• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ғалым мінбері
  • >
  • ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ МУЗЫКАЛЫҚ АРХЕОЛОГИЯҒА ЖӘНЕ КӨНЕ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАРҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЗБАЛАР (Академик Ә. Марғұланның туғанына 110 жыл толуына орай)

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ МУЗЫКАЛЫҚ АРХЕОЛОГИЯҒА ЖӘНЕ КӨНЕ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАРҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЗБАЛАР (Академик Ә. Марғұланның туғанына 110 жыл толуына орай)

  • 03.10.2014
  • 1121 рет оқылды
  • Пікір жоқ

XVIII-XIX ғасырлар аясында қазақ даласына аяғы жеткен жатжұрттық саяхатшылар мен этнографтардың жазбаларында көне музыкалық аспаптар жайлы деректер кездескенімен, олар­дың арасында қазақтың аспапты-музы­ка­лық ар­хе­ологияға қатысты мәліметтер жоқ­қа тән еді. Аспапты-музыкалық археология жайлы түсініктер XIX ғ. соңы мен XX ғ. басынан бастап белгілі бола бастады. Әйтсе де, ұлт ғылымында бұл салаға терең мән берілмеді. Себебі, сол тұстарда, жалпы, Кеңес Одағы кезеңінің гуманитарлық ғылымында ас­пап­ты-музыкалық археология жайлы зерттеу еңбектер, мәліметтер мен деректер көзі тапшы болды. XX ғ. басында бұл саланың мәнісі мен міндетін анықтаған тарихшы, әрі музыка зерттеуші Н.Ф. Финдейзен (1868-1926) болды. Оның сөзімен айтсақ: «…Бұл ғылым – өте күрделі еңбек пен ұзақ ізденісті қажет етеді» [1, 12-б.].


Қазіргі зерттеулер бойынша адамзат тарихымен бірге дәстүрлі музыкалық аспаптар тарихының да терең тамыры анықтала түсуде. Ежелгі дәуір адамдары айнала тіршілік жайлы пайымын, табиғат туралы түсінігін, жан-жануарлар мен жаратылыс әлемін, тұрмыс қам-қаракеті мен діни-ғұрыптық жораларын жартас беттеріне қырнап түсіріп, мүсін тастарды қашап бәдіздей білген. Қазіргі кезде қазақ аспаптану ғылымы – тасқа мүсінделген, жартас беттері мен үңгір қабырғаларына тұрпайы таңбаланған көне музыкалық аспаптар тарихымен толыға түсуде. Қазақ ұғымында бұл сала «Тасқа таңбаланған музыкалық аспаптар туралы ғылым» деген мағына берсе, орыс тілінде ол «Наука о музыкальных инструментов в камне» деген мағынаға ие. Бұл саланы зерттеп-танитын «музыкалық археология», «аспапты этнография», «аспапты-музыкалық қолөнер», «аспапты-музыкалық археология» немесе «аспапты археология» деген сөздер аспаптануға байланысты бұрын-соңды жарияланған еңбектерде кездеспейді. Ол түсінікті де. Себебі, музыкалық аспаптар таңбаланған қандайда бір археологиялық ескерткіштердің, жалпы, археология ғылымы мен аспаптану біліміне қатысы бары белгісіз болып келді. Соның салдарынан қазақ аспаптану ғылымында осы сөздер қолданылған зерттеу еңбектер жоққа тән болды. Осы тұрғыдан келгенде этнограф-ғалым, академик Ө. Жәнібековтың: «…Әттең, бізде әуездік археологиямен айна­лысатын мамандар болғанда көптеген жаңа­лықтардың бетін ашуға болатын еді», – деп осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын айтқан өкінішті сөзі бүгінгі күні де өз мағынасын жойған жоқ [2, 183-б.]. Десек те, қазіргі зерттеулер бойынша ұлт ғалымдары ішінде аспапты-музыкалық археологияға қатысты болып келетін деректер көзін ашып, аспаптар қашалған мүсін тастар мен жартас беттеріне таңбаланған ескерткіштерді тауып, олардың ұлт тарихындағы маңызын анықтаған академик Әлкей Марғұлан (1904-1985) болғаны кеш те болса анықтала бастады. Сол себептен, ғалымның еңбектеріндегі аспапты-музыкалық ар­хе­ологияға қатысты болып келетін деректер мен мәліметтер көзі жинақтала бастады. Со­ның бірінде: «…Неолит дәуіріне жататын  жыл­намаға дейінгі IV-III мыңжылдық шамасында қашалған «Таңбалы жартас» көне тас дәуірі ескерткішінде тұтыну құралдары, үй түлігі, тағы аңдар, биші адамдар сұлбаларымен қоса музыкалық құралдар да қоса кескінделген», – деп жазады Ә. Марғұлан [3].
