ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ НАМЫСЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

  • 03.10.2014
  • 1155 рет оқылды
  • 20

Сейілбек МҰСАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-і 
Саясаттану кафедрасының 
профессоры, саяси ғылымдарының докторы

Кез келген адамның адами болмысы мен мінез-құлқын анықтайтын басты психологиялық қасиет – ар-на­мыс болып табылады. Ол жеке адам­ның бойындағы адалдық, әділет­тілік, шыншылдық, ар, абырой, тек­тілік, көргенділік сияқты сапалық қасиеттерді бағалайтын кешенді мораль­дық-этикалық және әлеуметтік-психологиялық түсінік. Намыс сан-қыр­лы қызмет атқарады: ол бейне бір адамның ішіндегі көрінбейтін тәртіп сақшысы іспетті, адамгершілікке жат іс-әрекеттер жасаудан сақтап қана қоймай, пасық ниеттерден де арылу үшін аса қажет. Айта берді, оны адамның  ары мен абыройын, жынысын, дінін, отбасы мен отанын, ұлттық ерекшеліктерін сақтау мен өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің мүддесін қорғау үшін жанын қиюға дайын ететін ыстық сезім дейміз. 


В.И. Дальдің түсіндірме сөздігінде намыс ұғымына мәні терең, мазмұны кең ұғым ретінде түрлі анықтамалардың берілуі де сондықтан. Бұл ұғымға  адамның абыройын, адалдығын, кеңпейілдігін, таза пиғылын білдіретін сезім деген негізгі анықтама беріле келе, оның сан алуан мағынасы мен өзгешеліктері де бар екендігі ескертіледі. Сөздікте «намыс» сезімінің өзі кейде шарт­ты, кейде алдамшы, «сасық намыс» түрінде көрініс беретіні де айтылады. С.И. Ожеговтың сөздігінде болса ар-намысқа төрт түрлі мағынада түсінік бері­леді: Бірінші, адамның бойындағы сыйлау мен мақтауға тұрарлық моральдық сапалары, тиісті ұстанымдары; Екінші, жақсы, ешбір былғанбаған, аяққа тапталмаған репутация, абыройлы есім; Үшінші, пәктік, тазалық, бұзылмағандық, адалдық; Төртінші, құрмет, сыйлау. Яғни, намыс тек қана адами сезім ғана емес, ерекше моральдық категория, бұған қоса, заңмен қорғалатын әлеуметтік мәні зор, материалды емес адами құндылыққа да жатады. Жеке тұлғаның, ұлттың, діннің абыройы мен намысы заңның қорғауында. Ол бір жағынан әр адамның қоғамдағы алатын өзіндік орнын біліп, өзін-өзі бағалауын айқындаса, екінші жағынан қоғам тарапынан оның мойындалуына ықпал етеді. Намыс адамға сый-құрмет пен атақ-даңққа қол жеткізу үшін де аса қажет сапа. Айтқан сөзінде тұрып, уәдеге берік болу – тек намысшыл адамның ғана қолынан келеді.Сондықтан да, ар-намыс туралы мақал-мәтелдер әлем халықтарының фольклорында көптеп кездеседі. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы», «Ел намысы – ер намысы», «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ат – шабысымен, ар – намысымен», «Батыр бір рет, қорқақ мың рет өледі» деген мақалдарды білмейтін қазақ жоқ болар. Өз заманында әл-Фараби бабамыз «Ар-ождан алдындағы адалдық – өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты» десе, Абай атамыз «Пайда ойлама – ар ойла» деп қадап айтқан, М. Дулатов «Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық жоқ», М. Әуезов: «Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет, ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза», Ш. Мұртаза «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел» деген қанатты сөздерін тегін айтпаған. Елбасымыз Н. Назарбаев Абайдың 150-жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде «Ар-намыссыз азамат өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл» деуінде терең мән бар.
