АҚТОҒАЙДЫҢ АҚИЫҚ ҚЫРАН ҰЛЫ

  • 07.03.2012
  • 565 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрлыбай   ОМАРОВ,

журналист

Бақытбек Қапанұлы Сыздықов 16 маусым 1962 жылы Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік қызыл дипломға бітіріп, сол жылы Жезқазған облыстық қорғаушылар алқасының мүшесі болып кәсіби заңгерлік қызметке кірісті. 1987 жылы Одақ көлеміндегі ең жас халық судьясы болып , 25 жасында Жезқазған облысы Ағадыр аудандық сотына сайланады. 1991 – 2008 жылдар аралығында Жезқазған облысы Ақтоғай аудандық , Шет аудандық , Сәтбаев қалалық соттарының төрағасы қызметтерін үлкен жауапкершілік және жоғары кәсіби біліктілікпен атқарады. Осы жылдар сот төрелігін әділ жүргізуінің арқасында Жезқазған облысының өзі еңбек еткен өңірлерінде талай-талай ауыл, аудан үлкендері-ақсақал ағаларымыздан бата алып, «әділ би» атанған Ақтоғайдың ақиық қыран ұлы, туған өлкесі сыйлаған тұлғалы абзал азаматы. 2008 жылдың шілде айында Елбасының келесі Жарлығымен  Жезқазған қалалық сотының төрағасы болып тағайындалып, осы үлкен  міндетті зор жауапкершілікпен атқарып келеді. 2008 жылдан бері Жезқазған қалалық сотында көптеген игі шараларды ұйымдастырып , жалпы қалың көпшіліктің сот төрелігіне деген сенім нығайтуда аянбай еңбек етіп келеді.

Нұрлыбай ОМАРОВ Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты,әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдаған.Көп жылдардан бері облыстық, республикалық газет-журналдарда еңбек етіп келеді.1997 жылдан бері республикалық «Заң газеті», «Юридическая газета», «ЗАҢ», «ФЕМИДА», «ӘДІЛ СОТ» басылымдарының Астанадағы арнаулы тілшісі.

Соның жарқын айғағы жалпы сот төрелігін жүргізудегі барлық көрсеткіштер негізінде Жезқазған қалалық соты 2009-2010-2011 жылдардың қорытындылары бойынша Қарағанды облысында жүлделі бірінші орынды басқа әріптестеріне қолдан бермей келеді. Бәкең келгелі қалалық сот ғимаратының іші-сырты адам танымастай еуропа үлгісімен күрделі жөндеуден өтіп, өңірдегі ең үлкен базалық сотқа айналды. Сот билігін жүргізіп келе жатқан осы жиырма бес жыл ішінде бірнеше мәрте Елбасының Алғыс хаттарымен, ҚР Жоғарғы Сот Төрағалары және Жезқазған , Қарағанды облыстық сот төрағаларының Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Республика Тәуелсіздігінің Х жылдық мерекелік медалінің иегері. Жақында Елбасының Жарлығымен Қарағанды облысының аудандық және қалалық сот төрағалары ішінде жеке дара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі ХХ жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Осының бәрі оның адал да белсенді еңбексүйгіштігіне, жүргізіп келе жатқан әділ сот төрелігіне  берілген жоғары баға деп есептейміз. Отбасылы, төрт баланың әкесі, бір немересі бар. Заң ғылымдарының кандидаты. Үлкен ұлы Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев университетінің Халықаралық құқық факультетінде оқиды.

– Сот саласында ширек ғасыр қызмет атқарып келесіз.Сондықтанда кешегі мен бүгінді салыстыра қарағанда, қандай ой түйесіз?

