ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДА ИСЛАМНЫҢ ОРНЫ ҚАНДАЙ?

  • 11.11.2014
  • 990 рет оқылды
  • 1

Бахтияр Алпысбаев, 
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты «Дінтану» орталығының қызметкері

Қазақ жастарына дұрыс рухани тәрбие беруіне, олардың бағытты дұрыс таңдауына, сондай-ақ, діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік құндылықтарын меңгеруіне және оларға өзге діни ағымдардың зиян­дылығын түсіндіру жұмыстарына байланысты қоғам болып атсалысуымыз керек. Өйткені, жастар еліміздің болашақ тірегі. 


Қазіргі таңда Елбасының діни саясатын жүзеге асыру, жастар арасында дәстүрлі діни танымды қалыптастыру, қазақ жеріне ислам дінінің келуі және оның қалыптасу ерекшеліктерін түсіндіру жұмыстарын жаңғыртуымыз керек. Ислам дінінің қазақ жеріне келіп орналасуы да өзі тарихи кезең­дерден тұрады:
– 751 жылы Талас шайқасы деп аталатын арабтар түріктермен қарақытайлар әскерін талқандауы;
– 999-1212 жылдары Қараханидтер хандығы 200 жылдай қазақ жеріндегі Ислам мемлекетінің болуы.
– 1312 жылы Алтын Орданың Исламды қабылдауы: 1.Исламды қабылдаған алғашқы Алтын Орда ханы – Берке (1257-1266). Ол Бату ханның інісі еді. Жаңа хан жас кезінен мұсылмандықты қабылдады. Берке хан болған кезде Исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады. Әйтсе де, ұлы даланың көшпенді халқы мұсылмандыққа тек Өзбек хан (1312-1342) тұсында толықтай өтті. 2. Өзбек хан мен оның ұлы әз Жәнібек ханның (1342-1357) тұсы Алтын Орданың көркейіп, гүлденуінің ең жоғарғы сатысы болып саналады. Өзбек хан Исламды екінші рет Алтын Орда империясының мемлекеттік діні деп жариялады. Ол өз патшалығының аумағында мешіттер мен медреселерді көптеп салдырды. 
– 1460 жылдары құрылған Қазақ хандығы өзінің 400 жылдық тарихында қазақ халқының бойына мұсылман дінін берік орнатты. Демек, ата-баба­ларымыздың жүріп өткен жолы исламмен байланысын ешқашан да үзген емес, тіпті Ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестету де мүмкін емес. 
Қазіргі уақытта еліміздегі дін мәсе­лесінің күн тәртібінде тұруына бір ғана себеп бар. Ол сенім мен танымға байланысты. Сенім Исламда бір, ол барлық әлемдегі мұсылмандарға ортақ. Яғни, Алла бір, Құран шын, пайғамбар хаһ. Ал, танымға келсек әрбір мұсылман адам болсын, халық болсын өзінің ұлттық дүниетанымдық көзқарастарымен таниды. Біздің ата-бабаларымыз да осы әдістерді қолданған. Осы дәстүрлі діни таным дегенде – бұл қазақ халқының ғасырлар бойы өзінің болмысына сай қалыптастырған рухани құндылық. Оның өзегінде Ислам діні жатыр. Өйт­кені, дін халықтың мәдени, рухани болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнары көзі. Жалпы, дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни тәжірибе. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенім де Матуриди ақидасына және діни тәжірибеде Яссауи хәл ілімінің қабат­тарына негізделген. Оның негізін біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабат­та­ры­мыздан, әдет ғұрпымыздан, салт дәс­түрімізден көруге болады. 
Яссауидің хәл ілімі дегеніміз – адам туралы ілім, адамның ар-ожданы, жеке тұлғаның өз жандүниесіне үңіліп, өз бойы­­ның мінін түзететін ар ілімін қалып­тас­тыруымен ерекшеленді. Сондай-ақ, адам­­ның кемел­дікке жетуі теориялық (ша­риғат) және практикалық (тариқат) таныммен өлшеніп қана қоймай, оны басынан өткеріп, өзі­нің хәлі арқылы рухында сезініп, ол үшін адамның Жаратушыға махаббат ар­қылы жетуіге міндетті. Қоғамдағы мо­ральдық-этикалық нормалардың бұ­­­зы­­­­луы – Иманның әлсіздігі мен нәп­сі­­нің үстемдігінің көрінісі, ал, оны қал­­пына келтірудің негізгі жолы – махаб­бат. «Ғашықсыздардың иманы да, жаны да жоқ, олар – хайуан», – деген Яс­сауи адамды тікелей рухани құн­дылық­тарымен тәрбиелеу арқылы иман нұрымен ақиқатқа жетелеу керек­тігін уағыздайды. Өкінішке орай, қазіргі таңда Ислам дінін құндылықтарын насихаттауда көптеген методологиялық қайшы­лықтар болғандықтан көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда. Әсіресе, жастар арасында дәстүрлі діни танымынан ауыт­қып, дінді дәстүрден алшақтап, өз тарихы мен мәдениетін терістеу «бидғат», «ширк» деген сөздерді жиі естиміз. Діни танымды анықтайтындар әрине – жас­тар. Жастар дінге бет бұрып жатса, онда мемлекет тарапынан кері ағымдардың жетегіне кетпеуінің алдын-алып, дұрыс және тиісті бағыт-бағдар беру керек. Бұл тек жастар емес, тұтас ұлттың проблемасы деп қараған жөн.
