Жария ету жеңілдігі үкіметтік емес ұйымдарға да қажет – М. Башимов

  • 27.10.2014
  • 226 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еуропалық құқық және адам құқықтары жөніндегі сарапшылық институтының директоры, сарапшы, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов осылай мәлімдеді, – деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

– Еліміз Тәуелсiздiгін алған жылдардан кейінгі кезеңдерде құзырлы органдарға ресми түрде тiркелген 27 мың үкіметтік емес ұйымның, бүгінгі таңда, тек 8400-i ғана жұмыс iстейді. Олар белсендi түрде қоғам мен қарапайым азаматтар үшін және ел игiлiгiне жұмыс iстеп келеді. Ал қалғандары ше? Жәй ғана санда бар, санатта жоқ дегендей, олардың басым көпшілігі салық органдарының алдындағы болмашы ғана қателігі немесе кемшілігі үшін жүздеген мың теңгелік қарыздарымен тізімде тұр. Өйткені, олар енді не қарызын төлеп құтыла алмайды, не жұмыс істеп жарытпайды. Себебі, салықтық берешегі үшін қандай да бір қызметпен айналысуына рұқсат жоқ. Осы ретте ел ішінде жүргізіліп жатқан жария ету шарасы аясында осы ҮЕҰ жұмыс істеуіне мүмкіндік бергеніміз жөн сияқты. Ал олардың көпшілігі болмашы ғана тиын-тебеннен тұратын салықтық есебін тапсыруды бірер күн кешіктіріп алғаны үшін ғана жүздеген мың теңгелік айыппұлды мойындарына арқалаған ұйымдар, – деді заң ғылымдарының докторы.

Айта кетейік, ол өз мәлімдемесінде елдегі өзге де үкіметтік емес ұйым өкілдерін тізе қоса отырып, салықтық заң талаптарының «түймедейді түйедей етіп көретін» кейбір баптарына қандай да бір өзгеріс енгізуге күш салатындарын білдірді.

 Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Суретті түсірген – Азат ЕСЕМБЕКОВ

 

 

Алдыңғы «
Келесі »