Еліміз өз алдына Тәуелсіздік алғаннан бері барлық салаларда реформалар жасау қолға алынғаны белгілі. Соның бірі сот жүйесін түбегейлі қайта құру бағытын көздеді. Реформа жасаудың қажеттігі саланы жаңартуды талап ететін жағдайлардың қалыптасқанын танытады. Кеңес  заманында соттар халық ұғымында негізінен жазалаушы орган ретінде қалыптасты. Сонымен бірге, көбіне биліктің ығына жығылатыны да жасырын емес-ті. Сондай-ақ, сот қызметі көбіне жабық тақырып болып келетін, сот актілерінің бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуы некен – саяқ болатын.Ал, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Біздің халықтан жасыратын ештеңеміз де жоқ.Сот отырыстары, заңда көрсетілген талаптардан өзгесі, ашық түрде, көпшіліктің көз алдында өтіп жатады. Бұрын халық әлдебір мәселелерін шешу үшін партия органдарына арыз, шағым жолдайтын болса, қазір соттарға жүгінуді үйренді. Демек, халқымыздың құқықтық түсінігі де арта түсті. Ал, бұған соттардың сапалы жұмыс жасауы әсерін тигізіп отырғаны сөзсіз. Адам өзін толғандырған мәселе бойынша заң аясында сот арқылы қанағаттанарлық ұйғарым жасалғанын сезінетін болса, оның сотқа деген сенімі нығая түспек.Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздік биліктің үш тармағының бірі – сот жүйесінің де тәуелсіздігін қамтамасыз ете түсті.

-Сот жұмысының сапасы судьяларға байланысты десек, өз кезегінде олардың қалыпты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудыру да аса маңызды екендігіне келісетін шығарсыз?

Әрине, бұған сөз жоқ.Қайсыбір жылдары басқасын айтпағанда, кәдімгі қалам, қағаздың өзі қат болатын.Кеңестік тоталитарлық кезеңде соттардың күнделікті жұмысына қажетті қағаз, қалам, қызметтік авто көлік ,кеңсе сұрап талай рет аупарткомның табалдырығын тоздырғанымызды қалай жасыра аламыз. Қазір жағдай мүлдем өзгерді. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Жезқазған қалалық сотының ғимаратына күрделі жөндеу жүргіздік.Қазір мұнда қылмыстық істерді қарайтын үлкен 2 зал және азаматтық істерді қарауға арналған 4 кіші зал бар. Бірде – бір сот отырысы бұрынғыдай кабинеттерде қаралмайды, бәрі де арнаулы залдарда өтеді және залдардың барлығы да ғимараттардың төменгі қабаттарына орналасқан.Бұл халықтың сот отырыстарына қатысуына қолайлылық тудыру мақсатынан туындаған. Сондай-ақ, судьялар осы заманғы техникалық құрал – жабдықтармен де толық қамтамасыз етілген. Баяғыда әдебиетшілер арасында  орыс жазушысы Михаил Шолоховтың «Партия бізге барлық құқықты берді, тек жаман жазу құқығын берген жоқ» дейтін сөзі жиі айтылатын. Сол айтпақшы, қазіргі таңда мемлекет тарапынан соттардың қалыпты жұмыс жасауы үшін барлық жағдайлар жасалған. Ал,судьялардың міндеті заңға адалдықтан айнымау,әділ сот төрелігін төрелігін жүргізуі ғана бірінші мақсат болу керек. Жұмыс сапасының артуына бүгінгі таңда судьялардың мамандандырылуы да жақсы әсерін тигізуде. Яғни, судьялардың бір бөлігі тек қылмыстық істерді қарайтын болса, екіншілері азаматтық істерді қараумен ғана айналысады. Бұл мәселе одан әрі тереңдетіліп, тақырыптық мамандандырылу жүріп жатыр.  Сондай –ақ, кейінгі технологиялық жетістіктерді пайдалану арқасында келіп түскен істерді нақты қай судьяның қарайтынын компьютер анықтайтын автоматтық жүйе жасалды. Демек, ешкім қандай істі қарайтынын күнілгері біле алмайды. Бұл судья мен сотқа жүгінушілер арасындағы байланысты болдырмау, ашығырақ айтқанда, «ауыз жаласу», «мәмілеге келу» тәрізді теріс құбылыстардың жолын кесу  ниетінен жасалған қадам болып табылады.

