АБАЙ ІЛІМІНІҢ БҮГІНГІ ҚОҒАМДАҒЫ МАҢЫЗЫ

  • 07.03.2012
  • 8132 рет оқылды
  • 1

Асан Омаров, абайтанушы

Қазір таңда еліміздің дәстүрлі қоғамға қайта оралу кезеңін бастан кешіріп жатқаны белгілі. Содан да болар, руханият төңірегінде  түсініксіз мәселелер көп-ақ. Жұртшылықты, әсіресе, еліміздегі діни ахуал қатты мазалап отыр. Қоғам шын дін қайсы, шатақ дін қайсы екенін біле алмай дағдарып қалды. Жалпы рухани-діни өрісте тура жолды таптық деуге әлі ерте.

Хакім Абайдың әлеміне тереңдеп барудың қажеттігі, ойшылдық мұрасын халық игілігіне пайдаланудың уақыты жеткендігі осыдан-ақ айқын.

Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-қарасөз) атты трактаты қазіргі таңда ғалымдарымыз қолына шам алып таба алмай жүрген даналық танымдарға толы. Бірақ, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, оларды назарға ілгеніміз кәне, мектеп қабырғасындағы жастардың Абай ілімінен мақұрым қалғаны анау.

Сонымен, дүниеге, дінге Абайдың көзімен қарауды үйрену, санаға сіңіру қайнаған өмірдің сұранысы. Бірақ Абай танымдарын қоғамдық сана дамуының факторына айналдыру айтуға ғана жеңіл, шын мәнінде қиынның қиыны екені тағы анық. Төменде осы мәселе төңірегінде ой-пікір бөліспекпіз. Сол үшін алдарыңыздағы мақалада ислам канондарын Абай ілімі арқылы танып-білу мәселесі қойылып отыр.

Дін білімінің шыңы – теология, Тәңіріні тану. Абай ашқан әлемдік жаңалықтар негізінен осы салаға тиесілі. Дәлелге ғұламаның жоғарыда аталған трактаты, яғни 38-қарасөзге көз тігелік. Абай алдымен Тәңірінің сипаттары мен есімдерін аса қиын сырлы тәсілмен зерттей келе, бір жүйеге салады. Ақырғы нәтижесінде: «Сенде бұл ғылым, рахым, ғаделет үш сипатпенен сипаттанбақ» деп қорытады. Қарапайым болып көрінетін бұл тезистегі айтылмыш үш сипатты шығару үшін ұлы Абайдың қаншама ой еңбегін сарп еткені бір Аллаға ғана аян. Анығы, біз бұл жерде таңдай қағарлық ғажайып жаңалықтың, құдіретті формуланың куәсіміз.

Бұл тұжырым өсіріп айтқандық болып көрінбеуі үшін үш сипатқа рет-ретімен келейік.

Галатикадағы аспан денелерінің мүлтіксіз қозғалысы, жер бетіндегі барша құбылыстар (күн мен түн, қыс пен жаздың ауысуы, ажал мен өмір, ыстық пен суық т.с.с.) Алланың ғылымы бойынша атқарылады және сол бойынша өз түсінігін табады.

Адамның ғылымы Алланың ғылымының зәредей ғана бөлшегі. Соның өзінде ол адамзатты тас дәуірінде мәңгі қалудан құтқарды. Соңғы ғасырларда ислам елдерінің прогресс көшінен шет қалуы, Еуропаның ойқастап озып қара үзуі, осы заманғы кейбір елдердің алға шығуы сияқты құбылыстарға да «кінәлі» жалғыз ғылым – құдірет. Қоғам дамуының, жалпы өркениеттің басты көрсеткіші – ғылым-білім деуімізге бұлардан артық дәлел бола ма?

«Адамды ерекше ақыл иесі қылып жараттық» деген Құран аяты адамды адам қылған керемет – ғылым деуімізді растай түседі. Өйткені, «ақыл – ғылымның бір аты» (Абай). Тіршіліктің рухани-материалдық жағы, оның ішінде ғылымды дамыту, сөз жоқ, ақылдың ісі. Абай айтқан «дүние де өзі, мал да өзі», «ғылым – Алланың бір сипаты», «ғылым – һаммаға харекет беретұғын өзі», «біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз, малменен ғылымды кәсіп қылмақпыз» деген аят-хадистей айқын тезистер соның дәлелі.

