Исмаилиттердің Орта Азияға таралуы

  • 11.11.2014
  • 736 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Орта Азия – Азияның ішкі аумағында орна­ласқан табиғат аймағы. Оның батысы мен солтүстік-батысында ТМД елдері (Қа­зақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан), солтүстігінде Моңғолия, Қы­тайдың солтүстік-батыс бөлігі орна­ласқан. Оң­түстік-батысы мен оңтүстігін Ау­ғанстан, Пәкстан, Үндістанның солтүстік бөлік­тері, орта­лығы мен шығысын Қытай алып жатыр. 


Исмаилиттердің Орта Азия елдеріне тара­луына байланысты сөз айтпас бұрын ол жайын­да қысқаша мағлұмат берген жөн. Смайыл Сейтбековтың «Мәзһабтар тарихы» атты еңбегінде Исмаилиттер ағымы жайында мынадай мәлімет берілген. 
Исмаилиттер – шииттіктің асыра сілтеуші тармақтарының бірі. Ол Имамияның алтыншы имамы Жағфар әс-Садық (765ж.) қайтыс бол­ғаннан кейін пайда болды. Яғни, имамия шиғасы жетінші имам ретінде Мұса әл-Казымды аталса, исмаилер Жағфар әс-Садықтың үлкен ұлы Исмаилды жетінші имам деп таныды. Жеті имамды қабылдайтындықтан оларды «жетішілдер» (сабғина) деп атайды. Исмаилдың ең жақын досы Әбул-Хаттаб (138-755) Ис­маилия атымен шыққан батыни сек­таның діни сенімдері мен жалған құрылымын қалыптастырған адам болып табылады.
Исмаилдың өлімінен кейін (774ж.) басына Абу ал-Хаттабты әкелді, одан кейін Мәймун әл-Қаддах пен балалары Абдуллаһқа пен Мұхаммедтің айналасына жиналған Исмаилдіктер жұмыс басына абу ал-Хаттабты әкелді. Одан кейін Маймун әл-Каддах пен баласы Абдуллаһтың билігі жүрді. Бұл адамдар көне Орта Шығыс діндері мен жаңа Эфлалтн (Платон) философиясына жүргізіп, батыни діни ұйымын құрған.
Құрылғаннан бастап 150 жыл бойы имамдары жасырын (ғайып) болған исмаилияны үгіт жүргізушілер басқарған. Олар Куфа, Йемен, Ирак және Солтүстік Африкада әрекет жасап, үгіт жүргізді. Бұл имамдар өз мазһабтарының көзқа­растарын таратты. Бахрейндегі үгітшілер басқару істерін өз қолдарына алып, сол жерде Кармати мемлекетін құрды. Зұлымдық пен қысым басым болған бұл дүниеге әділдік орнататын құтқарушы (Мәһди) келетінін, оның залымдардан өш алатынына сенген адамдар саны көбейе түсті. Сол кездегі әкімшілік тәртіпке қауіпті болған Исмаилдік үгітшілер Йемен мен Солтүстік Африкада да жетістіктерге жетті. 
1171 жылы айюбилер тарапынан жойыл­ған фатимилер ұзақ уақыт Йемен, Мысыр, Сирия, Хиджаз және Солтүстік Африканың маңызды бөлігін өз қолдарында ұстады. Исмаилия әл-Мустансирдың халифалығы кезінде (1036-1094) Низари және Мустами тобы болып екіге бөлінді [1/108б.].
Осыған байланысты профессор Сабри Хизмет­лидің «Орта Азия түрік респуб­лика­ларын­дағы ағымдар және миссионерлік» атты кітабында: «Алдымен имамия шиғасы болған Хасан Саббах үгітшілердің жұмысының нәтижесінде Исмаилдік болды. Низардың имамдығына қолдау көрсетті. Көтерілісші және батыни пікірлерімен Ислам әлемінде батыни сенімдерді таратушы болды. Уақыт өте келе Йеменнен басқа аймақтардағы Исмаилдіктер де Низардың қасына барып, низарилік көптеген аймақта үстемдік етті.