2010 жылғы 30 маусымда Қарағанды облыстық сотының төрағасы Е.Серікбаевтың өкімімен Жезқазған қалалық сотына аймақтық базалық сот мәртебесі берілді.Сонымен қатар, қалалық сот жанынан облыстық соттың оқу орталығының филиалы құрылды. Филиалдың жанды қызметін қамтамасыз ету мақсатында арнайы кабинет бөлініп,  арнаулы оқу құралдарымен жабдықталды.Қазір мұнда Жезқазған,Сәтбаев, Қаражал қалалық, Ұлытау аудандық және Ұлытау-2, Жезқазған аймақтық әкімшілік соттарының судьялары мен мамандары арнайы кесте бойынша біліктіліктерін арттырып отырады, тәжірибелерін шыңдайды. Былтырғы жылдың өзінде, мұнда 11 мәрте семинар сабақтары өткізіліп, құқық саласына қатысты түрлі мәселелер қозғалды.

-Әлгінде  кейінгі кездері жазушылардың өздері де айта қоймайтын Михаил Шолоховтың сөзін тілге тиек етіп өттіңіз…

– Кеңес уақытындағы құндылықтардың өзгергені рас.Бірақ, өткеннің бәріне бірдей теріс қарауға болмайды. Және Шолоховтың әлгі сөзін реті келіп қалғасын айтып жатқаным ғой.Жалпы мен сот қызметкері болмағанда әдебиетші немесе тарихшы болуым мүмкін еді. Өйткені, кішкентайымнан әдебиетке, әсіресе, халық ауыз әдебиетіне ынтық болып өстім. Бұған бәлкім, қазақтың  атақты ақыны, әншісі Әсет Найманбайұлының ұрпағы болып келетініміздің де әсері бар шығар?!  Атадан қалған қанның жұрнағы болар, мақтанғаным емес, өзімнің де ептеп өлең жазып қоятыным бар.

– Осы орайда, өскен ортаңыз туралы айта кетсеңіз?

– Сарыарқаның топырағы киелі өңірінің бірі Ақтоғай, соның ішінде Қызыларай. Бұл ауылдан алаштың атақты перзенттері  өсіп өнген.Әлихан Бөкейханов атамыздың қолымен егіп кеткен ағашы өткеннің белгісіндей болып әлі күнге шейін жапырағы жайқалып өсіп тұр. Қазақ жерінің тұтастығы үшін Лениннің өзімен тайталаса білген Әлімхан Ермековтің қандай тұлға болғанын алаштың тағы бір арысы Ахмет Байтұрсынов атамыздың «Орыстан да біздің Әлімханмен ой жарыстыра алатындай біреу туған екен-ау» деген сөзіне қарап – ақ, бағамдауға болғандай.Қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Жақып Ақбаевтың да кіндік қаны біздің елде тамған. Осындай нар тұлғалардың есімдері кешегі кеңес кезінде жария айтылмады, бірақ, бұл ол кісілер туралы білмедік, естімедік дегенді білдірмейді.Елдің үлкендері, ал, олардың арасында арыстардың көздерін көріп, дәмдес, дастархандас болған жандар аз болмайтын, олар туралы әңгімелеп отыратын. Біздер бала болсақ та, сондай әңгімелерге құлағымызды түре жүретінбіз. Және  «олар туралы неге оқулықтарда жазылмайды?» деген ішкі қызығушылық арта түсетін. Тәуелсіздік тұсында ғана не себепті солай болғанын біліп, түсініп жатырмыз ғой… Ал, жеке өзіме келсем, мен мұғалімдер әулетінен шыққанмын.Әсет бабамыздың өзі халықтың рухани ұстазы болғанын өзіңіз де білесіз. Менің үлкен әкелерімнің біреуі Әбдірахым Смағұлов –Қарағанды облысы бойынша алғаш рет Ленин орденімен марапатталған мұғалім. Ол Сондай – ақ ҚазССР – не еңбегі сіңген мұғалім атағын алған.  Қазақстандағы төртінші адам.1939 жылы оған орденді Мәскеудегі Кремльдің залында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы  Михаил Иванович Калинин өз қолымен табыстаған. Өзімнің анам Мәкен Ақатаева 40 жылдан аса бастауыш сынып мұғалімі болған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім. Қазір 76-ға қараған анам қолымда тұрады. Ол кісінің шәкірттерінің кейбіреуін атасақ: атақты ақын Серік Ақсұңқарұлы, филология ғылымдарының доктары, Қарағанды мемлекеттік университетінің мұғалімі Алмагүл Әділова, Жаңа – арқа аудандық сотының төрағасы Бағдат Әбепбеков және тағысын тағылар.

