ӘНДЕРІМЕН ДЕ ТАНЫЛҒАН жазушы Тұтқабай Иманбеков жайлы бір үзік сыр

  • 11.11.2014
  • 1454 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы

Бір майданда жұмыстанып, бір айдында қатар жүзетін әріптес-замандастар ішінен біртіндеп жақындасып, ыстық-суыққа ор­тақ­тасып, мұң-сырыңды бөлісетіндердің біртіндеп іріктелетіні түсінікті. Кешегі өт­кен қайран Тұқаң, Тұтқабаймен де біртіндеп танысып, табысып, ұзақ жыл­дар дәм-тұздас, пікірлес болған, бір жүріп, бір тұрған шақтар ұмытылар ма? Небір атаулы кеш-жиын, салтанатты бас қосулардағы оның айтатын аталы сөздеріне таңырқап, тамсанатын, ризалық білдіретін үлкен-кішілердің қадыр-құрметінде шек жоқтай көрінетін кездер енді түу…у алыста қалған сағым-елеске ұқсайды, беу, жалған-ай!


Тұқаң, Тұтқабай о бастан ұжданы таза, жаны мөлдір, майдалықтан ада, та­би­ғи таза жаратылыс иесі-тін. Солай еке­нін менен басқалар да бес саусақтай біле­тініне шәк жоқ. Өз басым ол сөйтіпті дейтін қыжыр сөз естімегеніме құдай куә (деуге бармын). Кім-кімге де тек болса екен дейтін қайырымды, қарапайым, тіпті, аңғал, дәрменсіз, қорғансыздау көрінетін Тұқаңның тал бойында қалам­герлік қарым, алғырлық, нәзіктік, бай­қампаздық дегендер тасып-төгіліп жатпаушы ма еді? Ұтқыр ой, жүйелі сөз жазғандарынан да айқын аңғарылатын. Сөйте тұра, кейде қанға біткен зипалық, жұмсақтық биязылықтан ба, әлдебір өзімшілдерге жеме-жемде айтарын кесіп айта алмай, жеткізе алмай, қипақтап, бүгежектеңкіреп қала беретіні болатын. Басы-қасында көріп-біліп, куә боп отырған соң қалай қаның қызбайды. «Ау, неге үндемейсің? Сыбағасын бермейсің бе дұрыстап», – дегенге: «Мен сіз құсап айта алмаймын ғой», – дейтін жымиып қана (жасымыз қарайлас болса да, неге екенін қайдам, маған «сіз» деп сөйлейтін. Бірер жас кіші Сабырхан Асанов, тіпті, «сіз»-бен қоса «көке» дейтін марқұм).
Міне, сол Тұтқабай туралы енді ол өмірден өткелі он бес жылдан асқанда сөз қозғауға тура келіп отыр. Амалсыздан. Себебі, естелік жазу да, жазбау да ауыр, екеуі де оңай емес. Әйтсе де, тірісінде сый­ласқан бауыр-дос жайлы білгенді ортаға салу, мір кем лебіз білдіру артық емес, парыз да. Аруақ үшін, ұрпақ үшін, Тұқаңның рухы үшін.
Бүгінде есімі ел жадында сақталып, мектеп, көшелерге аты берілген Тұтқабай Иманбеков ең алдымен жазушы, анау-мынау емес, қазақ әдебиетінде ойып тұрып алған орны бар дарынды, көрнекті жазушы, қабырғалы қаламгер, дарқан мінезді, кең жүректі азамат! Момындау болмысына сай талай рет шоқ басып, жүндеу-түрткі де көрген жайсаң еді-ау, жарықтық. Тұтқабайдың шетсіз де шексіз шығармашылық әлеміне тоқталмаймыз, өйткені, біріншіден, оған онша тіс батпаса, екінші, бұл жолғы мақсат ол емес. Замандас, әріптес, адам, кісі, дос, жолдас, бауыр ретінде қандай еді, кім еді, сол тұстарды өз білігімізше мәнзалдап көруге құмбылмыз.
