін.
Араб жұрты Алланың ақиқат дінін түсінген сайын бұрынғы сенімдерінен бет бұрып, лек-легімен Ислам дініне кіріп жатты. Ал Меккені билеуші табына бұл, әрине, ұнамады. Олар адамдардың Исламға осылайша үдере ауытқуын өз дін­дерінен безушілік деп ұқты. Қол­да­рынан келгенше бұған тосқауыл болуға тырысып бақты. Алайда мұсылман­дық­ты қабылдаушылар саны бір кісіге де азаймады. Қайта күн өткен сайын олар көбейе берді. Меккенің үстем тап өкіл­де­рі бұл істің материалдық жағдаймен байланысы болар деп, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға мол дүние, сұлу жар, биік мансап ұсынып та көрді. Алайда, ар­дақ­ты елші (с.ғ.с.): «Бір қолыма Айды, екінші қолыма Күнді берсеңдер де, Алланың дінін түсіндіруден бас тартпаймын», – деп өз ұстанымын айқын білдірді. Енді дін дұшпандары Мұхаммед Пайғам­барды тек өлтіріп қана құтылуға болар деп, бірнеше мәртебе оның мүбәрак жа­нын о дүниелік етуге әрекет етіп көрді. Оны өлтірген кісіге көп дүние беретінін айтып жар салып та байқады. Алайда, олардың ешқайсысы нәтиже берген жоқ.
Ұлы Алла тағала өзінің сүйікті құлын қашан да аман сақтап, оған қарсы шық­қандарды, әмәнда құрдымға батырды. Бірақ, меккелік ақ сүйектер зымиян пиғылдарын еш бәсеңдетпеді. Алланың елшісіне зұлымдық жасауды үдете берді. Ақыры, Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасына он шақты сахабасын ертіп алып, Меккеден Мединеге қоныс аударуына тура келді. Біздің жыл санауымыз бойынша 622 жылы жүзеге асқан осы көш мұсылманша жыл санаудың (һижра – қоныс аудару) басы саналады.
Медине қаласында Пайғамбарымыз­дың (с.ғ.с.) үгіт-насихаттары кеңінен тарқады. Жаңа дін жайлы ілім-білімді Аус, Хазрадж секілді отырықшы ру-тай­палар толықтай құптады. Осы жерде құ­рылған шағын ғана қауым келешекте үл­кен Ислам империясының алғашқы ядро­сы саналады. Исламды қабылдаған мединелік ансарлар енді Араб түбегін­дегі бәдәуи тұрғындар арасына мұсыл­ман­дықты тарата бастады. Ру-тайпалар бірінен соң бірі хақ дінді қабылдай берді. Сөйтіп, 630 жылы Арабияның көп бөлігі Алланы жалғыз, Мұхаммедті (с.ғ.с.) оның құлы және елшісі деп мұ­сыл­мандықты қабыл еткен еді. Содан соң, арадағы бірқатар қақтығыстардан кейін Мекке тұрғындары да Аллаға бой­ұсы­на бастады. Ал Алланың сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) елдің басқару­шы көсемі ретінде бағынды. Жүрегі жайсаң, мейірім жаршысы Мұхаммед (с.ғ.с.) меккеліктердің бұрынғы зорлық-зомбылық, қастандықтарының бәрін кешірді. Осылайша бүгінде әлем жұртшы­лығы жиылып қажылық парыздарын өтейтін қасиетті қала Мекке мұсылман әлемінің орталығына айналды. Қасиетті Қағбадағы жалған құдайлар мен пұттар бірі қалмай қиратылды.
