Әбдірашит Бәкірұлы,
«Ақиқат» журналы
Осыған дейін Қазақстанда азаматтық қоғам құрудың алғы шарты ретінде бірнеше идея өмірге келді. Алғаш рет, 2000 жылдары қарсаңында, бір топ бизнесмендер президентке хат жазып «қазақстандық ұлт» идеясын ұсынды. Әрине, әуел баста бұл идея «азаматтық қоғамды тезірек орнатсақ» деген ізгілікті ниеттен туындағанына күмән жоқ. Себебі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бизнес пен кәсіпкерлікте, қаржы жүйесінде біршама жетістіктерге жеткен жаңа буын өсіп шықты. Олар кеңестік заманнан қалған құрсауды бұзып, алыс шетелдерге сапарлап шыға бастады. Онда бара жүріп дамыған елдердің тұрмыс жағдайы, кәсіпкерлігі, бизнестің ыңғайы қаншалықты озық екенін көрді. Сонымен қатар, олар ол елдердің азаматтары үшін ұлтынан азаматтығы жоғары тұратынын білді. Біз де тезірек сондай жағдайға жетсек деп армандады.
Міне, олардың санасында «қазақстандық ұлт» идеясының тууы, оны қоғамның алдына қоюы сол себептен туған еді. Бірақ, кез келген идея қаншама ізгі ниеттен туса да, оның негізінде білімсіздік жатса − қоғам үшін соншама зиянды болып шығуы мүмкін. «Қазақстандық ұлт» идеясының тағдырына сол жол жазылыпты. Өйткені, оның негізінде бір-біріне «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» өзгешеліктерді теңестіру, біріктіру жатқан еді. Соның байыбына бармаған біздің «жас бөрілер» қатты қателесті. Әйтпесе, оларды «білімсіз еді» деуге ауыз бармайды: әрқайсысы Мәскеуден білім алған, тәуелсіздіктен кейін ағылшынша үйреніп, шет елде оқып келген… Дегенмен, адамға өз ұлтының тағыдырына қатысты әрекетке бару үшін білім аздық етеді. Адам ұлтының жағдайын ойлардан бұрын өзіне «мен ұлтымды танимын ба?» деген сұрақты қоюы қажет. Яғни, адам өзінің ділі мен рухы, дүниетанымы ұлтының мәдениетімен қаншалықты астарласып жатқанын анықтап, оны саралап алуы тиіс. Міне, «қазақстандық ұлтты» көксеген біздің «жас перілерде» осы қасиет жетіспеді. Олар өзге діл-мәдениет аясында қалғандықтан, өз ұлтының болмысын «илеуге икемді балшық» секілді санады, оған «қай қалыпқа салсаң да обалы жоқ, бәріне үн-түнсіз көнетін жансыз-рухсыз материал» деп қарады. Сондықтан, «қазақстандық ұлт» идеясы бастапқыда «тезірек азаматтық қоғамды орнатсақ» деген мақсатпен өмірге келсе де, өзінің түпкілікті мағынасында «шолақ ойдың» ең бір жарқын көрінісіне айналды.