Исмаилиттер басқарушысын «нағыз үгітші» деп атаған. Низари Исмаилдіктері қазіргі кезде дүниенің көптеген аймағына тараған. Үндістандағы Бохра деп аталатын батыни сені­міндегі топ бұлар­дың бір бөлігі болып табылады. Мұндай топ Ха­сан Саббах тарапынан Иранда да құрылды. Ол 1090 жылы Казбин маңайындағы Аламут қаласын басып алып, Иран Низари Исмаили мемлекетін құрған. Гашиш берілген қорғаушылар осы мемлекет көмегімен Исмаилдікті Ирак және Сирия мен қоса Анадолыда да таратуға тырысты. Уақыт өте ке­ле Ираннан Үндістан және Ауғанстанға келген Ни­зари исмаилилігі 1840 жылы Аға-хан I Әли-шаһпен Үндістанда жаңа кезең бастады. Аға Хан III сұлтан Мұхаммед-шаһ кезеңінде үлкен жеңіске жетіп, Аға-хан IV болған Кәрим-шаһ Әлидің басқа­руымен қазірге дейін жеткен», – деген [3/85б.]. Бұдан Исмаилиттер ағымы біздің заманымызға дейін келіп жеткендігіне көз жеткіздік. Исмаилиттер Орта Азияға алғаш қадам басуы Мұхаммед ибн Ис­маилдың (158-197/775-813) Тәжікстанмен ше­каралас Ферғана өңірінде паналағаны жайлы деректер бар. Ол кезде Ферғананың гүлденген шағы, «Түркістан қақпасы» деген атауымен танымал болатын. Ал, қазіргі таңда бұл жер Өзбекстан мен Тәжікстан аймағында жатыр. Кейіннен Орта Азия­ның таулы аймағы Бадахшандағы Памирге қоныс аударғандығы жайлы деректер табылды [5]. 
Исмаилиттер Орта Азияда елдерінің бірі Фер­ғана қаласынан бастау алып Тәжік­стан­дағы Таулы аумақ Бадахшандағы Па­мирде тамыр жаяды. Демек, 1256 жылы  Низа­риттік исмаилиттер мемлекеттің құлауы ирандық исмаилиттердің ортағасырлық тарихының жаңа кезеңінің басталғандығын біл­діреді. Бұдан әрі олар өз саяси ықпалын жо­ғалтып, тек Персия, Ауғанстан және Орта Азия­дағы діни азшылық қауымды құрады. Бұл қауым­дардың  Аламут кезеңінен кейінгі екі ғасыр тарихы толық мәлім емес.
Моңғолдардың Персияға шапқын­шы­лығы нәтижесінде низариттер құлдырауға ұшырап, басылып тасталды. Нәтижесінде Рудбар мен Кухистанда олар толық жойылды. Моңғол шапқыншылығынан аман қалған низариттер Ауғанстан мен Бадахшан және Синд аудандарына қоныс аударды. Көптеген низариттік қауымдар  алыс аймақтарда қалып, бір‑бірімен байланыстарын үзіп алды. Олар ассимиляцияға ұшырап, саны жағы­нан өзінен көп басқа конфессияларға қосылып кетті. Низариттердің Аламутта болған орталығы басқарусыз қалды. Аламут құлағаннан кейінгі екі ғасырда низариттер Персия, Ауғанстан, Бадахшан, Сирия және Үндістанда жергілікті даилардың басқаруымен жеке­‑жеке дамыды.
Низариттік діндарлардың бір тобы Рукн ад‑Дин Хуршахтың кіші ұлы исмаи­литтік имаматтың мұрагері Шамс ад‑Дин Мұхаммедті аман алып қалды. Оны Әзір­байжанға алып кеткенге ұқсайды. Ол өмірінің соңына дейін сонда болып, өзін тігінші ретінде көрсеткен. XV ғасырдың екінші жартысына дейін жиырма сегізінші имам Шамс ад‑Дин Мұхаммедтің Персиядағы мұрагерлері туралы ешқандай мәлімет жоқ. Шамс ад‑Дин Мұхаммед шамамен 1310 жылы қайтыс болған. Оның мұрагерлері туралы дау низариттердің имамдар тізбегін екі топқа бөліп жіберді. Олар кейіннен мұхаммадшахи және қасымшахи деген аттармен белгілі болды. Дайлам мен Бадахшанда көптеген жақтастары болған мұхаммадшахи тізбегі 1786 жылдан үзіліп қалды. Қасымшахи тізбегі әлі күнге дейін сақталған. XIX ғасырдың басында осы тізбек имамдары «Аға‑хан» атағымен әйгілі болды.
