Қазақтың жаны қандай?

  • 11.11.2014
  • 544 рет оқылды
  • 3

Сейілбек Мұсатаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

Адамзат қауымын ежелден ойландырып келе жатқан сұрақтар – өмір мен өлім, жан мен тәннің арақатынасы, сана мен болмыс ұғымдарының мән-мазмұнын түсінуге талпыну сан-алуан көзқарастар мен теориялардың туындауына арқау болды. Осы сұрақтардан өрбіген идеализм мен материализм арасындағы бітіспес күрес барысында ғылымның атасы саналатын философия пайда болып, одан әрі тармақтала келе, түрлі қоғамдық ғылымдардың салалары туындады. «Идея», «рух», «жан» деген ұғымдарды түсіндіруге ұмтылыс күшейген сайын сұрақтар да көбейіп, бұлар мәңгілік ғылыми мәселелерге айналды. Өйткені, идея шым-шытырық болса, рухани жан дүние жұмбаққа толы, қайшылығы мен сыры да сондай көп. Жан жеке тіршілік иесіне тән жалқы ұғым болғанымен, тіршілік атаулының бәрі топтасып тірлік жасауы оған топтық сипат береді. Сондықтан да, қандай да бір ұлттың өзіндік ерекшеліктерін сипаттап көрсету мақсатында әлемдік деңгейдегі көптеген ғұлама ойшылдар «жан» ұғымын пайдаланады. Орыс жаны, неміс немесе француз жаны, т.б. ұлттардың жандары туралы айтылып-жазылып жатқанда, біз неге қазақтың жаны туралы ой толғамаймыз? Қазақы рухты, яғни, «қазақтың жанын» немесе «қазақы жан-дүниені» жан-жақты зерттеудің отандық қоғамтану ғылымы үшін маңызы аса зор. Қазақтың жанын тану – қазақты тану деген сөз, олай болса, қазақтану мәселесі бір мақалалық емес, өзінше бір ғылым саласы болуға сұранып-ақ тұр. «Жан» деген ұғымды түсіну қандай қиын әрі қарама-қайшылықты болса, «қазақтың жанын» түсіну де сондай  күрделі мәселе. 


Жалпы, «жан» ұғымы туралы ортақ пікір жоқ, оны әркім өзінше түсінеді, сәйкесінше, сан-қырлы түсініктер қалыптасып, күнделікті қолданысымызға еніп кеткен: жан бір жағынан жеке (әр адамға тән), екінші жағынан көпше түрдегі (ұжымның, қауымның, ұлттың, елдің, ұлттың жаны, яки, рухы т.б.)  ұғым; жан – ішкі рухани дүние (жан-дүние, рухани дүние); қандай да бір сезімнің немесе іс-әрекеттің сапасы (мысалы, жан-тәніңмен беріліп сүю, жаныңдай жақсы көру, жанын салып жұмыс істеу т.б.); мінез-құлықтың сипаттамасы ретінде (момын жан, адал жан, абзал жан, жаны жайсаң т.б.); адам ұғымына мәндес сөз (синоним) ретінде (көшеде жан жоқ, бір үйлі жан, «Мал-жан аман ба?»); өмірді немесе өлімді бейнелеуші (жанды, жансыз, шыбын жан), адамның әлеуметтік-рухани азып-тозуын бейнелеуші (тірі өлік, жаны жоқ адам, жаны ашымас т.с.с.). 
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың жаны да жұмбаққа толы, өйткені, қазақ ұлтының өзіндік ерекшеліктері өте көп. Ол ерекшеліктер ғасырлар бойы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі өткен географиялық орта мен табиғат құбылыстарына (климатқа), өмір сүру салты мен шаруашылық жүргізу әдістеріне, діни наным-сенімдеріне, мәдениетіне, салт-дәстүріне, тарихына, көршілес елдердің тигізген әсеріне қарай қалыптасып, бірте-бірте дамыды. Олай болса, осы факторлардың қазақ жанына қалай ықпал еткенін талдап көрейік.
