АЙДЫНДЫ ОРАҚ

  • 03.10.2014
  • 1703 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

Орақ дегенде, есімізге Мамай түседі. Ноғайлының Мұса биінен туған отыз ұлдың ішінде Орақ батыр болып қол бастады, Мамай би болып ел басқарды. Орақ дүниеден өткенде, сексен бестегі анасы: 


Айдынды Орақ, айды Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Аштарханда даңды Орақ,
Арғымақ атың азды, Орақ,
Байтақ жұртың тозды, Орақ,
Келер болсаң, жылдам кел,
Сексенге келген қарт анаң,
Жылай да жылай жазды, Орақ! [1, 129] – деп жоқтау айтқан екен. Әкесі «хан Мұсадан жүлде алған, ағасы би Мамайдан үлгі алған» Орақтың ерлігі естен кетпейді. Біздің сөзіміз де Орақ батыр туралы. Ол да батыр, ол да айдынды. Бірақ, басқа. Басқа болса да, Мұса биден өніп, өскен бір дарақ. Оның Ресей дерек көздерінде сақталған аты-жөні – Петр Урусов, дүниеден 1639 жылы өткен.
Петр Урусов – қазақ ханзадасы, Қасым ханы Оразмұхамед Онданұлының қарулас серігі, Ресейдегі аласапыранның қалың тұманынан аман шыққан [2: 91; 158-159] ірі әскербасы, тарихи тұлға. Азан шақырып қойған аты – Орақ. Өзімен тете інісінің азан шақырып қойған аты – Зорбек.  Әкесінің аты – Жанараслан, Ноғай Ордасының ірі биі, ұлысбегі. Атасы – Ноғай Ордасының бас билерінің бірі, ұлысбегі Орыс. 
Орыс мырза Ноғай Ордасында билік тізгінін 1578 жылдың көктемінен бастап ұстады. Осыдан бастап қашан өлгенге дейін (1590 жыл) оның өмірі үздіксіз ішкі және сыртқы тартыстар мен соғыстардың шиеленіскен өрісінде өтті. 1587-1588 жылдары Ноғай Ордасында болған Мәскеу елшісі Иван Судаковтың жазбаларында Орыс мырзаның Мәскеу патшасының қоластында болатынына ант бергені туралы мәліметтер бар. Орыс мырза өзінің бұл ісін Түрік сұлтанына елші жіберіп, былай түсіндіреді: «Мәскеу патшасына қарады деп маған және менің қасымдағы мырзаларға кінә қойма – Астрахань, Еділ мен Жайық, Самар кімдікі болса, бүкіл Ноғай да соныкі» [3]. Түрік сұлтаны Орыс биге кінә қойған жоқ, бірақ, бүкіл Ноғай Ордасын өзіне тәуелділігіне, адалдығына ант беруге мәжбүрледі, Ресей билігіндегі Астраханды алуға итермеледі. Оның салдары жайлы болмады. Ел ішіндегі аумалы-төкпелі әлеуметтік топтардың, түрлі күштердің арасы ашыла түсті.
 Орыс би өз дәуірінде Ноғай Ордасын басқа мемлекеттерден тәуелсіз етуге, әсіресе, Ресей ықпалынан тыс болуға тырысты. Бірақ, Ресейден де, Қырымнан да, түріктерден де тыс бола алмады. Орданың өз ішінде де бірлік болмады. Борис Годунов патша Ноғай  Ордасының  ішкі  ынтымағы мен бірлігінің нығаюына мүдделі емес еді. Астрахандағы әскербасылары Борис патшадан ноғайлардың арасына іріткі салу, оларды бір-біріне айдап салу, бір-бірімен қырылыстырып, ақырында оларды қайыршылық халге түсіру, әрбір әке өзінің баласын Астраханға өзі алып келіп сататын жағдайға жеткізу туралы тапсырма алады [4, 52]. Патшаның тапсырмасы оның ноғайларға қатысты саясатының қандай сипатта болғанын анық аңғартады.
Орыс дүниеден өткен соң ұлыс билігіне Тінахмет бидің үлкен ұлы Урмамет келді. 1600 жылы ұлыс билігі Естерек мырзаға тиді. Бұл тұста Естерек пен Орыс бидің ұлы Жанараслан мырзалардың арасында билік үшін тартыс қатты шиеленіскен еді. Шиеленіс ашық ұрысқа, соғысқа ұласты. Ағайындылар, бірге туғандар бірін-бірі аямады. Осындай жағдайда Жанарасланның балалары Орақ пен Зорбек аманат ретінде Мәскеуге келеді. Осы және басқа оқиғалар жайында Естерек мырза окольничий С. С. Годуновқа берген сөзінде мол мәлімет келтіреді. Борис патша ноғай ордасындағы ішкі тартыста Естерек жағын ашықтан ашық қолдап, оған қарулы көмек көрсетуге дейін барды. Мәскеу қарулы күшінің қолдауымен Естерек ноғай ұлысының билігіне ресми түрде отырды. Ұлыс ішіндегі, ұлысаралық ұрыс, талас толастамады.  
Орақ пен Зорбектің Мәскеуге Федор Иванович патшаның тұсында келгені туралы деректер бар. Ал, нақты мұрағат құжаттары негізінде С. А. Белокуровтың берген ақпарында олардың 1594 жылы Ресей патшасы Борис Годуновқа қыз­метші болуға келгені, патшаның оны қызметке алғаны, шоқындырғаны туралы мәліметтер сақталған. Шоқынғанда Ораққа Петр деген ат, інісі Зорбекке Александр деген ат берілген [5, л. 8]. Орақ батыр жат ел, жат жерде абдырап, адасып қалған жоқ. Ақылға да, айлаға да, әдіске де жүйрік болды. Өзінің табиғатымен, болмысымен ол патша сарайындағы жас­тар­дың алдыңғы қатарынан көрінді [2, 123], 1601 жылы Александр Иванович Шуйскийдің жесірі, князь Григорий Васильевич Годуновтың қызы Аннаны әйелдікке алып, үйлі-жайлы болды. Б. Годуновтың, В. Шуйскийдің патшалығы тұсында биік қыз­меттер атқарды, Ресейдің ішкі, сыртқы жауларына қарсы талай қан майдан соғысқа кірген айтулы қолбасы ретінде танылды. 
Ресейдің сыртқы жауларға қарсы соғысында Оразмұхамед (қазақ ханзадасы) оң қанат әскерді басқарғанда, Мәмет (Үргеніш ханзадасы) сол қанат әскерді, Мәметқұл (Сібір ханзадасы) алдыңғы полкты, Арыстанәлі (Қасым ханзадасы) үлкен полкты бастаған. Тосқауыл полк Шихымның (Самарқан ханзадасы) басшылығында болды. Орақ  батыр ноғай, татар жасақтарының біріккен құрамасын басқарды. Ол В. И. Шуйскийдің тұсында да қолбасылық етті. Аталған қолбасылардың бәрі де ханзадалар, мұсылман елдері хандарының ұрпақтары, қатарынан асып шыққан ел ұландары еді.