Алдымен Тұтқабайды – өзіне талай айтқан – алғаш қалай білгенім жайлы бірер сөз. 1958 жылы жазда «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа тұрып, бөлім меңгерушісі Камал Смайыловтың қоластында қазіргі классик жазушы Қалихан дос Ысқақов екеуміз әдеби қызметкер боп істеп жүрдік. Аядай бөлмеде үйме-жүйме боп отыратын Камалдан басқа Сейдахмет Бердіқұлов, Медеу Сәрсекеев, Хайдолла Тілемісов, Бүркіт Ысқақовтай бөлім меңгерушілерінің қарамағында бір-екіден әдеби қызметкер болады. Күн сайын қарша борап келіп жататын хаттардың жарамдысын қорытып, «мал болмайтындарына» жауап жазып, саралап, реттеп отыру – әдеби қызметкерлер еншісінде. Шамасы, күздің ортасы болу керек, маған тиесілі жаңадан келген хаттар ішінен ескілеу торкөз дәптердің бірнеше бетіне маржандай тізіп жазған біреуі бірден назарға ілікті де, әп-сәтте оқып шықтым. Байқауымша, қырнап-сырнап өңдейтін, не өзімізше қорытып, қайта жазатын ештеңе жоқ, бірден машинкаға бере салса болатындай. Жазған екі автор: Тұтқабай Иманбеков, Кенжебай Бөгембаев. Және хат Алматы емес, әлдебір облыстың әлдебір ауданынан жолданыпты. Бірақ, жазба иелері өздерін Қазақ университетінің 3-ші не 4-ші курс студентіміз, қазір ауыл шаруашылық жұмыста жүрміз депті. Мақала іркілген жоқ, машинкадан шығысымен оқып, Камал ағаға бердім, ол бастықтарға ұсынып, ұзамай жарық көрді. Сол шақтарда студент Әбіш Кекілбаевтан да сондай хаттар жиі келетін. Камал аға оларды бізге билетпей өзі қарап, редакторға ұсынатын да, кідіріссіз жарияланып жататын (аптасына 6 рет бірнеше бет боп шығатын үлкен форматты газетке материал шақ келмейтіні белгілі).
Әне, солайша (сырттай) танысқан Тұтқабаймен кейін жақын араласып, «шыңда да бірге, сында да бірге» жүретін болдық. Рас, екі жылдан соң мен Сарыағашқа барып, біраз уақыт аудандық газетте жұмыстандым. Сонда жүргенде Тұтқабайдың кейбір жаңа шыққан кітаптардың редакторы екенін көзім шалатын да, баспалардың бірінде қызмет істейтінін шамалайтынмын. 1964 жылы көктем шыға Алматыға қайта оралып, Сапар аға Байжановтың арқасында сол кездегі атағы аспандаған «Мәдениет және тұрмыс» журналына әдеби қызметкер боп орналасқан соң, ұзамай Тұтқабаймен танысып, ол маған өзі редактор болған І.Есенберлиннің «Қаһар» романын сыйлады. Ол кітаптың кезінде қазақ әдебиетінің елеулі табысы болғаны аян. Редактор ретінде автор Ілияс Есенберлиннен бастап, сол кездегі талай игі жақсылардан жылы пікір естігенін де айтып жүрді. Кітап сын тезіне іліккен тұстарда таяқтың өзіне тиген бір ұшын да көтере білді. Өз қаламынан шыққан әңгіме, повесть, романдарымен де танылды.
Баспа, газет-журналдарда жұмыс істеген Тұқаң қара сөздің майын ішкен, өткір де жеңіл әзіл-қалжың, афоризм іспетті қанатты сөз тіркестерін табан астында тауып айтуға шебер, өз жанынан шығарған кәдімгі қазақы бата-тілектерді шағын-шағын екі кітап етіп бастырған сегіз қырлы, бір сырлының нағызы еді. Әндері радио, теледидардан берілетін, белгілі әншілер орындайтын композиторлық қыры өз алдына. Көрнекті әнші, композитор, өнер өкілдерімен етене араласты. Қазақ қыздар педагогикалық институтында өткен ән кешінде сол оқу орнының атақты «Айгүл» ансамблі мен өзге де әншілері оның небір ғаламат әндерін шырқады. Композитор Мыңжасар Маңғытаевпен жұптары жазылмайтын. Бақиға аттанардан бір-екі күн бұрын күнұзақ Мыңжасардың үйінде отырғанда тосаптан ауырып, үйіне әрең жеткенін кейін естідік.