-Сіздің өмірбаяныңызға көз сала отырып, небәрі 25 жасыңызда елге билік айта бастағаныңызды байқадым.

-Университет бітіргеннен кейін адвокаттар кеңсесінде қызмет атқарып жүргенмін.Кеңес уақытында судьяларды халық сайлайтын. Бірақ, 25 жасқа толмағандардың судья бола алмайтыны жөнінде шектеу бар еді. Бұған түсіністікпен қарау да керек. Айталық, қазір 21 жасқа толмағандар депутаттыққа, 45-ке келмегендер Президенттікке сайлана алмайды. Өйткені, заң талабы солай.Судья сайлауы өтетін күні менің 25-ке толғаныма бес күн болады екен. Яғни, заң бойынша еш кедергі жоқ. Сондықтан, судья сайлауына түсуге шешім қабылдадым. Халық дауысын берді, сөйтіп, мен сол кездегі КСРО  еліндегі ең жас судья атандым. Бұл 1987 – жыл болатын.Міне, содан бері сот жүйесінде қызмет атқарып келемін.

-Сөздің басында «кеңес заманында соттар халық ұғымында негізінен жазалаушы орган ретінде қалыптасты» деп қалдыңыз. Меніңше, соттардың қылмыскерге жаза белгілеу құқығы сол қалпында сақталып қалды емес пе?

Бейімбет Майлин атамыздың атақты өлеңіндегі «-Қайдан келесің? -Соттан келемін, Сот емес – ау оттан келемін» деген жолдар есіңізде ме? Сол айтқандай, ісі сотқа түскен кісінің ақталып шығуы кешегі күндері ілуде біреу болмаса көбіне мүмкін болмайтын.Өйткені, соттар ақтау туралы үкім шығара қоймайтын.Және «қылмысты» деп танылған сотталушыға міндетті түрде бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу жазылмаған заң тәрізді еді. Сондықтан да, халық арасында соттарға суық қарайтын.Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жүргізілген сот жүйесін реформалау нәтижесінде  қылмыстың түрі мен деңгейіне қарай бас бостандығынан айыруға жатпайтын шараларды қолдануға басымдық беріле бастады. Жалпы соттардың қылмыскерге жаза белгілегенде көздейтін түпкі мақсаттары не? Әрине,жаза басып, қате қадамға барған адамның қайта түзелуіне мүмкіндік беру.Қысқаша айтқанда осылай.Бірақ, тәжірибе қылмысқа ұрынғандардың бәрін бірдей темір тордың аржағына жөнелтудің оңынан гөрі теріс жақтарының көп болатындығын көрсетті.Сондықтан да, балама жазалар қолдану қажеттігі туындады. Дегенмен,  соттардың жаңалықты іліп әкетуі ойдағыдай болып отырған жоқ. Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өткен жылғы халыққа Жолдауында құқық қорғау жүйесі туралы «Бұл сектор өткен жүйенің көптеген кемшіліктерін сақтап қалған.Біздің жүйемізде жазалау айыптары 5 пайыздан  аз болса, түзеу жұмыстары – 0,4 пайызды, қоғамдық жұмыстар 0 пайызды құрайды» деп атап көрсеткені дәлел.Заңдарды ізгілендіру, олардың сапасын арттыру бағытында қадамдар жасалуда, соның бор айғағы биыл 18 – ші қаңтарда қабылданған «ҚР –ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Сондай – ақ «ҚР бітімгерлік (медиация)»  Заңы қабылданды, жазда қолданысқа енеді.

