Ұстаздардың ұстазы

  • 11.11.2014
  • 1146 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өмірхан ӘБДИМАНҰлы, 
филология ғылымдарының 
докторы, ҚазҰУ-і филология, 
әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы

ХХ ғасырдағы тарихи ғаламаттарға толы ұлы өзгерістерден ұлт тағдырына қатысты ой түйген ғұлама­ ғалым, ұлт болашағының қамын ойлап, шәкірт шыңдаған ұстаз, ұлтының ұлылығын тануда көшелі көре­гендікпен көш басында жүрген санаткер, адалдықтан тамыр тартқан адамдық ардың айнасы іспетті Тұрсынбек Кәкішұлын біз ең алдымен ұстаз ретінде таныған едік.


Ұстаз! Осы бір құдіретті сөз бен қасиетті ұғымның шын бағасына лайық жанда арман бар ма екен дейсің кейде пендешілікпен. Бар-ау, неге болмасын! Бірақ, ұстаз бақыты аялаған арманын аяғына жеткізетіндігіне деген деген сенімділікте. Алла бұйыртқан шектеулі жасы жетпей қалған өкініштің орнын шәкірт атты ізбасарының тол­тыратындығы. Сондықтан, ұстаз рухы мәңгілік. Ол – ұрпақ рухының ғасырдан ғасырға жалғасар ту ұстаушысы, ар мен азаматтықтың тат шалмас асылы. Адамдықтың биік тұғыры. Келер ұрпақ өмірін білім жарығымен нұрландырған, қараңғылықтан жарыққа жөн сілтер бағдар шам. Ендеше, Шәкіртке жаны жайсаң, ары таза, азаматтық болмысы биік ұстаздан артық жан бар ма?! Өмір-тағдыр атты алып айдын толқындарының қақпақылына айналып, жанымызды желкен қылып келе жатқалы бері талай ұстаздың алдын көріп, ақылын алып, тәлімін тәбәрік еттік. Жан сүйсініп, қадыр тұтқанымыз сиректеу де, көңіл қалып, жерінгеніміз жетерлік. Сиректеулер арасынан тұлғасы ерекше көзге түсетін, менің ұстазым деп мақтануға да, мақтауға да тұрар бір ұстазды айрықша айтуға болады. Ол – ХХ ғасырдағы тарихи ғаламаттарға толы ұлы өзгерістерден ұлт тағдырына қатысты ой түйген ғұлама ғалым, ұлт болашағының қамын ойлап, шәкірт дайындаған ұстаз, ұлтының ұлылығын тануда көшелі көрегендікпен көш басында жүрген санаткер Тұрсынбек Кәкішұлы. Аяулы ұстазбен таныс-біліс, шәкірт-ұстаз, әріптес іні-тәлімгер аға сынды қарым-қатынаста болғанымызға да 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Өмірде өзіндік із қалдырған бұл жылдар бір адамды танып-білуге аздық етпесі кәміл. Сонау ХХ ғасырдың 70-інші жылдарының орта тұсында бағымыз жанып, ҚазМУ атты қара шаңырақтың студенттері атандық. Еліміздегі маңдайалды оқу ордасында атақ-даңқы жер жарып тұрған, елге белгілі, жұртқа танымал біраз ұстаздарды оқуға өмірлік тәжірибе жинап кеп түскен біз сияқты «тіс қаққандар» сырттай шырамытып, жазбай танушы едік. Солардың бірі Сәкен жайлы кітаптарын қызыға оқып, баспасөздегі өткір де ойлы мақалаларын жібермей қарайтын аяулы ұстаз Тұрсекең болатын. 
Ұстаз жоғарғы курстарға дәріс оқитын­дықтан да, алғашқыда университет дәлізінде ғана көріп қалып жүрдік. Жүзтаныс бол­масақ та, өзіне деген үлкен  құрметіміздің белгісі ретінде ізетпен берген сәлемімізді ұстазымыздың жылы қабылдап, күлімсірей бас изеп өткеніне мәз болатынбыз. Ол кезде біздерде қазіргі студенттердей тарпаң мінез жоқ. Ұстазды Құдайдай көріп, қадыр тұтатын кез еді. Алыстан сәлем алысқанға арманымыз орындалғандай қуанатынбыз. Біздің, яғни, әдебиетке, ғылымға жақындау жүргісі келетін жігіт-қыздардың бірінші курста екі бақыты болды деп білем. Оның біріншісі, «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен әр сабағын кемерінен асып төгілген кемел ойларымен байытып жататын Зекең – Зейнолла Қабдоловтың дәріс оқуы. Екіншісі, талапты жігіт-қыздарды топтастырған Тұрсекеңнің – Тұрсынбек Кәкішұлының ғылыми үйірмесі. Шіркін-ай! Сол кездегі ұстаздардың шәкіртке, әсіресе, талапты шәкіртке білім беру мен ғылыми ізденіске баулуға  деген құлшыныстары мен үйретуден жалықпас қасиеттеріне таңданбасқа шараң жоқ-ау. Данышпан Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегені сол кездің ұстазына, «Білімдіден шыққан сөз – біліктіге болсын кез» деген арманы сол тұстың шәкіртіне арнап айтылғандай. 
Тұрсекеңнің үйірмесіне бірінші курста мені аяулы Алма апай – Алма Қыраубаева алып келген еді. Өзі дайындық бөлімінде берген «Біржан-Сара айтысының зерт­телуі» атты тақырып бойынша уни­вер­ситеттің ғылыми конференциясына қатысады деп, Тұрсынбек ағайға арнайы кеп  табыс етті. Ғылым атты тылсым дү­ние­нің ғажайып әлемнің табалдырығын солай имене аттаған едік. Кейіннен, есейген соң, сол бір ғылымның әліппесін қолға ұстатқан ұстаздың төл шәкіртіне айналдық… Әр аптаның бейсенбі күні ұстазымыз Киров пен Панфилов көшесінің киылысындағы бас корпустың астыңғы қабатындағы 107 дәрісханаға жинап алып, екі сағат бойы, кей кездерде төрт сағатқа созылып кететін ғылыми үйірме жұмысын бастай жөнелетін. Мен сол тұстан бастап Тұрсынбек ағай бойындағы ұстаздық қасиеттерді, ұлық ұстазға тән ұлағаттылықты, әдебиеттану ғылымына деген адалдықты танып біле бастадым десем, өтірік айтқандық емес. Ұстаздың талапты мен талантқа   жол ашқан ізгі мейірімі, адал көңілден тұратын азаматтық биік парасаты, шәкірт үшін жасаған әр жақсылықтан жаны рахат табатын ұстаздық іске шын берілген шынайы болмысы айрықша қасиеттер ретінде өзіне үйіре тартып тұратын. Бірінші курстың «сары ауыз балапандарымен» төртінші курстың дүниенің төрт бұрышын түгел білген «ғұламаларына» дейін бас қосқан бұл «жиынды» Тұрсекең өз уақытын аямай , шәкірт жанын аялай өткізуші еді. Ұстаз төзімінің сырын кейін ұқтық. Ол әр студент жасаған баяндамадан жылт еткен ұшқынды дәл аңғарып, талқылаулар тұсында айтыла қалған өткір пікір, тапқыр ойды жіті саралап, биік талғамды дәл танып бағалайтын. Әр шәкірт бойындағы бұғып жатқан ұяң да бұйығы талант пен дарын көзін дер кезінде ашуға ұмтылып, балауса жастың бойындағы әлі бұзыла қоймаған  ғылымға деген тазалық пен адами мінез-құлықтың тұнба тұнықтығын сақтап қалуға тырысатын. Сөйтіп, ұстаз қай баланың неге бейім, нендей бағыт-бағдар ұстарын ерте аңғаратын-ды. Кейіннен үлкен курс­тарда өз үйірмесіне қатысып, әдебиетке деген ерекше ықыласын танытқан, еркін пікірлі, алғыр ойлы, студентін қанатының астына алып, әдеби зерттеуге бейімдей бастайтын. Өз бойындағы жақсы қасиетімен көзге түскен, назарға іліккен ізденімпаз студент ұстаз мейір шапағатынан тыс қалған емес. 