Көріп отырғанымыздай, ар-намыс бас­тапқыда жеке адамға ғана қатысы бар қа­сиет сияқты көрінгенімен, оның мәні мен мазмұнына тереңірек үңілсек тұтас ұлтқа, ел-жұртқа қатысы бар кең ауқымды, қасиетті құндылық екенін байқаймыз. Өйткені, әр адам қандай да бір ұлттың өкілі болып табылады, белгілі бір дінді ұстанушы, әркімнің өз ана тілі, туып өскен Отаны бар. Бұған қоса, әрбір жеке адам өзін қандай да бір әлеуметтік топқа жатқызып (жыныстық, демографиялық, кәсіби, азаматтық, мә­дени, т.б.), өзін-өзі айқындауы тағы бар (идентификация).Сәйкесінше, жеке адам­дардың ар-намысының жиынтық сапасы түптеп келгенде қандай да бір ұлттың, елдің, діннің, әлеуметтік топтың ар-намысының деңгейін анықтайды. Кез-келген ұлт өкіл­дерінің ар-намысы қаншалықты болса, сол ұлттың ұлттық намысының сапалық деңгейі де соған сай болмақ. 
Ана тіл мен ұлттық салт-дәстүрді құр­меттеу – ұлттық намыстың бастауы. Бауыр­жан Момышұлы кезінде: «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңба­ған адам. Өз елінің бағасын білген пенде ғана басқа елді қадірлей алады. Өйт­кені, халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз халқына сүйіс­пен­шілігі арқылы ғана келеді. Мен өзге ұлт­тарды құрметтеуші, өз ұл­тын сүюші адаммын» деген.Өкінішке орай, қазір кейбір қазақ бауырларымыз өзінің ана тілі – қазақ тілін білмейтініне ешбір намыстанбайды. Президентіміз Н. Назар­баевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген үндеуіне пысқырып та қарамайды. Керісінше, «Қазақша не­ге сөйлемейсіз?» деп сұрай қалсаңыз, «тілі бөлек» болғанымен, түрі мен есімі қазақы, өзіңмен қандас адам бір түрлі намыстанып, дүрсе қоя береді. «Менде шаруаң болмасыннан» бастап, «тілдік дискриминация жасаушы», «арандатушы», «ұлтшыл», «нацпат» сияқты небір пәле-жалаға ұшыратып, басыңызды дауға қалдырады. Сонда, мұны намыстың қандай түріне жатқызамыз? Қазақ тілін қазақтың өзі керек қылмай жатса, басқалар қайтсін?
Қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлидің:
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деген жыр шу­мағы түсінген жанды терең ойға салары сөз­сіз.Қазіргі ақпарат ғасырында орыс қана емес, түрлі шетел тілдерін білу өткір қа­­жеттілік. Бірақ, шет тілдерін білу үшін ана тіліңді ұмытуың керек пе?Ана тілімізді бәсекеге қабілетті ету өзіміздің қолымызда. Ұлы­тауда берген сұхбатында Елбасы «…Қай-қайдағыны, ақырзаманды басқа ор­натпай, Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек» – деді. Әрбір қазақ өзінің ана тілін өзі  құрметтеп, белсенді қолданып, жан-жақты дамытуға күш салса ғана мемлекеттік тіл ретінде шынайы дамитын болады. Сонымен қатар, тілдің дұрыс, сауатты қолданылуына да жіті бақылау жасалуы қажет. Қазір біздің әкімшіліктерде тіл комитеттері бар, бірақ, олар қанша қызмет атқарса да, көшелер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақша ақпарат пен жарнамалардағы қателерге көз сүрінеді. Жарнама жасаушыларға «қазақша айтылып-жазылды» деген аты болса, ал, жарнама берушілерге пайда тапса болғаны, бизнестің адамдары басқасына бастарын қатырмайды. Бай да көркем қазақ тілін қателермен шұбарлағандарына, ана тілдерін «сақаудың» сөзіндей бұрмалағандарына ешбір намыстанбайды. Ал, оның басты себебі – ұлттық рух пен намыстың орнын ақша мен пайда деген құндылықтардың басып кетуі. Айт, айтпа не керек, қазіргі нарықтық заманда ақшасы бардың асығы алшысынан түсетінін баршамыз мойындайтын болдық. Байлық пен билікке қол жеткізгендер табысты, бақытты, елге үлгі саналады. Атам заманнан бері «Байдың жүзі жарық, кедейдің жүзі шарық» дейтін қараша қазақ байдың кекесін әзіліне, миығынан күліп, мүсіркеп айтқанына да, жасаған «сын-ескертпесіне» де ешбір намыстанбастан, қабыл алып, оған бас изеп, қошемет көрсетуге дайын. Ал, қолында байлығы жоқ болса да, оқығаны мен көңілге тоқығаны көп, мәдениетті зиялы қауым өкілінің шын жүректен, жаны ашып айтқан ақыл-кеңесіне қазақтың көпшілігі намыстана қалады. Сонда не, бай адамның алдында құрдай жорғалайтын қазақтың намысын ақшаның буы мен байлықтың мысы басып кететін болғаны ма? Иә, рухани құндылықтар девальвацияланып, ақша мен материалдық игіліктердің парқы аспандап тұрған тұтынушылық қоғамның бүгінгі бет-бейнесі осындай.
