ТӨЗІМ ЖӘНЕ ТАБАНДЫЛЫҚ

  • 03.10.2014
  • 1161 рет оқылды
  • 1

Ораз КаугабайОраз Қауғабай, 
«Ақиқат» журналы  

Белгілі қаламгер, журналист, арда азамат Сарбас Ақтаев туралы айтқанда бір тосын оқиғаны жиі есіме аламын. 1988 жылы мен «Қазақстан мұғалімі» газетінде қызмет етіп жүрдім. Аяқ астынан Бас редакторымыз басқа қызметке ауысатын болды. Редакция ұжымында гу-гу әңгіме жалғасты. «Бізге редактор болып «СҚ»-дан Сарбас Ақтаевтың өзі келеді екен. Ол Орталық Комитеттің органы аға газеттегі қарымды қаламгер және қатаң кісі. Ол келген соң біразымыз бұл жерден кететін шығармыз» деп біреулер,  тіпті, үрейленді. Өйткені, редакцияда мамандықтары журналист емес, кәсіптері педагог қызметкерлер бар еді. Кәсіби журналист болмағандықтан олар қарымды қаламгерлерден, атақты шығармашылық адамдарынан сескенетін.

Педагогикалық басылым ұжымы келетін болашақ бастықты жақтырмай, онша ұнатпай біраз күн көңілсіз жүрді. Соңында бір күні бөлім меңгерушісі: «Жігіттер, бағымызға қарай бізге С.Ақтаев келмейтін болыпты. Оның орнына министрдің жерлесі, «Жетісу» газетінен  Жәнәбіл Темірбеков келеді екен. Бұл анық дегенде менен басқа ешкім қуанбады. Өзім куә болған бұл өткен оқиғаны айтып отырғанымның мәнісі мынада. Сәкең – Сарбас аға сол кездегі қазіргі «Егемен Қазақстан» бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінің білікті басшыларының бірі еді. Д.Қонаевтың өзі басқарып отырған Орталық Комитет басылымы ең таралымы көп, беделді және барлық мәселеге тікелей араласатын сол дәуірдің үні болды. 
«Социалистік Қазақстанда» сыналған бастықтар қатаң сөгіс алатын немесе қызметтен кететін. Партиялық басылым тек үгіт-насихат құралы ғана емес ұйымдастырушы зор күш еді. Мен өз басым бізге Сарбас аға редактор болып келеді дегенде қатты қуандым. Өйткені, менің тырнақалды тұңғыш әңгімем сексенінші жылдары әдеби басылымдарда емес осы «СҚ»-да жарияланды. Ал, Сәкеңнің жазғандарын, аудармаларын жиі оқитынмын. Кезекшілікте типография цехында «қол қоюға» келетін Сәкеңді сыртынан көріп, оның қарапайым жүріс-тұрысын ұнататын едім. 
Сәкең «зам.редактор» болып қызмет ететін сол кездің белгілі басылымында бір жылы «Қарқара қандай жер еді» деген менің дабыл қаққан мақалам жарияланды. Осы мақаланы оқыған белгілі сыншы «теле-комитет» төрағасы болған марқұм Сағат Әшімбаев мені іздеп, әңгімелескені әлі есімде. Өйткені, «СҚ» Орталық Комитет хатшыларының, министрлердің және  Кеңес төрағаларының міндетті түрде оқитын газеті болды. 
Қазақта «кім екенінді айтайын досыңды көрсет» деген мәтел бар. Сәкеңнің досы, жерлесі Жәнәбіл Темірбековтың соңында бізге редактор болып келуі мен үшін, тіпті, жақсы болды. Ол кісі бір аңқылдаған, қулық-сұмдығы жоқ, журналистиканың нағыз майталманы. Жәкең тұңғыш келіп кезекті нөмердің макетіне қол қойғанда мен кезекші болатынмын. Құдай атқанда қате кетіп қалды. Алғаш рет ауызша жай ескерту берді. Арада көп өтпей менің кезекшілігімде тағы қате кетті. Газеттегі қатені айтып, «әй, өзің бір жолың болмайтын жігіт екенсің» деп қатты айтты. Бірақ, ар жағында зіл жоқтығы сезілді. Арқа азаматтары майда-шүйдеге мән бермейтін даладай кең дархан ғой. Сәкеңнің досы марқұм Жәнәбіл аға екеуміз кейін ағалы-інідей болып кеттік. Қайын-жұрт арқа жақтан болғандықтан «күйеу бала» деп әзілдейтін. Сәкең де қазір мені анда-санда көргенде «әй, күйеу қалайсың» деп қалжындайтыны бар. Тәуелсіздіктің алдында бірде көшеде аға екеуміз кездейсоқ кездесіп қалдық. Мен өзінің шығармашылығы жайында және аласапыран кездің партияны «жерден алып, жерге салған» сол кездің саясаты жөнінде сауал қойдым. «Әй, Оразжан біз үкіметтің үретін иті болдық» деп әзілдеді. Ащы шындықты ағынан жарылып айтқан ағаға қатты риза болдым. 
