Алма апай

  • 03.10.2014
  • 2160 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өмірхан ӘБДИМАНҰлы, 
филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-і филология факультетінің деканы

1975 жылы  Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің дайындық бөліміне «өлдім-талдым» дегенде, әрең кұжат өткізіп», енді, «собеседованиеге» кіретін болдық. Бір-бірлеп кіргізіп жатыр. Өз кезегім жеткенде кірсем, төрде иығына пальто жамылған, атжақты, қарасұр кісі отыр екен. Ол кісінің сол жағында өңі аппақ, жасы үлкен сұлу апай, одан кейін бидай өңді, әдеміше келген жас келіншек отыр. Оң жақта өзімізге жақсы таныс – құжаттарымызды қабылдаған дайындық бөлімінің деканы Талғат Сайрамбаев ағайымыз.


 Төрдегі кісі:  «Кәні, сұрақ    қойыңыздар!» –  деді. Алғашқы сұрақты: «Халықшылдар деген кімдер, олар туралы не білесің?» –деп, үлкен апай қойды. Сұрағынан ол кісінің тарихшы екенін сездім. Бұл кісі кейін жақсы көріп кеткен апайымыздың бірі тарихшы Қабдушева екен. Екінші сұрақты сол кісінің қасында отырған келіншек қойды. Ол кісінің өзіміздің ең сүйікті апайымыз Алма Қыраубаева екенін де кейіннен білдік. Оның: «Шоқан Уәлиханов – әдебиетші» дегенге не айта аласыз?»  –  деген сұрағына да өзімше жақсы жауап бердім. Үшінші болып, Сайрамбаев ағай «Сан есімді» сұрады. Оған да жауап бердім. Бәрі риза болғандай болды. Төрдегі кісі: «Жақсы, бала, жақ­сы… Бара бер, жақсы!», – деді. Сыртқа шықсам, сыртта мені күтіп ҚазПИ-дің тарих факультетінде оқитын бөлем Оралбек Тұрманбетов тұр екен. «Не болды?» – деді Ол. Төрде отырған кісінің «Жақсы, бала, жақсы» дегенін айттым. «О, болды  онда,   қо­рықпа,   түстің.   Ол   филфактың   деканы   Мырзатай Жолдасбеков қой», – деді, таниды екен. Кешке бәрімізді үлкен залға жинап, сынақтың қортындысын жариялады. Филология факультеті бойынша мені екінші атады. Сонымен, ҚазМУ-дің студенті атандық. Мен Алма апайды сонда бірінші рет көрген едім.
Алма апай! Өзгені қайдам, өзіме осы бір есімде жаныма жылулық ұялататын, санама сәулелі нұр қуат құятын құдіретті күш бар. Өйткені, осы бір тұла бойы адамгершілік пен ізгілікке тұнған, жаны жайсаң, әулие жан ақ-адал пәктігімен талайдың көкірегінде есімі жатталып қалған Ұстаз болатын.
Ұстаз! Не деген мейірімділік лебі есіп тұған жанға жылы сөз еді десеңізші! Ұстаз – ұлы ұғым. Меніңше, біз кейінгі кезде осы ұғымның қадір-қасиетін біршама арзандатып алған секілдіміз. Осы жерде «неге» деген сұрақтың кесе-көлденең шыға келері сөзсіз. Негесі сол, біз ұстаздықты, тіпті, ұсақтатып жібердік. Оны бір қырынан ғана көріп, соған ғана мән беріп келеміз. Дәрісханаға кіріп-шығып, сабақ түсіндіргенді де, мамандыққа баулығанды да, тақырып тауып беріп, жетекшілік еткенді де ұстаз деп мақтап, марапаттап жатамыз. Ақиқатында ұстаз – мұндай тар шеңберлі түсініктің аясына сия бермейтін құбылыс. Әлгі айтқанымыздың бірі – оқытушы, екіншісі – тәлімгер, үшіншісі – ғылыми жетекші ғана. Шынайы ұстаз – білімнің кәусарына қандырған оқытушы, ақыл-ойыңды байытқан ғұлама, азаматтық тұлғаңды қалыптастырған тәлімгер. Біздің­ше, аталған осы үш бірлікті тең ұстаған жан ғана нағыз Ұстаз деген ұлы ұғымға лайық бола алмақ. Ол шәкіртіне талғам дары­тады, танымын қалыптастырады, дүниені танытады, өмірлік жолын ай­қын­дайды. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз – бар асыл қасиетті бойына дарытқан «бүтін бітім» (З.Қабдолов).
Ұстаз шәкірт жанының шамшырағы іспетті. Өйткені, жеткен биігің, мерей-мәртебең ұстаз ұлағатымен тығыз байланысты. Жаныңа жарық нұр құйған жанның ұлағаты жадыңда мәңгі жаңғырып, санаңда өшпестей боп жарқырап тұрады. Жаңа бір істі бастар немесе жаңа бір өмір белесіне көтерілер сәтте сол бір аяулы адаммен іштей кеңесіп, келісіп алып, кесімді шешімді содан соң қабылдайсың. Ұстаз ұғымының ұлылығы да, ұстаз тұлғасының биіктігі де осында. Әрине, осынша құрметке, шәкіртінің шексіз сүйіспеншілігіне бөлену – кез-келген ұстаздың маңдайына жазыла бермеген бақыт. Оның себеп-салдары санқилы. Қадірсіз ұстаздың кемшілігінен де, қасиетсіз шәкірттің кещелігінен де болуы мүмкін. Мен көбіне алғашқысының кінәсінен бе деп ойлаймын. Өмірде «өз уақытын аямаған, өзгенің жанын аялаған» ұстаз өте сирек кездеседі. Ілуде біреу десе де болғандай. Тағы да баяғы «неге?» көкейге тіреледі. Тақ етер жауабымыз даяр болса да, толықтыра айтқымыз келіп тұр. Негесі сол, данышпан Абай айтқан «толық адам» Абай заманында қандай аз болса, болмыс-бітімі, тәні мен жаны, білімі мен біліктілігі, ілімі мен ізгілік қасиеті бірдей келіп, біте қайнасып жатқан ұлағатты ұстаз мына заманда да сондай тапшы. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Социалистік заманды артқа тас­тап, капиталистік келешекті алға ұстап тұрған өліара шақта, бұл – әрине, үлкен қасірет.
