«Қазақ тарихын сүю – қазақ халқын сүю!»

  • 11.11.2014
  • 8797 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жаңабек Жақсығалиев,
тарих ғылымдарының кандидаты

«Тәуелсіз халықта ғана ұлттық мінез болады» 
(Жеремин де Сталь)
Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қайтсем Қазақ елін мәңгілік мемлекетке айналдырам?!» дейтін аса ұлы мемлекетшіл мүдде жолында тынымсыз ізденіс үстінде жүрген хал­қымыздың аяулы перзенті һәм Ұлт Көшбасшысы. Мәң­гілік ел болуды көздеген мемлекет, алдымен өз тек-тамырының те­рең­нен тартатынын және ата-бабасының  өте бай тарихы бар екенін есінен бір сәтке  шығармауы тиіс. Ұлттық идеяның өзегі –  ұлт тарихында. Мұны Елбасы ешқашан назардан тыс қалдырған емес.

Ел тәуел­сіздігімен бірге елімізде жаңа ұлттық тарихи сана қалыптастыру бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытауда туған халқымен бірыңғай ана тілінде  бөліскен, көңіл түкпірінде жүрген жан тебірентерлік сыр-толғанысының өзегі де ұлт тарихымен біте қайнасып жатыр.Иә, «Қазақ тарихын сүю – қазақ халқын сүю!» ХХ ғасырдың басындағы Алаш ұлттық саяси элитасының ұлт тарихына ар­нал­ған соны зерттеулері мен жарқын іс­тері бұған дәлел. Сөздің қысқасы, Қазақ үшін қасиетті де құтты мекен Ұлытауда Н.Ә. Назарбаев тамылжыған тамыз айының соңында көпшіліктің  көкейінде жүрген күпті ойларды дөп басатын салиқалы сұхбат берді.Елбасы:«Біз Тәуелсіздік жариялағанда Қазақстандағы қазақтың саны 40 пайыз болатын. Қазір, міне, қазақтың саны 65 пайызға жетті… Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыздың саны артуда. Оның ішінде қазақтың саны көбеюде», – деді. Бұл жерде Президент статистиканы сәл жұмсартып айтып отыр. 2009 жылғы халық санағы бойынша жергілікті халық – қазақтар біршама көбейіп, жалпы тұрғындар арасындағы үлесі 67 %-дан асқан (Қозыбаев М.,т.б. Қазақстан тарихы (1914-2009 жж.): 9 сыныпқа арналған оқулық – Алматы: «Мектеп», 2009. –205-б.) болатын.
Еліміз тәуелсіздік алғанда мемлекеттің негізін қалаған ұлт – қазақ өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында небәрі 40-ақ пайыз болғаны тарихи шындық еді. Тіпті, солтүстік облыстарда байырғы ұлттың саны 20%-дан да төмен құлдырағаны еш­кімге жасырын емес. 1959 жылғы ха­лық санағы бойынша, республикада тұ­ра­тын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн 787 мың, яғни, Қазақстанды мекендеген барлық тұрғындардың не бары 29%-ын ғана құрап, өз жерінде ұлттық азшылық жағдайына түскенімізді қазір мектеп оқушысы да біледі. Сол төмен­гі көрсеткіш халқымыздың  бала­жан­ды­ғының арқасында ғана 1960-1991 жыл­дар ара­лығында азда болса көте­ріліп, еліміз тәуелсіздік жа­риялаған тұста қа­ра­көздердің ұзын саны 7 млн-ға жетіп, соның өзінде республика халқының тең жартысын да құрай алмаған еді.Бұған қандастарымыздың көпшілігі өз ана тілін білмегенін қосыңыз және мұның зардабын әлі де тартып келеміз.Тарихи тәжірибеге сүйенсек, мемлекет тарихында мемлекет құраушы ұлттың саны ерекше рөл атқаратындығы белгілі.