Әрине, дініміз алғаш қалыптаса бастаған жылдары жаңадан мұсылман болған бәдәуилер үшін Исламға жат әдет-дағдыларымен бірден қош айтысу оңай болған жоқ. Біреудің жаман­шы­лы­ғына кешіріммен қарау, үш күннен ар­тық кек сақтамау деген қағидаларды ал­ғашында жүрегіне сыйыстыра алмаған­дар да ұшырасып жатты. Алайда, Алла­ны жалғыз Үкімдар, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі деп толық иман келтіргендер арақ-шарап ішу, құмар ойнау, зина­қор­лықпен айналысу секілді нәпсінің арбауларының қаншалықты зиян екендігін саналы түрде ұғынып, олардан бас тартты. Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл дініміздің құнды қазы­на­ларын тәптіштеп үйретуден жалықпады. Ол Алланың елшісі ретіндегі міндеттерін толық, тіпті асыра орындады. Алла ­та­ғаладан Жәбрейіл (а.с.) арқылы түсіп отырған қасиетті Құран аяттарын ең қарапайым адам үшін де ұғынықты бо­ла­тындай етіп түсіндіріп отырды. Ар­дақты Расулдың (с.ғ.с.) сөйлеу мәнерінің өзі өзгеге ұқсамайтындай ерекше бол­ға­нын да білуіміз керек. Айша анамыз: «Алла елшісінің анық және айқын сөй­лейтіні сонша, тыңдаған адамдар оны толық түсінетін», деп еске алғаны бар. Осы­лайша Құран Кәрімдегі ақиқат шын­дықтар Пайғамбарымыздың мүбә­рак аузынан нұр болып құйыла беретін. Алла елшісінің жарқын жүзіне қарап: «Мы­надай ғажап дидардың иесінен жалған сөз шығуы мүмкін емес» деп мұсылман­дықты қабылдағандар да болды. Оның өнегелі өміріне қарап отырып, таң қа­лушылар да топ-тобымен Исламды қа­былдап жатты. Хақ діндегі таңғажайып қағидаларды естіп білгенде, талай адам көздеріне жас алып Аллаға мойынсұнып жатты. Қыз балаға, анаға, жалпы әйел затына жасалатын құрметке риза болған көптеген нәзік жандылар асыл дінімізге көптеп бет бұрды.
Ислам дінінің пайда болуы Құран Кәрімнің түсуімен тікелей байланысты. Жалпы араб халқы ежелден сөз өнеріне бай халық. Ақындары суырып салып, өлең шығаруға келгенде, алдына жан сал­майтын. Міне, осындай сөздің қаді­рін білетін халықтың арасына қасиетті Құран кітабымыз түсті. Демек, мұның өзінде бір сыр бар. Халықтың бұған дейін тыңдап жүрген өлеңдерінің маз­мұ­нын­да Алла, дін, ақырет, иман жайлы ай­тылмады. Олардың бәрі көбінше көркем сөзге құрылатын. Кенет мұсыл­ман­дар келіп, Алла тағаланың қасиетті кәләм шәріптерін оқып бергенде, естіген жұрт ерекше таң қалып: «Бұл адамның сөздері емес» дегеннен өзге ештеңе де айта алмай, тұрған орындарына қада­лып, бейжай күйге ұшырады. Құран кітаптың ұшқыр қиялдан немесе шалқар шабыттан туатын сөз еместігін естіген адам бірден иланды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі бір хади­сінде Құран Кәрімді былайша сипаттап бергені белгілі: «Алланың кітабы сондай бір кітап – онда сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда жасалатын үкімдер бар. Ол ешбір әзілі жоқ төреші кітап, оны менсінбей тастап қойғандарды Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан туралық іздегендерді адастырады. Өйткені, ол – Алланың мықты жібі және хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адас­пайды, оны арқау еткен тілдер шатас­пайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды, көп оқылғаннан ол ескірмейді, ішіндегі ғажайыптары сарқыл­майды. Жындар оны естігенде, «Шын­ды­ғында, біз аса ғажап Құран естідік» деп таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».
Құран Кәрім – мұсылман баласының тура жолдан таймай, табан жолын дұрыс тауып жүруіне арналған басшы кітап. Алла тағала Құран мазмұнына барша ғаламның қыр-сыры мен бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Бейнелеп айтқанда, Құран – он сегіз мың ға­лам­ның адамзат тіліне аударылған түсін­дірмесі. Тарих, әлеуметтану, қоғамтану секілді қоғамдық ғылымдар да, математика, физика, химия, биология сынды жаратылыстану ілімдері де әу баста осы Алладан түскен иләһи кітаптан негіз ала­тынын қазір көптеген әйгілі ғалым­дар мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, Жаратушы Иеміздің шексіз іліміне таң қалып, шын ықыласпен мұсылман­дықты қабылдады. Құран Кәрімде үкім­дер, шариғат талаптары, мысалдар, өне­ге­лер, аспан әлемінің жүйесі тағы бас­қалар жөнінде дәлелдеуді қажет етпейтін, бұлтартпас айқын мағлұматтар бар.
