ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ТАБИҒАТЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ЖАҒЫМСЫЗ ДАҒДЫЛАРДЫҢ ОРНЫ

  • 19.04.2012
  • 460 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әсел Сәрсенова,
Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы

Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкелетін өндіргіш күш және нәзік жан. Ол адамды адам етіп тәрбиелеп, өзінің тілінде, яғни ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан да ертеңгі ана, бүгінгі бойжеткен қыздарымызды тәрбиелеу ананың мойнына жүктелген міндет. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю» деген мақалға қан­шама философиялық ой сыйғызған.
Қазақ халқы өзі ырымшыл халық. Оған мысал қыздарды сандықтың үстіне отырғызбаған немесе ұзатылып жатқан қыз өзінің сәукелесін өзінен кейінгі сіңілісіне қалдырып кеткен, ол келесі келер сенің кезегің деген мағына бе­реді. Байырғы кезде қазақтың қыздары үйлерінен оңды-солды шыға бермей, өз атына кір келтірмеген. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр.
Ал, қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио, теледидар, газет, журналдар, кинолар, түнгі клубтар және т.б. орындар кері әсер етіп, кері тәрбие беруде. Ата-аналары күні бойы қызметте болғандықтан, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыты күннен-күнге азайып бара жатқан сыңайлы. Сондықтан қыздарымыз өзі­мен-өзі қалып бара жатыр.
Қыз баланың тәрбиесі ата-анасына үлкен сын еді. Ас әзірлеу, құрақ құрау, жіп иіру және тағы басқа өнерді қыздарына біреудің босағасын аттамас бұрын үйреткен. Осылайша еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық тұрғыдан да үлкен өмірге дайындаған.
Қазақ қыздары ғасырлар бойы жоғарыда атап өткен отбасылық тәрбиемен өсті. Ал, қазіргі «батысқа еліктеушілік» заманда осы тәрбиенің мәні мен маңызы төмендеп барады. Тәрбиені ата-анасына емес, теледидар, компьютерден алып келе жатқан жастар көбейіп келеді. Қай ұлт өкілдерінің тәрбиесін алып қарайтын болсақ, барлық ата-ана өз баласының жақсы адам, дұрыс азамзат болып өсуін қалайды. Өкі­нішке орай Қазақстанда қыз балалардың тәрбиелік жағдайы күн санап қиындап барады. Жас қыздар ешбір қымсынбастан темекі тартып тұра беретін болды. Ал олар болашақта ана болатын нәзік жаратылыстың иелері емес пе? Ертеңгі күні дүниеге нәресте әкелуі керек. Шылымның зияны шегіп тұрған адамның тек өзіне ғана емес, манайындағыларға да үлкен әсер ететінін ғалымдар баяғыдан-ақ дәлелдеп берген. Себебі, шылымқорлар құрамында никотин, көміртек тотығы, пиридин, сірке, құмырсқа, май және көгертетін қышқылы және т.б. бар темекінің түтінін жұтады. Темекінің құрамындағы ең зиянды зат және үнемі темекі шегетін адам үшін аса қауіпті болып никотин табылады. Оның атауы Францияның королевасы Екатерина Медичиге (ХVІ ғ.) темекіні сыйға тартқан Португалия елшісі Ю. Никоның тегінен шыққан. Темекі шеккен кезде никотин жоғарғы тыныс алу жолдары мен өкпеге еніп, сонымен бірге сілекеймен асқазанға барады. Темекі шеккен қыз балалар, яғни, темекіден бас тартпайтын адамдарда никотин ішкі мүшелерге ену салдарынан көмей және жұтқыншақтың созылмалы аурулары, бронхит, өкпе туберкулезі, өкпе қатерлі ісігі, ауыз қуысы мен еріннің қа­терлі ісігі пайда болады. Темекіні тастай алмайтын адамдарда темекі түтінін жұтқан кезде тістің эмалі зақымданып, осының салдарынан тіс жегісі, ауыз уылуы, гингивит пайда болуы мүмкін. Яғни темекі шегетін адам өз ғұмырына өзі балта шабады.
