• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Таным
  • >
  • ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ТҮРКІЛЕРДІҢ ЛОГИКА ДАМЫТУ ОЙЫНЫ немесе неге біреулер төлтума ойын екеніне күмән келтіреді?

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ТҮРКІЛЕРДІҢ ЛОГИКА ДАМЫТУ ОЙЫНЫ немесе неге біреулер төлтума ойын екеніне күмән келтіреді?

  • 03.10.2014
  • 1340 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік Ерғали,
«Тұран-Астана» университетінің 
магистранты

Түркі халықтарының қазақ, қырғыз, қарақалпақтарда сақталған манкала тектес ойыны – тоғызқұмалақ. Тоғызқұмалақ зерттеушілерінің пайымы бойынша, ойынның тарихы кемінде 4-5 мыңжылдық уақытты қамтиды. Ағылшындық ғалым Э. Маккей түрлі құмалақ (шарик,тас) ойындарын 5 мың жыл бұрын тайпалық халықтарда ойналғанын жазады. Осыған ұқсас африкалық овари ойынының шығу кезеңін зерттеушілер 6 мың жылға апарып жүр. Осынша уақыт ішінде бұл ойын қалыптасып қана қоймай, сол өзін туғызған орта тарапынан түрлі аспект бойынша байытқаны да қисынды. Осынша, ежелгі тарихы мен болмысы бар тоғызқұмалаққа да үңілу арқылы оның бойындағы тарихи үдерісте сіңірген мәдени-танымдық сипаттардың қатпарларына қанығуға болады. 


Зияткер ойындарды зерттеуші ресей­лік И.Зелинская мысырлық калах ойынынан тараған деген пайыммен [4], тоғыз­құмалақтың түркі халықтарының төлтума мәдени өнім екеніне күмән келтіреді.Әрине, сыртқы ойындық тұрқына қарап оның шығу тегін тектеу соншалықты қисынды бола бермейді, оның үстіне тоғызқұмалақ ойыны калах ойынымен сырттай ұқсастығы бол­ғанымен, оның сыртқы тұрпаты мен ішкі болмысын,мазмұндық сипатын біл­діретін барлық құрамталар (компоненттер) тоғызқұмалақтың дербес ойын ре­тінде қалыптасып, күрделене дамығанын көрсетіп отыр. Қазақстандық зерттеуші М. Шотаев [13,508] «Тоғызқұмалақ – ең ал­дымен халықтың дүниетанымы, одан кейін ой шығармашылығы, спорт, ғы­­лым. Ресейлік және американдық зерт­­теушілер тоғызқұмалақты этно­графиялық ерекшелік ретінде қарастырса, европалықтар ұлттық мұраны ой шығар­машылығының бір түрі ретінде, ешбір ха­лыққа бұрмаламай, әділ бағасын беріп отырған» деп пайымдайды.
Ойынның қай маңның, қай ұлттың танымы мен болмысын аңғартатынын оның ғасырлар бойы түзілген мәдени-танымдық сипаты  назар аудартады.Әрине, мұндай зияткерлік ойын бір күнде немесе белгілі бір уақыт кезеңінде пайда бола қалуы мүмкін емес. Тіпті, оның бастапқы туындау сәті басқа ойынмен туыстас болғанымен, белгілі бір дәуірде қалыптасқан өзге этномәдени мазмұндар мен сипаттардың ойынға мүлдем басқа танымдық-философиялық қатпар енгізуі шынайы да, қисынды әрі тарихи жайт. Тоғызқұмалақ  та өзінің түзілу тарихында түрлі сипаттар мен тұрпаттарды сіңіре отырып, бүгінгі толық та аяқталған нұс­қасын қалыптағандығы сөзсіз. Біздің мақ­сатымыз да – тоғызқұмалақтың мүм­кіндігі мен болмысын қарастыра отырып, оның бойындағы мәдени-танымдық қырына үңілу және ойынның түпкі сипаты мен дүниетанымдық мазмұнын зерделеу.