1607 жылы күзге салым И. Болотников бастаған көтеріліске қатысушыларды жазалау үшін, В. И. Шуйский Тулаға мол әскермен жорыққа шығады. Оның қазан, романов, арзамас татарларынан тұратын тұтас бір әскери құрамасын Орақ батыр басқарды [2: 87; 145]. Ұрыс Воронье (Упа) өзенінің маңында өтеді [2, 158]. Туланы қорғаушылар қатты қарсылық көрсетеді. Кеңес берушілер қалаға өзеннің арнасын бұрып алып келуді ұсынады. Ұсыныс мақұлданады. Қала қабырғасының түбінен ағып жатқан өзен қаланың өзіне ағады. Қала топан судың астында қалады. Қаладағы жалған Дмитрийлердің бірі, князь Г. Шаховский, Иван Болотников және басқалар жазаға тартылады [6, 121-122]. Болотников көтерілісінен кейін Орақ батыр өз полкімен Крапивна түбінде тұрды.  
Мәскеуге қарасты Украина аумағын шауып, олжалау ноғайлар үшін  пайда табудың өнімді жолына айналған еді. Естерек би  оларды тоқтатуға, олжа боп келген мал мен жанды кері қайтаруға дәрменсіз болды. Өзінің осындай ахуалын Естерек Мәскеу билігіне жазған хаттарында ашық мойындады. Патшаның жарлығы бойынша, Крапивна түбінде тұрған Орақ батырдың құрамасы Ноғай Ордасынан келіп, Мәскеуге қарасты Украина жерін шауып, мал-жанын алып жүрген татар жасақтарымен беттеседі. Мәскеу Украинасын шауып, олжа тауып жүрген қандастарына қарсы өзінің құрама әскерімен жазалау шараларын қолдануға Орақ батырдың дәті бармады. Осыған байланысты алдынан шыққан жол айырығында ол өзінің атамекенінен келген ноғай, татарларға қарсы соғысудан бас тартты, сөйтіп өзін патша деп жариялаған екінші жалған Дмитрийдің тобына келіп қосылды [2, 91]. Көзкөргендердің жазбаларында Орақ батыр інісі Зорбек (Александр Урусов) екеуі 1607 жылы Крапивнаны тастап, әскерімен жалған патшаның жанындағы Оразмұхамедке келіп қосылғаны жайлы ойдың ұшқыны да бар. Қайбір деректер Орақ батырдың осы жолы Қырымға кеткені туралы мәліметтер береді [2: 118; 158-159]. Алайда дерек көздеріндегі мәліметтерде Орақ батырдың – Қырымға, ал, інісі Зорбектің (Александр Урусовтың) Астрахандағы әкесіне дәл осы жолы, 1607 жылы, кеткені туралы нақты мәлімет кездеспейді.  
Ноғай Ордасының алашылары Мәскеуге қарасты елді мекендерді шауып, олжа алуын жалғастыра берді. Олар бір келгенде, 100 мың қолға дейін келіп, мол олжаға батып оралып жүрді. 1609 жылы Орақ батыр Мәскеу маңына қол бастап келіп, олжаға батқан қырымдықтардың аман-есен кері қайтуына жағдай жасайды. Осы жолы оның Қырымнан келгені туралы пікірлер де бар. Алайда, Орақтың 1607 жылы інісі Зорбек екеуі Крапивна түбінен еліне кетіп, одан ағайынды екеуі 1609 жылы Мәскеу өңірін тонауға қайта келді деуге жеткілікті негіз жоқ. 
1610 жылы жазда қырымдықтар он бес мың қол болып келіп, Мәскеу аймағын тағы шабады. Бұл жолы шапқыншыларды Белгород ордасының басы Кантемир мырзаның өзі бастап келген болады. Осы жылы Үлкен Ноғай ордасының адамдары Рязань аймағын талан-таражға салып кетеді. Бұл  істердің барысынан Орақ батыр тыс тұрды деу қиын, оны сол шапқыншылықтардың бәрінің басы-қасында болды деудің де жөні келмейді. Бірақ, Орақ батырдың осы шаралардың бәрінен хабардар болып отырғанын жоққа шығаруға болмайды.     
1608 жылы күзде жалған Дмитрий Қасым ханына князь Иван Михайлович Борятинскийді бас қылып бес мырзасын жібереді. Олардың мақсаты Қасым ханымен бірге хандыққа қарасты қалалардың құрама қолымен Суздаль қаласына келіп, сол жерде ханды да, ханның жұртын да басқа шонжарлармен бірге жалған патшаға адалдығына ант бергізу еді [2, 15].   
Оразмұхамед 1608 жылы желтоқсан айының ортасында жазған хатында Дмитрий атын жамылған екінші бүлікшінің ордасына келмек ойы барын білдіреді [7, 143]. Ол, Жолкевскийдің айтуынша, жалған Дмитрийге шын патша деп сеніп, тамаша нөкерлерімен қалың қол болып келіп қосылады және жасақтарға, жалған патшаның өзіне көл-көсір сый жасап, жомарттық көрсетеді [8, 188-189].  Жалған патшаның қасында ол 1609 жылдың басынан 1610 жылдың желтоқсанына дейін жүреді. 
Аласапыранда Орақ Жанарасланұлы қалың қолымен Оразмұхамедтің қасында болды. Ресейге Борис Годунов тұсында келіп, Ресей патшалығы үшін қызмет етіп, еңбек сіңірген айтулы әскери қайраткерлер ретінде бұлар талай сыннан бірге өткен еді. Борис Годунов  дүниеден қайтып, аласапыран уақыт туғанда, көп жұрт жалған патша мен шын патшаны бір-бірінен айыра алмай, әрі-сәрі күй кешкені анық. Жалған патшаның дүрбелеңі Қасым хандығын басып өткенде, Қасым ханы Мәскеуден қол үзіп қалған-ды. Оның үстіне Борис Годуновтан соң патшалық еткен, аласапыран уақытта ел басқарған Василий Шуйский Қасым хандығының жұртына да, Қасым ханының өзіне де тура жол көрсете алмаған еді. Өтірік шындай болған аласапыран заман Орақ Жанарасланұлы үшін де, Оразмұхамед үшін де қатерлі сипат алды. Аласапыран кезеңнің сұрапылы тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінде бұл екі арысты жалған патшаның тобымен тоғыстырды.
Жалған патша Тушинода жүгенсіздік жасап, қаныпезерлік көрсетті. Күн өткен сайын оның көргенсіз болмысы әр түрлі қырынан сорақылықпен ашылып жатты. Мұның өзі Қасым хандығының ханы, қазақ ханзадасы Оразмұхамедтің, оның қасындағы қандыкөйлек серігі Орақтың көздерін шындыққа жеткізді. Олар өздері патша деп таныған адамның Дмитрий атын жамылған бір арамза, қасиетсіз қарақшы екені туралы қорытындыға келді. Айналасын жинақтап, Мәскеуге бару туралы ойға тоқтаған бұл екі асыл жан өз жақындарымен астыртын хабарласа бастайды. Тілеулестер, іштартушылар тобы бірте-бірте арта түседі. Жалған Дмитрийдің шын болмыс-бітіміне көздері жеткен белгілі ақсүйектер, әскери қызметкерлер бүлікшімен бірге болуға, оған қызмет етуге арланып, Мәскеуге орала бастайды. Патша тағындағы Василий Шуйский оларға кешіріммен қарап, тиісті лауазым береді. Көзі ашық, ақиқат жолындағы парасатты, арлы азаматтардың мұндай беталысы жалған Дмитрийді қатты үрейлендіреді. Оның берекесіздігі, үрейі ұшқан мүсәпір күйі Орақтың қырағы көзінен де таса қалмайды.
