“АЛАСАРМАС АСҚАР ТАУДАЙ АРДАГЕР” Эссе

  • 06.03.2012
  • 681 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Медеу СӘРСЕКЕ

Қазақтың біртуар тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың ғұмыр жолын зерттеуге құныға кіріскен кезімде «Қазақ КСР тарихының» Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жазылу мехнатын көтеріп әрі 1943 жылы жарық көрген тұңғыш басылымына редакторлық еткен Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы Мұхамеджан Әбдіқалықовпен кездесу туралы ой туды. Зейнеткер қайраткердің өмір жолына үңіліп дайындық жасаудан соң 2001 жылдың көктемінде Алматыға аттандым. Бірнеше кексе тарихшы ол кісіге мені ертіп барудан бас тартты. Айтуларынша, Мұхаң журналистер мен жазушыларға сұхбат бермейтін болған-мыс, айтқандарын бұрмалап жазып, көңілін қалдырған… Көксеп келген шаруамды Ерекеңнің жары Халима Адамбекқызына айтып: «Өзіңізге сыйлаған «Қазақтың Қанышы» кітабымды көрсетіп, Қаныш Имантайұлымен қарым-қатынасы туралы баяндалған мына беттерді нұсқаңыз. Сізден Ерекеңмен қарым-қатынасыңыз және тұңғыш «Тарих» жайында сұрамақ», − десеңіз, сірә, бас тартпайды», − дедім, ері туралы ізденіске өзімді жеккен апай: «Жарайды, ойыңды ұқтым, Медеужан», − деді. Келесі күні кеште ол кісі телефон шалып: «Мұхамеджан ағаймен келістім, ертеңгілік сағат 10-да үйге келсін…» − десін.

Сәуірдің 13-күні ертеңгілікте кездестік. Әңгімеміз үй иесі жайған дастарқан басында өтті. Сол жылы 94 жастың өріне көтерілген Мұхамеджан Әбдіқалықұлы кейбір кекселердей қайраткерлік іс-қарекетін ежіктеген мезі әңгімеге түскен жоқ, «Қазақ КСР тарихының» жазылу тарихындағы көпшілікке беймәлім жайттарды тарқата сөйледі. Ақсақалдың жауабын тыңдап алып: “Ағай, осы айтқаныңызды түйіндей қайталайық” деп диктофонды қосамын… Сөйтіп отырып кіші бесінге дейін жүрген сұхбатта күн ілгері дайындап келген сауалдарымның бірқаншасына нақты жауап алдым. Бірақ, әңгіме үстінде туған түйткілді оқиғалардың біразы ашылмады, кейбір сұрауларыма үйдегі қағаздарымнан қарауым керек деген-ді. Қысқасы, бір тәулік демалыстан кейін 15-ші сәуірде қайыра кездестік. Екі күнге созылған ұзақ сұхбатта Мұхамеджан Әбдіқалықұлынан мен 8 таспа әңгіме жазып алдым. Оңаша қалған кеште дәптерге түсірген оқиғалар қаншама!..

Екінші кездесудің соңында баламды шақырып, ақсақалды Қонаев көшесіндегі 135-үйдегі пәтеріне апарып салдым. Мұхаң үйіне бас сұғуға шақырды.

– Қаламыңа шабыт тілеймін, Медеу шырағым, тек шындықтан ауытқымай жаз, құбылмалы заман әлі де өзгереді… деді ақсақал қоштасарда. − Қаз қалпында қатып қалған ештеңе жоқ. Диалектиканың заңы солай. Карл Маркс хакім де бұл жайында: “Тарих әрқашанда қайталанады, тек сайқымазақ түрінде…” деген… Ермұхан марқұм қазақ тарихшыларының сұлтаны еді, білім-танымы ұшан теңіз, дарыны күшті, ел тарихын түгендеймін деп жүріп қиянатқа ұшырап, елу жасында өмірден кетті. Шындықтың жолы әрқашанда ауыр, қай уақытта болсын ақиқатты ашық айтқан батылды жер жастандырудан, иә соңына ит қосып әуреге салудан билік иелері тайынған емес. Бұл гәпті мен саған, қарғаш, білсін, ойлансын деп айтып отырмын. Менен не естідің, әңгімем көңіліңнен шықты ма – сұрамаймын, қалай пайдалансаң да еркің… Бір ғана талап қоямын: ойымды бұрмалама, уақыт аужайына келмейді деп өңін де айналдырма, менен естіген қалпында келтір, ал, ұнатпасаң мүлдем жазба!..

Ақсақалға ақиқаттан айнымауға уәде еттім.

Сол сәтте тағы бір іс ойыма түсіп, жарық дүниеге келуіне өзі мұрындық болған “Қазақ КСР тарихының” алғашқы басылымы кітапханаларда жоқтығын, сирек  қорда сақтаулы кітапты пайдаланудың машақатын ескертіп, өзінің кітабын уақытша пайдалануға сұрадым. Мұхаң шкаф сөресінен «Тарихты» алып: «Қашан қайтарасың? Мен үшін бұл өткен өмірімнің ескерткіші сияқты − өте қымбат дүние!» − деді. «Семейге апарып, ксерокөшірме жасатамын әрі дегенде екі айда әкеп беремін, ағасы!» деген уәдемен «Тарихты» алып, шілде айында қайыра әкелгенімде, Мұхамеджан ағай: «Ермұхан туралы ғұмырнама кітабыңды қашан оқимыз?» − деп қызығушылық аңғартты. «Сірә, біраз жыл тосасыз. Өзіңіз асықпай, ойланып-толғанып жаз дегенсіз…» − деп, кезінде жұрт көңілін алаңдатқан, әуреге салған оқиғаларды баяндаудың қиындығын ескерттім. «Оның рас, бірақ содан айныма!» − деді қайран Мұхаң. Арада өткен екі айда туған күмәнді сұраулардың біразына тағы да жауап алып, ақсақалға есендік тілеп орнымнан тұрдым.

Сол күнгі кездесу соңғы болды. Мұхамеджан Әбдіхалықұлы 2006 жылдың 13 шілдесінде, жасы жүзге іліккен шағында жарық дүниеден қайтты.

«Ноқталанғған тарихшы» ғұмырнамасын мен 12 жылға созып ұзақ толғап, ақырында 2010 жылы ғана жариялауым (оның орысша нұсқасы сол жылы Астананың «Фолиант» баспасы мен Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «ЖЗЛ» сериясынан жарық көрді) тегінде мен үшін пайдаға шықты. Деректі жанр әдебиетінің классигі, есімі әлемге мәлім француз қаламгері Андре Моруаның айтуынша, деректі кітаптың қаһарманы өмірден озған соң елу жылдан кейін ғана шынайы шындықты толық ашқан шығарма туады-мыс, өйткені, оның өміріне қастандық жасағандарды, көңіл күйін бұзған оқиларды да қымсынбай емін-еркін айтуға болады-мыс; сол уәжге жүгінсек, Ермұхан тарихшының опат болғанына биыл, 2012 жылы 46 жыл болды; демек, менің де қаламды кібіртіктемей еркін сілтеуге жол ашылған. Осы ретте біздің қазақтың «аруаққа топырақ шашуға болмайды!» деген өмірден өткендердің күпірлігін айтқызбайтын пәлсафасын белінен басып, әйгілі Еуропа ойшылы Шопенгауэрдің «Өліп қалды ғой деп жолдасына жасаған қиянатын бүгу де − қылмыстың зоры» деген уәжіне ден қойдым.

