ЕЛМЕН ЕТЕНЕ БАСШЫ

  • 06.03.2012
  • 1127 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әлмәмбет ӘЛІШЕВ,

ҚР мәдениет қайраткері

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жеткен жетістіктерімізді ризашылық сезіммен ой елегінен өткізіп, өткеніміз бен бүгінгіні салыстыру арқылы артта қалған жылдарға өз бағасын берген абзал. Бүгінгі күн – кешегінің жалғасы. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмас» дегендей, қай кезде де басшының рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Ойға салып отырсам, соңғы елу жылдың ішінде Қызылорда облысын он бір басшы басқарған екен. Солардың кейбірімен адами қарым-қатынасым, сіз-біз дескен сыйластығым болғаны да шындық. Бірсыпырасымен қызмет жағдайында кездестім. Бірақ сол он бір басшыны тек өзіммен жақсы қарым-қатынаста болғаны үшін ғана емес, халыққа жасаған жақсылығымен, бірінші басшы ретінде артында қандай із қалдырғанымен бағалауға тырысамын. Солардың ішінде облысты әр жылдарда басқарған дарынды басшылар бірді-екісіне айрықша тоқталғанды жөн санадым.

1962 жылдың желтоқсанында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Мұстақым Біләлұлы Ықсанов сайланды. Оған дейін облыстық партия комитетін басқарған Сәлімгерей Тоқтамысов Одақтық «Правда» газетінде жарияланған «Битая карта» деген мақаланың салдарынан қызметінен  босатылған еді. Мұстақым Біләлұлы Ықсанов бұған дейін Шымкентте өлкелік су шаруашылығы басқармасының құрлыс тресін басқарған. Алматыда ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Институтта комсомол комитетінің  хатшысы болған. Бұрын партия қызметінде істемеген.

Мұстақым Ықсанов Қызылорда облысын басқаруға келгенде небәрі 36 жаста екен. Дене бітімі ірі, төртпақ келген, жаурыны қақпақтай, қоңырқай жүзді, түрі кекселеу, бір көргенге сұсты көрінетін Мұстақым Біләлұлын ешкім де жас санамайтын еді. Студенттік кезінде ауыр атлетикамен шұғылданғандықтан шығар, бір қарағанда, етжеңді сияқты болғанымен, қарны тартыңқы, ширақ қимылды азамат еді.

Облысты басқарғандардан Ықсановты ерекше атап көрсетуімнің мәнісі: ол кісінің адамға деген сезімталдығына, зердесінің мықтылығына тәнті едім. Енді соған оралайық. 1963 жылдың июнь, июль айларында Қазалы аудандық өндірістік партия комитеті мені қайта-қайта шақырып, Қазалы территориялық колхоз, совхоз өндірістік басқармасының комсомол комитетінің хатшысы болып істеуге келісім беруімді сұрады. Ол кезде екі жылдай үзілістен кейін қайтадан ашылған Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті редакциясының мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Оған дейін аудандық комсомол комитетінде бір жарым жыл нұсқаушы болғаным бар. Партия мүшелігіне кандидат едім. Комсомол жұмысына барғым келмеген себебі: КазГУ-дің журналистика бөлімшесінде сырттан оқитынмын. Газет жұмысы – менің сүйікті ісім. Комсомолдың жұмысы күні-түні істегенде таусылмайтын, шеті-қиыры жоқ, ауыр жұмыс. Шығармашылық жұмысыма тиімдісі – газетте істеу. Хатшы қызметіне келісім бермеуімнің де мәнісі содан. Бір күні өндірістік басқарма парткомының бюросына шақырылдым. Партком хатшысы Әбжәми Байшуақов бюро өтіп жатқан кабинетке кірген бойда маған сұрақ қойды:

– Әлішев жолдас, КПСС мүшесісіз бе?

Мен КПСС мүшелігіне кандидат екенімді айттым.

– Партияның Уставында партия комитеті барасың деген жұмысқа  коммунист  баруға міндетті ме?

– Иә, міндетті,– дедім амалсыздан.

Өйткені енді үш айдан кейін осы бюрода КПСС мүшелігіне өтуім керек. Амалым жоқ, қайтып келер есікті қатты жабуыма болмайды.