Ғылым – адамзат дамуының сара жолы деген бұрыннан мәлім, ешкім де   жоққа шығара алмайтын ақиқат. Онда біз неге оны Абайға теліп, қазақ данышпаны ашқан жаңалық деуге бейілміз. Өйткені, Абай ғылым – Алланың қозғаушы (өз сөзімен айтқанда «харекет беретұғын») сипаты екендігін теологиялық тұрғыдан тұңғыш дәлелдеген ғұлама, қазіргі тілмен айтқанда, ұлы теолог-хакім. Ізденгіш Абай Алла тағаланың сегіз сүбүтия сипаттарының  ішіндегі «харекет беретұғыны», яғни айқындаушысы – ғылым-құдірет қана деген маңызды қорытындыға келеді. Ал, «сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх (шарх – түсініктеуші, толықтырушы деген мағынаны білдіреді)» деп түсіндіреді. Қайталап айтайық, бұл бұрын-соңды болмаған соны жаңалық. Алланың ғылым сипаты қоғам тұра тұрсын,  күллі ғарыштың қозғаушы күші екендігі тұңғыш рет дәйектеліп отыр. Абай жүргізген теологиялық ізденістің кереметі міне осы.

Енді Абай тезисіндегі үш сипаттың қалған екеуі – рахым мен әділетке ойысалық.

«Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүректің ісі», – дейді Абай (14-сөз).

Осынау тамаша анықтамадан рақым, мейірімнің ұясы жүрегімізде екені ұғылады. Сол себепті  «тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» (Абай).

Кеудеміз қуысындағы жүректе ұялаған екінші қастерлі сезім – әділет. Махаббаттан кейінгі таңғажайып нәрсе осы. Неге десеңіз, әділет жоқ жерде, береке-бірлік болмайды. Ештеңе де дәл әділетсіздік сияқты жұмыр басты пенденің жүрегіне жара салып, жүйкесін тоздыра алмайды. Фольклор мен ауыз әдебиетінен де, күнделікті өмір шындығынан көреміз – тек әділ адам, әділ би, әділ патша ғана халықтың сүйіспеншілігіне, ыстық ықылысына бөленеді. Неге? Хакім Абай бізге әділетті адам болудың, сонымен бірге, «Құдай жолы», «таза мұсылман», «толық адам» ұғымдарының мәнісін: «…Біреулерге я дүниеңмен, я ақылыңмен, я малыңмен ғадалет-шапағат секілді жақсылық тигізбек мақсатың болуы» деп ұқтырады (Бұл арада ой салмағы «мақсатың болуы» деген тіркесте. Мәселен,  Абай айтқан: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген нақыл осы жәйтпен өз түсінігін табады).

Сөйтіп, сезімдердің патшасы – махаббат (мейірім) пен әділет. Абай бұл екі ұғымды қосақтап «ғаделет-шапағат» терминін енгізеді. Осы тұста тағы бір пысықтаған жөн, ғылым, мейірім, әділет тұтастығы – Абай жаңалығы,   ғылым тілімен айтқанда, бұлар күллі прогрессті айқындайтын үш координата.

Осы тұста тоқтала кетелік, Абай танымына әлденеше маңызды ерекшеліктер тән. Күллі адамдық қасиеттер мен идеалдар Алла тағаланың сипаттарынан бастауын алады. Осыған қарамастан ойшылдың ғақлия мұрасында дін ғылымы, дін заңы, дін жолы ұғымдары жоққа тән, есесіне Алланың ғылымы, махаббаты, Құдай ісі, құдайылық заңдар және Хақ жолы деген түсінік, терминдер төрден орын алады (бұл тіркестер енді-енді ғана санамызға орнықты, кеңестік идеология дәуірінде, мәселен, адамның ғылымынан басқа ғылым, адамның заңынан басқа заң бар дегенді естіген де, білген де емеспіз).

Шынтуайтында, ой алыбы Абайдың  әлемдік теологияға қосқан үлесі ерен. Сайып келгенде, Нъютон заңдары физика саласында қандай маңызды болса, Абай ашқан заңдар рухани әлемде тура сондай маңызды. Төменде осы тұжырымды әрі қарай бекіте түселік.

Құраннан мәлім, Құдайдың ғылым-құдіреті қандай шексіз болса, Оның мейірім, махаббаты да сондай шексіз. Адамға берілген сүйіспеншілік, мейірім, рақым, ізгілік сезімдер соның бір кішкене ғана көрінісі. Абайша Құранның бүтін рухы және Құдай ісі, Хақ жолы ұғымдарының мәнісі – махаббат пен әділетке тіреледі.  Жаңалық ойын қазақ данасы өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде былайша өреді:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Берісі мұсылман, әрісі бүкіл адамзат ғұламалары ұқтыра алмай жүрген «иман» ұғымына Абайдың өзіндік жол табады, оны «үш сүю» ілімі арқылы жеткізгенінің куәсіміз.

Шариғат бойынша «мұсылман – мұсылманның бауыры».  Абай бұл шеңберден асып: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді. Бірақ қалай, қайтіп? Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамзаттың бәрін сүю мүмкін бе? Сол сияқты «Бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең» деген аятта қандай астар бар?

