НАМЫСТЫ ЖОҚТАУ…

  • 03.10.2014
  • 1271 рет оқылды
  • 11

Айнұр ТӨЛЕУ, 
журналист

Надандық намысы – жалған жігер

Адами құндылықтың төресі – намыс деп ұғамын. Бұл ұғым жас таңдамайды. Бірақ, сана мен парасат талғайды. Яки, біз қай тұста намыс жыртуымыз қажет екенін миымызбен басқара алмасақ та, ақылмен сараптай алуымыз қажет. Әдетте, деректі ұғымға анықтама беру оңай. Түсі көк, иіссіз, жұмсақ деп деректі зат есімдер туралы анықтама айтуға болар, ал, көкірек көзімен зерделенетін ұғым­дардың барлығы да дерексіз зат есімдер. Тек, олардың адам көкірегіне орнық­қан немесе  орнықпағандығын әрекет ар­қылы байыптауға болады. Намысқа «Қазақ Эн­ци­клопедиясында»: «Намыс адам­ның жан дүниесі мен Отанының, отба­сы­ның, ұлтының, қоршаған орта мен қоғамының мәнін сезінуімен оянып, соның амандығы мен бүтіндігі үшін күресуден көрініс табады» – деп анықтама берген.


Адами танымының тағы бір қырына қайран қаламын. Бізде жоқ дүние бізді жиі мазалайтын болады. Бақытсыз адам бақыт туралы жиі айтқыш. Себебі, ол оған зәру. Қапастағы адам ғана еркіндіктің парқын біледі. Дәл сол секілді, біз намыстанғанда ғана осы уақытқа дейін намысты мүлгітіп алғандығымызды байқаймыз. Мүлгіген сөз бе екен, өліп қалған намыс та болады. Ал, намыссыз болмыс иесін айтқаныңа көндіріп, айтағыңа жүргізу оп-оңай. Егер, бізде ұлттық намыс болмаса,  «жер біздікі» деген түсінік те болмайды. Бұл далада қалыптасқан тарих пен мәдени мұраларға да иелік етудің қажеті шамалы болып қалады. Сондықтан, қай ұлттан екенін түсінбей қалған адамға сұрақ қойғанымда «бастысы мұсылманмын» деген жауап менің көңілімді көншітпейді. Ол әлгі адамның ұлттық намысының солып бара жатқанын аңғартады деген сөз. Намысты өлтірудің сан түрлі құйтырқы жолдары бар. Себебі, намыссыз әскер шайқаста жеңіліс табады. Намыссыз қыз «кету мұратын» өз ұлтының азаматынан іздемейді. Сонымен, біздің ұлттық намысымыз қандай? Өліп қалды ма? Сөніп бара жатыр ма? Әлде лаулап жанып келе жатыр ма? Бұл сауалдарға ой қорыта келе өзіңіз жауап қайырарсыз. Ал, мен жоғарыда айтып өткенімдей ұлттық намыстың бар жоғын әрекет арқылы бағамдауға тәжірибе жасап көргенмін. Соны ұсынбақпын.

Тәжірибе тәлкегі
2004 жыл. Бірінші курс студентімін. Қазақстан тарихы пәні басталды. Аудиторияда  жүз студентпіз. Лектор сабаққа кіре салысымен қазақты жамандауды бастады. «Сендерге ешқашан бірлік дегенді білмеген, бірінің артынан бірі тартқылап, бірінің көзін бірі шұқитын қазақ деген көшпелі халықтың тарихын оқытуға келдім. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ғой бұл далада мәдениет болған деп өршелене сөйлей бастадық. Шындығында, байлық бір жұттық деп малын айдап, малмен бірге мал болып жүрген ұлтта не қылған мәдениет. Мен де қазақпын. Бірақ… соншалықты мақтанбаймын. Қысқасы аң секілді соғыстан көз ашпаған қазақтардың даласында құрылған мемлекеттер туралы сөз қозғайтын боламыз. Сендер сақтардың, ғұндардың ұрпақтарымыз деп еңселеріңді көтеріп жүріңдер, бірақ, іштей азаптан арылмаған, ұйқыдан көз ашпаған сорлы екенімізді білсеңдер болғаны. Өз арамызда қалсын бұл әңгіме» деген кіріспе сөзінен кейін лекцияны бастап кетті. Байқаймын, бұл кісі лекциясының барлығын кіріспемен бас­тайтын секілді.  Келесі күні кіре салысымен дәл алдында отырған баланың руын сұрады. Әлгі бала «Найманмын» – деді. «Наймандар ең оңбаған ру. Шоқынған, ұшынғанның барлығы осы рудан шығады», – демесі бар ма? Әлгі бала атып тұрды да: «Бір шоқынған Найманды көріп бәрі сондай деп айтуға бола ма екен?» деп қарсы тұрды. Мұғалімге қарсы келгені үшін, оның аудиториядан шығуына тура келді. Кезек Шапыраштыларға жетті. «Шапыраштылар негізі қазақ емес. Олар Жетісу жерін мекендеп отырған моғалдар болатын. Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрып Моғолдардан жер алмаушы ма еді, міне, сол моғолдар солар. Жерлерінің атауы да бұған дәлел. Қазақта Қаскелең, Шамалған, Дегерес деген сөз бар ма, айтыңдаршы?» Бағанағы Найман баланы жамандағанда бүкіл аудиторияның езуі тартылып, Найман жаман деген сайын жандары кіре бас­тап еді. Бұл жолы да дәл сондай. Бірақ, езу тартушылардың саны бесеуге кеміді. Себебі, ол бесеуі Шапырашты екен. Ал­ғаш­қы кейіпкердің кейпін киіп,  олар да аудиториядан алшақтатылды. «Анау алтауы босқа далаға шығып кетті. Рудың ішінде ең мүттәйімі – Төрелер…» Арамыздан төре де тысқа шықты. Солай жалғаса бер­ді… Мұғалім тысқа шыққандарды кір­гізді. «Біздің қазақта рулық намыс­тан ұлттық намыс төмен тұрады. Мен  бұл тәжірибені бірінші рет өткізіп отырған жоқпын. Өкінішке орай, кеше ешқайсысың қазақ деген сөзге байланыс­ты намыс жыртпадыңдар. Бұл қалай болғаны, балалар?». Осы кезде кешелі бері жек көріп жүрген мұғалімнің бағасы мен үшін асқақтай түсті. Бірақ, қазақты мен де жанұшыра қорғаштамадым, руым­ның атын естігенде қызыл кеңірдек болып, мен де аудиториядан тысқа қуылдым. Одан кейін бұл тәжірибені мен жеке адамдарға жүргізе бастадым. Он жыл өтті сол мұғаліміміз секілді мен де күрсініп келемін.
Қасірет күлкісі