– Кешіріңіз, сіздің кандидаттық диссертацияңыздың өзегіне де нақ осы бітім институты арқау болды емес пе?

-Дұрыс айтасыз, мен өткен жылы «Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығындағы бітім институты: табиғаты, мәні және қалыптасуының проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым.Халқымызда «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген сөз бар. Қазақтың билері кісі өліміне жол берілген жағдайдың өзінде де  қолы қанға боялған адамның жазасын құн төлеу арқылы шеше білген.Әрине, өлім жазасы да белгіленген. Бірақ, бір ғажабы, бұл көбіне көп имандылықтан, адамгершіліктен аттаған жандарға қолданылған. Сондай – ақ, «бітім» деп аталмаса да, әлем елдерінің көбісінде балама әдіске жүгіну, яғни медиацияны қолдану бұрыннан бар. Мысалы, Швейцарияда бұл  «шағымды қайтару» деп аталады. Яғни, жәбірленуші шағымын өзінің ғана шешімі бойынша бірінші сатыдағы сот үкімі шыққанға дейін кейін қайтара алады,ал, бір әрекетке байланысты шағымды қайталап екінші мәрте беруге болмайды.

Елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаның негізгі мақсаты ұлттық құқықтық жүйені қалыптастыру десек, қазақи құқықтық мұраны ескеру мен оны мүмкіндігінше қолдану  реформаның тиімділігін арттыруға оң ықпал тигізетін фактор ретінде қарастырылуы керек. Әсіресе, соттық – құқықтық реформа жүргізгенде дәстүрлі қазақи институт – билер сотының тәжірибесін зерделеу де, пайдалану да қажет.Өйткені, қазақы сот төрелігі құқық қолдану институтынан гөрі бітім институты ретінде көрініс тапқан. Сондықтанда ҚР Қылмыстық Кодексіне жәбірленушімен бітімдесуді қарастыратын 67-баптың енгізілуі өте орынды болды. Бірақ, мұндағы «татуласу» терминінің орнына «бітімдесу» термині қолданылса оның мәні анықтала түсер еді. Өйткені, «татуласу» мен «бітімдесу» мағыналары жақын болғанмен екеуі екі бөлек нәрсе.Моральдық, адамгершілік нормалармен реттелетін татуласудың өлшемдерін құқық бекіте алмайды, осыны ескеру керек.Меніңше,  бітімнің тек сот арқылы бекітілуін талап ету аса тиімді емес. Бұл мәселені тым ресмилендіріп жібереді және басқа да жағымсыз әсерлерге соқтырады.Сол себепті, ҚР ҚҚ 67-бабын қолданудың еріктілігі мен міндеттілігін Қылмыстық Іс Жүргізу Кодексінің 38- бабында заңнамалық тұрғыда айқын бекітілгені жөн. Сонда жанжалдасушы жақтар уақыт оздырмай, қағазбастылыққа салынбай, қазақшалап айтқанда, жүйкелерін тоздырмай – ақ, істің сотта қаралуын күтпестен тергеу жұмыстары барысында бітімдесіп кетер еді. Сондай – ақ,қазіргі тәжірибе, келтірілген зиянның есесі толық өтелмейінше,қылмыс жасаған адам ол жәбірленушімен бітімге келіп отырса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жатпайтығын көрсетуде.Сондықтан да, егер жәбірленуші келісімін берсе, бітім келісімінде зиянның есесін толтырудың нақты мерзімі көрсетіліп, оны орындауды  кейінге қалдыру мүмкіндігін де қарастырғанымыз дұрыс болмақ.

