АЛТАЙ ШЫҢЫНДАҒЫ ӨШПЕС ІЗ

  • 03.10.2014
  • 1139 рет оқылды
  • 3

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, 
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

Қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан шалғайда, туған жерден жырақта өстім. Университетке түскен кезден бастап қана жерлестеріммен етене араласа бастаған жайым бар. Ол тұста ел астанасына Баян-Өлгийден ақын, жазушылар жиі келіп тұратын. Әртүрлі мәдени іс шаралар, жиын-мереке атаулы көп.  Жазушылар одағының сиезі, пленумы секілді жиындар болған кезде жыр сүйер студенттер үшін нағыз той. Әр өңірден жиналған есімдері елге әйгілі ақын, жазушылармен кездесіп арқа-жарқа болып жатамыз.     1982 жылы өткен жазушылар жиынында Кәкей ақынды алғаш рет көргенім бар.

Ол тұста студенттермен етене араласатын жалғыз ақын болды. Ол – Тойлыбай Құрмандолдин ағамыз. Жиынның үзілісінде Тойлекең бізді Кәкей ағамен таныстырды. Монғолия жазушылар одағының Баян-Өлгийдегі қазақ бөлімінің меңгерушісі, «Шұғыла» әдеби басылымының бас редакторы болып жаңадан тағайындалған беті сол болатын. Орта бойлы, ақ сары өңді байсалдылау кейіптегі кісі көрінді. 
Бір топ студентпіз, жапырыла барып құттықтап қолын алдық. Қайсібірімізді аң­ғарды дейсің. Тойлекең арамыздағы жазатын-сызатын, бірлі-екілі әңгіме, көркем аудармалары жарық көрген әрі журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан жас ретінде маған ерекше екпін беріп, атап көрсеткен болды. Бірақ, Кәкей ағаны одақ басшысы шақыртып әкеткендіктен әңгімеміз сол арадан үзіліп қалды. Ол кісі туралы  ары қарай Тойлыбай ақыннан естіп білдік. Алматыда Абай атындағы ҚазПИ-де білім алып,  1971 жылы бітіріп келгенін естігенде іштей «Шіркін-ай не арманы бар екен. Қазақтың астанасында, ұлы Абайдың атымен аталатын институтта білім алу неткен бақыт» деп ойлағаным есімде. Бір жылдан кейін университет бітіріп,  Эрдэнэттегі қалалық газетке жолдама алдым. Қаладағы жазушылар бөлімінің меңгерушісі Т.Даржаа деген атақты жазушы бар еді. Ол кісі Ұланбатырда өткен одақтың пленумынан оралғанда Кәкей ағаның сәлемін ала келді. «Шұғыла» журналының бірнеше сандарын, жаңа жыр жинақтарын беріп жіберіпті. Кітабының ішкі бетіне «Қуандық! Қаламың ұштала берсін! Зор ілтипатпен, ағаң Кәкей» деп қол қойыпты. Бәрінен бұрын мені қанаттан­дырғаны Даржаа ақсақалдың демеу сөздері мен Кәкей ағаның ыстық сәлемі болды. «Сенің Қазақстанның бас әдеби газетінде жарияланған көркем аудармаңды Кәкей ақын мақтады. Мен сені монғолша ғана жазатын шығар деп ойлаушы едім. Өз ана тіліңде де жазатыныңа риза болдым. Екі тілде жазатын қаламгер қос арғымақпен сапарға шыққан жолаушы секілді. Атыңның бірін тынықтырып, екіншісіне мініп дегендей алмастырып отырсаң алысқа шабасың ғой» деген еді. Дүйім жұртқа есімдері мәлім бірі монғол, екіншісі қазақ екі бірдей атақты ақын-жазушының мен­сініп, тіпті, әжептәуір қа­ламгер ретінде мойындауларынан асқан ба­қыт ол тұста мен үшін жоқ еді. 
