ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ҚАЛАМГЕР

  • 03.10.2014
  • 881 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жасампаздық өнерін құлпырып тұр­ған Иранбаққа ұқсатар болсақ, оның бағбандары  –  шығармашылықпен шұ­ғыл­данатындар. Бақшадағы жемістер­дің дәмінің әр алуан болатыны секілді жазылған шығармалардың деңгейі де әртүрлі болып келеді. Сол себепті, көп­теген қаламгердің ішінен ілуде бірі ғана халқының жүрегінен орын алады да, оның рухани мұрасы мәңгілік тарихта сақталып қалады.

Мұндай тұлғалар өз мұңынан гөрі халқының мұңын бірінші орынға қояды. Жалындаған жүрек оты арқылы адамзаттың жолын жарықтандырады, сана-сезімін, көкірегін нұрландырып, өздері тап-таза әдеби әлемге айналып кетеді. Әдебиетте қолына қалам ұстағанның бәрі данышпан емес, миллион жанар қадалған, көптің көңілі сүйген ерекше дарын иелері ғана елеулі! Яғни, көңіл көзімен көріп, сезген-түйгендерін жүрегінен қайнап шыққан мөлдір бұлақтарына шомылдырып, образды көркем сөздерге айналдырып, махаббат-мерейге толы қалам сиясына ақ қағазға қондырып, оқырманына жеткізгендер ғана ардақты… Көрнекті жазушы, белгілі драматург Әхмәтжан Һашири – әдебиетке дәл солай келген, айтулы қалам иесі.
Ол мықты шығармалары арқылы мыңнан озған жан. Жазушы келешек ұрпаққа мұра болатындай көп әңгіме, хикаят, роман, пьесалар жазып, сол арқылы өзіне өлмес өмір, таусылмас тірлік түзді. Біз ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ұйғыр әдебиетінің дамуын сөз еткенімізде оған үлкен үлес қосып келе жатқан Әхмәтжан Һаширидың есімін де мақтанышпен ауызға аламыз.
Бүгінгі әдебиетіміздің жарқын беттері – проза, драматургия жанрларының өсу жолдарын белгілейтін жазушыларымыз саусақпен санарлықтай болса, олардың арасында – сөз жоқ Әхмәтжан Һашири бар. Ол – қос қанатты қаламгер. Бір қанаты көркем проза болса, екінші қанаты – драматургия.
Жаны жомарт, көңілі пәк бір ізгі жанның аз ғана демеуі, көңілін көтермелеуі оны жаңа әлемге жетелейді. Дарқан көңілді, дара бітімді жазушы Хизмәт Абдуллин Әхмәтжанның «Ақ көйлекті әйел» атты әңгімесінің қолжазбасын оқып көріп, кеңесін айтып, артық-кеміне түзету жасайды. Осылайша, ол жас қаламгердің еңбегінің алғаш рет жарық көруіне ғана емес, болашақ үлкен жазушылық сапарының да көшін көлікті етіп, әдебиет әлеміне бағыттап, ақ батасын береді. Алысты ойлайтын, алдын-ала сезетін аға буын өкілі – асыл азамат артынан ерген інісінің бүгініне де сеніммен қараған екен-ау! Көрнекті жазушының ықыласына бөленіп, шалқар шабыттың теңізінде тербелген Ә. Һашири кейін тартымды әңгімелерімен оқырманына  ұнап, олар іздеп жүріп оқитын авторға айнала бастады. Оның бірнеше көркем  дүниесі прозалық «Қарапайым кісілер», «Таңғы самал» атты ұжымдық жинақтарға еніп, кітап болып басылып шықты…
Жазушы осы заманғы әдебиетіміздің алтын қазынасын «Өмір сүремін», «Кешпес көңілім», «Солмас гүл», «Нұр ана», «Төгілген жас» хикаяттары, «Жалғыз жалбыз» романымен байытып, соңғы  жылдары жазған «Идиқут» атты тарихи романымен өз шығармашылығының үлкен асуын алып, биік тұғырға орныққанын байқаймыз. Оның «Жалғыз жалбыз» романы мен «Солмас гүл» хикаяты көп жыл бұрын орыс тілінде де жарық көрген еді. Енді, міне, «Идиқут» романы орыс және ағылшын тілдерінде жарық көру алдында. Әр кезде, әр басылымда жазушы қаламгерлігі туралы алтын қалам иелері Қалтай Мұхамеджанов, Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Оразалин, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Марфуға Айтхожина, Әкім Тарази, Әзілхан Нұршайықов, Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Шериаздан Елеукенов және басқа да көптеген көрнекті кісілер шынайы бағасын айтып, пікір білдірген еді. Сол арқылы жазушының шабытын шарықтатып, ойын тасқындатты. Әхмәтжан Һа­ши­ридың ендігі бір қыры: оның қазақ пен ұйғыр әдебиетінің алтын көпірі бола отырып, достықты ту етіп, бүгінімізге озық өнеге көрсетіп жүргені дер едік.
