Ел алдында еңселі міндеттер тұр

  • 03.10.2014
  • 386 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстан Республикасының 
Прези­денті 
Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің бесінші 
шақыры­лымының төртінші сессиясының ашылуында 
сөйлеген сөзі

Құрметті Мәжіліс және Сенат депутаттары, деп бастады өзінің сөзін Президент. Бар­ша­ңызды жаңа парламенттік маусымның ашы­­луымен шын жүректен құт­тықтаймын! Жұ­­мыстарыңызға табыс тілеймін. Еліміздің әлеу­­­меттік-эко­номикалық дамуында жылдар бой­ғы оң­тайлы үдерістердің қалыптасуы Пар­ла­ментіміздің жұмысымен де тікелей бай­ланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Парламент алдағы уақытта да осы қар­қыннан таймай, халық өкілі ретіндегі өз міндетін абыроймен атқаратынына сенімдімін. Қазіргі таңда біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудамыз. Бұл құжатты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету сіздердің айрықша міндеттеріңіз болып табылады.


Төртінші сессияның өз ерекшелігі бар. Ол өздеріңізге белгілі, 2008 жылғы қазанда сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты. Жаңа сенаторларды сайлау мерзімі биылғы жылдың 1 қазанына белгіленіп отыр. Еліміздің жоғары заң шығарушы органына 16 өңірден бір-бір депутаттан сайланатын болады. Парламент Сенатына сайлауға дайындық ашық, жария түрде өтіп жатыр және қоғамда шынайы қызығушылық тудырып отыр. Халық арасында саяси белсенділік пен құқықтық мәдениет артып келеді. Сондықтан біз­дің алдымызда әділ және ашық сайлау өт­кізу міндеті тұр. Азаматтардың құ­қық­тары мен бостандықтарын құр­мет­теу, Конституцияның нормалары мен қа­ғи­даттарын сақтау Қазақстан Респуб­ли­касының тұрақты демократиялық да­муы­ның кепілі болып табылады. Осыны естен шығармағанымыз абзал.
Парламенттің жаңа сессиясы едәуір күр­делі жағдайларда басталып отыр. Әлемдік экономикадағы болжамсыздық сақталып қалуда. Геосаяси, оның ішінде, Украинадағы оқиғаларға орай халықаралық қатынастардың күрделенуімен байланысты тәуекелдер тереңдей түсуде. Жалпы алғанда, әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайызын өндіретін мемлекеттер бір-біріне қарсы өзара санкция қолданды. Осының барлығы қалыптасқан экономикалық қатынастар мен әлемдік тәртіпке айтарлықтай түзе­тулер мен өзгерістер енгізетін болады. Бұл біздің әріптестеріміздің экономикасы өсімінің төмендеуіне алып келсе, мұның бізге де кері ықпалы тиеді. Сондықтан экономиканың ықтимал теріс сын-қа­тер­лерінің, халықтың әл-ауқаты мен Қа­зақстанның қауіпсіздігінің алдын алу үшін барлығын да істеу маңызды. Менің тапсырмам бойынша бұл жұмыстармен Үкімет айналысып жатыр, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезек­те бүгінде ашылған «мүмкіндіктер тере­зесін» ұтымды пайдалану үшін Парламент пен Үкіметтің үйлесімді жұмысы қажет екенін атап көрсетті. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруімен байланысты басты міндеттердің бірі – әкімшілік реформаларды жалғастыру мен кәсіби және шағын мемлекеттік аппараты бар тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру. Өздеріңізге белгілі, қазірдің өзінде Үкіметтің жаңа құрылымы туралы шешім жүзеге асырылды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді шек­теу туралы Жарлыққа қол қойылды және жүзеге асырылуда. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысындағы көпсатылық пен қосарлануды қысқартуға мүмкіндік береді, деді Президент.