Осынау қиын сырды бізге Абайдың өзі «Құдай жолы» ұғымы арқылы ашып береді. Адамзаттың бәрін сүю, әрине, мүмкін емес. Бірақ кімде кім өзінің жақын айналасын, ең болмаса бір адамды шын сүйе білсе, оның Құдай жолына қадам басқаны сол. Егер сол мақсаттан еш тайқымауды пенде өзіне шарт қылып, өмір сүретін болса, оның адамзаттың бәрін сүйгендігі сол. Бұл пайым дәлеліне 38-сөздегі мынадай қорытынды түйінді келтірелік: «Енді білдіңіздер, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді».

Осы тезисі арқылы Абай бүгінгі таңда таба алмай жүрген діндегі түзу жолымызға сілтейді. Бұл ұлағаты өлеңіндегі «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ» деуімен сабақтасады.

Сөз басында айттық, ұлы Абай өзінің «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-қарасөз) атты трактатында Алланың сипаттары, адам баласының болмысы, иман, ғибадат, сопылық пен хакімдіктің табиғаты, пенденің тура жолы, діннің хақ мағрифаты, қоғамның даму заңдылығы  т.с.с сан жылдар толғандырған тарам-тарам танымдарын қорытындылап, олардың соңғы нүктесін қойған болатын.  Солардың арасынан үш сипатты (ғылым, рахым, ғаделет) қоғамның даму формуласын, «ғаделет-шапағат» және «үш сүю» ілімдерін қарастырып, азды-көпті саралап өттік. Бұлар тек тәлім-тәрбие шеңберінде қарастыруға келмейтін, бүкіладамзаттың дамуын дұрыс бағытқа сілтейтін аса құнды ілім, доктриналар.

Абай ашқан басты жаңалық қоғамдық келісімнің іргетасы – әділет һәм махаббат сезім деп дәйектегенінде. Қос феномен сезім ауыспайтын Тәңірінің ісі, жарлығы болғандықтан оларды көркейтуге  ұмтылыс жеке адамға да, қоғам үшін де басты мақсат болып табылады.

Елімізде көп айтылып-жазылып жүрген қоғамдық келісім, оның ішінде дінаралық келісім, сол сияқты төзімділік, оның ішінде діни төзімділік өз алдына философиялық категориялар емес, олар Тәңірінің ісі – мейірім, әділеттен туады.

Енді Абай ілімінен ғибрат алу, оны пайдалану мәселесіне келейік.

Қазақты қазақ қылған әдет-ғұрыптың бірі де бірегейі – жасы үлкенді сыйлау екені мәлім. Ал, қазіргі жастардың бірлі-жарымы ғана болмаса, көпшілігі автобусқа бір қария адам кірген кезде атып тұрып орнын ұсынбайды, не болмаса үлкеннің я ұстаздың жолын кес-кестемеу үшін тұра қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, жас буынның бойына мейірімділік, бауырмалдық қасиеттерді егу күн тәртібінде тұр. Сол сияқты кез келген әділетсіздік те қоғамды кеміріп, жегідей жейді. Мәселен, капитал билеген мына заманда біреудің маңдай тер, адал ақысын жеу үйренішті құбылысқа айналды.

Тағы бір келеңсіздік,  әлемдік рухани-діни дағдарыс өртінен ұшқан шоқтар қазақ елінің әр тұсына түсе бастады.  Құранның қасиет рухын дұрыс түсіне алмай, исламды жекелей аят, хадистер арқылы немесе тек шариғат шарбағында қарастырмақ болып, тура жолдан адасып қалған, яғни қатігездікке салынған азаматтар арамызда баршылық.

Қай қырынан келсек те, Құдайдың махаббат, әділет заңын танып-білудің мән-маңызы ерекше, ол әлеуметтік дерттердің алдын алу үшін ауадай қажет.  Қай жерде қатігездік пен  қиянатшылық өрістесе, сол жерде рухани дағдарыс бар, сол жерде мейірім, рахым жетіспейді.

Қорыта айтқанда, Абайдың даналық танымдары қоғамдық санамызға серпіліс әкеле алатын қуатты да шуақты идеологиялық құралымыз. Олар қазақ руханиятына қан жүгіртіп, оны әлемдік өркениетпен ұштастыруға да қабілетті. Сонымен бірге, оның діндегі түзу жолымызды табуға септесері сөзсіз. Абай ғақлиясының  бүгінгі қоғамдағы рөлі мен ой-сана дамуына тигізетін оң әсері туралы сөзімізді осы түйінмен тәмамдағымыз келді.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. коп рахмет.кажетти нарсемнин барин жаздым

Пікірлерге тыйым салынады.