Біз осындай ауыр халге  қалай түстік? Ол үшін та­рихқа сәл шегініс жасағанымыз дұрыс.1913 жылы «Қазақ» газетінде қай­ран Ахаң, Ұлт Ұстазы А.Байтұрсынов «Әл­хамдуллаһи, әйтеуір қазақ 6 мил­лион­ға жеттік» деп қуанған екен.Тура бір ғасыр, яғни, жүз жыл өткеннен кейін рес­публикадағы қазақтың саны 11 миллионнан сәл ғана асса, деректер бойынша сол кезде шамамен 700 мыңдай болған «өз ағамыз» өзбектер қазір 30 миллионға жетіпті. Көршілеріміз сияқты еселеп өсудің орнына қазақ халқы атамекенінде тұрып-ақ құрып кетудің алдында тұрды. Неге? ХХ ғасырда қазақтай азап көріп, «мың өліп, мың тірілген» халық Жер бетінде жоқ. Біріншіден, кеңестік кезеңде қазақ  қолдан жасалған ашаршылық, ұлт асылдарын қынадай қырған қуғын-сүргін, нәубет пен зобалаңдар, әр түрлі қақтығыстар мен соғыстар, т.б. салдарынан қырылды. Қазақ даласында өліктер тау-тау болып үйіліп жатты. Кремль қожайындары қазақты шыбын құрлы көрмеді. Екін­шіден, «голощекиндік геноцид» ке­зін­де жан сақтау мақсатында көрші елдерге миллиондаған қандастарымыз көшіп кетуге мәжбүр болды. Үшіншіден, әуелі патшалы, кейін кеңестік Ресей тұсында әртүрлі делимитациялар (шекара меже­леу) тұсында «кесіліп қалған» жер­лерімізбен бірге қандастарымыз ше­ка­раның арғы жағында көздері  мөлдіреп қала берді. Бағзыдан бүгінге жеткен топонимдік деректерді зерделесек, Қазақ халқы бодандық дәуірінде ата мекеннің үштен бірінен айрылды. Еділ (Волга), Хажытархан (Астрахань), Сарытау (Саратов), Селебе (Челябинск), Қорған (Курган), Орынбор (Оренбург), Төмен (Тюмень), Барнауыл (Барнауыл), Үстіқұт (Усть-Кут), Ащылы (Ачинск), Байкөл (Байкал), Енесай (Енисей), Аңғар (Ангара) деп аталатын ондаған-жүздеген елді мекендер мен жер-су атауларының күні бүгінге дейін таза түркілік-қазақтық мән-мағынада айтылуы көп жайды аңғартатын айғақ.
Тек қана Кеңес заманында 5 миллион қазақ репрессия мен аштықтың құрбаны болып, 2 миллиондай қазақ шет елді паналауға мәжбүр болды. Қазір 4 миллионнан астам қазақ дүниежүзінің 32 мемлекетін паналап, тілі мен діні әртүрлі ортада ғұмыр кешуде (Жолдасбекұлы М., Салғараұлы Қ., Сей­дімбек А. Елтұтқа. Астана, 2001, 10-б.).