Өмірде өзім көрген жандардың арасында қандай жағдайда да ұстаздық ақ жолынан еш адаспаған, шынайы ұстаз, шын ұстаз бір жанның болғанын мен жақсы білемін. Ол – қасиетті қара шаңырақ ұлттық университетте 30 жыл ұстаздық еткен, менің сүйікті ұстазым Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева. Менің ұстазым деп, мен­шіктей айтқанымды қалың шәкірті кешіре жатар. Осы күні жақсыны өзіне тән қып естелік жазып, сөйтіп, «атың шықпаса, жер өрте» деген қағиданы ұстанған адамдар көбейді ғой. Бұл да бір «нарықтың» берген несібесі шығар. Біз өзімсіне айтқанымыз болмаса, өзгедей ойдан аулақпыз. Шынын айтқанда, Алма Мүтәліпқызы өзінен оқып, дәріс алған бар шәкіртін бөліп-жармайтын, «бес саусақ бірдей еместігін» біле тұра, әр шәкіртінің бойынан бір ерекшелік танып тұратын, олардың мінез-құлқындағы ала-құлалықты елемеуге тырысатын үлкен жүректі адам, адал ұстаз еді. Жанына жақын жүздеген шәкірттері іштей өзінің ғана ұстазы санағанмен, ол бәріне ортақ ұлық ұстаз болатын. Жалпы, ұстаз атты ұлы ұғымға сай болу үшін осы жолды мұрат тұтқан жанның бойында бірін-бірі толықтырар үш қасиет тоғысуы шарт. Меніңше, оның біріншісі – телегей теңіз терең білім, екіншісі – өмірімен өзектес деп біліп, тандаған мамандығын жетік меңгерген біліктілік, үшіншісі – өз ортасына сыйлы бола білген кісілік келбет. Міне, осы үш қасиет ұстаз тұлғасында тұтаса тоғысып, әрқайсысы көзге ұрып, әрі бір-бірімен кіріге жымдасып кеткенде ғана нағыз ұстаз жаратылысы ерекшелене түседі. Баршаға «Алма апай» атанып кеткен Алма Мүтәліпқызының бүкіл болмыс бітімінен осынау үш қасиет анық байқалып тұратын-ды. Таныс-біліс болған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде шәкірті ретінде де, қатар қызмет атқарған әріптесі ретінде де бұған көзіміз әбден жеткен.
Алдымен білімділігі туралы. Алма апайдың білімділігін кейінгі шәкірттері түгілі, арысы өзін оқытқан данагөй ұстаз­дары, берісі бірге оқыған курстастары мен қатар жүрген әріптестері түгел мойындаған. Алма апай бойындағы білімділіктің бұла бұлқынысын алғаш сезген ұстазы, ғұлама ғалым Бейсембай Кенжебаев. Талант пен дарынды жазбай танитын көпті көрген көнекөз Алманы алғашқы курстарда-ақ байқап, қазақ әдебиеті тарихының зерттелмей жатқан тыңына түрен салдырыпты. Алтын орда – қыпшақ дәуірінің жауһар жәдігерлері «Рабғұзи қиссалары», Хо­резмидің «Махаббатнамасы» оңай ша­ғылар жаңғақ емес, оған қайтпас қажыр, жасымас жігер, бірегей білім, ересен еңбек керек. Алма бойынан осының бәрі де табылды. Табылғаны сол, ол бір орында тұрып қалмай, ғылыми атаққа бола ізденбей, әдебиет тарихын тереңдей зерттеп, қопара қазып, үдете жазып, ежелгі дәуір әдебиетінің Қа­зақстандағы бірден-бір білгірі атанды. Кезінде Бейсекең үміт артып, осынау кезең әдебиетінің тың тарихын зерттеуге қосқан алдыңғы ілектегі талантты да, дарынды шәкірттерінің көбі ежелгі дәуір атты «асау тайдың» жалынан ұстап, үйретуін үйреткенімен, кейіннен тайқып шығып, қайта қойшы торыға ер салды. Алма ұстаз жөн сілтеген бағдаршамнан көз жазбай, орта ғасырдағы шығыс, түрік, қазақ әдебиетінің байланыстарын тұңғиықтан тартып, жарыққа шығарды. Оның бұл саладағы еңбектері санының көптігімен, көлемінің молдығымен емес, жазғанының жаңашылдығымен, ғылыми ізденісінің тереңдігімен бағаланады. Ғұла­ма ғалым зерттеулеріне тән басты қасиеттер – ой биіктігі, ізденіс тереңдігі, тақырып кеңдігі. Ғалым Алма қысқа ғұмырында аз еңбектенген жоқ, бірақ, көп дүниесі баспа жүзін көрмей кетті. Жалпы, басылып шыққан зерттеулері аса көп емес, айналасы бес-алты кітап. Бірақ, аз болса да саз жазатын зерттеушінің еңбектері аса сапалылығымен айшықталады. Алма жазған ғылыми зерттеулердің ішінде «Ғасырлар мұрасы» (1986), «Шығыстық қисса-дастандар» (1997) атты екі еңбегін айрықша атауға болады.