Бір жарым жылдан кейін орталық үкіметтің шешімімен «Жаңа өмір» газетінің монғол шығарылымының редакторлығына тағайындалып, Өлгий қаласына ауыстым. Осылайша, 1984-1993 жылдар аралығында Кәкей ағамен шығармашылық тығыз қарым-қатынаста болдым. Аймақтағы бір газет, екі журнал, радио редакция қызметкерлері бір ұжымдай араласып, ресми, бейресми жиын тойларды бірге өткізетінбіз. Жазушылардың дені менен 14-15 жас үлкен, көбі Кәкей ағамен құрдас. Арасында Мағауия Сұлтанин, Арғынбай Жұмажанұлы, Даниял Дікейұлы, Қауия Арысбайұлы сынды ақсақалдар, Даян Қалаубайұлы, Имашхан Байбатырұлы, Елеусіз Мұқамәдиұлы, Яки Ілиясұлы, Шынай Рахметұлы секілді от тілді, орақ ауыз орта буын ағалар да бар. Жас жағынан келгенде ең кішісі екендігіме қарамастан сол алтын ағаларым ерекше сый-құрмет көрсетіп, әрдайым орталарынан ойып тұрып орын беруші еді. «Ақыл жастан ғой, сен айтшы» деп әр жиындар мен әдеби талқылауларда арнайы сөз беріп жататын. Енді, ойласам, соның бәрі өмірлік үлкен мектеп екен ғой. 
Хош, сонымен Кәкей ағамен  айналасы оншақты жылдың ішінде  талай іссапарларға бірге шығып, бір ұжымда иықтаса тер төгіп, қаламдас әріптес ретінде дәмдес-тұздас, аралас-құралас та болдық. Ол кісінің бір ерекшелігі – тікелей міндетін айтпағанда, кез келген қоғамдық жұмыстарға бар ынтасымен беріліп кірісетін өте іскер адам болатын. Үкіметтің кезекті бір саяси науқандарының өзінде арнайы дайындалатын билбордтардың эскиздерін, бас­падан шығарылатын парақшалардың карикатуралық суреттерін өзі бояуын қанықтыра асқан шеберлікпен салып әкеліп, идеяларын айтып маған  монғолша мәтіндерін жаздырып әкетіп жүргені. Апта сайын жұма күні кешке әдебиет үйірмесін ұйымдастырып өткізеді. Өзі дәріс оқып, пікірсайыс ұйымдастырады. Оған зейнеткерлікке шыққан ақын, жазушылардан бастап, орта мектептегі өлең-жырға әуес жет­кін­шектер де қатысады. Аймақтық әкім­шіліктегі, партия және жастар коми­тетіндегі жоғары лауазым иелері: Зұқай Шә­ріп­ақынұлы, Ақын Алақанұлы, Мұ­­рат Бұшатайұлы, мүйіздері қара­ғай­­дай ғалым-профессорлар: Қаби­даш Қалиасқарұлы, Ислам Қабышұлы және Батай Мақабылұлы секілді білдей бір мекеме басшыларының өзі жазған-сызғандарын ортаға салып, талқылатып ақыл-кеңес алып жататын. Кәкейдің алдында жас та, кәрі де, бастық та, бала да бір саптағы ақын-жазушы ретінде бәріміз тең құқылымыз әрі әдебиет атты құдіретті күшке сөзсіз бағынатын елгезек шәкіртпіз. Нағыз әділдік пен демократия сол сәтте Кәкей ағаның ат шаптырым кеңсесінде, сол бір екі қабат шағын ғимараттағы жазушылар бөлімінде кеңінен салтанат құратын. 
