БАСҚАРУШЫ ЭЛИТА ҰҒЫНБАЙ ЖҮРГЕН ЖАЙЛАР НЕ?

  • 03.10.2014
  • 569 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сайын Борбасов, 
саяси ғылымдарының докторы, профессор

Елбасы мемлекет атауын өзгерту ту­ралы мәселені халық назарына ұсын­ғаны белгілі. Бұл идея «Мәңгілік Ел» идеясымен тұстас мерзімде көте­рілді. 2014 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Н.Назарбаев «Мәңгілік Ел» болу ұлттық идеяға айналуы керек деген пікірін айтса, бір айдай уақыт өткеннен кейін Атырау облысында болған жұмыс сапарында «Қазақ Елі» атауы Қазақстан атауын алмастырса дұрыс болар, – деген пікірін ұсынды.


Сөз жоқ «Мәңгілік Ел», «Қазақ Елі» ұғымдары аса тартымды. Қай мемлекет ұзақ тарихи мерзімде өмір сүретін «Мәңгілік Ел» болғысы келмейді. Ал, осындай елдің аталуы «Қазақ Елі» бол­ғаны, тіптен, қуаныш. Бұлай болуы тәуелсіз мемлекеттің табиғаты мен мазмұнына сәйкес келетіні анық. Себебі, ресми деректердің өзінде елдегі қазақ ұлтының үлес салмағы 66 пайыздан асқан. 22 жылда Қазақстанның этнодемографиялық картасы түбегейлі өзгерді. Егер, 1991 жылы елдегі қазақ­тардың үлес салмағы 41 пайыз болса, бұл көрсеткіш 25 пайызға артты. Елдегі табиғи өсім негізінен қазақ халқы есебінен жүруде. Демек, қазақ ұлтының үлес салмағы өсе береді деген сөз. Яғни, Қазақстан шын мәніндегі қазақтар еліне айналып келеді. Мемлекеттің моно­ұлт­тық демографиялық пішіні нығая тү­су­де. Сонымен қатар, «Қазақ Елі» атауына көшу бүткіл ел бойынша біршама шығындарды қажет етеді. Біріншіден, Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуын «Қазақ Елі» деп өзгертуге тиістіміз. Мемлекеттік Туға өзгерістер қажет бола қоймас. Ал, Әнұранның қайырмасының соңғы «Қазақстаным» сөзін де «Қазақ Елім» деп ауыстыру қажет шығар. Ел бойынша барлық мекемелердің ресми атауларын, мөрлерін, бланктерін, маңдайшаларын түгелдей өзгертуге міндеттіміз. Демек, символдардың өзгеруі жәй ғана ауызбен айтыла салатын шаруа емес. Мемлекеттік іс қағаздар жүйесі, атаулар түгел дерлік жаңа, ресми атауға сәйкес болуға тиіс. Астанадан бастап әрбір қала, қалашықтар мен ауылдар бұл істі қолға алуға дайын болғаны абзал.  
Мемлекет «Қазақ Елі» деген атауға ие болған жағдайда ірі қалалар мен ел­ді мекендердің атауларының орыс немесе басқа тілдерде болғаны ақылға  сыйымсыз. Сондықтан, «Қазақ Елі» та­­рихи топнимиканы толық қалыпқа кел­тіреді. Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск    деген  ірі қала­лар­­дың  атауларын  мемелекеттік тіл­­ге ауыс­тыру бірінші кезекте іске асы­­рылуы керек. Олай болмаса, қа­лай­ша «Қазақ Елі» болмақшымыз. Сондықтан, ел­дің қазақтық этни­калық келбетін толық­тыратын шаралар ешқандай кешеуіл­демеуі керек. Олардың басым көпшілігі бүгінгі күннен бастап іске асырыла бастауға тиісті. Сонымен қатар, «Қазақ Елі» болу тәуелсіз мемлекетіміздің дамуын­­дағы жаңа кезеңге айналмақ. «Қазақ Елі» сөз жоқ постиндустриалды, әлеуметтік, демократиялық, құқықтық мем­лекет болады. Бұл дегеніміз, қа­зақ этносының озық гуманистік құн­ды­лықтарының, дәстүрлері мен тәжіри­бесінің адамзаттың жеткен ортақ озық құндылықтарымен және технологиясымен қауышуы болмақ. Қуатты ел болу үшін біздің қазақтық құндылықтарымыз  жеткіліксіз. Ол қоғамның маңызды рухани тірегі болатын сегментке айналады. Ал, экономика, қаржы, ақпарат пен технология дамыған, озық мемлекеттер үлгісімен жасалуда. Демек, «Қазақ Елі» ұлттық пен жалпыазаматтықтың синтезі. Тек қана ұлттық құндылықтар мен тәжірибелер бәсекеге қабілетті қоғам құру үшін жеткіліксіз.