1609 жылдың аяғында Тушинодағы жалған Дмитрийдің тобырына король Сигизмундтың елшілері келіссөз жүргізуге келеді. Сигизмунд бастаған топ пен жалған патша бастаған топ Мәскеу тағынан үміті бар бәсекелестер еді. Соған қарамастан Мәскеуге қарсы күресте екеуі тізе қосып, бірігіп кетіп отырды. Шынға келгенде, бұлардың әрқайсысы екіншісімен және Мәскеу билігімен бірдей соғыс жағдайында болды. Оның үстіне Сигизмундтың адамдары жалған патшаның қарамағында полк басқарып жүрді. Жалған патшаның ордасында Сигизмундке іштартушылар көбейіп келе жатты. Рожинский бастаған кәнігі әскербасылар жалған патшаның сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау аясын қысып, өз уысында ұстады. Осының бәрі жалған патшаның өз айналасындағылардың қастандығына ұшыраудан сақтанып, 27 желтоқсанда, әйеліне де қарайлай алмай, түн жамылып Калугаға қашуына алып келді. Ол кеткен соң Тушинода сапырылыс басталады. И. Заруцкийдің басына қатер төнгенде, оны князь Рожинский қорғап қалады [9, 21.02.1610].  Оразмұхамед пен Орақ батыр Тушинода қалып қойғанда, Оразмұхамедтің ұлы Мұхамед-Мұрат жалған Дмитриймен бірге Калугаға кеткен болып шығады. Жұрт әр тарапқа бет алады. Қасым ханы Оразмұхамед 1610 жылдың 31 наурызында кешқұрым Александр Збровскиймен бірге Смоленск түбінде тұрған король Сигизмундтың тобына келіп қосылады [8, 31.03.1610]. Қасым ханы корольмен мына сөздерді айтысып амандасады: «Мен – сенің қарашыңмын. Сенің ұлық мәртебеңе қызмет қылып, қанымды төгуім үшін қол бер, қолыма қару бер» [9, 03.04.1610].
Смоленск қамалын күшпен алуға Си­гиз­мундтың шамасы жетпеді. Қамалды қор­ғаушы жүзбасылардың бірі: «Күшіміз сарқылып, әліміз құрып біткенде  амалдың жоқтығынан бәрібір берілуге мәжбүр боламыз. Өйткенше қазір берілейік» [9, 01.11.1609], – деген ойын білдірген екен. Ол сол сәтте жазаға тартылады: сол күннің ертеңінде жан тапсырады. Cоған қарамастан, Король қамалды қорғаушыларға Оразмұхамед бастаған әскербасылар мен боярларды және бас­қаларды елшілікке жіберіп, қамалды бейбіт жолмен алмаққа талпынады. Қамал қорғаушылар елшілер өкілі әкелген хатты оқиды, корольдің талабын біледі, елшінің басына бал құяды, содан соң оны бұдан былай мұндай хатпен келмеу туралы қатты ескертіп, кері қайтарады  [9, 18.04.1610].
Оразмұхамед пен Орақ та Смоленск түбінде тұрақтай алмайды. Қасым ханы Мәскеуге оралу туралы ойға біржола тоқтағанмен, ол ойын іске асырудың жолы бұралаң болып шығады. Мәскеу патшалығындағы В. Шуйский 1610 жылы тамызда тақтан тайып, монах кейпіне түсті. Мемлекет билігі Федор Иванович Мстиславскийге тиді. Ол ел­дегі алпауыттарға, боярлар мен князьдерге ақыл салып, патриах Ермогенмен бірге Сигизмундтың ұлын Ресей патшасының тағына отырғызу туралы ұсыныс көтерді [2, 19]. Жолкевскийдің ай­туынша, Ф. И. Мстиславский король Сигизмундтың ұлы Владиславқа қат­ты іш тартқанға ұқсайды [8, 118]. Шын мен жалғанды, оң мен терісті, дұрыс пен бұрысты айыру хан үшін де, қараша үшін де қиынға айналды. Осындай аласапыран жағдайда Қасым ханы баласының, әйелінің жалған Дмитрийдің қолында қалғанын айтып, гетманның рұқсатымен Смоленск түбінен Калугаға бет алады [8, 190]. Орақ батыр да сонда келеді. 
Калугада болған бірер ай ішінде Ораз­мұхамед те, Орақ батыр да жалған Дми­трийдің қылықтарынан жерініп, іштен тынады. Оразмұхамед жалған Дмитрийдің жанында нөкер болып жүрген баласы Мұхамед-Мұратты өзімен алып кетпек болып едәуір уақыт өткізеді. Мұхамед-Мұрат бұл тұста жалған патшаға бар көңілімен ауып, оның: «Қасым ханының тағына сені отырғызамын», – деген алдамшы сөзін буынына түсіріп алған еді. Осындай ойдағы, осындай күйдегі Мұхамед-Мұрат мақтанға, мансапқорлыққа біржола бой алдырып, әке тілегін аяқ асты етеді. Жалған патшадан да, жалған дүниеден де шаршап, шалдыққан әкенің ойы балада болғанда, баланың ойы далада болып шығады. Көз алдында Қасым хандығының алтынмен апталған хан тағы тұрғандықтан, бала басқа жаққа көз салып, басқа нәрсеге ой салып жатпады. Сондықтан, ол әкесінің Мәскеуге кетпек ойын мақұлдамады, онымен тоқтап қалмай, болған әңгімені жалған Дмитрийге жеткізді. Мұны естіген жалған Дмитрий Қасым ханы Оразмұхамедтің көзін жоюға бекінеді.
1590 жылы Ресейдің шведтерге қар­сы соғысында қолбасы ретінде үл­кен ерлік көрсету, 1598 жылы Ресейдің қырымдықтарға қарсы соғысына қа­тысу, 1601 жылы Ресейдің Қырым хан­дығы бетіндегі барлық қарулы күшіне қолбасы (воевода) болу және басқа да ірі соғыс істеріне басшылық жасау Ораз­мұхамедтің қалың ел алдында да, қаптаған қарулы күш алдында да абыройын асырған-ды. Оның  оқ пен оттың ортасына сан рет кіріп, одан сан рет сау шыққан, отқа салса күймеген, суға салса батпаған нағыз қаһарман қолбасы  ретінде аты шығып, даңқы жайылған болатын. Қасым ханының ел-жұрт, халық үшін сіңірген еңбегі, хандықтың қарулы күші мен қарапайым халқы алдындағы қадір-қасиеті аса зор еді. Оны бүкіл қарулы күш бек құрметтеді. Мұндай ірі, дара тұлғаның соңындағы қалың қол – ірі күш. Егер, ол Мәскеуге бастар болса, онымен бірге қалың қол да Мәскеуге кетер еді. Ерлігін ел-жұрты таныған мұндай ерен азаматқа, Қасым хандығының бас қолбасысы әрі ханына ашық қарсы шығу, оның көзін жою туралы  ашық айту жалған Дмитрий үшін қауіпті, тіпті, оның өз басын жұтуға алып келетіндей қатерлі іс еді. Патшакештің Калугада жақтастары мен сыбайластарының аз еместігіне қарамастан, осы жайлардың бәрі оның ойын онға, санасын санға бөлгенінде, мазасын алып, ұйқысын қашырғанында сөз жоқ. Ақыры ол таби­ғатына тартып, қарақшылық жолды таңдап алады: Оразмұхамедті ел көзінен таса, оңаша жерге алдап шақырып, арам ойын сол сәтте жүзеге асыру туралы шешімге келеді. Елді бұзған жалған патша жаман ойын жүзеге асыру жолдарын алдын ала кесіп-пішіп, іске көшеді. 1610 жылы 22 қарашада нөкерлерін жиып, аң аулауға шығады. Аң аулауға шығарда Оразмұхамедке хабаршы жіберіп, оны өзімен бірге жүруге шақырады. Ша­қыру табан астында болғандықтан, Ораз­мұхамед жанына екі адам ғана ер­теді. Орақ батыр бұл жайдан хабарсыз қалады.
