Тауларға табынған ақын

  • 11.11.2014
  • 848 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«…Ес біліп, оңым мен солыма қарай бастағанда алғашқы түйсігімді түртіп оятып, таңдай қақтырып таңғалдырған таулардың заңғар биіктігі еді. Сол таулардың ақ бас шыңдарына күні бойы қарап отырсам да жалықпайтынмын. Тау мен үшін өзіндей биік арман, шетсіз-шексіз қиял еді. Сол таулардың ұшар басына шықсам, қолдарыма жарғақ қанат байлап алып төменге секірсем, неге сонау еркін самғап ұшып жүрген құстарға ұқсап қалықтамасқа?!. 


Әй, балалық қиял-ай десеңші, мен сонда бар жоғы жеті-ақ жаста едім. Қазір жетпіске жақындаппын. Бірақ, сол балалық қиялдан әлі күнге арыла алмай келемін. Тауларға қарап тамсанғанымды, адам өресі жете бермейтін тау құпияларына табынуымды қоя алмадым. Таулар мені биіктікке құмар етті, кеңдікті, сұлулықты бағалауға үйретті». 
Бұл жолдардың авторы – ұзақ жылдар өзге салада қызмет етіп, поэзия әлеміне кештеу келсе де, өлең өлкесінде өзіндік өрнегін сала білген, өмірлік ұстанымын адамгершілік деген ұғымға сыйғыза білген Тұрсынбай Шыңғысов. Мамандығы экономист болса да, табиғаты ақын болып жаралған ағамыз алғашқы тырнақалды туындысын «Тауларға сәлем» деп атапты. Өлеңдері шынайы өмірмен біте қайнасып, астасып жатқан Т.Шыңғысовтың есімі, әсіресе, Алматы облысы, Райымбек ауданындағы жырсүйер қауымға жақсы таныс. Жастар жағы, асабалар той, думандарда өлеңдерін жатқа айтып жүреді. 
Қазақы ойлап, тың өлең жолдарын туғызған, елеусіз жүріп, елге кештеу танылған талант иесі табиғаттың құбылыстарын терең сезініп, көркем жыр жолдарымен оқырманға жеткізе біледі. Қысы-жазы қала мен дала халқы ағылып бір тынбайтын, тау қойнауына сұғына кірген құралайдың көзіндей мөп-мөлдір «Көлсай» – Райымбек ауданының маңдайына біткен ырысындай өлең-жырдың тақырыбы, жақсы мен жайсаңның өрісі, махаббаттың мекеніне айналған ғажап көріністі мекен. Осы Көлсайға арнаған өлеңінде: 
…Көл бетіне шоршып шыққан                     балықтар, 
Тау бүркіті көлді айнала қалықтар. 
Кеудемдегі кеңістікпен егіздей, 
Көлге төнген жартас дейтін                            алыптар. 
Майда толқын бірте-бірте бәсеңдеп, 
Көл бетінде тау суреті төселген.       
Тылсым дүние ойға батқан бұл сәтті 
Қай ақын да жеткізе алмас әсерлеп, – деп, көңіл-күйді табиғатпен үндестіре суреттейді. Тамсандырған сұлу көлдің әсемдігін сол күйінде қағаз бетіне көшіре қояды. 
Тұрсынбай ағаның өлеңдерінің көбі ауыл, ауыл адамдары, табиғат туралы. Сезімін оятып, шабыт беретін туған елдің сұлу табиғаты, кіршіксіз таза жүректі ауылдың аңғал адамдарының пейілі мен берекесі, ізденістері мен жетістіктері, ашындырып ашуға булықтыратын «әттеген-айлар» қоғамдық талас-тартыстар екендігіне көзі жетіп, өлең шумақтарына айналдырған: 
Қоңыр салқын ауа кәусар тап-таза, 
Шоқылар тұр бұлтты жарып көкке оза. 