Сәкеңнің қаламгерлігі мен шығарма­шылығы өзалдына – Сәкең Кеңестік дәуір­дің ішкі, сыртқы саясатының сұңғы­ласы болды десем артық болмас. Димекең кезіңде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы жөніндегі деректің шындығына көз жеткізу үшін көп іздегенім бар. Орталық Комитетте істеген, тіпті «КТБ»-ны басқарған адамдар бұл деректен бейхабар екен. Бірде осы тақырыпқа байланысты Сәкеңе сауал қойдым. Сәкең Димекең кезінде облыстардың санын жиырмаға жеткізіп, Қазақстанды БҰҰ-ға мүше ету жөнінде әңгіме тарағанын дәлелдеп айтып берді. Кеңестік дәуірдегі әлемдік саясатты Сәкеңнен артық біле­тін қазақ журналистері жоқ сияқты. Ста­линнің өзі көріпкелдігіне табынған В. Ме­с­ниг туралы киноны көріп, бұл адам туралы Сәкең білеме екен деп бірде әңгіме бастадым. Кремль саясаты үшін құпия – бұл ерекше тұлға туралы біраз жайларды айтты. 
Сәкеңнің жазған кітаптары мен шығарма­шылығы жөнінде айтсам әңгіме ұзаққа кетеді. Еңбек жолын Көкше өңірінде бастап, жер жаннаты Жетісуда жалғастырған Сәкеңнің «Жетісу» газетіндегі журналистік қызметі, ұжымдағы жетекшілігі оның өмірбаянындағы керемет кезең. Мен «Жетісу» газетінде өндірістік практикада болып, осы басылымнан диплом жұмысын қорғағанмын. Бұл басылымды қала мен облыс еңбеккерлері және колхозшылары түгел оқитын. Газет олардың мүдделерін қорғайтын. Жергілікті жерден «Жетісуға» жазылған хаттар қандай мәселе болсада шешетін. Ал, ғұмырының он жеті жылы өткен «Социалистік Қазақстандағы» қаламгердің даңқын жоғарыда айттық. 
1990 жылы қазіргі өркениет үрдісін ұстанған жаңа басылым дүниеге келді. Оның бас редакторы болып, Сәкең тағайындалды. Мен осы басылымның тұрақты авторы болдым. Тарихи тақырыпта жазған жақсы мақалаларым осы басылымда жиі жарияланды. Жаңылмасам 1993 жылы «Қаладағы қанды нүкте» деген дабыл қаққан сын мақалам жарияланды. Бұл мақалам да Сайын мен Шаляпин көшелерінің қилысындағы көлік апатының жиі болатыны МАЙ қызметкерлерінің есіне салынды. Өйткені, мұнда бағдар шам жоқ болатын. Осы дабыл қаққан мақала шыққан соң көп өтпей мұнда бағдаршам орнатылды. Сәкең басқаратын газет «қаны сорғалаған» сын мақаланы қорықпай басты. Сондай-ақ, осы газетте жарияланған «Мамырдағы машахат» атты мақала аталған мөлтек жаңа ауданға газ бен жарықтың келуін тездетті. Сәкең басшылық еткен «Халық кеңесі» газеті шын мәнінде халық жағдайын, бұқара ахуалын ойлап, күрделі мәселелер көтерді.
Сәкең ұлы Шоқан туралы біраз жазды. Оның таңдаулы еңбектерін аударды. Ал, Тәуелсіздіктен кейін Арқа өңіріндегі бұрын халық аты-жөндерін естімеген тарихи тұлғалар мен дін ұстаздары жөнінде тереңнен тартып, құнды дүниелерді бұрқыратты. Екі­мыңыншы жылдардың ортасында «Ақиқат» журналында нөмер сайын Сәкең­нің зерттеулері, эссе-естеліктері жарияланды. Жас кезінде естігендері көп, білгендерінде шек жоқ екен. Зейнетте жүріп көптеген дүниелер жазды. Мен өзім қашанда қағазға шұқшиып отыратын екі қаламгерге тәнтімін. Бірі  кеше ғана дүниеден өткен Қалихан Ысқақов, бірі ортамызда жүрген Сәкең. 