Төменде сөз болатын оқиғалар кәнігі тарихшы, ұлт жанкүйері Мұхамеджан ағаймен сұхбатта естіген, көпшілігі жұртшылыққа беймәлім деректерді жаңғыртып, одан да гөрі кейбір әріптестерім қазірде ойжотамен долбарлап баяндап жүрген жайттарды түзету мақсатынан туды. Сол деректердің денін мен «Бекмаханов» ғұмырнамасында кәдеме жараттым, алайда, деректі жанр ерекшелігіне орай оған кірмегенін академик А. М. Панкратованың «Қазақ КСР тарихын» жанталаса қорғап, БК(б)П Орталық комитетінің хатшыларына жазған хаттары туралы «Қайта оралған ел тарихы» деп атаған эссемде пайдаландым. Сөйтсе де өзіме мәлім оқиғалардың қайсыбірі жарияланбады. Түрлі себептермен М. Әбдіқалықовтың ел тарихын түгендеу жолындағы таңғажайып іс-қаракеті оқта-текте ғана айтылып, бүгінгі қауымға жетпегенін ескеріп, қайраткер тұлғаның жарқын ісі мен дара бейнесін жұртшылыққа қайыра әйгілеуді жөн көрдім. Әлбетте, жоғарыда аталған екі еңбегіме енгендерін қайталамауға тырысып, кейбірі қайталанса да оқиға сүреңін түсіндіру үшін ғана бергенімді ескертемін…

* * *

Мұхамеджан Әбдіқалықұлы орыс патшасы билеген заманда Ақмола оязына қарайтын, Қарағанды іргесіндегі Нілбі мыс зауыты (орыс көпесі Никон Ушаков ашқан, соңынан ағылшындар иемденген Спасс мыс өндірісі) жұмыскерінің көп балалы  отбасында 1907 жылы дүниеге келген. Кеңес өкіметі осы өңірде түпкілікті орнаған кезде үлкендерге ілесіп «мал тапқан» қара табан жұмыскер атанған. Сол кәсіпшіліктегі  жұмысшы жастар мектебінде сауатын ашқан. Одан соң Қызылжар қаласындағы фабрик-зауыт мектебін (ФЗУ) мектебін үздік бітіріп, Қызылордағы Ағарту институтына (КИНО) түседі. 1928 жылы Алматыда педагогика институты ашылып, тұңғыш ректоры болып Санжар Асфендиаров тағайындалған. Қазақстанның жаңа астанасындағы тұңғыш оқу орнының беделін білім деңгейін көтерумен әйгілеуді ойлаған қайраткер азамат ҚазПИ-де ұстаздық етуге Ташкенттен, Орынбор, Омбыдан, тағы қаншама жерден білікті қазақ азаматтарын шақырған. Сонымен бірге Семей, Қызылорда, Шымкент атырабынан шәкірт жастарды да топтап алдырған. Мысалы, КИНО-ның бастапқы курсындағы барлық студенттерді Алматыға ауыстырған. Сол топта жаратылыс тану факультетінде оқитын Мұхамеджан Әбдіқалықов та келеді. «Тарих-экономика факультетінде дәріс оқитын оқымыстылар − өңкей ығай мен сығайлар. Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков және медик болса да Санжар Жағыпарұлы. – деп еске алған-ды студент шағын Мұхамеджан ағай. −  О кезде сабаққа қатысуың − ерікті іс, өз факультетімнің сабағынан босаған сәтте әлгі жайсаңдардың дәрісіне барамын, қазақ тарихынан жатқа айтатын сөздерін қағас жібермей тыңдаймын. Сөйтіп жүріп ректордың көзіне түстім. Әлеуметтік жұмысқа бейімділігімді байқаған Санжар Жағыпарұлы мені комсомол жұмысына тартып, институт жастарының жетекшілігіне ұсынды. Соны да арқаланып, тарих-экономика факультетіне біржола ауыстым, бұл да тарихпен қоса экономиканың не екенін біліп, саяси танымымды ілкі көтерді…» Осы оқу орнында жүргенде М.Әбдіқалықов Компартия қатарына кандидат болып, соңынан мүшелікке қабылданған. Айтуынша, кепілдік берушілердің бірі − профессор Асфендияров. Институттың соңғы курсына ауысқан кезде республикалық кітапхананың ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастаған, осы оқу орнын 1932 жылы тәмамдаған соң ҚазПИ-дың саяси экономика кафедрасында оқытушылық жұмысқа қалдырылған. Бұл болса жас жігіттің алдына қойған мақсатымен дөп келіп, ғылыми ізденіс бастап, туған елінің тарихын түгендеу ісіне кірісуге жол ашқан…

Алайда, Ресейдің тұңғыш марксисі Плеханов айтқандай, «Адам баласы өмірін өзінше жобалайды, ал жандармерия соған еркіңнен тыс түзету жасайды» дегені болады: сол кездегі ықпалы ересен күшті әлеуметтік науқандар жас білімпаздың құштарлығымен санаспай, 1933 жылы оны комсомол жұмысына тартқан; Өлкелік комсомол жастар комитетінде нұсқаушы, одан соң бөлім бастығы болып, төрт жылдан кейін Қарағанды облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі міндетін атқаруға кіріседі. Сол жұмыстан 1938 жылы Алматыға шақырылып, Қазақ КСР-ның Халық ағарту комиссары болып тағайындалған. Сол кезде Мұхамеджан Әбдіқалықов небәрі 31 жаста.

Қысқасы, «Халық жауларын» көптен «әшкерелеген» науқанның күшейген шағында ол Қазақстан халқының сауатын ашып, білімін көтеруге жұмылдыру міндеті жүктелген Ағарту наркоматына бірінші басшы болып тағайындалған. Сол жұмысты Әбдіқалықов төрт жыл, яки 1941 жылдың аяғына дейін атқарған. Тарих ғылымының докторы, профессор Ә. С. Тәкеновтің “Егемен Қазақстан” газетінің 1997 жылғы 21 маусым күнгі санында, Мұхаңның тоқсан жасқа толуына орай жариялаған “Ізгілікте белгі мол” атты мақаласында жас наркомның 1937-1938 жылдарда жұмыс істеген 291 қазақ орта мектебін төрт жылдан кейін 641-ге жеткізгенін ескертіпті. Ағарту наркоматы мектептерді пәндер бойынша маманданған мұғалімдермен қамтамасыз етуге де ұйытқы болған: сол үшін педагогикалық училищелер мен екі жылдық мұғалімдер институтттарын облыс орталықтарында ашып, оқушы жастарды жер-жерден тартқан; 1937-1938 жж. оқу жылында республика мектептерінде 38254 мұғалім ұстаздық етсе, олардың саны төрт жылдан кейін 61647 адамға жетіпті (қазақша сабақ беретін мұғалімдер 17483 адамға көбейген). Мақала авторы алғыр наркомның осы іске жетекшілік еткенін даралап көрсетіп, бір сөзді екі мәрте қайталамайтын қытымырлығын, партия жолын бекем ұстап, бұрмаламайтын тазалығын баса айтыпты.