 Елбасы Н. Ә. Назарбаев айтқандай: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен емен­нің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сон­дық­тан, тарихымызды таныту үшін көп нәрсе жасап жатырмыз». Нағыз ұлт­жанды Алаш баласын тәрбиелеу үшін көршілеріміздің көңіліне қарамай нағыз ақиқат айтылуы керек. Сондықтан, тарихтың бұралаң жолдарында үштен бір жерімізден айрылып қалғанымызды, соған байланысты  Ресей мен Қытайдың жер аумағы кеңейіп, қазақ жері тарылғанын бүгінгі мектеп партасында отырған әрбір жас өскін біліп өсуі тиіс. Тарих әділдікті іздейді, бұрмалауға жол берілсе, ол тарих болудан қалады. М. Шо­қай айтпақшы, «Тарих ешқашан еш­кімді аямайды». Айтуға ауыз бармайды, халқының саны көп, бірақ, мемлекеті жоқ, жат жұрттың жетегінде жаутаңдап өмір сүріп жатқан тарихи тағдырлары баянсыз халықтар (ұйғырлар, курдтар, т.б.) қаншама?! Ұлтымыздың басынан өткен талай  тауқымет пен өзімізбен тағдырлас халықтардың тартқан азабын таным таразысына салсаң, қазіргі тірлігімізге тәуба демеске лажың жоқ. Француздың ұлы гуманист ғалымы Ашиль-Клод Дебюсси «Кез келген билікті бағалаудағы өлшем сол мемлекеттегі  мемлекет құ­рау­шы халықтың санының өсіп немесе кемуінен байқауға болады», – деген екен. Бұл даналық сөз қазіргі Қазақстан билігі ұстанып отырған ішкі-сыртқы саясаттың өресімен өрісін аңғартқандай. Осылай,  «ел аман, жұрт тыныш болса» қазақ халқының саны өз Отанында әлі де көбейе беретінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазақтың саны – Қазақтың айбары! Қазақтың саны – Қазақтың рухы! Қазақтың саны – Қазақтың болашағы! Қазақ «Көп қорқытады, терең батырады», дегенді бекер айтпаса керек. Одан әрі Президент Н.Ә.Назарбаев қаққан қазықтай қылып: «Елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам бала мектеп бітіреді, соның 80 пайызға жуығы қазақ тілінде оқыған. Қазір орыстікі болсын, басқаныкі болсын, барлық мектептерде қазақ тілін оқыту міндетті болып саналады», – деді.
Қазір Құдайға шүкір, өзіміздің қаламыз­да да тәуелсіздік тұсында ашылған №№10,27,30,33,34,36,37,38,40,41,42,43,44,45,46 мектептердің бәрі қазақ тілді. Бейнелеп айтсақ, қаламыздың шеткі аудандарында жаңадан салынған қазақ тілді мектептер шаһарды сақи­налап, шеңберлей бастағандай. Бұрынғы орыс мектептерінің өзі алдымен аралас мектепке ай­­налып, сосын қазақыланып жатыр. Мысалы, №№1,2,4,5,12,19,20,22,25,26 т.б. мектептер. Әрине, Қазақстанның Ресейге шығатын батыс қақпасы, яғни, шекаралық қала саналатын өзіміздің Орал шаһарында да қазақ мектептерінің жыл өткен сайын көбейіп, қарадомалақтардың саны еселеп артып келе жатқанына жаның сүйсінеді. Сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кеңес Одағы кезінде тікелей орыстандыру саясаты жүргізілгенін»  ашық айтты. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарынан бастап, яғни, 1954 жылдан 1986 жылға дейінгі аралықта елімізде академик К.Нұрпейісовтің дерегінше, 700 қазақ тілді мектеп жабылған. Кеңес өкіметінің қазақ даласын отарлауды, «орыстандырудың ең төте жолын – мектептен» бастағанын қазір ғалымдар індете зерттеуде. Кеңестер билігі тұсында ұзақ жылдар астанамыз болған, миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласының өзінде бір ғана қазақ мектебі болса, сол тұста Орал қаласында да жалғыз-ақ қазақ мектебінің (бұрынғы атауы пансион, қазіргі С.Сейфуллин атындағы №11 мектептің) болғанын осы ретте айта кеткеніміз жөн. Сөз орайында оқырманның назарын мына фактіге аударғым келеді. Орал қаласында тілге қатысты өткен бір конференцияда Қадыр Мырза Әлі ағамыз жақсы мысал айтты. Сол кеңестік кезеңде Өзбекстанның Ферғанасында, қателеспесем қаланың өзінде 20 қазақ мектебі болған екен. «Өз аға­ларымыз» бізді ойлағаннан қазақ мектептерін ұстамаған, егер, олар жабыла қалса, бұларды өзбек мектебі емес, орыс мектебі қылатынын білгендіктен солай істеген. Өзбектер айтады екен: «орыс болғың келсе, әуелі қазақ бол» деп. Бұл жерде Қазақтың Қадырының айтқысы келген негізгі ойы біздіңше, өзбекті дәріптеп, қазақты кеміту емес. Керісінше, бодау замандағы бауырлас екі халықтың ұлттық мәселедегі іс-әрекетін шендестіру арқылы қазағына жеткізген назы деп түсінгеніміз жөн.
