ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛАР – ҰЛТТЫҚ ҰЛАҒАТ ҰЯСЫНА АЙНАЛА АЛДЫ МА?!

  • 03.10.2014
  • 793 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 Жарылқасын БОРАНБАЙ, 
«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының қызметкері

«Ез мұраты – көрешек,
Ер мұраты – келешек.
Көрешегін күйіттеген –
Түбі қоймас сүрінбей.
Келешегін күйіттеген –
Түбі қоймас сүйінбей…»
                                Әйтеке би

 

Өркениетке жеткен елдердің қай-қайсысы болмасын бар мен жоғын тү­ген­дей бастайды. Әсіресе, Тәуелсіздік туын тіккендер бұған өте-мөте мән береді. Себебі, әр халықтың, мемлекеттің уақыт керуен көшінде тапқанынан жоғалтқаны көп болуы да мүмкін. Мәселен, жер шарының тоғыздан бір бөлігін жайлап жатқан қазақ халқы. Мұны айтқанда, әсіресе, соңғы жылдары «Алтын киім киген ағамыздың» жеті қат жер қойнауынан жарқ етіп шыға келуі, сөйтіп, біздің рухани қазынамыздың соншалықты тез молығуы жан  жүрегімізді  жайландырады, көкірегімізді қуанышқа толтырады. 1943 жылы Ғылым Академиясының кезекті бір жиынында батыстан эвакуациямен келген Эдварьд Кольман дейтін ғалым сөз арасында: «Сіздер, қазақ халқы,  өркениетке, оның ішінде әлемдік ғылымға өлшеусіз үлес қосқан жаратылыссыздар. Сіздерден Әбу Нәсір әл-Фарабидің шығуының өзі ұлы мақтаныш» – деп қалады. Жиын біткен соң Қаныш Сәтбаев Ақжан Машановты шақырып алып, әлгінің айтып отырған «Әл-Фарабиі» кім деп сұрайды. Ақжан Машанов оған ешқандай жауап бере алмайды. Болса да Э. Кольманнан қайтып сұрау ұят, содан Қаныш Сәтбаев: «Ақжан, сен барлық жұмысты жиыстырып тастап, әлгі «Әл-Фарабимен айналыс!» деп тапсырма береді. Бізге, қазақ халқына, «Ұлы ұстаз» осылай оралады. Егерде, В.Томсен тасжазудың құпиясын таппағанда, біздер «Күлтегін» жырын оқи алмас едік. Еуропа елі басын көтере жырлаған, әнге қосқан, романдар туғызған Аттиланы (Еділ патшаны) қатарға қоса алмай әуреленгенімізге де  біраз боп қалды. «Қырымның қырық батыры» жыртізбегінің ең басында тұратын, сүйегі әуелі «аманатпен» Ұлытаудың ұшар басына қойылып, кейіннен өз өсиеті бойынша Ноғайлы ұлысын билеген ұлағатты ұрпақтары Бабай Түкті Шашты Әзіздің жанына әкеліп жерлеген, Алтын Орданы он бес жылдай «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған мемлекеттік қай­раткер, тіпті, керек болса «Тевтон орденін» бастап келген Витовтты тал­қандап, жарты әлемді жаулаған Ақсақ Темірдің өзіне сес көрсеткен Едігені еске түсіруге, күмбезін тұрғызуға болмаса  «Ер Едіге» жырын мектеп оқулығына ендіруге кім кедергі?! Өкініштісі сол, мұның ұштығын  Ұлттық энциклопедиясынан да таба алмайсыз. Біздің ең әуелгі «ес кіріп, етек жапқандағы»  көргеніміз дінге, ділге, тін мен тілге  теріс қараған 1972 жылдардан бастап жарық көре бастаған «Қазақ Совет энциклопедиясы» (ҚСЭ) болды. Оған Қазақ ССР Ғылым Академиясы басшылық жасады. Әрине, сыртында көз жазбай  ба­қылап саясатты сұрқай сапырып ішкен құзырлы орындар тұрды. Әйтсе де, біз сол 12-томдық энциклопедиямыздың  қаншама қыспақты көрсе де, тәп-тәуір шыққанын мойындауымыз керек. Оның себебі, Бас редакциясының мүшелігіне Мұхамеджан Қаратаев, Мәлік Ғабдуллин, Өмірбек Жолдасбеков, Салық Зиманов, Ісмет Кеңесбаев, Серік Қирабаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ақай Нүсіпбеков, Әбділда Тәжібаев, Әди Шәріпов, т.б. сияқты «ылдиға салсаң, төске озған» тарланбоздар кірді.
Әйтсе де, бұл тегеуірінді топ ең негізгі сұрақтарға жауап таба алмады.
