Сүйінбай, Майлықожа және Молда Қошық датқа

  • 03.10.2014
  • 919 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақтияр Сманов,
ҚР ҰҒА  корреспондент-мүшесі,
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі,
педагогика ғылымдарының 
докторы, профессор

Бірде қазақ әдебиетінің білгірі, ҚР ҰҒА ака­демигі Рахманқұл Бердібаев 2009 жы­лы Қ.А.Иассауи атындағы Қазақ-Түрік ха­лықаралық университетінің «Түр­ко­­логия» ғы­лыми-зерттеу орталығы ұйым­дас­тырған Ха­лықаралық ғылыми-тео­рия­­­лық конференцияда  Майлы ақынның шы­ғар­­машылығы жайында айта келіп: «…ақын­ның өлең тол­ғауларында айтылған адамдардың кім болғанын, олардың қазақ баласына істеген қызметтерін анықтауымыз міндет», – деген орынды ой, оңды ұсыныс айтқан болатын.

Бұл тек Майлықожа ақын ғана емес, басқа да халық ақындарының шығармаларында ар­дақтап аталатын ел жақсыларына да тиесілі. Өйткені, халқы­мыздың өткен тарихына зер салсақ, небір қол бастаған батырлар, ел бастаған кө­семдер, сырлы-сұлу сөзімен халықты аузына қаратқан би-шешендер, жұртты баурап алған өнер иелері мен ел егемендігі, ұлт бостандығы, азаттық пен әділет жолында  басын бәйгеге тігіп, халықты соңынан ерткен талай-талай қайраткер тұлғалар, бүкіл иісі қазақ жұртына үлгі-өнеге болған қаншама ардагер асыл азаматтар дүниеден өткені белгілі. Сондықтан, олардың өмір жолын зерттеу-зерделеу, ол кісілердің кім болғанын, қандай адам болғанын анықтау, ұлт үшін нендей жақсылықтар жасағанын, қандай игілікті істер атқарғанын айқындау – әлеуметтік-тарихи әділдікті қалпына келтіру мен ұлт мүддесі, ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды мәселе болып табылар еді.
Сондай көне құжаттарда, халық ақын­дарының шығармаларында жиі ұшы­расатын ұлық есімдердің бірі – биыл өмір­ден озғанына 130 жыл толып отырған қайраткер тұлға, даңқты датқа Молда Қошық Тоқбайұлы. Ол ХІХ ғасырдың өнегелі де өрелі өкілі. Қоқан билігі дәуіріндегі аумалы-төкпелі кезеңдерде, замананың дүлей-дауылдарында елім деп еңіреп, «қар жамылып, мұз жастанған», елдік пен ерліктің туын көтерген әйгілі батырбасы, барша түркі жұртының қамын ойлаған, өз халқының бақытты болашағы үшін жанын арына құрбан еткен үлкен саяси күрескер, қазақ елінің амандығы мен жерінің тұтастығы үшін жан-тәнімен ерлік істер жасаған қаһарман тұлға. Мұны тарихи мәлі­мет­­тер­ мен мұрағат деректерінен, халық ауыз әдебиеті мұралары мен сол дәуірдегі ақын-жыраулардың жыр-дастандарынан, ел арасындағы тарихи аңыз-әңгімелер мен патшалық Ресей заманындағы орыс, қазақ, өзбек, қырғыз зерттеушілерінің жазбаларынан, бүгінгі күнгі көркем әдебиет туындыларынан, ғаламтор жарияланымдарынан байқаймыз.   
Молда Қошық 1796 жылы Ташкент қаласының аумағындағы сол кезгі Дархан ауылында дүниеге келген. Ол алғаш ауыл молдасынан сауат ашқан. Содан соң, алдымен Ташкенттегі «Көкалташ», кейін Бұхарадағы «Мір-Араб» медреселерін тәмамдаған, Орта Азияға келіп сауда-саттықпен айналысып жүрген орыс көпестерімен аралас-құралас бола жүріп, орыс тілін жете меңгерген. 1814 жылы Қоқан хандығын Омар хан билеп тұрған шақта 18 жасында Молда Қошық «мыңбасы», «датқа» лауазымына ие болады. Ал, 1844-1846 жылдары Қоқан хандығының Ресейдегі елшісі, Хан әскерінің Бас қолбасшысы (Әмір-Ғаскер яғни Батырбасы, 1859 ж.), Ташкент қаласының даруғасы (әкімі), қар­тайған шағында (70 жасында) алғаш Түр­­кістан генерал-губернаторлығы ұйым­­­­дас­тырған қала­лық әкімшілік дең­гейін­­дегі «Мекемеде» Түркістан әске­ри гу­­бер­наторы генерал-майор Д.И. Рома­нов­скийдің өкімімен Таш­кенттің бас биі (1866 ж.) болады. Мұны Құрама уезінің (орталығы – Ташкент қаласындағы Той­төбе деген жерде болған) бастығы под­полковник Карзаковтың Сырдария облысының әскери губернаторы генерал Головачевқа 1868 жылы 12 сәуірде жазған №248 ресми мәлімдемесі дәлелдейді.
