Проза және прозаиктер

  • 11.11.2014
  • 1110 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Игілік ӘЙМЕН, 
жазушы

…Әдебиеттің құдіреті сонда: әуелім намы­сыңды оятып, шабытыңды ұштап, шарықтатып, содан соң – сені көз жетер-жетпес көгілдір көкжиектерге қарай еріксіз дедектете сүйрелеп, арқаңнан итермелеп, жаныңды қоярға жер тапқызбауы керек; еліттіріп, есіңнен тандыруы керек; аспандатып, тұңғиықтатып, жылатып, күлдіріп, нәтижесінде – жұмақта жүргендей немесе тозақта шыжғырылғандай да халге түсіруі керек! АВТОР.


* * *

Біз бүгінгі әңгімемізде «проза» деген не еді өзі» деп, атамзаманнан белгілі байғұстың басын қатырып жатпаймыз («Байғұс» дегенде – көркем сөздің, жалпы сөздің қадірін әбден кетіріп біткендігімізді айтудамыз-дә). Прозаиктер туралы, олардың прозасы жайында сөйлейміз. Сөйлегенде – ерекше ескертеріміз – біздің бүгінгі мақсатымыз: Прозаны талдап, тарақтап, шашақтап та шошақтап беру емес; – қандай да бір үлгі боларлық прозаның қай дәрежеде екендігін, оның тұғырын белгілеп көрсету, тізімдік нұсқау ғана.     
Біз өткенді де, қазіргіні де есептен шығарып, көк есекке теріс мінгізуден аулақпыз. Білген шындығымызды айтамыз («Бірдеңе» десең – сын айта бастасаң «шап!» ете қалатын қазақы ағайындарға ескертпеміз). Деген де, әңгіменің ашығы – шындықтан аулақтап, сыннан қаш­қақтап, «жабайы-тұрпайыланып» ал­ған­­ды­ғымыз рас та ғой…). Сөйлегенде – шынайы жоғары, идеальді, концептуальді, пафосты прозаны іздейміз. Тауып, атын атап, мақпаздаймыз. Өлшемнің ең жоғарғы сатысы – Биік Пафос! Осы биік пафосты – «Шедевр» дейміз. Пафос – Шедевр (Искусство не допускает к себе отвлеченных философских, а тем менее рассудочных идей: оно допускает только идеи поэтические. Вот эту поэтическую идею и называем – страстью или пафосом. Итак, каждое поэтическое произведение должно быть плодом пафоса, должно быть проникнуто им. Без пафоса нельзя понять, что заставило поэта (писателя) взяться за перо и дало ему силу и возможность начать и кончить сочинение. Поэтому выражения: в этом произведении есть идея, а в этом нет идеи, не совсем точны и определенны. Вместе этого должно говорить: в чем состоит пафос этого произведения? или: в этом произведении есть пафос, а в этом нет. В.Белинский).
Сонымен, біріншіден – Әлем (Батыс) прозасы.
Бальзак, Жюль-Верн, Мопассан, Драйзер, Гамсен, Скотт, Фолкнер, Цвейг, Голсуорси, Твен, Д. Лондон, Хемингуэй, Кафка, Камю, т.т.т. Осы аталғандардың, аталмай қалғандардың, бәрінің де – әлем классиктері екендігі баршаға да белгілі. Мәселе сол, осылардың прозасының ішінен «Шедеврді» анықтап белгілеуіміз керек боп тұр, – «Құдайға ең жақындай түскендерін» (Әдебиет – Құдайдың бір аты). Бальзак – «Шагреновая кожа». Осы роман – шедеврге жата ма? «Кешегі жалаңаяқтар бір мәментінде ісініп шыға келді. Уақыт өтті. Бір мәментінде бәз-баяғы қалыптарына түсті…» Романның идеясы, концепциясы туралы айтып жату артықтау шығар, – пафосы жайында мүлдем де. Бұл роман – өз заманының болмысын барынша көрсете білген, көркемдігі жоғары, классикалық туынды. Болды, бітті. Драйзер, Гамсен, Голсуорсилердің концепциялары мықты. Голсуорсидің әсіресе әңгімелері, оның ішінде «Стойкость», «Мода» сияқтылары – «мини-шедеврлер». Джек Лондонның «Мартин Иден», «Морской волк» романдарының пафосы бар, бірақ, керісінше идеясы мен концепциясы бұлыңғыр. Джегіміздің бір шедевр әңгімесі  – «Любовь к жизни». Идеясы да, концепциясы, пафосы да – «өмір мен өлім…». Цвейгтің новеллалары, оның ішінде көптегені шедеврлер. Хемингуэй. «Прощай оружие» романының идеясы да, концепциясы да, пафосы да жетерлік; бірақ, бірдеңесі… аздық ететіндей көрінеді де тұрады. Эрнестің үш шедеврі – «Старик и море», «Снега Килиманджаро», «Индейский поселок». Біріншісінің бар сөлі – «Человека можно убить, но нельзя победить» деген жалғыз ауыз сөзде – пәлсапада тұр; екіншісінікі – өмірден әбден сілікпесі шығып, баз кешкен адам; үшіншісінікі – «жалған дүние қасіреті». Камюдің «Посторонний» романының жөні бөлек. Нағыз шедевр – осы! Оның нағыз шедевр екенін романның соңында – финалында – түрмеге кетіп бара жатқан басты герой мен священниктің арасындағы диалогтан ғана білесіз.