– «Қазақ» – деген атау қайдан шықты?! Қандай мағына береді?
– «Қазақ хандығы» қашан құрылды?! Жалпы, біздің мемлекеттігіміздің бастауы қайда?!
– «Алты Алаш» деген не? «Алаша хан» мазарында кім жатыр?!
– Керей мен Жәнібек хандардың сүйегін қайдан іздеуге болады?
– Хан Абылайдың тарихы түгенделіп бітті ме?
–Үш ұлы би-Төле-Қазыбек-Әйтеке­лер­дің өмірбаяны толық па?! т.т.
Міне, осындай ұлттың  ұлағатын, ха­лық­тың қасиетін білдіретін осыншама басы ашық сұрақтар мемлекеттің ең бас­­­ты кітабы – энциклопедияларда егжей-тег­жей айтылмағандықтан Қожанәсірдің әңгімесіне көбірек ұқсап кете береді. Ха­лық даналығы тудырған бедерлі бейне Қожекеңе біреу кеп  шиеленіскен мәселенің шешуін сұрайды. Әбден тыңдап алған Қожекең: «Иә, сенікі дұрыс!» дейді. Анау қуанып кете салысымен, оның қарсыласы жетеді. Оны  да жақсылап тыңдап алған  Қожекең кірпігін қақпастан: «Сенікі дұрыс! деп шығарып салады. Соны сырттан бақылап, мұқият тыңдап отырған қатыны: «Әй, сен не тантып отырсың. Ақылыңнан ауысайын дедің бе? Анаған да дұрыс, мынаған да дұрыс, сонда бұрысы қайда?! – дей бергенде, Қожекең ауыр күрсініп, «Қатеке, сенікі де дұрыс!» – деп құтылған  екен. Біз жаңа ғана сөз еткен сұрақтарды,  қазіргі таңда бұрқырап шығып жатқан  түрлі республикалық, облыстық, қалалық, тіпті, ауылдық, ата-атаға бөлінген рулық, тайпалық, т.б. энциклопедиялардан қарастыратын болсаңыз әртүрлі ойдым-ойдым ойға шомып, қай-қайдағы қиял кешетініңіз анық.
Дана халқымызды «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» дейтін мақал бар. Зер салып қарайтын, салыстыратын  болсаңыз, елмен елді, жер мен жерді, халық пен халықты ру мен руды бір-біріне қарсы қойып та, қырылыстыруға әкеле жатқан да осынау «Энциклопедия» дейтін қалың-қалың кітаптар екендігіне бірден көзіңіз жетеді. Себебі, ондағы сөзге, айтылған әңгімелерге жұрт сенеді. Мәселен, ұлттық рухты ұлық­тайтын кіші энциклопедия саналатын «Елтұтқа» кітабы: (Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек) «Домалақ Ана (VІ-VІІ) Домалақ ана (Шайхы Мизамбекқызы Нұрилә (VІ-VІІ ғ.ғ.) Қазақстанның оңтүстік өңірінің біраз бөлігін алып жатқан Шапырашты, Ошақты, Ысты, Албан, Суан, Дулат тайпаларынан тараған ұрпақтың арғы атасы Бәйдібек батырдың үшінші әйелі. Шын аты – Нұрилә» – деп көрсетеді. Бұл Ұлттық энциклопедияда да жүр. Тарихи деректер былай дейді: «Әз Елші, Сәуір айының 20-сыншы күні 569 жылы Хизадж өңіріндегі Мекке қаласында, шектен шыққан бұтқақұл қоғамда дүниеге келді». 
«Сондай бір күндерде, періште Жебі­рейіл тарапынан Алла тағаланың сөзі Құран Кәрімнің аяттары уахи етіліп, пай­ғамбарлық жол ашылады. Бұл 610 жылы Рамазан айында болған оқиға» «Ислам өркениетінің бастауы, міне, осы оқиғаға тікелей байланысты».
«Пайғамбарымыз 63 жасында 632 жылы қайтыс болды».