«Шұғыла» журналына келіп түскен туындыларды да осы үйірмеде таныстырып, өлеңдерді ақындарға, әңгіме, повестерді прозаиктерге, әзіл-сықақтарды сатириктерге таратып беріп, мұқият оқып пікір білдіруді арнайы мерзім белгілеп тапсыратын. Журналдың кезекті саны жарыққа шыққан сайын лездеме өткізіп, алдағы санның жоспарын бекітетін. Жалпы, әрбір қадамында «келісіп пішкен тон келте болмайды» деген қағиданы қатаң ұстанатындай көрінетін, бізге. Кәкей аға редакторлық еткен жылдары «Шұғыла»  журналы  4200  дана  таралыммен  Монғолияның  қазақтар  өмір  сүретін  барлық  қала, аймақтарына  кеңінен  таралды.  Небары  150  мыңды  ғана  құрайтын  азғана  қазақ  үшін  бұл  дегеніңіз  айтарлықтай  ірі  тираж  еді.  Журналдың  көлемі  алты  баспа  табаққа  үлкейіп,  мазмұны  да  тереңдей  түсті.  «Әдебиет  мәселелері»,  «Проза»,  «Поэзия»,  «Очерк», «Әдеби  мұра»,  «Әзіл-оспақ»,  «Аударма»,  «Сөз  маржаны»  деген  журналдың  тұрақты  айдарлары  болды. Бұл туралы көрнекті  ақынның өзі мерейтойлық есептік баяндамасында:  «Отыз  жыл  ішінде  журнал  отыздай  айдарлар  бойынша  материал  жариялап, 400-ден  астам  автордың  туындысын  ұсынып,  әдебиетімізге  бірне­ше  буын  өкілдерін  әкелді,  оларды  тәрбиелеп  өсірді» («Шұғыла»  журналы,  №3,  1985 ж)  – дегені  тарихи  шындық.   
Совет елінің, әсіресе, Қазақстанның және Монғолия жазушыларының елді елең еткізген тың шығармаларымен дер кезінде сусындап отыруды жолға қойған еді. 1985 жылғы «перестройка» біздің жазушылар бөлімінің жұмысын одан әрі жандандыра түскендей болып еді. Сталин заманында әдебиет әлемінен аластатылған Борис Пастернактың өлеңдері,  Анатолий Рыбаковтың «Дети Арбата» секілді романдар, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы секілді алаш зиялыларының шығармалары да Кәкей ағаның басшылығымен өтетін жиындарда назардан тыс қалмайтын. Сол тұста Ақыт қажы Үлімжіұлы, Дөңтай Қо­жам­бетұлы сынды саяси жаламен атыл­ған арыстарымыз ақталып, олардың әдеби мұралары «Шұғыла» журналы, «Жаңа өмір» газеті, Баян-Өлгий радиохабары арқылы жерлестерімен қауышты. Ежелгі мәдениетімізбен, әдеби мұраларымызбен жіті таныстыруды көздеген Кәкей аға тағы бір үйірме ашып, әдебиетшілер мен әуес­қойларға араб жазуын үйрете бастаған болатын. Кейін сол үйірме медресе болып ұлғайтылды. Тоқсаныншы жылдардан бастап елде құрылған «Монғолия мұсыл­мандар қоғамының» бас уағызшысы бол­­ған, әдеби туындыларында да, былайғы өмір­де де имандылықты, ислам қағидаларын насихаттап келген Кәкей аға қазақ тілі­нің шынайы жанашыры да болды. Тіл­дің тазалығын сақтауды, қаймағын бұз­бауды айтумен шектелмей өзінің талай очерктерімен, фельетондарымен іс жүзін­де көрсетіп үлгі-өнеге бола білді. 
Публицист ретінде газет бетінде жиі көрінумен қатар рухани нәрге бай ғибратты әңгімелерімен Баян-Өлгий радиохабарында да жиі сөз алып жүретін. Сонымен қатар, Жазушылар бөлімінің жанынан «Мұрагер» атты этно топ құрып, халық әндерін, айтыс өнерін де қолға алды. Аймақтағы 12 ауылды түгел аралап, суырып салма ақындардың басын қосып, айтыс ұйымдастырды. Қазақтар көп шоғырланған Налайх, Багануур, Чандаган қалаларына да жеткен кездері болды. Ондай кезекті сапарларда реті келсе бізді ерте жүреді. Жиналған жұртқа ата салт-дәстүрді насихаттайтын тартымды әңгімелер өткі­зеді. Оған жұрттың ықыласы ерекше болушы еді. Ол тұста қазақ аймағынан тысқары елді мекендердегі қандастарымыз тіл мен дәстүрден аздап болса да айырыла бастаған болатын. Ұлтын жанындай сүйетін ақынды осы жай қатты алаңдатса керек. Кейін шекарадан тыс өңірлерді де аралауға кірісті. Ресейдің Алтай өлкесінен бастап, Тува елінің Қызыл, Хакастың Абакан қалаларына дейін сапарлаған кездеріміз болды.  Ол елдерде өзімен таныс-біліс ақын-жазушылар, суретші өнер қайраткерлері де табылып жататын. 