Көне заман адамдарының наным-сенімі бойынша, бақсылар жан-жануарларды өзіне бағындыра алатын күшке ие. Сондықтан, қасиет­ті деп танылған тағы аңдар мен мал-түлікті миф­тік бейне тұрғысында қабылдап, оларға «кер жылан», «қара дәу», «қара бура» деп ат қойып, бақсы өз зікірі кезінде оларды көмекке шақырып сыйынатын болған. «Таңбалы жар­тасқа» үрлемелі аспап ұстаған адам, бақсы зікірі (ойыны), оның айналасында түйе, керік, жы­лан секілді бейнелер түсірілген. Осыған сай, ел арасында бұл тас «Зікір тас» деп те аталғаны жайлы деректер баршылық. Жазқазған облысы, Ұлытау өңірінің «Зыңғыр» тауы алабынан анықталған осы «Таңбалы жартас» ескерткіші 1983 жылдан бері Қазақтың халық музыка аспаптары музейінде сақталуда [4]. Ғалым қазақ даласындағы көнеден қалған, тарихымыз таң­баланған ескерткіштерді зерттей отырып, Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндердің ерекшелігі жайлы жазады. Оларға: «…Түркі кағандығы дәуірінен (VI-VIII ғ.) қалған тас мүсіндердің ерекшелігі – олар қашанда  қарулармен (қылыш, қанжар т.б.), құты-сауытпен, құлағындағы сырғасы, қолындағы асатаяғы, беліндегі кісесімен қоса қашалады…», – деп түсінік береді [5, 14-15-бб.].
Әлкей Марғұланның басшылығымен өт­кен ғасырдың 1950-60 жылдары жүргізілген Орта­лық Қазақстан өңірінің «Тасмола», «Жолқұдық» секілді археологиялық қазбалардан аспапты-музыкалық археологияға қатысты болып келетін мұралардың анықталуы ұлттық аспаптану білімі үшін маңызды болды. Алайда, бұл мұралар қазақ аспаптану ғылымы айналысына түспеді. Себебі, жоғарыда Ө. Жәнібеков ағамыз жазып кеткендей, ол кезде қазақтың төл мұрасын зерт­теп-танитын аспаптанушы-этнолог мамандар шыға қоймаған-ды. Мәселен, «Тасмоланың» ежел­гі қоныс орнына жүргізілген қазба жұмысы нәтижесінде б.з.д. VII-V ғғ. жататын, мүйіз бен сүйектен жасалған бірнеше нұсқадағы үрле­мелі сыбызғылар, ысқырықтар мен бұғышақ аспаптары табылды. Көне дәуірлік бұл аспап­тардың анықталуы үрлемелі аспаптар жайлы осы кезге дейін айтылып келген пікірлерге түбірімен өзгерістер әкелді. Мәселен, мүйізден жасалған бұғышақтың іші қуыс, жалғыз дыбыс ойық көлденең салынған. Бұл – бұғы секілді жануардың ұзынша болып келген мүйізінен жасалған бұғышақтың ең көне нұсқасы. Ал, сы­быз­ғылар екі, үш және төрт дыбыс ойықты болып келсе, ысқырыққа екі және жалғыз дыбыс ойық салып жасалған [6, сурет – 66; 307-370-бб.]. Мұндай мысалдар әлемдік аспаптану ғылымы тарихында сирек те болса кездесетін жәйт.  Осы «Тас­мола» қазбасынан біздің заманымызға дейін­гі қола дәуіріне (VII-VI ғғ.). жататын шулы-сыл­дырлы қоңырау аспаптарының анықталуы да қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының терең тарихын айғақтай түсті. Бұл аспаптар қо­ладан  тұрқы сопақша, кейде тік бұрышты етіп, ішіне шағын сылдырмағы салып жасалған. Олар­дың салмақтары 150-ден 260 граммға дейін болып келеді [6, сурет-17 (№1,3); 419-б.].