Шәкәрім атамыздың сөзімен айтқанда: «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» кейпінде қалмауымыз керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзіңде: «Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Яссауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді» – дей келе, халықтың мәдениеті қай бағытта дамитынын айқындайтын – осы діни таным мен діни тәжірибесі. Егерде, кез-келген халық өзінің дәстүрлі діни таным мен діни тәжірибе негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мә­дени болмысынан ажырайды. Дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамып, дәстүр байиды. 
Түрік ғалымы, профессор Исмайыл Жақұттың: «Қожа Ахмет Яссауи бол­маған­да, бүгінгі түркілердің нендей дінге ие болып, қандай сопылық жолдың ізбасары болатындығын елестетудің өзі қиын», – деп жазғанындай, сопылық ілімінің арқасында түркілер бір тариқаттың жолына негізделді.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі шешендік сөздері, діни-дас­тандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құнды­лықтарымен негізделуіне куә боламыз. Қазақ даласында қиссашылдық дәстүр тамыр жайып, Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақтардың интеллектуалдық танымына қатты ықпал етіп келді. Ғалым Алма Қыраубаева қиссаларға «Қазақ ренессансының қайнары» деген баға берген. Мәселен, Алтын Орда кезеңінде араб, парсы мәдениетінің тасқыны түркінің төл дәстүрін, менталитетін айтарлықтай әлсіретті. Бұл кезде түркі тілі шеттетіліп, «поэзия тек парсы тілінде жазылады», «ғылым тек араб тілінде орындалады» деген пікір қалыптасты. Сол дәуірде ең алғаш Әли есімді ақын «Жүсіп-Зылиха» қиссасын түркі тілінде жырлайды. Оған басқа шайырлар үн қосып, пайғамбарлар қиссасын ана тілінде жырлауды дәстүрге айналдырды. Содан бастап, жойылуға шақ қалған түркі тілі жанданып, көркем сөз жанры қайта өрлейді. Жалпы, қиссалар – адамды дін догмасына ұрынудан сақтайтын бірден-бір рухани иммунитет. 
Түрік халықтары рухани мәдениетінің қалыптасу, даму тарихының көрнекті тұл­ғалары Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құт­ты білік», Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман кітабы», Ахмет Йугнекидің «Ақиқат сыйы», Бурхануддин Рабғұзидың «Қиссасул әнбия», Сейф Сарайдың «Гулистан бит-түрки» сияқты Қарахандықтар билігі мен Алтын Орда тұсында дүниеге келген жәдігерлердің шығармалары соның жарқын дәлелі. Бұл шығармалары қазақ поэзиясының исламдық-эстетикалық негіз­дері болып саналады. Ислам тарихына байланысты жырланған жыр-дастандар ұлттық әдебиетіміздің нағыз халық табиғатын танытатын маңызды шығармалар болып табылады. Сондай-ақ, ғалымдардың пікірлеріне назар аударсақ:
Б.Әзібаеваның пікірі бойынша «Бірін­шісі, Ислам дінін таратушылардың іс жүзіндегі (мешіт, медресе) үгіт-насихат жүргізуі арқылы жүзеге асса, екіншісі – ақынжанды дала тұрғындарының жан-жүрегіне тасқа басылған жыр сөздермен (діни дастандар) әсер ету арқылы орын­далған тәрізді», сенім екі жол арқылы халықтың көкейіне қонып отырды. Әсіресе, соңғы «жол» қазақтың Иманының күшеюіне қатты әсер етті. Себебі, бұл аталмыш діни дас­тандар, қисса, жыраулық дәстүрі қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге сырттан  келген діни миссионерлерге, рухани экспанцияға да қарсы тосқын бола білді. Алайда, Кеңес үкіметі кезеңіндегі қазақ зиялылардың діни-рухани мәндегі туындылары жарық көрмей және рухани мұраларын жою, құрту қатігездікпен іске асырылған. Дегенменде, қазақ дүниетанымындағы Исламды түп тамырын жоя алмады, сол үшін ұлттық дүниетанымды сақтап қалу үшін қайта жаң­дандыру қажет. 