Сонымен бірге, ерекше назарды алкогольді тұтынуға аударсақ, соңғы жылдары қазақтың қыздары бір қолдарында – сыра, бір қолында шылым. Онысын өзінше үлкен жетістікке жеттім деп мақтаныш көреді. Спирт өнімдерін үнемі пайдалану өзін-өзі тежей алмайтын әдетке айналып бара жатқанын өздері де байқамай қалады. Себебі, алкоголизм – бұл тек ерік күшін көрсете отырып, одан құтылуға болатын жаман әдет деген кең тараған пікір бар. Шын мәнінде, бұл науқасты қалай психологиялық, солай тәнін де зақымдандыратын қорқынышты, ілгері дамушы ауру. Осындай індеттермен мемлекет тарапынан да көмектер көрсетілуде.
Маскүнемдіктің кең таралуы респуб­ли­каның ұлттық қауіпсіздігі және қазақ қыз­дары үшін қауіп-қатер болып табылады. Олар саяси-құқықтық, рухани-адамгершілік, Қазақстан азаматтарының аман-есендік пен денсаулығының, өмірлерінің әлеуметтік қорғалуы сияқты, сонымен қатар қазақстандық қоғамның құндылықтарына залал келтіретін қауіп-қатер мен қауіптіліктен қорғалуымен анықталатын қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Бүкіл қоғам болып күресуді қажет ететін маңызды мәселенің бірі маскүнемдік болып табылады.
Қазақстан Республикасының Парламентінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі қабылданды. Заң жобасын қайта қарастыру жөніндегі қорытындысы бойынша Парламентте 400-ден аса түзетулер енгізілді. Соның ішінде қонымды аппараттар нақтыланып, медициналық көмектің әр алуан түрлілігі регламенттелінген. Кодекске аурулардың алдын-алу нормалары мен салауатты өмір салтын қалыптастыратын, қоса алғанда, дұрыс тамақтануды қамтитын «Қоғамдық денсаулықты сақтау» жаңа тарау енгізілді. Бұның бәрі халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына жағдай жасай отырып, халықтың денсаулық көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік келтіреді. Алкоголь өнімін пайдалануды төмендетуге, жиырма бір жасқа дейінгі жастарға сатуға және тұтынуға тыйым салынатын шектеулер енгізілді. Темекі бұйымдарын өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерінде сатуға, жұмыс орындары болып табылатын ұйымжайларда шегуге және темекі бұйымдарына дұрыс сипаттама бермейтін жалған және дәйексіз мәліметтердің таралуына тыйым салынады /1/.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша денсаулық сақтау бюджетінің 70-80 пайызға жуығы салауатты өмір салтын ұстамау салдарынан шығатын, түрлі сырқаттарды емдеуге жұмсалады. Сондықтан да, бірнеше министрліктер қолдануды қажет ететін түрлі шаралар жасалып шығарылады. Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде ақпараттық-біліми, әдістемелік материалдармен ұдайы қамтамасыз етіп, арнайы мамандарды даярлап отырады. Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлер қызметінің үйлестірілуі жөнінде ұсыныстарды жасап шығарды /2/.
Сонымен, алкоголь қыздардың денсау­лығына, бақытына, отбасы өміріне, достық қарым-қатынасына, жұмысына, оқуына, жұмысқа орналасу мүмкіндігі мен қаржылық сияқты жағдайына зиян келтіріп, бірнеше аспектілердің түрлеріне кері әсерін тигізеді. Соның ішінде ең басты аспекті ана болу мүмкіндігінен айырылуы әбден мүмкін.
Бүгінгі таңда қыздарымыздың алкогольді, темекі және есірткі өнімдерін қолдануы өзекті мәселе болып отыр. Қазір оларды тұтыну қисап­сыз санмен сипатталады. Бұдан барлық қоғам азап шегуде және бірінші кезекте өскелең ұрпаққа, яғни балалар, жасөспірімдер, жастарға төндіретін қаупі, сонымен бірге болашақ аналардың денсаулығы тұр. Өйткені, алкоголь, темекі және есірткі қалыптасқан организмге кері әсер етіп, біртіндеп оны бұзады.