Қулық  пен  сұмдық істе алдына  жан салмайтын жалған патша Ораз­мұха­медпен бірге Ока өзенінен өткен соң, қатарына Михайл Бұтұрлин мен Игнашка Михнев деген екі жанкештісін алып, маңындағы көптен бөліне, оңашалана береді. Ойына бөтен ой алмаған хан қапыда қалды. Аңға шыққан жұрттың көзін ала бере, үш қарақшы Оразмұхамед пен оның екі серігін қас қағым сәтте қылышпен қидалап өлтірді де, Ока өзенінің мұзын ойып, денелерін суға батырды. Ойға алған ісін бітірген жалған патша сол жерде бүлініп, өзін Қасым ханы Оразмұхамед өлтірмекші болғанын дабыралап айтып, қор­қып-үріккен, шошып-қалтыраған дауыс­пен сарайына айқай салып, ат қой­ып келеді. Өзінің өлмей, әрең тірі қалғанын, ал, Оразмұхамедтің Мәскеуге қашып кеткенін айтып, сандырақтайды. Іле Мәскеуге қашқан Оразмұхамедтің артынан қуғыншы жасақ, қарулы топ шығарады [10, 170-171]. Қарапайым жұрт оның мұнысына сенген болады. Ал, Орақ батыр болған істің жайын астыртын зерттеп, шындыққа көз жеткізеді. Ол Оразмұхамедтің өліміне оның баласының қатысы барын біледі. Өз әкесіне өзі опа­сыздық жасаған, өлім тілеген сатқын баланың басын алуға бекінеді. Бұл кезде жалған патша Мұхамед-Мұратты Қасым ханы деп жариялаған еді.
Орақ батыр Қасым хандығының жаңа ханының жолын тосып, бірнеше түнді өт­кі­зеді. Ақырында сәті түскендей болады. Кешкі сауықтан бұлғақтап келе жатқан жазықты деген басты кек қылышы қиып түседі. Бірақ, кейін анықталғандай, бұл Оразмұхамедке де, оның өліміне де қатысы жоқ басқа біреу болып шығады. Жалған патша Орақ батырды адам өлтіргені үшін жауапқа тартып, абақтыға қамап қояды. Бірнеше жетіден кейін оны абақтыдан босатып, достық құшағын жайған болады. Орақ батыр оның мұнысын сыр бермей қабыл алады. Бірақ, оның сырты тыныш болғанмен, ашу-ызасында шек жоқ еді. Орақ батыр енді жалған патшаның көзін құртуға, Оразмұхамедтің қаны үшін қан төгуге, жаны үшін жан алуға серт етеді.
Көп ұзамай жалған патшаның аң аулауға шығатыны белгілі болады. Орақ батыр өз адамдарына дайын болуды ескертеді. Жалған патша аңға шыққан күні бұлар да қаланың әр қақпасынан бөлек-бөлек шығып, Ноғай даласына бас­тайтын Пельн қара жолына бет түзейді. Дерек бойынша, бұлардың жалпы саны мың қаралы болған екен. Жалған пат­шаның шанасына жанай берген Орақ батыр оның оң қолын иығынан шауып түсіреді. Ізінше: «Оңбаған алдамшы, ханды өлтіріп, мырзаны зынданға салғанның қандай болатынын мен саған көрсетейін!» [11, 189] – деп қаны қайнаған қайсар қолбасының алмас қылышы екінші рет жарқ ете қалғанда, жалған патшаның бүлікшіл басы кеудеден төмен домалап, жерге түседі. Қайбір дерек көздерінде жалған патшаның қолын (басын) шауып түсіретін Орақ батырдың өзі емес, інісі Зорбек болып көрсетіледі [6, 221-222]. Жат жерде табысқан жан бауыры, қимас досы Оразмұхамедтің өлімі үшін Орақ батыр осылай кек қайтарады да, артына алаңдамай, түмен қолды бастап, туған жеріне, атамекеніне қайтты. Бұл 1610 жылдың 11 желтоқсаны еді [2: 57; 217; 7, 364-365; 8, 191; 13, 198].
Жалған патшаның өлімі Ресейдегі аласапыран, бұлғақ жағдайдың оңалуына ті­ке­лей ықпал етті. Ол көзі тірісінде өзінің хандық ордасын Астраханға көшірудің жолын ойластыруда еді, оған алып баратын жолды жақсы білетін Орақ батыр мен оның түменіне де жалпақтап, жалған қошемет көрсететін. Аласапыранның ортасында жүр­ген шетелдік Мартин Бер осы жайларды сараптай келіп, былай деп тұжырым жасады: «Егер, жалған Дмитрийдің ойы жүзеге аса қалған болса, онда Ресей сұмдық алапат ауыртпалықты бастан кешірер еді. Бірақ, одан Құдай сақтады» [11, 187-188].
Мартин Бердің сөзінің жаны бар. Жал­ған патша хандық ордасын Астраханға алып келгенде, елдегі бүліншіліктің одан ары жалғаса беретінінде сөз жоқ болатын. Оның салмағы, әрине, алдымен, қарапайым халыққа түсуші еді. Ел азып, ер сасатындай шақта бүлікбасы жалған Дмитрийдің өлім табуы Ресей халқының басына үйірілген бүліншілік бұлтын серпіп, ел аспанын ашып, қобалжыған көңілді орнына түсіргендей еді. Ресей халқының аласапыран, дүрбелең, бұлғақ уақыттың қыспағынан аман-есен шығуына өлшеусіз зор қызмет еткен екі жағдай бар. Оның бірі – Қасым ханы Оразмұхамедтің шындыққа көз жеткізіп,  жалған патшадан безінген, Мәскеу би­лі­гіне бет бұрған саяси ұстанымы. Екін­шісі – Орақ батырдың естен кетпес ерен ерлігі.
Орақ батыр осы кеткеннен Қырымға барып бір-ақ тоқтайды. Зорбек әуелі Азовқа келеді, одан соң Астрахандағы әкесіне кетеді [13, 185-186]. Бұл кезде Жанараслан мырза Астраханда еді. Орыс мырза кезінде Ресейдің Ноғай Ордасына ықпал жасауға ұмтылған талабына ашықтан-ашық қарсы күресті. Ресейдің Ноғай Орда­сын­дағы ықпалына, билігіне деген осы қарсылық Жанараслан мырзаның саясатында да сақталды. Ол әке саясатын одан ары қарай жалғастыруға сақадай сай болды. Алайда, Ресейдің ноғай ұлыстарына деген ықпалы бұрынғыдан әлдеқайда күшейіп, Ноғай Ордасы ішкі тартыстан азып, ақыры үшке бөлініп кеткен еді: а) Алты ұл ауылы; ә) Кіші Ноғай ордасы; б) Үлкен Ноғай ордасы. Бұлардың әрқайсысы өздігінше еларалық қарым-қатынас орнатуға күш салды. Мысалы, Алты ұл ауылы Қазақ ордасымен ынтымақта, достық ниетте болды [14, 421].