Біздің қалалық сотта танысының 30 мың теңге тұратын қалта телефонын ұрлаған ұрының ісі қаралды.Зиянның есесі толған соң жәбірленуші ұрымен бітімге келді.Бірақ, ұрыны қылмыстық жауапкершіліктен босату заң тұрғысынан мүмкін болмады. Өйткені, оның әрекеті формальды түрде ауыр қылмыс санатына жатқызылғандықтан оған Қылмыстық Кодекстің 67- бабын қолдануға  негіз жоқ. Мұндай мысалдар жеткілікті. Сондықтан, егер адам өліміне не оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты  емес ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адамды бітімдесуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі заңнамада бекітілсе, бұл қазіргі заманғы қылмыстық саясатқа сай келер еді. Негізі бітім институтының қолдану аясын заңдық тұрғыда кеңейте түскеніміз жөн.

-Күнделікті өмірде кездесетін түрлі түйткілдің бәрін заң баптарына сыйғызу мүмкін де емес шығар?

– Мұны да  жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, біздің міндетіміз барлық мүмкіндіктерді барынша ойластыруға келіп саяды ғой. Заңдардың жетілдіретін, ескеретін тұстары нақты бір істер бойынша үкім шығарарда, шешім қабылдарда су бетіне қалқып шыға келеді.

– Сізге судья ретінде көбіне – көп қандай істерді қарау қиындық тудырады?

Адам тағдырына қатысты болғасын қандай  істі де қарау судьяны бейжай қалдыра алмайды. Дегенмен, жеке өзімді айтар болсам, маған бала асырап  алу туралы келіп түсетін өтініштерді қарау жүрегіме әжептәуір күш түсіреді. Неге? Өйткені, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқандардың бәрі бірдей кезінде аналары перзентханаға тастап кеткен сәбилер емес, олардың арасында ата-ана құқығынан айрылғандардың да балалары бар.  Кеше теріс жолда жүргендердің ертең қайта түзелмесіне кім кепіл? Немесе, бір кезде жаңылыс қадамға барып, туған перзентінен бас тартқан жас ана жылдар өте келе қатесін түсініп, сол сәбиін іздейтін болса ше? Ал,  осы аралықта олардың балаларын сот шешімі арқылы өзге біреулер асырап алатын болса, олар перзенттерінен мәңгілікке айрылады емес пе? Бірақ, өмірдің ағымы бөлек, уақыт бұзылған ата – аналардың қайта түзелуін немесе қате қадамға ұрынғандардың аналық не әкелік махаббаттарының оянуын күтіп отыра алмайды.Біреулерге қуаныш сыйлайтын шешім қабылдаудың да осындай жақтарын ойлағанда  кәдімгідей қиналасың.

– Қоғамда жиі әңгіме өзегіне айналатын мәселенің  бірі – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту екені белгілі. Өзіңіз тәрізді жауапты тұлғалармен сұхбаттасқанда олардан міндетті түрде өздері басқарып отырған ұжымдағы мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейі туралы сұрақ қою менің әдетіме айналып кетіп еді. Сондықтан да, сізге де «Жезқазған қалалық сотында қазақ тілі сот тіліне айналып отыр ма?» деген сауал қойғым келеді.

