• 03.10.2014
  • 371 рет оқылды
  • Пікір жоқ

АРМАН, АРМАН, АРМАН…

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері 
Айгүл ИМАНБАЙҒА
Мың бұралып майысып, 
Жібек те болды. 
Қабырғасы қайысып, 
Жүдеп те толды. 
Сахнада шәй ішіп, 
Түнеп те қонды. 
Театрда жетекші 
Рольде ойнады. 
Рольдердің бұйырды 
Кілең қаймағы. 
Киноға да бас сұғып, 
Бағын сынады. 
Онда да басты рольден 
Тақ ұсынады. 
Эфирге де жол беріп 
Жанұшырады. 
Бұған қоса тағы бар 
Әншілігі.
«Таңғы елеспен» келеді 
Таң сыбыры. 
Өнерінің ол да бір 
Талшыбығы. 
«Атақ, атақ, атақ!» деп, 
Әзілдеп, күлді. 
Бас бәйгенің тәп-тәтті 
Дәмін «жеп» тынды. 
Той-думанның салатының 
Бәрін жеп, білді. 
Атағына қол жетіп, 
«Дарынды» алды.
Бір арманы керемет орындалды. 
Қатарының осылай 
Тобын жарды.
Көңілі қаламаса болғаны енді 
Жатып ап бар атаққа шомылғанды.

СЫРЛАСУ MA, ЫРҒАСУ MA?

Арақ…
Шылым сасыған ұрттарында, 
Ойламайтын ел қамын, жұрт қамын да. 
Бөсіп сөйлеп, қолы бос, сенделіп жүр, 
Орақ орған аузымен қырттарың да!

…Жігіттер бар – қыз көрсе қылжақтаған, 
Қыздар да бар көбелек ыржақтаған…
…Жігіттер бар – көрінген түнеп қызбен, 
Мәнісі жоқ, тән үшін күн өткізген…
«Ақынмен сырласу»
Мақсұт НЕТАЛИЕВ – ынталандыру

Ақын да азды заманда жасық мынау, 
Өлең «мыйын» әрнемен ашыттың-ау. 
Америка ашқандай аттан салып, 
Ұйқас үшін ұртты да «сасыттың-ау!..»

«Қылжақ… ыржақ…» сөздермен жыр                        жазамыз, 
Біз – ақындар, осылай ырғасамыз. 
«Түнеп қызбен…жігіттер күн өткізген…» 
деп Абаймен, о, сұмдық, «сырласамыз!»

Жыр бағына қалған-ау салқын түсіп, 
Үсіпті өлең, барады алқым қысып. 
Мүшайраның жолында бәйге үшін 
Поэзия, қалған ба нарқың түсіп.

«Жігіттер бар – қыз көрсе қылжақтаған, 
Қыздар да бар – көбелек ыржақтаған…» 
Ақын да бар, қайтесің, Абай аға, 
Міне осындай сөздермен тіл «баптаған.»

ӘЙЕЛ МЕН АЛТЫН

Әйел мен Алтын, 
Екеуі де жарқын. 
Екеуі де қымбат, 
Екеуі де мұң-бақ. 
Қымбат екендерін 
Ылғи да бұлдап, 
Шындап
Білдіріп отырады.
Ананы мынаған соғып,
Мынаны анаған соғып,
Әрдайым бүлдіріп отырады.
Бүлдіріп отырып,
Тірліктерін тындырып отырады.
Бүтінді екі жарып,
Сындырып отырады.
Сонда да оларға деген құмарлық
Тиылған емес.
Алтын іздегенге бұйырған емес. 
Оның буына ешкім 
Рахаттанып жылынған емес. 
Қаншаны жолдан шығарса да 
Мойындары теріс бұрылған емес.
Қалт кетсе де аяғы,
Құмарлық қой баяғы
Әйел-Алтында көргенде
Періште-Еркек
Амалсыз жолдан таяды.

