МЕДИАМӘТІНДЕГІ СӨЗ ЖАНРЛАРЫНЫҢ ПРАГМАСТИЛИСТИКАСЫ, ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

  • 03.10.2014
  • 1462 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 Медиамәтін  траекториясы –  ХХІ ғасырдың БАҚ даму үрдісінде пайда болған телеарнадағы көрермен, баспасөздегі оқырман мен радиодағы тыңдарманның зердесіне әсер етіп, ой салу мақсатындағы белгілі бір іс-әрекетке қозғау салатын  прагматикалық негізге құралған  жаңа ағым.  Қазіргі заман талабына сай ақпараттар легінің жылдам, нақты, қысқа, әрі шынайы болуы – медиа саласының басты талабы.  


Теледидар табиғатын зерттеу қызықты да күрделі мәселе. Себебі оның құрылымы әртүрлі жанрлардың прагматикалық интенсификаторларды қамтиды. Сондықтан біз зерттеу барысында телеарнадағы «прагматика» ұғымының анықтамасын айналып өте алмаймыз.
Кеңестік заманда  қазақ баспасөз жарияланымдарында «прагматика» ұғымы болмады. Бұл ұғым медиа ұғымымен жанасып келіп, ХХ ғасырдың аяғында пайда болды.  Ресейдің қарамағындағы мемлекеттер сол елдің талаптарына сай БАҚ құралдары да  – баспасөз жарияланымдары, телеарна, тіпті ғалымдардың кітап басып шығаруы заман талабанынан тіпті басқа қалыпта болды.  Мәселен, газеттің жарияланатын мерзімі, жазылған авторлық мақалалар  белгіленген уақытымен жарияланып, баспа ісінің талабы аяқталады. Яғни, посткеңестік заманның ағымы «адресат – адресант» аясында шектелген, оқырман мен автордың өзара байланысы болмады.  Келе-келе бұл ұғым аясы тарылып, оқырманды баспасөз жарияланымдарынан алыстатуының салдарынан «адресат – прагматика – адресант» деп аталатын жаңа көш алып келуін талап етті.
Бұл мәселенің себебін Қалбике Есенова: «Кеңестік кезеңде газет материалы тақырыбынан бастап мақала құрылымы мен қолданылуы тиіс тілдік құралдарға дейін алдын ала бекітілген формаларға (қалыпқа) түсірілетін. Журналист қандай да бір ойын жеткізу үшін сол қалыптасқан нормадан ауытқымай, дайын трафареттік қолданыстарды  пайдаланатын болғаны әлі ұмытыла қойған жоқ десек қателеспейміз. Ілуде бір автор өз бетімен, тың тәсілдерді тауып, ойын еркін жеткізуге ұмтылып, қаламын еркін сілтегендей болса, оған редактор тарапынан жасалатын кәсіптік шеберлігіне қатысты ескертулерден бөлек,  партия ұйымының  хатшылары  ұйымдастыратын сын дайын тұратын. 
Ал, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ газет­теріне  тән  айрықша жаңалықтардың бірі – «сөз бостандығы» ұғымынан туындайтын ав­тордың  «ой еркіндігі» мен «шығармашылық ізденістерінің» көріністері  ретінде бағаланатын тың тәсілдердің  басылымның тақырыптық аясынан бастап, әрбір материалдың жазылу ерекшеліктерінен, адресанттың прагматикалық ұстанымына қол жеткізу үшін бірнеше  әдіс-тәсілді  араластыра қатар пайдалана білуінен байқалады» [1. 258б.].   
Прагматиканың басты мақсаттарының бірі – сөздің қолданылу ерекшеліктерін түсіндіру және қалай түсіндірілетінін анықтау болып табылады. Тіл біліміндегі прагматика ұғымы туралы тұжырымдардың барлығы әсер ету нәтижелерін талдауға негізделген. Онда адамның, яғни автордың қажетті тілдік бірліктерді таңдаудағы және мақсатқа жету барысында ақпаратты беру қабілетіне ерекше назар аударылады. Прагматика тілдің сөйлесім тәжірибесін халық өмірімен байланыстырып, адамның әлемді қабылдау ерекшеліктерінің когнитивтік базасын, ұлттық-мәдени дәстүрлерін, танымын тануды үйретеді. 
Қазіргі таңда  ғалымдардың «сөз жанрларына»  анықтама беріп, зерттеп-зерделеуінің мәні – ең алдымен бұл тілдік заңдылық жаңа антрополингвистика  бағытының құрылымдық элементі тұрғысынан  мәдени және тілдік құндылықтарды сақтаудың негізгі кілті болып табылады.  
Сөз жанрлары мәселесіне қатысты ең алғаш ғылыми тұжырымдамаларды ғұлама ғалым, философ М. М. Бахтин еңбектерінен кездестіруге болады. Бұл тілдік құбылысты  ол әлеуметтік нақтылықты тілдік ақиқатпен байланыстыратын, қоғам тарихынан тіл тарихына итермелейтін қозғаушы категория деп есептейді. 
Жанр ұғымы кейбір ғылыми еңбектерде мәтін типі деген терминдік атаумен айтылып келеді. Егер мәтіннің типтеріне, яғни, түрлерге ажырауының басты себептерін қарастыратын болсақ, онда оның тілдік бірліктері іріктеліп, сұрыпталып, топтасып қолдану ұстанымына байланыстылығы екендігі бірден айқын байқалады. Мәтіннің типтерге, түрлерге бөлінуі сөздің жанрларға жіктелетіндігін толық көрсетеді. Орыс тіл ғылымында  жанр туралы зерттеулер өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарында басталған болатын. Жанр туралы ғылыми жүйеленген анықтама, ережелер әлі толық тұрақталған жоқ.  Әдебиеттану тұрғысынан алып қарағанда «жанр – міндетті» түрлер ретінде қарастырылды, ал, қазақ тіл ғылымында сөзтану ғылымы зерттелінбегендіктен, жанр мәселесі тіпті айтыла қойған жоқ [1, 42].