Өткен ғасырдың 1968 жылынан жүр­гізе бастаған осынау үйірмеде болған шәкірт­терінің көбін Тұрсекең қолынан жетектеп әкеп, ғылымға қосты. Бүгінде әдебиеттану ғылымының көрнекті ғалымдарына, асқарлы азаматтарға айналған Шәкір Ыбыраев, Жан­ғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков, Серік Негимов, Балтабай Әбдіғазиев, Болатжан Әбілқасымов, Бақытжан Майтанов, Анарбай Бұлдыбаев, т.б. әр жылдарда Тұрсынбек ұстаздың әлгіндегідей ғылыми ұстаханасынан шыңдалып шыққан, Ұлттық ғылым академиясына өзі ертіп апарып, ғылымға қосқан қанатты жігіттер. Ұстаздың уақытты текке өткізбегенінің белгісі болса керек бұл. Менің бұл жайды тәпіштей жазып жатқаным, Тұрсекеңдей ұстаздың өзгеден ерек өзіндік бір қырын ашуға тырысқаным ғой. Жалпы алғанда, Тұрсынбек Кәкішұлы – ұстаздығы мен ғалымдығы, адамдығы мен азаматтығы, санаткерлігі мен қайраткерлігі тұтасып кеткен тұлға! Ұстаз бойында біте қайнасқан осынау қасиеттерді бөліп жаруға, бөлшектеуге әсте болмайды. Оның бірінің бағасын сәл кемітсең, Тұрсекеңдей тұтас тұлғаның бір бүйірі босап қалғандай көрінеді. «Екі кеме құйрығын – ұста жетсе бұйрығың!» деген сөзін ұлы Абай осындай жандарға арнаса керек-ті. Ең алдымен ашып айтарымыз, Тұрсынбек Кәкішұлы бойындағы бар қасиеттің басын қосып, ыдыратпай ұстап тұрған ұлы құдірет – оның ұлт руханиятына деген шексіз құрметі. Өйткені, ол – ұлт руханиятын, сол арқылы ұлттық рухты көтеруге саналы ғұмырын түгел бағыштаған  азамат.
Тұрсынбек Кәкішұлының ұлт руханиятына деген сүйіс­пеншілігі жүрегінен бала кезден орын тапқан. Қасиетті Арқа мен көрікті Көкше бір-бірімен шектесер жерде дүниеге келіп, туған  табиғаттың бар асылын бойға жинап бұла өскен, сұлу да сымбатты жас жігіттің еңбек жолын өнерден бастағаны тегінен-тегін болмаса керек-ті. Алланың салған жолы шығар, Ұлы Отан соғысы аяқталар тұста мектеп бітірген бозбала қазақтың әйгілі әншісі Қосымжан Бабақовтың жөн сілтеуімен, қазақ қыздарынан алғаш шыққан өнер қарлығаштарының бірі Зағифи Тіналинаның көмегімен Ақмола облыстық театрына артис болып алынады. Сөйтіп өзінің өмір жолын өнермен өзектес етіп өре бастайды. Сан өнердің басын біріктіріп, сөз бен саз, сурет пен қимылдан тұратын жанды өнер театр өмірі, әсіресе, жас баланың бойындағы сөз өнеріне деген құштарлықты арттыра түседі. Сөйтіп, жанын әлдилеп, өзгеше бір әлемге еліктіріп жүрген құпияның сыры ашылады. Ол өзіне «жүрегінің түбіне терең бойлаған» құдіретті сөз өнерін мәңгілікке қалап алады. Көңілді қытықтаған қиялдың  жетегіне еріп,  Алматыға келеді… Оқыды, тоқыды… Көрді, білді… Еліктеді, еркін кетті… Арманның ақ жолын тапты, өзіндік биікке жетті… Ол биікке Тұрсекең Алла берген талант пен дарынды талмас талаппен ұштастыра отырып, іргелі ізденіс, ерен еңбектің арқасында шықты. Ал, ардақты азаматты халқы дана танып, ел абызына айналдырған қасиеттерінің асылы қайсысы десеңіз, ол шындықты мойындаған туралық дер едік. Ол кісінің бүкіл тірлігінің тірек күші осы шыншылдықтан қуат алған туралықта жатыр. Бұған Тұрсынбек Кәкішұлының өмір жолы куә. 
Шындықтың ауылын іздеген жастық жігер ғылым атты айдынға ақ желкенін көтертіп, тәуекел қайығын салғызды. Біл­генімді бөліссем, «адамдықтың дәнін сепсем» деген үміт ұстаздық жолға түсірді. Мыңдаған шәкіртінің жүрегіне жаққан шындық шырағы нұрлы сәулеге айналып, санасына жарық түсіріп, елінің ойын оятты. Бұл күнде иісі қазақ атын білетін азамат тұлғаға айналды. Сан қырлы саңлақ санаткердің саналы ғұмырында ғылымның орны ерекше-ақ! Ғалымның зерттеушілік әдіс-тәсіліне тән сипаттың ең бастысы әдебиет тарихы мен тарихтың жігі ажырамастай бірлікте көрініс табуы деп білеміз. . «Қолындағы қаламы жылжып жерге түскенше, күймесіне үміт пен күдікті қатар жегіп жүре бергенді» арман еткен жас ізденуші «Ә» дегенде-ақ әдебиеттану ғылымындағы өз бағытын дұрыс таңдап, тап басып тани алған секілді.  Ал, енді, бағдар тура болғанда, істің нәтижелі болары бесенеден белгілі. Тұрсекең – өз сөзімен айтқанда, «осыны мықтап ұғынған» жан. Сондықтан да, Тұрсынбек Кәкішұлының алғашқы таңдаған тақырыбы – ғылымға келіп қалған соң, ала салған «Суға кеткен тал қармайдының» тақырыбы емес, бейнетінің кермек дәмі сезіліп тұ­ра­­тын «тереңнен маржан термектің» ізденісі. Тұңғыш зерттеу жұмысы «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәселелер (1917-1929)» атты аты айқайлап тұрған еңбегінің өзінде-ақ әдебиетіміздегі күрделі де қиын кезеңге бой ұрып, айтыс-тартыстың отына шарпылмай, тұжырымды ойларымен әдеби-ғылыми ортаны мойындатты. Содан бергі уақытта желілес қос ғылым – әдебиет пен тарихтың бірлігінен шындық іздеген әдетінен әсте жаңылған емес.
