Қазақстанда теледебат ұйымдастырудың ерекшеліктері

  • 07.03.2012
  • 7480 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлбиғаш Омарова,

журналист

Сайлау алды науқанында сайлаушылардың таңдау жасауын оңайлатудың тиімді жолы – теледебат өткізу. Теледебаттар АҚШ-та президент сайлауы алдында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Бұл елде президент сайлауының нәтижесіне негізінен теледебаттар көп ықпал етеді. Теледебат тарихының өзі 1960 жылы АҚШ президенттігіне үміткерлер Джон Кеннеди мен Ричард Никсон арасында өткен теледебаттан басталды.

Телесайыс тәжірибесі Ресейде де сыннан өтіп жүр. Бірақ мұнда теледебаттар өткізілу формасы, мазмұны мен тиімділігі жағынан әлі жетілдіруді қажет етеді. Ресейде билік басындағы президент үміткер бола тұрып, өзге бәсекелестерімен телесайысқа шығып көрген емес. 2004 жылғы 14 наурызда өткен президент сайлауының алдында Ресей Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Вешняков Путиннің телесайысқа қатыспауын «Енді, 50-60 пайыз рейтингке ие үміткер 5-6 пайыз рейтингі бар үміткермен айтыспайды ғой» деп ақтауға тырысты. Бұл ұстанымынан Кремль имиджмейкерлері 2012 жылы да айнымай отыр.

Ал Қазақстанда теледебаттар 2004 жылдан бері, негізінен Парламент сайлауы тұсында өткізіліп келеді. Ал 2005 жылы тұңғыш рет президенттікке үміткерлер арасында тікелей эфирде теледебат ұйымдастырылған еді. Оған Н.Назарбаевтан басқа президентікке үміткерлердің бәрі қатысты.

Қазақстанда теледебат өткізудің дәстүрі қалыптасты ма? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Өйткені біздегі телесайыстар Орталық сайлау комиссиясы өткізетін саяси шара ретінде ғана қабылданады. Шындығында, оған қоғамның мұқтаждығы байқалмайды да, көбіне телесайыс өткізілмесе де, сайлаудың қорытынды нәтижесіне оншалықты әсері жоқтай көрінеді.

2012 жылғы 12 қаңтарда кезектен тыс ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау науқаны барысында сайлауға партиялық тізім ұсынған саяси партиялар өкілдерінің теледебаты өткізілді.

Біріншіден, телесайыстың сайлау дауыс беруге үш күн қалғанда ұйымдастырылуы – оның пәрменділігінің әлі де төмен екендігін аңғартты. Қазақстанда бұған дейінгі сайлаулар тәжірибесі көрсетіп бергеніндей, сайлаушылар көбіне саяси партиялардың сайлауалды бағдарламасына емес, оның жетекшілерінің жеке имиджіне қарай дауыс береді. Ал телесайыстар жеке саясаткердің абырой-беделі арқылы саяси партияның имиджін қалыптастыруына оңтайлы құрал.

Екіншіден, телесайысқа сайлаушылар дауыс беретін бюллетеньдерге енгізілген жеті партияның барлығы қатысты. Бұл саяси партиялар өкілдерінің теледебат өзектілігін түсінгендігінің белгісі.

Телесайысқа «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай, «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев,  «Әділет» демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Уалихан Қайсаров, Қазақстан Патриоттар партиясының Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Орталық Комитетінің мүшесі Гүлдана Нұрпейісова, Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының Орталық Комитетінің Хатшысы Владимир Косарев қатысты.

Үшіншіден, саяси партия өкілдерінің сөйлеу реті ҚР Орталық сайлау комиссяисында саяси партиялардың партиялық тізімдерін тіркеу кезегі бойынша анықталды. Сондықтан да бұл жерде белгілі бір партияға бұра тартушылық немесе олардың кейбірін шеттету болды деудің құқықтық негізі жоқ.

Төртіншіден, телесайыс күндізгі уақытта өткізілсе де, көрермендерге «Хабар» телеарнасынан сол күні 21.30-да таспа түрінде көрсетілді. Басқаша айтқанда, теласайыс кезінде айтылған артық-ауыс сөздер, регламенттен тыс мүлт кету, реплика, қарсы сұрақ қою сияқты «томпақ» тұстары күзеліп, түзетілді деген сөз. Әлемдік тәжіриеде телесайыстар тек тікелей эфирде өткізілуі тиіс. Бұл біздегі телесайыс өткізудің саяси мәдениеті әлі дұрыс қалыптаспағанын көрсетсе керек.

