Н.Назарбаев: Азия мен Еуропаға өзара ықпалдастықтың мүлде жаңа негізін қалау қажет

  • 17.10.2014
  • 301 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қаржылық және экономикалық ынтымақтастықты Еуропа мен Азияның кеңейіп келе жатқан өзара байланыстары арқылы дамыту» тақырыбына арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті қазіргі қауіптер мен сын-қатерлерге лайықты жауап іздеу міндеті Еуропа мен Азия мемлекеттерін біріктірілген күн тәртібін қарастыруға мәжбүрлеп отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты еңсерудің ең тиімді жолы ретінде Еуразиялық өңірдің ықпалдастық әлеуетін ашуды атады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы құрлықтағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты өз көзқарастарын ортаға салды.

Қазақстан Президентінің пікірінше, халықаралық ынтымақтастықтың парадигмасын өзгерту қажет, бұл протекционистік кедергілерді жою мәселесінде нақты іс-әрекеттерге көшуді, нарықтарды ашып, өзара сауданы ұлғайтуды білдіреді. Мемлекет басшысы тағы бір бағыт ретінде жаһандық қаржы архитектурасының трансформациясын, қаржы секторындағы теңгерімсіздікті еңсеруді, халықаралық капитал қозғалысын реттеудің тиімді моделін әзірлеуді атады.

Қазақстан Президенті жаңа қаржылық дәнекер көпірлердің қажеттігін айтты және бұл орайда өңірлік қаржы орталығы – Алматының үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. Тұтас өңірді дамытудың тағы бір негізгі шарты көлік-транзит инфрақұрылымын нығайту, соның ішінде Еуропаның Азияға қысқа әрі қауіпсіз жолын қамтамасыз ететін Ұлы жібек жолын жаңғырту болып саналады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев заманауи технологиялар мен энергетикалық ресурстарға қолжетімділіктің маңыздылығына назар аударды. Қазақстан Еуропа мен Азия үшін тұрақты түрде энергетикалық ресурстар жеткізуші ретінде энергетикалық бағдарларды одан әрі әртараптандыруды күшейтуге күш салуда. Өңірдің орнықты дамуы үшін Еуразиялық Экономикалық Одақ негізгі буынына айналатын жалпықұрылықтық инфрақұрылым қалыптастыру басым маңызға ие болып саналады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Азия мен Еуропаға бір-бірін қайта тани түсу, өзара ықпалдастықтың мүлде жаңа негізін қалау қажет болып отырғанын атап өтті. Экономика және қаржы саласындағы халықаралық әрекеттерді үйлестірудің платформасына Қазақстан ұсынған «G-GLOBAL» бастамасы айналуы мүмкін.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан «Азия-Еуропа» форумының толыққанды мүшесі ретінде диалог пен ынтымақтастықты дамытуға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін айтты.

Хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Алдыңғы «
Келесі »