Шын мәнісінде, олардың ескермеген мәселелері мыналар еді: біріншіден − Қазақстандағы қазақ ұлтының орнын өзге мемлекеттердегі ұлттық қатынастармен теңестіруге болмайтыны. Себебі, тарихтың объективті логикасына сәйкес, Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялағанда оның мағынасында «қазақ ұлтының мемлекет» деген түсінік жатқан еді. Өйткені, белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты мұнда көп ұлттың өкілдері тұрып жатқанымен, бұл мемлекет қазақтың мемлекеті болатын. Тарихи әділеттілік соған келіп тірелген-ді.. Ал, өзге ұлттарға бұл «атамекен» бола алмасы анық, өйткені, олардың әрқайсысының өз ұлттық мемлекеттері бар. Ендеше, «қос азаматтылықтың» болмайтыны сияқты – «қос ұлттылық» та табиғатта жоқ нәрсе болатын. Сөйтіп, «жас түркілер» болмайтын, болуы мүмкін емес нәрсені болдырамыз деп бекерге әуре болғандарын түсінбеді; екіншіден − қазақ ұлты тарихта әділетсіздіктің азабын көп тартқан тағдырында талай ауыр зұлматтар мен апаттарды бастан өткерген ұлт. Ол тарихи жадыдан ешқашан ұмытылмастай, санада терең із қалдырды. Сондықтан да, тәуелсіздікпен бірге халықтың «ұлттық арманына енді бет бұрамыз ба» деген үміті оянған шақта – оны қайтадан «ұлтсыздандыруға» шақыру, яғни, аты бар да заты жоқ «қазақстандық ұлт» атандыру – қазақ санасында тәуелсіздіктен, «мемлекеттің егесі» мәртебесінен ажыраумен тепе-тең деп қабылданды; үшіншіден − көпұлтты Қазақстанды бір ғана ұлт – «қазақстандық ұлт» етіп біріктіру идеясы шынайы азаматтық қоғамға тән демократиялық үрдіске қарама-қайшы құбылыс. Өйткені, қазақ ұлтын ғана емес, еліміздегі өзге ұлттарды да «ұлттық статустан» айыру − әр адамның таңдау құқын шектейтін волюнтаристік қадам болып шығары анық. Бұл – демократияны дамыту жолында дін бостандығын, сөз бостандығын паш еткен елдің, сонымен қатар, «ұлтын таңдау бостандығын» да қамтамасыз етуі қажеттігін түсінбеуден болған еді; төртіншіден – егер, демократия дегеніміз белгілі бір деңгейде «азшылықтың көпшілікке бағынуы» болса, онда елдің жетекші ұлты саналатын – қазақ ұлтының мәселесі шаш етектен болып тұрғанда, оны ысырып тастап, «қазақстандық», яғни, «азаматтық қоғамға» осындай оңай да тез жолмен түбегейлі ауыса саламыз деу утопия еді; бесіншіден – ұсынылған қалыптағы «қазақстандық ұлт» идеясы қоғамды шиеленіске бастайтын, көптеген ұлттардың «көпұлтты Қазақстанды» бөлшектеу ниетіне, яғни, сепаратистік пиғылдың өршуіне апаратын, бұл өз кезегінде мемлекет тұтастығын сақтау үшін билікті демократияны шектеуге, тоталитарлық әрекеттерге баруға итермелейтін өте қауіпті идея еді; алтыншыдан – бұл идея жүзеге асуы барысында өз мемлекетін «унитарлы мемлекет» деп атаған қоғамның «ұлттық мүдде үшін жұдырықтай жұмылуына» кереғар келіп, елдің әлеуметтік-экономикалық-мәдени дамуын көп жылдарға шегеретін кертартпа тетікке айналатын қадам еді. Идея осыны түсінбеуден туындаған десе болады. Мінеки, осы айтылғандардан біз «азаматтық қоғамға жету» дегеніміз жалаң ұрандату емес, ұлттың немесе мемлекеттің атын өзгерте салу емес, ол − қоғамның эволюциялық өзгерістерге ұшырай отырып, бүкіл мемлекеттік жүйені демократияландыру арқылы қол жеткізетін ұзақ жол екендігін көреміз. Сондықтан, «қазақстандық ұлт» идеясының пайда болуының екінші бір ұшығы деп − сол кезде қоғамда өрши бастаған «демократиялық емес құбылыстардың» − жағымпаздық пен жарамсақтықтың да ізі бар екенін жасырмай айтуға тиістіміз. Сірә, өздеріне бар жақсылықты аямай жасап отырған президентке олар осылай қолдау білдіреміз деп ойлаған болуы мүмкін. Тек қана ол «қолдаулары» қолдау болмай, өз ұлтын «қорлау» болып шыққаны өте өкінішті.