Еділ мен Жайық бойына жағалай қамал салып, қала тұрғызып, мысықтабандап жылжып келген, Қазан мен Астраханьды алып қойған, Азовқа қол сала бастаған Ресей Ноғай Ордасындағы билігін нығайта түсті. Дербестікке, тәуелсіздікке ұмтылған Жан­­арасланның ұлысын, ауыл-аймағын шауып, мал-жанын олжалап отырды. Әке­­­сінің қасына келген Зорбектің (Александр Урусовтың) қалыптасқан ахуалды жақсартуға ықпал етуге әлі келмеді. Естерек мырза Астрахань казактарымен бірлесе отырып, Жанараслан мырзаны қамаққа отырғызды. Астрахань әскербасысы Шереметьев 1608 жылы Василий Иванович патшаға жазған ақпарында (парақтың сыртына) Жанараслан мен Қанай мырзалардың бұрынғыша қамақта отырғанын атап өтеді [13, 162-163]. Естерек бастаған мырза­лардың арасында да мықты бірлік болмады, алайда, олар Жанараслан мырзаға қарсы шығуға тура келген жағдайда бас біріктіріп отырды. Оның үстіне Естерек ордадағы билігін Ресейдің қолдауымен қорғап, ұстап отырғанын жақсы білді.
Орақ батыр Қырымға келгенде, но­ғай­лардың жағдайы осындай еді. Ол Қырымға Мәскеу мемлекетінің жағдайы туралы аса бағалы және ең соны деген мәліметтерді алып келді. Қырымның Мәскеуге қатысты саясатын анықтауда бұл мәліметтердің маңызы өте жоғары болды. Орақ батыр Қырым хандығының Мәскеу ісі бойынша бас кеңесшісіне айналды, Қырымдағы ноғай мырзасы Кантемирдің қызына үйленіп, орда­басыға жақын адамдардың біріне айналды.
Орақ батыр өзінің атамекеніне оралған соң, көп ұзамай Ресейдегі ала­са­пыранның басы болған бүлікші топ Астраханға келді. Орақ батырдың  қо­лынан өлім тапқан жалған Дми­трий­дің әйелі, баласы және бүлікші әскербасы Иван Заруцкий Астраханға келіп, жалған Дмитрийдің жас баласын Астраханда патша деп жариялады. И. Заруцкий мен Марина Астрахань аймағына келер қарсаңда Естерек би Мәскеу қызметіндегі әскери күштің көмегімен өзіне қарсы топтағыларды күшпен бағындырып, бас көтерер мырзаларды қамауға салған еді. Олардың қатарында Жанараслан мырза да болды. И. Заруцкий қамаудағыларға бостандық беріп, оларды өз жағына тартты. Оның қоластында бірталай казак атамандары, қарақшы казактардан тұратын қарулы күш тұрды. Айналадағы мырзалар Маринаның жалған Дмитрийден тапқан баласына адалдығын растап ант бере бас­тады. И. Заруцкий Естерек биге қарсы жергілікті мырзаларды, татар жұртын, Астраханьдағы қарулы қолды пайдаланды. 1614 жылы Естерек би И. Заруцкийге бас иіп, «заңды патшаның ұлына» адал қызмет етуге ант берді. Кейін өзінің бұл ісінің мәнісін ол И. Заруцкийдің мынадай өкімді сөзіне амалсыз бағынуға мәжбүр болуымен түсіндірді: «Заңды патшаның ұлына қызмет ет. Барша христиан жұр­ты бас қосып, Дмитрий патшаның ұлын ұлықтап, патшалыққа сайлады. Егер, бізбен бір болғың келсе, антыңды бер, аманатқа балаңды бер. Бізді алдама, бізге алдамшы сөз айтпа, әйтпесе, алты ру жұртпен Жанарасланды көтеріп, бәрі­міз саған қарсы шығамыз» [14, 443]. Естерек сөзінің соңын Жанараслан мен оның немересі, жетіруы – түп-түгел өзі­нің бітіспес жауы екенін айтып, патша ағзамды оларға қарсы өзімен, өзінің ұлан­дарымен бірге соғысуға шақырады [14, 444]. 
1614 жылы көктемде хатқа түскен мәліметтерге қарағанда, И. Заруцкий Астра­хандағы ұры-қарыларды, Естерек мырзаны, Жанараслан мырзаны жұртымен, сонымен қатар, татар жұртын көтеріп, Самара қаласын алуға аттанбақ ойда болғанға ұқсайды [14, 419]. Астрахандағы бүлікші топтың басына аманатқа Естерек, Тінахмет мырзалар – балаларын, ал, Қара Келмембет інісін беріп, өздері айналасындағы ноғайларымен Самараны алуға аттанатынына ант еткен деседі [14, 421]. Ес­теректі өз жағына тартқан соң, И. Заруцкий Орақ батырдың әкесі Жанарасланға сенімсіздікпен қарап, ақырында оны қамауға алады. Осы жылы мамырдың басында бүлікшілер Астраханды тастап, Жайықтың бойын өрлеп, Аю аралына қарай жылжиды. Дерек көздерінде бүлікшілердің билігі Третьяк Ус деген казак атаманында екені, қалғандарының бәрі соған бағынышты екені, аманаттағы ноғайлардың, солардың ішінде Орақ батырдың әкесі Жанараслан мырзаның билігі де соның қолында екені туралы мәліметтер сақталған [14, 26]. Осы аласапыранда Естерек мырза Мәскеу билігіне елші жіберіп, Жанараслан мырзаны И. Заруцкиймен бірге Мәскеуге, өзіне, ноғай ордасына қастандық жасаушы дұшпан ретінде көрсетіп үлгереді. Мәскеу әскербасыларының Естерек мырзаға жазған өкім-хаттарында (грамота) Жанарасланның Мәскеуге, Естерекке, бүкіл Ноғай Ордасына дұшпандығы И. Заруцкийдің дұшпан­дығымен бірдей аталды [14, 26-28].
В. Хохлов қарулы қол бастап келіп, Астраханды бүлікшілерден азат етті. И. Заруцкий мен Марина бүкіл айналасымен 25 июньде Жайықтың бойында қолға түсті. И. Заруцкийдің қолында пенде болған Жанараслан (Урусов), Орақ (Тинмаметов) бастаған ноғай мырзаларын, Естеректің балаларын казактар Астрахандағы әскербасылар Одоевский мен Головинге апаруға ұйғарады [14, 32]. Естерек мырза айналасындағы бірнеше мемлекетпен бірдей өзара ынтымақтастық туралы келіссөз жүргізе бестады. Осы келіс­сөздердің Түрік сұлтанатына қатыс­ты бағыты бойынша, Естерек Түрік сұлта­натына бодан болды. Бұл Қырым тарапынан үлкен қарсылықтың тууына алып келді. Естеректің Түрік сұлтанына бодан болып, оған адалдығына ант бергеніне байланысты Қырым ханы Жәнібеккерей наразылық білдірді. Ол Естеректің Түрік сұлтанына емес, өзіне бодан болуын талап етті. Естерек оны тыңдамады. Мұның үстіне Қара теңіздің батыс жағалауынан тәуелсіз жаңа орда  қанат жайды. Орда орталығы Белгород болды, орданы Кантемир мырза биледі. 