Датқа өмірінің соңғы жылдарына дейін ел тәуелсіздігі үшін, әлеуметтік әділдік жолында жанқиярлықпен күрескен қайсар батырбасы. Ташкенттің он екі (Бесағаш, Қаймас, Жолбарыс, Қоқан, Қашқар, Ләбзак, Қарасарай, Сағдат, Шағатай, Көкше, Самарқан, Қамалан) қақпасының әскери күзетінің басшысы кезінде оның Қоқан билігіне наразылық ретінде хан тағайындаған Ташкент бегі Қанағатшахқа қарсы 1859 жылы халықтың көтерілісін басқарғаны, қаланың 12 қақпасын қор­шауға алып, билеушіні он күн тұтқында ұстағаны, сонан ханға бүкіл елдің талабын орындатқаны, өзі Батырбасы дәрежесіне қол жеткізгені, сондай-ақ, Шымкент, Ташкент қалаларын қорғауда, Түркістан маңындағы Иқан жерінде, Алматы жанындағы Ұзын­ағаш түбіндегі Қарақастек өзені бойында болған орыс басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыстарға қол бастап келгені, онда Сыпатай, Сұраншы, Тайшық, Сыз­дық, Тойшыбек, Байсейіт сынды т.б. хал­қымыздың елі мен жерін қорғаған батырларымен бірге жан аямай шайқасқаны Орта Азия халықтарының тарихи жазбаларында, мұрағат деректерінде, түркі жұрты халық ақындарының жыр-дастандарында, жазба деректерінде жиі кездеседі. Әсіресе, ел аузында даңқты датқа жайлы аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар, толғау-дастандар көп сақталған. Өкінішке орай, бұл мол мұра әлі арнайы зерттелмеген. Сондықтан да, біраз деректер, оқиғалар басқа адамға телініп, жаңсақтықтармен бұрмаланып жүргені байқалады. Айталық, басқаны былай қойғанда, оның азан шақырып қойған атының өзін кейбір зерттеушілер мерзімді басылым беттерінде, тарихи-танымдық кітаптарда «Молда Қыпшақ», «Молда Күшік», «Молда Мұжық», «Молда Көшік», «Молда Қосық», «Молда Құшық», «Молда Пұшық», «Молда Қошым», «Молда Көшім» деген секілді әркелкі атап жүргені соның салдары дер едік. Мұны жазушы һәм зерттеуші Әдіһам Шілтерханов та жазады. 
«Елдестірмек – елшіден»  демекші, Молда Қошық өз заманының сарабдал саясаткері, мәмілегер елшісі ретінде Қоқан хандығының атынан әр жылдары Бұқар әмірлері Насрулла мен Мұзаффардың қабылдауына барғанын, бауырлас халықтарды береке-бірлікке, ынтымақтастыққа шақырғанын Ахмет Кенесарин «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты (Ташкент, 1889ж.) еңбегінде келтіреді. Ташкентте Түркістан өлкесінің генерал-губернаторлығы құрылып, оған К.П.фон Кауфман басшы болып келген соң, 1866 жылдың басында Молда Қошық патшалық Ресейдің ұлы императоры Екінші Александрдың арнайы шақыртуымен түркі жұртының бетке ұстар беделді датқаларын (7 адамды) Санкт-Петербургке бастап барады. Бұл сапарында Молда Қошық ақ патшаға Түркістан халқының мұң-мұқтажын, талап-тілектерін жеткізіп, сол ұсыныс-тілектерін түгелдей орындатқан саясаткер. Осы тарихи қабылдауда датқа орыстың қатыгез генералы М.Г.Черняевтің басқарған отаршылдар отрядының озбырлық әрекет­терін, зұлымдық-жауыздық іс-қимыл­дарын, полковник Н.А.Веревкин жасағының Қожа Ахмет Иассауи кесенесін зеңбірекпен 12 дүркін атқылағанын, басқа да исламдық діни қасиетті орындарды талқандағанын, жергілікті халықтың қайта-қайта жан аямай қарсы соғысуы қасиетті туған жер мен асыл дін үшін болып жатқанын ашық айтып, саяси-стратегиялық мәні бар бірнеше талаптар қояды. Сол ұсыныс талаптың бірін – патша ағзам осы қабылдаудан соң қолма-қол орындайды. Ол – генерал Черняевті қайтарып, оның орнына басқа дені дұрыс адамды жіберу еді. Сөйтіп, Ресей императоры ІІ Александр «Ташкентті алғаны үшін» деген жазуы бар гауһар қылышпен марапатталған, күллі орыс жұрты «Ташкент арыстаны» деп атап кеткен озбыр генералды кері шақырып алып, орнына ақ патша өзінің жиені, орыс әскері Бас штабының Әскери-ғылыми комитет мүшесі, генерал-лейтенант, князь Д.И.Романовскийді жібергенін, сонан кейін ғана отарлау соғысы, орынсыз қантөгіс тоқтағанын, елдің өз еркімен амалсыз бағынғанын орыс әскерилері тарихи жазбаларында еш бүкпесіз жазды. Айталық, Ресейдің белгілі әскери тарихшысы, генерал-лейтенант М.А.Терентьев аталған оқиға туралы «Орта Азияны жаулап алу» атты үш томдық кітабында: «…Черняевтің алғаш жарқырап көрінген әскери мансабы осылайша аяқталды. Содан ол 475 сомдық зейнетақымен отставкаға шығарылды», – деп көрсетеді (1906, 1-том, 335-б.).
Мұндай шешімге ренжіген М.Г.Черняев ақ патшаға қарсы оппозициялық қозға­лыстарға қосылады да, кейіннен Бело­рус­сияның Могилев облысындағы өзі туып өскен Тубышка селосында 1890 жылы жұм­бақ жағдайда қайтыс болады. Әрине, атақты қанішер отаршының осындай абы­ройсыз өліміне Түркістан өлкесіндегі «теңдессіз ерліктерінен» (жауыздықтарынан деп ұғы­ңыз) соңғы әскери қызмет жолының күрт құл­дырауы әсер еткені ақиқат. Бұған сол тұстағы халықаралық шиеленістің ушығуы мен Орта Азияны мекендейтін жергілікті халықтардың жаппай наразылық көрсеткен қарулы қақтығыс-соғыстарының көбейіп кетуі себеп болғанын, 1866 жылы наурызда Черняевтің орнына Романовскийдің тағайындалуына байланысты Ресейдің әс­кери мұрағаттарының деректері де, туған әдебиетіміздің асыл мұралары (Мәделіқожа) да, Қоқан билігі заманының тарихи жазбалары да растайды.