«Ғасырлар мұрасы» – ұзақ жылдарға созылған іргелі ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рының жемісі. Мұнда ХІІІ-ХІV ғасыр­лардағы түркі тектес халықтар әдебиеті қазақ жазба әдебиетінің арғы бастаулары ретінде қарастырылып, сол кездегі тарихи-әлеуметтік жағдай мен әдеби байланыстың тамырластығы жүйелі ғылыми негіздемеге түседі. Сол дәуір әдебиетінің ХІХ-ХХ ғасыр басындағы ауызша, жазбаша және нәзира әдебиетте дәстүрлік жалғасын табуы тарихи-әдеби нақты деректер арқылы дәлелді түрде пайымдалып, терең зерттеледі. ХІІІ-ХІV ғасырлардағы «Раб­ғузи қиссалары», «Махаббатнама» атты тарихи жәдігерлер – әдебиет тари­хын­да өшпес із қалдырған, мәңгілік мұралар. Міне, ғалым «Ғасырлар мұрасы» еңбегінде бірін – аударма-нә­зира әдебиет, екіншісін – тыңтума әдебиет деп алып, осы екі шығарманың жанр­лық, тақырыптық, көркемдік сипаттарын ашады. Сонымен бірге, осы шығар­ма­лардың қазақ әдебиетіндегі алар орны туралы өзіндік тың тұжырымдар жасайды. Мәселен «Рабғузи қиссалары» жөнінде ғалым былай деп жазады: «Рабғузи қиссалары» сөз болып отырған бір дәуір әдебиетінің жинағы, хрестоматиясы, әртүр­лі жанрдағы шығармалары қамтылған өз дәуірі әдебиетінің негізгі ерекшеліктерін аңғар­татын құнды мұра». Ал, Хорезмидің «Махаббатнамасы» жайлы «Түпкі бастаулары V-VIII ғасырларда жатқан ежелгі әде­бие­тіміздің ХІІІ-ХIV ғасырлардағы елеу­лі көркем туындысы деп, өз тұсындағы жер жүзі мәдениетіндегі озық ағымдармен байланысты, сонымен қатар бергідегі қазақ поэзиясының тіл, стиль дәстүріне қатысты деп қараймыз» деген ойға қонымды түйін түйеді. Ғалым осы еңбегінде, орта ғасырдағы Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің кейін­­­гі дәуірлердегі әдебиеттермен дәс­түр­лі сабақтастығын сөз ете келіп, осы бағыт­тағы ғылыми зерттеулерді дамытудың мін­дет­терін алға қояды. Академик-жазушы С. Мұқановтың «Қазақ халқының рухани мәдениетінде қиссалар елеулі орын алады» деген пікіріне сүйене отыра, «Қис­салардың әдебиетіміздің бұрынғы – соң­ғы тарихымен дәстүрлі байланысы, шығыс халықтары әдебиетімен сабақтастығы, әдебиетімізден алатын орны, т.б. мәселелер кең зерттеуді керек етеді. Қисса жанрын зерттеп білу әдебиеттегі шығыс дәстүрі дейтін үлкен мәселелердің де беттерін ашпақ» – деп, болашақ зерттеушілерге жол көрсетіп, жөн сілтейді.
Алма Қыраубаева кейінгі еңбектерінде осы бір өзі көтерген мәселелер төңірегінде ауқымды жүмыстар жасады. Оның айғағы – «Шығыстық қисса-дастандар» атты те­рең мазмұнды монографиясы. Бұл – шын мәніндегі күрделі ғылыми зерттеу еңбек. Онда ХІХ-ХХ ғасыр басында қазақ жазба әдебиетінде елеулі орын алған қисса жанрының түп төркініне барлау жасап, өзіне дейінгі осы тақырыпты игеруге біршама еңбек сіңірген ғалымдар Ө.Күмісбаев, Б.Әзібаевалармен кейде бір арнада табысып, кейде өз сағасының ағысымен адаспас айдынға шығып, әдебиетші ғалымдарды жаңалығы мол ғылыми жетістіктеріне тәнті етті. Мұндағы зерттеуші ұстанымының айқындығы – оның қазақ қисса-дастан­дарының шығу тегіне қарай топтастыруы. Мәселен, А.Қыраубаева кейбір ғалым­дар­дың қиссаларды тақырыптық-идеялық тұр­ғыдан топтастыруымен келіспейтіндігін білдіріп, «Біз қисса-дастандарды «Тотынама» желілері, «Шах­нама» желілері және орта азиялық желілер деп бөліп қа­рас­тырамыз» деген ойды ашық айтады. Сөйтіп, қисса-дастандардың қазақ топырағында пайда болуының арғы негі­зіне үңіліп, өзекті ғылыми мәселелердің өзін­дік шешімін табады. Еңбекте қазақ қисса-дастандарының шығыс дәстүрімен желілестігіне назар аудара отырып, оның өзіне тән төл ерекшелігін айқындайды. Олардың XX ғасыр басындағы жазба әдебиетке тигізген игі әсері нақтылана түседі. Мысалы, ғалымның «Қазақ қисса-дас­тандары ХІХ-ХХ ғасыр басында қа­лыптаса келіп, поэма, повесть, роман жанрының тууына негіз болғанын кө­реміз. Мағауия Абайұлының «Меғдат-Қасымы», Мұхаметжан Сера­лин­нің «Гүл­­кәшимасы» біздің ойымызша қис­са-дастандар дәстүрі бойынша жазылып, бірақ, қиссалық тұрақты ерек­шеліктерден ажырай бастаған дастандар. Тіпті, Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың «Қамар сұлуы» да ежелгі қиссалық дәс­түрдің кей ерекшеліктерін сақтаған шы­ғарма» деген орнықты ойлары болашақ ізденістерге жол ашқан, нақты ұсыныстар. Осы өміршең ойлардың талай зерттеу еңбектерге негіз болары даусыз. Жоғарыда сөз болған, бір-біріне сабақтас егіз еңбектің зерттеу нысаны бөлек-бөлек болғанымен, мақсаты бір зерттеулер. Ол мақсат – бүкіл түркі тектес халықтар әдебиетінің арғы бастау бұлағының бір екендігін дәлелдеу. Олардың әлемдік руханиятта алатын орнын, оған қосар үлесін айқындау. Алма Мүтәліпқызының түркі әлеміне, түркі тектес халықтар әдебиетіне арналған зерттеу еңбектері ірі түрколог ғалым ретінде есімін әлем жұртшылығына мәшһүр етті. Осының нақты көрінісі – ғалым Алма Қыраубаева зерттеу еңбектерінің Түркияда шыққан 30 томдық түркі тарихы мен мәдениетіне ар­налған энциклопедиялық жинаққа енуі.