«714 жылы Құтайбаның әскері Оңтүс­тік Қазақстандағы Испиджаб жортуылына шығады» (М.Бұлұтай. «Ата-баба діні.Түркілер неге мұсылман болды?!» Алма­ты. «Білім». 2000ж. 153-160 бет). Осы тарихи деректерге қарап отырған әрбір азамат Бәйдібек баба мен Нұрилә анамыз, шынымен-ақ «Елтұтқа» кітабының авторлары көрсеткендей, VІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген болса, Мұхаммед пайғамбардан жасы үлкен  боп шығатынын байқар еді.  Екіншіден, араб әскері қазақ жеріне алғаш 8 ғасырда (715 жыл) ат ізін салғанда, Бәйдібек баба мен Домалақ Енеміз әлдеқашан дүниеден өтіп кетпей ме?! Тағы бір ескеретін нәрсе, «Нұрилә»-«Алланың нұры» деген сөз, олар өмір сүрген  түркілік кезеңге (6-7 ғасыр)  келмейді. «Елтұтқа» авторлары  бұл ойынан қайтпаса, олар  амал жоқ басқа дінде болады, себебі, Мұхаммед пайғамбар дүниеге енді келіп жатқан кез емес пе және оларға бағышталған Құранның сауабы тимейді. Мәселен, Шыңғысханға: «Топырағың торқа, алдың пейіш, артың кеніш болсын!» деп тілек тілей  аласыз ба?! Меніңше, мұны түсіну үшін көп ақылдың керегі жоқ-ау деймін…
Дәл осы  энциклопедиялық анық­тамада  Бәйдібек бабаны екі жерде «батыр» деп айтады. Міне, қараңыз: «ар­ғы атасы Бәйдібек батырдың үшінші әйелі…», «Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай…» деп кете бере­ді. Ал, енді, ұлы бабамызға соғылған ескерт­кіштерден  батырға тән атрибуттар қы­лыш, найза, қалқанды көре алмайсыз. Неге бұлай?! Мына мемлекеттердің қай­­сысын басқаруы мүмкін: Түрік қа­ған­дығы (552-743), Хазарлар (602-1016), Қимақ қағандығы (ІХ-ХІ), Қыпшақтар (Құмандар) ХІ-1219), Түргештер (699-756), Ойғырлар (744-850), Қарлұқтар (756-940) Қарахан мемлекеті (942-1211). Кейбір ғалымдар «Түргеш» заманын айтыңқырап жүр. Әйтсе де, олардың хатқа түскен басшылары мыналар: Үшелік  (699-706) Сұ-лұ (Сұ-Лұ) (717). Елтіміш Құтлық (742-753) Тәңірі Елтіміш (753-756) Үнен (756-766). Көріп отырсыздар, бұл кезеңге тым қазақы есім  «Бәйдібек» келіңкіремей тұр.
Жыр   жампозы  Жамбыл   Алатау бау­райын­­дағы Құлансазды жайлап, Хан, Жамбыл тауларын қыстау еткен Шапыраштының  Екей атасынан. Екей-Жамбылдың оныншы бабасы, Шапыраштының – үшінші бұтағы болып саналады. Мырзатай Жолдасбековтің  айтуынша және жазуынша «Ал, Жамбылдың он бірінші бабасы – Шапырашты және оның үрім-бұтақ тармақтары жөнінде ел арасында шежіре, аңыз көп. Ұлы жүздің Бәйдібек деген ел басы, батырының үш әйелі болған. Бұл Жамбылдың он бе­сін­ші бабасы. Оның Сары бәйбішеден – Қалша, Жақып, екінші әйелі Зеріптен «аса көрікті, кербез, үнемі сыланып әсем киініп жүргендіктен ел оны Сыланды сұлу деп атап кеткен. Жәлмәмбет, одан Мапырашты, одан Шапырашты, тарайды. Жәлмәмбеттің екінші әйелі Қарашаштан Ысты, Ошақты, елі шығады. Бәйдібектің үшінші әйелі Нұриләдан (Домалақ анадан) Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тарайды». Бұл арада мынаны да  еске ала отырған жөн болады. М.Жолдасбековтің айтуынша «Бұл – (Бәйдібек деп біліңіз) Жамбылдың он бесінші атасы» болатын болса, әр ұрпақтың арасы, яғни, ауысымы 30 жылдан тұрады деген қарапайым есеппен алғанда, Бәйдібек баба Жамбыл Жабаев дүниеге келген 1846 жылдан әрі қарай тереңдегенде  450 жылдай уақытты мөлшерлейді екен. Сонда, Бәйдібек баба өмір сүрген кезең   1396 жылдарға келеді емес пе?! Ал, «Елтұтқаны» жазушылар оны «Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі» деп көрсетеді. Сонда, «тайпа көсемі» қалайша қолына «хандық белгі» ұстауы мүмкін. Мәселен, «Сұлтан Сүлеймен» деген түрік фильмінде ол үнемі қолына  «жезль» ұстап жүреді. Ол оған жарасады. Себебі, ол «сұлтан» ғой… Алматыда 2-теміржол вокзалының алдындағы хан Абылайдың қолында да сондай белгі бар…
Энциклопедияларда онша жолы болмай жүрген деректердің бірі – ол «Қазақ хандығы» туралы материалдар.