Қазақ тұрмыс-салтында қоңыраулар үн ерекшеліктеріне қарай әр түрлі жағдай­лар­ға қарай қолданылатын болған. Мә­се­­­­­лен, қуанышты жиын-тойларда ды­­бы­сы ашық, орташа үнді, сыңғырлы қо­­­ңы­­­­раулар қолданылады. Ал, діни жоралар­да, бақсылардың зікірі мен ғұрыптық ойын­да­рында магиялық дыбыс беретін үлгі­лері, жаманшылықты, жаугершілік пен шап­қыншылықты хабарлауда дыбысы үрей­лі ірі қоңыраулар қолданылатын болған. Сондай-ақ, жас қыздардың шашқабы мен шолпыларына, сәбидің бесігіне нәзік үнді, сыртына жұқа етіп алтын жалатқан шағын қоңырау-сылдырмақтар тағатын болған. Академик Ә. Марғұлан еңбектеріндегі бұл аспаптардың арада қаншама ғасырлар өтсе де олардың жасалу әдіс-тәсілінің, затының және қолданылу ортасының көп өзгеріске түспегені қайран қалдырады.
Ғұлама еңбектерінде кездесетін және өзі си­паттап жазған тарихи құнды ескерткіш-мұраның бірі – «Бақсы тас» аталады. Жалпы биік­тігі – 88 см, ені – 42 см болып келетін сұр граниттен жасалған бұл мүсін тасты ғалым  Жезқазған өңірінің, Ұлытау ауданына қарасты, Жанғабыл өзенінің, «Төртқара» қыстауы алабынан 1943 жылы анықтады. Мүсіннің екі қолы кеуде тұсында, бір қолымен тостаған секілді ыдыс ұстаған. Ғалым бұл ескерткіш жайлы: «…Көне түркі ғасырына (б.з. VI-VIII ғғ.) жататын бұл тасқа ертедегі бақсы-жыраулардың мүсіні, ал, арты мен бүйірінде шағын қоңырау мен қылқобыз қашап түсірілген. Бұл аспаппен олар өздерінің діни-ғұрыптық сарындарын сүйемелдейтін болған. Қоңыраудың басы дөңгелек, ұстайтын тұтқасы бар. Қылқобыздың мойыны төмен қаратылған», – деп сипаттама береді [7, 38-39-бб.]. Бұдан біз қазақ үшін киелі саналатын қобыз бейнесін тасқа қашап түсіру әрекетінің бақсы және бақсылық дәс­түр­мен байланысты болып келетінін көре­міз. Бұл тарихи ескерткіш Ө. Жәнібековтың алғызуымен 1982 жылдан бері Қазақтың халық музыка аспаптары музейінде сақталып, насихатталып отыр. Ғалым тасқа таңбаланған тағы бір қобыз жайлы жазбасында: «…Қобыздың ең ескі түрі – Ұлытаудың теріскей баурайында бір ғажайып мүсін таста сақталған. Екінші бір түрі – Қарқаралы аймағында, «Дегелең» тауының бір алабында VI-VIII ғғ. жататын мүсін тасқа қиып түсірілген», – делінеді [8, 217-б.].