Ұлтымыздың алтын бесігі саналатын Ұлытауда Елбасы «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұла­сып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз», дегенді нығырлап тұрып айтты. Сөйтіп, Елбасы қазақ мемлекеттілігі – тарихи тамырын тереңнен тартатынын және тақыр жерге шөп шықпайтынына жалпақ жұрттың назарын аударды. Бұл санасы бар жанға сіңіріле айтылған сарабдал сөз. Иә, Атыраудан Алтайға дейін, Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан, ұшса сұңқардың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан-байтақ дала – ұлы бабалардан бізге қалған киелі де қасиетті мұра.
Таққа отырған Ежелгі Рим императорлары «Тарих менен басталады» деп айтқанды ұнатады екен. Кешіріңіз, осындайда француз жазушысы Александр Дюманың (әке Дюма) «Құдай болашақты ғана өзгертіп, жаңарта алады, ол өткеннің ештеңесін өзгерте алмайды» деген аталы сөзі ойға оралады. Тарихқа жүгінсек, қазақтың мемлекеттілік тарихы, ерлік һәм жауынгерлік дәстүрі мен мәдениеті аса бай ұлт екенін көруге болады. Сақ дәуіріндегі бабаларымыз алтыннан соғылған сауыт киді. Соның өлшемдерін байқап көрсе, қазіргі әлемдік деңгейдегі ірі зауыттардан шыққан алтын бұйымдардан сәл ғана қалыс қалады екен. Сапасы қай жағынан болса да жоғары деңгейде жасалған. Мұның бәрі тамырымыздың текті екенін білдіреді. Тарихта төрткүл дүниені дүбірлеткен талай империялар өткен. Сайын даланың апшысын қуырып, сәйгүліктері құйындай жүйткіген қаһарман бабаларымыз да ешкімнен қалыспаған. Айбынды Ғұн державасын құрған құдіретті Мөде Тәңір­құттың: «Жер дегеніміз – мемлекеттің негізі, оны қалай береміз?» деген айбынды сөздері айналасындағы көршілердің аяғын тартқызған. Ұлы даланың жауынгер оғландары  ғұндар мінген атты әскер­дің дүбірі қарақұрым қытайды талай мәр­те аяғынан тік тұрғызып, тіпті, оларды алым-салық төлеуге мәжбүр еткен. Бір бой­­да үйсіндер 180 мың, қаңлылар 120 мың жауынгерді атқа қонғызған. Алғашқы орта ғасырда Еуразияда құрылған Түрік қағанатының жер аумағы шығыста Алтай­дан бастап, батыста Каспий теңізіне дейін­гі аралықты алып жатты. Қағанат оң­түстік-шығысында Қытаймен, оңтүстік-батысында парсы елімен шектесіп, ұлан-байтақ аумаққа билік жүргізді. Кейінгі орта ғасырда Ертіс пен Дунай өзендерінің аралығында жалпағынан жайылып жатқан Қыпшақ хандығының жер аумағына әлемде теңдесетін бірде-бір мемлекет болмаған екен. Елбасы атап көрсеткендей келесі кезең – Алтын Орда дәуірі. Бұл мемлекеттің негізгі халқын қыпшақтар құрады. Соған сәйкес мемлекеттік тіл – қыпшақ тілі болды. Кезінде орыстардың өзі Алтын Ордаға бағынышты болып, кейін олар қолайлы саяси жағдайды қапы жібермей Алтын  Ордадан  бөлініп  шыққан  хандықтарды (Қазан, Астрахан, Сібір, Ноғай, т.б.) жеке-жеке жаулап, бағындырды.