Жалпы, батыс прозаиктерінің бірінікі – уақыт суреттері я болмысы болса, екіншісінікі – сарай интригалары; үшіншісінікі – махаббат драмалары; төртіншісінікі – тарихи баяндар; бесіншісінікі – бесстселлер, мистика…  Айтпақшы, Шекспир ғұлама қалып барады екен ғой. Шекспир – негізінен, ойшыл кісі (Сонеттерінен байқаңыз). Драмаларына келсек – бәрі де бұрындары болған, айтылған базбіреулердің қолымен хатқа түсіріліп те кеткен жәйттер (Біздердің «Қыз-Жібегіміз», «Ер Тарғынымыз», «Алпамысымыз» сияқты). Шекспир тек қырнап, қоюлап, сахнаға ыңғайлаған. «Гамлеттен» басқалары («Ромео-Жульетта», «Отелло», т.т.т.) – ортаңқол дүниелер. Ал, енді, «Гамлеттің» жөні – жойқын! «Зұлымдық – онымен қалай күресуге болар да екен-ау?..» Бұл – ескірмес те таусылмас ШЕДЕВР.
Орыс классикалық прозасы.
Гоголь, Тургенев, Чехов, Бунин, Л. Толстой, Булгаков…
Гогольдің «Тарас Бульбасы» – «эпикалық жыр» (Белинскийді қараңыз). Бірақ, бұл да тарихта болған оқиға, автордың өзінің ойлап тапқаны емес. Жалпы, Гоголь – ироник, саркастик. Тургенев – сыпайы, сырбаз, мәдениетті жазушы. Үнемі Белинскийге қарап, өзін тексеріп отырған. Прозаларының бәрі де өз-өз орындарында. Л. Толстой – кең құлашты энциклопедист. Шындықтың құлы. Оның екі шедеврі – «Хаджимурат» романы, «Набег» әңгімесі. Бұл екеуі – «Құдайшылық жолмен толығынан жүре білген прозалар». Бунин. «Бунин» дегенде – көзге баттиып, бақырайып та тұратыны – «Жизнь Арсеньева». Бұл – роман ба… әлде не? Мұның анықтамасын оның зерттеушісі Паустовский де тап басып айта қоймаған. Біз өзімізше айтып айдарласақ – «толғау». Міне, осы «автобиографиялық» толғау проза – ШЕДЕВР. Сосын, Бунинде шедеврдің де шедеврі бар – «Легкое дыхание» деген екі-үш беттік қана әңгіме-миниатюра! Екі прозаның да биік пафосы өте-өте тереңде. Булгаков. Бұл өзі дәрігер болған кісі екен. «Египетская тьма» деген әңгімесі – шедевр. «Мастер и Маргаритасы»  –  «икс-шедевр». Олай деуіміз – түп-негізде шала (түсініксіздік) бар сияқты. Себебі, «Иса пайғамбар крестке керілмеген…» (Қараңыз: Құран-Кәрім.З-Әли ғымыран сүресі. 54-аят,; 63-ші аят).
Ия, ұлы ақындар Пушкин, Лермонтов жарық­тықтардың прозалары жайлы да бірер сөз. Пушкин «Капитанская дочкасын» былайша жаза салған сияқты. Сонысының өзі –классика. Ал, Лермонтов «Герои нашего времени» «автопортретіне» шындап шұқшиса керек. Шедеврдің – шедеврі! Бұл прозаның да идеясы, концепциясы, пафосы – жеті қат жер астында. Ізденіп, еңбектеніп, таба біліңіз («Шайнап берген ас болмас»).