Қарағайдан қамзол киіп жасанған, 
Қарт «Жалаңаш» керіледі бой жаза. 
«Көлбастаудың» тамсанамын                           көркіне, 
Тәнті ететін кісен салып еркіңе. 
Ырғалатын қарағайдың ұштарын  
Ұқсатамын ару қыздың бөркіне. 
Бөктерлерін кереге тас торлаған, 
Жиегіне аршалы ою орнаған. 
Ұлы беткей ұқсап жатыр батырдың 
Кеудесіне елін жаудан қорғаған. 

Күн жалаған ақша бұлттар 
                  алтындай, 
Тау шыңдарын жанап өтіп 
              жалтылдай. 
Бөктердегі сәуле сүйген таңғы шық 
Ақ моншақпен орап қойған                           алқымдай. 
Тұрсекең сексенінші жылдары Алматы халық шаруашылығы институтын біті­ріп, Кеген (қазіргі Райымбек) ауданында шаруашылықтың бас экономисі болып, тәжірибе шаруашылығын ұйымдастыруға қатысыпты. Ауданның ауыл шаруашылығы басқармасында басшы қызмет атқарыпты. Кейін сол аудандағы Ақай Нүсіпбек атындағы колхозды он жылдан астам басқарып, колхоз тарағанға дейін жұмыс істепті.                                                                                                
«Біз Кеңес үкіметі кезінде қайшы­лықтарға толы қоғамда өмір сүріп, еңбек еттік. Өзгені айтпағанда, тілге, дінге байланысты қаншама қиыншылықтар бар еді. Бар-жоғы төрт-бес орысы бар ауданда бүкіл құжат біткен орысша толтырылатын. Бірде ауыл ақсақалдары жиналып келіп, ауылдан мешіт салып беруімді өтінді. Мен біздің атеист екенімізді, Компартия мешіт салуды қылмыс деп қарайтынын айтқаныммен, іштей қарсы болмадым. Ол кезде дүниеден өтіп кеткен әкем де намаз оқып, ораза ұстаған діндар адам еді. 1991 жылы Кіші Жалаңаш ауылына мешіт салғыздым. Сол жылы жаз айында арнайы комиссия келіп, мал қыстатуға мал қораларының дайындығын тексерді. Аупарткомның бюросында қатаң сөгіс алдым. «Басың істейтін төраға болсаң, мешіт салуға жұмсалған қаржыға елу мал қорасын жөндеуден өткізбедің бе?» –  деп, бірінші хатшының қаһарын төккені әлі есімде. Алайда, сол жылы біз 28 мың қой төлдетіп, әр жүзінен жүзден асыра қозы алдық. Бұл аудан көрсеткішінен көп жоғары болатын. 
«Райымбек ауданының Жалаңаш, Кіші Жалаңаш, Қарабұлақ, Саты, Күрметі ауылдары – биік таулардың баурайына орналасқан суы мол, шөбі шүйгін, қарасаң көз тоймайтын табиғаттың төл туындысы. Көлсай, Қайыңды көлдері – Алланың берген сыйы, Жетісудың нағыз қазынасы. Мені өлең әлеміне әкелген – осы өлкенің табиғаты», – дейді Тұрсынбай аға. Алайда, табиғаттың тозып, тау аруы қарағай мен аршаның аяусыз кесіліп, жұтаң тартып бара жатқанына ақын жүрек атойлап қарсы шығады, өкінішін жыр жолдарымен өреді: 
Етектен бастап көкке өрлер,                 қайдасың ару қарағай?! 
Түбірді көріп оталған, түңіліп 
                    тұрмын қарадай. 
Адамнан қашып сағалап, сай-сайды                 қуып кетіпсің, 
Сен тұрған жердің беттері – 
жазылмай жатқан жарадай. 