Елбасы осы үдерістің негізіне төмен­дегі қадамдар алынғанын атап көр­сетті. Біріншіден, бүгінгі экономикалық жағдайларда Үкімет әлеуметтік-экономи­калық саясаттың негіз­гі бағыт­тарын жүзеге асыру бойынша стра­тегия­лық мәселелерге назар аударуы тиіс. Минис­трліктерге заңға тәуелді актілерді – түрлі ереже­лерді, нұсқамаларды және т.б. қабылдау бойынша құзыретті беру қажет. Әр министр өзі басқаратын саласына қажетті барлық өкілеттіктерге ие болуы және қа­был­данған шешімдер үшін толықтай жауапкершілікті мойнына алуы тиіс. Бұл талапты заңнамалық тұрғыдан реттеу керек, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Екіншіден, деп жалғады сөзін Мемлекет бас­шысы, министрліктердің комитет­теріне бақы­лау және жүзеге асыру функ­ция­ларымен қатар, тиісті салаларда мем­лекеттік саясатты жүзеге асыруды қам­тамасыз ететін шешімдер қабылдау бойын­ша өкілеттіктер беріледі. Саланы тиімді реттеуді қамтамасыз ету үшін орта­лықтандырылған бақылау бойынша коми­тет­тердің бұрынғы функциялары аумақтық органдарда сақталуы тиіс. Мәсе­лен, энергия қадағалау саласында 2015 жылдың 1 қаңтарынан біз қуаттың бір­тұтас нарқын қалыптастыруға көшеміз. Сондықтан энергетика жүйесін бақылау орталықтандырылған негізде жүзеге асырылуы керек. Кейбір басқа маңызды салаларда да бақылау мен қадағалау орталық деңгейде қалуы тиіс. Мұны мен өзімнің Жарлығыммен айқындадым. 2017 жылдан міндетті медициналық сақтандыру қорын құрып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қыз­метке ақы төлеу комитетін өзгертіп құру қажет. Қазір жұмыс істеп тұрған Денсаулық сақтаудың біртұтас ұлттық жүйесі аталған қор үшін арқау болады.
Үшіншіден, әкімдіктер өңірлер дең­гейінде тиімдірек жұмыс істеп тұрған функ­цияларды беруі қажет. Бұл, бірінші кезекте, жергілікті маңыздағы функция­лар. Мұның пайдасына кең көлемді ха­лық­аралық тәжірибе де дәлел. Оның үстіне, бір функция тек бір мемлекеттік органға ғана бекітіп берілуі тиіс. Бірін бірі қайталау болмауы керек. Орталық мем­лекеттік органдар заңнамалық барлық нормалардың бақылау және қадағалау сапасы төмендемеуін назардан шығармауы тиіс. Ауыл шаруашылығы бойынша да жергілікті билік органдарының өкілеттік ауқымын кеңейту қажет деп санаймын. Функция­лар мен тиісті мамандар штатын беру арқылы әкімдіктердің ветеринарлық бақылау саласын  нығайтуды қамтамасыз ету де маңызды, деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы.
Халықты жылумен қамтамасыз ету саласында қызмет көрсетумен байланысты жекелеген функцияларды да әкімдердің қарауына еш ауырсынусыз беруге болады, деп жалғады сөзін Қазақстан басшысы. Мысалы, жылумен қамтамасыз ету нысандарының жұмыс істеуі мен жылыту маусымына дайындығы мәселелері то­лықтай жергілікті әкімнің қолында болуы тиіс. Сонымен бір мезгілде, функцияларды жергілікті органдарға беру – бұл тек оларды үлкен өкілеттіктермен жарылқау емес. Бұл – олардың барлық мақсатты көрсеткіштерді жүзеге асыруы мен қол жеткізуі үшін жаңа жауапкершілік.
Төртіншіден, өкілеттіктерді шектеу шеңбе­рінде мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес секторға беру бойынша жұмыстарды жалғастыру керек. Бұл функцияларды көптеген елдерде өзін өзі реттейтін ұйымдар жүзеге асырады. Бұл үшін сондай тәуелсіз ұйымдар желісін құруға кірісу қажет. Мен мемлекеттік бас­қару деңгейлері арасындағы өкілет­тіктерді шектеу бойынша менің Жар­лығымда пайдаланылған тек негізгі қадам­дарға ғана тоқталдым. Үкіметке осы айда Парламентке аталған Жарлықты жүзеге асыруға бағытталған тиісті заң жобасын енгізуді тапсырамын. Бұл заң жобасын қарауды шұғыл ету қажет, деді Президент.
Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі бойынша міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде әлемдік жетекші тәжірибені есепке ала отырып, құры­лымдық реформалар бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Негізгі мақсат – биз­несті жүргізуге барынша оңтайлы жағдай жа­сау, инвестициялар ағынын ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ, мем­лекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру.
Мен заң шығарушылық жұмысты жүргізу қажет болатын құрылымдық ре­фор­малардың мынадай бағыттарын көріп отырмын.
Бірінші. Жаңа заманның кодекстері – Кәсіп­керлік және Азаматтық процестік кодекстерді қабылдау үдерістерін аяқтау қажет.