Ресей империясын құру жолында орыс патшалары Алтын Орданың  саяси-мемлекеттік құрылымының ұңғыл-шұңғылын мұқият зерттеп, оның мықты және осал тұстарын сүзгіден өткізді. Әлі күнге дейін орыс отаршылдығы зерттелмей жатқан тың тақырып. Алып империя құрған халық осал емес. Сайып келгенде орыстар өзіне керектінің негізін Алтын Ордадан үйренген. Деректерге сенсек, кезінде орыс патшасы  Мәскеудегі атақты Қызыл алаңды салдырарда оның жоба-үлгісін Сарайшықтан, Кремль қорғанының жоба-үлгісін Бату Сарайынан алыпты (Тәт­тіғұлов Ә. Өмірдің өзіндей мәңгілік. // Ақиқат, №3, 2000, 43-б.). Бірақ, орыстар Алтын Орда тарихын империя мүддесіне орай бұр­малап жазды. Куликово шайқасындағы орыстардың жеңісі маркстік-лениндік ке­ңес тарихнамасында асыра дәріптеліп, сол кезеңде білім алған ұрпақ – бұл соғыста өзінің ата-бабасы жеңіске жеткендей се­зінді. Бұл, сөз жоқ, кеңестік идеологияның мықтылығы еді. Осы шайқастан кейін іле-шала Тоқтамыстың Мәскеуді өртегені ке­ңестік тарих оқулықтарында солғын баяндалды. Елбасы сұхбатында: «Мына тұрған қайыңдар, мынау жер сонау Жошы ханның да, Алаша ханның да, Тоқтамыстың да, Едіге батырдың да – бәрінің көзін көрген шығар» дегенді айтты. Мәскеу жорығының шынайы тарихын қазіргі зерттеушілер «Тоқтамыс 1381 жылы Алтын Орданың ханы болып сайланады. Тоқтамыс хан мен Едігенің біріккен ке­зінде Алтын Орда бәрін біріктірген көр­шілері үшін айбынды мемлекет болды. 1382 жылы Мәскеу князі Дмитрий Донскойды тәубесіне келтіру үшін өзі бастап жорыққа аттанады. 1382 жылы тамыздың 23-інде Кремльге ат басын тіреп: «Дмитрий осында ма?! – деп айғай салады. Қаланы жусатып сап, қайтып кетеді. Дмитрий Донской қаланы өлік­тен тазарту үшін әрбір сексен өлікке 1 сом күміс ақша беріп көмдіреді». Осыны көрнекті орыс тарихшылары Соловьев пен Карамзин өз жазбаларында қазынадан төленген барлық күміс ақша 20 мыңдай болды деп тәптіштеп тұрып көрсетеді (Боранбай Ж. Тарих таразыланбай таным түзелмейді. //Ақиқат, №3, 2014,61-62бб.). Алтын Орданың  соңғы тұяғы – Қазақ хандығы.
Қазақтың саяси дүниетанымындағы мем­лекетшілдік сана өз алдына жойқын зерттеуді қажет ететін күрделі тақырып.Соның бір ерекше әдіптелетін қыры – дәс­түр­лі қазақ қоғамында қара халық ешқашан Ресей та­ри­хындағыдай патшаға қарсы (И. И. Болотников, С. Т. Ра­зин, К. А. Булавин, Е. И. Пугачев) қылыш суырып, найза кезе­­­ме­ген. Біздіңше, мұның сырын «Көш­пен­­­ділер өрке­ниетінің құдіретінің бірі – хандық билеу құры­лымынан (М.Қозы­баев)» іздеген жөн сияқты. Әйт­песе, алақандай Нарында он күн бойы Хан ордасын қалтыратқан Исатай Тайманұлының «өз мүмкіндігін мүлт жіберуін» басқаша түсіндіру қиын. Дәстүрлі қазақ қоғамында бұқара мен билік арасында ғасырлар бойы сақталған тепе-теңдік бодау заманда бұзылды. Бұдан қара қазақтың басындағы қасіреттің негізгі төркіні отар­шылдық саясатта жатқандығы нақ­­­­тыланады (Жақсығалиев Ж. Исатай батыр Жәңгір ханның Ордасын неге шап­­пады?// Орал өңірі. 11 шілде 2013 жыл). Сондықтан, Қазақ даласында болған көтерілістер негізінен отаршылдыққа қарсы бағытталып, ұлт-азаттық сипатқа ие болды. Бірақ, соған қарамастан кезінде орыс патшалары шетінен ке­меңгер ретінде дәріптеліп, мұны ақын Ғафу Қайырбеков «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар  жаман болған» деп жырға қосты. 