Енді, өзімізге – негізгі мәселемізге – қазақы прозамызға келелік.
Қазақ қара сөзіне, шартты айт­қанда – 100-ақ жыл. Осы аралықта «топ жұлдыздарымыз» болды, «тоқ жұл­­дыздарымыз» болды. Топ жұлдыз­да­рымыз жанып, сөніп жатты. Тоқ жұлдыздарымыз жарқырап тұр (Бірақ-та… жадсыз да керіағар халықпыз ғой…). Алғашқы тоқ жұлдыздарымыз – Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Саттар Ерубаев. Кезінде, өздерінің оншақты жас үлкендіктеріне қарамастан Мұхаңдар Саттарды қолдап, қостап, ал, кейбірлері «ағалап» та, жолына қарайлаған екен (Мұның анық-қанығын білгісі келе­тіндер – қазіргі көзі тірі Тұрсынбек Кәкі­шов ақсақал-могиканға соқсын).
Саттар бар-жоғы 23 жыл (бір деректерде 24) ғұмыр кешіпті. Ленинградта жоғары оқу бітіріп, аспирантурада дәріс алыпты. Қазақ жазушыларына, оқырмандарына әдебиеттің бар саласында там-тұмдап болса да жазып, үлгі-өнеге көрсетіп кеткен. Әттең «қызыл уақыт» болмағанда, әттең тағы да біраз өмір сүргенде… Әттең! Әттең! Қу әттең-ай!.. «Менің құрдастарымның»  –  «қызыл» жағын есепке алмайық. Саттар сол кезеңде ғұмыр кешсе, оған кімнің қандай шарасы бар?.. Тағы бір сормаңдай әттең – роман аяқталмай қалған… Саттардың «мәңгілік өмір» туралы новеллалары, балладалары – классика. Кімде-кімде, Саттарда «пафос» дегеніңіз жетіп-артылып, асып-жығылады.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын батыстық білгірлер «этно­графиялық роман» деп атаған көрінеді. Біз де соған қосыламыз. Мұхаңның кең понорамалы көркемдігіне ешкімнің шәгі жоқ болар. Ал, идея, концепция жағына келгенде… Мұхтар Әуезовтің повестері – классикалар. Биағаң – Бейімбеттің прозасы сом табиғи классика. Әдебиетке – әңгіме жанрына жаралған, Құдай өзі құйып қоя салған. Алғашқы қарлығаштардан кейінгі классиктер – Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Қарауылбек Қазиев, Оралхан Бөкеев, және де, бүгінгі – Дидахмет Әшімханұлы, Рахымжан Отарбаев. Бұл тізімге – Бердібек Соқпақбаевты, Сафуан Шәймерденовті, Ақан Нұрмановты телуге болар-ды…
«Ау, анау қайда? – мынау қайда? – онау ше?..» дерсіздер жапа-тармағай, өре-түрегеліп. Айталық: анау «Ғаббең көкем­дер» – көркем баянгерлер; мынау «Қаббеш жәкемдер» –   қарабайыр баянгерлер; онау «Сәббең үкемдер» – «ерінбеген етікші боладылар»; қалғандары, жаппай – тарихи да шежіреәуи жазбагерлер. Ия, тілге тиек етер­ліктер, өз бет-бейнесі барлары бар, болған, бола да береді. Бірақ, біздің бүгінгі әңгімеміз олар турасында емес қой… Деген де, бүгінгі сөзге тұрарлық бірді-екілерін атар болсақ, олар – Тынымбай, Таласбек, Нұрғали, Діл­дәр, Заря, Айгүл… Осымен, шегінісімізді аяқ­тап, негізгі әңгімемізге оралалық.
Тәкен – текті де түбірлі тұқым. Тұ­ғыры биікте. Бұлақ та түбінде теңіз болса ғана атқылап шығады ғой; сөйтіп, ке­мерінен асып, жан-жағын нәрлендірер де нуландырар. Асыл да нәсіл жаратылған ағамыздың бар прозалары – классикалар ғой. Әсіресе, оның күйші-қобызшы дана аталарымыз жайлы жазылған сериалды повестері – тұнып тұрған «эпикалық жырлар». Ал, «Қараой» әңгімесі – Тәкен тұғырының шоқтығы! «Мықты рух мәңгілікпен қауышады…» БИІК ПАФОС – ШЕДЕВР!..