Тұрсынбек Кәкішұлы қандай еңбек жазбасын, тіпті, кішігірім мақала жазса да, әуелі тақырыпты әбден игеріп, қажетті материалдардың бәрін білдім, енді ешбір қоспасыз ой қозғауға болады деген сенімге ие болғанда ғана іске кіріседі. Сондықтан да, ғалымның ғылыми еңбектеріне тән тағы бір қасиет – шындықтан ауытқымай, шырайландыра жазу. Өзін-өзі сыйлайтын азамат үшін бұл бір үлкен ғанибет. Шығармашылық жолында «барды, барынша ашық та айқын баяндау» принципін қалыптастырған ғалым, ұстанған бағытынан еш айнымас­тан келеді. Бұған дейінгі 35 кітаптың өн бойына желі болып тартылған шыншылдық, кейінгі туындылардың да негізгі арқауы боларына сенім мол. Аңғара алған адамға Тұрсекеңнің ғылыми зерттеулері ауқымды да арналы үш саладан тұрады. Олардың жеке-жеке алғанда әрқайсысының өзіндік сыры жетерлік. Жалпы, ғалым адамға өзінің   мінез   құлқы   мен   жігер-қайратына үйлесім табар тақырыптарды таңдай алудың берері мол-ақ. Бұл тұрғыдан алғанда, Тұрсекең тағы да бағы жанған жан. Өйткені, әдебиеттегі «ақтаңдақтарды» айту үшін, бірбеткей мінез, қайтпас қайсарлық керек. Ертеректе 1917-1930 жылдар арасындағы әдебиет тарихын арқау еткен еңбекке кіріскенде-ақ, кейін заңғар зерттеушіге айналуды мақсат тұтқан жас жігіт «ақтаңдақтар әлемінің» табалдырығынан аттағанын сезген-ақ болар. Сезе тұрып, өзіне сенген де болар. Қалай деген де ғалым Тұрсынбек сол алғашқы адымнан бастап қазақ әдебиетіндегі «ақтаң­дақтар» Құпиясын  ашумен келеді десек, артық айтқандық емес. Өйткені, ғалым өзіне «бәсіре» етіп алған әдебиет тарихының  кең ауқымы ХХ ғасырдағы  қазақ әдебиетінде алыптар мен арыстар, биіктер мен бәйтеректер бірде қанаттаса, бірде айтыса-тартыса жүріп, ұлт әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірген кезең. Арыға барсақ, Абайға, беріге келсең Мұхтарға бас­тайтын баспалдақ бұл. Ен­деше, Тұсынбек Кәкішұлының әдеби-ғылыми ізденісінің алғашқы саласы – әдебиет тарихының көзден таса тұстарын назарда ұстау болып табылады.
Әдебиет тарихының «ақтаңдақ» беттеріне үңілу – Тұрсынбек Кәкішұлы сынды ғалымның ғылыми ізденістерінің бастау көзі. Оның бүкіл ізденімпаздық табиғаты осыдан тамыр тартып жатады. Тереңіне сыр тартқан сын тарихынан қос кітапты шығарса да, сан кітапқа жетерлік азық тапты. Дүние кезек екенін түсінген ғалым, тірнектеп жинап, там-тұмдап жазып, қалғанын сырт көзден таса ұстап, қаттап жинай берді. Өйткені көп ойға жол ашылар күннің келеріне іштей сенімді еді. Ғалымның сын саласындағы аз жазса да саз жазған еңбегі текке кеткен жоқ. Әдебиет зерттеудегі тың бағыт сын жолы үлкен даңғылға айналып, қазақ әдебиет зерттеу ғылымындағы жаңа сала ретінде қалыптасты. Міне, бұл – Тұрсынбек Кәкішұлының ғалымдық ізденісінің екінші саласы. 
Адам баласы өмірге деген көзқарасы қалыптасып, біліктілігі артып, айналасына кейде құптай, кейде сыни оймен қарай бастаған тұстан бастап, біреуге еліктеп, біреуге ұқсап бағуға тырысары шындық. Кейбіреуге бұл – өткелең кезең, кейбіреуге мәңгілік. Бірақ, ол құр еліктеушілік дәрежеде қалып қойса, әрине, өкініш. Сырттай ұқсауға тырысудан гөрі, ішкі жан дүниең үндесіп жазса ғой, шіркін! Тұрсекең алдыңғылардың көшірмесі болуға ұмтылмай, дара тұлға болып қалыптасқанмен де, іштей еліктейтін бір жан бар. Ұқсағысы келеді-ақ, ұқсауға тырысады да. Ол кім десеңіз, ақиық ақын – Сәкен Сейфуллин. Сондықтан да болар, осы бір «жұмбақ жанның» жұмбағын шешуге өмір бойы ұмтылып келеді. Бұл тақырып – Тұрсекеңнің ғалымдық парызынан, азаматтық қарызынан жаралған ізгілігі мол, ілімі кең, өнегесі ұрпаққа аманат қастерлі еңбек пен зейнет көмбесі. Олай болса, бұл – ғибраты мол  ғұлама ізденісінің үшінші саласы. 
Тұрсынбек Кәкішұлы ашқан «ақтаң­дақтар» әлемінің алғашқы бастауын Сәкеннен тартсақ орынды. Сәкен әлемі шыншыл ғалым үшін тек Сәкен бейнесімен дараланып қалмайды. Біле білсек, Сәкеннің қысқа ғана ғұмыр жолы – бүкіл зиялы қауымның, бүкіл шығармашылық тұлғалардың ХХ ғасыр басында  зұлмат зобалаңның талқысына түскен тар кезеңдегі қилы тағдырының көрінісі. Сәкеннің азаматтық тұлғасын таныту, бүкіл бір дәуірдің тарихи өзгерісін айқындау болып табылады. Өзінің Сәкендей тұлғамен алғаш «танысуы» жөнінде ғұмырын сәкентануға арнаған ғалым былай деп жазады. «1944 жылдың қысында Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуін» қазақтың үлкен әншісі Қосымжан Бабақовтың үйінде оқып ем. Арқаның атақты әншісі маған тісіңнен шығарма деп, мықтап ескертіп еді». Сәкенді оқымай өскен ұрпақ өкілі сөйтіп 17 жасында Сәкен рухымен сырласып, «Сәкеннің аяулы атын жүрегінде аялай өскен жастың біріне» айналады. Жүрек түкпірінде жатқан бұл бұйығы сыр кейінгі тұстағы екі жағдайдың арқасында сан ізденіске жол ашып, сан кітапқа өріліп түсті. Оның біріншісі – алғашқы оқиғадан төрт жылдан соң, Сәкеннің сүйген жары Гүлбаһраммен жүздесуі, екіншісі – Есмағамбет Ысмайылов сынды ұстазбен бірлесе қызмет атқаруы. Біздіңше, Тұрсынбек Кәкішұлының сәкентануға қосқан ең зор үлесі Сәкен өмірі мен шығармашылығының «ақтаң­дағын» ашу болып табылады. Яғни, ақын шығармашылығының табиғатын та­нуға ең алдымен адамдық болмысын, азаматтық тұлғасын зерделеу арқылы қол  жеткізу. Ақын да бір «сүйек еттен жаралған пенде» екенін еске алсақ, ақындығын тану үшін адамдығын тану қажет-ақ. Сәкендей аты аңызға айналған, бір кезде «қара тақтаға жазылып»,  халық жауы атанған, одан соң «қызыл тақтаға» көшіріліп, қы­зыл сұңқар танылған ақынды бүгін де зиялы қауым қай тақтаға жазарын білмей тосылып тұрған шақта Тұрсекең жазған еңбектердің айбыны асқақтай түседі. Себебі, ғалымның ыждаһатты ізденісінен туған «кезең шындығы» Сәкен тұлғасына көлеңке түсіре қоймасы хақ. 