Тоғызқұмалақты түркі халықтарының ойлау мәдениетімен қатар, олардың дүние­танымдық төлтума болмысы мен фило­со­фиялық көзқарасын да танытатын тарихи дәйек екенін мойындауға болады. Ойын­ның мұндай танымдық қабілеті оның атаулары мен ережесінде, құрылымында, ішкі логикалық сипаты мен мазмұнында сақталған. Тоғызқұмалақ ойынының атауы белгілі бір дәрежеде оның болмысы мен сипатына жол ашады. Оны түркі халықтары түрліше атағанымен, ойынның негізгі  сипаты мен тумысы сақталған, өзгергені сыртқы көрініске қатысты жағы ғана. Мәселен, қа­зақтар бертінірек «тоғызқұмалақ» деп,  ал, қырғыздар «тоғызкоргоол» («коргоол» – маңғолша «құмалақ») атағандарымен, бұның екеуі де «құмалақ, домалақ» деген ойын құралының сыртқы сипатын ғана білдіріп тұр. Ал, Ақтеңіз жағалауындағы көшпелі түркі тайпалары «тогузташ» ата­ғаны да мәлім [11,521]. Бұл ойынның ішкі мазмұнын бұзбайтын, бар болғаны  ойынның ережелік мәніне емес, сыртқы  тұрпаттық қасиетке тән атау екені көрініп тұр.
Орыс географы әрі этнографы А.Н. Крас­нов [5,15] Жетісу қазақтарының тұрмыс-тір­ші­лігін зерттей келе, тоғызқұмалақ ойынына да назар аударып, оны көшпенділердің ойыны деп есептейді. Ол  тоғызқұмалақ туралы ойын: «Тогызкумалак очень остроумная игра, заставляющая киргизь ломать голову не менее, чем у нас в шахматы. В перевод на русский тогузкумалак значит девять катышков баранего помята – название прямо показывающее, что это изобретение принадлежит исключительно ко­чевникам» деп түйеді. Алайда, ойынның атауына қатысты жіті назар аудартатын жайт – ХІХ ғасырда қазақ-қырғыздар тұрмысынан жазба қалдырған ресейлік этнограф Г.С. За­гряжскийдің [3,531] тоғызқұмалақты «Тоғызат» атауымен сипаттап қалдыруында. Біздің ойымызша, ойынның осы атауы оның түпкі болмысына  барынша  жуық әрі шынайы. Одан кейінірек тоғызқұмалақ ойынын жазып қалдырған Н.Н. Пантусовтың 1906 жылы жарияланған сипаттамасында [7] ойын өзінің болмысынан ажырап «аттың» орнына «құмалақ» анықтауышының қосылғаны байқалып отыр. 
Тоғызқұмалақ ойынының құрылы­мына зер сала отырып, оның салт аттылар өмірінен ажырағысыз мәдениеттен хабар беретініне куә боламыз. Атаулар мен ұғымдар негізінен жылқыға, аңшылыққа және көшпелі бағдарға қатысты. Аталмыш ойындағы отау атаулары қазақ, қыр­ғыз, қарақалпақ халықтарында сәл өзгерістері болғанымен, әуелгі тұтас мазмұнға барынша жуық әрі бірін-бірі то­лықтырады. Оны төмендегі кестеде берілген отау атауларынан [8,17-21], [6,12] бай­қауға болады.
Мұндағы  «маңдай» – «арт» немесе «қу мойын» – «құйрық» түркі танымына қатысты полярлық қарама-қарсы бағдар екені белгілі, бұлар қозғалыс нысанының қайдан басталып, неден бітуін білдіруге қатысты түркілік танымдық әмбебап ұғымдар. Соғыс не шайқас үдерісінде маң­дай майданға, арт/құйрық тылға қа­тысты ұғылады. Зерттеуші Т. Сұл­тан­беков [8] тоғызқұмалақтың әскери майданға қатысты бағдарын анықтай түседі: «Отау аттары кездейсоқ қойыл­маған. Мәселен, ойынның алды және арты болады. Алды тоғызыншы отау – Маңдай, Арты – бірінші отау». Дегенмен, «бел» ұғымы түркілік кеңістің үшке бөліну дәстүрін тағы бір еске салады: «бел» – адам денесінің қақ ортасы ретінде аталғанымен, жалпылама кеңісті үшке бөле қарастыруда бұл ұғым кеңістің де, үдерістің де  ортасын білдіреді. 5-отаудың қақ ортада тұрып, осылай аталуы да сон­дықтан. Ендеше, әр ойыншыға тән та­раптың өз алдына бүтін кеңіс ретінде қарастырылып, оның басы мен аяғы және ортасы нақтыланып тұр. Ал, көк­мойын, қандықақпан /экитишти, бел­басар/ аққолтық, атсыратар, атөтпес/жа­манүй, тектұрмас аталған ұғымдардың төр­­кіні ойын үдерісіне тән ақуалды ұйым­дастыратын әрбір отаудың сипатын та­нытады. Тоғызқұмалақты зерттеушілер бұл атаулардың  әр отауға сәйкес  мін­деті мен мүм­кіндігін ашатындығын пайым­дауда.