Теледебат үш раундқа бөлініп өткізілді. Бірінші раундтың бірінші турында қатысушылар «Экономика – ел жетістігінің негізі» атты тақырып бойынша ой-пікір бөлісті. Ал екінші турында дебатқа қатысушылар бір-біріне сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

Екінші раундта қатысушылар «Қазақстанда адам капиталының дамуы» атты тақырып бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Ал екінші турында телесайыс жүргізушілер барлық саяси партия өкілдеріне ортақ бір ғана сұрақ қойды.

Үшінші раундта әр саяси партияның өкіліне сайлаушыларға арнап сөз сөйлеуге мүмкіндік берілді.

Әуелі телесайыстың тіліне қатысты талдау жасап көрелік. Жеті саяси партия өкілдерінің қай тілде сөйлегенді жөн көруі – олардың сайлау кампаниясының қандай аудиторияға арналғанын аңғартты. «Нұр Отан» партияның өкілі Н.Нығматуллин, «Ақ жол» партиясының өкілі Азат Перуашев, ЖСДП өкілі Ж.Тұяқбай мен Патриоттар партиясының өкілі Г.Нұрпейісовалардың қазақша және орысша сөйлеуін – қазақ қоғамындағы екітілді аудиторияның екеуінің де көңілін аулау әдісі деп түсінуге болар. Оның үстіне, сөйлеу тілін таңдау еркі қатысушылардың еркіне берілгенін ескерсек, мұндай шешімнің дұрыстығын қоштауға да болар. Бірақ «Ақ жол» партиясының өкілі Азат Перуашев қана өзіне берілген 2 минуттық уақыттың тең жартысында қазақша, қалған жартысында орысша сөйлеп, екі тілдің арасындағы тепе-теңдікті сақтай алды.

«Ауыл» партиясының өкілі Ғ.Қалиев, «Әділет» партиясының өкілі У.Қайсаров, Коммунистер партиясының өкілі В.Косарев тек орыс тілінде сөйлегенді жөн деп тауыпты.

Телесайысқа қатысушылардың дайындығына келсек, өздеріне берілген 2 минутты саяси партия өкілдері тиімді пайдалануға тырысты. Бірақ берілген тақырып бойынша теледебатқа қатысушылардың бәрі бірдей өз ойын 2 минутқа сыйдырып айта алды деуге болмас. Дебатқа қатысудың өзінің тәртібі бар: әуелі қарсыласты «шабуылдау», оған конструктивті сын айту, одан соң өз тұжырым-көзқарасын дәлелдеп шығу және өз тарапынан ұсыныс тастау арқылы көрерменді елең еткізу. Бірақ кейбір саясаттанушылар мұндай белгілі бір регламент аясында пікір таластыруға дайын еместіктерін байқатты. ЖСДП төрағасы Ж.Тұяқбай 1 және 2-турда «Нұр Отан» ХДП-ның республиканың экономикалық, әлеуметтік өмірдегі жетістіктеріне ешқандай еңбегі сіңбегендігін айтумен болды. Жеті партияның ішінде, ЖСДП тек «Нұр Отанды» өзіне басты қарсылас деп қарайтын сияқты. Бірақ өкінішке қарай, қарсыластың ұстанымын теріске шығарғанда, оның орнына ЖСДП өзі не ұсынады деген көрермен көкейіндегі сұрақ уақытын үнемді пайдалана алмады. Регламент бойынша ол өз партиясының экономикалық мәселелерді қамтыған сайлауалды бағдарламасымен таныстыруы тиіс еді. Тіпті өз ойын аяқтауға үлгіре алмаған саясаткер көсемдік қалып таныта алмады.