Тұрсынбек Кәкішұлының Сәкен жайлы жазған әрбір кітабы, ұлы ақынды үнемі жаңа қырынан ашып келеді. Желісі ортақ, ойы өзектес болғанмен, әрбір жаңа  кітапта Сәкен өмірінің бұрын айтылмаған, айтылса да сөз арасында ғана айтылып кеткен жайларын шындықпен шырайландыра отырып жеткізеді. Мәселен, «С.Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқардың» (1968) негізгі желісі – революция от-жалыны жылдарындағы Сәкен өмірі. Ал, «Сәкен Сейфуллин» (1976) Сәкеннің ақындығын, адами қасиеттерін, азаматтық тұлғасын жан-жақты ашумен, тыңнан қосқан соны деректерімен құнды. Осы кітаптарда Сәкен туралы бәрі айтылатын секілді, бірақ, еңбекқор зерттеуші бұнымен тоқтап қалмайды. Ізденісін жалғастыра отырып, Сәкен өмірінің қилы кезеңдеріне, бірде алшаң бастырып, бірде тақсіретін тарттырған тағдырының сан тарауына үңіледі. Үңіледі де «өтірік пен шындықтың» арасы екі-ақ елі екенін көреді. Көреді де шарқ ұрып шындықты іздейді. Ізденісі жемісті болып, «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Сәкен аялаған арулар» атты тақырыптар жеке-жеке зерттеу еңбектерге айналады. Сәкен өмірінің «ақтаңдағын» ашу деген осы еме пе?! Бір адам өмірінің мұншама «жұмбағын» шешу бір ғалымның ғұмырына аздық етпесі кәміл. Қаншама құпияның сыры ашылды, сөйтіп барып Сәкендей арыстың азаматтығын танытар толыққанды тұлғасы сомдалды. Тәуелсіздік тұсында жазылған «Кер заманның кереғар ойлары» кітабының «Дарындар – сын додасында» атты тарауында қазақ поэзиясы әлемінің қос жұлдызы Мағжан мен Сәкен тағдырларын желілес ала отырып, ғалым оларға тағылған «қиянпұрыс сындардың» қилы сұмдығын ашады. Өзінің бір кездегі Мағжан туралы біржақты пікірлерін «Мағжаншылдар мен жанжалшылдардың» құрбандығына шалмау үшін «Пенделік пиғылдың әсерін жоққа шығармаймыз, бірақ, оның шешуші сипаты қоғамдық-әлеуметтік көркемдік себептерге байланысты екенін ұмытпаған абзал» деп ескертеді. Ал, уақыты келгенде айтар ойын еш бүкпесіз ашық айтады. «Мағжан – бірден жарқырап шыққан жұлдыз. Оның 1912 жылғы алғашқы жинағының «Шолпан» аталуының символикалық мәні бар. Мағжан шолпан болуға ұмтылды, ниет қылды және болды да. Елі, халқы үміт артты». Мағжан жайлы «ақтаңдақтарды» көреген ғалым оның өмірі мен творчествосынан емес, Мағжан жайлы шындықты айтқан Жүсіпбек мақаласы мен өзге солақай сындардың өресін салыстыра отырып ашады.
Ғалым ХХ ғасырдың соңына қарай Сәкен­дей сұңқарға қатысты «Мағжан-Сәкен» (1999) атты жаңа еңбегін жазды. Бұл  кітабында ғалым Сәкен мен Мағжанның өмір кезеңдерін қатар ала отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтардың қыр-сырын терең ашуға ниет қылады. Және оны жалаң сөз қылмай, тарихи-әдеби шындықты мұрағат құжаттарымен негіздеп, кеңестік кезеңге дейінгі және кеңес тұсындағы қо­ғамның әлеуметтік ахуалын, қос ақынның шығармашылық бәсекелестігін салыстармалы түрде зерттеп, творчестволық ерекшеліктің өзіне ғана тән болмысын ашады. Жаңа ғасырдың поэзия аспанында жарқырап жанған қос жұлдыздың «Шолпан» мен «Өткен күндер» өлең жинақтарының көркемдік әлеміне, идеялық ұстанымына, ақындық қуатына салыстырмалы зерттеу жүргізуі қызықты да әрі тартымды. Құнтты ғалым идеологиялық  майданның екі жағында тұрып-ақ ел деп еміренген Мағжан мен Сәкеннің өнер жарысындағы іргелі туындыларының жазылу тарихы мен бір-бірінен шабыт алған қуат күшінің сырын аша алған. Әсіресе, «Батыр Баян» мен «Көкшетау» дастандарын салыс­тыра, шендестіре талдауы – ғылыми эстетикалық тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиеттануындағы жаңа сөз. Зерттеуші Мағжан, Сәкен ақындығын салыстырмалы түрде зерттеу арқылы алашшылдар мен төңкерісшілдер арасындағы идеологиялық күрес қазақ әдебиетінің кеңге қанат жаюына игі әсер еткенін нақты деректер арқылы дәлелдей  алған. Өз заманының шын мәніндегі заңғар ақындарының ұстанған ұстанымына сай келетін әлемнің озық үлгідегі әдебиет өкілдері шығармашылығына еліктеуі, сол дәстүрдегі дүниелерді жарыққа әкелуі жас әдебиеттің дамуына өзіндік үлес болып қосылғандығын нанымды түрде  көрсетіп бере алды. Блок, Бальмонт, Мережковскийлерге еліктеген Мағжанның, Троцкий, Маяковский, Фадеевтермен идеялас болған Сәкен шығармашылық ізденістері арқылы өзі өмір сүрген  кезеңге жат емес дүниелердің туғызғанын ойлы талдаулар арқылы орнықты жеткізеді. Өмірлерінің соңғы сәтінде қос алыптың арасындағы достық дәнекердің пайда болуын екі ақынның өзара алысқан хаттары мен соңғы жылдарда жазылған жырларындағы ортақ сарындастықтан іздестірген ғалым тұжырымдары да көкейге қонымды. Түйіндей келгенде, 450 беттен тұратын осынау ғылыми-эссе – әдебиетіміздің ұлы классиктерінің өмірі мен шығармашылығын өзек ете отыра белгілі бір кезеңдегі қазақ қоғамының ащы шындығын ашқан көркемдік талдаулары арқылы қазақ әдебиеттану ғылымындағы тарихи таным мен эстетикалық талғамды жаңа белеске шығарған шынайы ғылыми еңбек. 