«1456-1457 жылдарда қалмақтардан ойсырап жеңілуге байланысты күшейе түскен бұқара наразылығын Әбілқайыр ханның дұшпандары – Шыңғыс әулетінен шыққан сұлтандар, Ақ Орда билеушілері Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей шебер пайдаланды. Олар қазақ халқының жеке мемлекет құру, саяси және мәдени-экономикалық тәуелсіздік алу жолындағы талабын өз қимылдарына арқау етті» – (ҚСЭ. 6-том. 384-бет) деп өте дұрыс көрсетілген анықтаманы  сан-саққа жүгіртумен және кейінгі жылдарға жөн-жосықсыз шегерумен жүргендер баршылық. Рас, бұл дерек, әзірге энциклопедиялардан түсе қойған жоқ, әйтсе де, Керей хан мен Жәнібек хандардың өмірбаяндарына келгенде «өзім білермендікке»  салынғандар бар екені жасырын емес.Тағы бір есте болатын нәрсе, «қазақ хандығының құрылуын» кезекті оқиғаға жатқыза салғысы келеді. Олар энциклопедияда анық айтылған: «қазақ халқының жеке мемлекет құру, саяси және мәдени-экономикалық тәуелсіздік алу жолындағы талабын өз қимылдарына арқау етті» дегенге жете мән бермейді. Анығырақ айтсақ, бірқатар зерттеуші ғалымдар «Ақ Орда», «Көк Орда», тіптен «Алтын Ордаға» қол созғысы келеді. Ал, енді, кейбіреулер кейін шегінгенді ұнатады. Осының арқасында Түріктер 1453 жылы Константинопольді басып алған тұсын өздеріне мерей тұтса, солардан небәрі 3-ақ жыл кейін 1456 жылы Әлемде жер көлемі жөнінде 9-орынды иеленетін Ұлы мемлекеттің іргесін қалай алған  «қазақтар»  өздерінің тарих табалдырығын оң аяқпен аттаған тұсын әлі күнге дейін тойлай алмай отыр. Осы арада ептеп ойласатын нәрсе бар. Ол «Қазақ хандығының құрылуы туралы» басты кітап болып саналатын Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» жазған, көрсеткен нәрселерінің бәрін ой елегінен өткізіп алмай қабылдай беруге бола ма?» деген сұрақ. Себебі, ол кітап, өзі аты айтып тұрғандай – «Тарих и-Рашиди» Яғни, «Рашид ханның тарихы». Екіншіден 1544-1546 жылы «бірінші дәптер» аяқталып, «екінші дәптер» қашан көзі жұмылатын 1550-51 жылдарға дейін созылады. Осыдан-ақ, оқырман бұл кітаптың «Қазақ хандығы» дүниеге келген уақыттан 100 жылдай кейін дүниеге келгенін байқауына болады. Әрі бұл тым шалғайда, Үндістанда, Кашмирде жазылғаны да есте тұруы тиіс. Мұнан бөлек кітап авторы Қазақ хандарына аса сүйіспеншілік танытпайды. Себебі, олар  «Моғолстан» мемлекетінің төл перзенті. Ал, Керей мен Жәнібек Моғолстанды әуелі «қоныс сұрап кіріп алып, ақыр соңы «Қазақ хандығына» айналдырып жібергендер».
  Кітаптың 33-тарауында (Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди» «Тұран» баспасы, Алматы. 2003. 305-бет) мынадай сөз бар:
«Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды».
«Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп, жырылып қалып, біраз уақыт тарығып, әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды».
«Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қыр­сығынан соншама халықтан міне, бүгін төртінші жыл боп барады, ешбір жерде із де қалмапты. Отызыншы жылдары (930) (1524 жылы) қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы (944)(1537) сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған…» – деп қуана хабарлайды (306-307-беттер).
Мұндай кітапты  қалай құрметтеуге болады?! Еш жерде із қалмаса, біз қайдан шықтық?! Тағы бір түйіткіл, қай энциклопедияны ашсаңыз да Әйтеке би  1664 жылы туып, 1700 жылы өлген дегенді оқисыз. Ал, оның замандасы Әз Тәуке 1680 жылы хан болып сайланып,1718 жылы дүниеден өткені белгілі (Қараңыз: «Елтұтқа» (1626-1718. 102-бет). Осыны біздің тарихшылар сан-саққа жүгірткенде таңырқамасқа амалыңыз қалмайды. Мәселен, 7-сынып. С. Жолдасбаев. Д. Бабаев. Қазақстан тарихы. 2003 жылы. «Атамұра»179-бет. «Тәуке хан тұсындағы қазақ хандығы». Онда «Тәуке хан 1680-1715 жылы билік құрған» – делінеді.