Жалпы, қазақтардың ұлттық намысы басқа ұлттарға қарағанда өзгеше. Үш жүзге кіретін түрлі ру-тайпалардың бірігіп, Керей мен Жәнібек хандардың бастауымен Қазақ хандығын құрып, қазақ атты тұтас ұлтқа айналғалы бес жарым ғасыр болса да, рулық сана-сезім мен рулық мүдде әлі күнге дейін қазақтарда басым. Обалы нешік, «Бар қазақ – бір қазақ» дегеннен гөрі, жүзге, руға бөліну бүгінгі қоғам өмірінде ішін­ара көрініс табуда. Жасыратыны жоқ, қара­пайым адамдардың күнделікті өмірінен бастап, билік органдарына дейінгі аралықта рушылдыққа мән беретіндер баршылық. «Жаман қазақ» десе селт етпейтін қазаққа: «Сенің руың жаман» – десеңіз болғаны, ол лезде шамданып, намысқа булығып шыға келеді. Жиын-тойда ру-ру болып, әзіл-шыны аралас, дауласып жатқан қазақтарды көрсек те, оған мән бермейміз. Оны әдеттегі, үйреншікті жағдай сияқты  қабылдаймыз. Тіптен, кейбір рушыл қазекемдер мемлекеттік авто нөмірдің қабына, жалаушаға, киім-кешек, дүкен-тойханаға «Албан», «Найман»,«Адай», «Божбан» т.б. қазақ ру-тайпаларының аттарын жазып алып, жүзшілдік пен рушылдықты сәнге айналдыруда. Ал, кей­бір өнер иелері мен зиялы қауым өкілдері болса, аты-жөндеріне өздерінің шыққан руын қосып, псевдоним етіп жүр. Мұның барлығы бүгінгі қазақы қоғам өмірінің шындығы. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген аталы сөзге жүгіну керек-ақ, өзіңнің арғы тегіңді білген дұрыс. Бірақ, жүзге бөлінушілік, трайбализмге салыну дұрыс емес. Ішкі бірлігі болмаса, мемлекет құрушы төл ұлт өзінің ұлы миссиясын қалай жүзеге асырмақ? Тұтас ұлт болмасақ, қалай ел болмақпыз? Бәсекеге қабілетті ұлт болуға да кесірін тигізетін рушылдық пен жершілдік, клан мен команда сияқты кесапаттар. Бірақ, бұлар туралы ойланып жатқан қазақ жоқ. Кері­сінше, қолда барда қоныштан басып, рулас не жерлес «бәленше көкенің» көмегін дер кезінде пайдаланып қалуға тырысып бағуда. Осыған қарап, «Қазақтарда ұлттық сана-сезімге қарағанда рулық сана-сезім әлі басым болғаны ма?» – деген сұрақ көкейге келеді. Құқықтық сана-сезімнің орнын рулас, жерлес, клан-команда сияқты сыбайласудың арамза түсініктері басса, Ата заңымызда мақсат-мұрат етіп көрсетілген демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекетке қашан жетпекпіз? Түйіндеп айтсақ, қазақтар рулық сана-сезімнің деңгейінен шығып, ұлттық сана сезімнің деңгейіне көтерілмейінше қазақы рух та, ұлттық намыс та шыңдалып дамымайды. 
Ұлттық намыс, рух пен жігер, сын­шыл­­дық пен шыншылдық жоқ жерде патриотизм даңғаза ұранға айналмақ. Орыстар «отансүйгіштіктің» мұндай түрін «квасной», «ура патриотизм» дейді. Мемлекеттік нышандарға құрмет те ұлттық намысқа бай­ланысты. Исламда «Отанды сүю – иманнан» – деген қанатты сөз бар. Қазақтар да ер жігіттің үш намысы бар дейді: бірінші – иманы, екіншісі – Отбасы, үшіншісі – Отаны. Ел азаматтарының мемлекеттік нышандарды қастерлеуіне қарап олардың мемлекет азаматы ретіндегі сезімдерінің деңгейін, отандарының болашағына сенетінін, қандай намысқой патриот екендерін байқауға болады. Мысалы, Қытайдан елге оралған қандастарымыз, ақын Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған Ермұрат Зейіпханның «Көк ту­дың желбірегені» атты ұлттық намысты жанитын патриоттық әні мем­лекеттік нышанның құдіретті күшін көрсеткендей. Алайда, Иман азайды ма, әлде басқа ма, қалай екені белгісіз, оқта-текте Қазақ елінің нышандарын кейбір отандастарымыздың аяқ асты етіп, түрлі келеңсіздіктерге жол бергендеріне куә болып жүрміз. Қан қырғын соғыстың өзін­де тудың жығылмауы үшін талай сарбаз жанын берсе, біздің кейбір сабаздар бейбіт күнде көк байрақты тулақ етіп, масқаралап жүр. Бұдан жекелеген азаматтарымыз ұлттық намыс деген қасиеттен жұрдай екенін көреміз. Жаһандану жағадан алған қазіргі алмағайып заманда ұлттық рухы әлсіз, намысы жасық ұлттың болашағы жоқ. Ұлттық намыс болмай мемлекеттік тіл де дамымайды, өзіміздің ұлттық мүддемізді де қорғай алмаймыз.