Асқар Сүлейменов. Асқардың «Бесатары» («Бесін») – сол кездің жаңалығы (Қазір де, келешекте де құнын жоғалтпайтын). Біріншіден – ойы; екіншіден – композициясы. Ғабит Мүсірепов көкеміз ескерткендей аздап қылаңдары бар… Асқар – «жалт етті де жоқ болды» (жақсы мағынасында) – бір­туар тұлға. Оралхан Бөкеев те дүниеге бір келе қалған ардағымыз. Тәкен, Асқар, Қарауылбек сияқты – Оралхан да «қызыл саясатқа» ұрынбай, жаңбыр-жаңбырдың ара-арасымен болса да жүріп-тұрып, адалынан жазып, арқасына таза дүниелер қалдыра білді. Тек «көптеу» жазып қойды ма екен-ә?.. Қарауылбек Қазиев. Шіркін-ай, қандай кірпияз да кішіпейіл, таза жан еді!.. Ойға орала қалған бір мысал: «Иманжапырақ» повесін алып қараңыз. Тексеріп шығыңыз. Диалогтарында бір де бір «деді» деген (біздің өзіміз «деген»-ді қосып отырмыз ғой) шылау сөз жоқ қой!.. Қарауылбектің «Иманжапырағы» да, екі беттік қана «Ақ бантик» эталон-әңгімесі де – һәм классика, һәм шедевр. «Иманжапырақтың» алапат пафосы повестің өн бойында гейзерлі жерлердің жынысындай бүлкілдеп қана тұратын болса, «Ақ бантиктің» пафосы – мызғымас, сірескен сендей!..
Рахымжан Отарбаев – қазіргі өндіріп те өсіріп жазып жүрген («классиканы») бірден бір прозаигіміз. Оның «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімелер жинағы қай-қай сыйлығыңызға да әбден лайық еді. Жолбикелерден жол тиер емес. Рахымжан – кең құлашты, терең тынысты жазушы. Оның «Бәйтерек» әңгімесін оқып отырғанда – кең форматты кино-эпопея көріп жатқандай әсерде боласыз. Үш-төрт беттік әңгіме – былайғылардың үш-төрт томынан садақа. Рахымжан таза ұлттық – халықтық жазушы,  –  тілі бай, ойы өрелі, зейіні зерек. Сонысымен бірге, тілі ащы да. Өте ащы! Ашық та, жабық та шағады. Енді қалай? «Қу өмір…» Баяғы сол, атаңыз: «Улы сия, ащы тіл – не жазып кетсең өзің біл».
Дидахмет Әшімханұлы. Кәдуілгі өзіміз­дің Дидаш ағамыз. Бірден айталық – ар-ұяттың, намыстың, жауапкершіліктің адамы. Қаншама жылдарын сарп еткен – қаншама шығармаларын лақтырып тастаған. «Оңайлықпен» дейсіз бе? «Іштен шыққан шұбар жылан­дарыңызды» Сіздер сөйте алар ма едіңіздер?.. Осы күндері сирек жазады. Сирек те болса – дөп те нақ жазады. Таза – қылау-шылаусыз жазады. Стилист!.. Дидаш ағамыздың қа-а-а-йбір жылдарғы «Самырсын сазы» әңгімелер жинағы – классикалық дүниелері де елеусіз қалды-ау дейміз. Өткен жылдары екі проза берді. «Ақшоқы», «Жынды жел» әңгімелері. Екеуі де классика – шедевр. Әсіресе, «Ақшоқы» – ӘЛЕМДІК СОМ ШЕДЕВР!  «Ақшоқының» пафосы – аспандық пафос!..
Мінеки, Сіздер мен Біздер үлгі алар, өнеге тұтар – Әлем, Орыс, Қазақ прозасының тізімдік нұсқасы. Ендеше, «Сәт-сапар!» дейміз-дә. «Дейміз-дә» деп екіұдайлана сөй­леуіміздің себебі… жә, тыңдаңыздар, «на­по­следок»: 
Біз бүгінгі бұл әңгімемізді не үшін қозғадық? Не себептен?.. Маңдайының соры бес елі, қасіретті қазақы қара сөзіміз үшін!.. (Шынайы шығарма «жоқ» болса – бір сәрі ғой. «Бар» ғой – бар! Көрмейміз – қасақана көргіміз келмейді! Өзіміз көрсоқыр я қасақана көрсоқыр болсақ – халық бейшараны да танауынан сақи­налап, мақау қылып, ыңғайымызға жү­гін­діріп алғанымыз тиімді-дә… Осындайда есіңе түсіп, көз алдыңа арман боп елес­тейді екен – сонау Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Белинский… әруақтар: Құдай берген шығармашылық қуаттарының ар­қа­сында Ресейде «крепостнойлықтың» жойылуына орасан себепші болып, халық­тың көзін ашқан).  