Қазіргі Қазақстанның 22 жылдағы табыстары жаман емес. Өтпелі кезеңдегі қиыншылықтар еңсерілді. Ел тұрақты эволюциялық даму жолына түсті. Нарық­тық экономика негіздері жасалынды. Елдің саяси жүйесі мемлекетті толықтай бас­қаруға қауқарлы. Қаржы-финанс жүйе­сі қалыпты қызмет ете бастады. Қа­зақ­­стан әлемдік қауымдастықтың бел­сенді субъектісіне айналды. Одақтас мемлекеттермен бірігіп Евразиялық экономикалық қауымдастықтың ірге тасы қалануда. Жаңа Одақ та ел хал­қының әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек. Үкімет ел экономикасының шикі­заттық сипатын жеңуге бағыт­талған ин­дус­трияландырудың және иннова­ция­лық экономика құрудың кешенді шараларын іске асыруда. 
Бүгінгі билік Қазақстанның ер­теңі не болады деп ойлағаны абзал. Қазақстанның табысының 3/1 бөлшегі табиғат ресурстарын сатудан келіп отырғаны ақиқат. Ертең «мұнай, газ, түсті металдар қоры» таусылғанда не боламыз? Шикізаттық экономикаға қа­тысты халық ерекше алаңдаулы. Қазіргі халықты толғандыратын ең өзекті мәселе осы. Қазақстанға даму тынысын ашатын тек қана Елбасы жақтаған «Еуропаға жол» саясаты. Батыстың озық саяси жүйесін, озық технологиясы мен бәсекелестікке негізделген, сапа­ны әкелетін  экономикасын ғана қа­был­­дауымыз керек. Қазақ ұлтының өз руханияты мен мәдениеті осы озық эконо­микалық құрлыспен қауышса зор табыстар келері сөзсіз. Батыс бізге дайын ең озық сапалы технологиясын ұстата салмайды. Соның үлгісінде қазақстандық сапалы технология жасауымыз міндет.