Ұлттың намысы ұрпақтан ұрпаққа бері­луі үшін оны бала жастан тәрбиелеп, болат қылышты тат бастырмаған сияқты, үнемі жанып, қайрап отыру қажет. Ал, ол үшін тәрбиеші ата-ананың ұлттық намысы берік болуы шарт. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал тегін айтылмаған.Бауыржан Момышұлының «Балаларға бесік жырын айтатын келін­дерімнің азайып бара жатқанынан қор­қам, екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жат­қа­ны­нан қорқам. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқам» дегені еріксіз ойға оралады. Ананың сүтімен, бала жастан берілген ұлт­тық тәрбиені көрген ұрпақ өзінің ұлтын да, ана тілін де, әйел затын да сыйлайтын болады. Ал, ананы құрметтеу, болашақ ана-қыздарды сыйлау ұлттық намыстың бір бел­гісі. Мысалы, кавказдық тау халықтары қызу қанды, намысқой мінездерімен белгілі. Ашық-шашық киінген, теріс жолға түскен тау елінің қыздарын көрмейсіз. Өзге ұлт өкілдері олардың қыздарына тиісуге батпайды: бір жағынан ар-намысты тау қыздарынан именсе, екінші жағынан, намысшыл да рухты тау жігіттерінен сескенеді. Өкінішке орай, қазақ қыздары мен жігіттерінде мұндай намысқойлық қасиет аз кездесетін болып барады. Қаракөз қыздарымыздың арсыз жезөкше болуына, теріс жолға түсіп, жат жұрттықтардың қол жаулығына айналуы­на ата-ананың бейқамдығы, қоғамдық және ақпараттық ортаның теріс ықпалы сияқты факторлармен қатар, қазақтың жігіттері де кінәлі. Көптеген намыссыз жігітсымақтарымыз қыз-қырқынды ал­дап-арбап, ел аман, жұрт тынышта жаң­ғыз басты аналар мен тірі жетімдердің көбеюіне себеп болуда. Қазақтың қара­домалақ баласы қазақтың қаракөз қызын сыйламауы – өзінің ақ жаулықты анасын сыйламауы деп түсінуі тиіс. «Бір біріңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген аталы сөздің мәні кең әрі терең. Сол сияқты, қыздар да өздерінің болашақ ана екендерін, қазақ ұлтының саны мен сапасына жауап беретіндерін үнемі естерінде сақтап, намысқа тырысулары қажет. Сондықтан да, ұлттық намысты бекітетін маңызды амалдардың бірі – иманды да ибалы тәлім-тәрбие. Ащы да болса, осы жерде айта кетерлік тағы бір қиын мәселе – жыныс намысы – еркек еркектік қасиетін, ал, әйел заты өзінің ерекшелігін сақтауыда бүгінгі таңда өзекті тақырыпқа айналып барады. Батыс елдерінде туындаған бір жыныстылардың бір-біріне әуейі болып, неке қиып, тіптен, біржынысты «отбасылардың» бала асырауына дейін заңдастырылған. Батыстық бұқаралық мәдениеттің экспансиясы арқылы осынау қауіпті дерт әлем елдеріне жұқпалы аурудай таралып, Қазақ елінің де шетін шалып отыр. Алматының қақ төрінде, Құрманғазы мен Пушкин көшелерінің қиылысынан орын тепкен қызтекелер мен еркекшоралардың түнгі жынойнақ клубсымағының жарнамасын жасаушылар қазақ пен орыстың мақтанышы саналатын күйші Құрманғазы Сағырбайұлы мен ақын А.С. Пушкиннің әруақтарын қорлап, аттарына күйе жақты. Сөйтіп, екі бірдей ұлттың намысын аяққа таптады. Құқық жүйесін гуманды етеміз, батыстық қалыпқа (стандарттарға) сай қыламыз, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық береміз деп жүргенімізде, кейбіреулер сол бостандыққа мас болып, білгендерін істеуде. Құдай жаратқан еркек пен әйелдің жыныстық айырмашылығы мен табиғи заңдылықты  бұзғандардың ар-намысы бар ма? Еркектік намыс, қыздың ары деген қасиеттер оларға мүлдем жат па? Кезінде Кеңес Одағы тұсында біржыныстылардың төсектес қатынаста болуы ауыр қылмыс саналатын. Нәпсісін тия алмаған мұндай ар-ұятсыз азғындар қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылып, психикалық ауытқуы болса қоғамнан алас­татылатын. Мұсылман елдерінде ондай оспадар қылық жасағандар тіптен өлім жазасына кесіледі. Ал, бізде болса, ондай анайылар тайраңдап жүр. Сонда, Қазақ елі ар-ұяттан безген намыссыз қызтекелерді бетімен жіберіп қоя ма? Оларды тезге салып, шектеуге болмай ма?
