Астананың азық-түлік белдеуі елорданы 20 пайызға қамтамасыз етіп отыр — И. Тасмағамбетов

  • 12.10.2014
  • 298 рет оқылды
  • Пікір жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат — Астананың азық-түлік белдеуі елордалықтардың қажетін 20-22 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.

«Астананың азық-түлік белдеуі елорданы азық-түлікпен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізіп келе жатқаны сөзсіз. Бүгінде белдеу арқылы елорда халқының азық-түлікке деген қажеттілігі 20-22 пайызға қамтамасыз етілуде. Бұл көрсеткіш жаман емес деп айтуға болады және алдағы жылдарда одан да жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген жоспарымыз бар», — деп атап өтті әкім.

Сонымен қатар, қала басшысының айтуынша, елордада азық-түлікке деген тапшылық жоқ. Жылдан-жылға Астананың еліміздің басқа өңірлерінен келетін азық-түлікке тәуелділігі азаюда.
«Егер бірнеше жыл бұрын бізге әкелінетін азық-түлік көлемі 72 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 52 пайызға дейін төмендеген», — дейді И. Тасмағамбетов.

Оның айтуынша, қаланың халқы өскен сайын, ішіп-жемге деген сұраныс та көбеюде. Жыл сайын елордаға 60 мыңға жуық адам тұрғылықты тұру үшін ат басын тірейді. Ресми дерек бойынша бас қалада бүгінде 840 мың адам тұрады, ал ресми емес деректер бойынша астаналықтардың саны 1 миллионнан асып жығылады.

«Айта кетейік, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облысытары жәрмеңкеге 1000 тоннадан астам өнім әкелді. Ал Астана халқы күніне 1800 тонна азық-түлік тұтынады», — деп атап өтті қала басшысы.

Алдыңғы «
Келесі »