Алайда, өкінішке қарай, осы ақиқат­ты мойындағысы келмей, Құранды адам­зат қолынан шыққан жай бір қатар­дағы кітап ретінде қараушылық болды. Кеңес өкіметінің салқыны да бұған әсер етпей қоймады. Ал Ислам әлемінің бұл кітапты оқу да, жаттау да, тыңдау да құлшылық екен­дігін терең сезінген замандар бол­ды. Адамдар Құранның қадірін жақсы түсініп, онымен байланысы күшейген ғасырларда елдің де әл-ауқаты жақса­раты­нын тарих дәлелдеп үлгерді. Мәселен, Омар ибн Абдул Азиздың кезінде халықтың тұрмысы өрлегенін көреміз. Олай болса, Алланың разылығын көздеп, қасиетті Құранды көбірек оқуға тырысқанымыз жөн.
Құран Кәрімнің 114 сүреден тұра­ты­ны мәлім. Олар «Фатиха» сүресінен бас­талып, «Нас» сүресімен тәмамдалады. Ондағы ең ұзын сүре «Бақара» сүресі болса, ең қысқа сүре «Кәусар» сүресі. Құ­ран сүрелерінің әрқайсысы батпан-бат­пан салмақ көтеріп тұрғаны анық. Мә­селен, бір ғана «Фатиха» сүресі небә­рі жеті аяттан тұрғанымен, ол бү­кіл Құранның мазмұнын қамтып тұ­ратынын мұсылман ғұламалары дә­лел­деген. Оның әрбір сөзінің толық мә­нін ашу үшін ғалымдар том-том кітаптар жазуда. Айталық, адам баласы Алла­ та­ғаланың жер бетіндегі халифасы екендігін білдірген аятты қанша ұзақ түсін­дірсек те болады. Дүниедегі өзге жара­тылыстардың барлығы адамға қызмет ететінін білдірген бұл аят діни тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да, дүниетаным пәлсапасы тұрғысынан да ашыла береді. Адамның жаратылуы мен ғаламның жаратылуы да өз алдына бөлек қозғалуы тиіс ауқымы кең тақырып.
Адамзаттың қазіргі биігінен көз сал­сақ, тарих көшінің бет алысын түзеп, әлем­ге ұлы өзгеріс енгізген ірі құбылыс­тарға куә боламыз. Соның бірі де Ислам діні екені сөзсіз. Бақытқа бастаймыз деп ұрандатқан күллі−бірегейі де идео­ло­гиялардың тоқы­рау­ға ұшырауы жаңа ізденістерге жол ашып, жыл өткен сайын, Ислам дінінің әлемді баурап бара жат­қа­ны баршамызға аян. Бүгінгідей жаһан­дану ғасырында мәдени-рухани фактор ретінде Ислам дінінің маңызы неліктен еселеп артуда? Ол адамзатқа не берді? Дамуға қандай үлес қосты? Құндылықтары не?
Алғашқы бұйрығы «Оқы!» деп келген Ислам діні ең әуелі адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар, мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіре­тіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлаған­дарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11аят) деген аяттарды, Пайғамбарлардың мирасқорла­ры» (Әбу Дауыд), Сондай-ақ, «Ға­лым­дар мұсылман – бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Аж­луни), «Білім іздеу әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажә. Мұқаддима. 17), «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» (Муслим, Зикр. 38) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсыл­мандар ілім үйренуге талпынып, сауат­ты­лықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмыл­дырған. Алғашқы ілім ошағы әл-Мәсжидул Нәбәуимен басталған.