Сан ғасырлар бойы халық көкірегінде жатталып, біздің дәуірімізге дейін жетіп қазақ топырағында қалыптасқан жыраулық дәстүрдің үлкен екі мектебі болған. Олар ХV ғ. бастап, ХХ ғ. дейін Маңғыстау өңі­ріңде «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» (Абыл Тілеуұлы, Қалнияз Шопықұлы, Нұрым Шыршығұлұлы,  т.б.) және Сыр бойындағы «Сыр сүлей­лері» (Асан, Бұхар, Қарасақал Ерімбет, Шал ақын, Шалкиіз, Мәшһүр Жүсіп, Кердері Әбубәкір т.б.) қазақ халқының мұсылмандық дүниетанымын таратқан тұлғалары. Дәстүрлі діннің не­гізгі қағидаларын ашып көрсететін Құ­ран аяттары мен Хз. Пайғамбардың хадис құпияларынан сыр шертетін, әрі таным­дық тұрғыда жазылған еңбектер де жеткілікті. Халқымыздың рухани мұрасы дастандар мен жырлар діни құндылықтардың далалық философия мен ұлттық тәрбиенің негізіне айналып, ұлт мүддесіне қызмет етті. Хз. Пайғамбардың (с.а.с.)  «Дін – насихат» деген қағидасын еске алсақ, онда қазақ ақындары бұл өсиетті өз деңгейінде орындаған. Сонымен, Ислам діні негізінде пайда болған сопылық VІІІ ғасырда өмірге келе отырып, қазірге дейін қазақ поэзиясына өзіндік әсерін тигізіп келеді. Сыр бойындағы ақын-жырауларының сопылық поэзиясына әсері болған. Сондықтан, олардың жыр-дастандарында сопылық сарындар көрініс беріп отырған. Сопылық поэзияны айта кету – біздің қазақ әдебиеттану ғылымы үшін де мәні бар. Себебі, ортағасырдағы әдебиеттің үлкен бағыты – сопылық поэзия болып есептеледі. 
Қазақ даласында пайда болған сопы­лық әдебиет дегеніміз – адамзаттың дүниетанымын тәрбиелеу, Аллаға деген ға­шықтық және ішкі-сезімді жырлау. Мұнда шартты түрде берілетін сопы­лық тіркестер мен символдар (нәпіс, зікір, шариғат, тариқат, ақиқат, ма­ғри­фат, мағшұқ, пірмұған, сұхбат, фә­нә­филла және т.б.) кездескенімен де, тер­миндер ұшыраспайды, әрі, сопылық жолға үгіттемейді. Осы негізгі тіркестер мен символдық атаулардың шығарма ішінде көрініс беруі – сопылық әдебиеттің алғышарты деуге болады. Сондай-ақ, шы­ғар­ма мазмұны жағынан айтылар негізгі ой астарланып, тұспалданып беріледі. Оны аллегория, метафора, теңеу сияқты әдеби терминдермен байланыстыруға негіз бар. Кез келген ақындардың ойлары барынша жұмбақтала түседі. Мысалы, Шәкәрім қажының түсінігінде, Хақты көру үшін пенде зікірге мас болып, жүректі тазалау керек:
Көрем десең Жарымды, мас бол,                    жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды, Қарсы 
              ұмтыл қазаға. 
Шәкәрім қажы бұл өлеңінде Жаратушыны – Жар деп алған. Ал, Яссауи оны көбінесе, Хақ атауымен берген.
Хақ жамалин курай десаң 
            фана болғыл,
Фана болып, хақ жамалан 
            курдим ман-а. 
Сондай-ақ, Әбубәкір Кердерінің төмен­дегі өлең жолдарынан байқай аламыз:
Сопылық деген ауыр жол,
Пендеге зарар етпеген,
Ұстап жүрсең тәуір жол
Сопылықты іздесең
Дүние қуып кетпеген…
Оқыған көп ғалым бол.
Аллаға ғашық дос болған,
Атқан оққа төзгендей,
Шайтанменен қас болған,
Қара тастан қалың бол, – деген екен. Осыған ұқсас өлең тармақтары бірнеше ақын-жырау шығармаларында кездеседі.  Әрине, жырауларының барлығы бірдей сопылық жолда болған, пірге қол беріп, зікір салған деп айта алмаймыз. Бірақта, олардың жыр-дастандарында сопылық сарындар көрінісі байқалады. Қасиетті Құранның «Ниса» сүресі 103-аятында «На­маз­дарыңды өтегеннен кейін Алланы тұрып та, отырып та, жантайып та еске алындар (зікір етіндер)» осындай аяттарға байланысты ақын-жырау Ақтан Керейұлы:
Шариғат шамын жандырған,
Кәләмға көңіл қандырған.
Жамағат жиған алқалап,
Салауат айтқан Аллалап.