…Елден елге,
Бектен бекке
Қылқобыз байлап беліне,
Ұзандар жүрер ел кезіп…, – деп айтылатын ескілікті халықтық өлең-жырдағы ұзандардың бейнесі (ұзандар – дәруіш, сопы, бақсы-жырау мағынасындағы ежелгі атау) өз заманында тасқа осылайша қашалып, Ұлы даланың айбыны, мәңгілік сазды сарыны болып ел шетін күзеткен сақшыдай әсер береді. Бұл ескерткіш 1982 жылдан бері Халық музыка аспаптары му­зейінде сақталып отыр.
Әлкей Хақанұлы Марғұлан Ұлы Дала төсінде сақталған аспапты-музыкалық ар­хе­о­логияға қатысты болып келетін осы секілді тарихи ескерткіштер жайлы құнды мәліметтер берумен қатар, ел арасынан өзі кездестірген жекелеген  көне музыкалық ас­пап­тарды да көзден таса қалдырмаған. Олар­дың  ұлт мәдениеті, өнері мен тарихында алар орнына мән беріп, қағазға түсіріп, қайсыбір аспаптар жайлы тұңғыш рет мәлімет береді. Мәселен, соқпалы-шулы аспаптар жайлы: «…Дауылпаз – больше применялся во время соколиной охоты, шындауыл – во время грандиозной облавной охоты на диких зверей, имевших военно-парадный характер…»,-деп халық тұрмыс-салтындағы қолданысына сипаттама береді [9, 83-б.]. Көне музыкалық аспаптар жайлы осы секілді мәліметтерді ғұлама еңбектерінен алғаш кездестірген өнертану ғылымының кандидаты, белгілі коллекционер, аспаптанушы-ғалым Б.Ш. Сарыбаев (1927-1985) былай деп жазады: «…Қазақ ССР Ғылым академиясының ака­демигі Ә. Марғұлан «Қазақ халқының кө­не поэтикалық мәдениетін таратушылар жөнінде» деген еңбегінде бұрын белгісіз бо­лып келген кейбір аспаптар жайында тұңғыш рет хабарлады. Аталмыш еңбекте тілқобыз, шаңқобыз, сырнай, керней, дауылпаз, шыңдауыл, ұран суреттеліп жазылған. Ә. Марғұлан этнографиялық мәліметтерге сүйе­не отырып, қазақтың музыкалық аспап­тарының дамуы жөнінде маңызды мәліметтер береді», – деп жазады [10, 39-б.]. Бұдан біз Б. Сарыбаевтың көне музыкалық аспаптар жайлы өзінің зерттеу еңбектерінде Ә. Марғұлан мәліметтері мен деректеріне сүйенгенін көреміз. Бөкең бұдан әрі: «…Әлкей Марғұлан шаңқобыз, сыбызғы, дауылпаз, шыңдауыл секілді аспаптар туралы жазғандарында этнографиялық материалдарды басшылыққа алады. Дауылпаз бен шыңдауылдың айырмашылығын тұңғыш рет ашып көрсетті», – деп жазады [сонда, 40-б.]. Осылайша, Ә. Марғұлан еңбек­те­ріндегі жекелеген көне аспаптар кейін аспап­танушы-ғалым Б. Сарыбаевтың зерттеулері ар­­қылы ғылыми айналысқа түсірілді. Зерттеуші-кол­лек­ционер Ә.Х.Марғұлан жазбалары мен мәліметтерінің құндылығын жоғары бағалап, ұлт аспаптарын зерттеп-тануда маңызды болғанын атап көрсетеді.