Тұрсынбек Кәкішұлының сын тарихын зерттеудегі ізденістерінің қазақ әде­биеті ғылымындағы зор табыс болып табылатындығы айтылып та, жазылып та жүрген жайт. Біздің айтпағымыз, бұл бағытта ұлы төңкеріске дейін бізде  сын болған жоқ деп жүрген «көппен бірге адаспай, жалғыз жүріп жол тапқандығы». Және де кезінде зерттеулері екі кітап («Сын сапары», «Оңаша отау») болып басылып шықса да, «заман түзеліп, енді оқушы түзелер» сәтте тың деректермен байытып 25 баспа табақ «Қазақ әдебиеті сынының тарихын» жазып, одан соң оны екі томдық етіп шығаруы уақытпен нақты  үндесуі болып табылады. Бір қараған адам бұрынғыларын қайта бастырды дер. Жоқ! Бұл – тың дүние деп атауға әбден лайық, уақыт талабына орай жаңғырған ойларға толы, бұрын ат үсті аталып кеткен асыл қазыналарды мейлінше терең талдауға ұмтылған сонылығы басым кітап. Ондағы «Қазақ» газетіндегі сыни материалдарды ғылыми айналымға қосуының өзі неге тұрады. Бір кездегі «Сын сапары»  тақырып тың болуымен, «Дала уалаяты» мен «Түркістан уәлаятының» беттерінен бастап, «Айқап» журналының беттеріндегі әдеби-сыни материалдарды сұрыптаумен, ондағы сыни ой-пікірлердің қазақ әдебиетін өркендетуде атқарған ұшан-теңіз қызметін айқындаумен құнды еді. Мына жаңа зерттеу қазақ әдебиетіндегі сыни ой-пікірдің қалыптасу, даму, өрістеу құбылыстарын жинақтаумен құнды. Әр тұстағы әдеби айтыс-тартыстар мен өрістес келіп жатқан ой-пікірлердің ақ-қарасын айқындауға ұмтылумен бағалы.
Тұрсынбек Кәкішұлы соңғы жылдары шыққан кітаптарының бірінде «Тарих бетінде әркімнің атқарған ісі, жасаған қатесі, шалыс басқан қадамы түгелдей айтылып, жазылуға тиіс… Қазақ интел­лигенциясының тағдыр-талайында ғана емес, бүкіл халық тарихында қағидаға айналып кеткен қателіктерді түзетуіміз керек» деп жазды («Санадағы жаралар»). Бұл бір сөздің сәні үшін айтыла салған лебіз емес. «Алла деген сөз жеңіл, ауызға ол жол емес» деп, Абай айтқандай бұл туралықтан таймаған ғалымның өмірлік мақсаты, ғұмырының мәні. Сонау «Октябрь өркенінен» (1967) тартылған зиялылар тағдырына деген жанашырлық әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. «Әр дарынның өз орны бар» деп түсінетін зерттеуші сол дарындардың ұлты үшін атқарған қызметін айрықша көрсетуді өзіне міндет етіп алғандай. Бұл тақырыпқа үнемі айналып соғып, әдебиет пен мәдениетте елеулі еңбегі бар, әрқилы жағдаймен белгісіз болып келген талай тұлғаларды жұртшылыққа таныстырып жүр. Заман тыныш, өмірдің өзгеріссіз өтіп жатқан тұсында Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов сияқты қазақ әдебиетіне азды-көпті еңбек сіңірген қаламгерлерді жеткен биігінен төмендетпей оқырманға жеткізген Тұрсекең екенін жоққа шығара алмаспыз. Ал, «замана бір желмая, қалмасаң халқым жақсы еді желмаядан жығылып» (Әбубәкір Кердері) дейтіндей уақыт келгенде ұлыларын ұлтына қауыштыруда өндірте еңбек етіп жүрген тағы да Тұрсекең. Басқасын былай қойғанда «Санадағы жаралар» (1992), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995), «Толғам» (2004)  кітаптары осы мәселеге арналған.
Еңбексүйгіш ғалымның соңғы жылдар­дағы ғылыми ізденістерінде өзгеше үрдіс бар екенін аңғару қиын емес. Көбіміз жеке-дара тұлғаларды зерттеп, кейде әсіре мақтап, кейде істемегенін істеді, болмағанын болды деп жатқанымыз шындық. Осы тұста бұған бір-екі мысал келтіре кеткен орынды. Мәселен, бір кезде «Айқап» журналын жабыла мақтап, «Қазақ» газетін ауызға алмай, ауызға алсақ даттаумен болғанымыз шындық емес пе? Ал, енді қазіргі зерттеулерде керісінше «Айқапты» аласартып, «Қазақты» асқақтату басым шығып жатады. Қазіргі әдебиетіміз бен мәдениетімізде орны бар, ортамызға оралған ірі тұлғаларды бір-бірден иемденіп зерттеп жатырмыз. Бірақ, бір өкініштісі әркім «өз тұлғасына» тартып, асыра мақтаудан әріге аса алмай жатқанымыз рас. Өмірдегі мінезі мен ғылымдағы мінезі бір иірімнен шығып жататын Тұрсекең үшін бұл жат нәрсе. Турашыл ғалым қашанда шындықты іздейді, әділеттік айтуға тырысады. Тұрсынбек Кәкішұлының тағдырдың қилы талқысына түскен қазақ зиялыларының азаматтық ажары мен парасат әлемін бөлмей-жармай бірлікте қарауға ұмтылуын біз осылай қабылдаймыз.
Соңғы еңбектерде «Біздің бүкіл тарихымызда, әсіресе, әдебиет саласында Ақпан мен Қазан революциясындағы кезеңнің жүгі ауыр» дей отыра ғалым Ақпанға дейінгі, Қазаннан кейінгі кезеңнің тарихи шындығын айтуға күш салып жүр. Мұнда ғалым басты үш нәрсеге көңіл аударуда. Біріншісі – «Айқап» пен «Қазақ» топтарының  ара-қатынасы және сол екі топтағы ірі тұлғалы ақын-жазу­шылар мен кеңестік топтағылардың ара қатынасы, творчестволық байланыстардағы шындық. Екіншісі – «Алаш» зиялыларының тағдыр-талайы, олардың іргелі істері мен шалыс басқан қадамы. Үшіншісі – уақыттың ұранымен кеңестік дәуірдегі әр ақын-жазу­шы­ларымызды «бір шыбықпен айдап шығуға» ұмтылушыларды әділеттілікке шақыру. Мұның қай-қайсысында да, дәлелді деректермен, орнықты ойлармен, өткір пікірлермен әділін айтып келеді. Ғалымның Кеңестік ақын-жазушыларға көрсетіліп жатқан «әпербақан» қылықтарға қарсылық ретінде жазған соңғы еңбегі – «Сәбит Мұқанов» (2005) атты зерттеу ( Күләш Ахметовамен бірі­гіп жазған). Бұл кітаптың дайындығы ұзақ жылдарды қамтығаны байқалады. Сәбеңнің көзі тірісінде де, кейін де ол кісі туралы түрлі сипаттағы мақалалар жазып жүрген Тұрсекең ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік тойға айналған Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы тұсында (2000) ұзақ жылдық ізденістерінің жемісі іспетті мақалалар топтамасын жиі жариялады. Соның нәтижесінде сәбиттануға біржола бет қойып, 2000 жылы «Қазақ уни­верситеті» баспасынан Сәбеңе арналған екі жинақ шығарды. Ал 2005 жылы «Арда» бас­пасынан «Сәбит Мұқанов (әдеби-ғылыми ғұ­мырнама)» атты 304 беттік әдеби-ғылыми ғұмырнамалық еңбекті бастырды. Бұл баяғы «Өнегелі өмір» сипатында жазылған, Сәкен жайлы кітап дәстүрінде туған дүние. Қазақ әдебиетінің алыптарының  «кәдімгі» Сәбит Мұқанов туралы осы бір зор тебіреніспен, еркін толғаныспен жазылған шыншылдығы басым сырлы еңбек ғалымдық ғұмырдың  биік бір белесі.