– Ендеше, Әлішев жолдас, сен өндірістік басқарма комсомол комитетінің секретары болып бекітілдің. Ертең облысқа, одан әрі өлкелік комсомол комитетіне бекуге барасың. Түсінікті ме?

–Түсінікті, – дедім лажсыздан.

Сөйтіп ертеңіне Қызылордаға жеттім. Әуелі облыстық комсомол комитетінде әңгімелесуден өттім. Олардың көбісі мені біледі екен. Ол кезде аудандық комсомол комитетінде жалғыз нұсқаушы болатын. Үйде болғанымнан түзде жүруім көп, бос уақыт, демалыс деген мүлде болмайды. Хатшылыққа келіспеуімнің де бір себебі сол. Одан облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сұлтан Шаханұлы Аманов та хабардар екен. Ақыл-кеңесін айтып жатыр. Облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы Абылай Хангерейұлы Айдосов та: «Партия жұмсағасын, комсомолда істегенің дұрыс» деп менің нық шешімге келгенімді құптады.

Қайтейін, амал жоқ, «партия айтты, комсомол иә деді» дегендей, «иә» деуіме тура келді. Облыстық комсомол комитеті қасыма бөлім меңгерушісін ертіп облыстық партия комитетіне жіберді.

Облыстық партия комитеті ол кезде бір қабатты ескі ғимаратта.  Обкомның партиялық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Владимир Георгиевич Ковалев елудің ішіне енген, ұзын бойлы, ат жақты кісі екен. Жеке іс-қағаздарыммен танысып болған соң мені облыстық партия комитетінің хатшыларына әңгімелесуге апарды. Бәрі де игі тілектерін айтып жатыр.

Енді облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың қабылдауында болуым керек.

Обкомның бірінші хатшысы менің жеке ісіммен танысып отырып кенет:

– Владимир Георгиевич, мына жігіт қандай бақытты! Мынаны қара, егіз ұлы бар екен!–деді менімен бірге кірген Ковалевқа қарап.

Бір жыл бұрын зайыбым – Нағима егіз ұл туып, аттарын Сәркен және Сәкен қойғанбыз. Ол кезде баланың қадірін білетін жаста (жиырма төрттемін) болмағандықтан шығар, обкомның басшысының таң қалғанына пәлендей мән бермегенім де рас.

Задында, көп сөйлемейтін Мұстақым Біләлұлы:

– Жарайды, келістім! – деп қолымнан алды.

Облыстық партия комитетінен кейін Шымкентке, өлкелік комсомол комитетіне бардым. Өлкелік комсомол комитетінде төрт хатшы бар. Біріншісі – Кеңес Жандыбаев. Нұсқаушылардан бастап, барлық бөлім меңгерушілерінің, өлкелік комсомол комитеті хатшыларының бәрінің қабылдауында болдым. Кейбіреуі менен кәдімгідей емтихан алды. Аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып істегенімнің, комсомол жұмысының қыры-сырынан толық хабардар болғанымның пайдасы тиді.

Өлкелік комсомол комитетінен кейін – өлкелік партия комитеті. Мұнда екі бөлім меңгерушісінің және өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Екейбай Қашағановтың алдынан өткен соң Алматыға, Қазақстан ЛКСМ Оралық Комитетіне жол тарттым. Ол кезде Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еді.

Орталық Комитет келісім бергеннен кейін, он жеті күн дегенде Қазалыға оралдым. Өндіріс басқармасы комсомол комитетінің пленумы шақырылып, комсомол комитетінің хатшысы болып сайландым. Жыл басында өткен аудандық конференцияда комсомол комитетінің мүшесі болып сайланған едім.

Қазалы территориялық колхоз, совхоз өндірістік басқармасына бұрынғы Арал ауданының төрт совхозы: «Арал», «Приарал», «Қарақұм», «Құланды» совхоздары және ауылдық жерлерде тұратын халық қарайды. Өндіріс басқармасының партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары Қазалы аудандық Кеңесінің атқару комитеті Арал, Қазалы аудандарының халқына басшылық жасайды.