Кейінгі жылдардағы біздің зерттеулеріміз бойынша Әлкей Марғұлан жазбаларынан бұрын белгісіз болып келген «сайрамақ» аталатын үрлемелі аспаптың атауы анықталды. Алайда, аспаптың сипаты жайлы дерек жоқ. Соның өзінде де ғалым аспап атауына аса мән беріп қойын дәптеріне жазып алған. «Атауы бардың – матауы бар» деген халық даналығына сүйенсек, Әлекең жазып алған «сайрамақ»  атауымен аталатын аспаптардың ертеде ел ішінде болғаны талас тудырмаса керек. Себебі, біздің зерттеуіміз бойынша осыған ұқсас аталатын аспап атауы ертедегі қазақтар арасында – «құссайрауық» (З.Ж.), Сібір түркілері арасында – «құссаба» деп айтылатыны жайлы мәліметтер қолымызда бар. Сол сияқты, ғұлама ғалым Ш. Уәлихановтың ел ішінен жазып алған аңыз-әңгімесінде «ұшатын ән», «әнші құс» мифтік бейне тұрғысында аспаппен байланысты қарастырылған-ды.
Академик Ә. Марғұлан заттық мәдениетке жататын түпнұсқа айғақты заттардың Адамзат тарихын зерделеудегі орнына аса мән берген ғалым. Осыны өткен XX ғасырдың басынан-ақ аңғара білген ғұлама өзінің бүкіл зерттеушілік еңбегін қазақ халқының дүниетанымына, поэтикасына, салт-дәстүріне, бақсы-жыраулар өміріне, халқымыздың терең тарихына, археологиясына, қазақ жерінің қатпар-қатпар құпияларын ашуға арнады. Оның ел тарихы мен мәдениетіндегі ұшан-теңіз еңбегін заңғар жазушы М.О. Әуезов: «…Ә.Х. Марғұлан тек ғалым ғана емес, ол өз алдына дербес ғылыми мекеме», – деп бағалады [11]. Ғалым алғаш рет 1926-27 жылдары академик А.Е. Ферсман мен профессор С.И. Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Алтай өңірі мен Қазақстанда жүргізілген архео­логиялық экспедициялардың жұмыстарына қа­тысып, жастайынан мол тәжірибе жинақтады. КСРО Ғылым академиясы президиумының ұсы­нысымен  1938 жылдың соңында Қазақ ССР Ғылым академиясына жұмысқа жіберіліп, өмі­рінің соңына дейін сонда еңбек етті. Қазіргі кезде Ә. Марғұланның қазақ тарихы мен мәдениетіне арналған он төрт томдық еңбегінің бірнеше томы жарық көрді. Бірінші томның алғы сөзін жазған еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев: «…Исследование этой неведомой прежде неотъемлемой части ранней истории мира поставило имя А.Х. Маргулана в один ряд с именем выдающихся археологов, открывших нам древние цивилизации Египта, Месопотамии, Китай, Индии. Открытие А.Х. Маргулана получило в наши дни развитие, и Казахстана стали называть колыбелью древнейщих культур Евразии… В трудах А.Х. Маргулана мы постигаем мировозрение кочевника, жителя Великой степи», – деп жазды [12, 5-б.]. 
Археология ғылымының Қазақстандағы негі­зін қалаған, академик Ә. Марғұлан салған жол Қазақстанның көне Тараз, Ақтөбе, Жезқазған, Семей, Байқоңыр, Алматы, Түркістан, Өскемен т.б. секілді өңірлерде халық тарихын орнықтыруға байланысты қарқынды жұмыстармен жалғасуда. Жабдықталған ғылыми экспедициялар өз жұ­мыс­тарымен қоса, әуездік археологияға қатысты болып келетін бірқатар мұраларды да анықтады. Олардың бірі Алматыдағы халық музыка аспаптары музейінің қор-көрмелері арқылы насихатталып отырса, енді бірі мұра анықталған жер­гілікті жердің өлкетану музейлерінде сақ­талуда. Аспаптанушы-ғалым, академик В. М. Беляев: «…Адамзат дамуындағы музы­ка та­рихын зерттеу қажеттігінің біріне әр түр­лі халықтардың музыкалық аспаптарын зерт­теу жатады. Әлбетте, бұл зерттеулер қо­ғам­дық және тарихи негіздерге сүйене оты­рып, жалпы музыкалық-этнографиялық жә­не археологиялық зерттеулермен міндетті түр­де бай­ланыста қарастырылады», – деп жаза­ды [13, 143-б.]. Бұл пікірді академик Әлкей Марғұлан зерттеулерінен нақты көре аламыз. 