Екінші. Тиімді инвестициялық қызмет үшін арбитражды толыққанды дамыту қажет. Қазір инвесторлар, әсіресе, ше­телдік инвесторлар туын­даған талас­тарды шешу үшін шетелдік арби­траж­дық инстанцияларға қайырылғанды жөн көретіні құпия емес. Бұл біздің сот жүйе­мізге және оның шешімдеріне сенім­нің аз екенін көрсетеді. Қалыптасқан халықаралық стандарттар бойынша жұ­мыс істейтін отандық арбитражды дамыту бойынша шаралар кешенін қабылдау мүмкіндігін қарастыру қажет. Үкіметке 2015 жылдың 1 сәуіріне дейін Парламентке Арбитраж туралы біртұтас заң жасап, енгізуді тапсырамын.
Үшінші. Халық пен бизнеске мемле­кеттік қызмет көрсетуді оңайлату қажет. «Электронды үкімет» функционалын кеңейту керек. Үкіметке 2017 жылға дейін барлық қолданыстағы мемлекеттік жүйе­лер мен деректер базасын «Электронды үкімет» платформасына кіріктіруді тапсырамын. Заңды тұлғаларды тіркеуді одан әрі оңайлату жолымен жүру керек. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік субъектілерін жою рәсімдерін де оңайлатқан жөн. 2016 жылдың 1 қаңтарынан инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатын қолдануды кеңей­ту міндетін қоямын. Басым жобалар бойынша инвестициялық келісімшарттар жа­сас­қан инвесторлар үшін бұл қағидат 2015 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастауы тиіс, деп қадап айтты Президент.
Төртінші. Рұқсаттар мен ескертулер бе­ру­ді электронды пішінге көшіру бойынша жұмыстарды жалғастыру керек. 2015 жыл бойына Үкімет рұқсаттар санын 50 пайызға қысқартуы тиіс. Сондай-ақ, бизнесті тексеру санын айтарлықтай азайту қажет, деп жалғады сөзін Елбасы.
Бесінші. Кедендік ресімдерді барынша оңай­латқан жөн. 2015 жылдың 1 қаң­тарынан кедендік бақылау кедендік тазалау кезеңінен тауарлар шығарудан кейінгі кезеңге ауыстырылатын болуы тиіс. Үсті­міздегі жылдың соңына дейін отан­дық экспортшыларды қолдау мақсатында жүк тасымалы құнын, кедендік ресімдеу мен оларды сақтауды бақылау мерзімдерін қысқарту бойынша шаралар дайындау керек.
Үкіметке сәйкестіктің халықаралық сертификаттарын тану бойынша Кеден одағына техникалық реттеудің біртұтас қағидаттары мен ережелері туралы келі­сімге өзгерістерге баста­машылық жасауды тапсырамын. Бұл біздің кәсіп­керлеріміздің шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Алтыншы, деді Елбасы, реформа жүргізу кезінде біз халық күн сайын кездесіп тұратын проблемаларды ұмыт­пауға тиіспіз. Заңнамаларға ревизия жүр­гізіп, құжаттарды нотариалдық рас­таудағы талаптарды барынша азайту қажет деп санаймын. Жұмысқа орна­ласқанда, шетелге шыққанда және жүргізушілік куәлік алған­да талап етілетін анықтамаларды халыққа «бір терезе» қағидатымен беруді қарастыру ке­рек. 2015 жылдан бастап коммерциялық мақ­сатта қолданылмайтын, пайдалану мерзімі 7 жылға дейінгі жеке автокөлікті техникалық бай­қаудан өткізуді, сондай-ақ көлік құралын басқаруға бері­летін сенімхатты жою қажет. Үкі­мет құры­лымдық реформалар бойынша не­гіз­­гі заңнамалық өзгертулерді Кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын түбегейлі жақсарту мәселелері жөніндегі заң жобасында ескеруі тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке аталмыш заң жобасын үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Парламентке енгізуді тапсырып, оны қараудың басымдыққа ие екенін атап көрсетті.
Бүгінде, деп жалғады сөзін Елбасы, құқық­тық салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиім­ді күреске бағытталған бірқатар реформалар жүргізілді. Бірақ олар жет­кіліксіз. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын қабылдау қажет. Мемлекет қызмет өкілеттігін жеке мақсаттарға пайдалану тиімсіз әрі мүмкін емес болатындай жағдайлар жасауы керек. Ол үшін осы жұмыстағы әлемдік озық тәжірибелерден үйренген жөн. Қазіргі уақытта халықтың табыстары мен шығыстарын жаппай мә­лім­деуге көшу бойынша заңнамалық өз­гертулер енгізуге дайындық жүргізілуде. Декларациялауды толық енгізу 2017 жылдан бастап қамтамасыз етілуі тиіс.
