ТІЛ ТУРАЛЫ ТЕЗИСТЕР

  • 03.10.2014
  • 745 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Герольд Бельгер,
жазушы

1. Белгілі тілші-лингвист Дуг Уоленнің пікірінше, дүниежүзіндегі қазіргі бар тілдердің келешекте тек бес пайызы аман қалады екен. Қалғандары біржола құрдымға кетіп жоғалмақ. Мұны ойлағанда жаның түршігеді, жүрегің сыздайды.
Есептеп көрелік. Қазіргі таңдағы тілдер мен диа­лектілер алты мың қаралы екен. Жыл сайын жиырма бес тіл қолданыстан шығып қалады дейді ғалымдар. Демек, XXI ғасырда дүниежүзілік тілдердің сексен пайызы ақи-тақи ұмытылмақ. Бұдан асқан трагедия бар ма? Әлгі ғаламдастыру дегеннің кесірі емес пе?


Халқының кем дегенде бір миллионы ана тілінде сөйлесе, ол тілдің азын-аулақ келешегі бар екен.
Жер шарында ең көп таралған қай тілдер? Жалма-жан блокнотымды ашып қарасам, былай екен:
Қытай тілінде 844 млн. адам сөйлейді.
Ағылшын тілінде 434 млн. 
Хинди тілінде 338 млн.
Испан тілінде 331 млн.
Орыс тілінде 291 млн.
Араб тілінде 192 млн.
Бенгал тілінде 181 млн.
Португал тілінде 171 млн.
Индонезия-малай тілінде 138 млн.
Жапон тілінде 124 млн.
Француз тілінде 119 млн.
Неміс тілінде 118 млн.
Бұл ООН (БҰҰ)-ның – оншақты жыл бұрынғы мәліметі. Пәлендей өзгере қоймаған деп ойлаймын.
Содан шығатын қорытынды: бұл тілдерге таяу ғасырда қауіп жоқ екен. Ал, қазақ тілінің халі нешік? Қазақстандағы сегіз миллион қазақтың ең кемі бір миллионы, Құдай біледі, ана тілінде еркін сөйлейтін шығар. Оған шетел қазақтарын қосыңыз. Демек, қазақ тілі де, иншалла, таяу арада ес-түссіз жоғала қоймас. Дегенмен сақ болған жөн. Әйтпесе, сексен пайыз үмітсіз тілдердің қатарына қосылып қалуымыз ғажап емес.

2. Осыған орай тағы бір мәлімет. Алматыдағы кіші ассамблеяның дерегі бойынша, оңтүстік астанамызда мемлекеттік жалпы білімдік 171 мектеп бар екен. Оларда 182576 оқушы оқиды. Ал, сол 171 мектептің 33-інде оқу қазақ тілінде жүреді екен. 72 мектепте сабақ орысша, 57-сінде орысша-қазақша аралас, 3-інде ұйғырша, 2-інде орысша-ұйғырша, 1-інде орысша-қазақша-ұй­ғырша аралас оқытылатын болып шықты.
«Аралас» дегенге менің о бастан күмәнім бар. «Аралас» болған жерде орыс тілінің басым екендігі өзінен-өзі түсінікті. Ол тұрмақ «таза» қазақ мектептерінде де оқушылар көбінесе орысша шүлдірлейді. 

3. Ойыма ұбых тілінің тағдыры орала кетті… Дағыстан өңірінде XXI ғасырдын орта тұсында сондай халық болған. Олар ұбых тілінде сөйлеген. Жылдар өте, сол ұбых тілінде сөйлей алатын әкелі-балалы екі-ақ адам қалыпты. Олар да Түркияға қоныс аударған екен. Осыдан он-он бес жыл бұрын 102 жасқа келіп, жаңағы ұбых шал о дүниелік болыпты. Ұбых тілін сақтап қалған сексендегі баласы ғана. Ол қазірде бар ма, жоқ па білмеймін. Тіл құрыған, адам құрыған, бір тайпаның мәдениеті өшкен. Аз халықтың тағдыры осы. «Өлдің, Мамай, қор балдың». Тілің өлді – өзің өлдің. Дүниеде ізің де қалмады. «Мен өлгенде, тілім не болмақ?» деген ойда жүрген дұрыс-ау.