Алып Ресейдің құрамындағы түркі тілдес аз ұлттардың өз дәстүрінен, тіл-мәдениетінен ажырап жатқанын, «өгізге туған күннің бұзауға да туатынын» бізге ескертіп жүретін. Алтай, тува, хакас халықтарының да талай жыр-эпостарының болғанын, кейбірі біздің «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» секілді туындыларымызбен үндесетінін тілге тиек етуші еді.  Жалпы, бірге жүріп, ел, жер аралаған ұзақ жолдарда үзеңгі жолдас болған сәттерімде мен ол кісінің тіл, әдебиет, тарих, этнография, өнер саласындағы білімінің телегей теңіз тереңдігіне сан мәрте  тәнті болған едім. Бір өзі дербес бір өнер институты  дерсің. 
Кәкей ағаның ықпалы болған шығар, кейін Таулы Алтай өлкесінің Қош-Ағаш ауданындағы қазақ бауырларымыз «Шүй нұры» атты қазақ газетін шығаруды қолға алған тұғын. Ол тұста Таулы Алтай  өлкесінде  15  мыңдай  қазақ  тұратын.  Олардың  басым  көбі,  яғни,  10  мыңы  Монғолиямен шекараласатын Қош-Ағаш  ауданында  қоныс  тепкен.  Шығыс  Қазақстан облысы, Семей өңірінің  тұр­ғын­дары оларды ежелден «Алтай  қазақтары»,  «Шүй  наймандары»  деп  атап  келген. Шүй  даласы – Ресей,  Қытай,  Қазақ,  Монғол  төрт  мемлекеттің  түйіскен  жері.  Бұл  өлке  1880  жылға  дейін  ешбір  елдің  еншісінде  болмаған.  Көшпелі  халықтардың   (қазақ,  монғол-ұранқай, тува, төлөңгіт-алтай)  жайлап – күзеп  жүретін  ортақ  мекені  болған  деседі. ХІХ  ғасырдың  аяғында  Ресей  империясы  Қытаймен  жер  бөліскенде  Шүйдегі  қазақтар  мен  жергілікті  түркі  тектес  алтайлар  Түмен  губерниясына  қаратылған. Қазан  төңкерісінен  кейін  Кеңестік  жүйе  әмірін  жүргізіп,  орыстарды  әкеліп, қоныстандыра  бас­таған.  Жергілікті  қазақтар  мен  алтайларды  жаппай  орысша  оқытып,  асси­миляциялауға  кіріскен. 
Соған қарамастан, халықтың  ана  тілін  қаймағын  бұзбай  сақтауына  әр  кезде  өл­келік  үкімет  орындарында  басшы  бол­ған  қазақ  азаматтарының  ықпалы  мол  болған.  Облыс  басқарған  елағалары  Қа­зақстаннан  ұстаздар  шақыртып  Қош-Ағаш  мектептеріне  жіберіп,  қазақ  тілінен  дәріс  оқытып  тұрған екен.  1985  жылы  М.С.Горбачевтың  қайта  құруы  басталған  кезде  Алтай  қазақтары  да  айналаға  бас­қаша  қарап,  өздерінің  салт  дәстүрлерін  жаң­ғыртуға,  тіл-мәдениетін  қастерлеуге  көшті. 