Атақты жазушыны кейбір «жаңа­шыл­­сымақтар» ағаш атқа мінгізіп жат­­­қан уақытта дәуір шежірешісінің тырнақалды талапты ізденісінен бастап, «Ақ­­қан жұлдыз» атты диалогиясына дейін­гі шығармашылық ғұмырнамасын жан-жақты зерттеп, уақыт табына суа­рыл­ған әділдігін айту оңай шаруа емес. Қаламының желі бар зерттеуші жазу­шының қилы заманы мен қиын да қызықты тағдырын ажырамастай бір­лікте алып, қамшының өріміндей әдемі   қиюластырады. Өлеңге қызығушылық талабын оятқан дарынның қасиетті қара өлеңнің қызулы көрігінде пісіп-жетіліп, қазақ әдебиетінің классигіне айналу жолы, шығарамшылық ерен еңбегі саты-сатылай отырып, біртіндеп ашылады. «Майға сәлем», «Сұлушаш», «Ботагөз», «Балуан Шолақ», «Мөлдір махаббат», «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз»т.б. жанры әр алуан, тақырыбы әр түрлі шығармаларындағы  Сәбеңнің ақындығы, жазушылық шеберлігі қилы қырынан ашылып, дархан жүрек, дала көңіл, абыз қаламгердің адами болмысы жайылып сала береді. Сәкеннен гөрі Сәбитті жазудың Тұрсекеңе бір жеңілдігі бар. Ол  Сәбеңді көзі көріп, рухани сырлас болуы. Ендеше, бұл кітапта Сәбеңдей теңдессіз тұлғаның жазушы ретінде де, азамат ретінде де бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік өмірімізде алатын орны туралы нағыз шыншыл, әрі турашыл көзқарас білдірілген. Ғалымның көздеген басты мақсаты – әдебиеттің қай кезеңіне болмасын, ең алдымен, ақыл-парасат  азаттығы тұрғысынан келу. Дәуір шындығының бүгінгі көзқараспен бірге жазушы өмір сүрген кезеңдегі идеологиямен де үндесуін бағамдау. Өйткені, қазақ зиялыларының қай-қайсысы да қандай ұран көтерсе де, не істесе де ұлт қамы үшін істеп жүрмін деп ұқты. Өз кезіндегі уақыт үрдісінде дұрыс деп түсінген кейбір істері уақыт өте келе бұрыс боп шығып жатса, азаматтық тұлғасына қара күйе жағып, тарихтан сызып тастау әділеттік пе?! Тұрсекеңнің ел сүйіктісі Сәкен мен Сәбиттің бедерлі бейнесіне көлеңке түсірмеу жолындағы күресін осылай ұғынуымыз керек. Осылай бағалауымыз керек.
Тұрсынбек Кәкішұлындай тұғырлы тұлға туралы сөз қозғағанда, ол кісінің  аза­маттық келбеті туралы  айтпай кету­дің реті жоқ. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, Тұрсекеңді тұтастырып  тұрған Ұстаз,  Ғалым, Азамат атты үш таған бірлік. Ұстаздың азаматтық келбеті оның   ұлтжандылығымен айбынданып тұрады. Тұрсекең  бойында азаматқа лайық мінез бен азаматтық сана біте қайнасқан бірлік танытады. Сондықтан да, ол ұлтжанды. Жеке бастан гөрі, ұлттың ісін үнемі алға қойып отыру ғадетіне айналғалы қашан. Сонау жас   кезінен-ақ ол ұлтым деп «ұлтшылдығын» танытты. Сол бір қасиеттен айнымай-ақ келеді. Елуінші жылдардың ортасында  «Қазақ әдебиеті» газетінде қазақ тілінің  мәселесі көтеріліп, қазақша оқытудың жайы алқалы ортаның талқысына салынғанған тұста, алғаш болып үн көтергендердің бірі осы Тұрсекең болатын. Ол кезде Қазақстан компартиясының орталық комитетіне қарайтын  Партия   институтында істейтін жас жігіт көп қудалауға ұшырап, ақыры кетіп тынып, Академияның аспирантурасына түсуге   мәжбүр болады. Өзі қызмет істеп жүрген партия институтының саясатына қарсы шыққан мұндай ерлікті  батылдық демей, не демейміз, батырлық демей не дейміз! Ал, сол батылдық пен батырлыққа   итер­­­мелеп тұрған ұлтжандылықтың қуатты күші еді. Мәскеуден соң жолдамамен Жезқазғанға барып бір жылдай қызмет істеп, Алматыға қайта оралған соң, ғылыммен айналыспақ болып, өзім танитын атақты ұстаздарымның біразына жолығып, ақылдасқан жайым бар-ды. Алғаш барып жолыққаным, студент кезімнен ғылымға жетелеген Тұрсекең еді. Ол кезде ұстазымыз Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы болатын. Ол кісі маған менің шамам келмейтін қиындау, қадымша оқуға тура келетін тақырыптарды ұсынды. Маған сенбегені ме, әлде өзінен алыстатқысы келгені ме, ол арасын біле алмадым. Сонан соң басқаларға қарай бет бұрдық. 1987 жылы Зекең (Қабдолов) ұсынған «Ш. Айтматов шығармашылығындағы  қазақ тақырыбы» атты зерттеу жұмысына тоқтап, ізденіп жүргеніміз де, Зекең аспирантураға шақырып, сонда түстік. Аспиранттар тақы­рыбын бекіту кезіндегі кафедра отырысында менің аспирантураға түскенімді көрген ардақты ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы: «Бұл жігітті маған бер, Шыңғысты зерттейтін қырғыз-орыс көп, бір қазақ тақырып алмай қалғаннан оның ештеңесі кеміп кетпес, Өмірханды білем, мұны алаш әдебиетіне салу керек», – деп отырып алғаны. Тұрсекеңдей әріптес досының көңілін қимай, Зекең бізге Тұрсекеңді жетекші етіп бекітті. Мен отырыс аяқталғаннан кейін Тұрсекеңе: «Аға, мен арабша оқи алмаймын, маған бұл тақырып тағы да қиын соғады», –  жайымды айтып едім, ол кісі: «Сен ақылға кел. Мен сені болмайтын іске тартып отырған жоқпын. Уақыт солай, егер түсіне білсең, Алаш саған өмірлік азық болады. Болашағыңды ойла. Шыңғыстан ұтарың шамалы. Әлем болып зерттеп жатыр ғой. Алаш әдебиетін зерттеу қазір өте керек және қажет. Мен саған сенгеннен беріп отырмын. Одан қашпа. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге» әуес болмасаңдаршы. Ғылыммен шынайы айналыспаса болмайды. Архив ақтарып, бұрын ешкім айтпағанды айтуға, білмегенді табуға талпынған жөн. Сонда ғана еңбегің жанады. Алашты түгел қамтуға шамаң келмейді десең, кан­­дидаттығыңа бір шығармашылық тұл­ғаны ал. Қалғанын докторлықта кө­рерсің. Одан үмітің бар ғой? Мен саған сенгеннен кейін осы тақырыпқа тартып тұрмын. Көрерсің, осыдан сенің бағың жанады. Сырғақтама. Екі-үш күнде ойланып, біреуіне тоқта. Ары қарай тақырыпты нақтылармыз», – деп тоқ етерін айтты. Мен бұл ұстаздың көптен ойланып, сенім артар адам іздеп жүрген кесіп-пішіп қойған ісі екенін сезінген соң, келіспеске шарам қалмады. Ұстаздың алаш әдебиетін зерттеу мен зерттету үлкен мақсаттарының бірі екенін сол тұста анық байқағанмын. Кейін ол кісі алаштануға үлкен еңбек сіңірді. Ол көкейінде әу, баста-ақ, жүрген мақсат болатын. Тек уақытын күткен-ді. Зекеңе барып жолығып едім, ол кісі: «Қарағым, бәріміздің ортақ ісіміз ғылымды көтеру. Тұрсынбек дұрыс айтып