Сәкең Кеңестік дәуірде бірге жүрген, араласқан белгілі тұлғалар жөнінде де біраз қалам тартты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – дейді. Сәкең бойындағы жақсы, ұрпаққа сабақ болатын үлгі-өнегені де айта кету артық болмас. Бұл қаламгер өте ізденгіш, табанды және еңбек сүйгіш, ерен істің адамы. Кеңестік дәуірде өз ұстанымы бар тұлғаны «принципті кісі» дейтін. Бұл қасиеті әлі бойында бар. Әсіресе, шығармашылығындағы ұстанымы, көзқарасы әрқашан сезіліп тұрады. Жасы біразға келсе де қаламгерлік харекетін тоқтатпай тынымсыз, әрі табанды еңбектеніп келе жатқан Сәкең өңі сары болғанымен нағыз «қара нардың» өзі.
Сәкеңнің о бастағы мамандығы ұстаз-педагог екен. Ұстаздар газетінде қызмет еткеннен болар өз басым «тәлімгер қалам» иелерін ерекше құрметтеймін. Айтпақшы, Сәкеңде ақындық қасиеттің болуы бұл ағамызды тағы бір қырынан танытады. 1963 жылы шыққан алғашқы кітабы оның о баста ақын болып, кейін прозаға түскенін дәлелдейді.
Кеңестік дәуірдің кереметтері мен құндылықтары қазір тарихқа айнала бастады. Қазақстанда Қапшағай қаласы мен теңізінің өмірге келуі сол дәуір жасампаздығының қазір көзге ұрып тұрған белгісі. Бұрын мал жайылған құм далада аз уақыттың ішінде айдын көл пайда болып, кеме жүзді. Қапшағай Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанның інжу-маржан – «брендіне» айналды. Қаламгердің «Қапшағай хикаясы» атты кітабы тарихқа айналған таңғажайыпты ұрпаққа ұғындырып тұр. Атақты Абылай хан туралы жазылып жатыр, кино түсіріліп, спектакльдер қойылуда. Ал, осы хан атамыз туралы тарихшылардың өзі білмейтін тың деректер мен оқиғаларды Сәкең біраз басылымға жариялады. Батырлар мен хандардың және билердің жеке бастары жөнінде жиі жазылады. Ал, олардың отбасы, сүйген жарлары туралы шынайы еңбектер жоқтың қасы. Қаламгердің «Қазақ ханымдары» атты кітабының ерекше дараланып тұратыны осыдан.
Әлемдік әдебиет  және классикалық орыс әдебиетінен үйрену қарымды қаламгерлерге тән ерекше қасиет. Сол әлемдік жауһарларды қазақ тіліне майын тамыза аударғандардың бірі Сарбас Ақтаев ағамыз. Дүниежүзі әдебиетінің корифейлері Э.Сетон-Томпсонның, Теодор Драйзердің, П. Киплингтің шығар­малары Сәкең аудармасы арқылы қазақ оқырмандарына жетті. Сондай-ақ, И. Тур­геневтің, А.Пушкиннің және М. Шо­ло­­ховтың шығармаларын аударуы жазу­шының қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін көрсетеді. Өзім студент кезімде Сәкең аударған М. Шолохов әңгімелерін оқып, бір досымыз екеуміз алған әсерімізді айтып, авторға риза болғанбыз.
«Қазақстанның    еңбек   сіңірген қай­раткері», «КСРО баспасөзінің үздік қызмет­кері», тағы да біраз марапат белгілердің иесі Сәкең жайында әлі айтар, жазылар… Сәкең жайындағы мақаламды қаламгер шығармасына арқау еткен Қапшағай теңізіндегі өз басымнан өткен бір оқиғамен аяқтағым келіп отыр.
1974 жылы «Жетісу» газетінде өндірістік практика кезінде редакция мені Қапшағайға жіберді. Барып-келу бір-ақ күн болатын. Мен ол жақта теңізде саяхаттаймын деп үш күн «жоғалып» кеттім. Редакция ұжымы «практикант оқыс оқиғадан опат болды немесе суға кетті» деп қатты үрейленсе керек. Төртінші күні редакцияға келгенде ол кезде «замредактор» Сәкеңнің досы Жәнәбіл аға: «Айналайын, өзің тірісіңбе, хабар-ошарсыз кеттің ғой. Бір жағдайға душар болғаныңда бәріміз жазаланар едік. Қалқам, бетімен кетуге болмайды. Енді, мұндай жағдай қайталанбасын» деп практикант-студентке кешіріммен қараған сол абзал азамат кейде менің түсіме кіреді. Сәкеңнің көп достарының бірі  Жәнәбіл аға осындай жанашыр жан еді. Ал, досы көп Сәкең – бақытты адам.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. онша емес атстой

Пікірлерге тыйым салынады.