2008 жыл. Қалам тербеп жүрген бір әріптесім жеті атасын білетінін айтып мақтанды. Бабасын білгеніне ішім жылыды. Бір күні жетіден де көп атасын, түп аталарын тапқандығын айтып қуанып келді. «Ал, аталарыңды айта түс, тегіңді тани жүрейік», деп қалжыңдадым. Ол да осы ұсынысты күтіп тұр екен: «Сен өзі менің Төре екенімді білуші ме едің?» – деді. Шынымды айтсам, әлгі оқиғадан кейін ешкімнің руын сұрамауға, өзімдікін де айтпауға тырысатын болғанмын. Бірақ, ондай адам болу біздің қоғамда өте қиын. Біреудікін сұрамасаң да өзі айтады. Өзің айтпайын десең де жан алқымыңнан алып, туған жеріңді, әкеңнің қай жердің тумасы екендігін сұрап жатып біліп алады. Сонымен, әлгі жігіт әңгімесін былай жалғады: «Мен Төремін ғой. Менің арғы  бабам Шыңғыс хан. Бұл елді біз басқаруымыз керек» – деді де қоғамдағы келеңсіздіктерді тізбелей кетті. Соңғы рет қасыреттен күлгенім сол кез шығар. Өзін Шыңғыс ханмын деп есептейтін сабаз бір байдың жалғыз қызын жар етіп, қайын жұртымен бірге жақсы жағдайда тұрып жатқан болатын. Онысын бетіне бассаң «байдың асын байғұс қызғаныпты» деген сөзді айғақтай түсермін дедім де ызам­ды күлкіге айналдырдым. 

Өмірдің өзінен

2009 жыл. Осы жылдың тоғызыншы айының тоғызыншы күнінде ұлды болдым. Әріптестерім есімін Алаш қойғаныма қуанысып, «Алаштың анасы» бол деген тілектерін айтып жатты. Баланың қырық күндік күтіміне байланысты ауылда болдық. Алайда, Алаш деген есімге сүйсінгендерден таңырқағандарды көп кезіктірдім. «Ол не деген сөз» деген сауалдан құлағым сарсып кетті. Кім үшін жазып, кім үшін жақ талдырып жүрміз деген сұрақ қойдым?  Қуантарлығы  бүгінде әжесі мен атасының баласына айналған сол ұлдың арқасында Алаш деген сөзді күллі ауыл біледі. Қазақы танымдарды білсін деген мақсатпен оның ауылда өсуіне шешім қабылдағанбыз. Бірақ, анау күні сол Алашымнан  «ұл­тың қандай» деп  сұрадым. Сөйтсем, балам руының атын айтып бетіме қарап тұр. Атына заты сай болсын деп «Алыс­тан Алаш десе аттанамын, Қазақты қазақ десе мақтанамын..» деген М. Дулатовтың, жалпы алаштықтардың өлеңдерін жаттатып жүргенімді қай­тейін? Оның себебі, атасы солай үйретіп жатыр. Онысымен қоймай өзге туыстар да келе сала «кімнің баласысың» деген сауалдан кейін міндетті түрде руын сұрайды. Ол біліп жатса бәрі мақтап, ал, атасы мақтанып шыға келеді. Бесіктен беліміз шықпай жатып руымызды танып, онымен мақтану керектігін көріп өссек, әрине, бізде рулық намыс ұлттық намыстан жоғары тұрады. Бізді де солай өсірген.
Рудың иісі де болады
Журналистік жолсапармен жүріп ру­дың иісі болатынына әбден көзім жетті. Бұрын біздің үйде, ауылда, аймақта ғана сондай шығар деп ойлайтын едім. Ол былай… Нағашыңа барсаң «Жиен ел бол­мас» деген мақал естисің. Тіпті, ел арасында «сасып кету» деген ұғым бар. Мәселен, менің нағашым Албан болса, сол жұртқа қыдырып барып келген соң, үйдегі үлкендер сағынышын басу үшін маңдайыңнан иіскейді де: «Түһ, Албан сасып кетіпсің ғой, жуыншы» дейді. Осыдан кейін дүниедегі ең жұпар иіс менің ғана руымда бар екен деп ойламай көріңіз. Бала көңіл шынымен де рулардың иісі бар екен, оны тек қана үлкендер ажырата алады деп қабылдайды емес пе?