Жасалған талдау көрсеткендей, ұлт­тық намыс тақырыбы көптеген қоғам­дық мәселелермен астасып жатыр. Әсі­ресе, ұлттық намыстың дамуына күш­ті ықпал ететін зиялы қауыммен мем­лекеттік қызметкерлердің намысшыл болуы. Өйткені, олар қарапайым халыққа жөн сілтейді, идеялар беріп, идео­ло­гия­ны қалыптастырып, мемлекеттік сая­сатты жүзеге асырады. Қазақ жерін бөлшектеп, Ресейге қосуды көксейтін Жириновский, Лимонов сияқты арандатушылар ұлт­тық намысымызға тиіп жатса, ешбір қай­мықпай, бірінші болып қарымта жауап беретін де рухы күшті интеллиген­ция мен намысты чиновниктер. Олар жасық болса, артындағы халқы кімге үміт артпақ? Алайда, біздің зиялы қауым ұлттық намысты қорғауға келгенде жұмылған жұдырықтай іс-қимыл жасай алмайтынын көрсетіп келеді. Ұлттық намысы күшті, азғантай ғана ұлт зиялылары еліміз бен жерімізге қатысты өзекті мәселелер туындай қалса, ешнәрседен тайсалмай, өздерінің пікірлерін ашық айтып, бас көтеріп, дауыстарын шығаруға даяр. Ал, қал­ған­дары әліптің артын бағып, тасада тығылып отырады, бірақ, өзара дау­ласу мен жауласуға келгенде үдере түре­геліп, аяқ астынан намысшыл бола қалады.Қазіргі ақпараттық қоғамда ештемені жасыра алмайсың, мұның бар­­лығын халық көріп, біліп отыр. Шенеуніктеріміздің де басым бөлігі ұлт­тық намыс туралы ойланбайтын да сияқты. Оған шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар қылмыстардың соңғы жылдары үдеп ке­туі дәлел. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, Елбасының се­ні­мін ақтамай, халқының аманатын сақтамай жүрген кейбір жемқор шен­ділер мемлекетіміздің дамуын тежеп отыр. Отанға адал қызмет ету, ел-жұртқа қамқор болу, ұлттық мүддені қорғау, ама­натқа қиянат жасамау, заңды сақтау жемқорлар үшін бос сөз. Эгоизм мен аш­көздікке негізделетін қызмет бабын пайдалану, түрлі жолдармен мемлекеттік бюд­жетті тонап, халық пен қоғам игі­лі­гіне жұмсалатын қаржы-қаражатты талан-таражға салу, қысқасы, қайтсе де тез арада баюды көздейтін арамза ойдың жетегіндегі шенеуніктерде ұлттық намыс қайдан болсын. Бірақ, оның есесіне «билік пен лауазым өткінші нәрсе, мүмкіндікті жібермей байып қалайын» деген уақытша пси­хологиямен жүрген  шен-шекпенділердің көкірегін өзімшіл сасық намыс кернеп тұр.Қазақстан мықты елге айналуы үшін мем­лекеттік қызметкерлеріміз сана-сезім­дерін түзеп, бойларындағы ұлттық намыстарын жанып, ұлттық мүддені бәрінен де жоғары қоятындай етіп дамытуы қажет.
Ұлттық намыс кешенді мәселе болған­дықтан, тарқатып айта берсек, ойдан ой туа бермек. Жоғарыда айтылған ой-толғам­дарды «Қазақ үшін ұлттық намыс­тың құны қан­ша?» – деген сұраққа жауаппен қоры­тын­дылағанымыз жөн сияқ­ты. Біле білсек, қазақ үшін де, кез-келген басқа ұлт үшін де, ұлттық намыстың құны шексіз. Ол ұлтты ұлт ететін басты сапалардың ішін­­дегі маңдай алдысы. Сол қадір-қа­сиетті ұстанған ұлт қана өзінің ұлттық тілін, дінін, салт-дәстүрін, елін, жерін және басқа да ерекшеліктерін сақтап, одан әрі дамып, сол бағыт-бағдарды ұс­танған мемлекет қана өзінің ұлттық мүдделерін ешбір қаймықпастан қорғай алады. Намысы бар ұлттың рухы да биік. Сондықтан, Қазақ елінің намысын қолдан бермеу үшін әрбір қазақстандық азаматтың бойында ұлттық намыс пен рух күшті болуы қажет.