Қырым ханы Жәнібеккерей Естерекке қарсы үлкен қолмен Орақ батырды жұм­сайды. Орақ батыр Естеректі Астраханға жақын келіп қонуға мәжбүр етеді. Осылайша, Естеректің ісіне, бір жағынан, Қырым хандығының, екінші жағынан, Мәскеу пат­шалығының көңілі толмады, сонымен қатар, оның ісіне Түрік сұлтаны да разы болмады. Қалыптасқан жағдайды негізге ала отырып, Орақ батыр мен Зорбек мырза (Александр Урусов) Мәскеу елшісі Г. К. Болконскийге бас иіп, құрмет көрсетіп, Естеректің орнына өздерінің әкесі Жанараслан мырзаны билікке тағайындау туралы тілек білдіреді. Мұның артынша Қырым ханы Жәнібеккерей Мәскеуге жазған хатында былай деді: «Естерек Сізге дос емес, бізге жолдас емес. Өзі ақымақ, ойы бұзық. Иесіз мал сияқты ен далада маңып, аярлығымен, жолбикелігімен жол тауып жүр. Біресе бізге қосылады, біресе сізге қосылады, енді, біресе қызылбастардың шахына бас ұрып, литовтықтардың ко­ро­ліне жарамсақтанады. Бірақ, еш­кімге де опа бермей, желдей еседі».
Жәнібеккерей ойын одан ары қарай жалғастырып, Мәскеу билігі алдына үлкен мәселе қояды: Естеректің орнына Орақ батырды тағайындауды ұсынады. Мәскеу билігі бұл ұсыныстардың бәріне өз мүддесі тұрғысынан қарады. Орақ батырдың Ресей­дегі аласапыран кезде екінші жалған патша жағына шығып кеткенін, одан туған жеріне оралғаннан кейін ноғайларды бастап барып, Ресейдің елді мекендерін шауып, олжа алғанын патшалық қызметіндегілер ұмыта алмаған-ды.
ХVІІ ғасырдың басында Түрік сұлтана­тының Еуропадағы басты қарсы­ласы Польша еді. Түрік сұлтанаты Польшаға қарсы әскери іс-шараларына Қырым хандығын тартты. Түрік сұлтанаты мен Қырым хандығы Польшаға қарсы шапқыншылықтарына Ресейді тартуға мүдделі болды. 1619 жылы Түрік сұлтаны Қырым ханын Польшаға қарсы соғысқа шығарды. Соғыс жорығына алғашқылардың бірі болып Белгород но­ғай­ларымен Кантемир мырза, Орақ батыр көтерілді. Жорық туралы жарлық Қы­рымды түгел қамтыды. Олжа тапқысы кел­ген жасақ жорыққа өздігінше жиналды. Қырымды айнала қоршаған дұшпандардан қорғауға қажетті күшті сақтап қалудың өзі қиынға түсті.
1620 жылы Жәнібеккерей Польшаға қарсы жаңа жорыққа шықты. Жорықты ханның өзі емес, қалғасы Дәулеткерей басқарды. Жорықтың алдын Орақ батырдың ауыр қолы бастады. Жорық нәтижесінде Польша Цецора түбінде ой­сырай жеңілді. Жорықшылар олжаға қарық болды. Жорық нәтижесіне жел­пінген Осман сұлтан Жәнібеккерейге жоңа жорыққа шығу туралы жарлық берді. Жәнібеккерей бұл жолы жорыққа қырымдықтардан, таулық черкестерден, кіші және үлкен ноғайдан 100 мың қол шығарады. 1621 жылы бұл жорық сәтсіз аяқталады. Осы кезде Кантемир мырза Бельгород ноғайларының ордасын Қырым хандығына тәуелсіз деп жариялап, Түрік сұлтанына тікелей бағынатын әлеуетке ие болды. Кантемирдің билігі күшейді, бүкіл түрік-поляк шекара аймағының сақшысы мәртебесіне ие болды. Кантемирдің билігінің нығаюына Орақ батыр зор үлес қосты, өзі де күшейді. 
1623 жылы Кантемир ұлысының адам­­дары Ресей Украинасының бірнеше уезінің мал-жанын олжалап алып кетеді. Бұлардың кім екенін сұрастырғандар екі топты көрсетеді: бірінші топ – Орақ батыр бастаған Белгород ноғайлары; екінші топ – Қырымдағы аласапыран жағдайды пайдаланып, олжа іздеп шыққан қырымдық Шебаш мырза. Дон казактары қағазға түсірген мәліметтер бойынша, Орақ батыр Азовқа арнайы келіп, азовтық ноғайларды осы жорыққа қатысуға өзі үгіттегенге ұқсайды. Білемін деушілер осы жорықта Орақ батырдың өз бетінше іс қылатынын, оның Қырымға оралмай, Кантемирге кететінін болжап баяндайды.
Қырым хандығы Кантемир мырзаның өз алдына бөлек, Түрік сұлтанына тікелей бағынатын жеке орда болғанына жайбарақат қарап отыра алмады. Қырым хандығының басына Махметкерей мен Сағынкерей келді. Жәнібеккерей хандықтан босады. Махметкерей мен Сағынкерей тұсында Қырым хандығы күш алып, нығая түсті. Хан қызылбастардың шахымен, запорождық казактармен мәмілелесті, Тү­рік сұлтанымен текетіресетін деңгейге дейін жетті. Ол казактарға сүйене отырып, Белгородтағы Кантемирді әуле­тімен, ұлысымен Қырымға күштеп алып кетті. Алайда, билік басындағы хан мен ханның қалғасы арасында берік, біртұтас бірлік пен тірлік болмады. Махметкерей (хан) мен Сағынкерей (қалға) екеуі екі жаққа тартты: Махметкерей – түрік сұлтанына, Сағынкерей – қызылбастардың шахына. Хан мен ханның қалғасы арасындағы алауыздық хандықтың күші мен қуатына кері әсерін тигізбей қоймады.   
1627 жылы Кантемир мырза өзіне жа­қын он үш мырзамен бірге мың қаралы адам болып, Қырымнан қашып шығады. Онымен бірге Орақ батыр да болады. Кантемир, Кантемирдің інісі, Орақ мырзалар он мың ноғайлымен Белгородта тұрады [15, 17]. 1628 жылы қыста Сағынкерей Белгород (Ақкерман) аймағын шауып, Дунайға дейін барады, Бабадаг асып, олжаға батайын деп тұрғанда, Кантемир мен Орақ батыр 30 мың тың қолмен күтпеген жерден шыға келіп, оның әскерін жеңеді. Сағынкерей санаулы адамдарымен аман қалып, Қырымға көктемде жетеді. 