Іргелес  көрші  Монғолияның  Баян-Өлгий  аймағындағы  қандастарымен  ба­рыс-келісті, араласуды  жиілете түсті.  Оған Кә­кей ағаның басшылығымен өзіміз де бірге атсалыстық. Мәдениет, өнер  қыз­мет­керлері,  кәсіпкерлер  өзара келісім-шарттар  жасасып,  бірлескен  іс  шаралар  ұйымдастыратын  болды.  Еңбек  шарты  бойынша  Монғолиядағы  қазақ  құрылысшылар  отбасы  лег-легімен  ағылып  Қош-Ағаш  ауданына  шекара  асып  көшіп  келе  бастады.  Осылайша  екі  елде  бөлініп  қалған  туыстар  қауышты.   
Кәкей бастаған зиялы ағалардың күшімен аудандық «Чуйское  зори»  газеті  мен  Баян-Өлгийдегі  «Жаңа  өмір»  газеті  арасында әріптестік  қарым-қатынас  орнады.  Қош-Ағаш  газеті  орыс  тілінде  жарық  көргенімен, оның  бас  редакторы  Әнуарбек  Исановтан  бастап  күллі  жур­налист-қызметкерлері жергілікті  қазақ  азаматтары  болатын.  Редакция  ау­дан орталығында  болғанымен  газетті  Горно-Алтай  қаласындағы баспаханада басып әзірлейтін. Монғолиядағы  қазақ газетінің редакциясымен тұрақты қарым-қатынас  орнатуларының  арқасында  олар  өз  ауданында  қазақ  газетін  ашуға  белсене кірісті.  Олардың  бастамаларын  жергілікті  қазақ  басшылар  қолдады.  Қош-Ағаштық  журналистер  қазақ  газетін  «Шүй  нұры»  деп  атауды бір  ауыздан  мақұлдап  алғашқы санын 1989 жылы күзде Баян-Өлгий  аймағының «Жаңа өмір» газетінің  баспаханасында бастырып, жарыққа шы­ғар­ды. Газет  Қош-Ағашта әзірленіп,  Баян-Өлгий­дің баспаханасында линотиппен  тері­ліп,  офсеттік  үлгімен  басылып  тұр­ған. «Шүй нұры» газетінде Таулы Алтай қазақтарының арғы-бергі тарихынан  мағлұмат  беретін  естеліктер, танымдық материалдар, жергілікті  жаңалықтар  молы­нан  қамтылып  тұрды. Газет  ұзақ  өмір  сүрген  жоқ.  Оншақты  саны  жарық  көргеннен  кейін  жабылып  қалды.  
Осылайша, зиялы ағалардың шарапаты бір аумақпен шектеліп қалмағанын, өзінің нұр шуағынан бәріне молынан шашып, игі ықпал еткенін сөз арасында айта кетуді жөн көрдім. Неге? Ойлап көрейікші. Ресей Федерациясында ұзын саны 1,5 миллионға жететін қазақ өмір сүрді. Монғолияны мекендеген небары 150 мың ғана қазақпен салыстырғанда ол дегеніңіз алапат зор күш. Тіпті, жеке бір республика дерсің. Бірақ, солардың арасынан туған бір ақын-жазушыны атап бере аласыз ба? Жоқ, әрине.  Міне, рухани күш-қуат пен тектіліктің түп-төркіні  қайда жатыр. Ресейлік қандас бауырларым айыпқа бұйырмасын, бір­тұтас қазақты бөле жарғаным да емес, ағайын­дар мені мың мәрте кешірсін. Бірақ, шындық солай.  
Қай заманда, қайда болса да, ел-жұрттың рухын өлтірмейтін, оларды алға жетелейтін басты қозғаушы күш – оның төл әдебиеті мен мәдениеті болса керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Монғолиядағы ат төбеліндей ғана аз қазақ рухани мол байлық жасады. Әрине, Кәкей сынды дара туған дарындарының арқасында. 
«Танымасаң танып ал, мен                     Қазақпын,
Жағам жайлау, көңілім кең Қазақпын.
