«Қостілділік», «үш тұғырлы тіл»

  • 03.10.2014
  • 4784 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дандай Ысқақұлы, 
филология ғылымдарының 
докторы, профессор 

Алдымен, Қостілділік дегеніміз – «адам­ның екі тілдің көмегімен қарым-қатынас жасауы» (Михайлов М. М. Двуязычие. Чебоксары, 1968, 3-бет) яғни, адам­дардың қоғамдық өмірде ана тілімен бірге басқа да шет тілінде сөйлеу құбылысы. Ал, көптілділік – екіден көп тілдерде түсінісу. Жалпы, қостілділік, көптілділік – әртүлі этносқа жататын адамдардың, ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің ара­сындағы қарым-қатынастарды қамта­масыз ету мақсатында ерте замандардан келе жатқан әлеуметтік құбылыс.


Ғалымдардың анықтауынша, болашақта халықтар арасындағы түрлі байланыстардың ұлғая түсуімен байланысты көп тіл білуші­ліктің де маңызы арта береді. Қазірдің өзінде-ақ көп тіл білушілердің саны бір тілділерге қарағанда, әлдеқайда көп (Ахметжанова З. Язык в социальном, культурном и коммуникативном контексте. Алматы, 2012, 472-бет). Қазір жер шарын мекендеген халық­тардың 70 пайыздайы екі, не одан да көп тіл­дерді әртүрлі деңгейде меңгерген. Өйткені, қазір біз өмір сүріп отырған жаһандану дәуірі шегараларды білмейтін, көп тілде сөйлейтін заман. 
Қостілділіктің екі – пайдалы және зиянды жақтары бар. Тағы бір қасиеті бірнеше тілді қолдану барысында оның осы екі жағының бірі ғана жүзеге асады (Г. Д.Алдабергенова. Явление билингвизма в перспективе исследования. В книге «Язык: система, функционирование». Алматы, 2007, 180-бет). Сондықтан да, қостілділікті ақ, қарасын ажыратып барып, жүзеге асы­рудың маңызы зор. Шет тілін үйрену барысында адам басқа бір ұлттың сөзін, сөйлем құрау тәсілдерін меңгеру арқылы оның ойлау жүйесіне еніп, рухани әлеміне қадам басады; жаңа бір халықтың ұлттық болмысын ашады. Шет тілінде сөйлеу арқылы сол ұлтша ойлайды; мұның өзі сол ұлтпен іштей жақындастыра түсетін болады. Ең бастысы басқа тілдерді білу адам мен адамды, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыра түседі. Тіл білуі барысында адамның қарым-қатынас жасау, әлеуметтену, білімін арттыру мүмкіндіктері екі-үш есеге дейін артады. Өйткені, әр тіл өзінше бір тұтас әлем. Тіл үйрену арқылы адам жаңа бір әлемнің, әлемдік өркениеттің тағы бір ғимаратының есігін ашып, ішіне кіріп, таныса бастайды. Бірінші кезекте адамның ақпараттық, мәдени және экономикалық ке­ңіс­тігі кеңейіп, таным-түйсігі арта түседі. Осы мәселені арнайы зерттеген профессор Б. Хасанов «Қостілділік адамдардың ру­­хани жағынан өсуіне жағдайлар жасайды. Адам үшін қостілділік – ойын жет­кізу, шындықты тану құралы болу­мен бір­ге көпұлтты қоғамда қарым-қа­ты­нас жасау құралы да; бұл жерде оның негізгі компоненті (ана тілі) ұлттық ком­по­нентін сыпаттаса, басқа компоненті (екін­­ші тіл) әртүрлі ұлт өкілдерін тану, басқа халықтардың мәдениеттерін игеру  құралы болады. Қостілділіктің адамның үй­лесімді дамуындағы рөлі орасан; өйт­кені, ол көпұлтты қоғамда жан-жақты дамудың және де өзін танытудың аса ма­ңызды құралы» (Казахско-русское двуязычие. Алматы, 1987, 12-13 беттер) – деп жазады. Қостілділік мәселелерінен диссертация қорғаған Г. Д. Алдабергенова (Исследования влияния билингвизма на развитие личнос­ти детей. Диссертация на соискание кан­­дидата филологических наук. Алматы, 1990) қостілді баланың айналасындағы тіл­дік күрделі жағдай оның интеллектуалды дамуының басты көрсеткіші саналатын мәселенің мән-жайын тез аңғаратын қа­біле­тінің қалыптасуына көмектесетіндігін айта келіп, жалпы қостілділік 10-12 жасар бала­лардың ойлау қабілетінің дами түсуіне оң әсер етеді деген пікір білдіреді (Язык: сис­те­ма, функционирование. Алматы, 2007, 183-бет). Сонымен бірге, ол ана тіліне негіз­делмеген билингвизмнің тұлғаның ұлттық сана-сезі­мінің қалыптасуына, ұлттық дәстүр, мәде­ниет рухында тәрбиеленуіне нұқсанын тигі­зетіндігін де ескерткен. 