Шешендік тұрғысынан алғанда, «Әділет» партиясының өкілі У.Қайсавротың оқ бойы озық болғаны байқалды. 2 минуттық қысқа уақыт ішінде «Люди соскучились по своим правам!», «Нефть – народу, коррупционеров – в тюрьму, «Әділет» – в Парламент!» сияқты қысқа да нұсқа, тұжырымды ұрандардың арқасында оның сөзі сайлаушылар есінде қалады. Қазақстанда «Ана капиталын» енгізу, әкімдер сайлауын енгізу, 92-маркалы бензиннің бағасын 40 теңге деңгейінде бекіту т.б. сияқты халыққа ұғынықты, нақты ұсыныстардың арқасында «Әділет» партиясы өкілінің сөзі өте ықшам әрі ұтымды шықты. Оның үстіне, У.Қайсаровтың өз сөзін алдын ала жаттап алып, 120 секунд ішіне сыйғыза алуын да саяси көрегендікке жатқызуға болар. Дебатқа қатысушы кейбір саясаткерлер ойды ғана емес, сөйлемді аяқтай алмай, сөзін орта тұстан үзуге мәжбүр болғанда, У.Қайсаров әр секундты тиімді пайдалана алды.

У.Қайсаровтың «антиподы» бұл жолы Патриоттар партиясының өкілі  Г.Нұрпейісова болды. У.Қайсаров әр сөзін санап, секундтың бір мезетін есепке сыйдырып келсе, Г.Нұрпейісова әдеттегі партияның көп жиналысында сөйлеп жүрген машығына салып, әр мәселенің басын бір шалды. Партия өкілінің дебатқа кәсіби дайындықсыз келгені көрініп-ақ тұрды. Оның үстіне, біресе экономикалық, біресе гендерлік мәселелерді қозғаған Патриоттар партиясының нақты саяси бағдарламасының қай бағытта екені түсініксіз болып қалды.

«Нұр Отан» партиясының өкілі Н.Нығматуллиннің екі тақырыпқа да тыңғылықты дайындалып келгені байқалды. Әйтсе де, салттанатты жиында сөйлеп тұғандай сенімді үнмен сөйлеген саясаткердің сөзінде ресмиліктің басым болғанын жоққа шығаруға болмас.

Осы сайлау тұсында ҚКХП айрықша дайындықпен науқан өткізгені белгілі. Коммунистер өкілі теледебатқа да біршама дайындықпен келіпті. «Каждая копейка на благо народа», «Контроль за всеми фазами производства» деген мағынада В.Косарев жалпы экономикалық бағытты өзгертіп, мемлекеттік меншікке қайта оралуды ұсынды.

Телесайыстың ең шиеленісті сәті қарсыластардың бір-біріне сұрақ қоюға мүмкіндік алатын шағы. 1 сұрақ қойып, 1 сұраққа жауап беруге құқық алған партиялар ОСК бекіткен регламент бойынша кері қарай кезек алды. Бірінші болып сұрақ қоюға мүмкіндік алған ҚКХП өкілі В.Косарев өз сұрағын «Нұр Отан» өкіліне арнады. Бірақ бұл сұрақ қарсыластың осал тұсын табу, аяқтан шалудың орнына оның артықшылығын көрсетуге бейіл болғандай әсер қалдырды. Өйткені «Үкімет қабылдаған Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама жүзеге асып жатыр. Осы бағдарламаны толықтай орындау үшін қажетті мамандар дайындау ісі қалай жүргізілуде?» деген сұраққа Н.Нығматуллиннің мүдірмей жауап беруі анық жайт қой. Өйткені «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының өзі елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары екені белгілі.

Бұдан соң «Ақ жол» партиясының өкілі А.Перуашев Патриоттар партиясының өкілі Г.Нұрпейісованың «Әр жаңа туған қазақстандыққа 1,5 млн. теңге беру туралы ұсынысымыз бар, сіздер бұған қалай қарайсыздар?» деген сұрағына «1,5 млн. теңге емес, 1,5 млн.доллар беруге болады, бірақ біз халыққа жәй ақша таратуды емес, экономиканы өркендетіп, өндірісті дамытып, қазақстандықтардың жайлы тұрмыс кешуіне жағдай жасауды ұсынамыз» деп сыпайы да ұтымды жауап берді. Әйтсе де, «Ақ жол» партиясының ұстанымдары көбіне «Нұр Отан» партиясының тұжырымдамасымен үндес шығып жатқанын байқамау қиын.