Өмірі қым-қиғаш күреске толы, бітім-болмысы бөлек, рухы биік датқа 1884 жылы 88 жасында өмірден өткен. Сүйегі Ташкент қаласының орталығынан 1870 жылдары өзі көшіріп апарған қазіргі Дархан ауылының Сарыағаш шипажайы жанындағы биік төбеге орналасқан Ыссы ата зиратына қойылған. Оны соңғы сапарға шығарып салардағы жаназаға күллі түркі жұртының игі-жақсылары қарақұрым болып жиналып, ақ жауып, арулап жерлеген. Осы күнге дейін ел арасында «датқаның қазасы Ташкент атырабындағы аса бір сыйлы, ең бір абыройлы өлім болды» деген әңгіме бар. Қазақ елінің дербестігі мен бостандығы жолында аянбай еңбек сіңіріп, күрескерліктің жарқын үлгісін танытқан Молда Қошық датқаның қайсар қайраткерлік, сарабдал саясаткерлік, еларалық, халықаралық деңгейдегі мәмілегер елшілік, дарынды батырбасылық, ерлік істерін орыс, қазақ, өзбек, қырғыз, қоқан тарихшы жазбагерлері және әдебиетші ғалымдар академик Н.Н.Веселовский, А.И. Добросмыслов, М.А. Терентьев, Н. Ульянов, А. Кенесарин, қазіргі ғалымдардан С. Қирабаев, Ә.Оспанов, Ә.Шілтерханов, С. Тілеуқұлов, Ж.Дәдебаев, А. Махаева, С.Сайфулмәлікова, С. Өмірзақов, З. Илхамов, М.Миразов өз еңбектеріне арқау етті. Молда Қошық бейнесі М.Қалдыбаев, Ж. Аяшев, Б. Тұрмағамбетов, М.Омаров, М. Ахметов, М. Әбдәкімов секілді оңтүстік өлкенің т.б. қаламгерлерінің көркем шы­ғармаларынан лайықты орын алды.
Көрнекті тарихшы, ғұлама имам Құрбан­ғали қажы Халидұлы «Тауарих хамса» атты еңбегінде «…Қазақ халқы кітап көрмей, оқып жазбай-ақ, тек қана ауыздан ауызға айтылып келген, естіген сөздерін ұмытпай келе жатқанына дәлелдер көп. Сол үшін бұлардың көне хабарларына да қашанда құлақ асу керек. Тарихын, нәсілін білмек болғандар олардың хикаяларына, аңыз-әңгімелеріне сүйенуі керек. Қарт, қариялары бар жастарға бізден өсиет: Уақыт өтпей тұрғанда олардың сөзін ұғып қалсын. Осыдан «Естуің болмаса да ескің болсын» деген екен. Олардың сөздерін аударып-төңкермей сол күйі тыңдап алу керек», – дейді (90-бет). Сол айтпақшы, талай тар жол, тайғақ кешулерде шынығып шыңдалған даңқты датқа жайлы жырлардың дені патшалық Ресей заманында шыққан, енді бірсыпырасы еліміз тәуелсіздік алғалы бері жарық көріп келе жатыр. Мәселен, 1884 жылы академик Н.А.Веселовский жазып алатын халық ақыны Қалыбай Мәмбетұлының «1853-1865 жылдары Түркістан өлкесіне Ресей әскерінің жасаған басқыншылығы» атты көлемді жыр-дастанында, жыр алыбы – Жамбылдың ұстаз санаған, пір тұтқан ақындары – Майлықожаның «Алладан пайғамбарға келген аят», «Қараның өтті хандары», «Датқалардың Петірбор бар­ғаны», «Құйрығын айдаһардың қайдан бастың?», «Қолыма қағазбенен алдым қалам», «Майлықожа ақынның дат­қаларды мақтау сөзі», «Молда Қо­шық датқаның асында айтқаны», «Қошық датқаның баласы Нарбекті жоқтағаны», «Мәделіқожаның көңілін сұрап айтқаны» атты он шақты жыр-толғауларында, Жетісудың жыр дүлдүлі Сүйінбай ақынның жырларына, айтыс­тарына Молда Қошық датқа бейнесі арқау болған.
Біз мұнда, алдымен Майлықожадан 20 жастай үлкендігі бар, келесі жылы 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өткелі отырған Жетісудың жыр сүлейі, өлең сөздің ұстасы Сүйінбай ақын Аронұлы жайлы ой тарқатып көрсек дейміз.
Сүйінбай ХІХ ғасырдағы қоқан хан­дығы билігінің қазақ еліне жасаған зор­лық-зомбылықтары мен қанды жорық қиянат­тарын: «Қазақ, қазақ болғалы, Қазақ атқа қонғалы, Не көрмеді бұл елім?! Батырдан тапқан тірегін… Қоқанның қолы көп болды, Жетісуда жатқалы, Бар жақсыны талап жеп, Сүбеңе қолы батқалы. Бейсенбі күні бесінде, Ғизрат күні кешінде, Қордайдың биік төсінде, Қоқанның ханы Құдияр, зорлық қып алған көп малды, Әндіжанға айдатты. Қол аяғын кісендеп, Көнбеген ерді байлатты, Қауызын әлі жармаған, Сұлуларды зорлапты. Араша тұрар пенде жоқ, Еліңді сөйтіп қорлапты, – деп батыл сынап, оған қарсы шыққан. Ақынның бұлай дейтіні, ол бұл жағдайлардың бәрін өз көзімен көрген, сол заман оқиғаларының бел ортасында жүрген адам. Оны қайталанбас ақындық дарын иесінің өмірі мен қызметі жайлы соңғы табылған деректер айғақтайды. Өйткені, Сүйінбай сол кезеңде  от ауызды, орақ тілді ақындығымен қоса, алты жыл ауылнай, 23 жыл бойы Ұзынағаш болысында билік еткен көзі ашық, сауатты адам болғанын тарихшы-ғалым Д.Рахымқұлов «Қазақ әдебиеті» газетінде (2011 жылғы 3 маусымда) тарихи құжат-деректерге сүйене отырып жазды. Мақалада Сүйінбайдың аумалы-төкпелі қоғамда өмір сүргендіктен сал-серіліктен гөрі қоғамдық-әлеуметтік істерге белсене араласқаны, еліміздің Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұрған «Алатау округі және Үлкен орда қазақтарының бастығы» атты үшінші нөмірлі қорда алғаш рет ақын есімі 1860 жылдан бастап кездесетіні, онда оның аты Сарыбай бимен қатар аталатыны, соған қарағанда ол Сарыбайдың үзеңгі жолдасы, жақын серігі әрі айнымас досы болғаны, ел басқару ісіне, ұйымдастырушылық-басшылық жұмысқа белсене араласқаны айтылады. Мәселен, 1864 жылы Алатау округінің шенеуніктері құрастырған «Ұлы жүз қазақтарының рулары мен қызмет иелерінің тізімі» атты құжатта Сүйінбай Аронұлы ауыл старшыны (ауылнай) ретінде көрсетілген. Ол бұл қызметке екі рет сайланып, 1870 жылға дейін мүлтіксіз жұмыс атқарған.
