Түркістан өлкесін зерттейтін орталық ашылды

  • 20.10.2014
  • 397 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан Жүсіп Баласағұн атындағы ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталық Түркістан өлкесін зерттеумен айналысады. Бұл туралы аталған оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

 Ғылыми зерттеу орталығының мақсаты – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Орталық биылға жоспарлаған 6 томның 2-і баспадан шығарды. Сонымен қатар, Алаш қозғалысы мен Жетісу өлкесінің отарлану тарихына қатысты екі кітап та қалың оқырманға жол тартты. Белгілі тарихшы О.Қоңыратбаевтың «Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегі. 1 том (1894-1919)» атты биохроникалық зерттеу еңбегі таяуда жарық көрмек.
Орталыққа есімі берілген Жүсіп Баласағұн қазіргі Қазақстанның Шу аймағындағы көне Баласағұн қаласында туған. Ғұламаның басты шығармасы – «Құтты білік» – ізгі мемлекетті қалай құру және оны қалай басқару туралы энциклопедиялық туынды болып табылады. «Құтты білік» – ізгі мемлекетте өмір сүретін ізгі адамды қалай тәрбиелеу керек деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген түркі тіліндегі алғашқы философиялық-педагогикалық шығарма екенін де атап өткен жөн.

Хабарлайды baq.kz сайты.

Алдыңғы «
Келесі »