Ізінше Кантемир қалың қолмен келіп, хан мен қалға, Мәскеу елшілері ты­ғы­лып жатқан қаланы қоршауға алады. Қор­шаудағылар ашығады. Хан мен қалғаға кө­мекке запорождық черкестер келіп, олар­дың жанын сақтап қалады. Кантемир мырза мен Орақ батыр Каф түбіне ығысады [15, 70]. Хан мен қалға түрік сұлтанына қарайтын Каф түбіне келгенмен, шешуші соғыс ісін бастауға батпайды. Сөйтіп тұр­ғанда, 21 июнь күні Каф түбіне теңіз жо­лы­мен бұрынғы хан Жәнібеккерей мен бұ­рынғы қалға Дәулеткерей Түрік сұл­та­нының пәрменімен жиырма кеме әс­кер­мен келіп түседі де, Кантемир мырза мен Орақ батырдың қолымен бірігеді. Жәні­беккерей мен Махметкерей екі жақ болып қатты шайқасады. Ұрыс барысында Мах­мет­керей (хан) мен Сағынкерей (қалға) жағындағы қол түгелдей Жәнібеккерей мен Дәулеткерейдің жағына шығып кетеді [15, 71].
А. А. Новосельский татарлар мен ноғай­лардың 1618-1630 жылдардағы олжа үшін жасаған жорықтарын жылдар және аймақтар бойынша саралап келіп, осы жорықтардың бәрі Орақ батыр, Қылыш мырза және басқа белгілі мырзалардың бастауымен болғанын атап өтеді.
1633 жылдың басында Түрік сұлтаны Ресейге жақтасып, Польшаға қарсы Кантемир мырзаны жұмсайды. Жорық қолын бастап Орақ батыр шықты. Жорық барысында ол үлкен жеңіске же­тіп, қыруар адамды тұтқынға алады. Осы жылдың күзінде Польшаға қарсы қызылбастардың Абаз пашасы да жорыққа шығады. Орақ батыр Абаз паша бастаған жорыққа да қатысады. Бірақ, бұл жорық күткендегідей нәтижелі болмайды.
С. Тарбеевтің Қырымға елшілігінің (1626-1628 жылдар) барысы туралы патшаға бер­ген ақпарында Қырымда Махметкерей хан мен ханзада аяғынан нық тұрса, Кантемир және оның бауырлары мен немерелері Орақ батырмен бірге бүкіл ноғайлармен Қырымнан кетіп, үлкен ноғайдағы Астрахань түбіне барып, патшаға бас имекші, патшаның кең қолтығының астында бол­мақ ниетте екенін және патшаның астра­хандықтардың айыптарын кешіріп, бәрін бастап Қырымға баруынан үміт ететінін жазады [15, 98-99]. Айтылған жайлардан Орақ батырдың ата жұртына, үлкен ноғайға бармақ ойы барын аңғаруға болады. Сонымен қатар, оның Түрік сұлтанына бас иген Қырымға көзқарасы да лайықты сипатталған. Осы ақпардың соңында Қы­рым патшалығына Жәнібеккерейдің келгені, Махметкерейдің қашып кеткені, Кантемир мырза мен Орақ батырдың өз адамдарымен қырымдықтардың малы мен жанын олжалағаны жайында айтылады [15, 98-99]. 
1630 жылға қарай Ноғай ордалары айналасындағы мемлекеттердің, хандық­тардың, ұлыстардың өзара саяси қарым-қатынасы шиеленісе түсті. Қырым ханы Махметкерей мен хан қалғасы Са­ғын­­керей кетіп, хан тағына Жәнібек Ке­рейің отыруына, хан қалғасы болып Дәу­леткерейдің келуіне Кантемир мырза үлкен еңбек сіңірген еді. Оның кейбір қыр­лары доминикандық Эмиддо Доттелли Д’Аскони жазбаларында (1634) суреттелді [16, 106-114]. Кантемир мырза мен Орақ батырдың өмірінде елеулі өзгерістер болды. Кантемир мырзаның хандықтағы орны биіктеп, беделі жоғарылай түсті. Алайда, қырымдықтар оның бұған дейін өз ұлысын Қырым хандығынан тәуелсіз, Түрік сұлтанына тікелей бағынатын әлеуетке жеткізгенінен  секемденіп қалған еді. Қырымдықтар оған сенбей, күдікпен, дұшпандықпен қарады. Хан мен ханның қалғасы да сондай көзқарасты ұстанды. Мұны Кантемир білмей қалған жоқ. Қолайлы жағдай туғанда, Қырымды тас­тап, Белгородтағы өз ордасына келді. Ноғай ордасының мырзалары мен қы­рымдықтар арасындағы жаулық іш­тей пісіп-жетіліп келе жатты. Сонымен қатар, Түрік сұлтанының Қырым ханына талабы да жоғарылай берді. Сұлтан қырымдықтардан қызылбас шахына қарсы соғысқа 30 мың қол жіберуді талап етті. Жәнібеккерей бұл талапты орындай алмады. Хан өзінің айналасындағы ханзадалар мен мырзалардың басбұзарлығына да тосқауыл қоя алмады. Ханның жаңа қалғасы Азаматкерейдің өзі осы жолмен олжа тапты. Кіші Ноғай мен Азов татарлары Мәскеу Украинасына өз беттерінше олжа салды. 1632 жылдың басында Жәнібеккерей хандықтың белгілі адамдарының, мырза­лар­дың талабына мойынсұна отырып, олардың Мәскеу аймағына үлкен жорық жасауына рұқсат берді. Бұл хан мен патша арасындағы ынтымақтастық туралы ант беріп бекітілген келісім-шарттар (1615 жылғы және 1630 жылғы) талаптарына қайшы еді. 1633 жылы қырымдықтардың Мәскеу мемлекетіне жорығы басталды. Осы кезде Қырым ханы Түрік сұлтанынан Мәскеу мемлекетімен дос­тықта болу, Польшаға қарсы жо­рыққа дайындалу туралы жарлықтар алды. 1634-1636 жылдары кіші Ноғай және үлкен Ноғай ұлыстары күш қосып, қырымдықтармен мәмілелесті, сөйтіп Мәскеу патшалығының жеріне олжа са­лып барды. Өздері де олжа болды. Жәнібеккерейдің хандығының соң­ғы кезеңінде (1634-1635) Қырым хандығы сырт мемлекеттермен қарым-қаты­насындағы саяси бағытын жоғал­тып, хандық тізгінін босатып жіберді. Түрік үкіметі Жәнібеккерейдің орнына Қырым хандығына Инайеткерейді тағайындады (1635-1637), Құсамкерей ханның қалғасы болып бекіді. Жаңа хан Түрік сұлтанынан тәуелсіз болу жолын қарастырды. Осы жолды ол алдымен Кантемирді шабудан бастайды. Кантемир үй-ішімен Түркиеге қашты. Мырзалар бет-бетімен кетті. Қырымдықтар Кантемирдің ұлысын Донның оң жағалауынан Қырымға аударды. Азов қаласын сырттан қорғау­шылардың қатары күрт кеміді. Орақ батыр, Кан­темирдің бауыры Салмаш мырза өзде­рінің Қырым ханына тәуел­ділігін мойындады. Кантемирдің ұлысын алып, ордасына бет алған хан қалғасы әске­рінің ноғайлардың тосқауылына ұшырады. Қырымға келе жатқан жолда таң ата ноғай қолы (мыңға жуық) ханның қалғасына шабуыл жасайды. Қырымдықтар қырылады, ханның қалғасы өлім табады. 