1871 жылғы қаңтарда Ұзынағаш болыс­тығы болыс басшылығына, би қызметіне, ауыл билігіне жаңа сайлау өткізеді. Сол кезде Сүйінбайдың кандидатурасы би қызметіне ұсынылады. Содан көпшілік халықтың қолдауы мен елубасылардың жақтап дауыс беруінің арқасында ол Ұзын­ағаш болыстығының №2 әкімшілік ауы­лының биі болып сайланады. Сөйтіп, бұ­дан кейін, жоғарыда атағанымыздай, 23 жыл бойы – 1895 жылға (өзі сексен жасқа толғанға) дейін үзіліссіз би қызметін ат­қарады. Мұның өзінде ол 8 рет сайлауға тү­сіп, бірауыздан орнына қайта сайланып отырған. Сондай-ақ, мұрағат деректерінде Сүйінбай Аронұлының Жетісу аймағында өткен билердің төтенше съезіне қатысып, өлкедегі айтарлықтай күрделі де маңызды мәсе­лелерді шешуге тікелей атсалысып отырғаны да көрсетіледі. Ақынның ауыл­най, би қызметтерінде осындай абыройлы жұмыс атқарғаны, елдің ең ық­пал­ды адамы саналғаны бұрындары ай­­тыла бермейтін. Соңғы тарихи деректер, мұ­рағат құжаттары бойынша ақиық ақын­ның қызметтік өсу баспалдағына зер сал­­ғанда, оның Ұлы жүздің аға сұлтаны Тезек төре Нұралыұлына айтқан сөзіне назар аудармай кетуге болмайды: «…Балаң өліп төсектен тұрмай қапсың, Өлмесе қайда кетті Нұралы хан? Хан Тезек жатырмысың тұрмаймын деп, Сүйінің келді ордаңа жырлаймын деп, Балаң өліп төсектен тұрмай қапсың, Балаңды алса Құдайдың өзі алды, Жатырмысың Құдайдың жылқысын ұрлаймын деп», – деген сөздермен төренің «ұры», «кәз­зап», «қорқау», «сайтан», «жемқор», «қа­рақшы» болғанын тайсалмай бетіне ба­суы Тезек төремен иық тірестіре алатын биік лауазым иесі, ел ішінде халықтың құрметіне бөленген аса беделді кісі бол­ғандығын көрсетеді. Сондықтан, Сүйін­­бай ақын «Арғымақтың тәуірі арбада кеткен, Ер жігіттің тәуірі арманда кеткен» зар заманның куәгері ретінде қа­зақ қауымының қоғамдық-саяси өмірін, әлеуметтік-эконо­микалық жағдайын, елдің тыныс-тіршілігін өте жақсы білді деп сенімді түрде айта аламыз.
Қоқандық дәуір жөнінде Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі, профессор Серік Қирабаев: «…Қоқан хандығының билігі – оңтүстік қазақтарының отаршылдықта көрген қиянатының ең бір сорақы беттері. Адамды кісілік қасиеттерінен айыратын, азаматтың жазықсыз қанын төгетін, әйелдерге деген зорлықтың неше түрлі айуандық түрлерін қолданған, қо­­лын­дағысын тартып алып, жалпы жұртты зар еңіреткен жендеттік тәртіп орнатқан бұл хандықтың сыры тарихтан белгілі», – дейді. Бұл, рас әңгіме. Шындығында да қазақ қоғамы ол кезеңде осындай ауыртпалықты басынан өткерді. Сүйінбай өз қызметінде жүріп, күнделікті өмірде байқаған ел ішіндегі ханның көзі секілді болған жағымпаз датқалардың, сатқын, екі жүзді, дәрменсіз би-болыс, бас­шылардың сорлылығын әшкерелеп, бет­теріне басады. Ал, қара орман халықтың жоғын жоқтаған иісі қазаққа әйгілі ардагер азаматтардың, баһадүр батырлардың аттарын атап, олардың жанқиярлық ерлік істерін, қайсарлығын, еліне деген жанашырлығын, ерекше қамқорлығын  дәріптеп, үлгі-өнеге етеді. Соның бірін Ұлы жүздегі Дулат тайпасының Ботбай руынан шыққан атақты батыры ер Сыпатай асындағы айтысынан байқауға болады. Онда әр жүзден, әр рудан келген ақындар бір-бірімен айтысқа түскен. Ал, Сүйінбай ақын Майлықожамен айтысады. Жыр жарысын Сыпатайға арнап көңіл айтудан бастаған Сүйінбай «Сексен беске жеткенде, дәу Сыпатай бұл дүниеден өткенде» Ысырапыл, Ноғай, Пірімқұл атты ұрпақтары Қоқан хандығына қарайтын барша елді асқа шақырып, 40 жігіт хабар­шы жібергенін, оған қазақ жұртынан Те­зек төре, Атамқұл, Жайнақ, Тазабек, Естемес, Шаншар, Қожмамбет, Жаңабай, Сәмбет, Тілеуберді, Құдайберген майыр, Сый­қымбай, Әйтпен, қырғыздың саяқ руынан – Садыр, Қаработадан – Нәдір, Сарыбағыштан – Ниязбек, Үмбетәлі, Шар­ғын, хан Жантай Қарабекұлы сияқты белгілі адамдар шақырылғанын айта келіп:
Екі кісі жіберді,
Шапырашты еліне.