Ұлысым бай іргелі ел Қазақпын,
Ырысым сай нұр жері кең Қазақпын.
Мен емеспін кешегі өшкен Қазақ,
Құба жонда тентіреп көшкен Қазақ,
Мен боламын қойнауға қой қаптатып,
Қала салып, білім алып өскен Қазақ!
Қазақпын, тегің кім деп тектемеген,
Ере келген итке де кет демеген, 
Пейілі түссе бір атын түсіп беріп,
Бір атым насыбайға өкпелеген.
Қазақпын, түнемеген төріне түн,
Бар сыры домбырада төгілетін.
Аңқылдаған ақ көңіл ел боламын,
Аузын ашса жүрегі көрінетін.
Қазақпын, қаз мойны ойнақтаған,
Ой да баққан бір өңкей қой бақпаған.
Ер елдігім ешкімді жатсынбаған,
Тереңдігім ешкімді бойлатпаған.
Қобыланды Қазақпын батыр елмін,
Қозыбаян Қазақпын тату елмін.
Қожанасыр Қазақпын аңқау елмін,    Абай туған Қазақпын ақын елмін» – деп, жырлаған Кәкей ақын бар болмысымен шын қазақ бола білді.  
Алғашқы өлеңін 1963 жылы өзі оқитын орта мектептің қабырға газетіне жариялап, ауызға іліккен ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы – «Жауқазын» деген атпен 1979 жылы жарық көрді. Кейін «Маусым», «Жебе», «Қош көктем» жыр жинақтарын оқырмандарға ұсын­ды.  Монғол тілінде «Яргуй дэлгэрэх цагаар» (Бәйшешек атқан маусымда), «Диваажинд заларахын нууц» (Ұжы­маққа жетудің құпиясы) деген жыр жинақ­тарын шығарды. Ол кезекті бір сапарымен Ұланбатырға жол тартқан еді. Мақсаты, «Құран оқудың әліппесі» мен «Тажуйд ілімінің» қазақ тіліндегі аудармасын  баспадан жарыққа шығару болатын. Кітапты басудың алдында кейбір техникалық және мазмұндық мәтіндерді жетілдірудің қажет­тілігі туындайды. Сол себептен шұғыл түр­де кері қайтуға билет алады. Алайда, дәл сол 1993 жылы 23 сәуір күні  таң сәріде Өлгийге бет алған ұшақ ізім-ғайым жоғалып кетті. Апта бойы сабылып іздеп жүріп, Алтай  тауының биік шыңдарының біріндегі шоқыға соғылып үшке бөлініп апатқа ұшыраған ұшақты табады. Кәкей аға «Қош көктем» кітабындағы «Тау ұлымын, тауда өстім, тауда өлемін» деген өлең жолдарындағыдай тұп-тура  тау шыңында көз жұмды. Кітабының атымен аталған өлеңіндегідей көгілдір көктемнің мұнар тартқан көк аспанында өмірге қош айтты. Алыс сапарда апат сапарынан мерт болып, соңғы жинағының атауындай шейіт кетіп бейне бір ұжымаққа жол тартқандай болды. 
Ғұмыры тым қысқа елуді еңсермесе де Монғолиядағы қазақ әдебиетінің мәңгі сөнбес шоқ жұлдызы Кәкей ақын артында «өлді деуге келмейтін өшпейтұғын   сөз де іс те қалдырған» бірегей тұлға. Бүгінде өзі негізін қалап кеткен     медресесі, өзі оқы­ған, кейін директоры болған «Барам апа көктемде, Жаңбыр сеуіп өткенде. Ал­тай алқа таққанда, Бұлғын сылдыр қаққанда» деп жырлаған  Бұлғындағы орта мектеп Кәкей атымен аталады. Өте білімді әрі дарынды қаламгер 1982-1993 жылы Монғолиядағы қазақ әдебиетінің жаңа сипатта дамып, қалыптасуына өлшеусіз зор үлес қосты. Сонау  жылдарда әдебиет ауылына бет бұрған көптеген жастардың ішінде Кәкей Жаң­жұңұлының тәрбиесін көрмегені кем де кем. Ол қаламының желі бар талай жасты әдебиет деген киелі әлемге тартып, оның қыр сырына баулыған еді. 