Қалыптасқан жағдай казактар үшін өте қолайлы болады. Олар күш қосып, қару-жарақтарын сайлап, кедергі-тосқауылсыз Азов қамал-қаласының түбіне келеді. Қорғансыз қалған Азовты оны қорғаушы аздаған қол мен тұрғындардан тартып алу казактар үшін қиындыққа түспеді. Азов қаласы сәуір айында казактардың қолына көшті. Азовтың казактардың қолына кө­шуі Қырым хандығы үшін де, Түрік сұл­та­наты үшін де, олардың ортасында қыс­­паққа түскен Ноғай ордасы үшін де ор­ны толмастай үлкен шығын болды. Қа­­ланың маңындағы ноғайлардың тоз-тозын шығарып, қаланың өзін қорғансыз қалдырғаны үшін Инайеткерей ханға Түрік сұлтаны қатты қаһарын тікті. Инайеткерей үшін оның алдындағы хандардың ұстанған саясаты тиімді болмай шықты. Әсіресе, Азов қаласының казактардың қолына өтуі бүйірге қадалған шаншудай болып тұрды. Ханның кеңесшілері Азов үшін Түрік сұл­танының кез-келген уақытта айып та­ғуға дайын тұрғанын ескертеді. Бірақ, Азовты казактардан қайтарып алудың жолы табылмады. Хан бүкіл мырзаларын, ақылшы ақсақалдарын жинап, кеңес құрады. Неше түрлі ақылдар айтылғанмен, ханның жаны жай таппайды. Орақ батыр ханға Азовты казактардан күшпен тартып алудың мүмкін еместігін айтады: «Азовқа бар күшіңді жиып келгеніңмен, оны ала алмайсың, оған ештеңе де істей алмаймыз. Егер, Азовты алғың келсе, Мәскеу мемлекетіне жорық жасап бар да, Ресейде күз бойы, тіпті, одан да ұзақ уақыт бойы майдан сал, олар Азовты сонда ғана береді. Мәскеуде өстім, Мәскеудің салтын бір кісідей білемін. Әйтпесе, Азовты өзіңдікіндей көре алмайсың, қожаңа да оны жақсылықпен бере салмайды». Инайеткерей хан Орақ батырдың бұл кеңесін қабыл алмайды, ашу шақырады: «Ауыздарыңды ашсаңдар, айта­тын­дарың – өтірік. Бәріңнің алдай­тындарың – мен. Сұлтанның пәрменін орындамағандардың ақыры қандай бол­­ғанын білесіңдер. Сендердің ақыл­да­рыңды алып, солардың аяғын құшқым келмейді. Егер, сұлтан Азовқа бар деп бұйырса, онда мен Азовқа баруым керек, тіпті, бәріміз қырылып қалсақ та» [17, 268-269; 12, 771-773]. Азовты қайтарып алу мүмкін болмады.
1637 жылы маусымда Түрік сұлтаны Қырым ханының орнына Бегадыркерейді бекітеді. Инайеткерей Қырымнан кетіп, сұлтанның дәргейіне бас ұрады да, сол жерде өлім табады. Кантемир мырза да сол жерде жан береді. Азовты казактардан қайтарып алу Бегадыркерей ханның ғана емес, бүкіл орданың, Түрік сұлтанының алдында тұрған басты міндетке айналды. Бегадыркерейдің Азовты казактардан тартып алуға шамасы жетпеді, сұрап алуға болмады. 1638 жылы сәуірде Бегадыркерей казактарға Азовты қайтарып беру туралы сөз айту үшін ноғайлардың көсемдерінің бірі Қожамұрат Ұлық ағаны, оған қосып Салтанаш Ақсақ-Келмембет дегенді жі­береді. Елшінің тобында 400 адам болады. Бірақ, елші Азовқа кірмейді. Казактар оның жіберген адамдарымен сөйлеседі [11: 765-768; 769-770]. Казактар оларды тыңдап болып, мынадай жауап қайтарғанға ұқсайды: Не айтып тұрсың? Астрахань мен Қазанның қалай алынғанын білмейміз. Ал, Азовты біз Құдайдан сұрап алдық. Оған дейін біз қорысты паналап, қамыс күркеде тұрып, Құдайға жалбарынып жан сақтадық. Енді, міне, Құдай тілегімізді берді, тас қабырғалы, биік шатырлы қалаға ие болдық. Ал, сендер сондай қаланы тастап шық дейсіңдер. Біздің әлі де Құдайдан үмітіміз бар. Құдайдан сендердің Темірек, Табань, Керчь деген қалаларыңды, артық көрмесе, Кафты да сұрап алмақ ойымыз бар [17,  271].
Азовты казактардың оп-оңай басып алуы оның айналасындағы ноғайларды Қырым маңына аударумен байланысты екенін кеш білген Түрік сұлтаны Қырым ханына ноғайларды еркіне жіберу туралы жарлық шығарады. Бұл шақта ноғайлардың өздеріне тән ұлыс жоққа тән еді, өзгелердің ұлысында тұру олардың таршылықта, жоқшылықта күн көруге мәжбүр етті. Қырымдықтар ноғайларға сенбеді, оларды Мәскеуге қарап кете ме деп қауіптенді. Осы қауіпке бойын алдырған Бегадыркерей хан ноғайлардың басындағы бірнеше беделді мырзалардың көзін жояды. Мәскеудің Қырымға жі­берген қызметшілері Фустов пен Лома­киннің 1639 жылдың көктеміндегі (14 мамыр) ақпарларына қарағанда, Бегадыркерей хан Орақ батырды ел басына туған қиын күннің жайы бойынша «ақылдасуға» шақырады. Бегадыркерей хан «ақылдасуға» алаңсыз келген Орақ батырды қасындағы мырзаларымен бірге өлімге қияды. Айдынды Орақ, ноғай халқының қаһарман ұлы Орақ батыр, бауырының жамандығы мен арамдығынан, санасыздығы мен опа­сыз­дығынан, сатқындығы мен оңба­ғандығынан ойда жоқта опат болды. Мәскеуде қалған ұлы Василий Петрович Урусов Ресейдің белгілі әскербасысы, князь Иван Борисович Репиннің қызы Степанида Ивановна Репинаны әйел­дікке алып, үйлі-жайлы болды. 
Қырымдықтар ноғайларды өзара ұрыс­­­тырып, шабыстырып қоюмен шектелмей, оларды езіп, жаншуға бағыт ал­ды. Ноғайларды Қырым маңынан алас­­тау, ашық далаға айдап тастау туралы Бақ­­шасарайдағылар ұран тастайды. Қы­­рымдықтар ноғайларға қарсы жа­за­лау шараларын жүргізеді. Казактар но­ғай­лардың Дон бойындағы бұрынғы қоныс­тарына оралуына, сөйтіп Ресей пат­­ша­сының қоластына кіруіне мүдделі болды. Ноғайлар Донның арғы бетіне қарай шұбырды. Көзкөргендердің айтуына қара­ғанда, Қырымнан ауып, Донға кеткен ноғайлардың саны, әйелдер мен балаларды есептемегенде, 30 мың мөлшерінде бол­ғанға ұқсайды. Ноғай мырзалары Мәс­кеуге өз қалауларымен бодан болып қосылды, Азов айналасын мекен етті. Дон казактары қырымдықтардан жан сауғалап қашып келген ноғайларға пана болды. Ноғайлардың енді біразы Еділ мен Жайық арасындағы далалы аймақты мекендеп қалды. 
Ноғай, ноғайлы дәуірінің шындықтарын жырлағанда, жыраулардың омырауын жас жуды.

 

Алдыңғы «
Келесі »