Мұхамеджан Әбдіқалықұлы қазақ мектептерінің ділгір қажеті − қазақша оқулықтар дайындаумен де жүйелі түрде шұғылданған. Мысалы, «Қазақстан тарихы» оқулығын жазатын тарихшылар іздепті. «Амал не, сол іске құлшынған тарихшы таба алмадым. Өткен заман оқиғаларын саралап жазған білімпаздардың бәрі ұсталып кетіпті, тіпті ізбасар шәкірттері де қалмаған… − деп қабақ шыта сөйлеген-ді Мұхаң наркомдық қызметі туралы сұрауыма. − Сөйтсе де осы мәселені бір жағына шығару үшін Марксизм-Ленинизм институтының Алматыдағы филиалында оқытушы болып жүрген бір топ тарихшы жастарды шақырып, солардың бірі − тарихшы әріптестерін сыпыра күйретумен шұғылданған Мұсатай Ақынжанов*, тағы бірнеше тарих білімпаздарын жинап, бәріне: оқулық жазыңдар, қолдарыңа келісім шарт беремін, қаламақы төлеймін», − дедім. Бәрі де «Өйтеміз, бүйтеміз» деп қуаныш білдірді. Бірақ, бірде-бірі шарт сұрап, қайыра келмеді. Сірә, жаза алмайтынын білген, әлде тарихты қаузаған білімпаздардың шерлі жолын құшамыз деп қауіптенді ме, кім білсін?.. «Қазақ әдебиеті» оқулығының да жағдайы мүшкіл еді. Бұл мәселені де қаузадым. Әділін айту керек, наркоматтың ұсынысына Есмағанбет Ысмайылов бірден келісіп, шарт алды. Ол да жас, отызға ілікпеген кезі, көп-көрім ақын атанып жүрген азамат наркомат өтінішін ризалықпен қабылдап, ең әуелі «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті», одан соң «Қазақ әдебиеті» оқулығын қысқа мерзімде жазып берді. Екі оқулықты да соғыс басталған кезде жарыққа шығарып, мектептерге тараттық. Сірә, сол оқулықтар түрткі болған тәрізді, ол ақындықты тастап, ҒА-ның Қазақ филиалына ауысып, әдеби зерттеумен түпкілікті шұғылданды. Ал, басқа пәндер бойынша, бас ауыртып қиналғамыз жоқ, орысша оқулықтардан аударма жасадық…»

————————-

* «Қазақстанская правда» газетінің 1937 жылғы 29 қыркүйектегі санында Марксизм-Ленинизм институтының Қазақ филиалының студенттері М. Ақынжанов, Қ. Әбдрахманов, С. Әбішев, И. Сариев, З. Бұлғақбаев және М. Мұхамеджанов қол қойған, «Тарихшы рөліндегі жапон тыңшысы» деп аталған мақалада олар өздерінің ұстазы, «Қазақстан тарихынан» дәріс оқитын, соның бірінші кітабын 1935 жылы жариялаған профессор-медик Санжар Асфендияров дәріс үстінде «дінбұзар Ы. Алтынсаринді, патша тыңшысы Ш.Уәлихановты шексіз дәріптеп, бұқара халықты сүлікше сорған хандар мен сұлтандарды, рушыл билерді әсіретүрікшіл рухпен асыра мақтайтынын» әшкерелеген. Сол мақала сормаңдай профессорды тұтқындауға негіз болып, С. Ж. Асфендияров 1938 жылы атылған. Тарих қойнауына сүңгіп, туған елінің тарихын түгендеуге тырысқан әуесқой білгірді құртуға атсалысқан тарихшы жігіттер неліктен наркомат ұсынысынан бас тартқан. Сірә, шама-шарқы жетпейтінін білген. Жә, сол шіркіндердің белсенділік қаракетін не деуге болады?..

Мұхамеджан Әбдіқалықұлымен аралас-құралас болған таныстарым маған ақсақалдың жады мықты екенін, кездесе қалсам, әңгімесін бөлмей тыңдауды ескерткен-ді. Міне, Ермұхан Бекмахановтың соңғы баспанасы, Жамбыл көшесіндегі үйдің 3-қабаттағы пәтерінде отырмыз. Бәйбішесі ертерек қайтыс болып, қызынан туған немересі Ерұлан Ықсановпен бірге тұратынын Халима апай ескерткен-ді. Немересі өрімдей жас жігіт, нағашы атасын үйге кіргізген соң маған: «Аға, қашанға дейін ұстайсыз?» − деді. Мен оған: «Қам жеме, атаңды пәтеріне өзім апарып саламын, машина бар…» − дедім. Тоқсан жасты орталаған жасына қарамастан еңкеймеген, тік жүреді, бойына ет жимаған, аққұба өңі де егделіктің болбыраған әлжуаз кейпіне түспеген, орта бойлы, жүзі суықтау кісі екен.

Әңгімені неден бастауды ойланып келгемін. «Денсаулығыңыз қалай, үй-ішіңіз аман ба?..» деген сияқты, қазақтың ауыл-аймағын түгендейтін сұрауларды аттап өтіп, көкейімдегі мәселеге бірден түсуді жөн көріп:

− Ерекеңді қай жылдан бері білесіз? Қазақта алғашқы әсер дейтін жора сөз бар, ол кісімен қандай жағдайда танысып, өзіңізге жақын тарттыңыз?.. – дедім.

− О, мен оны студент кезінен білемін. Воронежде оқып жүргенде Өлкелік комсомол комитетіне келіп, сірә, 1935 жылдың жазы болса керек, Алматы облысының аудандарын аралап дәріс оқыды. Біз оған бір ат тауып бердік, сонымен ол бір ай қалаға ұрымтал ауылдарды аралап, табыс тапты… Содан кейін 1938 жылы қайыра кездестік. Ағарту комиссариатында мектептердің оқу бағдарламасын әзірлейтін мекеме болды, бертінде мұғалімдердің білімін жетілдіру институты атанды. Ермұхан соған кіші ғылыми қызметкер болып, 1937 жылдың жазында, Воронеждегі педагогика институтын тәмамдап келген бетінде орналасыпты. Қазақ мектептерінде о кезде «КСРО тарихы» оқытылады, «Қазақстан тарихына» тек 9-10 кластарда он шақты сағат бөлінген, бірақ оқулық болмағандықтан жүрдім-бардым жүреді екен. Осы жағдайға жаным ауырып, әдіскерді шақырдым. Тығыршық денелі, орта бойлы, жап-жас Ермұхан Бекмаханов  кабинетіме еркін кіріп сәлем берді, бірден таныдым, бір бума жазбаларын ала келіпті. «Тарих пәнін оқуға көмекші» деп атаған әдістеме; кәперімдегі жайтты ойлап келгенін ұнатып, бірнеше кеш бірге отырып, қолжазбасына көбіне саяси жағынан ескертулер жасадым. Ермұханның сол еңбегі, тұңғышы десек те болады, «Халық мұғалімі» журналының 1938-39 жылдардағы сандарында наркомат алқасының мақұлдауымен ел тарихын оқытуға көмекші құрал ретінде жарияланды. Білім деңгейінің жоғарылығын ескеріп, жыл аяғында оны өзі істейтін институтқа директор етіп тағайындадым, сол кезде ол 23 жаста, партияға мүше емес, тек қана кандидат…

−  Бәрекелді, мұныңыз енді шексіз батылдық, – деп едім.

Мұхаң бетіме ожырая қарады. Онысын мен сөзімді бөлме дегенге жорыдым.