Екі кісі шаптырды,
Ыстының жеке Шоқай бегіне.
Екі кісі жіберді,
Қаңлы, Шанышқылы еліне.
Дұғай сәлем жіберді,
Молда Қошық бегіне, – деп жыр төгеді.
Осы жерде «Сүйінбай ақын Молда Қошықты қайдан біледі?..» – деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Бұл сұраққа жауапты мына бір тарихи құжаттан табуға болады. Ташкенттегі Түркістан әскери окру­гінің мұрағатында Сібір корпусының қолбасшысына Верный бекінісіндегі Алатау округі бастығының 1860 жылғы 8 қыр­күйектегі №2147 «Аса құпия», «Өте қажетті» деген белгімен жолдаған хаты сақтаулы. Онда Қанағатшах Қоқан хандығы тапсырмасымен құрамында ташкенттіктер мен құрама көшпелі рулардан тұратын 10-15 мың әскермен Әулиеатаға жеткенін, олардың 24 лафеттегі қаруы (зеңбірек), бұдан басқа 600 жалдамалы парсылардан құралған жаяу әскері бар екенін, бұлардың мақсаты – Пішпекті қайырып алу және орыс­тармен келіссөз жүргізбек ойы бар екенін, онда хандық шекарасын бұзып, қазақ жеріне өткеніне орыс әскерилерінен жауап алу туралы ханнан тапсырма алғанын, одан жауап алудан бөлек отаршылдардың тұтқынына түскен датқалар мен оларға өткен адамдарды қару-жарақтарымен қайтаруды талап ететінін, егер ол талаптарды орындамаған жағдайда соғыс жарияламақ ниетте екенін жазады.
Құпия хатта қоқандықтардың отрядында Ташкенттің Нармұхаммед құшбегісі, Қа­нағатшах әскеріне Әндіжаннан келіп қо­сылған қырғыз Әлімбек датқаның жауын­герлері, Ниязқұл пансат, Керімқұл пан­сат, Молда Қошық датқа және т.б. келе жатқаны айтылады. Бұл ресми жазбаша хабардың 1860 жылы 23 қазанда қабылданғаны жайлы белгі соғылыпты. Осы дереккөздерден біз 1860 жылғы әйгілі Ұзынағаш соғысының тарихын, Қа­рақастек өзенінің бойында Қоқан хандығы әскерлерін подполковник Г.А. Кол­паковский басқарған отаршылдар зеңбіректің оғына орағанын, оған қоқан әскерінің құрамында қазақтың Сыпатай, Сұраншы, Тойшыбек, Байсейіт, Керімбек, Байзақ, Момынбек, Андас, Арыс­тан, Ақмолда секілді т.б. ел қор­ғаушы батырлары мен өзбек, қырғыз, тәжік сияқты Орта Азия халықтарының өкілдері белсене қатысқанын көреміз. Тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалған сұрапыл соғыс 1860 жылдың 18-21 қазанында Қарақастек өзенінің бойында өткен. 
«Оған қоқандықтар тарапынан Отан қорғау үшін жергілікті түркі жұртының 40 мыңнан астам жауынгерлері қа­тысты» деп жазады А.Кенесарин. Осы соғыста отаршылдар жеңеді. Бұл же­ңісі үшін әскери округ басшысы подпол­ковник Колпаковский полковник шені­не жоғарылатылып, төртінші дәре­желі Қасиетті Георгий орденімен марапатталады, ал, Қастек пен Пішпекті тас-талқан етіп, басып алғаны үшін ол 1862 жылы генерал-майор атағына ие болады. Мұны айтып отырғанымыз, Қара­қастек – Сүйінбай ақынның туып-өскен жері. Ақын ол кезде 45 жаста. Ал, сол со­ғысқа сонау Ташкенттен келіп қатысып жүрген Молда Қошық датқа 64 жаста екен. Демек, Майлықожа айтқандай, «40 мың ләшкер ілескен батырбасы» Молда Қошық датқаның бұрынғы қимыл-әрекеттеріне, елшілік-мәмілегерлік істерінің мән-жайы мен Түркістан, Иқан, Шымкент, Ташкент жеріндегі отаршылдарға қарсы қарулы шай­­қастардағы әскери қолбасшылық қыз­метіне Сүйінбай ақын әбден қанық болғаны анық. Оған дәлел – жыр жампозы Сүйінбай ақынның өз шығармалары. Соның бірі әрі бірегейі – ұлы ақын Жамбылдың шәкірті Өмірзақ Қарғабайұлы жазып тапсырған Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның атышулы айтысы. Бұл айтыс халықаралық, ұлтаралық деңгейдегі айтыстың озық үлгісі дерлік. Мұны ҚР Ұлттық ғылым академиясы кітапханасының қолжазба қорынан жақында ғана тауып ұсынған белгілі әде­биетші-ғалым, Жамбылтану және ха­лық ақын­дары институтының директоры, профессор Бекен Ыбырайым мырза. Осы кө­лемді жәдігерлік мұраның 55-56 бет­терінде Сүйінбай айтысының мынадай жол­дары бар:
Қарақалпақ, түрікпен,
Бет алған жауы үріккен.
Одан былай құрама,
Құрамадан сөйлемей.
Сүйінбай қарап тұра ма?
Қазаққа байлық нәсіп қып
Қырғызды құдай ұра ма?
Құраманың байлығын
Есебі жоқ сұрама.
Онан былай еліміз,
Жұпар тауын жайлаған,
Өгіз-қойды айдаған,
Майданталды баспаған,
Сабырлықтан саспаған.
Қайрақты деген сақ жұртым,
Байрақты деген мол жұртым,
Толып жатқан ол жұртым.
Қырық пенен жүз дегенің,
Есебі жоқ көп жұртым,
Қорасының шетіне
Құс та ұшып жетпеген.
Бақ пен қыдыр басынан,
Шыр айналып кетпеген.
Тоғай-тоғай бұлтылдап,
Найзаның ұшы жылтылдап,
Қаңлы, шанышқылы көп елім,
Онда жатқан бек елім,
Ел-қауымның ішінде
Молда Қошық батырым.