Ғалым өз зерттеулерінде заттық және рухани мәдениетке бірдей қатысты болып келетін көне музыкалық аспаптар жайлы этнографиялық деректер мен мәліметтерді қоса жинақтады. Бұл салаға алғаш рет зер салып, түпнұсқа ес­керт­кіштердің тұрағын анықтап, ғылыми анық­тамаларын жазып, ел өмірі мен тарихындағы орнын нақтылады. Соның нәтижесінде, кеш те болса еліміздегі ең жас, әрі кенже қалған қазақ аспаптану білімінің бір тармағы – аспапты-музыкалық археология саласы белгілі болды. Бұған ғұламаның еңбектеріндегі толып жатқан мәліметтер, дереккөздер мен түпнұсқа ескерткіш-мұралар куәлік етеді. 
Әлкей Марғұлан әуездік археологияны зерт­теуді алдына әдейілеп мақсат етіп қоймады. Алайда, өзінің зерттеушілік жолында кездескен көне музыкалық аспаптар мен аспапты-архе­ологиялық ескерткіштер жайлы жазып қал­дырған ғылыми жазбалары мен құнды деректері арқылы қазақ аспаптану тарихы толыға түсті. Қазіргі таңда ғұламаның еңбектеріндегі кө­не музыкалық аспаптар мен ескерткіштер жай­лы жазбаларды, мәліметтерді, түпнұсқа мұралар жөнінде қалдырған деректерді жи­нақтап-зерделеу арқылы қазақ ғылымына аспапты-музыкалық археология аталатын жа­ңа бағыт келіп қосылды. Бүгінгі кезде ғұ­ла­­­маның еңбектері уақыт елегінен өтіп өнер-мәдениет тарихымызды, Мемлекеттік «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Халық – тарих тол­қынында» аталатын бағдарламаларды жүзеге асы­руда маңызды орын алып отыр.
Зәбира Жәкішева,
Халық  музыка аспаптары музейінің жетекші маманы, аспаптанушы-этнолог, ҚР Мәдениет қайраткері.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Садоков Р.Л.  Тысяча осколков золотого саза. – Москва: Советский композитор, 1971.
2.  Жәнібеков Ө. Уақыт керуені. – Алматы: Жазушы, 1992. 
3.  Марғұлан Ә. Ежелгі мәдениет куәлары. Алматы: Жазушы, 1966.
4.  Қазақтың халық музыка аспаптары музейі қорынан. Негізгі қор №302.
5.  Марғұлан Ә. Мақ: Ұлытау өңіріндегі тас мүсіндер // Кіт: Ежелгі мәдениет куәлары. – Алматы: 1966.
6.  Маргулан А.Х.,  Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана.  Классификационная таблица памятников тасмолинской культуры VII-VI в.в. до н.э., рис-66. – Алматы:  Наука, 1966.
7.  Марғұлан Ә. Ежелгі мәдениет куәлары. – Алматы: 1966.
8.  Маргулан А. О носителях древней поэтической культуры казахского народа // Сборник статей. – Алматы, Жазушы, 1959.
9.  Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. – Алматы: Өнер, 1981.
10.  Білім және еңбек. №11, 1985.
11. Маргулан А.Х.  Сочинения. В 14 томах. Т.1. – Алматы: Атамұра, 1998.
12. Беляев В.М.  Музыкальные инструменты народов СССР // Советская музыка. №10-11, 1937.
13. Марғұлан Ә.  Қазақ халқының музыкасындағы Қорқыт дәстүрі // Ежелгі жыр, аңыздар. Ғылыми-зерттеу мақалалар / Құрастырған: Р. Бердібаев. – Алматы: Жазушы, 1985.

Алдыңғы «
Келесі »