8-сынып. Қазақстан тарихы. 2004 жылы. «Мектеп». Ж. Қасымбаев. «Кіші жүздің Ресей империясының құрамына кіруі» «1716 жылы Тәуке хан жоңғар шапқыншылығы басталған кезде хан ретінде Сібір губернаторы князь М.П. Га­га­ринге елші жіберіп, қалмақтарға қарсы күрес жүргізу үшін көмек беруін өтінген» – деп көрсетеді .
11-сынып. Т.Тұрлығұл. С.Жолдасбаев. Л.Кожекеева. Қазақстан тарихы. 2007 ж. «Мектеп». 10-бет. Мұнда Тәуке хан 1680-1715-1716 жылдар» арасында өмір сүріпті. Ал, енді, Әйтеке би  туып-өскен өлкеде шыққан «Атырау» энциклопедиясы 166-бетінде «Әйтеке Бәйбекұлы (23.3.1644, Өзбекстан, Қазбибі тауы, Қызылша ме­ке­ні-1700) деп қолмен қойғандай болып, тіпті, «1644 жылдың наурыз айының 23-і күні дүниеге келген» деп көрсетіп тұрып,  «Әйтеке би өмірі туралы ақиқат, туған және ахиреттік болған нақты жылдары, тіпті, бас иетін зираты Ұлы ғалым өкініп тұр ма, жоқ қуанып тұр ма,  белгісіз, оның бірде Алшын Қара жігіт би, көне жазбаларда Айтық би деп әртүрлі аталуы да ақи­қатты ашуға кедергі келтіреді» – деп зымыратады.
Тағы бір түйіткіл мынау: Мәселен, былайғы жұрт байқай бермейтін мынадай дереккөз  бар: Төле би (1663-1756), Қаз дауысты Қазыбек би (1667-1764), Әйтеке би  (1644-1700) дүниеге келген және бақилық болған делінеді. Бұған ден қояр болсаңыз, Әйтеке би 1700 жылы дүниеден өткенде Төле небәрі – 37, Қаз дауысты Қазыбек  34 жаста болады екен. Олар «қаба сақалмен» қалай қаз-қатар отыра алады?! Сонда бар құпия неде?! Ол үшін Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанын дұрыстап көңіл қойып оқу керек. Ол өзі тарихи адам.Толыбай сыншының баласы. 1710 жылға дейін Әз Тәукенің Бас Сардары болған. Әйтеке бимен қаз-қатар жүрген. «Қарақұм» Құрылтайында өз орнын Бөгенбай батырға өз қолымен ұсынған. Былайғы біреулер оған күмән келтіргісі келеді. Әрине, әркімнің ақылын Құдай кәлласына салған мөлшерден арттырып бере алмайсың ғой… Болмаса:
Бар болсаң ісімізді оңда, Құдай,
Қазақты қан майданда қолда, Құдай.
Әз Тәуке өлгеннен соң быт-шыт 
                      болдық,
Қазақтың басын қосар көсем болмай…» – деп сақалынан жасы саулап жылап тұрып жазған жырын өздерін ұлы тарихшылардың қатарына тым ертерек қосып қойғандар оқи алмаса не демексің… Мұнда сардар ақын, болмысы бөлек жырау «Әз Тәуке өлгеннен соң быт-шыт болдық!» –деп тайға таңба басқандай етіп көрсетіп қойған емес пе?!
Тағы да мынаған көз салыңыз:
«Төрелер Әз Тәукедей бола алмады,
Оларға қазақ көңілі тола алмады.
Сәмеке, Қайып, Болат сатқын болып,
Кездейсоқ ел жағдайы оңалмады!»
Ал, тарихтан хабары бар кімнен сұрасаң да Әз Тәуке «1718 жылы өлген»  дер еді…
Жарықтық жырау одан әрман былай деп толғайды:
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден                     өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал                     жетті.
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой! – деп,
Боларын осы апаттың болжап кетті» – дейді. Әйтеке би Әз Тәуке тірі болса «Бағыну бір көсемге дұрыс қой!» дегенді айтпаған да болар ма еді?!
