Н.Назарбаев С. Демирельді 90 жасқа толуымен құттықтады

  • 05.11.2014
  • 324 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ҚР Елшісі Жансейіт Түймебаев Түркияның бұрынғы Президенті Сүлейман Демирельге Елбасының құттықтау хатын табыстады, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен. 

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев Түрік Республикасының 9-шы Президенті болған Сүлейман Демирельмен оның 90-жылдық мерейтойында кездесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыс етті.
Құттықтау хатында ҚР Президенті Н.Назарбаев мерейтой иесіне өзінің шынайы лебізін білдіріп, еліміздің тәуелсіздігі жылдарындағы
С.Демирельдің қазақ-түрік ынтымақтастығына қосқан үлесін жоғары бағалаған.

«Бауырлас Қазақстан мен Түркия халықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларға қолдау бергеніңізді аса ризашылықпен атап өткім келеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің арасында орын алып тұрған Түрік Республикасының дамуына қосқан үлесіңіз баршаға мәлім», – деді ҚР Президенті Н.Назарбаев өз хатында.

Кездесу барысында С.Демирель Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен жүздесулерін жылы ықыласпен еске алып, оны өзінің досы және бауыры ретінде санайтынын жеткізді. Ол ҚР Президенті Н.Назарбаевқа және жалпы Қазақстан халқына шынайы және жылы құттықтаулары үшін зор ризашылығын білдірді.

Сұхбат барысында түрік президенті қазақ-түрік қарым-қатынастарының жоғары деңгейде екенін және екі бауырлас елдің арасындағы әр түрлі салалар бойынша өзара ықпалдастықтың дамуын атап өтті.

Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың түркі әлемінің көшбасшысы ретінде қазақ-түрік ынтымағы, түркі тілдес елдердің арасындағы интеграциялық үдерістердің кемелденуіне үлкен үлес қосқанын атап өтті. Қазақстан көшбасшысының бастамасымен түркі әлемінің тарихында алғаш рет Түркі кеңесінің құрылғанын айтты.

«Әлеуметтік, экономикалық және сыртқы саяси салаларындағы жетістіктермен баянды Қазақстан тарихындағы бір дәуірдің Н.Назарбаевтың атымен тікелей байлынысы бар», – деді Түркияның 9-шы Президенті С.Демирель.

Өз кезегінде Елші Ж.Түймебаев Қазақстанның негізгі іс-шаралары және сыртқы саяси бастамалары, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарының ахуалы туралы хабарлады.

С.Демирель Қазақстанның «G-Global» және «Atom» сияқты жобаларын қоса алғанда, әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау көрсетілген сыртқы саяси бастамаларын жоғары бағалады.

«Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаев көреген және дана саясаткер», – деді Түркияның экс-президенті.

Сұхбаттың аяғына қарай, Ж.Түймебаев С.Демирельге ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдаулы шығармаларының бестомдығын және «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: әлемдік деңгейдегі Көшбасшы – Еуразияның жарқын жұлдызы» атты кітабын табыс етті.

Экс-президент С.Демирель ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа және жалпы Қазақстан халқына өзінің ризашылығын білдіре отырып, алда келе жатқан Қазақстанның Тәуелсіздігі күнімен құттықтады.

Айта кетейік, Сүлейман Демирель – атақты мемлекет қайраткері, Түркия саяси олимпінің ең жарқын тұлғаларынан бірі. 1965-1993 жылдары арасында әр түрлі жылдарда елдің премьер-министрі лауазымында бес рет қызмет етті, ал 1993 жылдан бастап, 2000-шы жылға дейін Түркияның Президенті болып сайланып, бұл қызметті 7 жыл абыройымен атқарған.

ҚазАқпарат

Алдыңғы «
Келесі »