Мемлекеттік тілдің сот тіліне айналуы өкінішке қарай, тек соттардың өздеріне ғана байланысты емес, өйткені, тиісті заң талабы бойынша, сот іс қай тілде келіп түссе, сол тілде қарауға міндетті. Бірақ, солай екен деп қол қусырып қарап отырар болсақ, біздің өз ұлтымыз алдындағы перзенттік парызымыз қайда қалады? Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бәріміз шама – шарқымыз келгенше тиісті мүмкіндіктер шеңберінде өз үлесімізді қоса білуіміз керек. Мұны тек түсіну, айтып қана қоя салу – жеткіліксіз, керісінше, ана тіліміздің тынысын аша түсуге сәл де болса септігі тиетін нақты шараларды қолға алған  жөн.Сот саласының ардагері, жақында ғана дүниеден өткен Малдыбек Әбсалықов ағамыз бірде әңгіме үстінде «сендер бақытты заманның судьяларысыңдар,өйткені, өз тілдеріңде іс қарау мүмкіндіктерің бар. Кезінде бізге қазақ тілінде іс қарау қиял іспетті еді. Еліміздің Тәуелсіздік алғанын, тіліміздің дамығанын көру біз секілді үлкендердің көңілдерін қуантады» дегені бар еді. Кеше мен бүгінді салыстыра қарағанда, әрине, қазақ тілінің қолданыс аясының көш ілгері кеткені – мойындамасқа болмайтын өмір ақиқаты. Ардагер ағамыздың көңілін қуантқан да осы жағдай болса керек. Бірақ, бұл барлық мүмкіндіктер толық пайдаланылып отыр деген сөз емес.Жезқазған қалалық сотының төрағасы болып тағайындалған 2008 жылы істердің қаралуына сараптама жасағанда, мемлекеттік тілде қаралған істердің үлес салмағының  аз екендігі алаңдаушылық туғызды, сосын оның себептеріне үңілуге ұмтылдым. Сөйтсем, Жезқазғанда қазақ ұлтының үлес салмағы басқалардан көп бола тұра және сотқа жүгінушілердің арасында да өзіміздің қарагөздердің басымдығына қарамастан, сотқа келіп түсетін істердің, жазылған талап – арыздардың, өтініш – шағымдардың көпшілігі басқа тілде жазылып отырған. Сондықтан, қаладағы барлық құқық қорғау саласы қызметтерінің, ішкі істер өкілдерінің басын қосып,  арнайы жиын өткізіп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсу бағытындағы ой – пікірлерімізді ортаға салдық. Басқа ұлт өкілдері туралы сөз қозғамасақ та,қазақ ұлтының өкілдері болып табылатын азаматтардың арыз – шағым, өтініш – тілектерін міндетті түрде қазақ тілінде рәсімдеуге ықпал жасау туралы уағдаластық. Өйткені, қазақ тілін дамыту ең алдымен өз ұлтымыздың өкілдеріне әрі міндет, әрі сын емес пе?  Әрине, іс қағаздарының, ресми құжаттардың тілі бір жүйеге түспегені де, стильдік жағынан қалыптаспай жатқаны да белгілі бір деңгейде өз кедергісін тигізіп отырғанын да түсінуге болады. Бірақ, мұны  мемлекеттік тілді барынша кеңінен қолданудың кедергісі ретінде қарастырудың еш реті жоқ. Шынында, қалалық сотқа 2008 жылы барлығы 5,7 пайыз ғана қазақ тіліндегі іс қағаздары айналымға түссе, біз өткізген жаңағы жиыннан кейін сот өндірісіне келіп түсетін қазақ тіліндегі құжаттар күрт арта түсті. Айталық, 2009 жылдың қорытындысы бойынша қазақша құжаттар саны 17,3 пайызды құраса, 2010 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 19 пайызды  құрап отыр. Жақында қалалық деңгейде «іс – жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту» – атты үлкен жиын өткізу жоспарланып жатыр. Сондықтан да, біз мемлекеттік тілге байланысты жиынды  дәстүрлі түрде өткізіп тұруды ойластырып отырмыз. Өйткені, осылайша бірлесе қимылдағанда ғана тіліміздің қолданысы арта түсетінін өмір көрсетіп отыр.

-Өзіңіз білесіз, қай салада болсын «сабақтастық» дейтін тамаша ұғым бар. Бірақ, кейде кешегінің бәрін жоққа шығарып жатқандардың да бар екенін естіп те, көріп те жүрміз..