Мемлекеттік сатып алулар саласында не­ғұр­лым жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекел­дері сақталуда, деді Президент. Кәсіп­­керлер пробле­маларын шешу және сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін төмен­дету үшін 2014 жылдың со­ңы­на дейін Үкімет жаңа редакциядағы «Мем­лекеттік сатып алулар туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуі керек. Оның сыртында төртінші сессия барысында келесі заң жобаларын басымдықты қарау қажет.
Бірінші. Жер қойнауын пайдалану мәсе­лелері жөніндегі заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Оны қабылдау жер қойнауын пайдалану құқын алу ресімдерін айтарлықтай жеңілдетіп, әкімшілік ке­дергілерді төмендетуді, шешімдер қа­был­даудың мөлдірлігін қамтамасыз етеді.
Екіншіден, агроөнеркәсіп кешенін дамыту айрықша маңызға ие болуда, деді Мемлекет басшысы. Бүгінде АӨК-те шамамен 7 мыңдай ірі агроқұрылымдар, 184 мың ауылшаруашылық тауар өндірушілері және 2 миллиондай адам жұмыс істейді. Тек үстіміздегі жылы ғана саланы дамытуға 302 миллиард теңге, оның 40 миллиард теңгесі қайтарымды негізде қарастырылды. Мемлекет беретін субсидиялар көлемі жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда субсидиялар көлемі екі есе дерлік – 88,7 миллиард теңгеден 156 миллиард теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері агробизнестің 6,6 мыңнан астам субъектісі 72,5 миллиард теңгеден астам сомада несиелер және лизинг түрінде қаржылай қолдау алды. Ұлттық қордан бөлінген 100 миллиард теңгенің 25 миллиарды өңдеу өндірісі жобаларына бағытталатын болады. Қаржының тиімді жұмсалуына қатаң бақылау мен есептілік қажет.
Бүгінде АӨК-ті дамыту да заңнамалық қам­тамасыз етуді талап етеді, деп жалғады сөзін Н.Назарбаев. Үкімет АӨК-тегі өнім­­ділікті арт­тыру үшін салықтық заң­на­маға өзгертулер бло­гын әзірледі. Осы күзде бұл заң жобасы Парламент Мәжі­­лісіне енгізілуі тиіс. Сондай-ақ Үкі­метке үстіміздегі жылдың соңына дейін «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырамын.
Үшіншіден, деді Елбасы, бүгінде білім берудің автономиялы ұйымдарын акаде­миялық басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы Парламент қа­рауын­да жатыр, Үкімет пен депутаттар бұл мәселеге мұқият қарауы тиіс. Бізде білім беру мекемелерінің басшылары бұл реформаны бақылау болмайтын, не істегісі келсе, соны істеу мүмкіндігі деп түсінбеуі керек.
Төртінші. Үкіметке осы жылдың қыр­күйе­гінде дуалдық жүйені ескере отырып, кәсіп­орындарда міндетті өндірістік тәжірибеден өтуді қарастыратын білім беру мәселелері бойынша заң жобасын Пар­ламентке енгізуді тапсырамын.
Бесінші. Халықтың көші-қон мәсе­лелері туралы заң жобасы да басымдықты түрде қарауды талап етеді. Үкіметке осы заң жобасын үстіміздегі жылдың соңына дейін сіздердің қарауларыңызға енгізуді тапсырамын, деді Президент.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Парламентке жұмыс көбейіп отыр, деп атап өтті Елбасы. Бірақ мұның бәрі елдің табысты дамуы үшін қажет. ХХІ ғасырдың сын-қатерлері мемлекеттік биліктің барлық институттарының белсенді және үндескен қызметін талап етеді. Біз бәріміз – мен, Үкімет, Президент Әкімшілігі, барлық атқарушы органдар – күн сайын қауырт режімде жұмыс істейміз. Сондықтан, сіз­дерге жазғы кезеңде де, сол сияқты жыл бойына да депутаттық каникул уа­қытын қысқарту мүмкіндігін қарастыру жөнінде өтініш білдір­мек­пін. «Нұр Отан» партиясының фракциясы бұл мәселені сіздермен бірге мұқият зерттейді деп ойлаймын. Оның үстіне мен бұл тақырыптың сіздердің араларыңызда бірнеше мәрте талқыланғанын білемін және ол бойынша маған өтініш түскен кездер де болды. Мұндай шешім депутаттық корпустың бүкіл мемлекеттік органдармен бірге халық игілігі үшін ырғақты және бір деммен жұмыс істеуіне жағдай жасар еді.