Ұлы би туралы ізденген жанға дерек мол екенін ескерткіміз келеді. Мәселен, «Жеті жарғыны» жазысқан бидің бірі – Әнет баба. «Қалқаман-Мамыр» жырында айтылады. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» Созақтың бір төбесінің басында жүре алмай қалып қойған. Ол 97 жыл жасаған. Енді, 1723 жылдан  97 жасты алып тастағанда 1626 жылдары  дүниеге келген болады. Енді, белгілі ғалым, бар ғұмырын, шығармашылық шабытын  қазақтың маңдай алды ұлдарына арнаған Нәзір Төреқұлұлы «Қазақтың 100 би-шешені» кітабында (Алматы, 1995 жыл 81-82-беттер) былай дейді:
«Бірде Әнет баба көрген түсін Әйтекеге жорытыпты. Сонда, көрген түсі мынау екен: «Он лақ, жиырма қасқыр, отыз жолбарыс, қырық түлкі, елу ноқта, алпыс ақта (піштірілген айғыр. Ж.Б.) жетпіс желкілдек, сексен селкілдек, тоқсан дома­лақ…» Оны Әйтеке тұрып былай деп жорыпты:
– Әй, қасиетіңнен айналайын, Әнет баба-ай, бәрі дұрыс қой, бірақ, алпыс ақта емес, арқа еді ғой, жетпіс желкілдек емес, желкен еді ғой, сексен-көркем еді ғой, тоқсан торқам еді ғой, – дегенде баба риза болғаннан кемсеңдеп жылап жіберіпті дейді. Сөйтсе бұл сөздің шешуі былай екен. Әнет бабаның «Он лақ» дегені – «он жаста жарға ойнаған лақтай болдым» дегені, «жиырма қасқыр»  дегені – «жиырмада пышақ тісті қасқырдай болдым» дегені, «отыз жолбарыс» дегені – «Отызда жолбарыстай қайратты», «Қырық түлкі» дегені – «Қырқымда түлкідей айлакер болдым» дегені, «Елу ноқта» дегені – «Елуде ноқталанған аттай болдым» дегені, «Алпыс ақта» дегені – «Алпыста ақталған аттай болдым дегені, «Жетпіс желкілдек» дегені – «Жетпісте күшім кетіп, түңліктей желпілдек болдым» дегені, «Сексен селкілдек» дегені, «Сексенде буын-буынымнан әлі кетіп, селк-селк етіп, қалтылдақ шал болдым» дегені, «Тоқсан домалақ» дегені «Тоқсанда өз аяғымнан жүре алмай, домаланып мешел болып қалдым» дегені екен.
Соны Әйтеке би былай түзеткен көрі­неді.
«Әнет баба, сіз қазақ үшін алпыс­та арқа болдыңыз, жетпісте-желкенін көтерген кемедей болдыңыз, сексенде  ақ сақал-шашыңызбен, асқар таудай басыңызбен көз тартар көркем болдыңыз, тоқсанда-алдың да, артың да жәйлі жа­ның да, жүрісің де кең-торқа болып отырсыз деген екен. 
Әнет бабаның  «Әйтекежан, көп жаса!» – деп рахмет айту себебі осындай құрмет, марапаты үшін екен» (материалдың алынған жері «Алаш» журналы. №5 (14) 2007 жыл. Х.Ғабжалилов. «Әнет баба тағылымы». 21-22 беттер). Осыған қарағанда 1716 жылдары Әнет баба 90-ға келгенде, оның түсін жорыған Әйтеке би дін аман сау жүрген ғой…
Қазіргі таңда қате талданып жүрген мына­дай тарихи жыр мәтіні де бар. «Қазақ хандығын құрушы әрі ұраншысы» атанған Асан Қайғы бабамыз Жәнібекке былай дейді:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған.
Оймауыттай,тоғай,егіннің,
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың.
Жемнен де елді көшірдің.
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген.
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген,
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда да кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду,
Нәлет,біздің жүріске.
Еділ менен Ақ Жайық,
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң.
Ал қолыңды маларсың,
Алтын менен күміске!
Бұл жыр көбіне Керей мен Жәнібектің «Қазақ хандығын құру» жолындағы Моғолстанға аттанған соңғы сапары ре­тін­де мысалға келтіріледі. Жағрапиядан хабары бар адам бұл жолғы көштің «Шу бойына, Қозыбасыға, Жетісу жеріне емес, керісінше күнбатысқа, Жем-Ойыл арқылы Еділ мен Жайыққа бағыт ұс­тан­ғанын байқар еді. Ал, бұл оқиға, негізіне, 1446 жылы Әбілқайыр хан олар­дан Сығанақты тартып алған кездері болған. 
Қазақ хандығының қалай құрылуы туралы Ұлттық энциклопедияларға кірмей келе жатқан  мынадай аса құнды дерек те бар. Бұл белгі Созақ сахарасындағы «Таңбалытаста» тұр. 
Қазақша мәтіні былай: «Қыпшақ, алшын, арғын, қаракесек, үйсін, табын иллахи қар рәсиге һамиша хаһа рахмет қыл сен алтауын, екінші түрде айтқанда, «О, Ием, үмітіне жету үшін осы алтауына рахметіңді бере көр!» Араб әрпімен жазылған. Тапқан А.И.Шренк пен Х.Бекхожин. Олар оны Л.Кузнецовпен бірлесіп көшіріп алған.