Ең алдымен, қазақ жанына географиялық фактордың тигізген ықпалына тоқталсақ, қазақ ұлтының генезисі (шығу, пайда болу тегі, қалыптасу кезеңі) болған ру-тайпалардың  тұрмыс-тіршілігі ғасырлар бойы Еуразияның кең-байтақ даласында өтті. Қазақ елінің жер ауқымы қандай кең байтақ болса, қазақ ұлтының жан-дүниесі де сондай кең. Қазақтардың жаны еркіндік пен кеңшілікке құмар болуы сондықтан. Дала демократиясы да қазақ жанының ашықтығына негізделді, еркіндік пен жариялылықты қазақтың жаны сүйеді. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақ сөз бостандығын ежелден қастерлей білген. Тіптен, «Дат, тақсыр» деп, кәдуілгі қараша да, өлім жазасына кесіліп бара жатқан айыпталушы да, талап-тілегін немесе ақтық сөзін басқа емес, Ханның өзіне де айтуына құқығы болған. Қазақ әділетті әрі ақылмен айтылған сөзге тоқтай білген халық. Еуропалық сот институты қазақ жеріне келмей жатып-ақ, «Есім ханның ескі жолын», «Қасым ханның қасқа жолын» ұстанған қазақтарда бұрыннан билер соты болған. Би атану үшін адамның бойында әділдікпен қатар ұшқыр ой, шешендік, батылдық, өткірлік, көрегендік, данышпандық сияқты асыл қасиеттер кешенді түрде болуы тиіс. «Би» атағы ешқашан мұрагерлікпен берілмеген, халық бидің харизматикалық («Құдай берген», яғни, тумысынан берілетін ерекше қасиет, дарын, қабілет) билігін өзі мойындап, легитимді (заңды) түрде «Би» деген асқақ атау берген. Дау-дамайларды билер әділ шешкен, «Қара қылды қақ жарған» тура билердің жасаған бәтуасына жүгінуші тараптар әрқашан ризашылықпен мойынұсынған. Компенсацияны да қазақтар ертеден қолданып, Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» негізінде құн төлеуді, ер мен жер дауын, жесір дауын әділ әрі мәдениетті түрде шеше білген. Қазақ даласында зындан, түрме сияқты адамды бостандығынан айыратын тар қапастар болмаса да, қазақтың жаны әділдік пен теңдікке, заңды сақтау мен тәртіпке бағынуға әуел бастан-ақ икемделген.  
Жаны еркіндікті сүйетін қазақтардың ақырып теңдік сұраған ұлт-азаттық көтерілістері де тарихта көп болған. Бәрін тізіп айтпасақ та, Ресей империясы мен Хиуа, Қоқан сияқты Орталық Азия хандықтарының отаршыл озбырлықтарына қарсы халық көтерілістерін бастаған Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Ағыбай батыр, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Байзақ Датқа, Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы, Есет батыр Көтібарұлы, Аманкелді Иманұлы т.б., Қытай отаршылдарына қарсы күресіп,  «Үш аймақ» көтерілісін бастаған Демежан, Бөке, Зуха, Оспан, Елісхан, Әкбар, Сейіт, Бүркітбай, Сұлубай, Дәлелхан т.б. батырлар, Кеңес Одағы кезінде «қызыл террордың» 1928-1934 жылдары аралығындағы зобалаңына қарсы шыққан Адай, Батпаққара, Созақ, Ырғыз, Бостандық және т.б. жүздеген ірілі-ұсақты көтерілістері, Шұбар-Балқаш-Шоқпар наразылықтары, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі  қазақтың жанының еркіндік сүйгіш және күрескерлік қасиеттерін дәлелдейді.
Қазақ жаны – батыр, ерлік жасау – қазаққа тән сапалардың бірі. «Нар тәуекел!» қазақтың жақсы көретін сөз тіркестерінің бірі. «Батырлар жырын» сәби кезінен ұйып тыңдап, жатқа айтқан жас қазақ өсе келе, намысы өрекпіген, батылдығы мен күш-қайраты тасыған ер азаматқа айналатын болған. Ал, батыр атану үшін ер азамат Отаны үшін отқа түсіп, жаумен соғысқанда ержүректігімен, қайтпас қайсарлығымен, әділдігімен, тапқырлығымен көзге түсіп, батырлығын іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Би» сияқты, «Батыр» атағы да ешқашан мұраға берілмеген, нағыз ер батыл іс-әрекеті арқылы ерлігін дәлелдесе ғана оны «Батыр» деп, дүйім жұрт мойындаған. Сондықтан, қазақ халқында әрі батыл, өткір де тапқыр, қажырлы да қайратты адамға «батыр» деген құрметті атақ берілген. Тарихшылар қазақтың арғы тегі саналатын сақ (скиф, массагет, хаомаварга, тиграхауда) және ғұн тайпаларының ержүрек болғанын жазады. Сақтар Ескендір Зұлқарнайынның Азияға жасаған басқыншылық жорығының бетін қайтарса, Томирис ханша соғысқұмар парсы патшасы Кирдің әскерін талқандап, қанішердің басын алған. Ал, ғұн тайпалары болса, Еуропаны билеген: ғұнның Руа патшасына Шығыс Рим императоры Феодосий II салық төлеп тұрса, Едіге патша (Атилла) Қара және Жерорта теңіздерінен бастап Рейн өзеніне дейінгі аймақты билеген. Көне тарихты қазбай-ақ, қазақ тарихындағы белгілі батырларды айтқанның өзінде, Ер Төстік,  Алпамыс, Қамбар, Қобыланды, Ер Тарғын, Еділ, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қарасай деп ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді. Ерекше айта кетерлік мәселе – қазақтың батырлары түрлі рудың өкілдері болып табылады, сөйте тұра, «У ішсең, руыңмен» деген қағиданы бұзып, қазақ батырлары атамекен ел-жұрты үшін сын сағатта күш біріктіре білген. Сол игі дәстүрді ХХ ғасырдағы екінші дү­ниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлері жалғастырып, неміс фашистеріне қарсы күресте ерен ерліктерімен көзге түскен: 96 қазақ Кеңес Одағының батыры атанып, 30 ұлт өкілдерінің ішінде 6 орынды иеленген. «Батыр аңғал келеді» демекші, бейбіт күнде қазақтан  момын жан жоқ болар. Ақиқаты сол, бірігіп, тізе қосса, батыр қазақтың жеңбейтін жауы жоқ, қазаққа қашанда керегі – ұлттық бірлік.
«Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін қазақ жанының тағы бір сапасы кеңшіл, ағыл-тегіл молшылықты жақсы көреді. «Құласаң, нардан құла» деп, қазіргі қазақтар да қолынан келсе, аянып қалмауда: той жасап, ас бере қалса «Ақ түйенің қарны жарылғандай» ас та, төк қылып, шашылады, үй салса патшаның сарайындай етіп, көліктің де ең үлкенін, ең қымбатын мінуге құлшынады.  Мұндай кезде қайран қазақ ынсап, ысырап, обал, қанағат деген ұғым­дарды ұмытады. Сонымен қатар, арқаны кеңге салып, жайбарақат жүру, кеңістік пен уақытты өзгеше мөлшерлеу (кеңістікке қатысты иек астындағы жер, қозы көш, атшаптырым, таяқ тастам жер десе, уақытқа қатысты сүт пісірім, ет пісірім т.б., яғни, нақтылық жоқ) де қазақтарға тән қасиет. Қанға сіңген әдет болғандықтан, қазақтар әлі күнге дейін жайбарақат: «Асықпаған арбамен қоян алады», «Асыққан шайтанның ісі» деп, уақытпен де, хал-ахуалмен де санаспайтын кездері көп. Ұлы Абай атамыз айтқандай, қазақ қолын кеш сермеп, үнемі кешігіп жүреді. Осынысынан қанша опық жесе де, ешбір қайтпайды, асықпайды-ау шіркін, асықпайды. 
Алтай мен Атыраудың арасын қамтитын қазақ жерінде сан-алуан географиялық белдеулер бар: асқар таулар мен ұсақ шоқылар, құмдар мен тақырлар, орман-тоғайлар, өзендер мен көлдер, ұлан-ғайыр Бетпақ дала мен Сары арқа, Қарт Каспий мен Арал теңіздері жатыр. Мекен еткен жерінің табиғаты қайшылыққа толы болса да, қазақтар ежелден-ақ табиғатпен де, қоғамдық болмыспен де өзара үндестікте өмір сүруге тырысқан. Қазақтардың киіз үйінің ешбір бұрышсыз, дөңгелек формада болуы тегін емес. Геометрия заң­дылығына сай, бұрыш болуы үшін екі түзу сызық қайшыласуы тиіс, яғни, бұрыш қай­шылықты. Ал, дөңгеленген сызық ешбір қайшыласпастан үздіксіз жалғаса береді. Қазақтар өздерінің тұрғын үйлерін адамның көзі жетер көкжиектің дөңгеленген формасына, кең даланың көк аспанына қарай отырып, дөңгелек формада жасаған. Киіз үй дөңгеленген әлемнің шағын моделі іспетті: шаңырақ киіз үйдің төбесінде, дәл ортада орналасып, аспан мен күн сияқты көрінсе, шаңыраққа айнала шаншылған уықтар бейне бір жан-жаққа таралып, шуағын шашқан күннің сәулелері сияқты болып келеді де, дөңгелене құрылған керегемен жағасып кетеді. Қоршаған ортамен үндестікте өмір сүруді қалайтын қазақтың жаны ертеден бейбітшілікке бейім. Қазақ қазақ болғалы көршілес елде­ріне басқыншылық соғыс ашқан емес, басқа ұлттармен жауласып, жанжалдасқан да кезі жоқ. Керісінше, көршілес елдердің басқыншылық соғыстарынан, отарлық езгісінен қазақтар қаншама қайғы-қасірет шекті. Қазіргі Қазақстандағы бейбіт өмір­дің ұйтқысы болып отырған қазақтар екені даусыз, мемлекет құрушы қазақ ұлтының кеңпейілдігі мен сабырлығы еліміздегі бейбітшіліктің кепіліне айналып отыр. 
