• 12.10.2011
  • 549 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ,
«Ақиқат» журналының
1998-2000 жылдардағы
бас редакторы
Мен «Ақиқат» журналына 1998-2000 жылдары басшылық еткен
едім. «Ақиқатқа» келердің алдында бес жылдай «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болдым. Әрине, әдеби басылымнан гөрі, «Ақиқат» сияқты қоғамдық-саяси журналдың ұстанатын бағыты, тақырыптық бағдары бөлектеу ғой. Әрбір жаңадан келген бас редактор басылымның жеткен биігін бұрынғыдан да биіктетсем, тақырып аясын кеңейтіп, оқырманның талғам-тілегінен шықсам екен деген мақсатты көздейтіні анық.

«Ақиқат» бағыт-бағдары айқын, тақырыптық жағынан қалыптасқан, елге ежелден танымал байырғы басылым болғандықтан, пәлендей өзгеріс енгізіп, жаңалық ашу да қиын. Мақсат – бұрынғы деңгейінен төмендемей, дәстүрлі бағытынан ауытқымай, атқарылған игі істерді орнымен заман талабына сай жалғастыра білу болды. Журналдың қызықты әрі тартымды болуы үшін оқырманның өз тарапынан қандай ой-пікірі, ұсыныс-тілектері, сын-ескертпелері бар екенін білу мақсатында және журналдың көркемдік-идеялық сапасын жақсартуға көмегі тиеді-ау деген ниетпен оқырманға он сұрақ қойып, жауап беруін өтінген едік. Ойлағанымыздай оқырман ой бөлісті, хат арқылы талап-тілектерін білдіріп, кейбір тақырыптардың көбірек, кеңірек қамтылуын өтінді. Әсіресе, журналдың танымдық-ағартушылық сипатын атап өтіп, ел өмірінің өткендегі елеулі оқиғалары, ірі тұлғалары туралы жазылғанын қалады. Осы талаптарды ескере отырып, біз ақтаңдақтар ақиқаты айдарымен бірталаай құнды материалдар жарияладық. «Тарих және тағдыр» айдарымен берілген мақалаларда Бопай ханша, Тезек төре, Айғаным ханша тағы да басқа тарихымызда із қалдырған белгілі адамдардың беймәлім сырлары ашылды. Журналдың бағыт-бағдары, әрине, айдарларынан танылады. Қазақ зиялыларының ой-пікірлерін «Қазіргі заман туралы ойлар» деген айдармен үнемі жариялап тұрдық. Қазақтан шыққан осы заманғы озық ойлы азаматтарды «Өзіңді өзің білсеңіз» деген айдармен жақынырақ таныстыруды көздедік.
2. Бұл жылдарда тәуелсіздігіміз нығайып, экономикамыз жаңа бағытта жедел дамып, жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастадық. Журнал ел өміріндегі оң қадам, игілікті істерді көрсетіп, экономика мәселелерін үнемі талдап-сараптау сипатындағы мақалаларға кең орын беріп, жақсыны, жаңаны, жағымды істерді насихаттап отырды. Әдебиет, мәдениет мәселелері де назардан тыс қалмады. «Ашық әңгіме» айдарымен белгілі адамдардың бүгінгі заман туралы ой-толғамдары, өзіндік ұстанымдары оқырмандар назарына ұсынылып, ой саларлық, талас тудырарлық деңгейге көтерілді. Әркімнің өз айтары бар. Сондықтан біз журналдың ашық әңгіме алаңына айналуын көздедік. Қазақтың өмірі көбінесе ауылмен байланысты. Сондықтан «ауыл алаң, көңіл алаң» демекші, ауылдың бүгінгі мәселелеріне көңіл аударып, келеңсіз көріністерге, ауылдың жағдайын жақсартудың жолдарына назар аударуға тырыстық. «Қазақы қалпымыз қандай?» айдары ел өміріндегі қалыптасқан қарым-қатынастар, әдет-салттар, дәстүрлер туралы пікір алысып, жақсы-жаман дегендері сараланып, үлгі етері әңгімеге арқау болды. Журнал бетінде бұл жылдарда «Тағылымды тарихымызды танып білдік пе?», «Саяси элита және оның қоғамдағы рөлі», «Қазақ та сауда жасай алады», «Бәрімізді өкімет асырай ма?» деген сияқты заманға сай өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылып, талқыға салынды. «Бүкпесіз пікір, батыл ой» деген айдар бірқатар толғақты мәселелердің бетін ашуға жәрдемін тигізді. «Менің айтарым» айдары да еркін ой-пікірге жол ашып, көпшілікпен сыр бөлісуге мүмкіндік берді. «Кім не дейді?» деген айдармен жарияланған материалдар