4. Орыс тілі жайында Пушкин айтқан екен: «Он один останется неприкосновенной собственностью несчастного нашего отечества». Қазақшаласақ, былай болып шығады: «Біздің бақытсыз отанымызда бірден-бір басыбайлы меншігіміз тіл болып қалмақ».
Әй, осыны көбіміз (қазағы, немісі бар) түсіне бермейміз-ау…

5. Тіл тек қатынас құралы емес. Ол – халықтың жүрегі, жаны, ділі, діні, мақсат-мүддесі, ой-арманы, болмыс-тірлігі. Осыны жиі айтамыз, бірақ байыбына бара бермейміз.

6. Көптен бері ұлттық идея іздеп келеміз. Бір кездері үй-күйі жоқ, сақалы беліне түскен қаңғыбас, есі ауысқан, қысы-жазы тыржалаңаш жүруге әуес Порфирий Иванов дегенді уағыздап, ұлттық идеяға жақындатып едік. Соңғы бір-екі жылдан бері байқаймын, ол шалды мазаламайтын болдық. Оған да шүкір, әйтпесе, масқара емес пе?
Енді бірде «жалған сөйлеме, өтіріктен ада бол!» деген Солженицынның қағидасы ұлттық идеяның тұғыры бола алады деп ойлаушы едік. Маған бұл қағида да теріс емес сияқты. Бірақ, қазаққа, мен білсем, Солженицынның өзі де, сөзі де ұнамайды, ал, өтіріктен ада болу тіпті де қиын. Мүмкін де емес шығар. Өтірік бізде сасық қулықтың бір нұсқасы іспеттес. Ал, қулық, қазақтың ұғымында, пәлендей жағымсыз мінез емес. Сонда не қалады? Сол бабалардан қалған тілің ұлттық идея болу керек деп топшылаймын. Қазақты біріктіретін бірден-бір қасиетті күш ана тілі болуға керек.

7. Қазақ тілі – жаралы тіл. Оған күн сайын жара салатын өзіміз. Атадан қалған рухани байлықты шұбар-шұбар, кедір-бұдыр, мәнсіз, сәнсіз, көріксіз, жұтаң, қаны-сөлі жоқ былжырақ, қойыртпақ бірдеңеге айналып келеміз. Сөйтіп жүріп, жалғыз байлығымыз – тілді құртамыз.

8. Аяған Сәндібаев таяуда «Известия-Қазақстанда» жақсы айтты: «Біздер, қазақтар, ана тілімізден басқа тілдерді үйренуге оңтайлы тұрамыз». Шынында да, қазіргі қазақтар ана тілінен гөрі шет тілдерін меңгеруге әуес.

9. Не жетпейді? Намыс жетпейді. Ыждағаттылық жетпейді. Құрмет жетпейді.
Баяғы қазақшылық: «Әй, қойшы! Өзіміздің тіліміз ғой. Қайда қашар дейсің?».

10. «Тілбұзаризм» жалғыз қазақта емес, көбінде бар індет. Орыстар да, немістер де, француздар да зар жылап жүр. Ресейде «русский лапоть» атты сыйлық қарастырылып жүр. Ол сыйлықты («орыстың шатабасы») Черномырдин сияқты қалай болса, солай сөйлейтін «сөлкебайларға» бермекші. Біздің Мырқымбайларға да осы тақылеттес сыйлық керек-ақ. Министр, депутаттарды, Президенттің маңайындағы білгіш-белсенділерді қазақша сөйлету керек. Сөйлей алмайды екен, кеуделеріне үлкендігі таба нандай «Сақау» орденін тағу керек. Бізде кедір-бұдыр, шұбар, қотыр сөйлеу дағдыға айналған. Оны көбінесе өзіміз сезбейміз. Тілді қор қылудың басы осы. 