Қазақ жанына климаттың да тигізген ықпалы зор. Еуразия қоңыржай климатты ендікте орналасқан, мұны басқаша «күрт континенталдық климатты аймақ» деп те атайды. Мұндай климаттың ерекшелігі – ауа-райының құбылмалы болуы, қыстың суықтығы да, жаздың ыстықтығы да қырық-елу градустың ол жақ, бұл жағында, бір шектен екінші шекке шығып кетеді. Сол сияқты, қазақтың жаны да бірде ыстық, бірде суық. Бір нәрсені жақсы көрсек, көзсіз жақсы көреміз, жек көрсек, иттің етінен жек көреміз. Мақтасақ асыра сілтейміз, жамандасақ, жер-жебіріне жетеміз. Мақтансақ, ісіп-кебеміз, ұялсақ, жерге кіріп кете жаздаймыз. Анша-мұншаға үндемейміз, ал, ашулансақ қиын, қопарып-төңкереміз. Орысша үйренсек, орыстан озып, қазақ тілін ұмытып кетеміз. Өткен ғасырда ғана атеизмге ұрынсақ, бүгін міне, діни фанатизм мен экстремизмге душар болып отырмыз. Қазақтың жаны бір шеттен екінші шетке, ұшқарыдан ұшқарылыққа қарай аласұрады да жатады. Буырқанған қазақтың мінезі де құбылмалы, жылқының мінезі іспетті, «Ат ердің қанаты» дейтін қазақтың мінез-құлқы да Қамбар атаның төліне ұқсап кеткендей.  
Табиғаттың қатал мінезіне әбден көндіккен қазақтың жаны көнбіс. «Маңдайға жазғанды көреміз» дейтін фатализм қазақ жанына жақын, тіпті, кейде қазақтың төзімділігі түпсіз, шыдамдылығы шексіз сияқты көрініп кетеді. «Сабыр түбі сары алтын» дейтін мақал құдды бір момақан қазақ жанына арналғандай. Әріден ойласақ, мойынұсыну мен бағынуға қазақ жаны сәбилік жастан бастап үйренетіндей-ақ: бесікке бөленіп, бесік баумен тас-түйін таңылған сәби түйсіктік деңгейде мәжбүрлеу мен бағынудың не екендігін сезінеді. «Алланың заңдарына бағыну, мойынұсыну» деген мағына беретін Ислам дінін ұстанып, мұсылман атанғалы бері, бұрыннан көнбіс, шыдамды қазақ өзін күндегенге жәбір көрсетпейтін, Алла Тағаланың қамқорлығына лайық болу үшін зұлымдық пен қысымшылыққа сабыр сақтап, тәубе ететін, патшасына хидаят-тауфиқ пейіл, қанағат-ынсап тілеп, билікке ләм-мимсіз бағынатын мүмиінге айналды. Қаншама ғасырлық шапқыншылықтар (ойрат-қалмақ, қы­тай, араб, хиуа-қоқан т.б.) мен орыс­тың отарлық езгісіне шыдауы – Ж. Мол­да­ғалиев жырлағандай, «Мың өліп, мың тірілген» қазақ жанының көнбістігін көрсетеді. 
 Қазақтың жанына өз әсерін тигізген ерекшеліктердің бірі – тұрмыс-салт. Қазақ жерінің кең, табиғатының қайшылықты, ауа-райының аумалы төкпелі болуы қазақтардың көшпенді мал шаруашылығын ұстануына ықпал етуші факторлар болды. Сөйтіп, әлемдік тарихта теңдесі жоқ, көшпенді халық мәдениеті туындады. Көшпенділік өмір-салты қазақтың жанына да, тәніне де өз әсерін тигізді: әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, наным-сенімі, ділі, мәдениеті, әдебиеті, халық шаруашылығы, киімі, тамақтануы т.б. жер бетіндегі басқа халықтардан өзгеше. Отырықшы мәдениеттегідей табиғатты өздеріне «бағындыруға» күш салмай-ақ, қазақ халқы жайлау, күздеу, қыстау, көктеу деп, жылдың төрт мезгіліне сай, табиғатқа бейімделе отырып өмір кешуге әбден дағдыланды. Осыдан келіп, қазақ жанының тағы бір қасиеті – бейімделгіштігі келіп шығады. Қазақтар шынымен-ақ, қоршаған ортаға да, қоғамдағы өзгерістерге де тез бейімделе кетеді. Алысқа бармай-ақ, ширек ғасыр бұрын тоталитарлық жүйеде коммунист болғандар, тәуелсіздік алып, демократиялық жүйеге өткелі бері шетінен демократ. Жоспарлы экономикадан нарыққа өтіп едік, сауда-саттықты жаппай меңгердік: осы күні бізде сатыл­майтын ешнәрсе қалмады… Бұрын көрші өзбекті «саудагер сарт» дейтін қазақ бүгінде сол өзбекті он орап кеткен сияқты. Ауыл халқы стихиялы болса да, урбанизацияға тартылып, қалалық мәдениетке бейімделуде. Ғаламдануға да барынша бейімделіп барамыз, бейімделген сайын қазақы жанымыз да бөгделеніп, батыстанып бара жатқандай… 
