Апта ішіндегі кадрлық тағайындауларға шолу

  • 12.10.2014
  • 500 рет оқылды
  • Пікір жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат — Өтіп бара жатқан аптада Мемлекет басшысы бірқатар мемлекеттердегі Қазақстанның елшілерін тағайындады. Сонымен қатар, биліктің жергілікті органдарында да бірқатар кадрлық тағайындаулар болды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі дәстүр бойынша апта бойы жасалған кадрлық ауыс-түйіске шолуды ұсынады.

***

Осы аптаның басында Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Қазақстанның Үндістандағы, Иорданиядағы және Катардағы елшілері тағайындалды.

Осылайша, Болат Серғазыұлы Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы, Ливан Республикасындағы, Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды;
Азамат Рахманқұлұлы Бердібай Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды;
Асқар Жеңісұлы Шоқыбаев Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

***
6 қазанда Алматы облыстық сотының жалпы отырысында жаңадан тағайындалған судьялар таныстырылды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 29 қыркүйектегі №917 Жарлығымен Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы төрағасы қызметіне Советхан Сәкенұлы Сәкенов және мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметіне Жанар Мұхадиқызы Ибрагимова тағайындалды. Бұған дейін С.Сәкенов Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы лауазымын атқарған.

***
7 қазанда Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өкімімен Мұхтар Жұмағазиев облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Осыған дейін бұл қызметте болған Марат Тағымов ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына сайланғандықтан қызметінен босатылды.
Мұхтар Жұмағазиев ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешенінің даму мәселелерін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, әскери-жұмылдыру жұмыстарын және азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою, қылмыспен күрес және т.б салаларға басшылық жасайтын болады.
Мұхтар Жұмағазиев 1956 жылы туған. Алматы мал дәрігерлік институтын зооинженер мамандығы бойынша, Алматы экономика және статистика академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылдан Ақтөбе облысы Қобда ауданының «Қобда» кеңшарының зоотехнигі болудан бастаған.
Қобда ауданының Ильич атындағы ұжымшарының партком хатшысы, Қобда аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қобда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Қобда ауданы «Орақ пен балға» ұжымшары басқармасының төрағасы, Ақтөбе облысы Исатай, Қобда, Қарғалы, Ойыл аудандарының әкімі, Ақтөбе облыстық жолаушылар тасымалдау және автокөлік жолдары басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.
2011 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған.

***
Сондай-ақ, осы күні Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өкімімен Мамырғали Аққағазов Байғанин ауданының әкімі болып тағайындалды.
2013 жылдан бұл қызметте болған Нұржан Аққұл Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы қызметіне ауыстырылды.
М. Аққағазов 1964 жылы туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы 1986 жылы инженер қызметінен басталып, кейін Алға ауданының «Парижская коммуна» ұжымшарында бас инженер лауазымында еңбек етті.
Әр жылдары «Парижская коммуна» ұжымшарын, «Ақай» өндірістік кооперативін, «Дәурен» шаруа қожалығын басқарды.
Кейін Алға қалалық округінің әкімі, «Алға-жылу» КМК директоры, Ильин ауылдық округінің әкімі, Алға ауданы әкімінің орынбасары, Байғанин ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2013 жылдың маусымынан Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болған.

***
«Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ-ның жалғыз акционері «Ақтөбе облыстық қаржы басқармасы» ММ-нің шешімімен «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып Әлімжан Үсенғалиев тағайындалды.
Оған дейінгі басқарма төрағасы Балғали Ордабаев өз еркімен қызметінен босатылды.
Ә. Үсенғалиев 1975 жылы дүниеге келген. Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын «Жол инженері-құрылысшы» мамандығы бойынша, 2003 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін «Тау-кен инженері-мұнайшы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылы оқытушы болып бастаған, кейін Ақтөбе темір жол колледжінде деканның орынбасары болған.
Әр жылдары Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бас маманы, «Батысқазкен» ММ бөлім бастығы, ҚР энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің геология және кен пайдалану комитетінің «ҚР геология және минералдық ресурстардың ақпараттық-сараптамалық орталығы» РМК Ақтөбе филиалының директоры, «Батыс» ӘКК» ҰК» АҚ кен департаментінің директоры, Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарақұдық ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған.
2011 жылдың тамызынан бүгінгі күнге дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасын басқарған.

***
7 қазанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен екі комитеттің төраға орынбасарлары тағайындалды.
Бұйрыққа сәйкес, Дәулетияр Сахидуллаұлы Сейтімбетов және Болат Қабыкенұлы Бекнияз ҚР АШМ су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары лауазымындарына тағайындалды.
Сондай-ақ, Нариман Талғатұлы Жүнісов және Қайрат Жанғабылұлы Үстеміров ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасарлары болды.

***
8 қазанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өкімімен облыстық туризм басқармасының бастығы болып Самат Қуанышбекұлы Жаңабай тағайындалды.
С. Жаңабай 1975 жылы туған, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, Семмеринг қаласында (Австрия) Халықаралық туризм және менеджмент институтын бітірген.
Еңбек қызметін Қазақстанның мемлекеттік даму банкінде әкімшілік департаменттің аға аудармашысы болып бастады. Әр жылдарда ҚР Сыртқы істер министрлігінде әртүрлі қызметтер атқарды — ҚР СІМ көпжақты ынтымақтастық департаментінің референті, Қазақстанның Торонто қаласындағы консульдық пунктінің үшінші, екінші хатшысы, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде екінші, бірінші хатшы, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің Азия, Таяу Шығыс және Африка елдері басқармасының бастығы, ҚР-ның Дубайдағы (БАӘ) бас консулы, СІМ консулдық қызмет департаментінің директоры, ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болды.

***
10 қазанда Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен «Ақмола облысының мәдениет басқармасы» ММ басшысы болып Сәуле Бөкейханқызы Бурбаева тағайындалды.
Сәуле Бөкейханқызы Бурбаева 1960 жылы туған. Еңбек жолын 1978 жылы бастаған.
Ол «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» АОО оқу материалдары және оқулықтар шығару бойынша жобалық топ менеджері», Астана қаласындағы «Техникалық және кәсіби білімді дамыту және біліктілікті тағайындау» республикалық ғылыми — әдістемелік орталығы» ШЖҚ РМК Бас директоры, сондай-ақ, әр жылдары Қостанай облысы мәдениет басқармасының басшысы болған.
Осыған дейін ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «ТжКО жаңғырту» жобасын басқару тобының бас кеңесшісі қызметін атқарды.

***
11 қазанда ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың өкімімен Петропавл қаласының әкімі болып Марат Иманбайұлы Тасмағанбетов тағайындалды.
Марат Иманбайұлы Тасмағанбетов 1971 жылы Көкшетау облысы Рузаев ауданының Андреевка ауылында дүниеге келген. Көкшетау ауыл шаруашылық институты мен Алматы экономика және статистика институтын ғалым-агроном, экономист мамандықтары бойынша бітірген. 2006 жылдан осы күнге дейін СҚО-дағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданды басқарды.

Алдыңғы «
Келесі »