Оның айтқан сөзіндей,
Жан таппайды ақылын.
Атты мінген жиреннен,
Тәшкенді кеше билеген.
Сөйлесе кеткен кісінің,
Сөзіне бойы үйренген.
Батырлық пен бектікпен
Солайша өтті дүниеден.
Айтыстың осы жолдары, неге екені белгісіз, Сүйінбай шығармаларының барлық жинағынан түсіп қалған. Сондықтан, бұл үзінді баспа бетіне тұңғыш рет ұсынылып отыр. Біз, бұл орайда, келтірілген үзіндінің ақын шығармалары жинағына енбей қалуының екі түрлі себебі болуы мүмкін деп ойлаймыз. Біріншісі – зерттеушілер, ақын шығармаларының жинағын құрастырушылар Ташкент айналасында өмір сүрген қазақтың руларының ішіндегі қарақалпақ, түрікпен, құрама (кейіннен өзбекке сіңіп кеткен) атты аталары болғанын жете білмей, қазіргі дербес  ұлттармен шатастырып, «оларды қайтеміз» деп енгізбеген болуы мүмкін, екінші себебі – кеңестік кезеңде «молда», «датқа» әрі Қоқан билігі дәуіріндегі қайраткер адамдардың бірі ретінде Молда Қошық аты әдейі алынып тасталуы да ықтимал. Қалай дегенде де, бұл үзінді ел билігін, ұлт тұтастығын жырлаудағы «айтыс өнерінің алтын діңгегі» (М.Әуезов) атанған Сүйінбайдың ақындық өресінің жоғарылығын, ақыл-ой көкжиегінің кеңдігін, азаматтық танымының биік­тігін танытатын жарқын мысал. Қуа­ныштысы сол – келесі жылы 200 жыл­дық  мерейтойын тойлағалы отырған ұлы ақынның жыр-жәдігерліктері бір жарым ғасырдан астам уақыттан кейін ортамызға толығып оралуы. Өйткені, айтыс мазмұнынан көрініп тұрғандай, ақын «көппін» деп мақтанған Қатағанға жауап ретінде қазақ халқының Албан, Суан, Жалайыр, Қаңлы, Шанышқылы, Сіргелі, Сыйқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр, Арғын (Атығай, Қарауыл), Найман, (Бегімбет, Қызай), Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Он екі ата Байұлы, жеті аталы – Жетіру, Әлім, Шөмекей, Алшын, Жаппас, Тама т.б. секілді руларының аттарын тұтастай атай келіп, оларды бел тұтады, өзіне арқау етеді. Осылайша, ол туған халқының қадір-қасиетін ардақтайды. Онымен қоса өз елінің Сұраншы, Саурық, Қарасай, Сыпатай, Андас, Байсейіт, Биназар, Дәуітәлі сынды батырларын мақтан етеді. Сөйтіп, Сүйінбай елдік пен ерлікті, ынтымақ пен бірлікті, ата-тек пен бата-тілекті, әділет пен әділетсіздікті, жақсылық пен жамандықты жыр етіп, анадан ұлы перзент туылатынын, туған елі үшін белін буынатынын дәріптейді.
Бұл айтысқа Тезек төре Нұралыұлы, Бөлтірік шешен Әлменұлы, Боранбай манап Бекмұратұлы (Шоқан Уәлиханов суретін салатын), Жантай манап Қарабекұлы, Орман хан Ниязбекұлы, Бәйтік датқа Қанайұлы сынды қазақ-қырғыз елінің жақсы-жай­саңдары қатысады. Ақындық көркем сөз өнерінің осынау әйгілі сайысын туыс­тас екі жақ, екі халық та жоғары бағалаған. Қырғызша нұсқасында Сүйінбайдың:
«Андан бери мен келсем, Сөзүңдүн жок чаласы, Сен Буйлаштын баласы. Анжыянга барыпсың, Азынатып жетелеп, Айгыр аттан алыпсың, Ангиге жакшы жарыпсың, Ат сурайт деп ардыкпа, Айта берип кардыкпа, Бий баласы болсоң да, Бий үйүнө батпаган, Бий өргөсүн баспаган, Сен салбардан тууган карыпсың. Айыл сөзгө жакыным, Тегиңди айтып мактандың, Мени тексиз деп айтып какшадың, Менин ата-тегим ыр болгон, Ыр менен күүге пир болгон, Сөз чынына келели, Силерде Кабандай ырчы ким болгон? Бак дарыган бабамдын, Баскан жери сыр болгон, Барган жери ыр болгон… Текти сөздөн кеп кылгын, Мактана турган жайың жок, Жаш кезиңде Арстанбек, Карагай, тикен аралап, Колу-бутуңды жаралап, Козу бактың кокуйлап, Кой кайтардың чокулап, Бакканың болчу козу-лак, Калыпсың эми сөз улап», – деп жыр маржанын нөсерлеткені айтылады (Мұнда Арыстанбек – Қатағанның азан шақырып қойған аты. Ал, Қатаған – лақап аты, ақынның руының аты). Сүйінбайдың Қатағанмен айтысындағы аттары аталған туыстас екі халықтың азаматтарының қай-қайсысы да қазақ-қырғыз тарихынан, ел жадынан ерекше орын алған тарихи тұлғалар.
Айтулы тарихи айтысты Сүйінбай: «Орай сайға қондырып, Келтірді құдай кезіңді. Қозғалма енді Қатаған, Оярмын екі көзіңді! Мен бір емен ағашпын, Білесе де сынбаймын! Алдаспанға жолықтың, Түбіңе жетпей тынбаймын! Сөз бастаған бұлбұлмын, Топ бастаған дүлдүлмін. Судан шыққан сүйрікпін, Бәйгеден озған жүйрікпін! Шығарма, Қатаған, үніңді, Есіңде сақта құлаған, Қанатың сынған күніңді. Қырғыз, қазақ жиылып, Жалпылдатпа мұныңды!» – деп аяқтайды. Сонан екі ел жақсылары жеңісті Сүйінбайға береді.