Тобықтай ғана түйін
Біз тағы «қазақтар әлі ұлт болып қалыптасқан жоқ» деген пікір естісек на­мыстанамыз. Неге? Олай емес еке­ні­н дәлелдеуге жанымызды саламыз. Ақи­­қатында ұлт екендігімізді дәлелдеу өзімізден ғана басталады. Қазақта жоқ­тау деген салт бар. Өмірде жоқ адамға ғана жоқтау айтылады. Кеудеде жоқ намысқа да жоқтау айтпай тұрғанда ұлттық намысты аман алып қалайық. Әйтпесе, руға арқа сүйеп жүріп ақыры ұтыламыз, жұтыламыз.

Алдыңғы «
Келесі »

11 Пікір бар

  1. ӨЗ БАСЫНдағы жайды бұқпай жазыпты. Ол бәріміздің басымыздағы жай ғой негізі. Расымен Қасірет күлкісі

  2. Айнұр қарындасымның мына мақаласына оқырмандар пікірі көп болатын шығар. Әуелі мен де ондай ағай тарихтан қалай сабақ беріп жүр, жұмыстан қуу керек қой ондай кісіне деп ойлап үлгергем… Сөйтсем, ол кісі өте қатал “эксперимент” жасап жүр екен. Руға, жүзге бөлінетініміз,қазақ болып ұйыса алмай жүргеніміз ащы шындық.

  3. Менің де Алаш деген бауырым бар. Қазір немересіне Азат деп ат қойыпты. Намысы бар қазақтың азаматы осындай болса керек-ті.”Алайда, Алаш деген есімге сүйсінгендерден таңырқағандарды көп кезіктірдім. «Ол не деген сөз» деген сауалдан құлағым сарсып кетті.” Сұмдық-ай,Алаш атын білмейтін қай жақтың қазақтары ол?! Ұялатындай жағдай екен…

  4. Айнұр қарындасымның мына мақаласы талқылауға татитын дүние екен. Руға, жүзге белініп, қазақ болып ұйыса алмай жүргеніміз ащы шындық.

  5. Керемет жазылған! Дұрыс тақырып. Толықтай келісемін сізбен.

  6. Айтылған ойға толықтай қосылам

  7. Мына мақала өте орынды жазылған екен. Көп пікірімен қосыламын

  8. Қазақ дегенде аласапыран ұлттың тағдыры ғана емес, ұлттық намыстың жалауы желбіреп тұруы қажет. Ерді намыс өлтіреді қоянды қамыс өлтіреді деуші едік қой! Бұрынғы жаугершідік заманда намыстың құны тым жоғары еді. Ал, қазір ше?! Сәл бәсеңдеу бар мойындау керек. Заманың түлкі болса тазы боп шал дегеннің жетегінде кеттік өз бетімізше! Бұл мақалада дәлел дәйегімен жазылған екен! Жарайсыз! Ақиқат журналына үлкен табыс тілеймін!

  9. Мына мақаладағы оқиға керемет екен! Басында мына бір тарих сабағын оқытушының есі түзік пе деп едім, артынан барып, әдейі жасаған сынағын түсінгенде, ұстаздық опытына керемет тәнті болдым! Қарындасым жарайсың, рушылдық проблеманы күшті баяндап суреттепсің! Өткір мәселе, ащы шындық жазылған. Ақиқат журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы елім деп еңіреп жүрген, ұлты үшін түн ұйқысын бөлетін нағыз ұлтжанды азамат! Қазір Ақиқат журналының деңгейін биікке көтерді! Рахмет аға Сізге де! Шығармаларыңыз көркейе берсін, табыс тілейміз журналдарыңызға!

  10. Айнур! қаламың ұштала берсін! Айтып отырғаның ащы шындық. Бұл күндері тіпті, намыстың жалғанын да сирек кездестіретін хәлге жеттік. Жеті атасын ентігіп, әзер айтатын ерлерді көргенде, амалсыз төмен қарап тұқыршисың. Ел басына күн тумауын тілейік…

  11. Талабыңа нұр жаусын қарындасым!

Пікірлерге тыйым салынады.