Бұл ойында барлық отауы дымсыз қалған ойыншының жағдайын «атсырау» ұғымымен атайды, бұл – атсыз қалу де­ген­ді білдіреді. Егер де, ойын барысы атқа байланыссыз болғанда оны «құма­лақ­сырау»немесе «тассырау» секілді ұғым­­дармен беруге болар еді. Демек, ойын­­­ның басты атрибуты да ат болғаны және бір кезде «тоғызат» аталғандығы да осыдан көрінеді; атсыз қалған өмірдің ат­тылы қоғамда тұл екендігін білдіріп, үдерістің бұл ахуалы ойынды аяқтауға апарып тірейді. Тіпті, ойын кезіндегі жүрістің «көшу» етістігімен айтылатыны да [11,537]  тоғызқұмалақтың «көшпелі» болмысын аша түседі. Ендеше, ойынның бар мазмұны аттылы, көшпелі қоғамды дәріптеуде болып тұр. Тоғызаттың ат­­ты­­лар өркениетіне тиесілі екенін С.Аманжоловтың [2]: «Бұл ойынның ерек­­ше бір қасиеті терминдерінде: тер­минге қарап бұл нақтылы мал шаруа­­шылығының тудырған нәрсесі екен дейсің. Шынында да «құмалақ» деген сөздің өзін алыңыз. Құмалақ – қойға, түйеге, ешкіге, қоянға, т.т. ғана тиісті зат. Ал, «көк мойынды» алсақ, оның өзі бейнелі сөз. Нақ­­тылы көк мойын деп қазақ, көпке дейін ұстатпай ыза қылған, артынан ұс­талғаннан кейін ай­лар бойы мойнына бұғалығы түспей, мойны көгерген жыл­қыны айтады» деген сөзі нықтай түседі.
 Бұған қарап, тоғызқұмалақ ойынының тақтасы белгілі бір дәрежеде аттылардың біртұтас әрекет алаңын елестетеді де, әрбір отау/үй ойын үдерісіне тән субъектілік қасиетін аңдатады. Демек, бұл атаулар мен ұғымдардың түбінде түркілік қозғалыс пен кеңістік, ондағы үдерістің барысын аңғартатын ілімнің ізі анық байқалады. Бұған назар аудара отырып, ежелгі түркілік мемлекеттердің тоғыз тайпалық одақ арқылы толыққанды хандық мемлекеттің бекер құрылмағандығын аңдауға болады. Бұны «тоғыз оғыз» аталған түркілік мемлекеттік құрылымды, «тоқсоба» атауымен рулық қауымның «тоғыз үй» мағынасын білдіретін құрылымнан аңғару қиын емес.
Ойынның келесі бір тұтас танымдық бірлігі «қазан» аталып жүрген қарсы тараптардың ұпайды жинау орын­дары бұрын «орда» аталған [2] да, тоғыз­құ­ма­­лақтың өзі де соған сәйкес обаста «орда» [6,30] делінгендігі анық:
Баштаптыр Манас Ордону,
Ордо деген оюнду
Бизге мирас қылғаны
Тогуздап коргоол салғаны
Бу Манастан қалғаны («Манас» жы­рынан).
Тоғыз­құмалақ ойынының болмысынан зерттеушілер көшпелі түркілердің түрлі өмір­лік көрінісінен бастап [10,30] көшпелі қоғамның саяси сипатына дейінгі тірлік маз­мұнын аңғаруда. Тоғызқұмалақтың ойын үдерісінен екі тараптың әскери шайқасын елестете отырып, оның нағыз көшпелі қоғамға тән әскери тайталасын байқаймыз. Айталық, казір «қазан» аталып жүрген шұңғылдың бір кезде «орда» аталғанын да ескерсек, онда ойын тақтасы қарама-қарсы орналасқан құрамында тоғыз тайпасы (ойында  әр тайпа «отау/үй» аталатын ұямен шартты түрде таңбаланған) қос хандықтың бір бірімен тайталасу көрінісі көз алдымызға келеді. «Қазан», «орда» ұғымдарының екеуі де біріктіруші атрибуттық ұғымдар болып табылады: тайқазан – елдің рухани-идеологиялық бірлігін қамтушы нышан болса, орда – әуелден-ақ көшпелі саяси құрылымды басты ұйытушы мемлекеттік орган, астана.