Телесайыстың шарықтау шегі – «Әділет» партиясының өкілі У.Қайсаровтың өзіне өзі сұрақ қоюға тілек білдіруі болды. Регламент тәртібіне сәйкес келмейтіндіктен, У.Қайсаровтың бұл талабы орындалмай қалды. Сондықтан да ол сұрақ қою мүмкіндігінен құр қалды. Дегенмен, У.Қайсаровтың «Менің сұрақ қою құқығым бар, неге мен өз сұрағымды өзіме қоя алмаймын?» деген репликасынан соң көрермендер көкейінде  «телесайыс тәртібі бойынша сайысқа қатысушылар қарсыластарына сұрақ қояды, сонда «Әділет» өзіне-өзін қарсылас санай ма?» деген дүдамал ойдың қалғаны анық.

Ақыры ұйымдастырушылар У.Қайсаровтың микрофонын өшіріп тастауға мәжбүр болды.

Телесайыс барысында қарсыласқа қойылған өткір сұрақтарға «Ауыл»  партиясы өкілінің Коммунистер партиясының өкіліне қойған «Жерге иелік еткен олигархтарды қалай жоюға болады?» деген сұрағы мен ЖСДП өкілінің Патриоттар партиясы өкіліне қойған «Елдегі жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 5,3 пайыз. Ал Германияда – 7,3, Испанияда – 20 пайыз. Сонда бізде шынымен осы елдердегіден төмен болғаны ма?    « деген сұрағын айтуға болар. Обалы нешік, Г.Нұрпейісова «Жұмыссыздық деңгейінің ресми көрсеткіші төмендетіліп көрсетілуде. Отандық өндірісті дамытып, халықты жұмыспен қамту қажет» деп салиқалы жауап берсе, В.Косарев «Шаруаларға жер беру керек» деген жалпылама сөздермен негізгі сұрақа жауап беруден тайқып кетті.

«Ақ жол» партиясының өкілі «Әділет» партиясы өкілінің шағын және орта бизнеске салықтық жеңілдіктер беру жөніндегі пікірін сұраса,  «Нұр Отан» партиясының өкілі ЖСДП өкіліне инновациялық экономика құрудың жолдары туралы сұрақ қойды.

Жалпы, саяси партия өкілдерінің бір-біріне қойған сұрақтарының экономика тақырыбы аясынан шықпағаны байқалды. Елдегі қоғамдық-саяси мәселелер, әлеуметтік теңсіздік, рухани-мәдени даму, тіл мәселесі, саяси реформалар, билік тармақтары, сыбайлас жемқорлық т.б. қоғамдағы өзекті мәселелерді сұрақ етіп алудан саясаткерлер саналы түрде бойын аулақ салғандай көрінді.

Мұның бір дәлелі ретінде осы сайлауалды науқаны тұсында болған Жаңаөзен оқиғасын саяси партия өкілдерінің талқыға салуды қажет деп таппағанын айтуға болар. ЖСДП партиясының төрағасы Ж.Тұяқбай ғана үшінші раундта «Жаңаөзен мұнайшылары жеті ай бойы жалақыларын ала алмады. Қан төгілді. Кім жауап береді?» деген өткір сауал тастады. Регламент бойынша берілген 2 минутта толықтай қазақша сөйлеген ЖСДП өкілінің бұл сөзі ұлтқа арналғандай әсер қалдырды.

Парламент депутаттарының сайлауалды науқаны кезінде өткізілетін телесайыстар түрлі саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларын электоратқа насихаттаудың жолы ғана емес, бүгінгі саяси-әлеуметтік, экономикалық-қаржылық, рухани-мәдени салалардағы жетістіктерді сараптайтын, кемшіліктерді ашық талқыға салудың бірден-бір мүмкіндігі еді. Сайлаушылар танымал саяасткерлердің қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде ашық пікір, ащы сын айтуын күтетіні де рас. Саяси телесайыс өткізудің дәстүрі осылай қалыптасады. Алайда Қазақстанда саяси пікірсайыс өткізу үрдісі әзірге Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын жоспардағы көп шаралардың бірінің деңгейінен шыға алмай келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. ҚР «Сайлау туралы» заңы
  2. Бесінші шақырылатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың саяси пікірсайысын ұйымдастыру туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысы
  3. Почепцев Г. Профессия имджмейкер. – Киев, 2000.
  4. Андреев А.А. Политические телевизионные дебаты: их роль в избирательных кампаниях, социально-психологические и жанровые особенности. 2010.

This article was written about the tendency of organize of the political debates between political parties during the parliamentary elections in Kazakhstan. Particularly, there is a greater emphasis on the recent political debate between seven political parties on January 12, 2012.

Алдыңғы «
Келесі »