−  38-жылғы жағдайды, сірә, білмейсіз. Қазақтың оқыған азаматтарын жаппай жусатқан саяси науқаннан соң, өзге саланы айтпай-ақ қояйын, Ағарту наркоматында жоғары білімді қызметкерлер некен-саяқ болатын. Ал, Ермұхан білім-танымымен сол ұжымдағы қызметкерлердің озығы еді. Институт жұмысын ол оп-оңай меңгеріп, екі жылдан соң Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне аттанды. Сонда жүріп те қолы босаған кезде академиялық Тарих институтының семинарына қатысып әрі Мәскеу мұрағаттарынан Қазақстан туралы ізденіс жасаған. Осы жайт та жас жігіттің алдына биік мақсат қойғанын аңғартпай ма?…

Наркомдық қызметі төртінші жылға ойысқанда, яки 1941 жылдың басында  Мұхамеджан Әбдіқалықұлы Қазсовнарком төрағасының мәдени-ағарту, ғылым мен білім саласын басқаратын орынбасары болып тағайындалады (сол жұмысты ол халағарком міндетімен қосаметкей атқарған). Ал, Ұлы Отан соғысы қауырт басталған қарсаңда батыс шекарадан жедел көшірілген зауыттар мен фабрикаларды қабылдап, солармен ілесе Қазақстанға жүздеп, мыңдап көшірілген мамандарға, жұмысшыларға баспана тауып, тұрмыс күйтін оңдау ісі жүктелген республикалық штабты басқарыпты. Қоңыр күзде Алатау баурайына Мәскеу, Ленинград, Киев, Иван-Франко мен Харьковтан көшірілген театрлар, киностудиялар мен жоғары оқу орындарын қабылдап, соларға ілесе келген жүздеген өнер саңлақтарын, профессорлар мен ғылыми қызметкерлерді жұмысқа орналастырумен де шұғылданыпты. Қазақстан КП(б) ОК-нің бюросы М. Әбдіқалықовқа сол қарсаңда Алматы қаласының атқару комитетінің төрағасы міндетін де қосаметкей жүктепті. Өз айтуынша, тәулігіне 18 сағат жұмыс істеуге тура келген…

41-ші жылдың аяқ шенінде жағдай күрт өзгереді: Қазақстан К(б)П ОК-нің идеология жұмыстарына жауапты хатшы, тарих ғылымының кандидаты Ғабдолла Бұзырбаев ұшақ апатынан опат болғанда бірінші хатшы Н. А. Скворцовтың ұсынысымен ОК бюросы Мұхамеджан Әбдіқалықұлын 1942 жылдың қаңтарында хатшылыққа бекітіпті.

− Скворцов бізге 1938 жылдың шілдесінде келген. Сіз ол кісімен біраз жыл қызметтес болдыңыз. Қазақ кадрларына көзқарасы жөнінде не айтасыз? − дегенімде Мұхаң маған түйіле қарап, сұқ саусағымен үстелді тықылдатты.

− Николай Александрович мен білетін орыс коммунистерінің жампозы, нағыз интернационалист. Ат жалын тартып мінген жылдарда мен республиканы басқарған үш хатшыны білдім. Алғашқысы Левон Исаевич Мирзоян − күшті қайраткер, ойындағы сөзді тура айтады, ұшқарылықтан да құралақан емес, біздің халыққа жанашырлықпен қарап, Голощекин бүлдірген талай шаруаны оңдады, халық та оны сол үшін жақсы көріп, Мырзажан атандыр-ды. Бірақ ғұмыры қысқа болды. Оны ауыстырған Скворцов Орталық комиттеттің аппаратынан келді, туып-өскен жері Астраханның бізге ұрымтал Володар ауданы. Қазақтар психологиясын да сол аудандағы қазақ ауылдарынан біледі, жас күнінен тілімізге де жатыққан. Мінезі салмақты, мезі сөзді ұнатпайды, о күнде түннің бір уағына дейін кеңседе отырамыз. Николай Александровичтің іскерлігі біржосын, ешкімге жекімейді, тек қана ескерту жасайды. Қазаққа көзқарасының дұрыстығына нақты мысал айтайын: мен істеген жылдарда Орталық комитетте небәрі орыс азаматтарынан екі адам ғана бөлім меңгерушісі болды; барлық бөлімдерге негізінен қазақ коммунистерін қойды; наркомдардың қарамы − едәуір, бірақ екеу-үшеуін ғана орыстардан қойды;  облыстар да осындай рәсім қалыптасты, орыс халқы басым тұратын, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарына да бірінші хатшыларды қазақ азаматтарынан сайлады. Кімдер десеңіз, рақым ет: Оңдасынов, Сәтбаев, Қонаев, Тәжібаев, Омаров, Жанғозин, Жанбаев, Бутин, Сембаев, сіздің Семейден – Рымбек Ильяшев, тағы сондай нояндар… Жұмабай Шаяхметовті КГБ-ның Алматы облыстық комитетінің орынбасары болып жүргенде, 1938 жылы Орталық комитетке хатшы еткен де сол кісі. Жұмекең ә дегенде үшінші хатшы болды.

− Өзіңіз нешінші хатшы болдыңыз?

− Менде ондай дәреже болған жоқ, қатардағы хатшы, яки идеолог-хатшы атандым. Ал, Жұмекең соғыс жылдарында Николай Александровичтің ұсынысымен 2-хатшы болып жоғарылады. Скворцовтың өз басым ерекше қадір тұтқан дара қылығы − мейілінше кішіпейілдігі, қарауындағы адамдардың ұсынысын әрдайым пейіл қоя тыңдап, пікірімен санасуы. Мирзоянда, өзіміздің Жұмекеңде ондай парасатты мінез болған жоқ, «мен не айттым − соны орындайсың» деп, әрдайым тізеге салады. Мысалы, мен ғылым, білім, өнер мен әдебиет саласын өз бетімше билеп, өз ойымды әрқашан ол кісіге өткізіп отырдым. Әсіресе кадр мәселесінде. «Қазақ КСР тарихын» жазу идеясын Николай Александрович бірден қолдады, «Бұл − тарихи іс, ешнәрсеге алаңдамай жазыңдар, әр республиканың өз «Тарихы» болуы − рухани қажеттілік, өйтпейінше біздің жұмысымыздың мәні, бағасы кем болады. Өткен тарихыңды білу − өз елінің патриоты болуға жетелейді…» деген ойды шегелеп айтып, тарихты жазуға қатысқан ресейлік тарихшылардың тұрмысын оңдауға үйымдастырған шараларымызды құптады. Ол кісінің бұл іске қатысы жайында, қарғаш, әлі де айтуға болады…

− Скворцов бізден 1945 жылы кетіпті. − дедім, − Неге?

− Николай Александровичке Алматының ауа райы жақпады, қан қысымы көтеріліп, жиі ауыратын болды. Соғыс жылдарындағы күні-түнгі ауыр жұмыс та әсерін тигізгені анық. Соғыс ел шекарасынан ұзаған кезде ол кісі бірнеше мәрте Мәскеуге арыз жолдап, демалыс беруді өтінді. Содан бір жолы Сталинге жолығып, өтінішін қайталапты. Иосиф Виссарионович біраз уақыт үндемей отырып: «Орныңа дайындаған кадр бар ма?» − депті, «Бар, Шаяхметовтың бүгін қойсаңыз да республиканы басқаруға қабілеті жетеді. Тек қолдау көрсетіңіз», − дегенін мен Скворцовтың өз аузынан естідім.

− Алайда, ол кісіні ауыстыруға алғашқыда басқа бір орыс келіпті деседі…

− Қарғаш, бұл әңгімені қайдан білесіз?.. − деп Мұхаң басын шайқады.

− Қаныш ағай туралы дерек жинап жүріп, өзіңіздің қарауыңызда қызмет істеген екі ақсақалмен әңгімелестім. Алғашқысы − Ісләм ағай Жарылғапов. Семейге іссапармен келгенде Сәкеңді мейманханадан үйіме алып келіп, үш тәулік әңгімелестім.