Қазақстанға Батыстық, американ­дық бұқаралық мәдениеттен келер пайда  жоқ. Біз өз мәдениетімізді жа­ңа экономикалық тәртіптерді қа­лып­тастыру жағдайында жаңғыр­ту­ға мін­­дет­­тіміз. Қазақтың дәстүрі, тілі, ділі мен өркениеттің ең биігіндегі шаруа­­шылық қарым-қатынастарына жауап бере алатыны даусыз. Мәселе, қауіпсіз, тұрақты дамудағы, халқының «қарны тоқ, көйлегі көк» мемлекет құруда. Ондай мемлекет қазіргі заманда Қазақстанның Конституциясында көрсетілген «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік» мемлекет болмақ. Азаматтардың құ­қық­тары қорғалып, ұлттық өмірдің ойда­ғыдай дамуына жағдай жасалынады. Дін бостандығы сақталып,азаматтардың діни сенімдері қорғалады. Дін арқылы бөлінуге, саяси жүйеге зиян келтіруге  тыйым салынады. Елде барлық қатынастар заңмен реттеледі. Заңды бұзушылықтың қандай түрі болмасын қатаң жазаланады. Мемлекеттің ортақ байлығы ел халқына, әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қызмет етеді. Қазақстанға керегі осындай мемлекет құру. Ұлттық идея, мемлекеттік идеология және басқарушы элита осы түсінікті және анық құндылықтар мен мұраттарға ғана қызмет етуге тиісті. Біздегі бар сапалы нан өнім­дері­мен қоса, ет, сүт, май, көкөніс өнім­дерімен ішкі сұранысты толық қамтамасыз етудің мемлекеттік шаралары іске асуға тиісті. Бұл бірінші міндет, басымдылық болмақ. Екінші, басымдылық тұтыныс заттарын бәсе­кеге қабілетті сапада өндіру. Киім-кешек, аяқ киімді өндіруге қажетті жүн, тері өңдейтін жеңіл өнеркәсіп саласын жандандыру екінші кезектегі міндет болмақ. Үшінші міндет, қалалардың әр қайсысының мүмкіндігіне және қабілетіне қарай, әлемдік нарық талаптарына сәйкес өндіріс орындарын қалпына келтіру немесе жаңадан ашу. Мысалы, Семейдің тоқыма, киім тігу өндірістерін ауыл шикізатын  пайдалану үшін қалпына келтіру. Осындай бағдарламалар ғана жұмыссыздықты болдырмай елдің жаңаша дамуына мүм­кіндік туғызатынына сенім мол. 
Қазіргі әлемдік, жаһандық тыныш­тықты пайдаланып қара халықтың жағ­дайын толық дұрыстап алмасақ кеш болып қалады. Қазақстан халқының  әл-ау­қатының жақсаруы болашақ күшті ел болудың ең шешуші кепілі. Қазақстанда халықтың жақсы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін кең жер, қазба байлықтары, білікті кадрлар барлығы бар. Тек осы мүм­кіндіктерді дұрыс ұйымдастыру жетіс­пейді. Ұйымдасқан қылмысты, жем­қорлықты, қазақ ұлтының түрлі жік­ке бөлінуін тоқтату қуатты мемлекет құрудың кепілі болар еді. Дамыған мемлекет құрудың ең тиімді жолы дұрыс шешімдер қабылдап, қоғамдық дамудың тынысын ашатын жолдар табу екендігі белгілі. Мемлекеттің иесі халық. Ха­лықсыз қоғам да, мемлекет те болмайды. Ал, халықтың дамуы мен тәр­биеленуінің тірегі ұлттық мәдениет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық мәдениетке едәуір нұқсан келді. Кеңес Одағы кезеңінде күйреуге шақ қалған ұлттық мәдениетті көтерудің кешенді шаралары іске асырылғанмен әлі де кемшілік тұстары баршылық. Соның салдарынан ізгілікті маз­мұн­дағы ұлттық мәдениетті кей тұс­тарда бұқаралық орыс және батыс мә­дениеттері  алмастыра бастады. Қа­­зақтың тілі, дәстүрлі ән өнері, салт-санасы, ділі, би және ұлттық ойындарын жаңғырту эпизодтық қана сипат алып, өмір салтына толық қанды айнала алмай жатыр. Қазіргі қоғамдағы әлеу­меттік құлдыраудың бір негізгі себептері осында. Қазақ ұлтының гу­манистік потенциялын қалпына кел­тірмейінше Қазақстанда мәдени жаң­ғырту үрдісі болмақ емес. Қазақтың рухани құндылықтарын қалпына кел­тіріп қана дамыған өркениет пен мә­дениетті халықты тәрбиелей аламыз. Орыс пен батыс мәдениеті Қазақстан қоғамының ірге тасын біртіндеп ыдыратып, ел халқын бөлшектейтін факторлар екендігін басқарушы элита әлі де ұғына алмай жүр.