Жазушының қайсы хикаятын оқысаңыз да, көпшілікке, қарапайым еңбек адамдарына деген мейірге толы махаббатын көресіз. «Нұр ана» хикаятындағы бас кейіпкері Нұр ананың образы арқылы адамзат үшін кіндік қаны тамған ата жұртының қаншалықты қымбат екенін көрсетіп, сүйіспеншілігін паш етеді. Шығармада ауыр тағдыр жолынан өткен Нұр ана өзінің мұқалмас жігері, келешекке деген бұлжымас сенімі, өскелең адамгершілігі арқылы типтік образ дәрежесіне көтерілген. Жазушының кейіпкерлері – әйелдер, әр қандай қиын-қыстау кезеңде сабыр салауатымен, кешірімділігімен, көңілі жұмсақ, жүрегі нәзік қасиетімен көзге түсіп отырады. «Төгілген жас» хикаятындағы Нурания, «Кешпес көңілімдегі» Тажигүл, «Жалғыз жалбыздағы» Бостангүл – барлығы адамзаттың асыл құндылақтарға бай, анаға тән артықшылықтарымен абзал болып сомдалған бір-біріне жақын кейіпкерлер. Олардың бәрінің мінез-құлықтарындағы ортақтық үйле­сімді дараланған. Жазушы өз өмір тәжірибесіне негіздеп ауыл және ауыл адамдары туралы қалам тербегенде ұлттар  арасындағы достық тақы­рыбын бірге жазып отырады. «Нұр анадағы» Нұр ананың тастанды қазақ сәбиін бағып алып, оны қатарға қосуы, «Жалғыз жалбыздағы» Қасқарау қария­ның жас кезінде Сейіт  тоқуны өлімнен құтқарып қалуы адамдарға болған мейір-шапағатының ешқашан ұлт алаламайтынын көрсетіп, ұйғыр-қазақ достығының ежелден жалғасып келе жатқан тамырланған қасиет екенін алға тартады.
Ә. Һаширидың «Солдаттан қалған тұяқ» повесін атақты жазушы Д.Әшім­ханұлы, «Нұр ана» повесін көрнекті қаламгер Н. Қазыбеков тәржімалады. «Жұлдыз» журналында басылды. Қазақ  оқырманының рухын көтергенін білеміз. Ақын-жазушылар өмір бойы өзінің ең көрнекті мықты шығармасын жарыққа шығаруды армандайды, әрі қалайды, соны жазуға тырысады, дегенмен бәрі  бірдей мақсаттарына жете алмайды. Ә. Һашири «Идиқут» тарихи романын жазу ар­қылы өзінің үлкен асуынан асты. Ол осы еңбегі арқылы қаламгерліктің ләз­зәтін сезінді. Тарихи романның баға жетпес қүндылығы сол  –  ол өткен бабалар мен бүгінгі ұрпақты ұштастырып, ұлттың рухын көтеріп, еңсесін биіктетті. Ұрпақтар қанындағы ұластық сезімді оятып, ерлік пен намысты тірілтті. Осы тұрғыдан алып айтқанда «Идиқут» романы оқырмандар жүрегіне рухани нұр құйып санасын жарқыратады. Бұл романды жазу барысында автордың қаншалаған тарихи деректер мен зерттеулерге жүгінгені айтпаса да түсі­нікті. Ол оқығаны мен тоқығанын көр­кем шығармаға айналдырып үлкен ес­керткіш соқты. XIII ғасырдағы Иди­қут мемлекетінің тарихындағы рухани және ақыл парасат жағынан кемелденген ханзада Баурчуқ Арт Текиннің бойындағы кемелділікті еңбекші халқы­ның мүддесі жолына жұмсағанын тасқа ойып таңба салғандай мөрлейді. Ол қарамағындағы қараша халқы үшін тәуекелге бел буады. Жұртын, Елін ойлайды. Жазушы Ә. Һашири бұл тарихи шындықты заман шындығы деңгейіне жеткізе суреттеп, оны романның басты идеясына айналдырады. Осы арқылы оқырманы мен ұлтына рухани мөлдір бұлақ сыйлайды. Автор Баурчуқ және ол өмір сүрген дәуірді барынша шынайы  бейнелеп, ханзада  өміріндегі  ең маңызды түйінді тауып  жарқыратып көрсеткен. Бұл халқының тағдырын өз тағдырынан биік қойған Баурчуқтың отанын дүниені аузына қаратқан Шыңғыс ханның қанды жорықтарынан, қырғын апатынан қайтсем аман сақтап қаламын деген толғанысы және соны іске асыру жолындағы қимылы. Баурчуқтың қиын кезде шығар жол тауып елін күйзелістен құтқарып қалған қадамдары сөз болады. Осылайша перзенттік борышын өтейді. Бөгеу бермес қара тасқын – Шыңғыс хан шабуылы болар алдындағы алғашқы қарауыл Идиқут елін қалай сақтап қалғаны егжей-тегжейлі суреттеліп, бүгінгі ұрпаққа тарихтан сабақ береді. Міне, бұл жазушының басты мақсаты. 