Жан дүниесі көлдей кең Мыңжасар, егер, Тұқаң арнайы музыкалық білім алып, соңына түскенде бізді жолда қалдырардай композитор болары тұрған гәп еді деп айтудай айтып жүретін. Ал, Тұтқабай ол қырын онша көп білдірмей, жабықтау ұстайтын (тек жоғарыда айт­қандай, Қыздар институтында өткен бірді-екілі ән кеші демесе. Оған Шымкенттен Қуаныш Төлеметов бастаған бір топ азамат арнайы келген болатын). Өз басым кейбір әндерін сөзім өтетін басылымдарда нотасымен жариялауға сеп жасап, «Әттең тонның келтесі-ай» дейтін әнін баса насихаттауға талпындым. «Сәл серпіліп, композитор екеніңді жұртқа білдірсейші» деп қамшылайтынмын. Ол күлетін де қоятын. Есесіне, кемелден­ген жазушылық беделі биіктеген үстіне биіктеп, әдебиеттен лайықты орнын алды, бірегей қаламгерлердің бірі атанды. Бұған ешкім таласа алмаса керек. Өмір соқпағы қашанда бұралаң, кедір-бұдырсыз болмайтыны аян. Тағдырдың ешкімге қылдай қиянаты жоқ, дос-жаран, жанашырлары барынша жуас, момын деп ойлайтын Тұтқабайға да күнілгері құрған торы, тәшпіш-тауқыметтері алдан шықпай қалған жоқ. Солардың әлі ешкім ауызға алмаған, өзім бес саусақтай біліп, куә болған бір-екеуіне тоқтала кеткен көптік етпес деймін.
Тұтқабай өмірден өткенше баспа, газет-журналдарда істеді (дедік қой жоғарыда). Бір жолы жұмыс орнымдағы мен отыратын бөлмеге аяқ астынан кіріп келді де, түсі сәл алабұртып: «Осы жаққа келіп қалдық», – деді мырс етіп. «Келмей жүрген жері емес, бұл не сөзі» деп онша мән берген жоқпын. Соны аңғарды ма екен, «Араға» келдім, – деді ізінше. «Жай ма?» – деппін. «Жауапты секретарлыққа шақырып болмаған соң, оны да көрейін дегенім де». Сонда барып санама бірдеңе жеткендей: «Немене, қызмет ауыстырдың ба?» – дедім. «Иә, жүріңіз, кабинетімді көріңіз», – деген соң 9-қабаттан 8-ші қабатқа түстік. Таныс кабинет. «Құтты болсын». «Жұмыс бітісімен соғамын. Бір жерге барып… нетіп», – деп ол қала берді, мен өзіме кеттім.
Демек, Тұқаң «Араға» келіпті. Бірінші бастық қазақ, орынбасары басқа ұлттан, сонда жауапты секретарь Тұтқабай үшінші басшы. Мұнысы дұрыс па, бұрыс па? Өзі дұрыс санаған соң, әрине, дұрыс. «Ара» емес, «Ара»-«Шмель» деп аталатын журнал ресми тұрғыдан Орталық партия комитетінің органы боп саналады. Екі тілдегі тиражы 600 мыңнан асады. Оның сын садағына іліккендердің аман қалатыны сирек. Қызметкерлері шетінен мықты, азулы. Бірақ, жұмыста редактордан бастап, ешқайсысы құтаймайды. Тұңғыш редактор Ғабит Мүсірепов, одан кейінгі Қайнекей Жармағамбетов, ұжымды он жыл басқарған азуы алты қарыс Жүсіп Алтайбаевтан кейінгі редакторлардың бірде-бірі ұзақ отырмай, көп болса, екі-үш жылда табандарын жалтыратып жатады. Себеп пе? Жоғарғы орындар өздері қояды да, бірер жылдың о жақ, бұ жағында өздері соңдарына шырақ алып түседі. Редактор тұрмақ, орынбасар, жауапты секретарь, жай қызметкерлер де солай. Себеп пе? «Ара»-«Шмель» еш­кімді мақтамайды ғой. Кіл сынайды. Сыналғандар қарап жата ма? Іштерінде дүмі диірмен тартатын дөйлердің бірі болмаса, бірінің «Ара»-«Шмельдің» бастығын да, басқаларын да тоңқалаң астыруға шамасы жетеді (әрине, Орталық комитетке жол тауып, уәж айтып, тіпті, бармақ басты, көз қыстымен болса да).
