«Қазагромар кетингтен» кеңес сұрап 3 мың шаруа қоңырау соққан

  • 11.11.2014
  • 370 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Биылдың өткен 10 айы ішінде «Қазагромаркетинг» АҚ-ның тегін байланыс орталығына отандық шаруалардан 3 мың қоңырау келіп түсті. Салыстыру үшін айта кетсек, былтырғы жылдың осы мерзімі ішінде келіп түскен қоңыраулардың саны 783 болатын. 

Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында қоңыраулар саны күрт артқан, нақтырақ айтсақ, қыркүйек айында орталыққа 423, қазан айында 725 адам хабарласқан. Қоңыраулар санының артуы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жылқы («Құлан») және қой («Алтын асық») шаруашылықтары саласындағы жаңа несиелеу бағдарламаларын іске асырып, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарнамалауына байланысты орын алып отыр.

Жыл басынан бері хабарласқандарды қызықтырған тақырыптар ішінде ең басты орын әдеттегідей «ҚазАгро» холдингісінің еншілес компаниялары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алуға тиесілі. Қыркүйек айында бұл тақырып төңірегінде жасалған қоңыраулар саны 60%-ды, қазан айында 80%-ды құраған.

Оның ішінде шаруаларды неғұрлым қызықтырған «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары болып табылады. Бағдарлама шарттарына сәйкес Аграрлық несие корпорациясы өзінің облыс орталықтарындағы өкілдіктері мен аудандардағы несие серіктестіктері арқылы қой мен жылқы малын, техника, құрал-жабдық, айналым қаражатын сатып алу мен малды өсіруге қажетті құрылыстарды салуға 4%-дан 9%-ға (субсидиялауды ескере отырып) дейінгі пайыздық ставкамен жеңілдетілген несие бөледі. Бағдарламаның артықшылығы – несиені ісін енді бастағалы отырған шаруалар ала алады. Шарт бойынша қарызгердің сатып алынған мал құнының 30%-нан кем емес мөлшерде өз қаражаты болуы тиіс.

«Қазагромаркетинг» АҚ байланыс орталығының қызметкерлері шаруаны қызықтырған бағыт бойынша несиелеу шарттарын түсіндіріп, нақты қай ұйымға хабараласу қажет екендігін айтады, ұйымның телефондары мен мекенжайын хабарлайды.

Өткен қазан айында қоңыраулардың көбісі Оңтүстік Қазақстан (31%), Алматы (13%), Жамбыл (10%) және Шығыс Қазақстан (7%) облыстарынан келіп түскен. Қалған облыстардан қабылданған қоңыраулар саны 1-ден 5%-ға дейінгі мөлшерді құраған.

Қазан айында тіркелген қоңыраулардың 63% қазақ тілінде жасалған.

Байланыс орталығына хабарласу тегін: Қазақстанның кез келген аймағынан стационарлық және ұялы телефоннан ақысыз қоңырау шалуға болады.

Байланыс орталығының қызметі Астана уақыты бойынша жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін қолжетімді (үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін). Жұмыс уақытынан тысқары мезгілде хабарласқандардың қойған сауалдары таспаға жазылып, кейіннен операторлардың назарына ілінеді.

«Қазагромаркетинг» АҚ-ның байланыс орталығы 8 800 080 70 80 нөмірі бойынша қызмет көрсетеді. 

baq.kz

Алдыңғы «
Келесі »