Мысалы, ХХ ғасырдың бас  кезінде публицис­тика жанрының өркендеуі газет-журналдардың көптеп шығарылып, олардың өзіндік тіл ерек­шеліктері қалыптасуымен тығыз байланысты болды.   
Жанр дегеніміз – белгілі бір газет, журнал материалдарының, радио,  теледидар хабарының  көріну, өмір  сүру формасы. Нақтылап айтсақ, болмыс-құбылысты жазып суреттеп айтып берудің, оқиға, фактілерді көрсетудің ғылыми белгілеген, жұрт таныған кескін-пішіні болады, ол «жанр» деп аталады [2, 24].
А. Байтұрсыновтың тіл білімінде «речь»  деп айтылып келе жатқан жанр түрін «сөйлеу» деп атағаны белгілі. Сөйлеу жанры – коммуниканттардың кәдімгі сөйлесу әрекеттерін жүзеге асыратын коммуникативтік оқиғалардың бір түрі десек, ол публицистикалық стильдің  бір түрі, оған барлық әдеби жанрлар, оған қоса, ең алдымен, публицистикалық шығармалар  (қоғамдық және саяси) жатады. Бұл тілдік жанрлар теориясының, сөйлеушінің (жазушының) сөйлеу барысындағы қарым-қатынасына, коммуникативтік мақсатына орай, әмбебап екендігін көрсетеді.  
Кез-келген публицистикалық шығарма, лингвистикалық тұрғыдан алғанда – мәтін.  Публицист оқырман аудиториясына ықпал жасайтындай етіп мәтін құрастырады және сол мәтін арқылы  күнделікті болып жатқан саяси үрдістердің шұғыл, деректі-эмоционалдық көрінісін сипаттайды.  Публицистикалық мәтін ең кемі екі сөйлемнен тұрады және ол синтаксистік тұтастықты құрайды, сонымен қатар, оның белгілі  бір категориялары да бар [3, 12] .
«Сөз прагмастилистикасы» сөзінің кең мағынасына тоқталатын болсақ, бұл бір ғана жүргізушісі, бірнеше қатысушылары және көрермені бар бағдарлама, оның мазмұны осыған сәйкес белгілі бір тақырыпқа құрылады. Бұл шоу мен интервьюдің араласуынан тұратын теледидарлық пікірталастың ерекше нұсқасы болып табылады. Осыған байланысты, сөз жанрларының прагмастилистикасы дегеніміз – қазіргі теледидардың ақпараттық (бағдарламаның тақырыбына байланысты ақпарат, аудиториядағы және телекөрермендерге кеңес беру және т.б.) және ойын-сауықтық (музыкамен көркемдеу, документалды немесе көркем фильмдерден үзінділер қолдану, бағдарламаның қатысушыларына қатысты жүргізушінің комментарийі және т.б.) сипатта берілетін формаларының бірі. Сөз жанрларының прагмастилистикасы  әр алуан жанрларының бір-бірінен айырмашылықтары өте көп.
Ағылшын тілінен орыс тіліне «сөз прагмастилистикасы» ұғымы «әңгіме», «пікірталас» және «көрініс», «спектакль» сияқты сөздерге аударылады.
М. К. Барманқұлов [4, 261 б.] өз еңбегінде «сөз прагмастилистикасы» жанрына ауызша теледидарлық бағдарлама деген анықтама береді. Осылайша ол француз радиосы мен теледидарлық диалогтық бағдарламаларының шоу және шоу-элементтеріне шолу жасап, неміс және француз халықтарының осы жанрда жасалынған бағдарламаларын жекелеген аспектілер бойынша салыстырмалы түрде талдау жасаған. Ғалымның зерттеу жұмысының тақырыбымен танысып және жарыққа шығарылған әдебиетін қарастыра отырып, біз оның теледидарлық бағдарламалардың әр алуан түрлерін қысқаша суреттеген бір ғана еңбегін таптық. Сөз прагмастилистикасы сипаттау барысында автор қысқаша комментарий берумен және қазақстандық сөз прагмастилистикасымен салыстырғанда, ресейлік сөз прагмастилистикасының басым көпшілігін тізіп шығумен ғана шектелген.
Сөз жанрларының прагмастилистикасы дегеніміз – қазіргі теледидар саласының жаңа жанрларының бірі, ол ойын-сауық және ақпараттық сипатта беріледі. Сөз жанрына құрылған бағдарламалардың теледидар арналарында жиі берілуінің нәтижесінде тілдің қалыптасуының қажетті қосымша құралы болып табылатын тілдік коммуникацияны (радио бағдарламаларға қарама-қарсы) нақты талдауға мол  мүмкіндік туындайды. 

Б. Рүстембекова,   
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистрі,
Г. Үрістенбекова,  
Ш. Есенов атындағы КМТИУ доценті, педагогика ғылымының кандидаты.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Есенова Қ. Қазіргі  қазақ медиа­мәтінінің  прагматикасы (қазақ баспасөз материалдары негізінде). – Алматы, 2007 – 450 б.
Әлкебаева Д.А. Сөз мәдениеті: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 196 б. (12 б.т.).
Қазақ әдебиеті. Энциклопедия / Бас ред. К. Хұсайын. – Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі, Қазақстан даму институты, 1999. – 752 б.
Барманқұлов М.К. Жанры печати, радиовещания и телевидения. – Алматы: Мектеп, 1974. – 127 б.

Алдыңғы «
Келесі »