 

Алдыңғы «
Келесі »

20 Пікір бар

  1. Бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктің түп төркіні-намыссыздықтан туындайды.Кіп кішкентай немересін жетектеп келе жатып, орысша шүлдірлейтін ата-әжелер,қызының өзге ұлтқа күйеуге шыққанын мақтаныш ететін ата-аналар,байлығына мастанатын қарын қазақтар- осы сияқты намыссыздықтың көріністері қаулап тұр.Мұның барлығын қайткенде жоюға болады,білмедім. Әркім өзінен, өзінің отбасынан бастау керек шығар…

  2. Айтар гибраты мол макала! Жарайсын Саке! Нагыз азаматтын жаны да, бары да ол – онын ар намысы.

  3. Сейлбек баурымыздың мақаласы қазіргі ең өзекті мәселелердің бірін көтеріп отыр. Өтрік айту, жемқорлық,мақтаншақтық, қоғамдық тәртіпке қайшы ұятсыз іс-әрекетке бару, батысқа тым еліктеу біздегі көзге бадырайып көрінетін құбылысқа айналып бара жатқанын мойындауымыз керек. Бұл мақала жалпы қазақ жұртына әсіресе жастарға ой салады деп үміттенемін.

  4. Мақалада қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтерген, маған ой салды, Қазақ намысы ел намысына айналу қажет, билік жағынан қолдау болса.

  5. Мақалада айтылған Сейілбек ағамыздың қазақ тілдің қазіргі хал ахуалы жайлы, өзге тілдің бәрін біле отырып, өз тілімізді өзгеден жоғары ұстап, құрмет тұтуы жайында, қоғамдағы көзге шыққан сүйелдей болған мәселені жақсы көтеріп айтыпты! Әр қазаққа ой салатындай дүние деп ойлаймын!