Көшпенді өмір қалыптастырған салт­­тардың бірі – «Құдайы қонақ болу». Ұлан-байтақ қазақ даласында алыс жолға шыққан жолаушы жолай кездес­кен кез-келген ауылға тоқтап, қалаған үйіне келіп, қонақ болып, қонып, өзі де, астындағы аты да демалып, тамақтанып, есін жинаған соң, қайтадан жолға шығып, сапарын жалғастыратын болған. Асылы, «қонақ» деген сөздің түбірі де «қон», «қону» болса керек. Ойламаған жерден келетін мұндай қонақты қазақтар құдайдың жіберген қонағы болар деген оймен «Құдайы қонақ» деп атаған, «Қырықтың бірі қыдыр» деп, сый-құрмет көрсеткен. Мұндай құдайы қонаққа үй иесі қонақжайлық танытып, түсіністікпен қараған, өйткені, әрбір қазақ күндердің күнінде өзі де алыс жолға шыға қалса, құдайы қонақ боларын білген. Көшпелі өмір аралас-құралас тұрмыс-тіршілікке негізделген, осының барлығы жиналып келгенде қазақ жанының ашық, мейірбан, қонақжай  болуына өзіндік игі ықпалын тигізген. Қазақ жанының қонақжайлығы арқасында тағдыр тауқыметімен жер ауып келген қаншама жат жұрттық қазақтың жомарт қолынан дәм татып, жайлы қонысқа ие болды, қаншама өзге ұлттардың өкілдері елімізге құдайы қонақ болып келіп, тоқтап, тұрақтап, Қазақстан Республикасының азаматтарына айналды. 
Бөтенге қонақжай болғанымен, қазақ жаны кейде мақтау сүйгіш, кейде өздері танып-білетін жандарға қатысты іші тар көрсеқызар: қазақтардың арасында көре алмаушылықтың көп болатыны бәрімізге мәлім. Ресейге бодан болғанда патша билігі Сібір, Орынбор генерал-губернаторларына құпия тапсырма беріп, қазақтардың бір-бірін көре алмаушылығын барынша өз мүдделеріне сай пайдалануды, қаз­ақты өзара шағыстырып, іштен іріту арқылы отарлау қажет деп ақыл айтқан. Р.Нұрғалиевтің  бас редакторлығымен 1995 жылы шыққан «Айқап» Энциклопедиясында ІІ Екатерина патшаның Орынбор генерал-губернаторына жолдаған құпия жарлығында: «1) Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшы­ларын екінші ру басшыларыменен араз етіп, бірі менен бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз; 2) Сұлтандардың бірі менен бірін араз қылып, бірі менен бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз; 3) Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандарымен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уа­қытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз. Осылайша арасына от тұтатып береке-бірлігін алсақ, өзара азып, тозғандығынан қазақ-қырғыз жұрты бөтен патшалық қол астына көшіп кетер­ге дәрмені болмас. Өз-өздері қырық пышақ болып, қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін, күш алар үшін Россия патшалығына жа­қын­дар уа патшалыққа қорғалар. Сол уақытта Россия хүкіметі араларына төре болып, төрелеп, ретіне қарай я анасына, я мынау жағын қуаттап тұру керек. Түрлі амалменен сұлтандарының күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келетін, кететін жері өзіміз болып, тілегенімізше қақпалап жортармыз» деп көрсетілген. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген осы болар. Қазақтың жанын жегідей жеген мұндай жымысқы саясаттың нәтижесі М.Әуезовтың «Абай жолы» романында шебер суреттелген. Негізі, қазақтың жаны бәсекеге құмар, қазақтың ұлттық спортында да бәс тігіп бәйге шаптыру, көкпар тарту, көмбе алу, қыз қуу, күресу, күш сынасу сияқты бәсекелер көп. Сол сияқты, қазақтың күнделікті өмірінде де бәсеке тоқтаусыз жүреді. Бәсекеге шыдай алмаған кейбіреулері қызғаныш пен пасықтыққа ұрынып, І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында баяндалғандай трагедиялық іс-әрекеттерге барған. Көре алмаушылық, қызғаныш қазақ жанының ең жағымсыз қасиеттері. Кеңес Одағы тұсында шала сауатты шолақ белсенділердің қызғанышы мен қара ниет ішітарлардың домалақ арызды қарша боратуынан қазақтың қаншама ардақты азаматы қуғын-сүргін көрді. Бұл 1930-1937 жылдардағы саяси репрессияға қазақтардың көп ұшырауының, бетке ұстар зиялы қауымынан айырылып, аңырап қалуының да бір себебі болды.