отыр, Алаш тақырыбы қазір ұлтымызға өте қажетті шаруа болып отыр. Тарихшылар қазір оны құлшына бастап кетті. Академиядағы жас жігіттер бұл тақырыпты бөліп алыпты деп естіп отырмын. Бізде оған баратын адам жоқ болып тұр еді. Тұрсынбек сені ұсынды. Саған сеніп отыр, қалай қимайын. Айналып келгенде кафедраның ортақ ісі ғой. Бұрынғы жұмысым қалып қалды деп өкінбе, жазған-сызғаныңды кейін бір керегіңе жаратарсың. Мынаған бел шеше кіріс. Жалпы алаштық әдебиетке ортақ мәселені алма, сол алаштықтардың біреуінің жеке творчествосын ал. Менің ойымша Ахмет Байтұрсыновты алғаның дұрыс. Ол әдебиетіміздің бас кітабын жазған кісі ғой, жұмысыңа менің де көмегім болады. Әңгіме кімнің жетекші болғанында емес, сенің нәтижелі еңбек еткеніңде. Меніңше Ахаң саған абырой әпереді. Тың тақырып қашанда адамға өмірлік ғылыми азық. Осыны ұққын. Менен кетіп қалдым деп қамықпа, бірге жұмыс істейміз. Қашанда көмекке әзірмін, қарағым», –деп  шығарып салды. Ертесіне өздерінің ақыл-кеңесінен кейінгі менің ұсынысыммен екі ұстазым бірлесіп тақырыпты «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» деп бекітіп берді. Бір жетіден кейін Тұрсекеңе 30 беттік план-проспектімді алып келдім. Аударыстырып көрген Тұрсекең: «Мынауың тәуір екен, қазір менің лекциям бар, сен 3-курс студенттеріне тақырыбыңды ашып, дәріс ретінде оқып бер, өзім қатысамын», – деді. Сөйтіп Ахмет Байтұрсынұлы туралы студенттер алдында 90 минут баяндама жасадым. Ұстаз бастан аяқ тыңдап, студенттермен бірге сұрақ қойып, риза болып шықты.
Менің алаш тақырыбына келуім туралы кезінде Тұрсекең өзі де жазды. «Менің Өмірханға құштар болуым оның I курс­та оқып жүрген кезінен басталады. Студенттердің ғылыми үйірмесінде бел­сенділігімен қатар білімділігін танытқан жастан үш-төрт жылға көз жазып қалған ем. Мәскеу университетін бітіріп келгеннен соң біраз өмір тәжірибесін көріп, біздің аспирантурамызға түсіпті. Оған жанқұрбым Зейнолла Қабдолов жетекші болмақшы екен. Зейноллаға келсем Өмірханға бірдемені түсіндіріп, басын шұлғытып қойғанын көрдім де, «Әй, Зейнолла, сен әдебиет теориясының анасы-мынасы деген бір жансыз саласына салайын деп отырсың ғой. Мына ба­ланы маған бер!» деп ем Өмірханды қинала-қинала маған қиды. Қолынан жетектеп отырып өз кабинетіме алып келдім де, ай-шүйге карамай «Қазақ» газетін зерттейсің. Алаш қозғалысы, оның ұлы қайраткерлері ақталып жатқан шақта алдымен өзімізді жоқтайық дегенімде «арабша оқи алмаймын ғой» дегенін елемей, зерттеу тақырыбын айқындап бердім. Жан қиналған уақытта арабшаны үш-төрт айда үйреніп алуға болатынын өзімнің басымнан өткізгендіктен талапкер жасты ғылымға ғана емес, қазақ тарихының сүбелі саласына салуды көздедім.
Не керек, үш жылдың ішінде Өмірхан диссертацияны 400 беттей көлемде жазып, алдыма қойды. Ахаңа қатысты артық деректер мен қызықты ойларын қысқартып, «бұларды жыртып тастама, түбінде керек болатын дүниелер» деп ем, жетелі жігіт «Қазақ» газеті мен Ахаң қазақтың бүкіл рухани дүниесіне ортақтығын ескеріп, «Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні және жаңашылдық сипаты» деген докторлық диссертацияға айналдырды. Абыройлы қорғап шыққаннан соң Ахаңның ғұмырнамалық хикаясын жазып, 2007 жылы елді қуантты» («Жаяусалдың серуендері». – Алматы: «ГЛОБУС» Баспа үйі», 2009. – 560 б. – 526-бет. ) 
Ал, енді осы ғылыми жұмысты жасау барысындағы Тұрсекеңнің ұстаздық  тәлім-тәрбиесіне қатысты бір оқиғаны әңгімеге арқау ете кетейін. Жұмысты аяқтап, Тұрсекең оқып шығып, енді кафедра талқылауынан өтейін деп жүрген күндердің бірінде Тұрсекең маған: «Сен ана «Қазақтағы» әдеби-сыни мақаларға қатысты жинағаныңды маған алып келші, мен «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» деген оқу құралын шығарайын деп жатыр едім (Оқу құралы 1994 жылы жарық көрді), соған материалдарың қажет болып тұр», – деді. Ертеңгісін бар жиған-тергенімді, бір кішкене 48 беттік, екі үлкен 56 беттік жалпы дәптерге бәленбай уақытымды жіберіп түсірген әдебиетке қатысты материалдарды алып, ұстаздың Шагабутдинова-Кированың қиылысындағы үйіне бардым. Сәлемдесіп, шәй-пәй ішіп болған соң, аға үлкен залына алып келді. Үлкен столдың үстін жауып жатқан сарғайған қағаздарға аса көңіл бөле қойған жоқпын. Жазар кітабына қажетті дүниелер шығар дедім де қойдым. Орындықтарға жайғасқан соң, ұстаз материалдарды сұрады. Мен әкелгендерімді қолына бердім. Тұрсекең әрі-бері аударыстырып отырды да, бір кезде мендегі материалдармен үстел үстінде жатқандарды салыстыра бастады. «Мынау бар, мынау бар», – дей  отырып, мендегіден 5-6 ғана материалды алды. Ол кісі салыстыра бастаған кезде әлгі қағаздарға назар аударсам, сарғайып кеткен қағаздардағы мәшіңкеге басылғандардың бәрі «Қазақ» газетінің материалдары. Ішінде әдебиетке қатысты, қатыссызы да толып жүр. Таң қалдым. Қағаздардың сарғайып және қыстырғыштарының тат басып кеткеніне қараған да, бұл материалдар Тұрсекеңде бұрынннан болғаны ғой. Сонда өзінде «Қазақ» газетінің мен төтеншеден қиналып оқып, іздеп жүрген материалдардың барлығын ол кісінің маған айтпағаны ма?! Егер айтса, мен олардың бәрін іздемей, жоқтарын ғана қарастырмаймын ма? Іштей  ренжіп қалып, ол кісіге осының бәрін айтып салдым. Ұстаз сәл жымиып күлді де: «Егер мен саған бұлардың бар екенін айтсам, осының бәрін берсем, онда сенің нең ғалым. Өзің тер төкпей, біреудің тапқанын малданған не еңбек болады. Мен берейін-ақ, сонан-соң сен ары қарай ізденбейсің ғой. «Дайын асқа – тік қасық болу» ғылымға жат. Өзіңнің ізденісің арқылы қаншама нәрсеге қол жеткіздің. Ол саған аз байлық па? 400 бетке таяу еңбек жаздың. Соның бәрі ізденістің арқасы. Ғылымға келдің екен, біреудікін өзіңдікі қылудан аулақ бол. Қазір енді мен де бар, сен де бармен ары қарай бірге ізденіп, бірге жұмыс жасауға болады. Ешкім ешкімнің еңбегін жемейді. Солай, бала», – деді. Мен ойланып қалдым. Шынында да, Тұрсекеңнің тәрбиесі балапанын ұшуға үйреткенде, шың басынан тастап жіберіп, жерге жеткізбей қағып алатын сұңқар тәрбиесіндей қатал тәртіптің тәлімі екен. 