Арал қаласында кусталық өндірістік партия комитеті құрылған. Ол обкомға бағынбайды. Тікелей өлкелік партия комитетіне қарайды. Қызылорда қалалық партия комитеті де тікелей өлкелік партия комитетінің басшылығымен жұмыс істейді.

Сол кездегі басқару құрылымдары осылай еді. Алдын-ала айта кеткен жөн, Н.С.Хрущевті қызметінен кетірген ОКП Орталық Комитетінің 1964 жылғы 14 октябрьдегі Пленумынан кейін Қазақстандағы өлкелер таратылып, өндірістік және селолық обкомдар қайтадан біріктіріліп, территориялық колхоз, совхоз өндіріс басқармалары парткомының орнына қайтадан аудандық партия комитеттер құрылды.

Мұстақым Біләлұлы Ықсанов осындай аумалы-төкпелі жылдарда қызмет етті. Ол кезде Орталық Партия Комитетінен келген жабық хаттарды талқылау жиі өткізілетін. Сондай бір хатты талқылауға арналған Қазалы ауданы партия активінің жиналысына Ықсанов жолдас қатысты.

Актив жиналысының алдында темір жол клубының ішін аралап жүрген М.Б.Ықсановпен қарсы ұшырасып қалып, қол беріп сәлемдестім. Қасында жүрген өндіріс басқармасы партия комитетінің хатшысы Әбжәми Байшуақов мені:

–Мына жігіт біздің комсомол, – деп таныстырды. Өндіріс басқармасы комсомол комитетінің хатшысы деген ұзақ сөзді қысқартып айтқаны еді.

Мұстақым Біләлұлы қолымды жібермей ұстаған күйде:

–Әй, сенің егіз ұлың тірі ме?–деп сұрады да, былтыр Ковалевке айтқан сөзін Байшуақовқа қайталады.

Мен ыңғайсызданып, қатты қысылдым. Дүйім жұртты аузына қаратқан облыстың бірінші басшысының менің ұлдарымды ұмытпай, есінде сақтағанына тәнті болдым. Кейін білдім. Жалғыз қызы бар екен. Адамның бақыты жоғары лауазымда емес, ең алдымен отбасында екен ғой деген ойға келдім сонда.

Жоғарыда айтылғандай, Мұстақым Ықсанов біздің облысқа отыз алты жасында келіп, қырық жасында Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Председателінің орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Екі жыл өткен соң Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, содан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, одан соң Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеп, жасының ұлғаюына байланысты зейнет демалысына шықаннан кейін қайтыс болды.

Мұстақым Ықсановтың есімін алдымен ауызға алуымның мәнісі: ол кісі Қызылорда облысының экономикасы мен мәдениетін өркендетуге айрықша үлес қосты. Сыр өңірінде реформатор басшы ретінде республикаға танылды. Ықсановқа дейін облыста күріш дақылы егілгенімен, егіс көлемі аз, одан алынатын өнім де төмен еді.

Ықсановтың облыс ауыл шаруашылығында жасаған басты ісі – егістік жерлерді инженерлік жүйеге келтіру, ауыспалы егіс жүйесіне көшіру, күріштің көлемін ұлғайту, жаңадан құрылған күріш совхоздарының орталығын салу, ирригация жүйелерін кеңейту арқылы егістіктерге су жеткізуді жақсарту еді. Егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын өркендетті. Осы мақсатта Қызылқұм өңірінде жаңадан совхоздар ашылып, бұрын игерілмей жатқан жайылымдықтарға артезиан скважиналары арқылы су жеткізілді.

Облыс шаруашылықтарында диқандардың арасында жастардың аз екенін көріп, облыс комсомол ұйымына «Жақаевшылар қозғалысын» ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма беріп, күріш егуге барған комсомол жастарға қажетті тұрмыстық-мәдени жағдайдың жасалуына өзі тікелей қамқоршы болды. Осы мақсатта жас күрішшілердің слеттері өткізілді. Тіпті жас күрішшілерге арнап «Жақаевшылар маршы» атты әннің де дүниеге келуіне ықпал етті.