Қазақы өмір салты қазақ жанын бейім­­делгіш етіп қана қойған жоқ. Көшпелі мал шаруашылығы қазақ жанын шыдамдылық, ептілік, табиғатты сүю сияқты толып жатқан жақсы сапалармен де, еріншектік, жалқаулық, қызық құмарлық, тойшылдық, мақтаншақтық сияқты әдеттерге де ұрындырды. Өйткені, қазақтардың мал бағуы жыл мезгілдеріне сай, науқандық сипаттағы шаруашылық болатын: негізінен көшіп-қону, көктемде төл алу сақманы, жазғытұрым жүн қырқу мен сауын, күзгі күйек, қыста қыстауға қону, соғым сою сияқты. Ал, төрт түлік мал­ды жайылымға жайып бағумен малшы­лар қауымы айналысып, олардың басты қызметі малды ит-құстан, ұры-қарыдан қорғау мен өрістегі малдың бағыт-бағдарын бақылаудан тұрды. Өзен аңғарларына жақын орналасқан жатақ ауылдар болмаса, қазақтардың дені егіншілікпен айналыса қоймаған. Көшпелі өмір болғандықтан, үй салуға деген қажеттілік аса болмай, құрылыс дамымады. Сондықтан, науқандардың аралығында ауылдағы халықтың басым бөлігінің қолы ұзарып, той тойлауға, көңіл көтеруге кең мүмкіндіктер туындаған. Бұл дүниеде тойлайтын тойлары ең көп халық қазақтар болса керек: шілдехана, бесік той, тұсау кесу, сүндет той, сырға салу, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, беташар, үйлену тойы, мерейтой, қоныс тойы, наурыз мейрамы, қыз қуу, көкпар, бәйге т.с.с. жалғасып кете береді. Бейне бір, шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, қазақтың өмірі той тойлаумен өтетіндей көрінеді. Тойлауды жаны сүйетін қазақтың даңғазалығы, ауыр еңбектің бейнетінен қашатын жалқаулығы осыдан келіп шығады. Әлі күнге дейін солай, ауылдарда жаппай жұмыссыздық болса да, той тойлаудан қазақ алдына жан салар емес. Зауыт-фабрика ашпаймыз, оның есесіне тойхана, мейрамхана, ойын-сауық орталықтары көбейген үстіне көбейіп барады. Той жасау тұтас индустрияға айналды: сый-сияпаты мен киіс-киіті, дастархан мәзірінен бастап, тойханасы, аспазы, күтушісі, лимузині, әртісі, әнші-бишісі, асабасы бар… қайсы бірін айтасыз, қысқасы не керек, қазақы той бизнес қызып тұр. Жаңа қазақтар той жасаудан өзара жарысып, сән-салтанатпен бәсекелесетін болды. Қазақ жаны мақтанғанды, мақтағанды ұнатады. Бұл туралы Абай жиырма бірінші Қара сөзінде: «мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес» дейді. Ал, енді, тойшыл қазақтың ерін­шектігін қараңыз. Елімізде мыңдаған қазақтар жұмыссыз жүрсе де, «гастарбайтер» аталатын өзбек, қырғыз, тәжік ағайындар Қазақстанға келіп, құрылысшы болсын, егінші не малшы болсын, таңдап-талғамастан, түрлі жұмыстарға жалданып, нәпақаларын тауып жүр. Сонда қалай, гастарбайтер істеген жұмысты қазақ істей алмай ма? Істей алады, бірақ ерінеді, себебі, қазақ аз бейнетпен көп пай­да табатын «мықты» жұмыс іздейді. Қаз­екемнің көбі жандарын қинап, бастарын ауыртқысы келмейді. Қазақтың жаны кейде бір осындай аянкес.
Қазақ ежелден ру-тайпалық өмір кешкендіктен, қазақ жаны ұжымдасып өмір сүруге бейімделген. Жеке жүріп, дарабоз болу қалың қазақтың ішіндегі жүрегінің түгі бар, батыр тұлғаларына ғана тән, ал, жалпы, қараша қазақтың жаны жалтақ. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп, топ жарып шығуы қиын. «Жаңғыздың даусы шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, ішінара бас көтеріп, елім деп еңіреген, жұртым деп шырылдаған қазақтың нар қасқаларына халықтың қолдауы жетіспей, опық жеп, опат болғаны қаншама. Біз тарихтан сабақ ала білуіміз қажет, тарихты тұлғалар жасайтыны, бір ғалымның ашқан жаңалығы барша адамзаттың тағдырын өзгертетінін ұмытпайық. Жеке адамды, оның ішінде, талантты, нағыз интеллектуалдарды дамытуға жағдай жасауымыз қажет. Интеллектуалды ұлт болуымыз үшін интеллектуал жеке адамдарымыз көп болуы шарт. Алайда, «У ішсең руыңмен іш» дейтін қазақ ұжымдасып өмір сүруді қалайды, өйткені, не болса да, ым-жымдары ішінде. Сондықтан болар, сыбайлас жемқорлыққа қазақтар белшесінен батып, кейбір билеуші элита өкілдері «команда», «клан», жершілдік, рушылдық сияқты ұжымдасудың жағымсыз түрлерін қанға сіңген әдеттей тез арада игеріп алды. Мемлекеттік деңгейде де ұжымдасуға барынша күш салып жатырмыз. Кеңестік дәуірде ұжымдасып өмір сүріп едік, КСРО ыдырағалы бері де ұжымдық қауіпсіздік пен экономикалық ықпалдасудың (ТМД, ҰҚШҰ, Шанхай ұйымы, СВМДА, ЕурАзЭҚ, Кеден Одағы т.б.) бастамашысы Қазақ елі. Еуразиялық одақ құру идеясын ұсынушы да біздің Елбасымыз. 2015 жылдың басынан бастап Елбасы идеясы шынайылыққа айналып, Еуразиялық экономикалық одақ нақты құрылып, өз жұмысын бастамақ. Осылайша, тәуелсіз Қазақ елі Ресей, Беларусь, Армениямен ұжымдасып, болашаққа бірге қадам жасамақшы. Бұған қоса, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмек ойымыз тағы бар. Тоқ етерін айтсақ, рулық-тайпалық өмір сүруден бері ұжымдық өмір сүруді қазақтың жаны ұнатады.