Бүгінде біздің алдымызда күрделі міндеттер тұр, деп атап көрсетті Н.Назар­баев. Бізге шешімдер қабылдауда кешігуге болмайды. Уақыт қыса түсуде және бізден іс-қимылымызды жеделдетуді талап етуде. Бү­гін­де экономикалық саясатта туындайтын тәуекелдерді, өзгермелі геосаясатты және пай­да болатын жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып қалыптастыру қажет. Да­му­дың қол жет­кен деңгейін сақтаудың, өндірістің мүм­кін деген құлдырауының және халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің төмендеуінің алдын алудың маңызы зор. Бұл сол сияқты барлық деңгейлердегі әкімдердің де міндеті.
Менің тапсырмам бойынша Үкі­мет эко­номиканың оптимистік және песси­мистік даму сценарийлерін бас­шылыққа ала отырып, бірқатар шараларды әзірледі. Бізде қазірдің өзінде елдің экономикалық қауіп­сіздігін қам­тамасыз ету бойынша нақты іс-қимыл жос­пары бар. Дамудың мүм­кін деген барлық нұсқаларында да Үкіметке мем­лекеттің әлеу­меттік міндет­темелерін қаржыландыруды қыс­қартпау тапсырылды. Бұл өте маңызды! Біз ха­лықтың әл-ауқатын тұрақты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ресурстарға ие­міз.
Тағы бір маңызды мәселе – алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу. Үкіметке соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне бір­жолғы материалдық көмек көрсетуді қам­та­масыз етуді тапсырамын. Бірде-бір ардагер мемлекет назарынан тыс қалмауы тиіс. Сондай-ақ, ардагерлердің Астана мен Мәскеудегі мерекелік іс-шараларға бару жолы мен тұру шығындарын төлеуді де қарастыру қажет.
Мен атап өткендей, бір айдан соң, 1 қазан­да, кезекті сайлау барысында Парламент Сенатының құрамы үштен бірге жаңаратын болады. Бүгін мен өкілеттілік мерзімдері аяқталатын сенаторларға кәсі­билігі мен бел­сенді жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан Парламенті – құқықтық мемлекет негіздерінің бірі, біз­дің қоғамымыздағы тұрақ­тылықтың, бейбітшілік пен келісімнің берік тіреу­лерінің бірі. Баршаңызды төр­тін­­ші сессия жұмысының басталуымен тағы да құттықтаймын. Мемлекет пен Қа­зақ­стан халқының игілігі үшін жемісті заң шығарушылық жұмыстар тілеймін, деп қоры­тындылады сөзін Президент.
Елбасы сөзін аяқтаған соң Мәжіліс Төрағасы – Қабиболла Жақыпов депу­тат­тық корпус атынан алға қойылған мін­деттердің сөзсіз орындалатындығын айтып, сенім білдірді. Күллі әлемдегі қа­зіргідей қиын уақытта ел ішіндегі, сонымен бірге халықаралық аренадағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету жолындағы Сіздің жүргізіп отырған саясатыңыз көрегендік пен кемеңгерліктің үлгісі екендігі айдан анық. Сіздің айрық­ша күш-жігеріңіздің арқасында Қа­зақ­станның әлем алдындағы бе­делі бұрын­ғыдан да биіктей түсіп, ол  елі­міздің қауіп­­сіздігі мен тәуелсіздігінің кепі­ліне айналды. Болашақта біз Сіздің дара бас­шы­­лығыңызбен өзімізге жүктелген «Қа­зақстан-2050» Стратегиясы, соның ішінде әлем­нің ең үздік 30 елінің қата­рына ену жолын­дағы басымдықтарды заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз етіп, барлық тап­сырма­ларды жоғары деңгейде орындаймыз деп Сізді сендіруге рұқсат етіңіз, деді Қа­биболла Жақыпов.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жаңадан сайланған және тағайындалған депутаттар Қазақстан хал­қына адал қызмет ететіндігі жөнінде ант беріп, оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Салтанатты түрде ант бергендер қатарында сенаторлар Бектас Бекназаров, Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс депутаттары Әсима Бимендина, Тәңірберген Бердіоңғаров және Әмірхан Рахымжанов болды. Сонымен, күн тәртібінде қаралған мәселелер аяқталды.
Парламент сессиясының ашылуына Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мем­лекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков, Президент Әкім­шілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин, Конс­титуциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми және Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов, Үкімет мүшелері, респуб­лика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Пре­­мьер-Министр Кеңсесінің өкілдері және БАҚ бас­шылары қатысты.

Алдыңғы «
Келесі »