Орталық Персияда орналасқан Кум мен Махал­латқа жақын аймақтағы Анджудан елді мекенінде қасымшахи тізбегіндегі низариттік имамдар ғайыптан қайта пайда болды. Бұл Аламуттан кейінгі низариттік исмаилиттердің қайта жандануына әсер етті. Имам әл‑Мустансир биллах осы тізбектің бірінші имамы болды. Ол  Анджуданда орын тепті [6/175б.].
Қазіргі исмаилиттер қауымы имамының бас пәтері Женева қаласында орналасқан. Исмаилит­тердің қырық тоғызыншы имамы ұлы мәртебелі Кәрім әл‑Хусейн Аға Хан VI 1967 жылы құрылған өзінің қайырымдылық қоры арқылы исмаилиттер қауымының гүлденіп дамуына жағдай жасап, олар көп орналасқан аймақтарды қамқорлыққа алып отыр [7/3б.]. 
Қазақстанда шииттік исламды Әзір­байжан ұлтының өкілдері ұстанады. Алматы қаласы бойынша бір шииттік мешіт қызмет етеді. Соңғы уақыттарда республика көлемінде шииттік әдебиет­тер жарық көруде. Бұл іс-шаралар көбіне сол елде білім алып келген студенттер мен Иран Ислам Республикасы Елшілігінің Алматы қаласын­дағы Мәдени орталығы арқылы жүзеге асуда. Дегенмен, исламдағы бұл бағыттың даму қарқыны жоғары емес [2/67бет].
Сондай-ақ, аталмыш ағымдардың Орта Азиядағы түркі тілдес республикаларда бас­қа­ру органдары, кооперативтері, білім беру ұйым­дары, баспасөз органдары және қорлары арқылы жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асыруда. Олардың қомақты қар­жылық күштері болғандықтан, бұл елдерде осыған асқан қызығушылық танытуда және адамдарымен оп-оңай қарым-қатынас құрып, өздерінің көзқарастары мен ағымдарын таратуда. Аға хан тарапынан ұсынылып отырған исмаилиліктердің ең ірі саяси қолдаушысы Англия болып табылады [3/67бет].
Қазіргі таңда Исмаилиттер көсемдері Орта Азия елдеріне толық кіре қойғаны жоқ. Өйткені, тарих баяндаған Исмаилиттердің діни наным сенім негіздері әлемдік діндер өлшеміне сай емес. Алайда, оларды бұр­ма­ланған секта ретінде қарастырған дұрыс. Өйткені, Исмаилиттер Тәжікстан, Қыр­ғызстан және Қазақстан елдеріне жоғарғы оқу орнын құру мақсатында өткізілген дипломатиялық мемлекетаралық келісімдері сәтті аяқталғанымен дінтану мамандары жан-жақты наразылықтарын білдіргендері жайлы бұқаралық ақпарат қызметтерінен көруге болады. Алайда, осы аталмыш елдермен қоса Ауғанстанды да қосуға болады. Ал, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркменстан елдері Исмаилиттер көсемі Аға Ханмен VI дипломатиялық кездесулермен ғана шектеледі. Ал, одан әрі қарым-қатынастары жалғаспағаны анық. Ен­деше діни көсемі, имамы атанған Аға Хан VI туралы тоқтала кеткеніміз жөн болар. Аға Хан тілдік мағынасы парсы тілінде: آقاخان‎‎ – «қожайын» және «хан» сөзінен шыққан – исмаили-низарилердің діни қауымының көсемінің атадан балаға қалатын атағы. Иран шахы Аға Хан атағын өзінің күйеу баласы Мұхаммед пайғамбардың  қызы Фатиманың ұрпағынан саналатын Керман әмірі (1800-1881) Әбул-Хасанға (Аға-хан I) берді. Бірақ, Аға-хан I-ші 1838 жылғы сәтсіздікке ұшы­раған Ирандағы көтерілісті басқарғаннан соң Ауғанстан мен Синдке қашуға мәжбүр болды. Ол Ұлыбританияның көмегіне сүйеніп, Үндістанның Бомбей қаласында тұрақтады. Әбу ал-Хасанның немересі Сұл­тан Мұхамед Шах, Аға-хан III (1877-1957) Үндістанның саяси өмірінде маңызды роль атқарды. Ол мұсылман халық пен Британ Үндістанының колониалды үкіметін қолдауына, әсіресе, Бүкіл үндістандық мұсылман лигасының басшысы болғаннан соң, қол жеткізуді мақсат етті. Ханзада Карим-шах (13 желтоқсан, 1936 жы­лы туған) – қазіргі Аға-хан IV өз қыз­метіне 1957 жылдың 11 шілдесінде 21 жа­сында енді. Ол Исмаилиттердің 49-шы имамы саналады, әрі Гарвард уни­вер­ситетінің түлегі. Ендi, оның қазiргi рухани көшбасшысы Кәрiм Аға Ханға келетiн болсақ ҚР-ның «Жас алаш» газетінің тілшісі Жанболат Мамайдың мақаласында: «Аға Хан IV – әлемдегi ең бай адамдардың бiрi. Оның меншiгiнде ондаған қонақ үйлер, компаниялар, демалыс орындары бар. Аға Хан қорының жылдық табысы 300-500 миллион долларды құрайтыны жайында да айтылады. Ең қызығы, Аға Хан Батыс елде­рiнде бiлiм алып, сонда тұрады. Оның дiншiлдiгi де аса байқалмайды. Ол зайырлы дәс­түрде өмiр сүрiп, Батыс мемлекетте­рiнiң басшылығымен жақсы қарым-қатынаста. 1957 жылы Ұлыбритания патшайымы оған «ұлы мәртебелi» атағын бердi», – деп жазған. 