Кейіннен белгілі болғанындай, әлгі «Қазаққа» қатысты материалдарды  ұс­та­­зымыз докторлық диссертациясына дайын­дық кезінде жинаған екен. Ол кезде «Қазақ» туралы жақсы да, жаман да сөз айтуға болмайтындықтан, негізінен революциядан бұрынғы баспасөздегі сол кездегі идеологияға жат деп саналмайтын баспасөз материалдарын жинай жүріп, түбі бір керегіме жарар деп, «Қазақтыда» қоса іле кеткен ғой. Оларды сол кезде мәшіңкіге бастырып, көзге түсе бермес жерге тығып қоя берген. Бұл аса қауіпті іс еді. Сонда да шындықтың алдында тақ тұратын Тұрсекең осы қауіпті іске барған. Ал, «ақтаңдақтар» ашылған тұста Тұрсынбек Кәкішұлы кейбіреулерге ұқсап менің тығып жүргенім бар деп, жаһанға жария салмай-ақ, өз ісін жасай берді. Тіптен оларды жеке-жеке жариялаған да жоқ. Шынын айтсам, Тұрсекеңде «Қазақ» газетінің материалы барын менен басқа жан білмейді. Міне, ғылымға қанат қақтырар шәкіртіне ұстаз талабы осындай. Менің ғалым болып қалыптаса бастағаныма көзі жеткеннен кейін Тұрсекеңмен бірлесе талай жұмыс жасадық. Ол кезде өзіне әріптес ретінде қарап, қолында барын, тереңге тыққанын талай пайдалануға бергені бар. Бұндай шығармашылық байланыс, әсіресе, қазақ әдебиетінің 2 томдық қысқаша тарихын жазған уақытта жемісті болды деп ойлаймын. 
Тұрсекең архивтерді ғана ақтарып қоймай, ғылыми ізденіс мақсатымен  – сапарға көп шығатын, ел-жер көруге құмар жанның бірі. Бірақ, ол қызықтың, «атың барда ел танының» адамы емес,  әр сапардан елге пайда келтірер, ұлт мүддесіне тиесілі  нәрсені жүзеге  асыруды көздеп отырады. Өткен ғасырдың 60 жылдарының аяғы 70 жылдарының басында Тұрсекең Қазан, Уфаға сапарлайды. Сол сапарда керексіз деп табылған ескі кітаптарды жоюға деген дайындықтың үстінен түседі. Ішінде революциядан бұрын шыққан қазақ  кітаптары да көп болса керек. Дереу Қазақстанға хабар жіберіп, әлгі кітаптарды елге әкелуге рұқсат  алып, бәлен қапшық кітапты арқалап қайтады. Әңгіме ескі кітаптарды арқалап қайтуда емес. Әңгіме сол  кітаптардың көбінің   ол кезде оқу түгілі, атын атауға болмайтын  кітаптар екенінде…  Соның бірі Міржақыптың  «Бақытсыз Жамалы» болса, көп адам көрсе  тұра қашатын осы кітаптың бір данасын Жақаңның күйеу баласы   аудармашы  Әбен  Сатыбалдин арқылы туған қызы Гүлнар Дулатоваға береді. Ал, бұны ерлік емес деп, қалай айтарсың. Еліміз жаңадан  тәуелсіздік   алып,  шеттегі   бауырларымызға  енді көңіл бөле   бастаған  тұста,  Т. Кәкішев  әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық унвиерситетінде   Ғылым  мен жаңа технология  министрлігінің шешімімен «Қазақ диаспорасы әдебиетін зерттеу» лабораториясын ашты. Сөйтіп, Республика Премьер-министрінің сол кездегі орынбасары, Ғ. Әбілсейітовтың   қолдауымен Монғолияға ғылыми  іс-сапар ұйымдастырды. Қазақстаннан ҚазМУ бөлген кішкентай автобуспен Монғолияға жол шеккен Тұрсекең де   жүрек жұтқан-ау. Жанында Ілия Жақанов, Зұфар Сейітжанов және бір топ жас ғалымдар   бар Тұрсекең  бұл жолдан олжалы оралды. Том-том қолжазба, бәленбай кассеталық ән таспасы, ауыздан жазылып алынған сан дәптер қазақ әдебиеті үшін үлкен байлық еді. Ал, енді мұны ұлтжандылық емес дей  аламыз ба?!.
Тұрсынбек Кәкішұлының  азаматтық  тұлғасының  айқын бір   танылған тұсы – қазақ зиялысына сын болған  1986 жылдың  желтоқсаны. Онда ұстаз ҚазМУ-де факультет деканы еді. Ол сол күндері    студент жастардың   жай-күйін жаны күйе ойлады. «Ұрда-жық»  саясаттың құрбаны болып кетпеулерін қадағалады. Астыңғы қабаттағы журналистика факультетінің жаңа ғана сайланған орыс бастығы арнайы комиссия құрып, қазақ жандайшаптары арқылы 2 студентті  оқудан шығартып, 5 студентке қатаң сөгіс  жариялап  жатқанда,   филфак аман-сау шықты. Өйткені, алдына жайып салған суреттерден декан өз студенттерін «танымай»  қалған-ды. Ал, бұл ұрпақ қамын ойлап,  қауіпке бас тіккен үлкен азаматтық! Ұлтшыл мінездің айқын   көрінісі!  Айта берсек, Тұрсекеңнің ұлт үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастаған қазақ тілі үшін күресі әлі күнге жалғасын табуда. Ұлт мәселесіне, елдікке қатысты құнарлы  ойларын үлкен мінберлерден жасқанбай ашық айтып келеді. Мемлекет мүддесі үшін жасалып жатқан іс-шаралардың басы-қасынан табылып, реті келсе, ал­дыңғы сапында жүреді. 
Ұстаз туралы толғанысымызды түйіндей келе айтарымыз, бүгінде қалың елі – қазақ жұрты Тұрсынбек Кәкішұлын білімпаз ғалым ретінде, жас ұрпақ «ұқсап бағуға» тұрарлық ұстаз ретінде, сындарлы кезеңде күлбілтелемей, айтарын ашық айтатын,  ой-сананы оята білетін санаткер ретінде бағалайды. Ең жақын шәкірттерінің бірі ретінде осынау ел құрметіне адал еңбегімен ие болған ұстазға біз ұстаздығыңыз ұлағатқа, ғалымдығыңыз өнегеге, азаматтығыңыз үлгіге айналып  жасай беріңіз, Тұрсынбек аға, демекпіз! Асқардан асқарға, биіктен биікке өрлеңіз ары таза, абыз жан!

 

Алдыңғы «
Келесі »