11. Көшелердегі ірі-ірі мекемелер мен зәулім дүкен­дердегі жарнама-жазуларға бірауық назар аударыңызшы. Бүкіл Қазақстан қазақ үшін емес, шетелдіктерге арналып, солардың құзырына бағышталғандай. Мұны құлдық психология демей не дейміз?

12. Тілді зорлап үйрету мүмкін емес. Иә, қажеттілікте үйренеміз (мәселен, бізден Алманияға көшкен немістер қазіргі немістің әдеби тілін амалсыздан үйренеді, өйткені онсыз күні жоқ), иә ыждағаттылықтан. Ана тіліңе зәру болмасаң, қалай үйренесің.

13. Мен қазақ арасында 61 жылдан бері тұрамын. Әлбетте, қазақ тілінің қуаныш-қайғысына немқұрайды қарай алмаймын. Біздің ресейлік немістер соңғы алпыс-жетпіс жылдың ішінде өздерінің диалектілерінен айырылып қалды. Оған халық жазықты емес: жер аударылды, қорлық-зорлық көрді, қудаланды, мәдениетінен айырды, тоз-тоз қылды, мектептері жабылды, оқу­лықтары болмады, тілін-ділін мазақ етті. Ол өз алдына мәселе.
Ал, қазақтың елі-жері аман. Тәуелсіз болды. Өз билігі өзінде. Керек жағдайдың бәрі бар. Тарихы, мәдениеті, діні қаз-қалпында. Игі дәстүрлер де ұмытылған жоқ. Демек, ана тіліне ие болу керек, оны қастерлей білу керек. Осы жайында мен биыл «Казахское слово» деген кітапша жаздым. «Елордада» шықты. Сол еңбегімді шама-шарқымша қазақ тілінің құдірет-қасиетін, байлығын, көркемдігін, бейнелілігін, көп мағыналығын ашып айтқан сияқтымын. Кітапшам, негізінен, шала мен ада қазақтарға арналған. Енді кейде ойлаймын: сол кітапшам мақсатына жетті ме, оқушысын тапты ма, қажеттілікке асты ма, қазақ тіліне септігі тиді ме?
Ай, қайдам…

* * *
Со-о-на-ау замандарда жер шарында, мамандардың есебінше, 150 мыңдай тіл мен диалект болғанға ұқсайды. Бүгінде олардың саны 6 мыңға жетер-жетпес. Демек, әрбір екі апта сайын бір тіл жантәсілім болады.

… Қолдану аясының кеңдігі жағынан БҰҰ-ның дерегі бойынша жапон тілі – 10, француз тілі – 11, неміс тілі 12 орынды алады. Қазақ тілінің бұл тізімдегі орнын білмеймін, бірақ, шамалауға болады. Өркениеттің қарқынды ағымына шыдай алмай көп тілдер әлсізденіп, қажеттіліктен шығып, көмескіленіп, сал болып, «шықпа, жаным, шықпалап», ақыры өледі екен. Оның ең бір айқын көрінісі – архаизм сөздерінің көбейіп, жаңа сөздердің азайып қалуы…

… Қазақтың күнделікті тұрмыс-салтына, жер бедеріне, мал шаруашылығына, туыстық қарым-қаты­насына, этнографияға, қолөнеріне, санаға, дүние таны­мына байланысты ұғым-атаулар санында, Құдай біледі, сан жоқ. Жылқы мен түйеге қатысты сөздердің өзі жүздеп саналады. Бір киіз үйдің төңірегінде жүз сөз табылып қалады… Бір ғана «вид» деген сөзге қазақтың 26 синонимі бар. Бір ғана сырғаның қазақта 20-30 түрі табылады. Бір ғана пышақтың ұшы, қазинегі, кежегесі, ілдірігі, жүзі, сағасы, алқымы, жемесі, сырты, сақинегі, құрсауы, дүмі, шығыршығы болатынын марқұм Дәркембай ұста жазып та, суретін салып та түсіндіріп еді.

 

Алдыңғы «
Келесі »