Сөз орайы келгенде айтысқа байланыс­ты мына жайтқа зерттеушілер назарын аударғаны жөн деп білеміз. 
…Қазақ, қырғыз басылымдарында Арыстанбек Буйлашұлының туған жылы 1824, 1828ж.ж., енді көпшілігінде 1840 жыл деп үш түрлі көрсетіліп жүр. Ал, айтыс 1850 жылдар шамасында болған делінеді. Сонда, соңғы 1840 жылды ақынның туған жылы деп есеп­тесек, 10 жастағы Қатаған 35 жас­тағы Сүйінбаймен айтысқан болып шығады. Бұл ақылға қонбайтын дерек. Сондықтан, оның туған жылын алғашқы жылдардағы қырғыз ғалымдарының деректеріндегідей 1824 жылы деп алсақ, қисынға келуі мүмкін. Сонда Қатаған 26 жастағы кезінде, Сүйінбай 35 жас шамасында айтысқан болып шығады. 
Дәуір тынысын дөп басып жырлаған қазақтың халық ақындарының келесі бір шоқтығы биік өкілі – Майлықожа Сұл­тан­қожаұлы, 1835 жылы туылып, 1898 жылы дүниеден өткен. Ол өзінен бұ­рын өмір сүрген қазақ ақындарының дәстүрін берік ұстаған жыр зергері. Ақын шы­ғар­маларында Қоқан хандығына қар­сы күрескен ерлердің ерлігі, халық қамын ойлаған қайраткерлердің игі істері, аштық, зорлық-зомбылық жыл­дардағы қазақ қоғамының ауыр күй­зе­лісі, жергілікті би-болыстардың жем­­­қорлығы, махаббат бостандығы, жал­­­пы адами ізгілікті қасиеттер мадақ­та­лып, адамдар бойындағы жат мінез, оғаш қылықтарды түзету, елге деген сүйіспеншілік сезім, ұлтқа қызмет ету, адал еңбек, егіншілік кәсіп көрініс тап­қан. Онда терең философиялық ой, өткір сыншылдық пікір-көзқарас айқын суреттеліп отырады. 
Майлы ақын шығармашылығындағы ең елеулі есім – біз сөз етіп отырған ХІХ ғасырдың көрнекті өкілі, ел қамқоры болған күрескер тұлға, даңқты датқа Молда Қошық. Оның өнегелі өмірі, өз халқына, бүкіл түркі жұртына сіңірген ересен еңбегі айрықша жырланады.
Алтын жүген ауырлап ат басында,
Алды болған Алаштың датқасында.
Көшпелі қазақы адам болып жүріп,
Талас қылған Ташкенттің                     қақпасында.
Тең бе еді Молда Қошық кісіменен,
Теңгерші қылып өткен ісіменен.
Батырбасы Ташкентте болып еді,
Қылыш, мылтық, найзаның        ұшыменен, – деп Ташкенттің он екі қақпасының әскери күзетінің бастығы болып тұрғанда хан билігіне, оның сенімді өкілі Ташкент әкімі Қанағатшахқа қарсы көтеріліс басқарғанын еске түсіреді де, одан соң дарынды датқаның хандықтың әмір­ғаскері (батырбасы) болғанын:
Қырық мың ләшкер ешкіммен ілескен                     жоқ,
Қырық сан Барақ Тәшкенмен 
            тірескен жоқ.
Уағында әлдеқалай озып еді,
Мұндай ешкім ерлікпен күрескен жоқ, – деген өлең жолдарымен айқындай түседі.
Майлы ақынның жоғарыда біз атаған жырларының ішінде ерекше маңыздысы – «Датқалардың Петірбор барғаны» атты толғауы. Жыр тарихи мәні бар аса ірі саяси оқиғаға арналған. Онда 1866 жылдардың басында Ресей императоры ІІ Александрдың ша­қыртуымен барған түркі ұлысының 7 адамнан құралған өкілдерінің сапары баян­далады. Олар өкілдердің басшысы – ша­нышқылы елінен Молда Қошық датқа, қаңлы Әкімқұл төре, жаныстан Момынбек датқа, сыйқымнан Құдайберген датқа, қоңыраттан Қоныс датқа, өзбектен Марқа қази, қырғыздан Бәйтік датқа сынды түркі жұртының аты шыққан игі жақсылары мен беделді адамдары еді. Мұны ақын:
Датқасы шанышқылының Молда                     Қошық,
Қайтпаған ерегісте тәні шошып.
Жақсысын әр шаһардың аты                               шыққан,
Үкіммен жолдас қылды оған қосып, – деп датқаның батырлығын, елдегі ерекше абырой-беделді тұлға екендігін еске ала отырып, оны бас қылып Ресей императоры ІІ Александрдың үкімімен әр жердің басқа да датқаларын арнайы шақыртқаны сөз етіледі. Молда Қошықтың патша қабыл­дауында айтқан ұсыныс-тілектері ақын шығармасында өлең сөздің кестесімен көркем көрініс тапқан:
Ақ патша «тілегіңді берем» дейді,
«Антына мұсылманның сенем» деді.
«Достасып қарым-қатынас жасап                     тұрсақ,
Әлімше жәрдемдесіп көрем» деді.
Мал-басың, әдет-ғұрпың өздеріңде,
Көрсетсем мен бір зиян өлем деді.
Соны айтып орнынан ұшып тұрып,
Қошықтың қолын қысып сәлем бер­ді, – деп ақын Ресейдің ақ патшасы ІІ Александрдың ерекше құрмет көрсеткенін тілге тиек етеді.
Жыр-дастандағы:
Тілегін Молда Қошық алысқанын,
Есіттік патшаға да жағысқанын,
Немесе:
Жарасар Молда Қошық мақтағанға,
Қалалы қорған еді жақтағанға, – деп ақынның датқаны әсерлі әспеттеуі де тарихи шындыққа негізделген жайттар.