Биік жазушының «Идиқут» романы «Жазушы» баспасынан 2003 жылы мемлекеттік тапсырыспен басылған болса, романның жалғасы «Баурчук Арттекин» романы он жылдан кейін 2013 жылы оқырман қолына алды. Ұлттық әдебиетімізді «Идиқут» секілді өміршең туындымен толықтырған Ә. Һашири өз қарым-қабілетін драматургия жанрында да көрсете білген қаламгер. Ол жазған «Өлмес болып туылғандар» («Ажалсыздар»), «Мұқамшы», «Дихан», «Әпчил» және Қурван Абдурасулов­пен бірлесіп жазған жуықта ғана сахналанған «Идиқут» драмасы дамуы кенже болып келе жатқан жанрды алға жылжытып, үлкен үлес болып қосылды. Өте-мөте «Идиқут» романы желісімен жазылған пьеса бойынша қойылған спектакль  ұлттық театрымыздың үлкен жаңалығы және жетістігі болды.
«Идиқут» спектаклі Орталық Азия мем­лекеттерінің Ш халықаралық театрлар фес­тивалінің лауреаты атанды. Бұл үздік қойылым үшін драматург Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері болды. Драматургтың «Жалғыз жалбыз» (2014 ж.) спектаклін Қазақстан өнер сүйер көрермендері көріп баһраман болғанын көрдік.
Ә. Һашири –  көп қырлы талант. Ол тәржіма саласында да өнімді еңбек етіп, өзге ұлт әдебиетінің озық жауһарларын халқымыздың игілігіне айналдырған қаламгер. Қ.Шаңғытбаевтың «Жігіттер-ай!», испан драматургы Г. Лорканың «Қанды той», А.П.Чеховтың «Шиелі бақ» пьесаларын ана тілінде сөйлетті. Ал, оның еңбектері қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, украин, шешен, якут тілдеріне тәржіма етіліп, «Жұлдыз», «Простор», «Алатоо», «Шарқ юлдузи» секілді көптеген журналдарда жарық көрді. «Төгілген жас» хикаяты Шынжаң халық баспасында басылып кітап болып оқырман қолына тиді. Міне, бұлар жазушының ұйғыр әдебиетінің өсуіне ғана емес тұтас Қазақстан әдебиетінің көркеюіне үлкен үлес қосып келе жатқанын білдірсе керек-ті.
Әрбір ұлтты әлемге әйгілейтін факторлар – оның топ жарған ұл-қыздары, спорт саңлақтары, ақын-жазушылары, суретші-көркемөнершілері десек, ұйғыр ұлты мақтан етер перзенттерінің арасында сөз жоқ, Әхмәтжан Һашири де бар. Өйткені ол – өзі жасап отырған дәуірінің ұлы, болашаққа жетіп, жаңғырығып тұратын үні!
Әхмәтжан Һашири  ұлт мақтаны­шы­на айналған, күллі инсаниетке және бірлігі жарасқан тәуелсіз Қазақстан халқына рухани байлық жаратып келе жатқан, халықтың қамын ойлаған, жазушы-драматургты нағыз инсани кәміл деп жүрек жылуымен айта аламыз.

Патигул Мақсатова,
ақын, филология ғылымдарының 
кандидаты

Алдыңғы «
Келесі »