Оның үстіне, кез-келген ұжымның өз ішіндегі алакөздік, бақастық, көре алмау, күндестік, аяқтан шалу да болмай тұрмайды. Сондай-ақ, Жүсіп Алтайбаевтан кейін «Араға» редактор болғандардың ешқайсысы бұрын бұл салада істемеген, сатирадан мақұрым болса. Мұны «Араға» бастық боламын деп ешқашан ойлаған емес едім» дейтін кезекті  редакторлардың бірі Қалдарбек Найманбаев та жасырмайтын. Бірақ, ол көп ұзамай орнын тауып, баспаға директор боп кетті. Тағы бір редактор Нұридин Муфтақовты жауапты секретарь болуға шақырғанда, «қабілеті өзімнен төмен адамға бағынышты бола алмаймын» деп бас тартқаны да шындық-тын.
Мен үшін о баста неліктен, қалай келгені қараңғылау Тұтқабай осындай ортаға тап болып, ақыры өзі шақырған басшының қасақана қудалауына төзбестен қызметтен кетті. Жай кеткен жоқ, көпе-көріне жала жауып, партиядан шығармақ болған (пенсияға шығуға тоғыз ай қалған) бастықты да қапысын тауып, бірге ала кетті. Ала кеткенін қайтейік, науқасқа шалдығып, отыз кило салмақ жоғалтты. Бұл ұзақ әңгіме. Әлдебір күтілмеген қырсық атаулылар ол денсаулығы біраз оңалып, «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде де соңынан қалмады. Сол шақтарда кімде-кім демеуші тауып, мекемеге қаржы түсірсе, 25 пайызын алады деген науқан болмап па еді? Сол тұстарда ойдан-қырдан іздеп тапқан атымтай жомарттардың «қызығын» ептеп болса да, бәріміз де көргенбіз. Тұтқабай 500 мың қаржы түсіріп, 25 пайызы тұрмақ бір тиын ала алмай пұшайман болса, екінші рет газеттің мерейтойына алыстан жылқы сойып, басқа да сый-сияпаттарын алып, артынып-тартынып келген қонақтарға сөз берілмей, мейманханадан орын болмай, салқын қабақ танытылғанына ренжіді. Себебін түсіне алмай дал болды. Бірде редакторға орынбасар боп істеп жүрген қызметі қысқартылды деп, жұмыссыз қала жаздағанда, одақ басшыларының араласуымен құдай сақтап аман қалды. Осы бір жайсыздау әңгімелерді неге деген сұраққа жауап іздеп емес, Тұқаң сан рет өз аузымен айтып, мұң шаққанына куә болғандықтан ауызға алып отырмыз. Неге деген сұраққа  жауап іздеп қажеті де жоқ. Жауап табылмайды. Өтті-кетті, салауат.
Қой аузынан шөп алмайтын пәк жаратылыс иесі, өзін әрдайым сабырлы да салиқалы ұстайтын, кең пейіл, кешірімді, дарынды жазушының артында бай мұрасы қалды, көңілге медет етер басты жұбаныш сол. Атаусыз емес. Аттестат алған орта мектебі өзінің атында, басқа игіліктер де баршылық. Алда болмағаны болып, толмағаны тола жатар деп сенейік. Тұқаңды қадірлейтін ел-жұрт, қалың қазақ орнында емес пе, шүкір. Лайым, солай болғай.
Мәңгілік ұйқың тыныш, иманың жолдас болсын, аяулы Тұқа! Нұрың пейіште шалқи берсін, бауырым!

Алдыңғы «
Келесі »