– Егер мен жаңылыспасам, «Өткеніне кесек лақтырғанды келешек таспен атады» деген нақыл бар. Сондықтан, өткенге әрқашан құрметпен қарай білген жөн. Тіпті, орын алған келеңсіздіктерінен сабақ алып, оны қайталауға жол бермеу үшін де тарихи жолдарымызға тереңірек үңілуге тиіспіз.Өткен жылы біз қалалық соттың шағын мұражайын аштық. Мұнда Тәуелсіздік алғанға дейінгі де, одан бергі уақыттағы да сот төрағаларының ,судьялардың, мамандардың өмірбаян деректері,олардың суреттері, соттардың  қолданған құрал -жабдықтары, кейбір істердің көшірмелері және т.б. заттар жинақталған. Біздің Жезқазған- Ұлытау өңірінен шыққан атақты ақын Тайжан Қалмағанбетовті халық жақсы білуге тиіс.Көкшетау баурайындағы  Үкілі Ыбырайдың әндерін Сыр бойына  дейін жеткізіп, сөйтіп, Нартай Бегежанов арқылы күллі қазақ даласына таралуына зор дәнекерлік жасаған Тайжекең отызыншы жылдары «халық жауы» атанған ғой. Мұны неге айтып отырмын?  Сол Тайжан ақынның Советхан дейтін баласы өткен ғасырдың 70-ші жылдарынң ортасында Жезқазған қалалық сотының төрағасы болған. Біздің шағын мұражайымызға бас сұққан қонақтардың бірі ол кісінің ілулі тұрған портретін көріп, өмірбаян деректерімен танысып шыққан соң, «Тайжекеңнің баласы сот саласында қызмет істегенін, тіпті төраға болғанын енді ғана біліп тұрмын» деп таң қалғаны бар. Міне, өткенге құрметпен қараудың қажеттілігінің жарқын бір мысалы.Біз сот саласында қызмет атқарған ардагер судьялармен, мамандармен жиі кездесіп, жүздесіп, пікірлесіп тұрамыз. «Алдыңда ағаң болса арқа тұтар, Онда сен болдым дей бер несібелі» демекші,  аға буынның ақыл – кеңесі ешқашан артықтық етпейді.

– Соттардың халық арасындағы абырой, беделін арттыра түсетін  ең басты қандай жағдайлар деп білесіз?

Әрине, ең алдымен, әрбір судья заң талаптарын қатаң сақтай білуі керек. Бұл оның жеке басының мәдениетінен бастап қызметтік міндетіне адалдықты да қамтиды.Айталық, судья дөрекі мінез танытып немесе тіпті, қызметінен тысқары жерлердің өзінде жағымсыз әрекеттерімен көптің көзіне ілініп жатар болса, мұндай судьялар жұмыс жасайтын соттардың халық арасындағы абырой, беделі туралы қандай сөз болуы мүмкін? Сондықтан, судьялар өздеріне қандай жауапкершілік жүктелетінін терең сезіне білулері керек. Өйткені, оларға мемлекет атынан үкім шығару, шешім қабылдау құқықтары берілген.Ал, бұл судьяның абырой, беделі деген сөздің аржағында мемлекеттің абырой, беделі тұрғанын аңғартады.Дегенмен,сот жұмысы неғұрлым жариялы бола түссе, оның халық алдындағы абырой, беделі де соғұрлым арта түсетіні де күмәнсіз. Өйткені, халық соттардың жетістігін де, кемістігін де көріп, біліп отырса, бұл – сот жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді.

Біз  өткен жылдың қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеуде облыста бірінші орын иелендік.Жария сөз қашанда сенімді естіледі. Бізде сондай- ақ әр тоқсан сайын газет үлгісіндегі «Жезқазған қалалық сотының ақпарат- хабаршысы» шығарылып тұрады. Мұнда қалалық сот судьяларының қалай жұмыс істегендері толық көрініс табады. Айталық, қай судьяның қабылдаған шешімі немесе шығарған үкімі бұзылғаны да туралы да жасырмай жазамыз. Яғни, біздің судьяларымыздың жұмысы халық назарынан тыс қалмайды. Сонымен бірге, қоғамдық пікірді зерттеуге де мән беріледі.Әрине, сауалнамаға жауап беру кезінде адамдардың өздерінің аты-жөндерін жария етулері міндет емес. Аталған әлеуметтік сауалнама үнемі жүргізіліп отырылады, бұл да судьялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырудың бір фактыры болып табылады.

Астана-Жезқазған-Астана    9.02.2012

Алдыңғы «
Келесі »