Соңғы кездердегі зерттеулер бірнеше тіл білетіндердің басқаларға қарағанда ұқып­тырақ, ойын тез жинақтап айтуға қабі­леттірек келетіндігін  анықтап жатыр. Оның басты себебі, адам бір тілден екінші тілге ойлауға көшкенде, оның миы ақпараттарды шапшаң реттеп, ең маңыздыларын тез іріктеп алуға машықтанады екен (Кирилл Стасевич. Инос­­­транный язык помогает думать на любом возрасте. «Наука и жизнь», 2014, №7). Сондықтан да, көп тілділік мәселесіне ғылыми тұрғыдан келіп, оның жақсы жақ­тарын да, теріс тұстарын да әрдәйім ескеріп отырған жөн. Осы мәселені арнайы зерттеген бірсыпыра ғалымдар қостілділіктің жас баланың ойлау қабілетінің дамуына кері әсерін тигізетінін анықтаған. Ойлау бары­сында екі тілдің бір-біріне кедергі келтіріп, тежеу тудыратындығы, сөйтіп бала­ның ойлау жүйесінің қалыптасуындағы айтарлықтай кері әсер ететіндігін алға тартады. 
Екінші шет тілін үйрену өмір қажет­ті­лі­гінен туындап, еркіндік, теңдік, ізгілік ниет­терімен жүрсе ғана ол – пайдалы. Б. Ха­­­са­новтың пайымдауынша, қостілділік екі жақ­ты (қазақша-орысша, орысша-қазақша) болғанда ғана пайдалы. Негізінен, солай болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде бір жақты  жүріп жатыр (Хасанов Б. Х. Казахско-рус­с­кое двуязычие. Алматы, 1987, 23-бет). КСРО-ның кезінде белгілі бір мақсаттармен жүзеге асырылған қостілділіктің бір бағытта ғана жүруі күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Қостілділіктің бір жақты жүруі тіл үйренуді түрлі жолдармен мәжбүрлеп енгізу арқылы жүзеге асып,  орны толмас  зиян шектіреді. Профессор З. Ахметжанова   бас­қа тілдің басымдығындағы қос­тілділік  ана тілін қолдану аясын тарылтуға алып келіп, мұның аяғы ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына кедергі жасайтындығын айтады. Шет тілін білуге ұмтылушылықтың саяси-әлеуметтік, психологиялық, мә­дени-антропологиялық себептері бар. Әр­бір адам белгілі бір қоғамда өмір сүре оты­рып, сол қоғамның сұраныстарына, талаптарына сай өмір сүретіндігі белгілі. Демек, қостілділік те адамның қоғамдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақса­тында туындайтын табиғи құбылыс екен. Бұл – қостілділіктің, көптілділіктің пайдалы жағы.