Мұстақым Біләлұлы Қазалы су торабының құрлысын салуды қолға алу, ауданда жаңадан 67 мың гектар жерді суландыру жөнінде жоғары партия органдарының алдына мәселе қойып, оның нақты шешімін табуына қол жеткізді.

Аудан комсомол ұйымының жетекшісі қызметінде жүргенімде, Мұстақым Біләлұлы Қазалы су торабы құрлысшылары жұмыс істейтін Басықара поселкесіне ай сайын келіп, жұмыс барысымен танысып, шешімін таппай жатқан мәселелердің шешілуіне көмек көрсететін. Осы су торабын Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрлыс деп жариялатқан да Ықсанов болатын.

Мұстақым Біләлұлының бастамасы негізінде Сырдария өзенінің өр жағында орналасқан аудандарда совхоздардың типтік жобамен орталықтары салынып, көгалдандырылып, көркейтілген еді. Ең бастысы: әр ауылға тас жол салынған болатын. Обкомның бірінші хатшысының «Главриссовхозстрой» Бас басқармасымен тығыз байланыста жұміс істеуі арқасында, күріш совхоздары орталықтарының тыныс-тіршілігі қаладан бір де кем болмағанын облыс жұртшылығы жақсы біледі.

Мұстақым Ықсанов басшылық жасаған төрт жылда Қызылорда облысы күріш өндіру жөнінде Орталық Азияны артқа тастап, Одаққа белгілі болды. Көптеген күрішші диқандар Социалистік Еңбек Ері атанды. Мұстақым Ықсанов осы еңбегі үшін ең жоғары награда – Ленин орденімен наградталды. Өзі ғана алып қойған жоқ, Қызылорда облысы да Ленин орденін облыс туына қадады. Сөйтіп, республикадағы ең артта қалған өңір – Қызылорда облысы даңқы жер жарған облыстар қатарына қосылды.

Біздің әдетте жас басшыны «Ой, әлі жас қой» деп көзге ілмей, мойындамай жататын да мінезіміз бар. Бірақ жастың да жасы бар екенін ұмытуға болмайды. Соның жарқын дәлелі –Мұстақым Ықсанов.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының орынтағына отырған Ықсановты ешкім жас деп айтқан жоқ. Байсалдылығы, парасат-пайымы жоғары басшы еді. Қызметтес болған азаматтардың айтуынша, тау қозғалса да, Ықсанов қозғалмайтын, мәселені байыбына барып, әбден көзі жетпей шешуге асықпайтын.

Мұстақым Ықсановтың көмекшісі болған, кейін облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, одан соң күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істеген облысқа кеңінен танымал азамат – белгілі экономист ғалым Қуандық Әлімбетов Ықсанов туралы былай деген еді:

–Мұстақым Біләлұлы обкомның бюро мәжілісін басқарып отырғанда талқыланып жатқан мәселе жөнінде бюро мүшелерінің пікірін әбден тыңдап болғанша, ләм-мим деп аузын ашпайтын. Айталық, бюрода жауапты лауазымды кадрдың партиялық мәселесі талқыланып жатқанда, өзге бюро мүшелеріне алма-кезек сөз беріп, бәрінің әбден ішіндегісін сыртқа шығарып болуын күтіп отыратын.

Ол кісінің бір ерекшелігі: столының үстіндегі ұшы үшкірленіп шығарылған түрлі-түсті қаламдарды қос қолымен уыстап алып, ақ қағаздың бетіне шеңбер түсіріп отыратын. Бұл жүйкеге түсер салмақты жеңілдету сияқты сезілетін маған. Өйткені облыстық атқару комитетінің председателі Әбен Асқаров, обкомның екінші хатшысы Сейдәлім Нысанбайұлы Тәнекеев сияқты бюро мүшелері сөйлегенде алдына жан салмайтын. Әсіресе жұмыста кемшілік жібергенді қатты айыптайды. Қалған бюро мүшелері де осал емес. Бюрода кейбір кадрды партиядан шығаруға дейін талап қойған бюро мүшелерінің пікірін естігенде, әлгі кадрды іштей аяйтынбыз.