Сондай-ақ, Аға Хан IV бастаған Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінде халық­аралық Орталық Азия жоғарғы оқу орындарын ашу жоспары 2000 жылы бастауын алып, әлі күнге дейін жүзеге аспады. Өйткені, тарихтың куәлігімен бізге дейінгі мұсылмандардың ортақ бір сенім төңірегінде бас қосулары, бұрмаланбаған таза сенімнің арқасында болғандығын көреміз. Исмаилиттер – Шиит ағымының бір тармағы, жауыздығымен, лаңкестік әрекеттерімен Ислам тарихында өшпес із қалдырған, қаншама ғалымдар мен бейбіт тұрғындардың өміріне балта шапқан, адасушы зиянды ағым екендігінде күмән жоқ. Бұлар алғашқы кезде шын мәнінде «шиит» сөзіне лайық болатын. Шынында, олар Хазіреті Әлидің Хазіреті Пайғамбарға (с.а.с) ең жақын туысы әрі хақ халифа ретінде қолдаған еді. Олар мұсылмандар арасында бүлік шығармады, дінге дінде болмаған нәрселерді енгізбеді, тек турашылдықты ұстанды. Дегенменде, бертін келе Ислам дінін әлсірету, мұсылмандар арасында бүлік шығару үшін осы атты жамылып, өз мүдделеріне пайдаланған саяси топтар бой көтере бастады. Саяси топтағы арандатушылар әһлу бәйттің өшін аламыз деген жалған ұранмен халықты билікке айдап салып отырды. Кейбір саяси оқиғалардан кейін осы ұранды ұстанушылар саны артып, аяғы үлкен күшке айналды. 
 Қорыта келгенде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үмбетім бұқара көпшілік болып адасуда болмайды», – дегеніндей өткенімізден тәлім ала отырып күніміздегі мұсылмандар арасындағы ауызбіршіліктің кепілі Құран мен сүннетке негізделген және ғалымдардың ғылыми зерттеу­лерінен туындаған дұрыс сенім екендігіне көз жеткізудеміз. Бір діннің, әсіресе, сенім мәселесінде сан алуан ағымдар мен тармақтарға бөлінуі еш уақытта жақсылыққа бастамаған. Діндегі дұрыс сенімнің және бағыттың қайсысы екендігін, байқап қарасақ тарихтың өзі көрсетіп отыр [8].

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Смайыл Сейтбеков – Мәзһабтар тарихы, Алматы 2012.
2. Ғарифолла Е. Байтенова Н.Ж. – Қазақ­стандағы діндер, Алматы 2008.
3. Сабри Хизметли – Орта Азия түрік республикаларындағы ағымдар және миссио­нерлік, Алматы 2006.
4. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна ltd» ЖШС, 2010.
Ismaili.NET – Heritage F.I.E.L.D. Исмаилизм арнайы сайты. 
5.Фархад Дафтари. Краткая история исмаилизма. Москва, 1998г. 
6.Куслий П. Ассасины у границ России. Статья. 2003г.
7. ҚазАқпарат баспасы. Марлен Жиенбай мақала. Астана 2012ж.

Сералы Парманов, 
Серік Таджибаев

Алдыңғы «
Келесі »