Сықақшы Толымбек ӘЛІМБЕК- ҰЛЫНЫҢ әзіл-оспақ беті

  • 11.11.2014
  • 1508 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Толымбек  Әлімбекұлы

АҚЫРЗАМАН

Естуімізше ақырзаман болғанда 
Онда тірлік оңған ба?! 
Аспан айналып жерге түседі 
Оның салмағы елге түседі. 
Жер аспанға шықпайды, 
Құлдилап барып көрге түседі. 
Ауаның температурасы 
Не көтерілмей, не төмендемей, 
Нөлге түседі. 
Мал адам болады да, 
Адамдар мал болады. 
Шалдар кемпір, 
Кемпірлер шал болады. 
Қыздар ұл болады да 
Ал атпалдай ұл қыз болады. 
Жұлдыздар әртіске айналып, 
Әртістер жұлдыз болады. 
Күндіз түнге ауысып,
Түн күндіз болады.
Ертеректе жұлдызды
Шалқадан жатып көретінбіз.
Мынау – сенікі, анау – менікі деп,
Тең бөлгендей бөлетінбіз.
Қазір соның бәрі
Ағып түсті ме, лағып түсті ме –
Жерде қаптап жүр.
Қол жетпейтін көктегі жұлдызды
Ел бүгінде аяғымен таптап жүр.
Оңға қарасаң да – жұлдыз,
Солға қарасаң да – жұлдыз,
Ойға барсаң да – жұлдыз,
Тойға барсаң да – жұлдыз,
Жатсаң да – жұлдыз,
Тұрсаң да – жұлдыз,
Көзіңді ашсаң да, жұмсаң да – жұлдыз!
Қысқасы, жұлдыз, жұлдыз, жұлдыз!
Жұлдыздан аяқ сүрінеді,
Сонда біз қайда жүрміз?
«Жұлдыздар отбасы»,
«Жұлдыздар әлемі»,
О, құдайдың салған әлегі!
«Екі жұлдыз»,
«Жұлдызбен тілдесу»,
Тілдесе алмай мұң кешу,
«Жұлдыздар шақырады»,
Жұлдыздар аһ ұрады.
Жұлдыздар түшкіреді,
Жұлдыздар пысқырады.
Жүйкем қолын аузына салып ысқырады.
Не боп кетті?
Алқымдап, тақымдаған,
Осы ма ақырзаман? –
деп қабарып қайғым отыр.
– Ана бір жұлдызды қарашы!
– Кетші әрі!
Жүрегім айнып отыр!

ҚАЙРАН, БАСТЫҚ! 
(Кененше)

Келін кетті тілді алмай, кердең басып, 
Бауыр да жүр шіреніп, белден басып. 
Оны көріп басқалар барды басып, 
Кетіп жатыр шетінен елден қашып, 
Қайран бастық!
Қыздар тілді алмайды шолжаң басып, 
Күйеулер де кетті әне, талтаңдасып. 
Әйелі де соларға ілесіп ап,
Қалар ма екен, ойпырмай, жанжалдасып,
Қайран бастық!
Ынтымағы сөгіліп, шетінеген,
Осылардың басталды шеті неден?
Тыңдата алмай жүргенде жақындарды,
Депутаттар кетер ме бетіменен,
Қайран, бастық!

СЫНАҚ 
Шәкірті, інісі Қанат Ескендіров журналистика факультетінің соңғы курсында жүргенде бір сабақтан сынағын ала алмай қалады. Ұстазы Мектептегі Аманқос екен. Ол – Толымбектің курстасы. Қанат Төкеңе айтады да екеуі университетке барады. Аманқос табылмайды. Толымбек бір жапырақ қағазға мынадай жолдарды түзеді:
Жоқ екенсің Мектептің Аманқосы, 
Дос болып, шаруа айтқан жаман ба осы? 
Қойып бер сынақшасын Ескендірдің 
Інім де, шәкіртім де, балам да осы. 
Аманқос сөзге келмей қойып беріпті. 

ҚҰТТЫ БОЛСЫН АЙТЫҢЫЗ! 
Толымбек Айгүл Иманбаеваның үйіне барады. Есігінде құлып тұр. Айттың кезі екен. Толымбек бір жапырақ қағазға мынадай жолдарды түзеді:
Құтты болсын айтыңыз!
Қаңғырмай, үйге қайтыңыз.

АЙЛЫҚ 

Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде сабақ беріп жүрген Толымбектің бір айлығын директор қысқартып тастайды. Себебі болса керек. Келесі айда Наурыз келеді. Директордың жаңа бұйрығы шығады. Онда «Наурыздың сценарийін Толымбек Әлімбекұлы жазады, бұйрықпен танысып, қол қойсын» деген жерге Төкең қол қояды да мынадай жолдарды артынан тіркейді.
Бұйрықпенен таныстым, айтарым бар:
Өткендегі айлықты қайтарыңдар!
Келесі айда кесілген айлығы түгелденіп, қолына тиеді.

ҚҰТТЫҚТАУ
Жәркен Бөдешов Қазақмыстың бас бәйгесін жеңіп алады. Қалтасына қо­мақты ақша түседі. Толымбек бір шумақ құттықтау береді:
«Ақша жоқта жолығасың» деуші еңіз, 
Бүгін енді түспесінші еңсеңіз. 
Оразаның мезгілі ғой керемет 
«Қой» демейміз жүлдеңізден бөлсеңіз.

БАЗАРДА
Базарда жүрген Толымбекке сатушы қыздың бірі шаршап отырғанын айтады.
– Не болды бесіктен белің шықпай жатып шаршайсың? – дейді Толымбек ренжіп.
– Ой, ағай қартайдық қой, – дейді.
– Қыздың жасын сұрамаса да сұрайын, қартайып, қаншаға келдің?
– Елуге! – дейді ол да шімірікпей.
– Сен елуге келсең, онда біз өлуге кеп қалған шығармыз, – депті Толымбек.

Алдыңғы «
Келесі »