Тұрсекең тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңдерінде Алматы облысының облыстық жекешелендіру комитетінде ауыл шаруашылығы саласын басқарып, кейін Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университетке қызметке ауысқанда да қоғам, адам тағдыры, табиғат туралы ой-толғаулары өлең жолдарына айналып, қағаз бетіне түсіп отырыпты. 
Жастық шағында гүлдей үлбірек сезімді жүректен өткізіп, тілге өлең жолдары оралып, мазасыз күй кешкен кездері көп болғанымен, тіпті, осы таяу жылдарға дейін қолына қағаз бен қалам алып жазған кездері сирек. 
Зейнеткермін, мен – бүгін                                 зейнеткермін, 
Бір кісідей тер төгіп, бейнет көрдім. 
Жастығымның бағында жазған 
                        жырлар, 
Қай бетінде қалды екен қай                            дәптердің?  
Бұл – оның имандай шыны, кештеу қозғалып, кейіндеу қолына қалам алғанына деген шынайы өкініші. «Ақын болу құ­зырлы қызмет, биік мансап емес, ол менің ішкі дүнием, сырым, құпиям, ешкіммен бөлісе бермейтін өз әлемім екенін түсінгендеймін. Бірде тұнжыраған тұманды, бірде жарқыраған шуақты түрге енетін ауа райы секілді, менің де бірде жаймашуақ жадыраған, бірде көңілсіз түнерген кездерім сол өз әлемімдегі ақындық сезімнің көрінісі шығар», – дейді ол ағынан жарыла. «Талантсыз жүректен талғамсыз жыр туады», – деп тұжырымдайды. 
Отырарды өртегенде осылай,
Бір жұтаған бізде кітап әлемі, – дей келіп, халтураның қара тасқыны қаптап кеткен қазіргі кездегі кейбір мән-мағынасыз, сапасыз кітаптар жөнінде: 
  Жоқ-жоқ, кітап аман қазір                      өртеуден, 
Аптап қойған іші-сыртын                                  көркемдеп. 
Іске алғысыз оқимын да шатпақты, 
Бетті басып ұяламын ертеңнен, – деп қиналады. Сондай-ақ: 
 Міне, осылай ата тегін  мақтаған, 
Мағынасыз, арам шөптей қаптаған. 
Бір әулеттен басқаларға қызықсыз, 
Кітап жетім, оқырманын таппаған,  – деп, қазіргі кейбір кітаптардың мағынасының кеміп, жүгінің жеңілдеп кеткенін өткір сынға толы өлең жолдарымен жеткізеді. 
Тұрсекең сексенінші жылдары Қарқара жайлауының баурайында Мұқағали Мақатаевқа жолсерік болып, жанар-жағармай таситын автокөліктің кабинасында қысылып отырып малшыларды аралағанын естелік қылып айтады. Сол бір ұмытылмас жарқын күндерді жыр шумақтарына да арқау етіпті: 
…Қарқараның сағасын ел жайлаған, 
Мезгіл еді кеш батып, көз                     байланған. 
Төкен шалдың үйіне Қызыр қонып, 
Аттанғанын сол кезде кім                       ойлаған?! 
Бір адамдық орыны қоңыр «газик», 
Отыруға қолайсыз аяқ жазып. 
Қара жолдың борпылдақ қою шаңы 
Демде қуып жетеді кетсең озып. 
Қыспайын деп отырмын бір                     қырымнан, 
Таудың жолы табанда сан                     бұрылған. 
Шөлдесем де келемін батыл жетпей, 
Сұрап ішсем сусындар бал жырынан. 
Шабыттанды сол жолы жырын                     оқып, 
Жырдан кілем, алаша, өрмек тоқып. 
Қара шекпен кие алмай қара                          өлеңнен, 
Інісі едім мен де бір жеген опық. 