Иә, Бейсембайдай ғұлама ұстаз сені­мін арқалаған Алма апай «көк аттыға» айналған көп ғылым докто­рының бірі ре­тінде қалып қоймай, қазақтың білімпаз қызы ретінде танылды. Қазақ әдебиетінің Орхон-Енисей ескерткіштерінен бас­тау алатын ежелгі дәуірінен бүгінге дейін­гі  әдебиет атты алып айдынның дәу­ір-кезеңдерден тұратын жал-жал тол­қын­дарын бөліп-жармай, бірдей игерген біре­гей ғұламаға айналды.
 Алма – өз бойындағы білімді ұстаздық еңбек арқылы шәкірт санасына құя білген жан. Ғалымдығы мен ұстаздығы таразы басын тең басып, білмекке ынтық шәкірт жүрегін алғаш көргенде-ақ баурап алатын-ды. Әлі есімде, осыдан отыз бір жыл бұрын бір топ шәкірт Алма апайдың дәрісін алғаш рет тыңдаған едік. Ол кезде, кеңестік дәуірдің бір жақсылығы болып табылатын университеттер мен институттар жоғарыда айтқан дайындық бөлімі деген бар болатын. Өзімізше оны «Рабфак» атаушы едік. Бүгінгі елге танылған айтулы азаматтардың көбі сол «Рабфактың» «шек­пенінен» шыққандар. ҚазМУ-дегі сол «Рабфактың» бір топ тыңдаушысы 1975 жылдың желтоқсан айының суық бір күнінде,  дәл түскі бірдің кезінде әдебиет пәнінің оқытушысын күтіп отырдық. Алдында бірді-екілі оқытушылардан дәріс алып, көзі ашылып қалған кейбір «тісқаққандар» ұстазға сынай қарайтын болғанбыз. Әзірше өзіне айрықша тартып, елең еткізген ұстазды кездестіре қойған жоқпыз. «Рабфакқа» осы да жете­ді дей ме, әйтеуір, доцент деген атағы дар­дай болғанымен, көбіне жанының жылуы жоқ жандар сабақ беретін. Кенет аудиторияға үстінде жағасына ақ шілтерден кестелі өрнек салған өзіне сондай жарасатын көгілдір көйлегі бар, сәнді етіп қидырған шашын елпіл-желпіл етпей, жинақтай тарап, әдемі әсемдеген, түр-сипатынан өзгеше бір жылылық ескен, қарақаттай мөлдіреген екі көзіне сыр тұнған, қыр мұрынды, бидай өңді, толықша денелі, әдеміше келген жап-жас апай кіріп келе жатты. Аты-жөнін білмесек те, бірден таныдық. Көзге оттай басылған – «собеседованиеде» әдебиеттен сұрақ қойған апай. Бір сәтке тынши қалған біздер таңданысқа толы сезімнен арыла алмай қалдық. Жарқын жүзді апаймен бірге суық дәрісханаға жан жадыратар шуақ еніп, жылылық тарағандай болып еді. Шіркін! Табиғатында туа біткен ұстаздықтың ұлы құдіреті бар жанның алғашқы әсері қандай?! Қараңғы түнде жарық сәуле нұр шашқандай әсер қалдырады. Біз Алма апаймен осылай таныстық. Одан әрі дәріс сайын ол әсер толыса береді, толыға түседі. Сөйтіп, ұстаз бен шәкірт арасында көзге көрінбес, бірақ желісі мәңгілік үзілмес, алтын арқау пайда болады. Бүгінде өзіміз де ұстазбыз. Талай ұстаздың дәрісін тыңдап, ақыл-кеңесін алдық. Ішінде данасы да, шаласы да болды. Шынын айтсам, шәкірт жанын дәл Алма апайдай баурап, аялай білген ұстаз кездестірген емеспін. Бұл – асыра мақтау да, өтірік көлгірсу де, артық дәріптеу де емес, ерекше тәнті болудан туған, шын көңілден шыққан шынайы ризашылық. Расында да, Алма апай ақыл-парасаты мол, ұстаздық еңбекке саналы құштарлықпен келген, бар шә­кіртіне мейірім шуағын тең бөлген, ай­рықша жаралған жан еді. Жалғыз біз ғана емес, саналы ғұмырының тура 30 жылын ұстаздық еңбекке арнаған Ал­­маның әрбір шәкірті алғашқы жүз­десу­ден әлгіндей әсер алғанына мен кәміл сенемін.