Майлықожа ақынның өмірі мен шы­ғар­машылығын ғұмыр бойы мұқият зерт­­теген әдебиетші-ғалым, филология ғылым­дарының кандидаты Әсілхан Оспан­ұлы бұл жайт туралы өз еңбегінде: «Орта Азия ел-жұртының сөзін ұстай барған бұл адам­дардың патша сарайындағы қабылдауда елдің елдігін көрсететін халықтық салт-дәстүрлердің, шаруашылық қалыптың, ұс­танған діннің қысым көрмеуі турасындағы тілек-талаптарын қысылмай-қымтырылмай айта білген Молда Қошық халық қамын ойлаған жұрт жоқшысы санатында көріне алғаны ақынды айрықша сүйсіндіргені аңғарылады», – деп орынды бағалайды. Бұл орынды айтылған пікір. Өйткені, Майлы ақын Сүйінбайдан 20 жас, ал, Молда Қошықтан 39 жас кіші, яғни, датқаның балалары қатарлы адам болған. Шындығында да, Молда Қошық жастайынан өз өмірінің басты өлшемі – елін-жерін шексіз сүю, сол жолда жанын пида ету екенін берік бойтұмар еткен. Сондықтан, ол өз ғұмырында қалың қазақ елі мен туған жері, оның ділі мен діні, салт-дәстүрі үшін жанқиярлықпен игі істер атқарған, қаһармандық әрекеттер жасаған қайсар күрескер.
Майлықожа өз шығармашы­лығын­да Молда Қошық датқаға байланысты, жо­ғарыда айтқанымыздай, он шақ­ты жыр-толғау арнаған. Соның екеуі – «Молда Қо­шық датқаның асында айт­қаны», «Қошық датқаның баласы Нарбекті жоқтағаны» атты көлемді шы­ғармалары былтыр ғана мерзімді ба­сылымдарда жарық көріп, ғылыми айналымға енді. Бұл бізге белгілісі, қа­зіргі күнге дейін жеткені, табылғаны ғана. Ел ішінде ақын шығармалары әлі де болуы ықтимал. 
Ақын «Молда Қошық датқаның асын­да айтқаны» атты ұзақ толғауында Бай­зақ, Сыпатай, Құдабай, Құралбай, Са­пақ, Мұсабек, Құдайберген, Батырбек, Қанай, Қасымбек, Төртбай, Шоқай, Қоныс, Тұрлыбек, Асқарқожа секілді тағы басқа қазақ өлкесіндегі, сондай-ақ, Түркістан жұр­тындағы (қырғыздың, Бәйтік сынды т.т.) ел бастаған қайраткерлердің, қол бастаған батырлардың есімдері ілтипатпен атайды:
Қожада Асқар, жандарда Сапақ еді,
Мұсабекті батыр деп атап еді.
Азбен жүріп, топ жиған дәу 
                   Сыпатай,
Молда Қошық солардың қатары еді.
Жырда аттары аталған ерлердің қай-қайсысы да қазақ халқының тарихынан, ел жадынан ерекше орын алған тарихи тұлғалар. Мұндай терең мәнді мысалдарды толғау-өлеңнен көптеп келтіруге болады.
Қысқасы, Сүйінбай, Майлықожа т.б. ақындардың шығармашылығында Молда Қошықтың ғибратты ғұ­мы­рын, жарқын бейнесін, тұғырлы тұл­ғасын суреттеуге осыншама мән бе­руі­нің себебі, оның туған халқына жан­­ашырлығын, қала берді бүкіл Ор­та Азияны мекен еткен барша түркі халықтарының қамын ойлағандығын терең түсінгендігінен әрі оны ерекше бағалап сезінгендігінен деп білеміз. Ал, Майлы ақын жырларының мазмұнына мән бере отырып қарасақ, ол кісінің, тіпті, ұрпақтарының, бала­ларының, немерелерінің атын жаңылмай атауынан Майлықожаның датқаның отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қа­ты­­­наста, олармен аралас-құралас, сый­­лас адамдар болғанын байқаймыз. Оның өлең-толғаулары тек бір адамның, не бір отбасының ғана емес, бүкіл елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, олардың өмір сүрген кезеңінен, былайша айтқанда, бір дәуірдің жай-жапсарынан, қоғамдық-саяси өмірдің тарихи-әлеуметтік жағ­дайынан хабардар ететінін, ақын өз за­манының тұтас көркем картинасын жаса­ғанын көреміз. Бұл ақын шығар­машылығының өзіне тән ерекшелігін, алған тақырыптарының өзектілігін танытады, әрі оның жалпыхалықтық мәні мен бүкілелдік сипатын аңғартады. Осылайша, әйгілі ақын Молда Қошықтың қайраткерлік қырларын дәріптеу арқылы даңқты датқаға өзінің жауһар жырларынан өшпес белгі, өлмес мұра қалдырды. Оған  ұрпақтан-ұрпаққа жететін мәңгілік ескерткіш орнатты.
Қорыта айтқанда, Молда Қошық датқаның қайсар қайраткер, баһадүр батырбасы, саңлақ саясаткер, мәмі­легер елші, әйгілі датқа ретіндегі шынайы бейнесін, өз халқының нағыз патриоты болғандығын сол замандағы орыс, өзбек (қоқан), қырғыз зерттеуші-тарих­шылары ғана емес, Сүйінбай, Мәделіқожа, Майлықожа, Қалыбай т.б. халық ақындарының жырларынан айқын көре аламыз. Бұл шығармалар – ұлтымыздың көне тарихының қайнар көзі, мөлдір бастауы.                                                                                 
Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 1999 жылы жарық көрген «Та­рих толқынында» (1999ж.) атты еңбе­гінде: «…Қазақтың сана-сезімі өт­кен­дегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық… қасиетін түсінуге енді ғана мүмкіндік алып отыр… Бірақ, бұл мүмкіндік қана; ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жап­­пай санасына орныққан фактіге айналуы қажет. Ал, осы міндет біздің алдымызға тек қана бір ұлы мүмкіндік түрінде ғана емес, қатал қажеттілік түрінде де қойылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзімізге шақталған мезгіліне сәйкес боламыз…», – деген болатын. Ендеше, біз осы талапқа сай әрекет жасағанымыз мақұл болар.

 

Алдыңғы «
Келесі »