− Е, ол ағаң сөздің түбін түсіреді. Білгіштігі де әлей! Екінші кісі кім?

− Бөлебай Исабеков. Ол кісімен 1981 жылдың жазында, өз үйінде әңгімелестім. Ол да Скворцов туралы сіздің әлгі пікіріңізді қайталады. Николай Александрович билік басында отырса, Қазақстандағы соңғы репрессия болмайтын еді… деген де ой айтты.

− Онысы − қисынсыз бопсалау… Жә, Бөлебай Исабекұлы артық-ауыс сөзге жоқ, дәті берік, партиялық рәсімді қатты сақтайтын азамат. Әңгімеге жарытты ма?

− Ә дегенде маңына жолатпады. Үйіне телефон шалып, сұхбаттасуға ниет білдіргенімде: «Сіздей жазушыны білмеймін, ал білмейтін адаммен әңгімелесуге құлқым жоқ» деп бас тартты. Ал, 1981 жылы Роза есімді геолог-ғалым қызы арқылы өзі шақырды. Қызына сыйлаған, «ЖЗЛ» сериясынан шыққан «Сәтбаев» кітабымды оқып, 1951-53 жылдардағы шерлі оқиғаларды сөз еткен тарауға көңілі толмай, «Мына кітаптың авторын маған тауып бер, біраз нәрсеге көзін ашамын…», –  депті. Содан, не керек, Бөлебай ақсақалмен бес-алты сағат үйінде әңгімелестім. Шәу тартып қалған екен, жадында селкеулік бар, дайындап алған қағазына қарап отырып, соңғы репрессияның кітабымда үстірт жазылған жайттарды тарқата сөйледі…

− Түсінікті. Жә, Скворцов туралы сөзді тұжырымдайық. Николай Александрович денсаулығын оңдауға аттанған соң-ақ Қазақстанды басқаруға сырттан Геннадий Васильевич Борков деген партия қайраткері келіп, БК(б)П Орталық комитетінің қарарымен біздегі Бюроның төрағасы өкілдігімен билік жүргізді. Бірінші хатшының орнына отыруға келгенін білдік. Алайда, мінезі адуын, ұшқыр, мәселені өзімбілеммен шешіп, іс басындағы біздің азаматтар ғана емес, орыстарды да өзіне қарсы қойып алды. Оның да қызметін бақылаушылар болған тәрізді. Естуімізше, Иосиф Виссарионович 1946 жылдың мамыр, иә маусым айында: «Қазақстан сияқты сан-салалы шаруашылығы бар, Одақ өндірістеріне шикізатты молдап беріп отырған алып республиканы жер жағдайын, мүмкіндігін, кадрларын жақсы білетін қайраткер басқаруға тиіс…» депті, сол сөз басшылыққа алынып, Жұмабай Шаяхметұлы біздің ел тарихында тұңғыш рет бірінші секретарь болып сайланды…

Бұдан әрі әңгімеміз «Қазақ КСР-ның ерте заманнан бүгінге дейінгі тарихының» Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қиын уақытта, яки 1942-43 жылдарда жедеғабыл жазылып, іле-шала 670 бет көлеммен, 10 мың дана таралыммен жарық көргені туралы, сол кітаптың қазақ қауымының көңілінен шығып, қуанышты оқиғаға айналғаны жайында болды. Мұхамеджан ағай сол күні маған оқырман қауым түгілі тарихшыларға да беймәлім кейбір оқиғаларды сөз етіп, кітаптың жазылуына өзі емес, Ермұхан Бекмахановтың ұшқыр ойы түрткі болып, эвакуация толқынымен Алматыға тап болған көрнекті орыс тарихшыларының білгір тобын осы жұмысқа тартуға ой салғанына дейін ағынан жарыла айтқан мәнді куәлігін, тағы қаншама соны деректерін мен «Бекмаханов» ғұмырнамасында және «Қайта оралған ел тарихы» атты эссемде сөз еткендіктен бұл жерде қайталамаймын.

− “Қазақ КСР тарихының” алғашқы басылымын мен Кітап палатасындағы қордан көрдім. Алматының ҚазОГИЗ баспасы 1943 жылы шығарыпты. Қалыңдығы кірпіштей сүбелі кітап, бірінші бетіне: «редакторлары – М. Әбдіқалықов және А. Панкратова” деп жазылған. Келесі бетте соны жазуға қатысқан 33 автордың есімдері аталыпты, 11-і − Ресей тарихшылары. Қазақстандық авторлардың алдыңғы легінде Әуезов, Мұханов, Марғұлан, Жұбанов, Ысмайылов, Кенжебаев, Мүсірепов, Бекмаханов және бір топ қазақстандық орыс тарихшылары аталыпты. Осы жерде тағы бір қауесеттің жөн-жосығын анықтауға тура келеді, Мұха, ғапу етіңіз?!.. − деп бүгежектеп едім, Мұхамеджан ағай кеңкілдеп күлді.

− Давай, қарғаш, оны да естірт! −  деді.

− Ерекеңді сіз ерекше жақсы көріпсіз, оның үстінен «домалақ арыздар» түскенде әрдайым қорғапсыз, қандай ұсыныспен келсе де әрқашан қолдапсыз…

− Ермұханды мен туған інімдей жақсы көрдім, ол да мені шексіз сыйлады, қандай қиын сәтте «Әй, тоқтат!» десем, бірден жым болатын еді. Жә, неге сөйткенімді түсіндірейін: құдай тағала оған тарихи білімді артығымен дарытқан; Еуропа, Ерте дүние және орыс тарихын жақсы біледі, соны ол Воронежде дәрісін тыңдаған көрнекті орыс білімпаздарынан алған; өзінің де білімі жұрттан асып, соны да ғылыми еңбектерінде тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұрғанда неліктен оны жақсы көрмеске?!.. Сондықтан да мен оның білім-танымын, ашық-жарқын болмысын, ойындағысын тура айтатын мінезін де ұнатып, қызметін үрдіс өсіріп, қасымда ұстауға тырыстым. Оның тағы бір тамаша қылығы бастықтың аузынан шыққан лебізді қағып алып, «Тағы не бұйырасыз?» деп әстілі жалпылдамайды, көбіне ойда жоқ істі еске салып қозғаушы болады. Соғыс кезінде ол Орталық комитеттің дәріскерлер тобында істеді, 1942 жылы Халағаркомның мектептер басқармасына бастық болды. «Тарихты» жазған кезде мен оны авторлар ұжымына үкімет атынан куратор етіп тағайындадым. Сол істі де Ермұхан жанын сала атқарды. Нәтижесін өзіңіз айтып отырсыз. Пиғылы тар соғындылар соны да көре алмай қызғаныш білдірді. Ау, іске ынтасы күшті, ұлт мүддесін қорғауды ар-ожданы санайтын жігітті қалайша жақсы көрмейсің, қалайша оған сүйеу көрсетпеске?!..