Энциклопедиялардағы тағы бір ол­қылық  Қазақ хандығының ту тігер ор­ны, тірегі қазіргі тілмен айт­қанда, алғашқы астанасы қай жер болды деген сұрақтың төңірегі болып тұр. Бұл жөнінде «Большая Советская энциклопедия»: «Сузак на северных склонах Каратау постоянно был главной опорой, стратегическим пунктом правителей Казахского ханства как в борьбе за власть в степных районах, так и за города в Туркестане. Сузак был не только хорошей крепостью, но и торговым, ремесленным центром, выдвинутым в степь» – деп ап-анық көрсетіпті. Тағы бір деректі ұсынып көрейік: 
Список столиц Казахстана 
(Материал из Википедии – свободной энциклопедии)
Казахское ханство
•    Созак или Сузак – столица Казахского ханства (1465-1469, 1511-1521).
•    Сыганак – столица кипчаков (XII-XIV); ставка Ак-Орды (XIV-XV); в 1446 году хан Абулхаир перенёс сюда свою столицу и вплоть до XVII Сыганак был центром Казахского ханства.
•    Туркестан
•    Ташкент
[править] Казахстан в XX-XXI веках
•    Оренбург (1920-1924)
•    Кзыл-Орда (1924-1929)
•    Алма-Ата (1929-1997)
•    Акмола (с 10 декабря 1997, переименована в Астану 6 июля 1998)
Сузак – Столица Казахского ханства в XVI-XVII веке при Тауекел хане, при раскопках найдены более 3500 видов петроглифов (арпоузен) бронзового века.
Список столиц Казахстана
Суяб – Тюркский каганат
Баласагун – Государство Караханидов
Койлык – Карлукское ханство (VIII-X)
Яныкент – Огузское государство
Сарай-Джук – Ногайское ханство
Казахское ханство
Созак
Сыганак – столица кипчаков (XII-XIV); ставка Ак-Орды (XIV- XV); в 1446 году хан Абулхаир перенес сюда свою столицу и вплоть до XVІІ Сыганак был центром Казахского ханства.
Туркестан
Казахстан в XX-XXІ веках
Оренбург (1920-0925)
Кзыл-Орда (1926-1929)
Алма-Ата (1929-1997)
Астана ( с декабря 1997).
Қазақ халқы «Мәңгілік Ел» идеясымен қаруланып жатыр. Иә, біз кімнен кембіз дегіміз келеді. Сонда, біздің арғы тегіміз туралы мәліметтер энциклопедиядан көрініп тұруы тиіс емес пе?! Мына тасқа қашалған петроглифке көз салыңызшы. Бұлар Қарт Қаратауда, Созақта, Келіншектаудың етегінде тұр. 3500 сурет сақталынған. Мына қазақ даласында қос ат жеккен арба мінген жауынгерлер Рим империясы кезіндегі Коллизейдегі гладиаторлар мінген қос ат жеккен арбалардан әлдеқайда бұрын пайда болған.
«Андрондық металлург шеберлер көптеген әр түрлі әшекейлер жасай білді, оларға арнайы андрондық белгілер тән: сырғаларды көбінесе бір ұшын кең етіп  жасады, көзілдірік тәрізді және табан салпыншақтар, ұштары шиыршықты бұралған білезіктер мен сақиналар, геометриялық ою өрнектеліп салынған белдіктер. Сақтар ежелгі тайпа, Еуразияның кең даласында оларға қарсы тұратын күш болмады. Олар мысты ғана емес, сонымен бірге темірді де қорыта білді. Сақтардың алтынының көптігі жөнінде аңыздар айтылды. Алтынмен жездері есепсіз болды, олармен бас киімдерін, киімдерін, сауыттарын, жылқы ат саймандарын әшекейледі» – деп жазады, өзінің сүйсінуін жасырмай  б.з.д. v ғ. ежелгі грек тарихшысы Геродот. Бұл анықтаманы, Сіз, өкінішке орай, ешқандай энциклопедиялардан көре алмайсыз.Тіпті, осы елдің еңсесін көтеретін суреттер сол  петроглифтерге басы бүтін  иелік жасайтын  «Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясына да түспеген. Бұл энциклопедиядан, тіптен, Елбасымыздың жалпақ жұртқа  қарата айтқан ұлық сөзін де кездестіре алмайсыз. Мәселен, ХХ ғасырда қазақ даласында үш ұлы көтеріліс болып өтті. Алғашқысы 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысы. Соңғысы 1986 жылғы Алматы қаласында орын алған Ұлы Желтоқсан оқиғасы.