– Біреудің қас-қабағына қарап, лауазымды адамның аузынан шыққанды қағып алып, жырына арқау еткен ақында пәтуа болмайды. Ана тіліміз – бала тіл болып, әлі толық шыққан жоқ. Қазақ пен қазақ орыс тілінде сөйлеседі. Оразаны денсаулық үшін, артық салмақты кетіру үшін ұстайтын, намаз оқуды аяқ-қолға пайдалы, дене шынықтырудың бір түрі деп түсінетін мұсылмандар жеткілікті, – деген азамат ақын халқымыздың тілін, дінін, әдет-ғұрпын ерекше қадірлейді. Тоқырау кезеңіндегі көріністерді боямасыз сипаттайды: 
Беттерінде тарихтың ізі қалған, 
Кездер болған дәстүрді бұзып алған. 
«Қыз ұзату – ескінің қалдығы» деп, 
Құда түспей, қалыңсыз қызын алған. 
Қоғамдағы керітартпа көріністерге бей-жай қарай алмайтын Т.Шыңғысов өлең жолдарына ащы сынды аяусыз арқау етеді. Ақындық байқағыштығы келеңсіз көріністерді қаламынан сырт қалдырмайды. Өмірден көрген-түйгенін кейінгі ұрпаққа өсиет қылып қалдыруды да көздейді: 
Қуана білгін әрнеге, 
тірліктің құнын бағала, 
Ініге жасап қамқорлық, 
құрмет көрсет ағаға. 
Қалдырма көңілін жақынның, 
шындықты ұста ту етіп. 
Алдау мен арбау, жалғандық – 
жабысқан пәле жағаға. 
Күндердің күні болғанда 
жағаңды жыртар айырып, 
Есіңді алып жалғандық, 
жайратып кетер жай ұрып. 
Әр минут қымбат тірлікте, 
алмайсың патша болсаң да, 
Өмірдің өткен шағының 
бір сәтін қайта қайырып. 
Табаның тиген қара жер – 
бақытың шығар ол-дағы. 
Тірліктің құнын сезіну – 
байлығың, барың қолдағы. 
Ісіңді Алла оңғарып, 
жол тосып жүрген бір бақыт; 
Кездесе қалса кенеттен, 
Қыдыр деп білгін жолдағы. 
Шыңғысов Тұрсынбай еңбек жолын өзінің төл мамандығы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінде аяқтап, зейнеткерлікке шыққаннан кейін поэзиямен көбірек айналысуына мүмкіндік туды. Соңғы он шақты жылдың бедерінде жемісті еңбек етіп, бірінен кейін бірі «Тауларға сәлем» (2007 ж.), «Сағынып жүрмін ауылды» (2008 ж.), «Қас қағым» (2009 ж.), «Сыр-сандық» (2012 ж.), «Қоңыр күз» (2014 ж.) атты жыр жинақтарын шығарды. 
Уілдей соғып, тынбайды бір сәт 
                      сар желі, 
Шомылтып мұңға, түсіріп еске әрнені. 
Жұлынбай қалар жұлқыған желдің                     өтінде, 
Жапырақ-ғұмыр жетсе егер оған                            дәрмені. 
– Келесі жылы жетпіске толам, өмірдің де көктемі мен жазы өтіп, күзі келіпті. Осыған байланысты «Қоңыр күз» атты кітабым жарыққа шықты, – деп біраз үнсіз қалды. Ақын ағаның жүзінен әлде өкініш, әлде алдағы күндеріне деген бір толқудың белгісі байқалғандай болды.
Тұрсынбай Шыңғысовтың бойындағы елі мен жеріне деген ыстық сезімі, ықыласы айрықша секілді. Ол өзі танып-білген тіршілікті, замана өзгерістерін, қоғам құбылыстарын, ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымын ешкімге ұқсамай, өзінше жырлайды. Тұрсынбай ақынның шығармашылық көкжиегі мен қарым-қабілеті де осынысымен құнды, осынысымен бағалы. 

Қыдыралы ҚОЙТАЙ

Алдыңғы «
Келесі »