  6. Өте өзекті мәселе… Қазаққа жетпей тұрғаны намыс қой! Жарайсың Ақиқат журналы, жарайсың автор!

  7. Өте өзекті мәселе… Қазаққа жетпей тұрғаны намыс қой! Жарайсың Ақиқат журналы, редактор Аманхан ағай керемет, жарайсың автор!

  8. Аманхан Әлімұлы бас редактор болғалы бері Ақиқат журналы мықты болып кетті. Қызық материалдар оқитын болдық. Рахмет. Мына мақала да күшті екен. Серік бауырымның пікірін толық қолдаймын. Намыс керек елімізге.

  9. Бұл мақалада қазақ қоғамының ащы шындығы көрсетіліпті. Өзекті мәселе. Мақсатпен толық келісемін, Ақиқат журналы қызір мықты, деңгейі көтерілді. Творчестволық табыс тілейміз!

  10. БІЛІМ НЕМЕСЕ МӘДЕНИЕТ МИНИСТІРЛІГІНЕ ҚАРАСТЫ ҰЛТТЫҚ ИДИОЛОГИЯНЫ ТАЛДАУ ИНСТЕТУТЫ АШЫЛСА ,ОСЫ ИНСТЕТУТ ҰЛТТҚА ҚАТЫСТЫ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРҒА ТАЛДАУЛАР ЖАСАП МЕМЛЕКЕТКЕ ҰСЫНЫС ЕНГІЗІП ЖҰМЫС ІСТЕМЕСЕ ҰЛТЫМЫЗ АЗҒЫНДАП ЖОЙЫЛЫП КЕТУІМІЗ МҮМКІН.

  11. Жемқорлық бітпей, қазақ көтерілмейді. Айран сімірушілер жұғын жалаушыларды іздеуде, “дымовая завеса” дегендей. Ұры Отанды, ұлтты ойлайма?

  12. “Қазақ-нама” керек. Еврейлердің “Тәураты бар”, сенбі сайын соны оқиды отбасымен, намысын да, бірлігін де сақтайды. Жүз елде тұрса да, жүз тілде сөйлесе де. Тарихшы, ақын, жазушылар бірігіп, жазуға кіріссе… Басты мәселе – жер бетінде шашыраған 15 миллион баласының басын қосу. Бұл бүгінгі буынның борышы. Құдай алдында, азаттық берді. Аруақтардың алдында, бізге осы жерді сақтады. Ұрпақтың алдында… Халықтық жоба, бір күнде істелмейтін жоба. Ойлану да, ұйымдастыру да – көзі ашықтардың ісі. Зарлаудың да орны бар, бірақ зарлаудан бала тумайды. Іске кіріспесек… Бұған әр қазақтың үлесі керек. Осы газет-жорнал-сайттардың да. “Қазақ-нама” рубрикасын ашсаңыз…

  13. Өзге ұлт өкілдері олардың қыздарына тиісуге батпайды: бір жағынан ар-намысты тау қыздарынан именсе, екінші жағынан, намысшыл да рухты тау жігіттерінен сескенеді. Өкінішке орай, қазақ қыздары мен жігіттерінде мұндай намысқойлық қасиет аз кездесетін болып барады.” жаңалық ашып отырсыз бп? Егер қазақтың жігіттері шетінен қазақ қызын қызғыштай қорыса, қыздарымыз олай бетімен кетпеген болар еді. Өзге емес, ең бірінші өздері қорлауға дайын тұрады. Жігіттеріміз мықты болса, біз де өз орнымызды білер едік. Мақалаңызға рахмет, оты жоқ “ұранға” ұқсас әсер берді.