Елімізде салауатты өмір салтының қалып­тасуы, зиянды әдеттермен күресу мемлекеттік деңгейде қарастырылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» Стратегиясында: «Есірткі – өте ерекше және түпке жететін сала, сондықтан бұл жерде адамгершілік принциптерінің қандай дәрежеде қолданылуы үлкен мәселе. Таразының бір басында оны әкеліп, тарататын адамның өмірі тұрса, екінші басында соның «көмегімен» қор болған есірткі тұтынушылардың ғұмыры тұр» деп атап өтеді /3/. Бұл пікірмен біз толы­ғымен келісеміз.
Нашақорлыққа ғылыми талдау тұрғысынан «алкоголь мен темекіге құмарлықты кірістіретін уытқұмарлықтың бір түрі болып табылады» деген анықтама беріледі /4/.
Нашақорлықтың басты нышандары: 5-7 күнге созылатын жағымсыз ауыратын түйсіну, әдетте «сындыру, сыну» деп аталатын дене тәуелділігі синдромы; яғни есірткімен улану кезінде болатын психикалық жайлыққа жету және есірткі қабылдауға тежелмейтін әуестік болып келетін психикалық тәуелділік синдромы болып табылады /5/. Дене тәуелділігі синдромында организм есірткіге дағдыланып алуы соншалықты, онсыз өмір сүре алмайтын жағдайға жетеді. Ал психикалық тәуелділік синдромында адам есірткіге ойша дағдыланып, онсыз күн кешу қиынға түсуін білдіреді. Адам мұндай кесірлі әдеттен өз бетінше арыла алмайды және осындай жағдайға жеткенде тоқтау қиынға түседі.
Қазіргі қоғамда кеңінен тараған батыстың сән үлгілері, нақтырақ айтсақ денені жалаңаштауға тоқталып өтсек. Кіндігінен төмен шалбар, ашық-шашық көйлектер мен жейделер қазақ қызының ұстанатын стиліне айналған тәрізді. Кейінгі кезде ару қыздарға, әйелге тән нәзіктік пен ибалы қасиеттер де ұмытылып барады. Бүгінгі бойжеткендердің жарым-жартылай жалаңаш, кіндіктерін жарқыратып жүре беруі үйреніп кеткен құбылысқа айналып барады. Қазіргі күндегі сырт көріністің жалаңаштануы рухани жалаңаштыққа әкелмесіне кім кепіл? Ұлтымыз қыз баланы қылықты қылығына қарап та бағалаған. Жат-жұрттық боп саналатын қыз бала тәрбиесіне айрықша мән берген. Отбасында ерекше тәрбиемен өскен қыз, кісі көзінше денесін жалаңаштамау түгіл, әлдебіреудің бетіне тік қарамаған. Статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, 16-20 жас аралығындағы жас қыздарымыздың дені бүйрек ауруына тез шалдығады. Себеп-салдары сән қуып жеңіл киіну.
Жоғарыда айтып өткен проблемаларды қорытындылай келе айтарымыз зиянды әдеттермен күре­су төмендегі шараларды жүзеге асыруды нұс­қайды:
бойжеткендер, болашақ аналар арасында БАҚ көмегіне жүгіне отырып, зиянды әдеттердің алдын-алу үшін ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу және күшейту;
сонымен бірге, ойын-сауық және спорттық шараларды өткізу кезінде кәмелет жасқа толмағандар қыз балаларға темекі, спирт өнімдерін сатуға тыйым салу маңызды;
қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Олардың бірсыпыра әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді сыйлау және тағы басқа қасиеттер жойылып барады деуге негіз бар. Сондықтан барлық жоғары оқу орындарында қыз тәрбиесіне қатысты арнаулы курс жүргізілсе.

Алдыңғы «
Келесі »