Ұстаз Алма сабақтың қай түрін болмасын есте қалардай етіп, қызықты өткізетін. Бұл – білікті ұстаз белгісі. Тәжірибелік сабақтардың қайсысы да қызу пікірталассыз өтпейтін. Әр сабақ әдебиетті, оның сол күнге арқау болған мәселелерін қорытқан түйін болып шығатын. Әр пікірдің нәрі мен дәні алынып, қилы  көзқарастар тартысынан шындық туатын. Алма апай жүргізген сабақ шәкірт пен ұстаздың бірлескен ізденісінің жемісі еді. Алма апайдың лек­циялық сабақтарында кейбір «ұстаздың» ауа жайылған «әлеулайынан» жалыққан студенттің  мағынасыз тірлігі мен марғау мінезі көзге түсе бермейтін. Ұстаздың шы­найылық шырайын ашқан сүйкімді кейпі, жан-жағына шуақ шашқан жеңіл жымиысы, әуезді де, назды үні бәрі-бәрі өз жарасымын тауып, шәкірт назарын өзіне аудартып отыратын. Тылсым тыныштықтағы ұстаз аузынан шыққан әрбір сөз шәкірт кеудесіне қонақтап, санасын оятып, білім-біліктің бірлігінен туған ой ағындары тереңіне тартып, ұйытып-ақ тастайтын. Әр сабақ осылайша өтетін, әр студент ұстазын асыға күтетін.
Лекция сабағында да, тәжірибелік сабақтарда да шәкірт ойының ұшқынын маздатуға ұмтылатын асыл ұстаз, сол сабақтарда шәкірт жанарынан сыр ұғу­ға тырысады екен-ау. Иә, солай екен. Сол күндердің әсерінен туған «Жаным садаға» атты тәрбиелік мәндегі еңбегі бұған куә. Ондағы үзік ойлар былай деп сыр шертеді: «Алдымда томпиып-томпиып отырған мынау 25 баланың әрқайсысының бойында бұққан таланттар жатуы сөзсіз». Бұл алдына алғаш келген шәкіртті бөліп-жармай, бірдей көретін ақжарма адал көңіл көрінісі. «Өзінің ашық мінезіне қысылмай сөйлей ала­тынына қарап, «әдебиетші болу үшін туғанмын», – деп есептеп қойған бала бар». Шәкіртке ұстаз сыншының белгісі бұл. Шәкірт жанын аялай білетін ұс­таздың мақсаты осы студентінің «бойын­дағы тамаша таланты – ойындағысын жасқанбай айтушылық» қасиетін өші­ріп алмау. Ұстаздың әр шәкірттің мі­нез-құлық ерекшелігін тап басып тануы таң қалуға тұрарлық. «Тұйық баланың табиғаты, тіптен, қызық. Емтиханда болмаса, дауысының қандай екенін ешкім білмейді. Бірақ, өзіме осы баланың көзінде тұнған ой жатқандай көрінеді». Өз шәкіртінің көзге көрінбес жан дүниесін, ішкі әлемін ашу осы болар. Мұндай ұстазға тап болған шәкірт – бақытты шәкірт.
Жоғары мектеп ұстазы тек сабақ жүргізуші ғана емес, сол сабақты өткізу тәсілдерін жете меңгерген әдіскер де болуы тиіс. Бұл бағытта да Алма апай біраз жұмыстар тындырды. Жалпы, курс­тар мен арнаулы курстардың типтік бағдар­ламаларын, әдістемелік нұсқауларын жасап шығарды. Олар бірнеше рет қайта басылып, әлі күнге дейін қолданыс тауып келеді. Әсіресе, Алма Мүтәліпқызының «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік еңбектері – өз құнын жоймас, қашан да болса студент сұранысын қанағаттаңдыра алатын қажетті дүниелер. Бірақ осылардың ішіндегі ең көрнектісі 1999 жылы   «Қазақ  университеті»   баспасынан  жарық  көрген, өлмес мұраға айналар  «Ежелгі әдебиет» атты оқулық. Бұл кітап – қазақ әдебиеті тарихының хандық дәуіріне дейінгі 20 ғасырлық тарихын қамтитын, ұңғысын тереңге салған іргелі зерттеу нәтижесінде дүниеге келген бағасы құнды, мазмұны құнарлы еңбек. «Заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар, аңыз-жырлар» (б.з.д. VІІ ғ.-б.з. ІV ғ.), «Түркі қағанат дәуіріндегі әдебиет» (V-VШ ғ.ғ.), «Оғыз дәуіріндегі әдебиет» (ІХ-Х ғ.ғ.), «Ислам дәуіріндегі әдебиет» (Х-ХІІ ғ.ғ.), «Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет» (ХІІ-ХІV ғ.ғ.) деп аталатын үлкен-үлкен бес бөлімнен тұратын нәрлі оқулық – небір кірпияз студенттің талабын қанағаттандырып қана қоймай, ежелгі әдебиеттің түрлі дәуірін зерттеймін дейтін ізденімпаз ғалымдардың үстелінің үстінен табылатын құтты жәдігер. Кітапта әр дәуір әдебиетінің ерекшеліктері, бағыттары бүгінгі күн талабына сай қарастырылып, тұщымды бағамдамалар жасалады. Мұнда қазақ әдебиеті зерттеуінде тұңғыш рет мың жылдықтан арыдағы әдеби бастауларға зер салынып, сақ, ғұн замандары барланып, «Авеста» т.б. ежелгі кітаптардағы ортақ сарындар әдебиетіміздің «әу бастағы» бас­тау көздері ретінде қарастырылады. Бұл Алмадай білгір ғалымның әдебиет тарихын жүйелеудегі үлкен табысы болатын. Ұстазы Бейсембай Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихын 13 ғасырға жылжытып тереңдетсе, шәкірті Алма Қыраубаева әдебиет тарихы бастауларын мың жылдықтан әрі асырды. Бұл ұстаздан шәкірт озғанның мысалы емес, мұны рухани үндестіктің олжасы деп бағалаған жөн.