Зікірмен зарлап түн қатып,
Нәпсісін шапқан балталап.
Шайтанды сеспен қашырған,
Көкірек көзі ашылған, – деп қазақ халқының діни танымы сопылық арқылы қалыптасқандығы белгілі. Демек, сопылық танымды жоққа шығару деген сөз, бүкіл қазақ халқының дүниетанымын, тарихын, мәдениетін және діни тәжірибесін жоққа шығарумен тең болады. «Сыр сүлейлері» деп аталатын сыр бойы ақын-жырауларының бірі болған Қарасақал Ерімбеттің:
Әуелі сұра, тілім медет Хақтан,
Талайлар медет тілеп жәрдем                     тапқан.
Сен кімге Хақтан өзге сиынасың,
Халық еткен бұл әлемді бар мен  жоқ­тан – деп жырлаған. Қазақ поэзиясында шығыстық сарындағы ақын жыраулардың ішінде Сыр өңірі жырауларының алатын орнына көптеген зерттеушілерде жоғары баға берген. Мәселен, А. Байтұрсынұлы пікірі бойынша: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарт­тарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»; М.Әуезовтың: «Ол замандағы сұлу-сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен құдай жолына істеген мінәжат сияқты жүрек қанын ағызған өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық болатын. Жақын күн­шығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули, Қожа Хафиз, Мағари, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр», «Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса он­дайды ел тыңдамаған да ұқпаған, ықы­лас қоймайтын болған. Сондықтан мұсыл­маншылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген»; Өзбек ғалымы Х.Кароматовтың: «Ислам дінін қабылдаған халықтардың тарихы өзгергенімен де, Құранның мәтіні өзгермеген. Құран тексі мезгіл және мекенмен үндес жүріп, әр халық дамуының белгілі бір кезеңдерінде одан үнемді пайдаланып отырған әрі құрани дүниелерді әдеби шығармаларға алып келген. Сондай, ұлттық әдебиеттің Құран мәтінімен синтезі нәтижесінде көркем және діни-дидактикалық шығармалар жаратылған», – деп жазғанында қазақ даласында пайда болған діни қисса-дастан­дарды меңзеген.
Қазақ әдебиеті тарихының X-XІ ғасырлар­дағы кезеңі «Ислам дәуіріндегі әдебиет» деп аталынады. Бұл кезеңдегі қазақ әдебиеті та­ри­хын құрайтын ақындардың мұралары түрік халықтарына ортақ болғанымен, біздің төл әдебиетіміздің кейінгі дамуына жалғасқан исламдық дүниетанымның негіздері сол кезеңде қалыптасты. Ислами әдебиетті жүйелеуде ғалымдар төртке бөліп қарастырған: дәстүрлі ислами әдебиет, ислами астар алған әдебиет, сопылық әдебиет және сопылық астар алған әдебиет. Мәселен, Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с) «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Ал, тілі түзелмейінше, жүре­гі түзелмейді» өсиеттеріне сай, қазақ зиялылардың бойыңдағы мұсылманшылық парыздарын тілімен де, жүрегімен де насихаттағанын байқауға қиын емес. Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі Иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Әбубәкір Кердері: 
«Мұсылманшылық кімде жоқ
Тілде барда, ділде жоқ» – деп, ар тазалығына негізделген Имани іліміне адал болған. Демек, адамның ішкі жан-дүниесі сыртқы дүниенің негізі және сыртқы дененің әрекетінің қозғаушы күші болып табылады. Жаратушының негізгі талаптары – білім үйреніп, өмірдің рухани және материалдық заңдылықтарын игеру, соның негізінде өзіңді жетілдіре отырып, ақиқатты танып білу. Абай атамыздың айтқанындай: «Жүректiң көзi ашылса, Хақтықтың түсер сәулесi. Iштегi кiрдi қашырса, адамның хикмет кеудесi», – дегендей осы­ның бәрін орындауда білімділікті, сабырлықты, еңбексүйгіштікті қамтамасыз етіп және қоғамға қызмет етуді талап етеді.  
Қоғамдағы жат ағымдардың идеологиясына қарсы «Уды у қайтарады» дегендей, алдын алу жұмыстарының ең белсенді, әрі ықпалдысы – дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту керек. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүрек­тегі Иманды қасиет тұтқан ұлт­тық рухани құндылықтарымызға ора­лу, оларды кеңінен насихаттау ар­қылы жат ағымдардың идеологиясына тос­қауыл қоюға болады. Қазіргі таңда жастарымыздың жадында дәстүрлі діни сана мен ұлттық идеологияның қалып­тасуына, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-тендікті жаңғыртуына байланысты күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Бахтияр Алпысбаев деп тур…автор, суретте Султанов Бакыт…??

Пікірлерге тыйым салынады.