830 жылы халифа әл-Мәмун тұр­ғызған Бағдаттағы әйгілі Бәйтул-хикма осының бірі. Бәйтул-хикма аударма орталығы, кітап­хана,−(оқу-ағарту үйі) сондай-ақ алғашқы жоғары оқу орны рөлін де атқарған. Тіпті Бәйтул-хикмаға қарасты арнайы обсерватория да салынған. Бұл кезеңде тараған обсерваториялар бір жағы астрономия пәнін үйрететін мектеп қызметін де атқарған. Бағдатта уәзір Низамул Мүлк тұр­ғызған «Низамия» медресесі сол кезең­нің ең озық, ең ірі оқу орны міндетін атқарған. Андалусиялық әмәуилер мен Бәни Ахмар мемлекетінде де оқу-ағарту жұмыстарына қатты көңіл бөлінген.
Аббасилер кезеңінде де білім басты назарда тұрған. Халифа Харұн Рашид Анкараны өзіне қаратқан кезде, сондай-ақ халифа әл-Мәмун Византия импе­раторы Мишель ІІІ-ті жеңгенде, екі халифа да төлем ретінде ақша емес, көне жазбаларды талап еткені ой саларлық.
Әсіресе, Әмәуилер кезеңінде Иран, Үнді, Сирия, грек тілдерінен көптеген еңбектер арабшаға аударылған. Ежелгі грек тілінен Аристотель мен Гелен, Птолемей, Пифагор, Евклид, Гиппократ, Платон, Архимедтің өлмес-өшпес шы­ғар­ма­лары, парсы және санскрит тілдерінен де терең ой, парасатқа шақыратын талай асыл дүниелер араб тіліне ауда­рылды. Оларға түсіндірмелер жасалды. Аударма жұмыстары Аббасилар кезеңін­де тіпті үдеген. Аударудың арқасында көне мәдениеттермен кеңінен танысқан мұсылман ғалымдары бұл мәліметтерді өз білімдерімен байытып, жетілдіре түс­кен. Ислам әлемінде ғылыми жұмыстар мәселесінде Андалуссия әмәуилері озып шыққан. Бағдат пен Кордовадан бастап, Ислам әлемінің қалаларында кітапханалар мен медреселер көптеп бой көтер­ген. VIII-ХІІ ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан мұсылмандарға жетер ешкім болмаған. Еуропадағы мәде­ниет­тің қалыптасуына, ренессанс пен реформалық қозғалыстарға Ислам мәдениеті зор үлес қосқан.
Мұсылмандар тәпсір, қирағат, фиқһ, кәлам, хадис секілді ислами білімдерді дамытқан. Тәпсірде Тәбари, Замахшари, Ибнул Араби, Фаһруддин Рази, Ибнул Ка­сир сынды ғалымдар көзге түссе, фиқһ­та Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Ибн Ханбал секілді білімге ерекше терең бойлаған ғалымдар шыққан. Кәлам саласында Имам әл-Ғазали, Ибнул Арабилер өз қолтаңбасын қалдырса, хадис саласында Имам Бұхари, Имам Тирмизи, Имам Муслим, Малик ибн Әнас сынды білгірлер алдына жан салмаған.
Мұсылмандар ислами ілімдермен қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді жаратылыс пәндерін де дамытқан. Әсіресе, халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білім ісінде алдарына жан салмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламалар шыққан. Айталық, әл-Хорезми, Ибн Жәмшид, Әбу Бәкір әр-Рази – математикада, Ибн Сина −медицинада, Әбу Насыр − Жәбир ибн Хайян, әл-Мақсиди – пәлсапада; әл-Бируни – химияда; әл-Масуди, әл-Баттани, Али Кушшы – тарихта; әл-Фараби, Әл-Кинди – астрономияда; Ибн Батута, Ибн Хаукал, ат-Табари, Ибн Халдун, географияда аттары мәлім болған.
Ислам діні ғалымдарға ерекше құр­мет қалыптастырған. Мұсылман үмбеті қай ғасырда да ғалымдарды құрметтеп, әр сөзін алтынға балаған. Ұстазға шә­кірт­тері екінші әке ретінде қараған. Өмірде алған ілімінің берекетін көру үшін ұстазының ақ батасын, ризалығын алуға құлшынған. Хазірет Әли (р.а.) «Кім маған бір әріп үйретсе соның өмір бойы қызметшісі болуға бармын» десе, имам ағзам Әбу Ханифа «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болма­сын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін» деп ұстазға, ғалымға қанша­лық­ты құрметпен қарау керектігін білдірген. Шәкірт ұстазды ғана емес, ұстаз­дың жақындары мен бала-шағасына да құрмет көрсеткен.