«Қазан» ұғымын  этнограф Г.С. Загряжский [3,531] Шу мен Сырдария қазақтарының тоғызқұмалақты сипаттаған жазбасында бұл ұяның«қала» атауын келтіріпті. Бұл атау да көшпенділер үшін қаланың белгілі бір дәрежеде орталық, астана екендігінен хабардар етеді. Шамасы, ойынға дөп-дөңгелек шұ­ғыл болғандықтан «қазан»,  аттың орнына «құ­малақ» ұғымдарының кірігуі көшпелі өмір салтының әлсіреп, сыртқы көріністік ұғымдардың ығыстыруынан ойынның атауы да, бұрынғы біртұтас танымын жо­ғалтқан ұғымдардың орнын кейбір «өгей» атаулардың басуынан аңғару қиын емес.
Енді, әрбір отаудың түркілік танымда тұтас әулетті білдіретін ұғым бар, оны «үй» атайды, қырғызша ойындағы отаудың «үй» [11,541] аталуы да содан. Қазақ ұғымындағы бұл тұтастық ежелгі мифологиялық «Ер­төстік» ертегісінде Ерназардың 9 ұлы ретінде көрініс береді. Тоғызқұмалақ ойынында да әрбір отау біртұтас үйді меңзейді де, соғыс жағдайында ол әскери қолға тең: 9 ат және ойнаушы түркілік әскери құрылымның  онбасы/жүзбасы/мыңбасы рөлінде іспетті.
Зерттеуші М. Шотаев [13]: «Кентаулық шебер Т. Құдияров тоғызқұмалақты әскери ойынға жатқызып, осы отаулардың ор­наласу ретіне өзгеше көзқарас ұста­нады. Яғни ойындағы 9 отау – белгілі бір мемлекеттің, көшпенділер үшін қа­­ға­наттың құрылымы» деген дәйекті ұсы­нады:. Мәселен: №1 отау – жаяу әскер; №2 отау – шекара; №3 отау – қорған; №4 отау – штаб; №5 отау – уәзір орны; №6 отау –ханзада орны; №7 отау – хан сарайы; №8 отау – қазына; №9 отау – халық.
Ғалым әрі белгілі тоғызқұмалақшы М. Шотаев [11,513] бұл пайымды одан әрі: «Тоғызқұмалақта жүріс бағытқа негіз­делгендіктен, шындап келгенде бетпе-бет соғысу жоқ. Ойын ережелеріне көнедегі ғұндардың сенімі әсер еткен. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ ойынында ғұндардың таң­дап алған соғысу стратегиясына сәй­кес, тактикалары да көрініс тапқан. Мә­селен, шабуылдау, қорғану, торуылдау, негізгі күштерді артқы күштерден бөліп тас­тау, жауларын өз жеріне тереңдей енгізу арқылы тұтқиылдан шабуыл жасау және т.б.» – деп аша түседі. Алайда, тоғызқұмалақ ойынын тек қана түркілік дүниетаным мен болмыстың, құндылықтың көзі ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Аталмыш ойынға ежелгі математикалық ойлау жүйесінің де араласы бары байқалады. «Находки шариков III-IVвеков до н.э. только подтверждают мысль, что игра древнее самой казахской нации. Уникален факт сохранения игры казахами в условиях кочевого образа жизни» – деп тамсана жазып, зияткер ойындарды ресейлік зерттеуші А. Шиляев [12] тоғызқұмалақ ойынын жер бетіндегі ондық санау жүйесінің пайда болу куәсі ретінде тартады. Белгілі алашордашыл қайраткер әрі ғалым Елдес Омарұлы өзінің «Қазақ тарихынан» деген мақаласында Шыңғысханнан бастау алады дейтін «ондық жүйелі» әскердің жасақталуынан мың жыл бұрын, аталмыш жүйені ең алғашқы ғұн қағаны Мәденің (Модэ) мемлекеттік жүйесі ондық, жүздік, мыңдық бөліністерден тұратын әскери құрылымнан тұрғандығын ежелгі Қытай мен Әбілғазы ханның шежіресіне сүйене отырып, ашып жазады. Әзірге адамзаттық өркениетті туындатқан Азия мен Европа құрлықтарындағы мемлекеттік-әскери сала бойынша ондық санақ жүйесінің басты тұтынушысы ретінде түркілер көзге көбірек түсетінін жоққа шығару қиын.