Бірақ, қоғамның көзі ашық азаматтары дер кезінде «азаматтық танытып» қарсылық білдіргендіктен − бұл идея өміршең бола алмады. Осы идеяның тамырын басып көрмек болған президенттің «осылай етсек қалай болады» деуі мұң екен, бірқатар басылымдар «қазақстандық ұлт» бола кетсек, ол бізді бірден ұшпаққа шығаратындай қолдай жөнелді. Бірқатар ғылым докторлары мен академиктер шұғыл түрде «осылай етсек қана азаматтық қоғамға қол жеткіземіз» деп, мақалалар жазуға кірісті. Тек халық қана сабырлылық танытып, өзінің «қазақ» атынан ажырағысы келмеді. Ұлт өз өкілдерін алаңдарға шығарып, митингілік наразылықтарға дейін барды. Соңынан ол доктринаның еш қауқарсыз, бос идея екеніне көз жеткесін − одан биліктің өзі бас тартып, ұлт патриоттарының уәжіне құлақ асты. Әйтсе де, «қазақстандық ұлт» идеясын басқаша мағынада, астарлы түрде халық санасына сіңіру әрекеті одан әрі жалғаса берді. 2006 жылдары баспасөз беттерінде «елдік сана» мәселесі көтерілді. Оның авторы елге белгілі философ-академик болатын. Ол ұсынған концепцияда: «Қазақстанда ұлттық мәселе жоқ. Ұлт ұғымы капиталистік қоғамның сарқыны. Қазіргі Қазақстан халқы енді «елдік» деңгейге жетті. Тәуелсіздікпен бірге біз ел болдық, сондықтан, «ұлттық» ұғымын «елдікпен» алмастыру – қоғам дамуына жаңа серпін береді» деген мазмұнда болды. Шынында да, өте әдемі концепция! Бірақ, өмірдің өзі дәл осылай болып жатса қанеки! Тарихқа көз салсақ, қазақ халқы небір қиын замандарда «елдігін» ту етіп ұстағанын көреміз. Оның да жөні бар, өйткені, «Ел» төңірегіне топтасқан рулардың барлығы өздерін «қазақ деген жұртпыз» деп санады (Ұлт деген ұғым жоқ ол кезде). Бұл жұрт − тілі, салты, дәстүрі бірегей, бір-бірімен құда-жекжат, арғы тегін бір атаға әкеліп тірейтін, өзінің «қазақтығына» күмән келтірмеген, қазақы біртектілігінің шайылып немесе «елдіктен кетіп» өзгеге жұтылып кету қаупі төнбеген жұрт болатын. Өз тілінен басқа тілі жоқ жұрт еді! Қазіргідей тілдік және діндік тұрғыда бөлінбеген. Бірақ, ондай «елдікті» паш ететін жағдай келмеске кеткен жоқ па? Бүгіндері қазақ жерін мекен етіп отырған көптеген ұлттар өздерін қазақпен бірге «бір елміз» деп санай ала ма? Олар егерде Украинадағыдай жағдай қайталанса «елдігін» ұмытып, қазақ ұлтын іштен шалу әрекетіне бармайды деуге толық кепілдік бар ма? Олай деп сеніммен айта алмай отырмыз ғой… Елбасының өзі де ол туралы үнемі ескертіп келеді. Ендеше, «елміз» деп өзімізді өзіміз алдарқатқаннан не ұтамыз? Олай болса, түпкілікті мағынасында «ел» ұғымының «қазақстандық ұлт» ұғымынан қандай айырмашылығы бар?