Елбасы  Н. Ә. Назарбаев бұл жолы гео­­саяси мә­селелер жөнінде де тар­қа­та айтты. Президент сөзінен мысал келтірейін: «Картаға қарайық, Қа­зақ­стан құрлықтың дәл ортасында орна­ласқан. Теңізге шығатын жолымыз жоқ. Қазақстанда екі қабатты бір үй салу бағасы Малайзияда сондай 10 үй салу құнымен бірдей. Неге? Біздің елдегі суық 40 градусқа дейін жетеді. Ыс­тығымыз да солай. Ал, Малайзияда да, Сингапурда да ауа райы біркелкі. Бізде зауыт, фабрика салу Малайзиядан 5-6 есе қымбат. Ал, енді, олар теңіздің, мұхиттың жағасында отырған соң тауарын кемеге тиейді де, арзан жолмен жібере салады. Біз мына Қарағандыдан, Жезқазғаннан мысты пойызға тиеп, анау Қара теңіз­дің жағасына жеткізгенше әр шақырымына ақша төлейміз. Қытайға, Ресейге жеткенше ақы береміз. Анау Еуропаға бар­ғанша қыруар ақша жұмсаймыз. Сон­да, біздің «теңізіміз» не болды? Біздің «теңізіміз»  – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз. Енді, біз осы­лармен сауда-саттық жасамасақ, онда экономикамыз қа­лай өседі?» деді. Осылай, орналасқан жеріміздің геосаяси  тұрғыда қиындығын Ұлт Көшбасшысы қисынды қылып айтты.Мұны Өтемістің ұлы Махамбетше айтсақ, «Бұл қонысқа қондырған, ата-бабам оңбасын, таңда сират басында». Қазақ халқында бағзыдан келе жатқан «Көршіні Құдай қосады» деген тәмсіл бар. Қазақстанның экономикалық жағынан тұйық кеңістікте орналасуы өз алдына, әлемдегі алып мемлекеттердің қатарына кіретін ұлы көршілерінің ырқында кетпей, дербестігін сақтап, мемлекеттілігін нығайтуы қай заманда да өткір тұрған мәселе. Экономикалық мүдделердің қашан да саяси мүд­делермен ұштасып жата­тындығы тағы рас.Өз дәуірінің ірі геосаяси ойыншылары Әбілқайырдың Ресей және Жоңғариямен, Абылайдың Ресей және Қы­таймен барынша арбасып баққанын, соның нәтижесінде империялардың жемсауында жұтылып кетпей елі мен елдігін сақтап қалу жолында нағыз шығыс саясатшысына тән стратегиялық айла-амалдар мен тактикалық әдіс-тәсілдерді Қазақ дип­ломатиясының өзегіне айналдырғанын  тарихтан жақсы білеміз. Олардың да басқалай жолы болмаған. Елбасының бұдан бұрын айтқан «Менің кабинетімде Абылай мен Әбілқайыр ханның портреттері ілулі тұр» деген сөзі осы ойымызды қуаттай түс­кендей.