да заман, қоғам жайлы ойларды тоқайластырып, оқырман санасына қозғау салып, жақсы істерге жетеледі. Осы жоғарыда аталған айдарларға қарап-ақ, журналдың сол жылдардағы тақырып аясын, көтерген мәселелер ауқымын аңғаруға болатын тәрізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел өмірінде небір күрделі мәселелер шешіліп, зор міндеттер жүзеге асырылғаны, еліміз жан-жақты даму жолына, экономикалық өрлеуге бет алғаны, ішкі-сыртқы саясатта байыпты шаралар іске асып, дүниежүзілік қауымдастықта лайықты орын алғаны белгілі. Осының бәрі, яғни, тәуелсіздік талаптары журналдың күнделікті жұмысының негізгі арқауына айналып, басты тақырыптарды белгілеп отырды. Журналдың әр санында қоғамдық мәні зор мәселелер нысанаға алынып, жарияланған мақалаларда кеңінен сөз болып, замана талабымен үндесіп жатқанын да айтуымыз керек. Журнал қоғам алдындағы міндеттерден шет қала алмайтыны белгілі. Сондықтан осы жылдарда «Ақиқат» журналы қоғамдық ойдың биігінен көріне алды деп ойлаймын. Біз журналдың авторлар құрамы өмірдің әр саласының өкілдері болуын көздеп, соларды көбірек қатыстыруға күш жұмсап, солармен ой бөлістік, ақылдастық. Өзекті ойларын, толғандырар тақырыптарын журнал бетіне шығарып, қалың оқырманға жеткіздік. Бұл да біз тындырған үлкен шаруалардың бірі деуге болады. Қоғамдық-саяси журналдың бет-бейнесі, идеялық-көркемдік сапасы, ұстанар бағыты сол кезеңдегі қоғам өмірінің тіршілік-тынысымен, саяси әлеуметтік, экономикалық бағдарымен үйлесіп, жақсы көрініс тапса, міндеттің орындалғаны ғой. Бұл жағынан журналдың ұстанған бағыты айқын болды, ақиқаттан ауытқымады деуге болатын тәрізді. Сол жылдарда әрбір жыл белгілі атаумен әйгіленді. Мысалы, ел бірлігі, ауыл жылы деген сияқты. Сондай Республика Президентінің жыл сайынғы халыққа Жолдауы арнайы талқылаудың, Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын ойластырудың өзі-ақ ел ішінде үлкен серпіліс тудырып, биік межелерге меңзеді. Міне, осындай ел өміріндегі белесті жылдарда журнал оқырман назарын ауқымды мәселелерге аударып, ұйымдастырушылық міндетін абыроймен атқарды. Бір саннан бір санға қызу талқылаудың, салиқалы талдаудың аясына айналды. Содан соң, «Ақиқат» журналы өзінің танымдық ағартушылық бағытымен есте қалды деуге болады. Ақтаңтақтар ақиқаты, зұлмат жылдар тарихы кезінде аты аталмай, жазықсыз жапа шеккен арыстар туралы жарияланымдар оқырмандар арасында қашан да қызығушылық туғызады, танып-білуге деген құмарлығын арттырады. Сондықтан да, оқырман қауым қашан да осындай мақалаларды, тың деректерді, дәйекті толдауды күтеді. Осы бағытта сол жылдарда қаншама материалдар жарияланғаны оқырманның есінде болар деймін!
Шығармашылық дегеніңіз қашан да ізденіс қой. Барды қанағат тұтпай, биікке ұмтылу – заңды құбылыс. Бүгінгі күн биігінен қарағанда, әрине, сол жылдарға ойша көз жіберіп, «әттеген-ай» дейтін сәттер де болатыны сөзсіз. «Шіркін-ай, социологиялық зерттеулер, сараптамалық мақалалар көп болса ғой» дейсің. «Небір озық ойлы зиялыларды журнал жұмысына қатыстыра алмадық-ау» дейсің. Біз де, сол кездегі жағдайға байланысты шығар, пікірталастың көрігін оншалықты қыздыра алмаған тәріздіміз. «Ауылдың өмірі алыстау қалды ма» дейсің. Тізе берсең, қамтылмаған тақырыптар туындай беретін сияқты. Әйтеуір, қолдан келгенше, шама жеткенше, аянған жеріміз жоқ. Өкінгеннен гөрі, көңілге бұл да бір медет. Міндетімізді мүлтіксіз орындауға тырысқанымыз – ол да бір ақиқат.
3. Айтылар тілек біреу – көптің көңілінен шығу керек, нені жазуды, қалай жазуды білесіздер. Газет-журналдар көбейген, бүгінгі бәсекелестік қызған күрделі заманда «Ақиқат» журналы ақиқаттан айнымаса екен деймін.

Алдыңғы «
Келесі »