Дұрыс, біз қазір де ел бола аламыз, елміз де! Бірақ, мемлекеттің «көп ұлттылық» жағдайында мемлекеттің халқының тұтасып «Ел» болуы үшін мынадай шарт орындалуы тиіс: «барлық ұлт өкілдері бір тілде сөйлеп, оларды бірегей салт-дәстүр, бір дін, бірегей діл біріктіріп тұруы қажет» деген. Онсыз «ел» деген объективті мағынасы жоқ, тек қана абстакциялық ұғым болып қалмақ. Міне, сөйтіп, бұл – «Ел» ұғымы да қазіргі жағдайда еліміздегі ұлтаралық қатынастарды бейнелеуге жеткіліксіз екендігін көреміз. Оған жету үшін тарихшы Ғалым Әзімбайдың айтқанындай «біз өзге ұлттарды ассимиляцияландыру үрдісін бастан өткеруіміз қажет». Тек, содан кейін ғана Қазақстанда «Ел» мәселесін қайта қарауға болады, әрі, ол сол жағдайдағы объективті шындықтың көрінісі болып шығады. Сондықтан, жоғарыда аталған жолдармен, мейлі ол «қазақстандық ұлт» болсын, мейлі «ел» ұғымы болсын, «азаматтық қоғамның сыртқы атрибуттарын қалыптастырамыз» деу − жасандылық, бекершілік. Турасын айтқанда, әрбір қазақ өз ұлтының болашағына қатысты әрекетке барғанда жеке бастың мүддесінен аулақ болса, қанеки! Адамның намазға жығылудың алдында дәрет алары сияқты, ел тағдыры туралы ойға барғанда, адам өз пиғылын да бөтен ойдан тазартып алуы қажет. Біздің санамызда «қазақ тағдыры – өз тағдырым» деген түсінік қалыптаспайынша – ешқандай да азаматтық қоғамға, «елдік санаға» жете алмайтынымызды білуге тиіспіз! Ендеше, өз пайдасын ойлап ұлт тағдыры мәселесінде жалған «теориялар» жасаушыларға «ұлттың, халықтың тағдырмен ойнауға болмайды!» деген дұрыс.
Сонымен, бұл мәселе онымен де тоқтамады. Мәселе шиырлап жүріп, Елбасы паш еткен «Мәңгілік ел» концепциясына ұласты. Көпке ұзамай-ақ, Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» идеясы әдебиет пен өнерде, архитектуралық ансамбльдерде көрініс тауып үлгерді. Дегенмен, бұл концепцияны да сынға алушылар табылды. Ол «мәңгілік Құдайға ғана жарасады» деген діни көзқарастағы сын болды. Бірақ, бұл сын да сын көтермейді десе болады. Себебі, адамзат (халық, ұлт) саналы тіршілік иесі болғандықтан, Жаратушы оны осылай жаратқандықтан, ол (адамзат) − Алланың құдіретін өмір бойы тану үстінде болады. Мұндағы айтылған «мәңгілік» ұғымы да сол қатардан, яғни, «мәңгілікке ұмтылған ел ешқашан Құдайын ұмытпайтын ел» деген мағынаны білдіреді. Сол себептен «Мәңгілік ел» дегенді күнәға жатқызудың өзі – күнә! Ал, шындығына келсек, бұл концепция қоғамдық бірлікті сақтауда осыған дейін ұсынылған концепциялардың ең залалсызы десе болады. Өйткені, ол ұлтты ұлттығынан ажырататын «қазақстандық ұлт» немесе бүгінгі заманда «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отаудай» сезілетін «ел» идеялары сияқты шиеленіске бастайтын идея емес. Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» идеясы «ұлттық арман» ретінде ұлттық санада өмір сүріп, халықтың көкейкесті мүддесін бейнелеп тұр. Болашаққа бағытталған амбициясын көрсетіп тұр. Оның несі айып? Тек, «Алла халықты арманынан ажыратпасын» деп жүре береміз-дағы…
Сонымен, жоғарыда айтылған идеялардың түпкілікті мақсаты азаматтық қоғам құруды көздегені анық еді. Бірақ, бұл идеялар азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғамда қайнап-пісуін қамтамасыз ете алмайтын төңкерілген қазандай идеялар десе болады. Оны түсіну үшін «азаматтық қоғамның» негізгі белгілеріне тоқталу қажет:
1. Азаматтық қоғамда мемлекет пен азаматтардың өзара жауапкершілігі сақталады. Билік мемлекеттік қызметкерлердің қоғамға адал қызмет етуін заңдар арқылы бекітіп, оны қадағалап отыру тетігін азаматтық қоғамға береді. Сонда, заң алдында барлық азаматтар тең болады. Ондай қоғамда Гегель айтқандай «заң саналы түрде мойындалатын, қажеттілікке айналатын» (свобода − осознанная необходимость) жағдай орнайды. Керісінше, демократиялық емес мемлекеттерде заң азаматтардан ғана талап етіледі де, билік өкілдері заңды үнемі өздеріне пайдалы жаққа бұруға тырысады. Өкінішке қарай, бізде қазір осындай жағдай қалыптасты. Біздегі билік пен бизнес өзара бірігіп, сыбайласқан жүйе құрып алған. Тіптен, тұрмыстық деңгейде байлар мен «билер» өзара құда-жекжат болуға көшкен… Сөйтіп, билік − байлықтың, байлық – биліктің кепілдігіне айналды. Қоғамдағы коррупциялық әрекеттердің өміршеңдігі де осыдан туындап жатыр. Ал, азаматтық қоғамның ықпалы жоққа тән. Өзара сыбайласқан билік пен бизнес өкілдері тек қана өзін-өзі қорғайтын жүйеде өмір сүруге көшті. Елбасы жыл сайын осы қалыпты бұзуға бар күшін жұмсаса да, әзірге нәтиже шықпай отыр. Міне, сондықтан да бізде халық пен одан бөлек кеткен биліктің ешқашан да өзара ымыраға келіп, «қазақстандық ұлт» немесе «бір ел» бола алмасы анық! Оны түзеу үшін еліміздегі біршама заңдарға түзету енгізіп, билік тарапынан азаматтардың заңды құқын аяққа таптау әрекеттері қатаң түрде жазалануы тиіс. Сонда ғана екі арада «сенім көпірі» орнап, азаматтық қоғамның негізі қалана бастайды. Біртіндеп «билік – халық қызметшісіне» айналады.
2. Біздің ел көп салалы экономиканы дамытуға әлі де қол жеткізе алмай келеді. Бұл да азаматтардың белсенділігін арттыруға кедергі болуда. Қазіргі кездегі дамыған сауда және ресторандық қызмет жүйесі тек белгілі топтардың үлесінде. Олардың қожайындары мұндай көл-көсір пайда әкелетін бизнестен бас тартып, өндірістер ашуға, оны дамытуға қоғамның интеллектуалды әлеуетін жұмылдыруға ықыласты емес. Ол аз десеңіз, біздегі ықпалды тап оған қабілетті де емес. Себебі, олардың күнделікті көл-көсір табысы оларды өндірістің қыр сырын игеруге, қоғамның даму тенденцияларын зерттеп, саралап отыруға, сұраныс пен қажеттілікті анықтауға, сөйтіп, мемлекеттің және оның адами капиталын арттыруға, қоғамды жаңа сатыға сүйреуге, күрделі технологияны игеру арқылы өздерінің де адами және кәсіби болмысын жетілдіруіне стимул бола алмай-ақ келеді. Біздің Мәкелер мен Сәкелердің бар білетіндері «өздерін өздері қолпаштау» немесе «байлықтарын таластыру», не, қажет болса «аяқтан шалу». Одан әріге аса алмай келеді… Мұндай жағдайда да «Мәке мен Сәкелер» ешқашан «азаматтық қоғам» бола алмасы анық. Ал, олардың «мемлекет пен халық мүддесі жолында» басы бірікпесі − айтпаса да түсінікті.
Әрине, азаматтық қоғам туралы бұл пікірлерді одан әрі жалғастыра беруге болады. Бірақ, біз осы айтқанмен шектелейік. Ең бастысы, ондай қоғамға жету үшін бізге ПИҒЫЛ тазалығы керек болып тұр. Сол бар ма? Халықта ол бар. Ол туралы қазір «ұлтшыл» атанған азаматтар үнемі айтудайын айтып келеді. Бірақ, олардың әділ сайлау туралы, жергілікті өзін-өзі басқару туралы, ұлттық байлықты халықтың игілігіне жарату туралы сөздеріне осыған дейін құлақ асты ма? Сондықтан, мен «ұлтшылдар – ұлтшыл емес, мемлекетшіл қауым. Олар болашақ азаматтық қоғамның қанатымен су себелеген алғашқы қарлығаштары» дер едім. Өйткені, олардың талабы тек қазақ ұлтының ғана емес, Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша азаматтардың көкейіндегі талап. Ал, «қазақстандық ұлтпен» шектелетін халық көшін бастағандарда ше? Олардың пиғылы неде? Міне, осыны білу біз үшін аса маңызды! Әлі де кеш емес…