Енді, арадағы 70 жылды жалғаған тағы бір тегеурінді тепсініс бар. Ол – 1930 жылы болған Созақ көтерілісі. Бұл алғашқы мен соңғыны бір-біріне жалғаған «алтын көпір» деуге келеді. Бұл көтеріліс әлі то­лық бағасын алған жоқ. Әйтсе де, Қаз­ақ­­стан Республикасының президенті Н. Ә. На­зарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 5 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған «Қазақстан тәуелсіздігі: тарих тағылымдары және қазіргі заман» («Егемен Қазақстан», 17 желтоқсан, 1996 жыл) баяндамасында: 
«Мемлекеттің тізеге салған зорлық­шыл саясаты халықтың ашу-ызаға толы қарсылығын туғызбай қоймады. Жұртшылықтың арасында режимге қарсы бой көрсетуден тайынбайтындар көбейе түсті. 1929-1931 жылдарда шаруалардың 380 рет бұрқ ете қалған бүлігімен көтеріліске 80 мыңға жуық адам қатысты. Солардың ең ірілері – Созақ, Ырғыз, Ақсу, Абралы, Адай, Қарақұм және басқа да көтерілістер еді. Олардың бәрі де Қызыл Армияның қарулы әскерінің күшімен аяусыз басып жаншылды» – дейді.
Бұл аса жұмбақ, тыныс-тіршілігі тылсым дүние десе де боларлықтай. Кеңес үкіметі әбден орныққан, Қызыл әскердің қайраулы қылышы анталаған Антантаны талқандаған, Кольчакты, Юденичтің, болса да басмашыларды  бық-бырт қылған, заманда әділетсіздікке қарсы шоқпармен, қамшымен қарсы ұмтылуы санаға сыймайтын тірлік еді. Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де оның көмескі тұстары оның анығынан көбірек екенін мойындауға тиіспіз. Керек болса, көтеріліс кезінде  қанша адам набыт болғаны әлі де анықтауды талап етеді. Мысал ретінде мына бір құжатты оқып көрелік: «БК(б)П хатшысы И.Сталин жолдасқа. «Ақпанда біз үш ірі бұқаралық қарулы көтеріліске кездестік. Біріншіден – Сырдария округінің Созақ ауданында. …Біздің жағымыздан 50-ге тарта адам өлді және азапталды. Олар жағынан 400-ден астам шығын болды. Ф.И. Голощекин» (Алматы саясаттану жанындағы партия архиві. 141-қ, 1-м, 2948-іс,44-п.).
Байқап тұрған боларсыздар, мұнда да Созақ көтерілісі алдымен сөз болады. Бірақ, амал қанша, «Оңтүстік энциклопедиясын» жасаушылар және басқалар да Елбасының ескертуін назардан тыс қалдырған.  Қазіргі таңда әр облыс, аймақ, тіпті, аудандар да өз энциклопедиясын шығарып жатыр. Олардағы қателерден көз сүрінеді деуге болады. Тіпті, ел арасына іріткі тудыратын жағдайлар да кездеседі. Мәселен Махамбет пен Жәңгірханды қарсы қою, болмаса Сегіз сері деген болмаған деу, «Біржан мен Сара» айтысын мансұқтау қарқын алып барады. Ал, олардың орнына атын ешкім естімеген батырлар, билер, патшадан шен-шекпен кигендер кимелеуде. Жүрек ауыратыны, ара-тұра бір-бірінен кек алатын, «сен кімсің, біз кімбіз» деп иық тіресетін орын боп бара жатқаны да жасырын емес. Мәселен,  осы елдің тумасы, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановпен қаз-қатар жүрген Бабажанов Мұхаммед-Салыққа (1832-1879) «Атырау» энциклопедиясы (Алматы. Атамұра. 2000. 169-бет) небәрі 10 жолды әзер қиыпты. Ал, енді, Уәлиханов Шота Ыдырысұлына 25 жол бұйыртып (359-бет), оның ұлы атасы Шоқан Шыңғысұлын энциклопедиядан мүлдем шығарып тастағанына не дерсіз… Бәл­кім, осыдан да болар, Нобель сыйлығын  өз аяғымен барып алуға ерінген,  «тілінің тікені бар» Бернард Шоудан осындай ерен «еңбектер»  туралы  пікірін  сұрағанда: «Он маймылды он машинкаға отырғызып, он жыл тоқпақтатсаң Британия энциклопедиясы пайда болмағанда қайтеді?!» – деген екен. Біздің де энциклопедияларымыз ұлттық ұлағат ұясына айналсын десек, осыған өте абай болған жөн шығар деп ойлаймыз…

Алдыңғы «
Келесі »