Солардың бірі ретінде мен Кәкей ағаны көркем әдебиеттің сатира сала­сындағы өзімнің ұлағатты ұстазым деп білемін.  Кәкей Жаңжұңұлы менің ғана емес, сондағы азғана қазақ үшін ұлт ұстазы іспетті еді. Себебі, мамандығы фило­лог Кәкей аға Моңғолиядағы қазақ орта мектептеріне арнап әдебиет оқу­лығын дайындаған әдіскер ғалым да еді. 
Жоғарыда атап өткенімдей, Монғол же­рінде айтыс өнерінің қанат жаюына өлшеусіз үлес қосты, этно ән өнерінің тобын құрып, халыққа насихаттады. Қазақ  ауыз әдебиетінің үлгілерін, асыл қазынасын жинап, бірнеше кітапты жарыққа шығарды. Өз қаламынан туған оншақты жыр жи­нақтары мен әзіл-сықақ әңгімелері қазақ және монғол тілдерінде жарияланды. Осы бір аса талантты ақын әрі ұлағатты ұстаздың «Қасқыр» атты шағын повесі мен бірнеше әңгімілерін монғол тіліне аударып, орталық әдеби-көркем «Цог», сатиралық «Тоншуул» журналдарына марқұмның көзі тірісінде жарыққа шығарып, батасын алғанымды өз басым әрдайым мақтаныш етемін.
Тынымсыз еңбектен қолы босамайтын қарымды қаламгер, біртуар талантты ақын адал да кіршіксіз таза ұстаз ретінде ол ондаған шәкірттерінің жүрегінде  мәңгілік сақталып, қазір де өзі өшпес ізін қалдырған Алтай тауының биік шыңдарынан көз салып, рух сыйлап  тұрғандай сезіледі.   

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Кәкей Жанжұнұлы бөлімшені басқарып тұрғанда Қазақстанмен барыс-келіс жандана түсті.Сол жылдары Әкім Тарзи. Ұлықбек Есдәулетов, Сәкен Жүнісов, Рамазан Тоқтаров, ерік асқаров қатарлы қабырғалы қазақ қаамгерлері Бай-өлкеде болып қайтты. Ж. Кәкей аймақта құрылған “Мұрагер” ансамбіліне көп көмек тигізді. Сондай-ақ, мен оқу бөлімінде істеп тұрғанда(қазақ мектептері секторы) Оқушы-балалардың аймақтық тұңғыш айтысын ұйымдастыру жөніндегі бастамама қуана келісіп, демеушілік жасаған болатын. Аймаққа танымал айтыс ақыны Ж. Сүйеніш сонда алғаш топ жарып еді. Қуандық Шамахайұлы жазғандай әр аптаның жұмасы, реті келсе кез келген күні блімшенің кішкентай бөлмесі қызыу пікір-таластарға толып жатушы еді. Менің Ақын Алақанұлының “Асулар” романына жазған сыни-рецензиям сонда талқыланып еді.Аға буын Ж. Арғынбайлар бастаған, орта буын Б. Имашхандар қостаған , кейінгі буын біздер жалғастырған Монғол қазақтарының әдебиетіне марқұм Ж.Кәкейдің сіңірген үлесі зор. Әрқашанда қарапайым, кішпейіл, жұғымды,сабырлы мінезінен айнымай өтті бұл жалғаннан.Иманы жолдас болсын!Әріптес-замандасым Ш. Қуандықтың Кәкей, Кекіш туралы осы жазғаны азаматтық абзал іс деп білемін.

  2. Керемет макала екен. Адамды бірден тартып алады

  3. Ассалаум ағалейкум Какей жаңжұң ұлының кітабын өлендерін кайдан табуға болады???сол жайлы малмет берсеніздер

Пікірлерге тыйым салынады.