Бөтен мемлекеттер мен халықтар­дың ұлттық құндылықтары мен мұрат-мақсаттары Қазақстанға қызмет ете алмайды. Ел халқының өзекжарды міндеттерінің барлығы Қазақстан қо­ғамының ішкі даму талаптарынан туындайды. Елдің табиғатын оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени мазмұны мен ішкі  трендтері айқындайды. Осыларды есепке алмай басқа мемлекеттердің даму модельдері мен ерекшеліктерін өзімізге көзсіз енгізуге ұмтылу аса зиян. Бұлай болуы түптің-түбінде дамуды тежейді. Әрине, бұл ойдан әлемдік ғылым, техника, технология және ақпараттың озық үлгілерін алмаймыз деу емес. Қазақстан өзіне қажетті заманауи жетіс­тіктерге есігін ашып қояды. Сонымен қатар, ұлттық мақсаттарға қызмет ететін жетістіктерге ден қояды. Олардың ұлт­тық озық құндылықтарымен үндесуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан халқы отарлық биліктің әлегінің барлығынан өткен халық. Пат­ша өкіметі қазақты бодандық бұ­ғауына салса, коммунистік режим әб­­ден қорқытты, қырып-жойды, аш-жалаңаш жылдарды бастан ке­шірт­­­­ті. Сонымен қатар, отарлаушы­лар қазақ халқының ұлттық ар-на­мысын, өзіндік төл белгілерін жоқ қылуды көздеді. Тәуелсіздік жылдары ха­лықтың отарлық,  бағыну санасынан құтқарудың жүйелі мемлекеттік ша­­ралары жүргізілген жоқ. Халық дү­ниетанымы енді ғана өзгеріп келеді. Қа­зір  биліктің кемшілігін, қателіктерін, бас­қа да босаң тұстарын жұрттың басым көпшілігі түсіне бастады. Ел бойындағы қорқыныш та  біртіндеп сейіліп келеді. Халықтың «түрлі-түсті рево­люциялардан», өзара жауласудан, әлеу­­­меттік және ұлттық алауыздықтан еш­қандай пайда жоқ деп есептейтіндігін әлеуметтік зерттеулер дәлелдеуде. Көтері­лістер мен төңкерістерден де пайда жоқ екендігін ел халқы біледі. Сондықтан, халықтың басым көпшілігі осындай радикалды әрекеттер болуын қаламайды, төңкерістерге шақырушыларды жақта­майды. Билік осы саяси ахуалды түсінуі керек. 
Халықтың кейбір әлеуметтік топтарында отаншылдық сезімі жоғалып барады деп айтуға болады. Әсіресе, ірі бизнес өкілдерінің ұстанымы қауіпті. Ел бизнесмендерінің басым бөлігінің шетелде үйлері бар, негізгі қорларын офшорлық аймақтарға аударып жіберген. Олар Қазақстанда тек тікелей бизнес жүргізіп, ақша табады. Мысалы, бейресми деректерге қарағанда қазір Англияда 40 мыңдай қазақтар өмір сүруде. Соның ішінде Лондон қаласында 10 мың қазақ бар. 40 мыңның 7 мыңдайы студенттер десек, қалғаны елден кеткен қоңды қазақтар. Кедейлер мен орта тап өкілдері ол жаққа бара алмайды. Осы деректерден Қазақстанда ұлттық идеологияны жаһандану идеологиясы алмастырғанын байқауға болады. Соның нәтижесінде отаншылдықты жеке бастың эгоистік мүдделері жеңе бастады. Ақша жинап, қорланып алсаң саған ешқандай Отан керек емес. Қай мемлекет жаныңа қолайлы болса сонда өмір сүруге болады деген таным. Өкінішке орай, билік тарапынан өз бизнесмендеріне адал, қолайлы, талаптары әділетті бизнес ахуал жасап отырған жоқ. Ауылда жерге жеміс егіп отырған шаруалар да азая түсуде. Себебі, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі өз бағасын ала алмай отыр. Олардың табысы жеткіліксіз болғандықтан ауыл жастары  жермен жұмыс істемей қалаға ағылуда. Кең байтақ Қазақ­стан­ның көптеген аймақтарында өте зор мөлшердегі жерлер иесіз, күтім­сіз қалуда. Иесіз жердің болуы, көп болуы елдің ұлттық қауіпсіздігіне зиян екендігі белгілі. Сондықтан, елді мегаполистердің дамуымен қатарласа оны азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауыл дамуы керек. Ауыл шаруашылығы өркендемей «Мәңгілік Ел» орната алмаймыз. «Мәңгілік Елдің» ең алдымен қарны тоқ болуы керек. Сондықтан, агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы көп сөзден, іске көшетін мезгіл жетті. Ұнмен қоса, ет, сүт, май, көкөніс пен жеміс-жидектерді экспорттауға қабілетті мемлекетке айналсақ қана шын мәніндегі «Мәңгілік Елге» айналамыз. Азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздігінің ірге тасы.  Жаһандану және экологиялық катастрофалар заманында азық-түлік мәселесін шешуге қол жеткізу стратегиялық мақсат­тардың барлығын шешуге көмектеседі. Мемлекеттік билігі халқына қамқор болып, онымен есептескен ел ғана «Мәң­гілік Ел». Демек, билік пен халық өз Парламенті қабылдаған заңдарды қатаң орындаулары міндетті. Заңды кім бұзса да жазалануы әділдік. Заңның салтанат құруы ғана  мемлекеттің тұрақты және баянды дамуының кепілі. Сонымен қатар, билік заңдардың сапалы, қоғамдық қатынастардың әрбір салаларына сәйкес, дұрыс болуына жауапты. Тар кор­поративтік мүдделерді қолдайтын заң­дардың қабылдануы дамуға бөгет және зиянды. Заң халықтың және ел шаруашылығының ортақ мүдделерін қорғауға тиісті. Қазақстан халқы момын, шыдамды, толерантты халық.  Ел халқы еңбектен, қиыншылықтары мол шаруалардан қашпайды. 
Қазақстанда билікке көмектесіп, кетік-кемшілікті түзетуге ат салысатын жүйелі оппозиция әлсіз. Ал, шын­дығында қара­пайым халыққа ешқандай революция, төңкерістер мен қырқысулар қажет емес. «Түрлі-түсті революциялардың» қоғамды кері кетіретінін халық жақ­сы түсінеді. Халыққа керегі оның мүд­­де­лерінің қорғалуы, оның үні­нің естілуі. Әділетсіз тәртіптердің қара­пайым азаматтарды басып тастамауы. Халық тарихын, мәдениетін, тілін, өнерін, дәстүрлерін дамытып, өз Отанында еркін сезініп, бай-қуатты өмір сүргісі келеді. Ел халқына осы ғана керек. Ол өз мемлекетінің күшейе түскенін, қуатты бола түскенін жан-тәнімен қалайды. Осы ұлы іске үлесін қосқысы келеді. Сондықтан, билік жасампаз еңбекке, білімге, талапқа және талантқа жол ашатын шараларды күнделікті тәжірибеге айналдыруға тиісті. Ол үшін зиялы қауымның қоғамға ықпалын неғұрлым жақсарту пайдалы. Білімділер, ғалымдар, өнерлілер қоғамдық өмірдің барлық салаларына ықпал ететін ахуал қалыптасуы қоғамды жақсартады. Тек қана билік өкілдері нұсқау, бұйрық арқылы қоғамды жақсарта алмайды. Зиялы қауымның озық өкілдерінің халыққа пайдалы ойлары, идеялары, пікірлері ұдайы насихатталса ғана қоғамдағы адамгершілік ахуал жақсарады. Бұл істе дәстүрлі ислам дінімізді де рухани тірек ретінде кеңінен насихаттау тиімді.