Мәжбүрлі түрдегі қостілділік ұлт­аралық алауыздықтарды қоздырып, оның қайнар көзіне айналады; қоғамдағы анто­гонистік қайшылықтарды күшей­тіп, бір ұлттың екінші бір ұлтқа басымдығын жүзеге асырып отырады. Мұның соңы сөйлеушілердің бір бөлігінің немесе толық­тай  ана тілін тастап,  екінші тілге ауысуына, мұның аяғы өз тілінің жойылуына, ұлтының ассимиляцияға ұшырауына алып келеді. Демек, қостілділік ана тілінен екінші бір тілге, яғни, өз ұлтынан басқа бір ұлттың рухани әлеміне өткеріп жіберетін көпір рөлін атқарады. Соны­мен, қостілділік, басқа тілді үйрену ана тіліне негізделмеген жағдайда пайдасынан гөрі зияны аса қауіпті екен. Сондықтан да, әрбір бала оның бойында ана тілі негізінде ұлттық ойлау жүйесі қа­лып­тасқанша, алдымен, отбасында, сосын мектептің бастауыш сыныптарында мін­дет­ті түрде ана тілінде тәрбиеленіп, содан кейін барып шет тілдерін үйрену пайдалы болмақ. Көбіне империялардың кезінде кө­рініс табатын қостілділік аз санды ұлт­тардың тілінің жойылып кетуіне апарып соқтырады. Жаһанданудың барынша қа­нат жая тү­суімен бірге тіл империализмі де кү­шейіп, қостілділік пен көптілділік бас­қаша сыпат алып келеді.  Сондықтан да, қостілділікке, «үш тұғырлы тілге» барынша назар аудара түскен жөн. Шынтуайтына келгенде, қостілділік қазақтарды орыстандырудың бір жолына ай­налып отыр. Оған мына бір мысалдар көз жеткізеді: 1989 жылы  елімізде ана тілімен қатар орыс тілін де жетік меңгерген қазақтар 62,8 пайызды, ана тілімен бірге қазақ тілін де меңгерген орыстар 0,9 пайызды құраса, бұл көрсеткіш осы ретпен 1992 жылы 63 те 1-де тұрды. Қазақ тілінде сөйлейтін орыстар 1994 жылы 8,5 пайызды көрсетсе, арада екі жыл өткен соң, азайып, 7,7 пайызға түсіп кеттті (Хасанов Б. Х. Соци­ально-лингвистические проб­лемы функ­ционирования казахского языка в Респуб­лике Казахстан. Автореферат диссертации на соискание степени доктора филологических наук. Алматы, 1992, 11-бет).  Осындай жағдай күні бүгінге дейін жалғаса түсуде. Сонда, қостілділік дегеніміз де өңін өзгерткен, шапанын ай­нал­дырып киген орыстандырудың заманға лайықты «модный» бір түрі болып шығады. Қазақ тілінің қазақ қоғамында өзіне лайықты орнын алуына осы секілді сырты жылтырақ, іші был­дырақ саясаттардың айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын айтпасқа болмайды.
Қостілділік қазақ ұлтын іштей ірітіп, аз болса да қолында қазақтың билігін ұстаған, өздерін ұлт «элитасы» санайтын шала қазақ­тарды іріктеп шығарды. Қазір ұлтының бо­ла­шағы үшін күресте өздерін прогресшіл санап, үлкен мінберлерде  қазақ атынан сөй­­леп жүрген шала қазақтардың ұлтының ке­ле­ше­гіне келтіріп жатқан зияндықтары олар­­ды іште жүрген ұлт жауларына қосып отыр. Қостілділік ақыр соңында өз тілін біл­­­мей­тін, ұлтын менсінбейтін, өздерін ұлт­тан жоғары санайтын космополиттерді,  «мәң­гүрттерді» шығарды. Сөйтіп, қазақ ұл­тын іштей қақ жарды. «Қазақтар бүгін бір­тұтас ұлт емес. Бай-жарлы болып, орыс-қазақ­тілді болып, жарылып отырмыз» (А. Ай­­талы. Қазақтың саны мен сапасының ара­­сын­да алшақтық бар. «Айқын», 24.07.2014). 
Елімізде қос тілділіктің сақталып қала беруіне, әсіресе, шала қазақтар мүдделілік танытуда. Олардың ойынша, жуық арадағы Қазақстанның болашағы қос тілділікке тіке­лей байланысты. Әсіресе, биліктегілердің және қазақ элитасының қос тілді болуы  – өмір талабы. «Қостілділік – бізге Алла сыйлаған үлкен сый. Сондықтан да, біз мұны барынша тиімді пайдалана білуіміз керек. Қазақ тілін дамыту орыс тілінің есебінен жүрмеуі керек, керісінше қостілділікті сақтау бағытында жүруі керек деп біледі» (Ж. Жакупов. Шала қазақ. Алматы, 2009, 59-60 беттер). 