(Менің үйдегі мұрағатымда Мұхамеджан Әбдіқалықұлының мәскеулік “Аргументы и факты” апталығының тілшісіне берген “Қазақстан Ресей ғалымдарына алғыс айтуға тиіс” деп аталған сұхбатында (1997 жылғы ақпан айы, № 8): «Анна Михайловна (Панкратова) мен Тарих институтының директоры Б. Д. Греков екеуі Мәскеуге қайтарда маған келіп: “Қазақстан тарихын жазуға біз анау жас жігітті тектен-текке қатыстырған жоқпыз, одан тегінде қарымды ғылыми қызметкер шығады. Сіздер оны бізге жіберіңіздер…” − деген өтініш айтты. Мәскеудің көрнекті екі ғалымы солай деген соң, алапат соғыс жүріп жатқан қиын уақыт екеніне қарамай, бірінші хатшы Н. А. Скворцовтың мақұлдауымен Ермұханға Орталық Комитеттің қарарымен үш айға ғылыми командировка бергізіп, Мәскеуге аттандырдық. Сол сапардан Е. Бекмаханов Кенесары Қасымов қозғалысы туралы еңбегі бойынша диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты атағын алып қайтты. А. М. Панкратова және инститтутағы тарихшы мамандар дайындап апарған жұмысына ескертулер жасап, толықтырып, диссертация етуге қатты көмектесіпті…» − депті).

− «Қазақ КСР тарихын» жазу кезінде, нақтырақ айтқанда, Кенесары Қасымұлы бастаған 1837-47 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысты қандай тұжырыммен баяндау турасында редакция алқасында ойда-жоқта дау туып, сол іске төрелік айту үшін Ташкентте тұрақтаған мәскеулік Тарих институтының директоры академик Б. Д. Грековтың Алматыға шақырылғаны жайында кітап авторларының бірі, тарих докторы Н. М. Дружининнің естелігінде арнайы ескерту бар. Грековтың сіздерді жақтап, ақырында сол тарауды тыңнан жазу Ерекеңе тапсырылған. Осы мәселені талқылағанда сіз қозғалысты халықтық наразылық ретінде баяндауды жақтапсыз. Неге?

− Абсолютно дұрыс… 1941 жылғы 7 қараша күні Қызыл Армияның салтанатты шеруін Қызыл алаңда бастарда сөйлеген сөзінде И. В. Сталин: «Ежелгі Ресей жерін зұлым жаудан қорғауда, орыс жауынгерлері, Александр Невскийдің, Александр Суворовтың, Илларион Кутузовтың айбынды рухы ерлікке жебеп, қаһармандыққа бастасын!..» деген сипатта ұран тастады. Біз де көсемнің осы сөзін үлгі етіп, қазақ жерін жаудан қорғаған батырлар рухын жаңғыртып, майдандағы қазақ сарбаздарына жолдаған үндеу-хатта: «Қазақ сарбаздары, сендерді ел бостандығын қорғауда өз халқын шексіз сүйген Ер Едіге мен Абылай ханның айбарлы рухы, сырт жаулармен күресте шексіз қаһармандық көрсеткен батырларымыз Кенесары, Наурызбай, Сырым Датов және Амангелді Имановтың жеңімпаз аруағы жанқиярлық ерлікке жебесін!..» деген сөздер бар-ды. Сол үндеуге бюро мүшелері Скворцов, Шаяхметов, Важник, Оңдасынов, мен, тағы басқалар қол қойдық… Ескертер тағы бір жайт: Кенесары мен Наурызбайды батыр етіп тұңғыш жариялаушы біз, иә Ермұхан емес − халық. Мәселенің солай екеніне илану үшін Әдебиет және тіл институтының қорында сақтаулы аңыз-дастандарды, толғау-жырларды оқыңыз. Солардың бәрі нұсқау, қаулысыз дүниеге келіп, халық жадында сақталғанына мән бере қараңыз!..

−  Тура солай деп ұран көтердіңіздер?

− Идеолог ретінде мен үндеу хаттың мың-мыңдаған данасын майданға жөнелтумен тоқтағам жоқ, халық қаһармандарының ерлігін республика жұртшылығына кеңінен таратуды көздеп, олар туралы жазылған дастандарды көп таралыммен жариялауға нұсқау бердім. Кенесары мен оның інісі Наурызбай, Бопай ханша жөніндегі материалдар бір ізге түспеген, әркім өзінше толғап, кейбірі жауыз етіп көрсеткені бізге сол мезетте мәлім болды. Мәселені ғылыми, тарихи түрғыдан анықтау үшін Омбы қаласындағы мұрағаттарда қозғаусыз жатқан деректерді ашып, соларда не жазылғанын білуге қажеттілік туды. Бұл ойды да маған Ермұхан ескертті. Қысқасы, Н. А. Скворцовтың келісімін алып, Орталық комитетте еңбек ететін Ілияс Есенберлин мен Ермұхан Бекмахановты бір ай мерзімге Омбыға жібердік. Екеуі де іскер, ескі архивті оқуға құныққан жігіттер. Сол сапардан олар олжалы оралды. Ілиястың сол сапарда жиған-тергені арқылы «Көшпенділер» трилогиясын жазып, абыройға бөленгені  жұртшылыққа мәлім… Ал, Ермұхан сол жолғы ізденістерін кітаптың 14-тарауын айғақтармен өрнектеуге пайдаланды. Тарихтың сайқымазағы да осында: Ермұхан сорлы ақырында содан азап шегіп, өмірін қысқартты; ал Ілияс бертінде соны әдеби толғап, көрнекті жазушы атанды… Оның трилогиясы 55 тілге аударылып, жалпы таралымы 5 миллион данадан асыпты дегенді естідім.  Жазмыштың жазуына не дейміз, қарғаш!..

− Демек, Ерекең Кенесары тақырыбына Орталық комитеттің тікелей тапсырмасымен кіріскен? Мынауыңыз, ағасы, қауым естімеген тың дерек.

− Неге? Білетіндер аз емес. Бірақ, Ермұханның басына қатер төнгенде бұл жайтты біраз жұрт қасақана «ұмытты», амал қанша?! Мысалы, Жұмекең екі жігіттің Омбыға сапарын білді. Алайда? 1951 жылғы көктемдегі ЦК-дағы талқылауда Ермұхан осы фактін есіне салып, партия тапсырмасын тыңғылықты орындағаным үшін жазалы болып тұрмын дегенде, бірінші хатшы оған жекіп, аузын аштырмапты…

− Қазақстан «Тарихын» жазуға КСРО ҒА-ының үш институтының таңдаулы мамандары, бәрі де ғылым докторлары қатысқан. Редакторлары да осал емес, сіздің биік мансабыңыз − жұмысшы топқа алаңсыз істеуге тірек болған, ал, Панкратова − есімі Одаққа әйгілі тарихшы, КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі… Осыншама білімпаздар соғыс жүріп жатқан қиын уақытта, небәрі біржарым жылда жазылған еңбектің жарты жылдан кейін жойқын сынға тап болуы мүлдем түсініксіз?