Зерттеуші А. Шиляев өз мақаласында  «Казахи широко применяли десятичную систему, а счетная доска могла при­­­меняться для вычисления налогов» деуінде тиянақты қисын бар. Түркі қаға­наттарында, әсіресе Шыңғысхан мемл­е­кетінде әрбір табыстың оныншы бөлігі ғана мемлекетке салық есебінде алынғанын ескерсек, А. Шиляев мырзаның «Слово то­гыз переводится с казахского языка: девять. Многие авторы считают, что число 9, доминирующее в игре тогызкумалак, считается священным у монгольских и тюркских народностей и его можно считать традиционным у казахов. Однако, если смотреть на игровую доску как на древнейшую счетную доску, то цифра 9 – символ заполнения разряда, т.к. при попадании в лунку следующего камушка все камушки из нее вынимаются и в следующую лунку кладется один камень. Казахи широко применяли десятичную сис­тему, а счетная доска могла применяться для вычисления налогов…» деп, оны қазақ танымына телуі шынында да тоғызқұмалақ ойынының салық салуға қатысты тағы бір қыры мен оның мемлекеттік сайман түріндегі сипатын әйгілейді.
А.Шиляевтың тоғызатқа қатысты пайымын тереңдете түссек, бұл ойын ғана  емес [2], «бұл ойын қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны, ойнаған адамның миы істеп, есепшілігі артып, тез тапқыштық жағы күшеймек», яғни, бұл далалықтардың зерде мен логиканы дамыту құралы болғандығын әйгілейді. Тіпті, одан да маңыздысы сол – тоғызаттың ежелгі гректердің абақ санауыш құралымен қатар қолданылған математикалық сайманы болғанын аңдауға болады. Тоғызат тақтасының жартысы алсақ, ұя-отаулардың 9 цифрлы санды білдіретінін және 9-дан асқан сан 10-ордаға/қазанға түсетінін аңдасақ та жеткілікті.
Қорыта келгенде, тоғызқұмалақ ойыны – түркі халықтарының мәдени-таным­­дық құндылығын бойына сіңірген күрделі де аса терең мағыналы зияткерлік мұра. Сол себепті де, аталмыш ойын түр­кілік қоғамдық-саяси құрылымды, тарихи-дүниетанымдық құндылықты, тұрмыстық-әлеуметтік көзқарас пен қажеттілікті қамтитын әмбебап ақпа­раттар мен дәйектер көзі ретінде жан-жақты зерделеуді қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Абдужаппаров М.Н., Сағындықов И.Ө., «Зияткерлік тоғызқұмалақ ойы­нындағы отау аттарының мағынасы» //Түркі өркениеті және тәуелсіз Қазақстан. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнал­ған халықаралық конференция мате­риалдары. І (А-Й). Ш.Ибраевтың редак­циясымен. – Астана, 2011.482 б.  
Аманжолов С. Тоғызқұмалақ. – А., 1936. Қазақша және орысша.
ЗагряжскийГ.С., // Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи. «Туркменские ведомости»,1874 г., №29.- «Игры народов СССР», 1933 г.,»Полиграфкнига», г. Ленинград, 563 стр.
Зелинская И. Домино, нарды, кости. – Москва: «Вече», 2001.
Краснов А.Н. Очерь быта Семиреченских Киргизь. (Известия русского географического общества). Общ. 23 том, 1887.
Орозобаков Т., Чылымов А. Тогуз коргоол. – Бишкек, 1997.
ПантусовН.Н., // «Киргизская игра «Тогузкумалак». 4-выпуск ХХII тома «Известия Общества археологии, истории и этнографии при Императорском Казанском университете» (том 22, вып. 4, Казань, 1906 г., стр.249-252).
Сұлтанбеков Т. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ. – Алматы: Қазақстан, 1967.
Таникеев М. От старта к Олимпиаде. – Алматы, 1983. – С.165.
Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. – А.: Қайнар, 1994.
Түркологиялық зерттеулер.Жауапты редактор Сағидолда Г. – Астана, «Сарыарқа» баспа үйі, 2012. – 560 б.   
Шиляев А.,  Тогызкумалак. Казахская игра – свидетельство зарождения десятиричной системы счисления – http://thaichess.narod2.ru/shahmatnie_legendi/nagrada_izobretatelyu/
Шотаев М., Жұмабаев Н., Ақназаров С. Таңғажайып тоғызқұмалақ. – Түркістан: ХҚТУ баспасы, 2004.

Алдыңғы «
Келесі »