  14. Мақал көңілден шықты. ӨЗекті, жанып тұрған проблема талданыпты. Асыл қарындасты түсінбедім. “Жігіттеріміз мықты болса, біз де өз орнымызды білер едік. Мақалаңызға рахмет, оты жоқ «ұранға» ұқсас әсер берді” дегені не сасқаны? Сен алдымен өзіңе жауап бер. Қазақта намысы мықты жігіттер баршылық, олар ару қыздарды сүюге жаралған. Ынжық жігіт сорлы қызды табады. Сен сонда қандай қызсың өзің? Қазақ қызы қашанда өз орнын білуі тиіс, ибалы, ұятты болуы керек алдымен. Елді сынап-мінемей. Тесік жыртыққа күліпті деген. Жығылып жатып сүрінгенге күлетін адамдардың қатарынан екенсің. Әр адам өзіне жауап беріп, өзінен бастау керек ар ұят пен намысты.Мына мақала саған оты жоқ ұран болса, онда білмеймі, жылау ғана қалған сияқты ғой маған…

  15. Жылаңыз. “Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын ” азаматтардың азайғанына, подкаблучник” жігіттердің көбейгеніне, насыбайын атып алып, аузына не келсе, соны айтатың “жігіттердің”, арағына сылиқия тойып алып, семьясының берекесін алатындардың белең алып бара жатқанына алаңдаңыз.

  16. Араласпайын деп ем мына Асыл деген қыз қояр емес жігіттерге тисіп. Сенің айналаңда бұзық алқаш жігіттер болғанына кім кінәлі сонда. Жүрген ортаң нашар болуы немесе жақсы болуы адамның өзіне байланысты шығар. Жақсы адамның қасында жақсылар жүреді жынды жындыны тауып алады. Өз ойым сондай.

  17. Тәрбие – тал бесіктен бастау алады деп ойлаймын. Бес саусақ бірдей емес қой. Отбасыңда не көрсең ұшқанда соны ілесің дейді. Ал, подкаблучник жігіттердің болуы ол біздің қоғамнан. Қоғам адамсыз қоғам бола алмайды, адам сол қоғамды құраушы. Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген тағы бар… Жақсы адам жақсы болу үшін қасында жақсы жүреді. Таңдау өзіңде. Бұл мақала соны меңзеп тұр яғни керегіңді ал да керексізін сызып таста… Көпшілікке топырақ шашуға болмайды меніңше

  18. Асыл жарайсын жiгiттердiн намысын жанып кайрап бердiн. Негiзi статьяда yлкен коfамдык проблема айтылfан. Duris. Арkim ozinen bastau kerek. Qazaqka keregi namis. Ulina da kizina da kerek. Boska aitispai ar ujat pen namisti duristandar.

  19. Қыздар мен жігіттердің бірін бірі айыптаудың қажеті жоқ .Қоғамды айыптау керек .Ал қоғамның өзгеруіне әсер ететін кім әрине адам ,яғни Мемлекет.Мемлекетте Ұлтты тәрбиелейтін барлық құралдар бар ,бірақ бізде сол мемлекет басқарып отырған адамдарда ҰЛЛТЫҚ РУХ ,ҰЛТТЫҚ НАМЫС аз болып тұр мәселенің барлығы осы жерге тіреліп тұр .Біз Ұлтты азғындататын ақпараттар астында қалып ҰЛТТЫҚ дәстүр ,дінімізден жалпы Ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатырмыз .Менің ҰЛЛТЫҚ ИДИалогия жоқ деп қақсайтыным осы .Бірінші Зерттеп зерделеп себеп салдарын анықтап жолын қалай кесуге болады сонансоң іске мемлекет кірісу керек .Ал халық қоғам оған төтеп бере алмайды .

  20. Қыздар мен жігіттердің бірін бірі айыптаудың қажеті жоқ .Қоғамды айыптау керек .Ал қоғамның өзгеруіне әсер ететін кім әрине адам ,яғни Мемлекет.Мемлекетте Ұлтты тәрбиелейтін барлық құралдар бар ,бірақ бізде сол мемлекет басқарып отырған адамдарда ҰЛЛТЫҚ РУХ ,ҰЛТТЫҚ НАМЫС аз болып тұр мәселенің барлығы осы жерге тіреліп тұр .Біз Ұлтты азғындататын ақпараттар астында қалып ҰЛТТЫҚ дәстүр ,дінімізден жалпы Ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатырмыз .Менің ҰЛЛТЫҚ ИДИалогия жоқ деп қақсайтыным осы .Бірінші Зерттеп зерделеп себеп салдарын анықтап жолын қалай кесуге болады сонансоң іске мемлекет кірісу керек .Ал халық қоғам оған төтеп бере алмайды .

Пікірлерге тыйым салынады.