Сондайда Мұстақым Ықсанов бюро мүшелері өз пікірлерін айтып болған кезде талқыға түсіп тұрған коммуниске:

– Өзің не айтасың? – деп сұрақ қояды.

Анау болса:

– Жаздым, жаңылдым. Ендігәрі мұндай әрекетке бармауға серт етемін. Тек мені партия қатарында қалдырсаңыздар болғаны, – деп зарлап қоя береді.

Сонда Ықсанов жолдас:

– Жарайды. Сөгіс жариялансын. Бара беріңіз, – дейді. Анау байғұс қуана-қуана, шығатын есікке қарай ұмтылады.

Мұстақым Біләлұлының ерекшелігі: өзінің пікірін дауысқа салмайды. Нақты шешімін бір-ақ айтады. Бірақ ешбір кадрға қиянат жасамайды. Асыра сілтеуден, қызбалыққа салынудан өзін аулақ ұстайды. Осындай қасиетін жете білген бюро мүшелері кейін мәселені ушықтырмауға, объективті пікір айтуға тырысатын…

Мұстақым Біләлұлы Ықсанов облыста қызмет еткен төрт жылдың екі жылы Никита Сергеевич Хрущевтің ойланбай, күнде өзгеріс жасайтын, аласапыран, от-жалын  кезі еді де, соңғы екі жыл Л.И.Брежневтің байсалды стильмен қызмет еткен шағы еді.

Бұлай жіктеп айту себебім: партияның Уставындағы демократиялық централизм принциптері бойынша жоғары тұрған партия органының шешімі – төменгі орган үшін бұлжытпай орындалуға тиісті заң. Хрущевтің аяқ астынан беретін тапсырмасын ой таразысына тартып, байыбына жетіп барып жүзеге асыру, ең бастысы: облыстық партия комитетінің номенклатурасындағы басшы кадрларды, басқа облыстардағы сияқты, алты ай сайын, жыл сайын орнынан алып, тұрақсыздандырмай, олардың ертеңгі күнге деген сенімін жоғалттырмай, қызметінде ұстау үшін ақылдылық, көрегенділік, үлкен парасаттылық, төзімділік қажет еді. Олай дейтінім: ол кезде жергілікті жерлер түгілі, жоғары партия органдарының өзінде кадрларды алмастыру жиі болатын.

М.Б.Ықсановтың Қызылорда облысының кадрлық әлеуетін сақтап қалуының өзі сол тұста үлкен ерлікке пара-пар еді. Сол кездегі басшы кадрлардың сақталып қалуы арқасында М.Б.Ықсанов кеткеннен кейін жеті жылдан соң Қызылорданың өз кадры – Исатай Әбдікәрімов Сыр бойына басшылық жасады. Исекең Қызылорда обкомының бірінші хатшысынан республиканың екінші басшысы – Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Төрағасы қызметіне жоғарылатылып, оның орнын Сыр бойының төл перзенті – Тәкей Есетов басып, обкомның бірінші секретары қызметін алты жыл бойы абыройлы атқарды.

Мұстақым Ықсановтың кезінде өз ісіне шын берілген адал кадрлар жемісті еңбек етті. Сыр өңірінің сүттей ұйыған бірлігін сақтаған, әділдіктің туын берік ұстаған Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың үлгілі істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне шүбәсіз сенеміз.

*  *  *

КСРО атты алып держава аяқ астынан, өздігінен ыдырап, құрдымға кеткеннен кейін бұрынғы Одақтас республикалардың көпшілігі экономиканы өрге бастыра алмай, терең дағдарысты басынан кешіргені белгілі. Бұған бір жағынан КСРО кезіндегі экономикалық байланыстың үзілуі себеп болса, екінші жағынан әкеге сенген баладай, халықтың бұрынғы Кеңес өкіметін аңсап, өз күнін өзі көруге дағдыланбағаны да кері әсер етті. Бұрын жоспарлы экономиканың арқасында өндіріске қажетті материалдар КСРО-ның жер-жерінен жеткізілетін болса, енді соның бәрін әр кәсіпорынның өзі іздеп табуы, қазақы тілмен айтқанда, әркім өз қотырын өзі қасуы керек еді.