Қазіргі әлемдік тәртіптерде Қазақ­станға сырттан келетін күйреткіш қауіптер жоқ емес. Бірақ та, мемлекеттілікке зиянын тигізетін ішкі жайлардан сақ­тану керек. Олар: жемқорлықтан билік пен халықтың алшақтауы, әлеу­мет­тік әділетсіздік пен теңсіздік, бай­лық пен кедейліктің арасының терең­дей беруі, халықтың біртұтас ортақ еңбек мақ­саттарына бірікпеуі, ел халқының тіл­дік, этникалық бөлшектенуі, трай­бо­листік сананың  жалпы қазақтық сана­ға бөгет болуы, жалғандық, өтірік пен көз­бояушылықтың асқынуы сияқты құ­бы­лыстар. 
Қазақ байлары қаржыларын ел экономикасына салуға міндетті. Себебі, олар бай­лықтарын осы жерде жинады емес пе? Мемлекеттің түрлі әлеуметтік жә­не индустрияландыру жобаларына жұм­саған қаржыларын биліктің та­лан-таражға салынбауын қатаң қа­да­ғалауы маңызды. Ел байлығы оф­шорларда қалмай, жемқорлықпен то­­­нал­­­май тікелей экономикалық жо­ба­­ларға салынса Қазақстан зор та­быстарға же­теді. Қазақстан дамыған, өркениетті  елдердің жинақтаған пози­тивті тәжі­рибесін пайдалана отыра өзінің мүм­кіндіктеріне, ресурс­та­рына, геоэко­номи­калық орнына сай өзінің даму векторларын таңдауы керек. Олар: сөз жоқ нарықтық экономика, демократиялық құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Осы экономикалық-саяси жүйе ұлт­тық тілмен, қазақстандық ортақ патриотизммен, ұлттық тәрбие және салт-дәстүрмен ұласып, үндескенде ғана елдің қазақстандық даму жолы баянды болмақ. Ел халқы Фарабидің, Абайдың, Алаш арыстарының идея­ларында тәрбиеленіп нарықтық қа­ты­­настардың белсенді өкілдеріне ай­налады. Сонда ғана тапқан табыс пен төккен тер әділ және баянды болады. Биліктегілердің билікті ұстап тұруы ғана маңызды емес. Мемлекет үшін билік барлық жасампаздық істер мен жақсы өмірдің қайнар көзіне айналғаны маңызды. Қазақ қоғамы үшін тағдырлық мәселелердің барлығы биліктің позициясына байланысты. Қа­зақ­стан қоғамы қандай жолдармен дамуы керек, ұлттық құндылықтар мен жаһанданудың ара салмағы қандай, ұлт­тық мәдениет пен шетел мәдениетінің елдегі орны, байлық пен кедейліктің ара жігінің мөлшері, әлеуметтік әділеттіліктің сақталуы, ел халқына қызмет ететін экономика жасау сияқты мәселелер халықты ерекше толғандыруда.
Қарап отырсақ Қазақстан Республи­касы­нан Қазақ Еліне қарай жылжуда шешілетін міндеттер жетерлік. Олар оңай міндеттер емес. Мәселе, биліктің  мем­лекетшілдік ниетіне, халықтың ша­руа­қорлығына, зиялы қауымның әлемнің озық үлгілерін Қазақстанға енгізуіне келіп тіреледі. Дамыған Қазақ Елінде мем­лекеттік тілдің, қазақ ұлтының ізгі­лікті құндылықтарының төңірегінде бар­­лық қазақстандық азаматтар бірігеді. Осы­лай болғанда халқына бейбітшілік, жақсы әл-ауқат, әлеуметтік тыныштық пен еңбекті сыйлайтын Мәң­гілік Ел Қазақ Елі құрылады, әлемдік қауымдастықпен бірге өмір кешеді.

 

Алдыңғы «
Келесі »