Қазақ елінің батыс пен шығыс өр­кениеттерінің арасында орын тебуі қазақ жанын әрі-сәрі күйге түсіріп, оның бойына еліктегіштік, ксенофилия, толеранттылық сияқты қасиеттерді дарытты. Қазақ даласын Ұлы Жібек жолының басып өтуі Қытай мен Еуропа арасындағы сауда керуендерімен бірге жүрген түрлі діннің, мәдениеттің, ұлттың өкілдерінің қазақтармен қарым-қатынас жасауына игі ықпал етті. Қазақ жерінде бұдан бөлек араб шапқыншылығы, Ислам дінінің таралуы, Шыңғысханның жорықтары, жоңғар соғыстары, Ресейдің боданына айналу, кеңестік кезеңдегі индустрияландыру, тың игеру сияқты түрлі тарихи-саяси процестер сапырылыса жүріп, шартараптан жиналған түрлі мәдениеттер тайқазандағы еттің сорпасындай бүлкілдеп қайнап, қойыртпаққа айналды. Осылайша, қазақ жаны шығыс пен батыстың өзара үнқатысуындағы (диалог) рухани дәнекердің рөлін ойнады. Мұндай жағдайда басқаға еліктеудің орын алуы заңдылық. Қазақ жаны елік­теудің арқасында өзге мәдениеттерден жақсыны да, жаманды да бойына сіңіріп, гибридті (аралас) күйге түсті. Таңқаларлық түгі жоқ, қазақтың  жаны да, тілі мен мәдениеті де, діні мен ділі де гибридті. Қазақ жанының еліктегіш болуы ксенофилияға (ксено – бөгде, филия – сүю) ұласып, қолында бардың қадірін білмей, бөтендікіне қызығуды, өзінікіне қарағанда өзгенікін артық көрушілікті туындатты. Кейбір қазақтар нағыз ксенофилге айналып, ана тілінен гөрі шет тілін ардақтайтын, төл мәдениетіне қарағанда бөтеннің мәденитетін дәріптейтін, бейтаныс дінді ұстанатын рухани дертке шалдықты. Гибридті жан толерантты келеді (түсіністікпен төзе білу, яғни, адамгершілік тұрғыда ұлты, тілі, діні, ділі басқаларға түсіністікпен қарау). Қайғы-қасіретті, азап бейнетті, отарлық езгіні көп көрген қазақ жаны басқа ұлттардың басына түскен ауырпалықты бөлісуге, олардың ұлттық ерекшеліктерін сақтауына көмектесуге  қашанда даяр. Қай ел Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты арнайы саяси институт құрып, диаспоралардың өкілетті билігіне ашық жол беріп отыр? Мұның бәрі қазақ жаны мен мемлекеттік билігінің толеранттылығы арқасында іске асты. Толерантты қазақ басқаларға «Мынауың қалай?» – деп, шекеден қарауды білмейді. Тіптен, ел мен жердің қожайыны өзі бола тұра, кейбір бөгде пысықайлардың есіктен кіріп, төр менікі дейтін есірген құқайына да, ың-шыңсыз, жылыстап еніп алып, іштен шалатындарға да төзгіш қазақ үндемейді. «Жаман үйді қонағы билейді» дейтін көне мақалы бола тұра, көңілшек қазақ жаны кейде толеранттылық пен намыссыз ынжықтықты айыра алмай жатады. 