Міне, осындай күтпеген жерден пайда болған қиындықты қалай жеңуді білмеу салдарынан бұрын ырғақты қарқынмен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қажетті материалдар мен қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігінен тұралап, қайсы бірі жұмысын тоқтатты.

Экономикалық байланыстың үзілуінен бәрінен де бұрын ауыл шаруашылығы орасан зор зардап шекті. Кеңес өкіметі кезінде мемлекет колхоз, совхоздарға материалдық-техникалық жағынан шексіз қамқорлық жасады. Шексіз деуімнің себебі: ол кезде осы күні қасқалдақтың қанындай болған солярка совхоздардың алыстағы фермасы мен бөлімшесінде қойылған цистерналарға лық толып тұратын.  Осы күнгі қолға түспейтін минералдық тыңайтқыштар егістік алқаптың әр жерінде тау болып үйіліп, кейде жауын-шашынның салдарынан тас болып қатып жататын.  Ал, «Казсельхозтехниканың» арнаулы магазиндерінің қоймаларында тракторлар мен комбайндардың, басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектері сап түзеп, сіресіп тұратын. Оған қоса құрлысқа қажетті бөренелер мен тақтайлар, тағы басқа материалдар да жеткілікті болатын.

Кеңес Одағы атты ұлы держава тарап кеткен соң ауыл шаруашылығына бұрын жоспарға сәйкес жан-жақтан келіп жататын минералды тыңайтқыштар мен техникалар, олардың қосалқы бөлшектері, жанар және жағар май пышақ кескендей сап тыйылды. Сөйтіп бұрын әкеге сенген баладай: «Үкімет өзі жеткізіп береді» деп қамсыз жүруге үйренген колхоз, совхоз басшылары аяқ астынан тап болған қиыншылықты қалай жеңерін білмей, бірден салы суға кетіп, еңсесін тіктеп көтере алмай қалды.

Ол кезде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы әрі халық депутаттары облыстық Кеңес төрағасы Сейілбек Шаухаманов еді. Билік тізгінін Еркін Нұржанұлы Әуелбековтен алған Сейілбек бұған дейін Талдықорған облыстық Советі атқару комитетінің төрағасы болған-ды. Облаткомның төрағасы кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен істеген, бір-бірімен сыйластығы мол болған.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елде орын алған қиыншылықтар Қызылорда облысы үшін ерекше ауыртпалық әкелді. Өйткені экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына байланысты болғандықтан, облыс бұрынғы экономикалық байланыстар күрт үзілген соң өзімен-өзі қалып, қиындық атаулыға өз күшімен төтеп бере алмады. Әсіресе ауыл шаруашылығын өркендетуге жанар-жағар майдың болмауы, техникаға қажетті қосалқы бөлшектердің жетіспеуі, егіске қажетті тыңайтқыштардың көзден бұл-бұл ұшуы, ең бастысы: оларды сырттан сатып алуға қаржының тапшылығы, бәрі-бәрі жинала келе, ауылдардың азып-тоза бастауына әкеліп соқтырды.

Шындығына келгенде, өз күнін өзі көруге совхоздардың директорлары мен колхоз төрағаларының, аудан, облыс басшыларының ешқайсысы дайын емес еді. Тіпті көпшілігі мемлекеттің көмегінсіз өз күнін өзі көру дегеннің не екенін де білмейтін. Бәрі де не керектің бәрін тауып беретін Мемлекеттік Жоспарлау Комитетін, Совет өкіметін аңсаумен жүргені де жасырын сыр емес еді.

Бір сөзбен айтқанда, бүкіл еліміз сияқты, Қызылорда облысы да нарыққа көшер тұста кездескен қиыншылықтарды жеңіп шығуға әзір емес-ті. Содан да, бұған дейін обкомның бірінші хатшысы болып істеп, 1992 жылғы 9 ақпанда Қызылорда облысының тұңғыш әкімі болып тағайындалған Сейілбек Шаухамановтың ауыл шаруашылығына қайтсем жан бітіремін деп түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылғанын білеміз. Сонда оған Мұстақым сынды елмен етене басшының жұмыс тәсілі өнеге болғаны анық.

Алдыңғы «
Келесі »