Қазіргі қазақ баспасөзі бетінде қостіл­діліктің ұлтымызға әкеліп жатқан зиян­дық­тары жайлы біршама жазылуда. Солардың бі­рінде Зия Көкалыптың  «Мемлекет ішінде ортақ рухтастықты, ортақ мүдделестікті, ортақ тілеулестікті қалыптастыратын  – ең алдымен, ортақ тіл! Тіл бірлігі бір­те-бірте дін бірлігі мен дін бірлігін де қа­лыптастырады. Сондықтан да, тілдің бір­лігі діннің бірлігі мен ділдің бірлігінен де жоғары тұруы керек!» – деген сөзін  келтіре отырып, қазіргі қазақ қауымының бет-пердесін төмендегіше ашып тастапты: «…қазір қазақ ұлты бірін-бірі іздемейтін, бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі ұқпайтын, бірін-бірі жатырқайтын, бірін-бірі бөгде санайтын, бірінің айтқаны екіншісіне ерсі көрініп тұратын, не болмаса екіншісінің айтқаны біріншісіне оғаш боп көрінетін, бір-бірімен ортақ тіл табыса алмайтын бөлек-бөлек екі ұлтқа айналды. Бұл ұлт­тың бірі қазақ тілді қазақтар болса, екін­шісі орыс тілді қазақтар. Қазақ тілді қа­зақтарды «байырғы қазақ ұлтының бү­гінгі көзі, бүгінге жеткен жұрнағы, қара шаңырақ иесі» деп, қабылдасаңыз, ал, орыс тілді қазақтар туралы бұлай деп айта алмайсыз. Бұларда қазаққа тән, қазақтыққа тән ешқандай белгі-бедер жоқ, ұлттық тіл жоқ, ұлттық түйсінім жоқ, ұлттық сезінім жоқ, ұлттық өріс жоқ, ұлттық діл жоқ, ұлттық рух жоқ, ұлттық тін жоқ, ұлттық намыс жоқ. Демек, «орыстілді қазақтар» дегеніміз – мүлде жаңа қауымдастық, қазақ ұлтының ұзақ жылдар бойы бодандық пен отарлықта болуының кесір-керінен пайда болған жаңа ұлт, жаңа қауымдастық. «Үйдің ішінен үй тігілді, ұлттың ішінен ұлт пайда болды» дегеніміз де осы» (Ә. Меңдеке. Ұлтбезерлік немесе ұлтбезерлікті мемле­кет­тік саясаттың құралына айнал­дыруға бола ма? «Ақиқат», 2013, №11, 58-59 беттер) – тұрғыдағы ойын білдіріпті.  
«Бұл (үштілділік) – қазақ ұлтының қамын ойлағандықтан ойлап табылған ақыл емес, бұл – қазақты ұлттығынан айыру, ұлт емес, дүбіра бір нәрсеге – әйтеуір қарны тоқ, киімі бүтін болғанына мәз бір тіршілік иесіне айналдыру үшін әлдекімдер, не өздері, не шетел мәде­ниеттанушылары деп аталатын қаскөй­лердің тапсырмасымен ойлап табылған қаскөйлік. Өйткені, көзін ашқаннан ағылшынша, орысша араластырып сөйлейтін байғұс сәби ертең өз ұлтының аза­маты болайын десе де бола алмайды. Ал, ең әуелі өз ұлтының азаматы бола алмаған адамның ешқашан кей­­бір орыс­тілділер айтатын «планетарный», «общечеловеческий масштабтағы» адам болуы мүмкін емес» (М. Кенжебай. Ұлт­шылдықты орыстан үйрен. Сөйтіп құл­мінезден арыл, қазағым! «Қазақстан-За­ман», 21.08.2014). 
Сонымен, қостілділік дегеніміз – ұлт әлсіреген кездегі ұлттық тілдің жойыла бас­тауын байқататын жол; адамдардың суға кетіп бара жатқан ұлт тілінен оны осындай жағдайға душар еткен екінші бір тілге  ауы­сар­дағы аралық сатысы. Қостілділіктің адам­дардың күнделікті тіршілігінде пайдалы жағы көп болғанымен де түптің түбінде ұлттың тамырына балта шабар аса қауіпті құбылыс екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қостілділік екі тілдің теңдігі жайында жүрсе ғана екі тілдің де қатар дамып, байи түсуіне игі әсерін тигізе алады. 

 

Алдыңғы «
Келесі »