− Сол қарсаңда бізден де қателік болды, қауым көңілінен шыққан керемет кітап жаздық әрі мәскеулік достарымыздың еңбегіне құрмет білдірейік деген оймен, 1944 жылдың басында «Қазақ КСР тарихын» Сталиндік сыйлыққа ұсындық. Сол әрекетімізбен Мәскеудегі пиғылы тар тарихшылардың қызғанышын оятарымызды қайдан білейік. Сол шіркіндер Анна Михайловнаның өздерінің алдына шығып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануын қаламаған, пышағын қайрап отырып, «Қазақ КСР тарихын» құрбандыққа шалуға әзірлік жасапты, − деп ақсақал кектенген шыраймен үстел тақтайын тықылдатты. − Дауды бастаған − Яковлев деген ескі тарихшы, академияның кореспондент-мүшесі атағына ие, Сыйлық комитетінің ресми сарапшысы. Ол пақыр 33 автордың ұжымдық еңбегін жоққа шығарып, теріс-қағыс бағалағанын естігенде ғана біз «Әттеген-ай!» дедік?! Яковлевтің желеуі − сұмдық, естіген адамды мәңгу еткендей сорақы: «Қазақстан тарихы − ұлы орыс жұртының бауырмалдық, интернациональдық болмысын жоққа шығарып, бодан жұрттарға жауыз етіп көрсететін шалағай еңбек. Дала тұрғындарының отарлаушы елге қарулы қарсылықтарын шұбырта тізіп және бәрін қаһармандық ерлік етіп әсірелеп баяндаған. Мұндай «Тарихты» Мемлекеттік сыйлықпен марапаттау − қазақтардың ұлтшылдық пиғылын тарихи ақтауға қызмет етеді-міс…». Анығында ол −  жалғыз емес, лауазымы күшті, қарамды топтың сойылын соғыпты. Бәрінен де шатағы, сол ойды үгіт-насихат басқармасы құптаған, сірә, «Аянбай сылқит! Қазақтардың рухын көтеріп, тарихын қолдан жасамақ болғандарды да тақыр жерге отырғыз! Абырой сенде болады…» деген.

− Үгіт-насихат басқармасы деген нендей ұжым?

− Айтпақшы, сіз үшін бұл − тың атау. БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі, 1950 жылға дейін бөлім емес, басқарма деп аталды. Басқа бөлімдерден гөрі оған артығырақ құқықтар берілді, аппараты да ересен мол. Біз оны Саяси басқарма дейтінбіз, өйткені Кеңес Одағындағы идеология жұмысы соның қарауында болды. Бастығы − Григорий Федорович Александров, академик-философ. Саяси басқарманы ол 1948 жылға дейін басқарды. Сталиннің оң қолы, яғни, ақылгөйі болған білгір. Менің анық білетінім − соғыстан кейінгі көптеген саяси науқандар, Ленинградтың әдеби екі журналын жабу, Ахматованы, Зощенконы, сазгер Мураделиді, тағы қаншама кинофильмдер мен драмаларды, театр қойылымдарын күйрете сынаған қаулылардың бәрі де осы басқарманың бопсасымен жүрген…

Шындығында профессор А. И. Яковлев темір жолдың айырғышы міндетін атқарыпты. Оның кереғар тұжырымын атақ-абыройы зорырақ тарихшылар − МГУ-дің Жаңа тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор А. В. Ефимов, Жоғары дипломатия мектебінің директоры, тарих ғылымының докторы, профессор С. К. Бушуев, КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі И. И. Минц және он шақты лауазымды тарихшылар қолдаған. Ең ғажабы, өзара ауызбірлікте болған осы топ 1942 жылдан беріде ғылыми жиындарда орыс патшасының отарлау саясатын белсенді әрекетімен жүзеге асырған Аракчеевті, Катковты, Победоносцевті тарихқа қайтарып, Александр I патшаны “Еуропаның жандармы” деп сүмірейте жазғыруға тиым салып, атақты әскербасылары, Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алушы Черняев пен Скоблев, 1-дүниежүзілік соғыста орыс әскерінің қолбасшысы болған Брусиловтың жанқиярлық ерлігін халыққа дәріптеп, солардың ұзақ жылғы қаһармандық еңбегімен Ресей территориясының  кеңейгені Ұлы Отан соғысында қорғаныс мүмкіндігін күшейтуге дәнекер болғанын мәністеп жазу керектігін дәлелдеп баққан. С. К. Бушуев орта мектепте қолданылатын “КСРО тарихын” осы рухта қайта жазуды талап етіп, “ұлттық нигилизмнің тамырына балта шабу керек!” деген де ой айтыпты. “Наполеон”, “Талейран”, “Қырым соғысы” сияқты сүбелі монографияларымен зиялы қауымның сүйіспеншілігіне бөленген, Сталиндік сыйлықтың үш мәрте иегері, академик Е. В. Тарле де сол қарсаңда «жаңа теория» жариялап, «КСРО-ның барлық ұлттарына орыс халқының көшбасшылық рөлі − ешқашанда мызғымайтын ұлы ақиқат, өткен ғасырда солай болған, алдағы уақытта да сол қалпында қала береді-міс. Яғни, қарамы азаң халықтар мен өркениетке кешеуілдеп жеткен ұлттардың патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарулы наразылығы ұлы орыс халқына қарсылық болып есептелуге тиіс…» − деген уәжін атақты академик Саратов және Ленинград университеттерінде оқыған дәрістерінде жария етіпті.

−  Әлбетте, шұқшия іздесең − қандай еңбектен болсын кемшілік табу қиын емес.  Ал, мына қаралау − Саяси басқарманың өзінен нұсқалған соң, әрине, оны қостаушылар аз болмайды… Сіздер не істедіңіздер, қорғанысқа көштіңіздер ме?

− Жоқ! Анна Михайловна жаратылысында ер мінезді, көмейіндегі сөзді кімге болсын бетіне айтатын өр жан. Маған телефон шалып, қазақстандық авторлардың ұжымдық наразылығын басқармаға жолдаңыз. Ешқандай бұлталақ болмасын, шовинист Яковлевтің әкесін таныту керек!.. Мен де мұндағы авторларды көтеремін… − деді.

− Бәрекелді! Шынында да ерлік, үгіт-насихат басқармасына қарсы тұру − екінің бірінің қолынан келмейтін батылдық!..

− Александровтың атына көлемі 15 беттей хат жолдадық. Сыпыра наразылық сарында жазылды. Дайындаған Ермұхан, оған көмекке ойы сергек білімпаздарды қосып, қазақ халқының отансүйгіштік қаһармандығын ержүрек ұл-қыздары майдан даласында күн сайын әйгілеп жатқанда, Яковлев сияқты пиғылы кертартпа тарихшының жөнсіз шабуылын түсінбедік, бұл енді ұлыорыстық шовинистік ескі пиғылдың сарқыншағы, үгіт-насихат басқармасы мұндай пиғылдарға тойтарыс беретініне сенеміз дедік. Қысқасы, қорғану емес, қарсы дау. Қазақстандық авторлардың бәрі де сол хатқа қол қойды. Мен өз пікірімді жеке жаздым, Александровпен қарым-қатынасым түзу болатын, соны да әжетіме жаратып, «Қымбатты Григорий Федорович, мына мәселені саяси дүрелеуге айналдырмаңыз, біздің халық тұңғыш рет дербес «Тарихқа» ие болып, қуана қабылдаған кітапты орыс халқына қарсы жазылған деу  − масқара қаралау, Яковлев жолдастың саяси қате уәжін өзіңіз түзетіңіз…» деген хатыммен бірге басқарма аппаратына «Тарихтың» 80 данасын жөнелттім.

