В.ПУТИННІҢ КОМАНДАСЫ ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ

  • 08.10.2014
  • 400 рет оқылды
  • Пікір жоқ

РФ Президенті Владимир Путиннің командасы екі лагерьге бөлініп, саяси шешімдердің дер кезінде қабылдануына кедергі жасап жатыр. Бұл туралы Bloomderg агенттігіне сілтеме жасай отырып, Kapital.kz сайты жазады.

Бірінші топты Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев басқарады. Оның тобы Ресейдің әлемдік экономикалық және қаржы жүйесінен оқшауланып қалғанын қаламайды. Себебі батыс елдері жариялаған санкциялар Д.Медведев пен оның жақтастарыны активтеріне қатты соққы болып тиіп жатыр. Екінші топтың басында тұрған «Роснефть» компаниясының президенті Игорь Сечин. Оның маңайына өзге ірі компаниялардың жетекшілері мен Ресей экономикасына әмір жүргізуге құмар арнайы қызмет органдарының ардагерлері шоғырланған. Сонымен қатар екінші топтың қатарында күштік құрылымдардың үкіметтегі белді өкілі Сергей Иванов бар.

Қазір Ресей рубльінің бағамы құлдыраған сайын, мұнай бағасы түскен сайын екі топтың арасындағы текетірес ширығып барады. В.Путиннің бұрынғы кеңесшісі Станислав Белковскийдің айтуына қарағанда, «бұл екі лагерьдің арасында бұрыннан кикілжің бар, алайда соңғы уақытта активтер үшін жүріп жатқан ішкі соғыстар ушығып кеткен».

Әсіресе, бизнесмен Владимир Евтушенков қамалғаннан кейін, оның компаниясы «Башнефть»-ті мемлекет меншігіне алуға қатысты мәселе қозғала бастағаннан кейін кланаралық соғыс жаңа кезеңге өткен.

ЮКОС компаниясының бұрынғы президенті М.Ходорковский «Роснефть» компаниясының басшысын Евтушенковтың қамалуына кінәлі адам ретінде атағаны белгілі. Игорь Сечиннің компаниясы батыстың қырына іліккен соң, «Роснефть» компаниясының мұнай өндіру көлемі төмендеп, ол мемлекеттен қаржылай көмек сұрай бастаған еді. М.Ходорковскийдің сөзіне құлақ түрсек, И.Сечин өз шығынының орнын толтыру үшін, «Башнефть»-ке ауыз салып отыр.

Станислав Белковскийдің сөзінше, қамаудағы В.Евтушенков Д.Медведев командасының мүшесі. Сондықтан оның қамалуы Д.Медведев командасының жеңілісі ретінде айтылып жүр.

Ал әлеуметтанушы Ольга Крыштановская Ресейдегі мемлекеттік компаниялар мен жеке бизнестің арасындағы тартыс алдағы уақытта да асқына бермек. «Ресурс тапшы. Компанияларға ресурс керек. Ал Путин адал адамдар мен жаңа мүмкіндіктерге мұқтаж» дейді ол.

Алдыңғы «
Келесі »