Қараңыздаршы – бір сәтке де болса ас­пан тұңғиығына үңіліп алып, Құдай­шы­­лық көзбен қараңыздаршы: Бү­гінгі (бұ­рынғыны қойдық) әдеби басы­лым­дарымыздағы үздіксіз жарияланып жат­қан «қарасөздер» не өзі? Проза ма?.. Егер де, соларды «проза» дер болсақ, онда, барар жеріміз белгілі («сабанхана») боп қалған екен… Біз «үлкен кітапты» ұс­тап тұрып-ақ айтар едік: Бүгінгі әдеби басылымдарымыздағы «проза» айдарымен үздіксіз жарияланып жатқандардың 98 пайызы – «ХАЛТУРА!» Құдайым-ау, болар елдің тірлігі ме бұл?!. Ал, біздікі өтірік болар болса, «Құдай өзі шауып алсын»… Бір-ақ мысал, қайбір жылдары «Қа­зақстан» телеарнасының «Шынның жүзі» бағдарламасында талантты жорналшы Қа­­сым Аманжолұлы Қабдеш Жұмаділов көкесіне: «Көке, сіздің «Бұқаштың бұ­қасы», «Құдайдың күркесі», «Жемдеген қыр­ғилар», т.т.т. толып жатқан «әң­гіме» деп дабырлатып жүргендеріңіз – «кәдімгі көкқасқа мақалалық дүниелердің өзі» емес пе? Қапелімде жаңылысып кет­кен жоқсыз ба?..» деп тігінен де төте­сінен сұрақ қойды. Сонда, Қабдеш кө­кесі (бір Қабдекеңнің ғана атын атап жатсақ – барша «бәкең-жәкеңдерге» де бағышталып тұр екен-ау деп турасынан түсініңіздер) не деді дейсіз ғой. Үдеріп, қоз­ғалақтап, қолдарын серместеп, орнынан қанатсыз-ақ ұшып кетердей боп: «Жоқ-ә! Олар менің бұл өмірді суреттеген ұлыәуи шедеврлерім ғой!!!» деді. Енді, қалғанын өздеріңіз түсіне беріңіздер…
Топ, топ, «корпоративтік» белең ал­ды. Асқынып барады. Жәкелерін жа­ға­лайтын жандайшап жағымпаздар же­терлік қой, – осы күндері жәкелеріңіз жалдап, алдап, зорлап жаздыратын (ма­дақтататын) болды. Со-о-о-нау бір жыл­­дары, бүгіндері селкілдесе де ба­қуат жә­­кеміз, өзіміздің «Герағамызды» Арал­дың бір пұшпақ аралына апарып бір ай қа­мап «шедеврін» орысшаға аудартқан екен. Енді, мыналар біздерді де зорлап, қамайды ма?.. Қорқатын болдық-ау. Жақында ғана бір «ер де өр» үкеміз теле­фон­да: «Жазбасаң» – КЕТ!» деді, – о бас­­та «өле-өлгенше бірге боламыз» деген ақ­тық сөзі  болса да нан ұстап тұрып айт­қан. «М-м-м, қайда кетеміз? Біз кете қалғандайда жерлері кеңіп, жетісе қалар ма екен, ә-а???» («Жазбасаң кет» дегіш үке­лерімізге, басқа да «корпоративтік» кө­ке-жәкелерімізге ораламыз әлі-ақ Құ­­дай қаласа. Жақсылап тұрып ораламыз!.. «Күрес! Мәңгілік күрес – сай­тандықпен!..») 
Біз бұл әңгімемізді біржағынан үмітпен де жаздық. «Үмітсіз – сайтан». Себебі, «Өнері, Әдебиеті өлген (саудаға түсіп кеткен) ел – ешқашанда ел болмайды». Мұны айтқан біз ғана емес, біздерден де бұрын­ғылар…

 

Алдыңғы «
Келесі »