Қазақ жаны туралы мәселе бір мақалаға сиярлық дүние емес. Бұл кешенді зерттеуді қажет етеді, сондықтан, мақаланы қорытындылау да қиын. Сөз соңында қазақ жанының тағы бір ерекшелігіне тоқталсақ. Еуропа мен Азияның, батыс пен шығыс өркениеттерінің арасында өмір сүруді Құдай маңдайына жазған қазақтың жаны сан ғасырлар бойы өзін-өзі қалай айқындарын білмей (идентификациялау), іздеумен, адасумен келеді. Бабамыз Қорқыт ата да өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздеп, дүниенің төрт бұрышын кезсе де «Қорқыттың көрінен» құтыла алмаған. Асан Қайғы бабамыз да желмаясына мініп алып құтты мекен боларлық «Жерұйықты» іздеген. Бабаларымыз туралы аңыздардан да қазақ жанының ерекшелігін байқауымызға болады. Қарапайым тілде бейнелеп айтсақ, қазақ бірнәрсесін жоғалтып алып, жоқ іздеп жүрген адам іспетті. Қазақ жаны ежелден романтик, қиялдағыны іздегіш. Арман қуып, от пен суға түсуге даяр. Қазақ жаны сайын далада жортқан, сәттілікке сеніп, азық іздеген бөрі қасқырға ұқсайды. Қазақ «қасқырдай» десе мақтанады, «итсің» десе ренжіп, намыстанады, өздерін көк түркіміз, көк бөрінің ұрпағымыз деп санайды.  Қазақ «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп, ғайыпқа сеніп, жолға шығады. «Ер үйде туады, түзде өледі» дейтін қазақ  іздеумен, жоғалтумен, адасумен келеді. Өркениеттің көшіне, саясаттың ағынына ілесеміз деп, өз жолынан адасып, ұлттық ерекшеліктерін жоғалта жаздаған кездері көп. Ресейге бодан боламыз деп, одан кейін коммунизм құрамыз деп жүріп, қалай орыстанғанын, мәңкүрттеніп үш ғасыр адасқанын аңқау қазақ жаны байқамай да қалды. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ есін жинап, жоғалтқанын тауып, өшкені жануда. Мұдайда қазақ «Адасқанның несі айып, қайта үйірін тапқан соң», «Ат адасса, қазығын табар» деп ақтала салады. Қазір де қазақ жаны ізденіс үстінде. Қазақтың жаны  да, елі де ерекше – не еуропалық емес, не азиялық емес, таза батыстық емес, болмаса таза шығыс өркениетіне де жатпайды.  Қайсысын таңдаймыз, қандай даму жолымен жүрсек адаспаймыз деген сұрақ өзекті болып тұр. Нақты идеологиямыз да жоқ, Ата заңымыздың 5-бабында «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады» деп жазылған. Сыртқы саясатымыз да көп векторлы, бір мезгілде бірнеше одаққа мүшеміз. Аяғы не болар екен деп, қарапайым қазақ жаны аңырып, аңысын аңдып отыр. «Қалай болғанда да, қазақ жаны өзінің бет-бейнесін, табиғи болмысын, ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, өзіндік даму жолын табуы тиіс» – дейтін ең соңғы сөйлемнен кейін – «Диалектика заңы бойынша, қазақ та өзінің жанын заманға сай жетілдіруі қажет: жан-тәніне сіңген жағымсыз кемшіліктерден арылып, өзгелердің жылтырағанына еліктей бермей, әлемдік рухани кеңістіктен барлық жақсы құндылықтарды өзінің жан-дүниесіне сәйкестендіріп, бейімдеу арқылы байыппен байытуға талпынуы керек».

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Қазақтың жан тәні мен пейілі кең, нарық психологиясын меңгергені байқалады, орта жастағы бауырларымызда құлдық ой-сана басымырақ арамызда бір орыс отырса бәрі орыша сөйлейді.Осыдан кейін ол қалай қазақша үйренеді қажеттілік болмаса. Жастарымыздың жанын ой-санасын батыстық мәдениет жаулап алды, ұлттық дәстүрді сйпатайтын ақпараттар аз, газет, психологиялық журналдар көбірек шығару қажет. Мақалада өзекті мәселелер көтерген, жалғасын күтеміз.

  2. Мақала авторы қазақтың тарихын, ежелден бүгінге дейінгі тұрмыс тіршілігін қазақи жан-дүниесімен түсіндіру арқылы бүгінгі ұрпаққа терең ой саларлық құнды пікірін сомдаған. Ия, қазақтың жаны – тілінде, мәдениетінде, тарихында, өжеттікке толы қайсар мінезінде, расында тізе берсек, ұзақ әңгіме. Осындай аумалы-төкпелі заманда жас ұрпақтың батысқа еліктеп, төл мәдениеті мен тілін бұрмаламайтындығына кім кепіл. Сондықтан, Қазақ елінің іргетасын қалайтын жастардың бойында қазақилық болмысты қалыптастыруымыз керек. Бұл орайда, ұлттық тәрбиенің рөлі басым болмақ. Ұлттық намысыңды, рухыңды көтерер пікірлеріңізді тағы да ортаға саларсыз деген ойдамын.

  3. көктем мезгіліне қатысты қазақ ырымдарын қкайдан алуға болады

Пікірлерге тыйым салынады.