Тарихқа үңілсек, батыстықтардан бұ­рын көптеген ғылыми жаңалықтарды мұ­сылман ғалымдардың ашқанына куә боламыз. Айталық, алғаш күн сағатын ойлап тапқан Жабир ибн Әфлаһ (орта ғасырда), атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген Жабир ибн Хайян (721-805), автоматтық жүйені алғаш ойлап тапқан Жәзари 1136-1206), зоологиялық энциклопедия кітабын жазған Мұхам­мед ибн Муса (1349-1405), тригономе­трия­ға тангенс, котангенс, синус және косинус заңдылықтарын қосқан Әбул Уәфа (940-998), алгебра кітабын жазған әл-Хорезми (780-850), агрономия сала­сында тұңғыш еңбек жазған Ибн Аууам (ХІІ ғ.), алғашқы қағаз фабрикасын құрған Ибн Фазыл (739-805), ішек, құрт микробын тапқан Камбур Уасим (т.ж.б.-1761), Жер шарының диаметрін алғаш өл­шеген Мұхаммед ибн Мұса, алгеб­ра­дағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хайям (т.ж.б.-1123), қазіргі дүниежүзі карта­сына өте жақын кейіпте дүниежүзі кар­та­сын сызған Пири Рейс (1465-1554), алғаш ұшақ жасаған Ибн Фирнас (т.ж.б.-888), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан (Кабажаки ХІІІ ғ.), тарих ғылымын ал­ғаш жүйелеген Ибн Халдун (1332-1406), химия саласында Кантитаф тәсілін ашқан Әбул-Қасым әл-Каши (т.ж.б.-1436), 1000 жыл бұрын майда тамырларды тау­ып, алғаш рет рак ауруына операция жасаған Әли ибн Аббас (т.ж.б.-994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылмандар еді.2
Жалпы алғанда, Ислам дінінің келуімен ислам әлеміне ортақ бірегей мәде­ниет, өнер, өркениет қалыптасты. Ислам өркениеті аясында араб, парсы, түркі тілді ойшылдар мен ғалымдар адамзат мәде­ние­тінде өшпес із қалдырды. Оған мұсыл­ман шығысындағы Мауараннаһр яғни Орта Азиялық, сонымен қатар қазақ елінің 30-дан астам Фарабилері, 40-қа жуық Таразилері, сандаған Сайрамилер, Сығ­на­қилер, Жендилер, Кердерилер, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жал­айырилер және т.б. атақты ғұламалары да зор үлес қосты.
Қорыта келгенде, Ислам діні – адамзат ойлап тапқан ешбір жүйемен салыс­тыруға келмейтін жан-жақты толысқан иләһи жүйе!
Ислам діні – әлемдік өркениеттердің ең озығы. Мәдениеттердің ең кемелі! Гуманизм мен бейбітшілікті жақтай­тын татулық діні! Өнерді қолдаған, ақыл-ойды кемеліне келтірген, ғылымды дамытқан ұлы дін!
Ислам діні – әрісі Пайғам­барымыз­дың, берісі Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Сұлтан аз-Захир Бейбарыс, Хафиз ад-Дин Кердери, М.Х. Дулати, Хасан Әли Жалайыри секілді ата-бабаларымыздың, бәрінен бұрын, ұлы Алла тағаланың асыл аманаты, ертеңгі нұрлы болашағымыз­дың үміті, баянды бақытымыздың кепілі.
Бүгінгі ұрпаққа дейін келіп жеткен осы қасиетті аманатты көздің қарашы­ғындай қорғау, рухани құндылық­тарымызды дәріптеу − қазіргі әрбір исі мұсылман баласының қасиетті борышы. Бұл борыш біздің қоғамда жүрегі Алла деп соққан, «мұсылман үмбеті» деген атқа лайық азаматтар қатары көбейген сайын өз деңгейінде атқарыла берері сөзсіз.

Алдыңғы «
Келесі »