Алма шәкіртін жанына жақын тұта да, арақашықтықты ұстай да білетін ұстаз да еді. Ашуы зілсіз, реніші мүңсыз жан болатын. Өз басым ұстаздан дәріс алған жылдарда ол кісінің біреуге дауыс көтергенін, не жекігенін көрген де, естіген де емеспін. Ренішін сөзбен емес, көзбен жеткізе білетін. Зілсіз реніші тез арада ақ пейілге айналып жүре беретін. Өйткені, ол шәкірт жанын қинаған жайды тез сезініп, қолынан келсе, көмегін аямайтын. Алма апай өзі айтқандай «үзілісте студенттері қоршап, жібергісі келмей, соңынан еріп жүріп сөйлесетін», өзгелер қызыға да, қызғана да қарайтын білікті ұстаз еді.
Алма Қыраубаева – жоғары оқу орны ғана емес, мектеп ісін өркендетуге де өзіндік үлес қосқан тұлға. 90-жылдарда ұлттық мектептің өрісін кеңейту, ұлттық тәрбиені жетілдіруді жолға қоюдың қажеттігін алғаш көтеріп, ой-тұжырымдарын республикалық басылымдарда ашық жазған және оны нақты жүзеге асыруға талпыныс жасаған да осы Алма  ұстаз болатын. Бала бақытын аялай білуді өзіне мұрат тұтқан Алма апай мектептегі білім берудің оқу-әдістемелік бастамаларына белсене араласты. 1995 жылы Сорос-Қазақстан Қоры Қазақстан Рес­публикасы Білім министрлігімен бірлесе отыра «Гуманитарлық білімді жаңарту» бағдарламасы бойынша Қазақстан Рес­публи­касы оқу орындарының барлық түр­леріне арналған Гуманитарлық пәндер бойын­ша оқулықтар мен оқу құралдарына ашық конкурс жариялады. Сол конкурста мектепке арналған ежелгі дәуір әдебиеті бойынша оқу құралының жеңімпазы болып Алма Мүтәліпқызы танылды. Оның «Ежелгі әдебиет» атты оқу құралы бұл саладағы тұңғыш бастама еді.
Ғылыми зерттеушілік ізденістерінің негізгі өрісі ежелгі дәуір әдебиеті бол­ғаны­мен, мектеп балаларының сана сезіміне, қабылдау қабілетіне сай ежелгі дәуірден оқулық жазу, әрине, Алмаға қиын тиді. Бірақ табиғатына қайсарлық пен табандылық жарасқан «Қазақтың қара қызы» талабын ашқан талантын таныта білді. Төл әдебиетіміздің қайнар көзі, тереңде жатқан тылсым дүниесі «Ежелгі әдебиет» жайлы ұғынықты өте майда тілмен қызықты да сырлы әдемі кітап жазып шықты. Тартымды оқулықтың ұлттық мектептегі оқушы­лардың ой санасын арбап алғаны шындық. Бұл кітап ұлтжандылыққа тәрбиелейтін нағыз ұлттық тәлім өнімі еді. Өйткені, «Әр бала туған әдебиетінің тереңіне жүзіп, тұнығын сіңіріп өссе, оның жүрегінде еліне деген мақтаныш қалыптаспақ. Елі үшін мақтанатын баланың рухы жоғары болмақ. Ендігі ұрпақты осылайша өсіруге міндеттіміз. Алдымыздағы оқулық осыған қызмет етеді» деген автордың кіріспедегі ағынан жарыла айтқан тілегі нақты мақсатты меңзеп тұр. Жалпы, бала болашағы, келешек ұрпақ тәрбиесі – ұстаздық етуден жалықпаған Алманың өмірлік мұраты болатын. Ұстаздың «Бізде қазақ мектебі бар, бірақ, ұлттық мектеп жасалған жоқ. Ұлттық мектеп дегеніміз – ұлттық рухта тәрбие беретін орын. Қазақ мектептеріне осы жетіспейді. Қазақ мектебі дегеніміз – қазақ тілінде оқытатын, ұлттық сананы, рухты қалыптастыратын мектеп» деген орнықты ойларының білімді ұлт болашағын меңзеген ұлы мұраттардан туғандығына күмән болмаса керек-ті.
Қазақ өзіне келгенде қашан елп етіп, ілесе кетуші еді. Айтылған сөз айтылған жерде қаларын сезген, қолдаушылар табылмасына сенген Алма осы іске өзі кірісіп кетті. Ұлттық мектептегі оқыту үлгісі іспетті «Сенім» атты бағдарлама жасады. Онымен тоқталып қалмай, өз бастамасына өзі демеуші болып, теорияны тәжірибеге айналдырып, таза ұлттық негізде тәрбие беретін мектеп-лицей ашты. Сөйтіп, зиялы қауым мен өзгедей жұртшылыққа үлгі-өнеге шашпаққа талпыныс жасады. Сол кездегі астанамыз Алматының іргесіндегі Қарасай ауданының Жандосов ауылынан ашылған бұл мектеп – ұлттық танымға ұмтылған ұлтжандылықтың бүршік жарған алғашқы гүлі еді. Бұл мектепке талай марқасқа қазақ зиялылары арнайы барып көріп, қызығушылық танытып, ризашылығын білдірген-ді. Тіпті, уақытында осынау жас талап, жаңа ізденіс шаңырағына бүлдіршіндер қамын ойлап, Бөбек қорын ашқан Сара Алпысқызы Назарбаева да арнайы барып, аналық жүректен шыққан «Мынау бір жаңа бағыттағы қажетті іс екен» деп, жаңа бастаманы шын көңілден құптаған болатын.
