Наурыз

  • 07.03.2012
  • 8067 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мыңбай ИСҚАҚОВ,

профессор

(«Қазақ календары» кітабынан)

Наурыз атауы қазақ тіліне Соғда мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Бұл айды соғдалықтар наусарыз, хорезмдіктер наусарджи деген.

Наурыз мейрамы өте ерте заманнан келе жатыр, ол көктем мейрамы есебінде халықтардың көпшілігінде бар. Екіншіден, бұл пікірді «нау» сөзі де сыпаттайды. Әр түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, ол бірталай тілдерде сақталып келеді: орысша – нов(ый), немісше – нойе, латынша – нео т.с.с. Сонда «нау» индо-европалық халықтар дараланудан бұрынғы сез болып шығады. Оған кемінде 5000 жыл болды.

«Наурыз» парсы сөзі болғанымен, өте ерте заманда кірігіп, қазақ тұрмысына сіңіп кеткен сөз. Оның үстіне наурьіздың бұрынғы, ескі түркіше немесе қазақша аты бізге белгісіз (Б.А. Куфтин айтқандай, аласапыран осы ай болуы мүмкін, бірақ оның әзір тиянақты дәлелі жоқ). Сондықтан оны ескі қазақ календарынан шығару қиын. Ертеден келе жатқан дастандардың бірі «Қобланды батыр» жырында:

Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін

* * *

Көлден ұшқан каздаймын,

Наурыздан соңғы жаздаймын, –

деген жолдар бар. Парсы календарында наурыз ай емес, жыл басындағы жеке бір күн ғана. Ал Соғда, хорезм, қазақ календарьларында ол жаңа мағынаға ие болып, ай атына айналған. Бұл ай чуваш календарында да бар. Чуваштар наурыз айын норас-ойахе дейді.

Наурыздың бірі қазақ, өзбек, қарақалпақ, тағы басқа халықтарда көктем мейрамы болған. Бұл күні жұрт ауыл аралап, бірін-бірі жаңа жылмен құттықтайтын, қарттарға өгіздің шекесі тартылатын, жастар «наурыз көже» ішетін, ән шырқап, күй тербеп, көкпар тартып, ойын-сауықпен өткізетін. Орта Азияның әкімдері кейбір зынданға салынған тұтқындарға кешірім беретін, сондықтан қарапайым халық: «Наурызда Самарқанның кек тасы да жібиді» дейтін.

Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы. «Аурулар сауығамын деп, аштар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көреміз дегендей жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, «бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулері, жалынды кұшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын» (Сәбит Дөнентаев). Совет өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанның орталық газеттері еңбекшілерді наурызбен құттықтап   отырды.   «Еңбекші қазақ»   (қазіргі «Социалистік Қазақстан» газеті) өзінің 1925 жылғы мартта шыққан нөмірінде халықты:

Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп,

Шаруаның кенелген

Мейрамы ежелден

Құтты болсын бұл наурыз, –

деген бірінші бетке ірі әріптермен басылған, өлеңмен құттықтады. Наурызға арнап Бейімбет, Ілияс, Сәбит т. б. ақындар өлең жазды.

Наурыз қазақ тұрмысына ислам дінінен бұрын келіп сіңіскен. Ислам дініндегі айт мейрамдары оны недәуір ығыстырған. Бірақ халықтың салт-санасына берік орнап қалғандықтан, айтпен қатар мейрамдалған. «Наурыз» Үйсін, Қаңлы, Кердері тайпаларына біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында келген деуге болады.

Алдыңғы «
Келесі »