ТМД-ға төрағалық Қазақстанға өтеді

  • 10.10.2014
  • 268 рет оқылды
  • Пікір жоқ

МИНСК. ҚазАқпарат – 2015 жылы ТМД-ны дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін Минскіде өтіп жатқан ТМД мемлекет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы 2 жылда Беларусь ТМД-ға төрағалық етіп келеді. Нақты жұмыстар атқарылды. 1991 жылы 21 желтоқсанда Қазақстанда, Алматыда құрылған ТМД-ға 2016 жылы 25 жыл толады. Әртүрлі бағалауға болады. Әрине, біз нақты жұмыстар атқарылғанын қаладық. Бірақ, бұл бізге байланысты емес. Біздердің жылына бір мәрте бас қосып, мәселелерді талқылауымыздың өзіндік мәні, пайдасы бар. Сондықтан осында ұсынылған құжаттарды Қазақстан қолдайды және оларды дайындауға атсалысты», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Ресей Президентінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын бірлесіп атап өту бастамасын қолдайтындығын  атап өтті.

«Біз бірлесіп шешкендей, төрағалық  Қазақстанға өтеді. Біз сабақтастық негізінде жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Мүмкін Мемлекет басшыларымен ақылдасып, ТМД-ны дамытудың жаңа тұжырымдасын дайындау мәселесін уағдаласармыз. Бұл құжат ТМД-ның құрылғанына 25 жыл толуына орай әзірленеді. Қазақстан оны дайындап, сіздермен ақылдасатын болады», – деді ҚР Президенті.

 

Алдыңғы «
Келесі »