Ғалым-ұстаздың «Сенім» бағдарламасы үш таған бірліктен тұратын-ды. Олар: бала тәрбиесіне ұлттық рух дарыту жолдары, білім беруде ұлт және әлем мәдениетінің байланыстылығын арттыру тәсілдері, ұс­таз тұлғасының ұлттық құндылықтарын жетілдіру әдістемесі тәрізді бағыттар еді. Осы үш тағаннан үш үзік үзінді келтірейік: «Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өшіресің. Жеңілісін емес, жеңісін ізде»; «Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін аша білу»; «Ұстаз қызметінің мақсаты – өз пәнін үйретуден тереңіректе, ол – адамды қалыптастырушы адам».
Алманың арманы өзі айтқандай: «Қазақ баласының ұлттық болмысын, мәдениетін, менталитетін қалып­тас­тыратын жүйелі білім беру тәсілін іске асыру» еді. Адам шіркін арманға жеткен бе?! «Қысқа жіп күрмеуге келмей», оған қол жалғап жіберетін «мырза қазақ» табылмай, ақыры «Алманың мектебі» жабылып қалды, «жауып тындық». Өкінішті ата-ана, өксікті бала қалды далада. Кінәлі кім?… «Кінәлі» – біз, сіз, бәріміз. Ұлттық тәрбие беретін төл мектепті жапқан – қазақ ұлтының «ұлтсыздығы». Түпке жеткен – ұлттық енжарлығымыз. Алма өз бағдарламасын басын тауға да, тасқа да ұра жүріп, шамасы келгенше насихаттай алды. Астана асты, Семей барды, Атырауға жетті, Алматыны жаяу аралады, рухани «перзентін» ертеңге жетелегісі келді. Бірақ, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпастың» кері келді. Өзі кеткен соң, сол бір аяулы арман, ұлы мақсат бүгінде ұмыт болды. «Баяғы жартас – сол жартас» – ел үн шығарар емес.
Алма апай ұстаз, ғалым ғана емес, керемет өнерпаз да еді. Қайран ұстаздың тұла бойы тұнған өнер-тұғын. Кәдімгі «сегіз қырлы, бір сырлы» кісіңіздің өзі болатын. Өнер демекші, сан қырлы саңлақ талант, асыл ұстаздың әншілігі қандай еді десеңізші! Өзіне ғана тән күмбірі басым әсем даусымен домбыраға қосылып, сызылтып ән салғанда, әннің ажарын ашып, сөзін үлпілдетіп жіберетін. Оған үлкен сахналардан да, кішігірім отырыстарда  да тыңдағандар куәлік етері хақ. Көп әншіден әншілігі басым болса да, жиын-тойларда өзгелердей «бір ән салып жіберейінші» деп, өзін-өзі көрсету үшін өзеуреп алға ұмтылмайтын. Ел кеу-кеулегенде ғана әдемі  бір жымиып алып, домбыраны қолға алатын. Ұзақ шертіп, құлақ күйін келтіріп алып барып, көзін бір нүктеге ойлана қадап, кенеттен бастап кететін. Сол сәтте әсем әуен жан баурап, жүректің қылын шертетін. «Құлақтан кіріп бойды алар» Алманың әншілігі – «есті әншілік» еді. Ол кезінде өлең жазып, ақын да атанған екен. Кейіннен белгісіз себептермен қойып кетіпті. Оған мүмкін өзін керемет ақын санайтын жанмен бас қосуы да себеп болған шығар… Ал, Алманың талантты  ақын болғандығына «көз көрген» куәлер әлі де  табылады. Әсіресе, оның студент кезінде жазып, халқымыздың ардақты ақыны Әбділда Тәжібаевпен ҚазМУ-де болған кездесуде оқыған «Менің тілім» атты өлеңін атақты ақынның аса жоғары бағалағанын тамсана еске алушылар әлі де кездеседі.
Алма апайдың кісілік келбеті – ә, деген­нен-ақ көзге түсетін айрықша адами қасиеті болатын. Кісілігі бар кісінің ортасына сыйлы болары бесенеден белгілі. Өйткені, Кісілік – адамдық қасиеттің көрсеткіші. Алма апай ұстаған кісілік кілті – «сыйлы боламын десең, сыйлай біл». Ұстазымның кісілік сапасын анасының ақ сүтімен беріліп, ұлтының ұлы рухынан дарыған деп білем мен. Ол өз ұлтының дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын өте терең білетін, жан-тәнімен қадір тұтатын. Ізеттілік, ізгілік атты асыл қасиеттер ол кісінің таным-түйсігімен тұтасып кеткені шындық еді. Ежелгі түркі жұртының ұлы ұстанымдары мен ислам арқылы әдет-ғұрпымызға сіңіп, діліміз бен дініміздің алтын діңгегіне айналған әйел бала тәрбиесінің ізгі тәлімдерін Алма апай сөз жүзінде де, күнделікті өмірдегі іс-әрекеті, өсиет өнегесі арқылы да үлгі ете білді. Сондықтан да, Алманың кісілігін шәкірттері ғана емес, үлкен ұстаздары да бағалай білген-ді. Сонау отызға жетер-жетпес жас кезінің өзінде, ұстазымыз туралы алғашқы жылы лебізді белгілі тіл маманы, «Маманиядай» мектеп салып, Жетісу өңіріне білім нұрын шашқан атақты Маманның немересі ғалым Ыбырайым Мамановтан естіген едік. Ол кісі Алманың білімділігін қатты құрметтеп, көп мақтайтын. Ұстазымыз үшін біз мақтанатынбыз. «Мен», – дейтін ол кісі, кейде оқып тұрған дәрісін бөліп жіберіп, өзіне тән тәкәппарлықпен сұқ саусағын төбеге қадап қойып, «ана Алманы бес профессорға айырбастамаймын». Содан соң, Алманы біраз мақтап алып, сабағын жалғастырып кететін. Алманың кім екенін білетін біз ол кім деп сұрап жатпаймыз, ол кісі бізге тәптіштеп жатпайды, іштей ұғысамыз. Иә, тілші ұстаз әдебиетші шәкіртін осылайша мақтан тұтатын. Біз ұстаз бен шәкірт арасындағы кісілік парықты жақсы түсінетінбіз. Түсінетінбіз де, сүйсінетінбіз.