ҮШ ТҰҒЫР

Біз Қазақпыз!
Үш қанатпен ұшатұғын құстаймыз. 
Үш-ақ тілдің құйрығынан ұстаймыз. 
Орыс, ағылшын… 
Сосын барып қазақ… 
Орыс тілі – теңіздегі акула! 
Ғажап!
Ағылшын тілі – көлдегі шортан! 
Сөз-ақ!
Қазақ тілі – арықтағы шабақ… 
Сыбырлап қалды тамақ. 
Біз қазақпыз!
Үш қанатпен ұшамыз дейміз –
Ұшпаймыз!
Қолымызға үш түрлі ақша ұстаймыз. 
Доллар, евро… 
Сосын барып теңге… 
Доллар – мұхиттағы торнадо! 
Өрле!
Евро – теңіздегі дауыл!
Берме!
Теңге –
аңыздағы жәй жел секілді
Жеңгетай жеңге…
Біз қазақпыз!
Ал қазаққа келгенде
Ызғары қатты қыстаймыз.
Үш Жүздің туын ұстаймыз!
Ұлы, Орта, Кіші…
Бір-біріне күлімдеп тұрады түсі,
Бірақ дірілдеп тұрады іші,
Шықырлап тұрады тісі.
Үш Жүз болған соң
Аузымыз да үшбұрыштай сүйірлі,
Қабағымыз түюлі,
Бір-біріміздің аяғымыздан тартып,
Түртіп отырамыз бүйірді.
Жақсы көретін болған соң күбірді біз,
Жыбырды біз –
үш тұғырлымыз.
Сөзіміз жалаң демейік.
Үш тұғырдың медальдарын бөлейік.
Қашаннан қонақ сыйлайтын салтым:
Орыстарға – Алтын!
Бәле, бәле!
Ағылшынның да
Қабағына қараған дұрыс.
Екінші түғырға – күміс!
Олэ, олэ!
Үшінші тұғыр – қазақ… 
Оларға – қола! 
Өлә, өлә!
Екі тұғырға зыр жүгірген 
Бейшара бала!

 

ӘЗІМБЕККЕ ӘЗІЛ
Әзімбек Жанқұлиевтің айтыста аты дүрілдеп тұрған кезі. Республика сарайын­дағы кезекті айтыста Әзімбектің артынан Жамбыл қаласынан екі бірдей қыз іздеп келеді. Бірі үйленейін деп жүрген болашақ жары, екіншісінің де Әзімбекке бір қатысы бар. Тіпті сахнаға шығып, ел алдында Әзімбек жайлы жайсыз әңгіме де айтпақшы. Қастарында омырауына орден, медаль таққан қария еңбек ардагері де бар. Солардың алдын алу үшін Толымбек пен Алтынбек Қоразбаев үлкен еңбек сіңіреді. Келіп қалған қауіптің бұлтын сейілтеді. Дегенмен осының барлығының қатты әсерінен Әзімбек орынға да ие болмай қалады. Шу басылғанда Толымбек ақын інісіне өзінің әуенімен мынадай әзіл тастайды:
Әзімбек келіп қапсың, ахау, қырды асып-ай, 
Бір қатын аз болды ма бір басыңа-ай? 
Қос қатын Алматыға іздеп кепті 
Әкеңнің құны бар ма ұрғашыда-ай?

 

«ШӘЙДЕН КЕЙІН ДЕ ШӘЙ ІШЕМІЗ»
Толымбектің Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде істеп жүрген кезі. Машбюрода әңгіме қыза түскен.
– Біз еттен кейін жақсылап шәй ішеміз, – дейді бірі.
– Біз көжеден кейін де күреңдетіп шәй ішеміз, – дейді екіншісі.
Сонда Толымбек:
– Біз шәйден кейін де шәй ішеміз, – депті.

КӨҢІЛ АЙТУ
Құрдасы, белгілі журналист Ғалым Есен­сариевтің әкесі қайтыс болады. Ол сақал-мұртты ерте қойған екен. 54 жасында әкесінен айырылған құрдасына көңіл айтуға барып, орнынан таба алмайды. Біраз күткен соң бір жапырақ қағазға мынаны жазып кетеді:
Құрдасым – Ғалым әфенди,
Жетім боп біздей жат енді.
Сақалды ерте қойдың да
Өлтіріп апсың әкеңді.
Әкеңнің арты қайырлы болсын!

 

Алдыңғы «
Келесі »