Қазақстанның қуатты державалардың нақ ортасында орналасуы, оның мұнайдан түсетін мол қоры, елдің көл-көсір табиғи байлығы, көптеген елдердің қуат көздеріне зәрулігі еліміздің халықаралық сахнада өзін­дік салмақты орны һәм саясаты бар мем­­лекет екенін көрсетеді. Елбасы Н.Ә.На­зарбаев: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүд­делері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден, біздің энергетикалық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделілік танытуда. Ал, біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз» (Назарбаев Н. Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан туралы салиқалы сұхбат // Алтын Орда. 2007. -17-19 көкек) деді. Қай кезде де ел басқару оңай болған емес. Қай заманда да, қай қоғамда да дара тұлғаның жөні бөлек. Солай болған, солай бола да береді. Елім деген, жерім деген ерлердің тарихтың тар тұстарында қандай іргелі істер атқара алғанына кәрі тарих куә. Әлемдік саясатта кез-келген уақытта оқтын-оқтын болып тұратын саяси ойындар мемлекет тізгінін ұстаған билеушінің бойынан дара бітімді, харизматикалық тұлғаға тән көптеген меритократиялық қасиеттерді талап етеді. Оның үстіне Қазақстанның геосаяси орналасуы жағынан ғасырлар бойы аз зардап шекпегенін қосыңыз. 
Ұлытаудағы толымды толғанысын Ұлт Көш­бас­шысы Н.Ә.Назарбаев:«Біз мұнайды, темірді, көмірді тасымалдап жатқан елміз. Біздің мемлекетіміз бұдан қаншама пайда тауып жатыр… Экономика өсіп-өнбесе, басқа шаруаның бәрі ше­шілмейді. Тіл де, дін де жайына қалады. Қазақтың да жағдайы жақсармайды. Сон­дықтан, бұған түсіністікпен қарау керек», – деді. Қазақстан Республикасы Менделеев кестесіндегі эле­мент­тің бәрі бар, минералды энергетикалық ресурстарға өте бай мемлекет. Осы байлық, Қазақ жерінің астындағы, үстіндегі барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет жасауы тиіс. Ә.Бөкейхановша айтсақ, «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек». Жер асты байлығы өте мол елдің иесі болу, жас ұрпақтың елін, жерін, ұлтын сүюден басталады. Рухани азыққа бай, ұлт мүддесін жүрегімен сезетін саналы ұрпақ тәрбиелеу өзекті.Тіршілік заңы – күрес.  Әлемде геосаяси ойындар әдеттегідей тоқтаусыз жүріп жатыр.Бұрын бабаларымыз ғасырлар бойы ұлт азаттығы жолында қанын төгіп, жанын берсе, ендігі күрес, ендігі мақсат – тәуелсіздікті мәңгілік ету. Осы ретте аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білімі кемел Ә. Кекілбайұлы: «Мынау өліп-талып келген тәуелсіздікті ақымақ иттің алдына қойған ас сияқты төгіп алатын болсақ, ертең біздің күніміздің не болатыны әлі белгісіз. Оның үстіне бізге алтын сандықтың үстінде отырған алты жасар бала деп қарайтындар бар. Мен баяғыда тәуелсіздік алған жылы да осылай сөйлегенмін. Соған әлі де көзім жетіп келе жатыр. Жер астында жатқан байлық қазақтың бағы ма, соры ма, оны тарих шешеді…Тарихтың өрмегін сен тоқымайсың, ұлт тоқымайды. Тарихтың өрмегін бүкіл адамзаттың коллизиялары тоқиды. Сен соның қайсысына шыдам бере аласың, қайсысына ақылың жетеді, қайсысына күшің жетеді, қайсысына айлаң жетеді, қайсысына арамдығың жетеді» деген еді (Кекілбайұлы Ә. Сырым – дала демократиясының реформаторы // Орал өңірі. – Орал. 2007. -13 қыр­күйек). Осы айтылғандардың бәрі ел тізгінін ұстаған ел ұстарларының, игі жақсылардың мойнында, өз халқының алдында қаншалықты жауапкершіліктің жүгі бар екенін көрсетеді.Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті Н. Ә. Назарбаевтың нағыз Ұлт Көш­бас­шы­­сына тән асқақтықпен: «Біздің ең жо­ғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қа­нымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сон­дықтан, бұл жөнінде ешқандай күдік болмасын» деп Алаш жұртының ешкімге жалтақтамайтынын әлем алдында паш етіп, бек сенімді сөйлеуі, қалың қазаққа қарата айтқан Ұлытаудағы ұлағатты сөзінің тобықтай түйіні.

 

Алдыңғы «
Келесі »