Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының аймақаралық ынтымақтастығы артып келеді

  • 10.10.2014
  • 347 рет оқылды
  • Пікір жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Кеше Өскемен қаласында «Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы арасындағы бизнес-ынтымақтастықтың келешегі» атты бизнес-форум өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты, – деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.  

Алматыдан барған делегация құрамында бизнес құрылымдардың жетекшілері, шағын және орта бизнес өкілдері, шығармашылық топтар мен эстрада әншілері болды.

Форумда сөйлеген сөзінде оңтүстік астананың әкімі Шығыс Қазақстан облысының Алматы қаласы үшін алдыңғы қатарлы іскерлік әріптес екендігін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы өңірлік экономика мен индустриялды-инновациалық дамуды жандандыру бойынша біртектес міндеттерді жүзеге асырып жатыр. Өткен жылы өңірлік бизнес-форум Алматыда өткен болатын. Енді, міне, биыл алматылықтарды Өскемен қаласы қабылдап жатыр», – деді Ахметжан Есімов.

Өз сөзінде оңтүстік астананың әкімі инвестиция салу жөнінен Алматы өте тартымды қала екендігін алға тартты. Мысалы, 2013 жылы оңтүстік астана негізгі капиталға инвестиция жұмсау бойынша жалпы экономика саласына 482 млрд. теңге тартыпты. Одан басқа, қазіргі таңда Алматыда 1500 өндірісітік кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде орта және ірі 180 кәсіпорын Индустриаландыру картасының жобасына қатысуда. Алматы қаласы бойынша сол Картаға жалпы сомасы 531 млрд. теңге болатын 28 индустриалды-инновациялық жобалар ендірілген. Солардың арқасында құрылыс кезеңінде 9 мың, ал қолданысқа беру кезеңінде 5 мың жұмыс орны ашылады.

Ахметжан Есімов Алматы қаласының тауар өндірушілері Шығыс Қазақстан облысының нарығына шығуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондықтан қазір осы нарықты игеру мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2014 жылдың тек соңғы 8 айы ішінде «Нобел АФФ» фармацевтикалық компаниясы өнімдерінің осы өңірге жеткізілу көлемі 300 млн. теңгеден 450 млн. теңгеге, ал  «МаслоДел» ЖШС өнімдерінің  көлемі 400 млн. теңгеден 500 млн. теңгеге өскен.  

Шығыс Қазақстан облысындағы Алматы қаласының мәдениеті күндері аясында салтанатты гала-концерт өтті. Оған ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қайраткерлері, Абай атындағы опера және балет театрының опера солистері және «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі қатысты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдыңғы «
Келесі »