− Менде академик Дружининнің естелігі бар, сонда: «Анна Михайловнаның тапсыруымен «Қазақ КСР тарихының» мәскеулік авторларының өз ұстанымын қорғаған хатын ұйымдастырып, үгіт-насихат басқармасына жолдағанын» ескерткен. Одан әрі «Тарих институтының ғылыми жетекшісінің дауды өзге қырынан өрістетті…» деген уәж айтады, бірақ нақты не істегенін ашпайды…

− Мен сізге, қарғаш, бұл істің немен аяқталғанын түсіндіретін жарияланымды айтайын, мәселенің бүге-шігесі сонда толық жазылған. Анна Михайловна өмірінің соңғы кезінде «Вопросы истории» журналының бас редакторы болған. Ол кісі, жаңылмасам, 1957 жылы, 60 жасқа толуын тойлағаннан кейін іле-шала жүрек талмасынан қайтыс болды. Жерлеуіне Ермұханның қатынасқанын білемін. Панкратованың «Қазақ КСР тарихын» жанталаса қорғаған әрекеті сол журналда, 20 жылдан соң «Письма А.М.Панкратовой» деген тақырыппен жарияланды…

Сол материалды мен 2003 жылы Мәскеуге барған сапарымда тауып, ксерокөшірмесін алдым. Өте ұсақ шрифпен терілген «А. М. Панкратованың хаттары» деген атпен “Вопросы истории” журналының 1977 жылғы 11-санының 54-79 беттерінде басылыпты (көшірмесі С. Торайғыров атындағы Павлодар МУ шығарған Е. Бекмаханов еңбектерінің 1-кітабында жарияланды). БК(б)П ОК ұйымдастырған талқылау, Саяси бюроның мүшелігіне кандидат, Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы А. С. Щербаковтың төрағалық етуімен 1944 жылдың мамыр және маусым айларында өткен, апталық үзілістермен бес күнге созылған талқылаудың хаттамасы (А. М. Панкратованың дәптері бойынша) менің көңілімде айсбергтің су бетіндегі сүлбесіндей ғана әсер туғызды. Өйткені, сол талқыға қозғаушы болған бастапқы материал − А. М. Панкратованың ОК хатшысы И. Сталин, А. Жданов, Г. Маленков және А. Щербаковқа «Қазақ КСР тарихын» нақақ қаралаудан қорғауды өтінген, 1944 жылдың басында жолдаған хаттары берілмеген, тіпті сол жайында сілтеме де жоқ. Демек, сол хаттар бертінде де жарияланбай, Орталық комитеттің құпия қорында қалған.

Соларды іздеген талабым бірақ жүзеге аспады. Орталық комитеттің жабық қоры ашылды деген сөз де әншейін лақап болып шықты: Ресейден іздеген деректің көшірмесін алу үшін Қазақстан үкіметінен ресми хат апару керек; оған қоса мұрағатқа қыруар ақша төлейсің әрі жоғыңды түгендейтін қызметкерге сыйақы бермесең  − неше тәулік текке зарығасың; ақыры, іздеген  папка алдыма келгенде − оның ішінен «Правда» газетінің екі-үш данасы шықты, сірә, мен іздеген хаттарды әлдекім әдейі жойған…

Сөйтсе де іздеген хаттардың ксерокөшірмесіне Ерекеңнің тарихшы қызы, байырғы мәскеулік Нәйла Бекмаханованың жәрдемімен 2007 жылы қолым жетті. Хаттардың 2-данасы (жалпы көлемі 32 бет) қазірде менің жазу үстелімде қаттаулы тұр: алғашқысы 1944 жылдың ақпан айында Саяси бюро мүшесі А. А. Ждановқа жолданған (көшірме данасында нақты күні қойылмаған, көлемі 10 бет); 26 сәуірдегі хат та (қолжазба,  1,5 бет) Ждановқа жазылған; ең соңғысы есімдері жоғарыда аталған 4 хатшы 12 мамырда (20 бет) жіберілген. Соларда не жазылғанын, жазылу себебін, сол шағымның нәтижесі туралы әңгімені «Қайта оралған ел тарихы» эссемде егжей-тегжей сөз еткенмін, бұл жазбамда оған тоқталмаймын.

Десем де бір жайтты ескерту парыз: А. М. Панкратованың А. А. Ждановқа жолдаған алғашқы хатында Орталық комитеттің үгіт-насихат басқармасының жетекшісі Г. Ф. Александровтың “Қазақ КСР тарихын” Сталиндік сыйлықтар тізімінен алып тастауға нұсқау бергені ашық айтылған. Хат иесі басқарма жетекшісінің осы мәселе турасында өзіне ашына айтқан ауыр сөзін: «Книга написана без учета того, что Казахстан стоял вне истории, и что Россия поставила его в ряд исторических народов…» дегенін қынжыла қайталап, «Дала тұрғындарының тарихы болмаған, біртұтас халық ретінде қалыптаспаған деп ешқандай дәлелсіз қалай айтуға болады?..» деген де ауыр сұрау жолдаған…

Екінші ескерту: Анна Михайловнаның біздің «Тарихты» қолданыстан шығарудан құтқару үшін жанталасқан әрекет бастап, қастандық жасаушыларды қара жерге отырғызған қайраткерлігі туралы маған алғаш ой салған қадірменді Мұхаң еді. «Ол кісінің хаттарын оқығам жоқ, тек сондай хаттар жолдағанын білемін. Ерінбей іздесең − табасың, айсбергтің су астында қалған құпиясы сол хаттарда…» деген сөзі мені алты жыл сенделтіп, ақырында сол хаттарға да қолымды жеткізді. «Бекмаханов» ғұмырнамасын соларсыз аяқтауым да қиын еді. Сол үшін де ел тарихын түгендеуге соншама еңбек сіңірген әрі Ерекең тағдырына өмірінің күзіне дейін адалдық сақтаған қадірменді Мұхаңның аруағына бас иемін!..

− Мен сізге «Қазақ КСР тарихы» тап болған келеңсіз жағдаяттың жанама себебін айтайын, бұл да есіңізде ұстайтын факті, − деді кенет Мұхаң маған жымия қарап. − Орыс тарихшыларының бірін-бірі қудалауы 20-жылдардан беріде етене болған дағды десем сенесіз бе? Мен соның 30-жылдардағы науқанын студент кезімнен, дәлірек айтқанда, газет-журнал оқығыштығымнан біліп, есейген зиялымын… Мысалы,1928-30 жылдарда орыс тарихының ғұлама білімпазы, академик С. Ф. Платоновты және оның жақтастарын саяси айыппен қудалап, 80-90 ғалымды қамауға алып, бірнешеуі атылып, өзгесі Сібірге жөнелтілді, КСРО ҒА-ның босаған орындарды, өзге де кафедра, институттарды өздерін марксист-тарихшы атағандар иеленді. Платонов байғұсты ағаш атқа мінгізген тарихшы Михаил Покровский екені де есімде. Сол тарихшы мен қызметке шыққан кезде бірер жыл дүрілдеді. Кеңес тарихшыларының көшбасшысы атанып, бірнеше жоғары оқу орындарына оның есімі берілді. Біздегі Орал педагогика институты, өзің жазбақ болып отырған Ермұхан тәмамдаған Воронеждегі пединститут М. Покровский атын иелен-ді. Бірақ, ол да кенет 37-жылдың сүргінінде зым-зия жоғалды. Покровскийді қазірде ешкім білмейді, Ресей тарихын заман ағымына икемдеген «еңбектері» күресінге тасталды. Ал, Платоновты Ресей тарихшылары қазірде ұлы ұстазымыз дейді… Бұл гәпті еске алып отырғаным, қарғаш, Покровскийдің Ресей тарихын өзінше «түзетпек» үлгісі кеңестік тарихшыларға «дарып», біздің елдің тарихын қисынсыз бұрмалауға үлгі болды. «Қазақ КСР тарихына» жөнсіз шабуыл да сол әрекеттің қайталамасы, әйтеуір дер кезіндегі қарсылығымыз сеп болып, аман қалдық. Кітап жұртшылыққа тарап, ел шежіресін қадыр тұтатын зиялы қауымның қолынан түспейтін қымбат қазынаға айналды!..

Алдыңғы «
Келесі »