Алма апайдың үлкен бір кісілік белгісі кейбіреулердей ұстаздарының мінін қаз­бай, жақсы қасиеттерін тізімдеп, тү­ген­деп отырушы еді. Ол кісінің ұстаз туралы сөзінің бісмілласы «Мейірімді жүрегі талантты баланы іздеген Бейсембай ағайдан (Кенжебаев), әр лекциясы кісілік сабағындай Зейнолла ағайдан (Қабдолов), айтқанынан «Мен – адалдық» деген азаматтық үн естілетін Тұрсынбек ағайдан (Кәкішев)» басталатын. Ұстаздары жайлы айтқанда шешіле сөйлеп, өткенге өзі де қызыға көз жіберіп, қызықтыра, еліте, еліктіре әңгімелейтін. Сан түрлі ұстаздар бойынан кемшілік термей, кемеңгерлік тану – кісілік емей, не?! Сол ұстаздар да жас Алманы да, кемеліне келген Алманы да аялай  білді,  кісілік келбетіне  сүйсіне білді. Кейде еркелетіп өз шәкіртіне Тұрсекең де, Зекең де «Алма апай» деп қайырылатын. Мұның бер жағында әзілдің нышаны болғанымен, ар жағында Алмадай шәкірттің кісілігін құрметтеудің астары, Алмадай ұстазды бағалаудың әділ бағасы жатыр. Өзін құдірет көріп, қадір тұтқан ұстаздарың еркелетіп «Алма апай» деп жатса, одан өткен бақыт бар ма?! Қадірің артып, кісілігіңді ел танығаны да.
Алма  Қыраубаевада  мемлекеттік атақ-даңқ болған жоқ. Тіпті, екінің бірі алып жатқан академияның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы да, мектепте ұзақ жыл сабақ бергеннің көбі қол жеткізген оқу ісінің үздігі атағы да бұйырмапты. Бірақ АЛМА – орден-медальсіз-ақ халқы батыр атандырған БАУЫРЖАН атасы секілді жылтыраған темір тақпай-ақ, ел-жұрты нағыз ғалым, ұлағатты ұстаз таныған, ел үшін, ұрпақ үшін ерінбей еңбек еткен қарапайым қазақ қызы ретінде бағаланды. Иә, ел құрметі оңай құт боп қонар нәрсе емес. Оған қажымас қайрат, талмас талап, ерен еңбекпен жетесің. Алма апайдың өзге әйел затынан бір артықшылығы – қандай жағдайда болмасын жан тебіренісін сездіре бермейтін өр мінезділігі. Тағдыр соққысы ауыр тиіп, қанаты қайырылғандай болған анау бір тұста да, ауыр науқас әлсіретіп, қиналып жатқан соңғы кезде де қайсар қыз боркемік күй танытпай, өз еркін өзі билей алды. Соңғы көргенімде, әл үс­тінде жатқан ол кісінің ерік-жігерінің сон­шалық күшті екеніне анық көзім жетті. Тәнін әлсіретсе де, рухын жеңе алмаған «бейдауаға» берілмей, арпалысып жатыр екен. Көзінен өмірге де­ген құштарлықты көрдім, сөзінен сабыр­лылықты сездім. Соңғы сөзі «Алладан сұ­ра­ғаным бұл емес еді, шыдаймын да!…» болды. Жүзінен қажығандық білін­гені­мен, жәудіреген жанары отты еді-ау, отты! «Жақсы Құдайға да керек» деген жан жұбату осындай адамдарға арналып айтылар болар.
Иә, Алма апай үлкен-кішіге бірдей қадірлі, әмбеге ортақ асыл адам еді. Өкі­ніштісі – Алатаудай арман арқалап, ұлты үшін атқарар ұлы мақсаттарының шы­ңы­на шыға алмай, дүниеден ерте озғаны. Көңілге демеу, жанға дәру болатыны – «шәкірт аңсаған Ұстаз» бейнесінің барша шәкірт жүрегінен мәңгілік орын тебері. Ғұмырын әр шәкірт бойындағы өзіндік жұмбақты шешуге арнаған ұлағатты ұстаздың ұрпаққа аманат тілегі мынау: «Өз халқын шексіз сүйетін, оны мақтаныш тұтып, салт-дәстүрін құрметтейтін өр рух – Салауаттылық, Парасаттылық, Білімділік». Ұлы ұстаз ұлағаты шәкірт­тер жадында мәңгілік жаңғырып тұра­ры сөзсіз! Өйткені, Алма апай – шә­кірт жанының шырағданын жаққан шырақ­шысы.

Алдыңғы «
Келесі »